Оқулық Алматы, 2014 Б. Қ. Қапасова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің



Pdf көрінісі
бет12/16
Дата29.01.2017
өлшемі5,06 Mb.
#2986
түріОқулық
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қаламгер жазушы болу бақытын қалай түсіндіреді?
2. Ал қазақ жазушысы болу бақытының артықшылығы неде?
3. Екінші мәтіндегі жазушыға, жазушы бақытына берілген баға қалай?
4. Жазушыға қажет қандай қасиеттерді айтады, оны қалай дәлелдейді?
5. Екі мәтіннің ерекшелігін ашыңыздар.
6. Мәтіндер стилін анықтаңыздар.
Шешендік сөздегі әдеби-эстетикалық ғибрат
Шешендік сөздердің мақсат­міндеттерінің қатарына елді басқару 
ісінде, саяси дипломатияда  қолдану, қоғамдық орындарда, жиын­
жиналыстарда сөйлеу сияқты негізгілерін  алдық. Бұндай шешендік 
сөздердің лексика­грамматикалық, стилистикалық, әдеби, сая си, 
қоғамдық өзгешеліктерімен бірге атқаратын қызметтері де түрлі 
болады.
Шешендік сөздердің қызмет, міндеттерінің бірі ретінде рухани 
мәнін де айтуға болады. Сөздің эстетикалық, тәрбиелік маңызының 
да қажеттігі ескеріледі.
Сөз – қай ғасырда болсын тәрбие құралы. Шешендік сөз 
қоғамдағы келеңсіздікті сынап, топ алдына шығара айта алатын 
тәрбиелік қызметімен де ерекше. Кез келген шешендік сөз бір ұлт, 
ел, көпшілік сөзін сөйлеп немесе белгілі бір топ мақсат­мүддесіне 
қарай құралады. Ұлтты, халықты, топты біріктіру үшін ортақ идео­
логия керек. Идея көпшілік үшін құрылғанда көбіне­көп болашақ 
ізгі мұраттарды жүзеге асыру үшін жасалады. Осы тұрғыдан 
алғанда шешендік сөздер ынтымақ, бірлік, достыққа ұйытушы 
болса, ортақ мақсатқа кісілікке бағыттауда тек сыйластық, кішілік, 
адалдық сияқты адамгершілік қасиеттер басты назарға алынады.
Шешендік сөздегі көркемдік құралдардың мол қолдануы, ойдың 
көркем болуымен бірге, тыңдаушыға эмоциялық әсерлі екендігін 
де ескеріледі. Көркем сөз, кестелі ой айтушы – тыңдаушы ара­
сына этикалық қатынас орнатары сөзсіз. Әрі қазақтың шешен­
дік өнерінде кездесер тәлімі мол, үйретері көп ғибраттар – бүгінгі 
күні де тәрбие құралы.
Шешендік сөздің мән­маңызын нақыл сөздер мен мақал­
мәтелдерден де анық танимыз. Дау­дамай үстінде бірлік, ынты­

163
маққа шақырған, ұрыс, қақтығыс кезінде бітімге тартқан сөздер ел 
есінде сақталып, адамгершілік пен ізгілік жолы болып қалыптасты. 
Кейінге ұрпаққа мұра болып қалған тағылымды сөздер тәрбиенің 
бай тәжірибесін, елдің салт­сана, дәстүр, жол­жобасын туғызды. 
Бұның өзі халықтың қоғамдық ортада қалыптасқан заң нормала­
ры мен ұстанымдары болып есептеледі.
Қазақ шешендерінің сөздеріндегі:
1. Атадан ұл туса игі еді
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын
Өзі біліп тұрса игі 
Жаудан бұққан нешені,
Ортасынан қуса игі...
(Төле би)
2. Өркенім өссін  десең,
Кекшіл болма – 
Кесапаты  тиер еліңе.
Елім өссін десең, 
Өршіл болма –
Өскеніңді өшірерсің...
(Қазыбек би)
3. Бай болсаң,
Халыққа пайдаң тисін.
Батыр болсаң,
Жауға найзаң тисін.
Бай болып,
Елге пайдаң тимесе,
Батыр болып,
Жауға найзаң тимесе,
Елден бөтен үйің күйсін  
(Әйтеке би). 
4. Бір сөз айтсаң жақсыға,

164
Аталы сөзге тоқтайды.
Бір сөз айтсаң жаманға
Өмірінде ұқпайды
Надандықтың белгісі,
Өзін­өзі мақтайды
Көкірегі соқырға,
Өмірде таң атпайды.
Шешеннің сөзі шын асыл,
Қап түбінде жатпайды 
(Жанқұтты шешен).
Шешендік сөздердің қай­қайсысын оқысақ та, табарымыз – 
биік мораль талаптары: ата жолын ардақтау, ел намысын қорғау, 
сөз асылын қастерлеу, үлкенді сыйлау, ізгілік қасиеттерді бойға 
жинау т.б.
Шешендік сөздердің есте жақсы сақталуы оның ұйқаспен ай­
тылуы, үндестік, құрылымындағы тұтастық сияқты белгілерімен 
байланысты. Ұйқаспен, өлең болып құйылып келетін шешендік 
сөздер ғибрат ретінде ойға қонса, жыр сүйер халыққа өнер туын­
дысы ретінде де бағалы.
148-жаттығу
Төрт бөлменің отыз­қырық кісідей көп жан сиған ең үлкен 
бөлмесінің төріне «Абай баласы» деп Мағашты, «інісі» деп 
Кәкітайды шығарған. Осы жиынның ішкі жайын жақсы білген 
Шұбарды, Әзімбайды алғызыпты. Олар да төрден, Мағаштың 
қасына орналасқан. Осыларға тақау отырған Серке мен Бегеш – 
Уақ пен Керейдің  сөзуар орамды адамдары, Мағашқа қарап оты­
рып, кезектеп, бір сөз бастады.
Аздан соң Мағаш пен Кәкітайдың анық аңдағаны, бұлар 
Абайдың басынан кешкен былтырғы ауыр жайды сөз етеді екен. 
Мағаш пен Кәкітай өздері жүрген ортада көп естімейтін айшықты, 
кестелі сөз әуелі Бегештен шықты.
– Біз Абайдың жайын, асылымыз, ардақтымыз Абай ағаның 

165
жайын сөз етпекпіз.
Абайға бала, бізге іні жас бауырлар, сендердің осы отырған 
үшеу­төртеуіңнің ортаңа тастағалы отырған осы топтың бір 
түйіні бар, шырақтар! Сендер арқылы Абай мырзаға біз сәлем 
жолдағалы отырмыз. Біз дегенміз кім? Міне, айнала көз салыңдар 
да көріңдерші! Мұнда Арғын ағадан Қаракесек жақсысы бар. 
Ойдағы, қырдағы Керей атаң баласы бар. Өрдегі, ылдидағы Най­
ман азаматы да бас қосып отыр. Дәл қастарында отырған Серке мы­
нау. Осы қасиетті дастарқанына, біздің басымызды құрап отырған 
Білеубай қажы болсын, кімдер бұлар? Көз жеткен мен сөз жеткен­
ді болжасаңдар, «исі қазақ» деген осы. Бұл төрт арыстың баласы, 
Орта жүздің тізіліп келген тобы деңдер! – деп өз жиындарының 
жөнін ұғындырып айта келіп, енді Абай жөніне ауысқанда, анық 
судырған шешен сөзіне көшті.
– Кім еді Абай, ол Тобықтының ғана Абайы ма еді? Жоқ, исі 
Орта жүзден орасан, ойқастан озған жүйрігім болатын! – деп келіп, 
тағы бір Абайды көтере атаған тұсында «ол кім еді?» – деп өзі 
сұрап барды да тақпақтай жөнелді.
–  Ол  қоңыраулы  бұйра  нарыдай,  көпке  пайда  көп  еткен 
көктемдегі жауындай жақсымыз болатын! – дегенде тағы осын­
дай құрмет, мадақтау сөзді Серке де іле жөнелді.
– Тілі бұлбұл, аяғы дүлдүл дейтініміз Абай еді! – деп Серке енді 
бір кезек сөзді мақсатқа қарай бұра тартады.
– Көштің байсал тапқаны, көкорайға қонғаны, даудың бай­
сал тапқаны төрешіге барғаны! – деп, құба жондатып, айтқалы 
отырған  жайларын тұспалдап өтті. Тағы да Абайдың қасиетіне 
мақтай айтып орағытып келді.
– Отқа салып ерітсең де, алтын, сірә, жез болмас, аяққа шұлғау 
қылсаң да асыл жібек бөз болмас! Біз Абайдың қасиетін қор етер 
жайымыз жоқ! – деп бір тоқтай берді.
Сол кезде Айтқазы да ой қырдың қалың топ елінің аңғарын та­
нытып, Абай бейнет көрсе де, халқының қамқоры екенін атап кет­
ті. Халық қамын жеген жақсымның жолы оңай болмайды. Ер ба­
сына ол қымбатқа түсетін ауар салмақ екенін шешендікпен қоса 
ақылды сөйлеп келіп, өзінше бір ойлы түйін тастады.
– Қорғасындай толқып балқысаң, бейнет көріп алқынсаң, 

166
мақсатты тура табарсың! – дегендей, Абай өзі үшін емес, ел үшін 
іздену мен қиналуда еді. Оның түскен оты ел қамының оты еді! – 
деп енді өзгелер айтпаған тағы бір жайды орай келген.
Осындай әр елдің тобын бір­бір адам жиын  мақсатын айтып 
өткен соң,  алғашқы сөзді бастаған Бегеш қайта кеп, алғаш атаған 
түйінге оралды. Мағашқа тағы да бұрыла түсті.
–  Жасың жас болғанмен «жастық жалын, кәрілік күл» деген, 
Мағаш шырақ. Қырғында қылау салмай ой табатын жол табатын 
да жас болады. Самарқанды сапырып жүрсек те, кәрінің келіп 
тоқтайтыны жас жүректің байлауы болады. Біз сенен үміт етеміз. 
Айтарымыз – мынау өзге екі жүздің адамымен бетпе­бет кезде­
сек, Абайдың жайынан жүзіміз ұялатын болады. Біз, Ұлы жүз, 
Кіші жүз баласына, жалғыз  бір жақсымызды жарақаттап оты­
рып, не деп тура аламыз. Абай мырза біздің бір сәлемімізді қабыл 
алсын! Тарғыл тастың тағыларын – жуасатын да күш­құдірет 
бар! Айыпкерді аяғына жығамыз. Тентекті түзеп жолға саламыз. 
Осы ниетімізге «құп» деген сөзін күтеміз. Бізге жоқшым болып, 
«іздеріңді іздей бер» деген рұқсатын әперіңдер. Мағаш, Кәкітай, 
Шұбар, Әзімбай мырзалар – бәріңе мына жиынның айтары осы! 
Алдыңа далбай тастап, шырғаладық. Жауаптарыңды бүгін бересің 
бе, ертең бересің бе, тобымыз ішінен бір­екі кісіні таңдап алыңдар 
да айтып беріңдер! – деген. 
(М. Әуезов)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Ол кім еді?» Абайға баға берерде Бегеш шешеннің бұл тіркесті 
қолдану мәні неде деп ойлайсыздар?
2. Абайға баға берердегі шешен, ақындар тілінің стилін анықтаңыздар.
3. «Қорғасындай толқып балқысаң, бейнет көріп алқынсаң мақсатты 
тура табарсың! – дегендей, Абай өзі үшін емес, ел үшін іздену мен қиналуда 
еді. Оның түскен оты ел қамының оты еді!» Сөйлемдерді таратып айтып 
көріңіздер.
4. Әр шешен сөзінде, Абайға баға берерде қандай тәлім­тәрбиелік мән 
бар? 

167
149-жаттығу.
Әрине, жақындық пен  достық та оңайлыққа түсе бермейді. 
Оралымсыз жол жоқ, бұрылыссыз арна жоқ. Бірде бәсең тар­
тып салы қайтқан көңіл, енді бірде қайнаған судай тасып төгілді. 
Қайрағанда бақытсыз сияқты сезінсең, қуанышың бақыттығыңдай 
көрінеді. Соның бәрі де адам сезімінің әр алуан құбылыстарына 
себепші кейде «бір атым насыбайдан»  өкпелесіп жүремін. Кей­
де аңғалдаған кездерің болады. Сорайсыз, қолайсыз қимылдаған 
кездерің болады. Соның бәрі ұғыспай қалуға себепші. Ал кейде 
достардың, туыстардың арасына ақ тікен болып шығатындар да 
кездесе бермей ме? Арзан күліп, жалған сөйлейтін, екі жақынның 
татулығын қызғанатын, андастыруға, айыруға себеп тапқыштар 
аз ба? Игі істер үшін қызбайтын қаны суық, жаны қараңғылар 
өсек­өтірікке, біреулерді шағыстыруға келгенде жылан биле­
гендей билемей ме? Осындай себептермен Мұхаң екеуіміздің 
ұғыспай қалып, жұғыспай кеткен кездеріміз де аз емес. Бірақ үлкен 
достығымыздың оты қандай тұман қоршаса да көрінбей қалған 
емес. Әсіресе, бұл достықтың маған бергені өте көп.
«Қарашы, әне, Омарханұлы Мұхтарға,
Емендер ғана осылай өсіп шықпай ма?
Айта қойшы, өзің, білмейтін оны жұрт бар ма?
Тимесін көзің, тек, жаным оған сұқтанба.
Қызығып қара, қызғанбай қара сұқтанба!
Не пайда, саған, сұқтанып оны жыққанда?
Болмасаң өзің, бола алмадым деп жата бер,
Біреуді соғып, біреуді жығып шықса алға!» – деп мен Мұхаң 
туралы айттым.
Мен бұл ойды оның тірлігіне де тынбай айтқанмын... 
(Ә. Тәжібаев)
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Мәтінде адам жан дүниесінің қандай шақтағы күйі суреттелген?
2. Мәтін басындағы «Әрине» сөзінің қолдануы себебі неде?
3. Мәтіндерде кездесетін тағы да қандай оқшау сөздерді білесіздер?

168
V бөлім. Ұлттық шешендік өнер
Қазақ ұлттық шешендік өнерінің 
ерекшеліктері
Шешендік өнер барлық халықтарда бар. Соның ішінде ғылым 
ретінде, жеке сала ретінде қалыптасуға негіз болған Ежелгі 
Греция, Ежелгі Рим, Ежелгі Үнді, Көне Қытай жазбалары мол 
сақталған. Қазақ әдебиеті, мәдениеті көшпелі тұрмысқа байла­
нысты ауызша жеткеніне қарай шешендік өнер де ауызша таралып 
дамыған. Қазақ шешендерінің сөздері де ауызекі айтылып, ауызша 
таралған, қағазда емес, халық есінде сақталған. Сондықтан кейінгі 
ұрпаққа түрлі нұсқада жеткендері де бар. Ұмыт қалған, әр дәуір, 
жылдардағы түрлі саяси әлеуметтік өзгерістерге қарай жоғалып, 
түрлі себептермен  жоғалған сөз үлгілері де аз емес.
Қазақ даласына саяхат жасаған ғалымдар, саяхатшылар қазақ 
тілі, мәдениетінің тереңдігі мен сан­салалығына таңдай қағып, 
таңданып, таным шексіздігін мойындаған жазбалар да аз емес. 
Қазақ халқында шешендік өнердің дамуы елдің саяси өмірімен 
байланысты. Ел басқарған ханның емес, халық сөз ұстаған бидің 
жыраудың айтқанына құлақ қойған. Дала демократиясының 
осындай  би,  шешенді  тыңдайтын  әдеті  халық  пен  билікті 
жалғастырушысы, би­шешенді мойындаған, құрмет тұтқан.
Ел ішіндегі дау, жанжал, ұрыс, қақтығысының барлығы би, 
шешендердің бір ауыз сөзімен шешіліп, жол тауып отырған.
Қазақ халқындағы шешендік сөздерді: 
– ел ішіндегі дау­дамай, жанжал, т.б. реттейтін;
– билік, төрелік айтатын, заң шығаратын;
– ұлттық сана­сезім, рухани байлық негіздерін қалыптастыратын  
сөздер деп топтауға болады.
Рулық қоғамның, шаруашылық, тұрмыстың дәстүрлі қалыптары 
әр ру, тайпаның өз мүддесі, өз мақсатын қорғауына жол берді. Осы 
тұста әр рудың би­шешендерінің білігі мен дарыны, таланты мен 
талғамы жарысқа түсті. Сондай­ақ ол дәстүрдегі өлең­жыр, ойын­
сауықпен өтетін мереке, жиын тойлардағы айтыс, сөз қақтығысы 
ретінде де халықтың зейін қоя тыңдап, ауыздан­ауызға тарайтын 

169
жырлары болды. Бірақ  халықта ру, тайпа билеген шешен, билер 
айтысқа түспеген. Бұл оның ел бітімін шешер мәртебесіне сай келе 
бермейтін жол болып есептелетін. Осыдан­ақ би­шешен беделі 
арқылы сөз қадірі де арта түсті. Тек дау, бітім сөздерді шешуге 
қатысқан. Бұның өзі оның бақ­беделін көтеріп, ел мен билік ара­
сына сыйластықты, құрметті қалыптастырды. «Би айтатын сөзді 
құл да айтады, бірақ аузында дауасы жоқ» дейтін халық билікті де 
тыңдайтын адамнан тыңдайды. Жаны таза, ойы сергек, көңілі адал 
болуын қалайды. Әрі билік айтар, шешендік сөз қалдырар адамның 
ата­тек шыққан ортасына қарайды. Сол себепті де қазақ халқының 
шешендік өнерінің ерекшелігі де сонда –  билік айту да атадан 
балаға мұра болып қалып отырады. Ата сөзін ұстар ұрпақ болма­
са, өзіне жақын рулас, аталас елден зерделі жасқа, зейінді ұрпаққа 
табыстап, аманаттап кетеді. Осындай дәстүрлер елдің сөзді биік 
қойып, қадірлеуін арттырады. Би­шешен сөзі екі айтылмайтын. 
Шешім берілсе, тек орындалатын, нақтылығымен, қайталанбас, 
көптің талқысына түспес қаталдығымен де ықпалды болды. Осы 
арқылы би­шешен беделі көтерілді. Би­шешен бақ­беделімен бірге 
айтар сөзінің жерде қалмайтындай заңдылығына негіз болды.
Ел аңыздары мен кейінгі жұртқа жеткен үлгілі сөздерінен 
қазақтың шешендік сөздері Әз Жәнібек жан тұсынан бастап ай­
тылады. Тәуке ханның тұсында қазақтың алғашқы «Жеті жарғы» 
әдет­ғұрып, қарым­қатынас заңы жазылған. Ауыл арасы мен ру 
арасындағы жанжал, дау­дамайды жұрт жиналатын ас­той, кейін­
нен жәрмеңкелер би­шешендер сынасатын (күнде кеңес құратын) 
«Күлтөбелер» сөз өнеріне шыңдайтын мектеп те болды. Би­ше­
шендерге көрсететін халық құрметі талапты жастарды сөз өнерін 
үйренуге ынта қойғызды.
Қазақ халқы үшін аузы дуалы би­шешендердің орны ерекше. 
Оның басты себебі қоғамдық құрылымға қатысты. Жұрт ішіндегі 
істің барлығы ата жолы, ұлт әдеті  бойынша атқарылатын рулық 
қоғамдағы тұрмыстық, шаруашылық тізгіні ел ағасының, ауыл 
ақсақалының қолында болды. Көптің ісі көсемнің бір ауыз сөзінен 
шешілген жерде сөздің де сөзі керек екені белгілі. Би­шешеннің 
де ата­баба, әке, қарындас, туған­туысының қала берді ауылдас, 

170
руласының да ел жолын, халық дәстүрін қадірлей алуы сарапқа 
салынады. Осыдан­ақ тәлім, тәрбиенің түп­төркінін тереңнен 
тартқан қазақтың рухани адамгершілік қасиеттерді жоғары қойған 
қоғамдық санасын да танимыз. Шешен деген сөздің өзі қазақ үшін 
жеке дара, екінің біріне қона бермейтін қасиет болып саналған.
Тілге шешен, сөзге ұста:
– ойы кемел, ақылы мол;
– өнегелі де парасатты;
– әділ шешіп, адал таразылайтын;
– ел дәстүрін, жұрт әдетін құрмет ететін дана адамдар  ғана 
билік айтып, дау шешкен. Сондықтан да «Тура биде туған жоқ, 
туғанды биде иман жоқ» деген мақал қалған.
Қазақ тарихында ел бірлігін, жұрт тыныштығын сақтаған би­
лер аз емес. Солардың ішінде Төле би Әлібекұлын (1663 – 1756), 
Қазыбек би Келдібекұлын (1667– 1764), Әйтеке би Бәйбекұлы 
(1644 – 1700)  білмейтін қазақ кемде­кем.
Үш бидің ел алдындағы еңбегі ­ ру арасында, жұрт ішінде­
гі дау­дамайды шешуден гөрі, қазақ халқының басын біріктіру, 
жұрт іргесін нығайту, әдет­ғұрып заңдарын жасау сияқты ірі  іс­
терімен белгілі.
Қазіргі тілімізде «би», «шешен» сөздерінің мағынасын бір 
түсінікпен алу қалыптасқан.
Би – дау­жанжалға билік айтушы.
Шешен – сөзге шебер, тілге жүйрік адам.
Қазақ тіліндегі ортақ мағынаға көшуі ел ішіндегі дау­жан­
жалды шешетін би болу үшін сөзді қиыннан қиыстырып тауып 
сөйлейтін, ойын шебер жеткізетін қасиет қажет. Сөз өнерін өнер 
атаулының ең бастысы санаған қазақ билік айтушының сөзге ше­
бер, ойы қисынды, топты ұйыта алар шешен болуын талап еткен. 
Шешендік сөз билеу, басқару құралы болғандықтан, қазақ шешен­
дік сөзі – көркем де кестелі. Билік, төрелік тәрбие, өмір жайындағы 
түсінік, тіршілік мәні, бір сөзбен айтқанда идеологиялық­тәрбиелік 
іс­әрекеттердің, оқу­ағартудың, заң мен ғылымның, ел басқару 
істерінің  құралы болды.

171
Қазақ шешендік сөздері
Мазмұнына қарай
Құрылысына қарай
Шешендік 
арнау
Шешендік 
толғау
Шешендік 
дау
Термелі 
сөздер
Пернелі 
сөз
Адамдар 
арасындағы 
түрлі 
қоғамдық 
тұрмыстық 
қарым­
қатынасқа 
арналатын 
сөздер.
Халықтың 
философиялық 
көзқарасын 
ашатын 
сөздер.
Қоғамдық, 
саяси, 
әлеуметтік, 
рухани 
мәселелерді 
қолданылатын 
сөздер.
Ұйқаспен 
айтылатын 
сөздер.
Көркем 
қара 
сөзбен 
айтылатын 
сөздер.
Қазақ шешендік сөздерінің ерекшеліктері:
–  қазақ шешендік сөздері ауызша айтылып, ауызша таралған;
–  шешендік сөздің көркем де бейнелі, мағынасы терең;
– шешен жайында немесе өткен жайында неғұрлым нақты 
түсінік беріледі;
– түсінік бөлігін жеткізушілер кейіпкерлерді мақсат, мүдде­
леріне қарай өзгертіп, сондықтан бір сөздің бірнеше шешенге 
қатысты болады;
–  шешендік өнер халықтың сипаты.
150-жаттығу. 
Кенжалы шешен
Кенжалының  бір  жақын  қарындасын  Сасан  би  өз  інісіне 
әперіпті. Қарындасы жүректі екен. Барған жерінде жер үшін 
болған қақтығысқа қатысады. Осында екінші жақтың бір адамы 
жас келіншектің бұрымын кесіп әкетіпті.
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, әлде соғыста 
ма? – деп сұрайды Сасан би келіннен.
– Соғыста кесті.

172
– Онда билігін өз ағаң – Кенжалы айтсын, соған бар, –  депті, 
бір жағы Кенжалыны сынамақ болған Сасан би.
Бұрымын кескен жігітті ертіп келіп, төрелігін сұраған қарын­
дасына Кенжалы да:
– Бұрымыңды қай жерде кесті, үйде ме, далада ма, соғыста ма? 
– деп сұрайды.
– Соғыста кесті.
– Онда оның жеңіл. Егер үйде кессе, жарты құныңды, дала­
да жай уақытта кессе лақты ешкі айып төлетер едім. Соғыста 
бұрымың түгіл басыңды да кеседі. Сондықтан бұрымыңның құны 
– айна, тарақ сабын: Айнаға қара, сабынмен жу, тарақпен тара. 
Сонда шашың тез жетіледі, – депті Кенжалы қарындасына. Сонда  
әділдігін естіген Сасан би Кенжалыға қатты риза болыпты.
***
Бір ауру үйіне бақсы алдырып емделмекші болады. Бақсы ау­
руды қарап жатқанда атын қасқыр жеп кетіпті. Бақсы ауру адамға 
атымның құнын төле деп отырып алыпты. Үй иесі бақсыны ертіп 
Кенжалыға келеді. Сонда Кенжалы тұрып бақсыға:
– Атыңның басы – он екі қой. Төрт қойын өзің төле – ақы ал­
ғалы бардың. Төрт қойды қасқыр төлейді, төрт қойды науқас адам 
төлейді, ­ деген екен. Сөзден тосылған бақсы төрт қойды айдап 
үйіне жаяу қайтыпты.
***
Жылқыларын барымтаға алдырған бір әлсіз ауыл еліндегі бір 
пысығын Кенжалыға жіберіпті. Ол есіктен кіре бере:
– Ассалаумағалейкум, алдияр, естіген құлақ – екеу, –  депті де 
тұрып қалыпты.
Кенжалы оған:
– Уағалейкум, батырым, көрген көз – үшеу, қайта бер, – депті. 
Сонымен келген шаруасын бітірген кісі еліне қайта бет алыпты. 
Жолда қасына ерген серіктері, не болғанын ұқпай қалған болса ке­
рек, бұл кері қайттық деп түсіндіріпті. 
(«Ел аузынан»).

173
Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Үш әңгімені салыстырып, Кенжалы шешен берген биліктерге сипат­
тама беріңіздер.
2. Кенжалы шешенге мінездеме жасаңыздар.
3. «Естіген құлақ – екеу. Көрген көз – үшеу» бұл жұмбақты қалай ше­
шесіздер?
151-жаттығу.
Ел аузындағы екі сөз
Жетек деген көрегенге жолыққан шұбартаулық ақылгөй Бай­
қотан:
– Қияннан асқан бар ма, арқардың ізін басқан бар ма, Ұлытауға 
шыққан бар ма,  ұлардың үнін ұққан бар ма? Соны іздеп келемін, –  
депті.
Сонда Жетек:
– Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам 
– адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, 
ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен,  сөз тыңдаусыз 
болмаса екен деп, соны іздеп барам. Бұрынғылар айтқан екен, 
дүниеде орны толмас үш жетім бар: «Ел басшысыз болса, жер 
жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса жетімсіз» деп. Менің бара 
жатқаным да сол, – депті.
***
Қаз дауысты Қазыбек: «Байқотанға сәлем айт, жерінде тобылғы 
көп деп еді, соның ішінен қамшыма сап боларлық тобылғы беріп 
жіберсін», – деп кісі салыпты, Байқотан бір тұтам тобылғының 
сыртқы сұрғылт түгін қырып, жақсылап майлап, шоққа қыздырып, 
қып­қызыл етіп, қағазға орап, шәйі орамалға түйіп, келген кісінің 
қолына берсе, анау алар­алмасын білмей көп тұрыпты. Сонда 
Байқотан оған: «Жетелі құл арытпас, жетексіз құл жарытпас» де­
ген. Қазының менен сұрағаны – осы. Жоғалтпай алып барып, та­

174
быс ет», –  депті. Түйіншекті Қазының қолына табыс еткенде, ол 
түйіншекті шешіп, ішінде жатқан бір тұтам қып­қызыл тобылғыны 
көріп: «Ішегін ішіне тартып тұрғанын қарашы, «жүзден – жүйрік, 
мыңнан – тұлпар» деген, шіркін тұлпар болып туған, жұмбағының 
түйінін өзіне айтқызалық, қашық демесін Байқотан», –  деп 
Қазыбек кісі жіберіпті.
Нөкер жасап, салтанатпен келген Байқотан: «Азғынды қуып 
тозғанға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, 
ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл, түгің аз, қызығарлық дұшпан 
көп, бас аяғың бір тұтам, басқара біл тұтамдап. Айбар шекпе алыс­
тан, күшің қайтар қарысқан, түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан 
арыстан, қал үзіп, сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз 
төсеніп, қар жастан, қалыспаған алыстан, ойға мініп, сабырды ту 
ет», –  дегенім еді депті («Ел аузынан»).
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Алғашқы әңгімедегі Байқотан жұмбағын шешіңіздер.
2. Екінші әңгімеде Байқотан шешуінен адам бойында қандай мінез 
болғанын қалайды?
3. «Мұз төсеніп қар жастан, қалыспаған алыста, ойға мініп, сабырды ту 
ет» дегені не?
152-жаттығу. Берілген тақырыптарға әңгіме құрастыры ңыздар.
1. «Шешеннің сөзі – мерген, шебердің – көзі мерген» (мақал)
2. «Шебердің қолы ортақ , шешеннің сөзі ортақ» (мақал)

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет