Ірі қалаларда полиция басқармалары, бірқатар уезд орталықтарында полиция приставтықтары құрылды
Қоныс аударту басқармалары құрылды
Ресей сот жүйесінің енгізілуі. Жаңа әкімшілік басқару жүйесі бойынша жергілікті тұрғындар тарапынан жасалған бірқатар қылмыстар үшін жалпыимпериялық заң негізінде жауапкершілікке тарту шаралары қарастырылды. Христиан дініне қарсы әрекет, жаңа басқару жүйесіне наразылық таныту, алым-салық төлеуден және мемлекет үшін түрлі міндеткерліктер атқарудан бас тарту қылмыстары билер сотының қарауынан алынып, жергілікті отаршылдық биліктің қүзіретіне берілді.
Билер 3 жылдық мерзімге сайланатын болды. Олардың қызметі уездік начальник тарапынан қатаң қадағаланды. Ел арасында би сайлауда «партиялық» тартыстар өрши түсті. Билер болып кездейсоқ және қоғамда беделі мен қабілеті жоқ адамдар да сайлана бастады. Осыдан барып қазақ өміріндегі билердің абыройы мен беделі төмендеді.
Реформалардың мазмұны. Реформалардың аумақтық қана емес, сонымен қатар әкімшілік тұрғысындағы сипаты күшейтілді. Генерал-губернаторға саяси тұрғыдан сенімсіз қазақтарды әкімшілік жаза ретінде жер аударып жіберуге толық құқық берілді.
Уезд бастықтарының әкімшілік қызмет аясы да кеңи түсті. Ірі қалаларда полиция басқармалары құрылды. Ал бірқатар уезд орталықтарында полиция приставтықтары пайда болды. Қазақтың дәстүрлі билер сотына шектеу қойылды.
Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруаларды Қазақстан жеріне жаппай қоныс аударту ісін ретке келтіру мақсатымен Қоныс аударту басқармалары құрылды. Түтін салығының мөлшері артып, 4 сомға дейін жетті. Мұның өзі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына келеңсіз әсер етті.