3. Ауыл тұрғындарының наразылығы. Аграрлық саладағы толқулар негізінен қазақ ауылдары мен қоныс аударушы орыс шаруаларының деревняларында өріс алды. Бірақ ол ұйымдаспаған әлсіз сипатта өтті. 1905 жылдың жазында шаруалар жергілікті әкімшілік билікке қарсы бой көтерді.
Қазақтардың басым көпшілігі өздерінің туып-өскен атамекен жерлерінен айырылып қалудан қауіптеніп, отырықшы егіншілікті кәсіп етті. Қазақтар жергілікті өкімет билігіне отырықшы өмір салтына көшуге жәрдемдесуді сұрап өтініштер жаза бастады. Алайда ол өтініштері көп жағдайда қанағаттандырылмай, үзілді-кесілді кері қайтарылып жатты. Мәселен, 1899 жылы Омбы уезінің бастығы Ақмола облысының генерал-губернаторының атына жолдаған хатында былай деп жазды: «...егер мұндай өтініш берушілердің қатары барған сайын арта түсетін болса, орыс шаруаларына бөлінетін жер..„ қазақ даласын отарлау жөніндегі мақсат іске аспай қалады». Қазақ халқының азаттық күресіне ХІХ-ХХ ғасырларда қалыптасқан қазақ зиялылары үлкен үлес қосты. Олар, атап айтқанда, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатов және басқалар еді. Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады.
1905 жылы желтоқсанда Оралқаласында бес облыстан келген қазақ халқы делегаттарының съезі өтті. Ондағы мақсат кадеттер үлгісімен қазақтың саяси партиясын құру еді. Ол партия қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғауға тиісті болатын. 1906 жылы Семей қаласында қазақтардың съезі шақырылды. Онда қабылданған негізгі бағдарламада дін бостандығы, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелері қамтылды. Съезге қатысушылар сонымен қатар қазақ балалары үшін мектеп, медреселер мен университет ашу, Қазақстанға Ресейдің ішкі жағынан шаруаларды қоныс аударту үрдісін шектеу талаптарын да көтерді.
4. Қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы. 1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.
Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты.