4. XIX ғасырдың екішпі жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі миссионерлердің қызметі.Қазақтың православие дініне кіруі XIX ғасырдың 50-60-жылдарында едәуір көбірек байқалды. Мұның өзі патша үкіметінің қазақты Ресейдің ішкі губернияларына өткізбеу жөніндегі қатаң тыйым салу шараларының басталуына байланысты еді. Жұтқа ұшыраған қазақ күнкөріс үшін жұмыс іздеп, Томск губернияларының селоларына ағылумен болды. Бірақ бұл кезде Ертістің оң жағалауына Ішкі Ресейден қоныс аударып келген шаруалар көптеп жайғаса бастаған еді. Патша үкіметі қоныс аударып келген шаруалардың жер иелену құқығын ғана қорғау жағында болды. Қазақты Ертістің сол жағына күштеп көшіру әрекеттеріне кең жол ашылды.
Қазақтың Ресейдің шекаралас ішкі губерниялары аумағына өтуінің «заңды» жолдарының бірден-бір тиімді тәсілі христиан дінін қабылдау еді. Міне, мұндай жағдайда олар төлқұжаттық алымдар төлеуден босатылатын. Жаңа дінді қабылдағандардың жұмыс іздеп, Батыс Сібірдің селолары мен қалаларына тегін және ешқандай кедергісіз өте беруіне рұқсат етілді. Отаршыл өкімет билігінің ойлап тапқан айла-шарғысының бірі «шоқынушыларға», яғни христиан дініне өткендерге бірқатар жеңілдіктер пен артықшылықтар беру болды. Мәселен, «шоқынғандар» мемлекеттік алым-салықтардан және рекруттың міндетті атқарудан толық босатылды. Олар сонымен қатар едәуір елеулі мөлшерде ақшалай несие алуға да құқықты болды.
Христиан дінін қабылдаған қазақтың барлығы да әдетте қазақ қоғамының әлеуметтік төменгі кедей тобының өкілдері еді. Олар ең алдымен өздерінің материалдық жағдайын жақсартуды көздеді. Сөз реті келгенде айта кету керек, бұл жағдайды Сібір қазағын басқару жөніндегі жалпы облыстық басқарма кеңесінің 1868 жылғы 20 ақпандағы деректерінен айқын көруге болады. Онда былай деп ашық айтылған: «... бұған дейін православие дінін қабылдаған қазақтардың бәрінің де шекара шебіне жақын жерлерде көшіп-қонып жүрген сіңірі шыққан кедейлерге жататыны жақсы мәлім... Сондықтан да мына жағдайға күмән келтіруге болмайды: олардың өз дінін ауыстыру себебі өздері ұстанып келген діннің түкке тұрғысыз екендігіне кәміл көз жеткізгендігінде емес, көпшілік жағдайда материалдық есепте жатыр...» Әрине, олардың христиан дінін шын ниеттерімен құрметтей қоюын күтуге болмайтыны табиғи нәрсе болатын. Мұны дін таратушы миссионер Филарет Синьковскийдің жазбалары да дәлелдей түседі: «... Жаңа шоқындырылғандардың өмірін бақылаудан көріп отырғанындай, олар өздері қабылдаған дінге барынша немқұрайды қарайды және оны тереңірек игеруге мүлде құлықсыз». Шоқындырылған қазақ әдетте өзінің бұрынғы қауымында қала алмайтын. Христиан дінін қабылдаған қазақ «діннен безгендер» деп айыпталып, өте қатаң қуғын-сүргінге ұшырайтын, тіпті оларды өлтіріп те жіберетін. 1869 жылы бұрынғы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлыныңбастамасы бойынша Қарамола деген жерде Семей облысы Қарқаралы уезі аумағындағы қазақ билерінің съезі өткізілді. Онда қазақ ақсүйектері христиан дінін таратушы миссионерлердің қызметіне жол бермеу үшін қолдан келген шаралардың барлығын да қабылдау керектігі туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, қазақтың әдет заңының шоқынған қазақты ешқандай да қорғамайтыны жарияланды. Өз дініне опасыздық еткендерді тонап кеткені, өлтіріп кеткені үшін ешкім де жауапты болмайтыны айтылды.