Оқулық Алматы 2021 Барлық оқу формаларындағы «Мәдениеттану»



Pdf көрінісі
бет29/69
Дата02.12.2023
өлшемі3,53 Mb.
#132232
түріОқулық
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69
Байланысты:
мадениеттану кытап

8.
 
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ
 
Мақсаты: 
Ұлы Жібек жолы мәдениеті және ортағасырлық түркі 
өркениетінің ерекшеліктеріне мәдениеттанулық талдап, түркілердің әлемдік 
мәдениетке қосқан үлесін анықтау.
 
7.1. Ұлы Жібек жолы мәдениеті және Орталық Азия 
Ұлы Жібек жолы шын мәнісінде көшпелі және отырықшы мәдениеттер 
тоғысуының адамзат тарихында ең маңызды тәжірибесі болғандығы жөнінде 
айғақтар жеткілікті. Бұл, мысалы, 1991 жылы Алматы қаласында ЮНЕСКО 
өткізген халықаралық семинардың басты тақырыбы болды. Халықаралық 
қауымдастық Ұлы Жібек жолына тек тарихи-мәдениет артефакт ретінде 
қарап қоймай, оның қазіргі шиеленіскен, жанжалдарға толы әлем үшін де 
маңыздылығын атап өтті. Сол себепті ЮНЕСКО Ұлы Жібек жолы туралы 
арнаулы екі ірі бағдарлама қабылдады: «Адамды қоршаған орта» және 
«Мәдениет пен болашақ». Оның үстіне қазіргі ақпараттық қоғамдағы 
көшпелілікті жаңа рәміздерін ескерсек (тамырсыз ризома, орталықсыз жүйе, 
үйлесімділік, т.т.), онда талқыланған тақырыптың маңыздылығы күдік 
туғызбайды. 
Көптеген зерттеушілер Ұлы жібек жолы пайда болуын б.з.д. ІІ ғ. 
байланыстырады және бұл кезең еуразиялық көшпелілердің өркендеп 
тұрғанының айғағы бола алады. Олар тіпті дүниежүзілік үдерістерге де өз 
әсерін тигізіп отырды. Ұлы Жібек жолы мәдениеті тәжірибесінен 
туындайтын тарихи сабақтың бірі-еуропоцентризмдегі номадизмді қалалық 
мәдениетке қарсы қою ұстындарының жалаңдығы. Бұл жерде басты 
ұсынылатын тезис-көшпелілер қалалық мәдениетке қарсы қиратушы күш 
болды. 
Егер біз отырықшы елдердің көшпелілерге жалпы менсінбей 
қарауынан сәл көтеріле білсек, көшпелілердің өзіне тән мәдени реттеу 
тетіктері болғанын көре аламыз. Ибн-Фадлан да көшпелі түркілердің 
құдайлары жабайы сенімді емес, ал сол қоғамдағы келенсіздіктерден 
адамдарды қорғау қызметін атқаратынына назар аударады. Ибн-Фадлан 
былай дейді: «Дінді білмегендіктен оларда мынадай наным бар екен. Әр адам 
бір тұтам ағашты кесіп алып, төсіне іліп қояды. Жолға шықса немесе 
дұшпанына кезіксе, ағашты сүйіп: «О, тәңірім, маған жар бола гөр» деп 
сыйынады. Мен тілмашқа бұрылып: «Бұлардың бірінен сұрап көріңізші, бір 
тұтам ағашты байлап жүрудің нендей сыры бар? Оған не себепті «тәңірі» деп 
сыйынада?» дедім. Сонда ол: «Менің тегім басында осындай ағаштан 
жаралған, сондықтан одан басқаға біз сыйынбаймыз» деп жауап қатты. 
Олардың біреуі өзі сыйынатын тәңірінің саны он екі екенін айтты. Олар: «қыс 
иесі, жаз иесі, жаңбыр иесі, жер иесі, ағаш иесі, адам иесі, жылқы иесі, су 
иесі, күн және түн иесі, ажал иесі, жел иесі, ал аспандағы тәңірі-солардың ең 
үлкені. Бұлар бірінің ісін бір қолдайды. Әр заттың иесі не ұйғарса, басқалары 
соған келіседі. Тәңірі солардың бәрінен де жоғары, ұлы, бұзық ниетке 


133 
салынғандарға 
жол 
бермейді» 
деді 
(Ибн 
Фадланның 
Еділге 
саяхаты//Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары.- 
Алматы: Қазақ университеті, 1991.-344-381 бб). 
Түркілік мемлекеттердегі қалаларда түрлі дін өкілдері бір-бірімен 
келісімді өмір сүре білген. Осы жөнінде Ибн-Фадлан мынадый дерек 
келтіреді: «Еділ бойында Хазар патшасының үлкен қамалы бар. Ол екі 
бөліктен тұрады: бірінде мұсылмандар, екіншісінде Хазар патшасының бір 
баласы билейді. Оны «хаз» деп атайды, өзі мұсылман болады. Хазар елінде 
тұратын мұсылмандарды немесе сауда ісімен келгендерді соттау сол баланың 
билігінде. Оларды соттап, өз арасындағы дау-жанжалдарды қарауға одан 
басқалары жіберілмейді. Қалада мұсылмандар үшін салынған мешіт бар. 
Соған жұрт жұма күндері жиналып, намаз оқиды. Мешіттің бірнеше 
мұнаралары мен азаншылары бар. 309 жылы мұсылмандар әл-Бабынаж 
бағында тұратын бір кәпір шіркеуін бұзған. Мұны естіген Хазар патшасы: 
«Егер ислам діні елдерінде бір шіркеу (синагог) қалдырылмай қиратылған 
болса да, мен мешітті бұзудан тайынбас едім» деп, мешіт мұнараларын 
бұзып, азаншыларын дарға асқан. Хазарлар, олардың патшасы иудей дінінде, 
ал бұлғарлар және солармен шектес елдердің бәрі де Хазар патшасына 
бағынады. Хазар хақаны сөйлегенде оларды өзінің құлі қатарында көреді, 
бұлғарлар оған бас иіп тұрады». 
Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелілер мен отырықшы (қалалық) 
мәдениеттердің арақатынасын қарастырғанда, әрине, олардың түбегейлі 
бөлек құрылымдарда – қала және көшпелі қауым бірігетінін есте ұстаған жөн. 
Қала ең басынан қолөнер мен сауданың орталықтары, иерархиялық 
жүйелердің әкімшілік орталықтары ретінде қалыптасты. Алайда өркениеттің 
аграрлық толқыны үстемдік етіп тұрған шығыстық (әсіресе, суармалы 
империялар – Қытай, Үнді, Халифат т.т.) жүйелер номадтармен материалды 
және рухани мәдениет өнімдерімен айырбас жасауға мүдделі болды. 
Қол өнершілер көшпелілерден тері, жүн, сүйек сияқты өнімдерді алып 
тұруға мүдделі болды. Бұл әсіресе Орталық Азияға тән болды. Зерттеушілер 
атап өткендей, Қарахандар мемлекетінде көшпелілерден шыққан билеушілер 
қыста қалалардағы сарайларында болғанымен, жазда міндетті түрде 
жайлауларға көшетін болған.
Ұлы Жібек жолы бойында көшпелілік және қалалық мәдениеттердің 
арасындағы байланыстарда, әрине, қақтығыстар мен соғыстар болып тұрған. 
Алайда ортағасырларда соғыс, біріншіден, отырықшы империялар мен 
мемлекеттердің арасында да жиі орын алған. Екіншіден, отырықшылар мен 
көшпелілердің арасында уақыт жағынан соғыстардан гөрі бейбіт қатар өмір 
сүру көбірек болған. Себебі олар бір-бірінен тәуелді еді. Үшіншіден, мысалы, 
Шыңғыс хан шапқыншылығының нәтижесінде қалалардағы көптеген 
қолөнершілердің жойылуы олармен байланысты көшпелі құрылымдардың да 
қиратылуына әкелді. Өйткені айырбас адамдық қатынастардың әмбебап, 
қутты, креативті формасына жатады. Айталық, Ұлы географиялық 
жаңалықтардың нәтижесінде Еуропадан Шығысқа қарай теңіз жолының 


134 
ашылуы Ұлы Жібек жолының маңызын төмендетті және бұл аталған аймақта 
бұл мәдени құлдырауға әкелді. 
Ұлы Жібек жолын мәдениеттегі екі полярлық бағдар-дифференция 
және интеграция-кең мәтінінде қарастырған біршама соңы ойларға жетелейді. 
Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелі қолөнершілердің үлкен 
жетістігіне қыш құмыралар жасау өнері жатады. Мысалы, қыпшақ 
даласының аймағы Сығнақта қышты өндеудің ерекше бір стилі қалыптасқан. 
Оны Ж. Гарден «дала керамикасы» деп атайды. Ұлы Жібек жолы көшпелі 
мәдениеттің әлеуметтік құрылымын өзгертіп және күрделендіріп жіберді. 
Ж.К. Гарденнің сараптауы бойынша, артефактілер мен экофактілер негізінде 
номадтардың арасында малшы-көшпелілермен қатар, симбиотикалық-типтер, 
түйе айдаушылар, қарауылдар, күзетші иттерді тәрбиелеушілер, т.т. пайда 
болды. 
Ұлы Жібек жолы бойында көшпелілер мен отырықшылардың арасындағы 
қарым-қатынастардың төмендегідей модельдерін атап өтуге болады: 
1. Сауда-саттық қатынастар басым болып келеді. Оған шөлдер мен 
тастақтардың ортасындағы оқшау мәдениеттер жатады. 
2. Уақытша саяси бірігулердің нәтижесінде пайда болатын байланыстар. 
Мысалы, Хорезм және оның маңайындағы шөлейт аймақтар. 
3. Бір мәдени ареал шектеріндегі (мысалы, оазистердегі) тұрақты қарым-
қатыстар. 
4. Көшпелілердің оазистерге және өзен аңғарларына жаппай қоныс 
аударуынан қалыптасатын қарым-қатыстар. 
Француз зерттеушісі А. Франкфордың пікірінше, номадтар мен 
егіншілердің алғашқы байланыстарынан б.з.д. 2 мыңыншы жылдықта Ұлы 
Жібек жолының бастапқы үлгілері қалыптаса бастады. Оның дәлелі ретінде 
Қытай мен Ордосты ары қарай Бактриямен байланыстыратын және сауда-
саттық қатынастарын келтіруге болады. Ең қызығы Сапаллиден табылған 
жібек бактриялық ақсүйектердің Қытаймен сауда-саттықпен тікелей өздері 
айналысқанын көрсетеді. Себебі олар сол кезде көшпелілермен жаулық 
қарым-қатынаста болған. 
Сурет. Ұлы Жібек жолының қазіргі Қазақстан жері бойынша бағыттары. 


135 
Зерттеушілер көшпелілер мен жерөндеушілердің арасындағы қарым-
қатынаста белсенді жаққа біріншілерінің жатқанын атап өтеді. Әдетте 
этникалық процестер солтүстіктен (даладан) оңтүстікке (оазистерге) қарай 
бағытталғанын, далалықтардың саяси және тілдік үстемдікке жететінін 
көрсетеді. Далалықтар отырықшы өркениеттің материалдық мәдениетін 
қабылдағанымен, өздерінің рухани жүйелері мен басқару формаларын сақтап 
отырды. 
Орталық Азияда көшпелілер рөлінде әдетте түркі тайпалары, ал 
отырықшы жерөндеушілер сапасында ирантілді халықтар әрекет етті. 
Орталық Азиядағы мәдени ауысуларда атақты скиф триадасы (салтттылар 
өркениеті, әскери демократия және аң стилі) маңызды рөл атқарды. 
Археологтардың деректері бойынша, «ат иесі» сюжеті Антика мен Уғаритте, 
Пазырық қорғанында, бүкіл Орталық Азияда кездесіп отырды. З. Самашевтің 
түсіндірмесіндегі бұғытастағы жылқыны екі жартқыш талап жатқаны туралы 
тастағы кескін Монғолия мен Крит аралында қатар табылды
Бактрияда табылған мәдени артефактылар скиф-сақ өнері мен 
эллинистік туындыларының арасындағы көп ұқсастықты айғақтайды. 
Мысалы, қасқырбасты және бұғымүйізді айдаһар Сібір мен Қытай өнерінен 
сусындаса, ал жыланбасты екінші айдаһар (Медуза Горгона сияқты)
батыстық сюжеттерге жақын. Стильдердің араласуы жалпы Жібек жолы 
мәдениетіне тән нәрсе. Мысалы, ертекушан өнерінде маңдайына нүкте 
салынған билеуші (Үнді мәдениеті) еуразиялық айдаһар және құбыжық 
тарантурмен күресіп жатқаны көп нәрсеге меңзейді.
Жалпы мәдениеттің бір бөлігі болатын көшпелілердің көне бейнелеу 
өнері тарихы да біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта басталып, 
сол дәуірдің V-VI ғасырларында өте жоғары деңгейге жетеді. Жалпы, Орта 
Азия, Қазақстан бейнелеу өнері сонау неолит және қола дәуірінен басталады. 
Атап айтсақ Жасыбай және Ұлытау тастарына ойып салған өшпес суреттер 
осыған дәлел бола алады. Көне дәуір көшпелілерінің графикалық бейнелеу 
үлгісінде әсіресе жан-жануарлар дүниесі мейлінше мүсінделген. 
Сақ-скиф бейнелеу өнерінің «Аң стилі» сияқты озық формалары да сол 
кезде пайда болған. Табиғатпен тығыз байланыста өмір сүрген көшпелі 
халықтардың өнер туындыларын жасауға қолданған материалдары-алтын, 
қола, мыс, ағаш, тас және мал өнімдері-тері, киіз, жүн болған көрінеді. 
Көшпелілер мәдениеті мен өнері өзінің құндылығымен жарты әлемге мәшһүр 
болды. Сақ-скифтер қолынан туындаған өнердің ықпалы ежелгі шығысқа да, 
батысқа да үлкен әсер етті. Әсіресе «Аң бейнелі» әдіспен әсемделіп 
сомдалған нәзік те нақышты дүниелері басқа елдердің құрметпен қарауына 
мойын ұсындырды. Көшпенділердің «Аң бейнесі» стилінің шығу төркіні 
әріде жатыр, бұл өнер өзінің бастауын «Бұғы тастар» бедерлеме суретінен 
алады. «Бұғы тастар» қорымының Қазақстанда пайда болуы б.з.д. ІІ және І 
мыңжылдықтардың арасы, дәлірек айтқанда қола мен темір дәуірлерінде. 
Қорымның тасқа қашалған аң бейнелері кейінгі дәуірдегі скифтік «Аң 


136 
стилінің» дамуына үлкен серпіліс тудырғанын көрсетеді. Ертедегі 
көшпелілер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен 
аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда 
болған. Орта ғасырлардағы жартасқа сурет салу өнері бұрынғы қалыптасқан 
дәстүрде дамыды. Бұл заманда суреттерді көне петроглифтердің үстіне салу 
да жиі кездеседі.
Сурет. Аң стилі.
Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таң 
қаларлық жағдай. Қазақстанның тасқа салынған гравюралары, ата-
бабаларымыздың бізге қалдырған ұлы мұрасы-көне заман жайында дерек 
беретін даусыз жәдігер. Петроглифтердің шексіз құндылығы біздің ертедегі 
ата-бабаларымыз өмір сүрген ортадағы әлем туралы ұжымдық дүниетанымды 
көрсетуінде. Ертедегі суретшілердің өнері даму барысында образдылықтың 
биік шыңдарына жеткен. Олардың бәрі алысқа, аспанға ұмтылып, Көк 
Тәңірге жетуге тырысып, ру мен тайпаның жебеуші әруақтарының құдайға 
мәңгілікке жету жолдарын меңзейді. Сол алыс замандарда суреттердің орны 
ерекше болғандығы анық. Ол болашаққа арналған петроглифтер арқылы 
шынайы өмірдің рухани бейнесін жеткізудің рөлін атқарды.
Кейінгі кезге дейін кейбір ғалымдар, өнер зерттеушілері көшпелі 
халықта (сақ, қыпшақ, үйсін, Орта Азия түрік тайпаларында) мәдениет, 
әсіресе қолтума сурет өнері дамымаған деген сыңаржақ пікір айтып келген 
еді, енді міне, соның бәрі шындыққа жанаспайтындығы белгілі болды. 
Кейінгі археологиялық қазбалардан табылған өнер туындылары осының 
айғағы. Есік «Алтын адамынан», бертін келе, қазақ жерінде мәдениет 
әлденеше рет дамып, гүлденіп отырған. Қазақ халқының өмір салты көшпелі 
болғанымен рухани мәдениеті көшпелі болған емес, оны біздің ғылыми 
тұрғыдан жинақтап зерттеген этнографиялық деректі материалдар айқындай 
түсті. Кезінде академик Ә. Марғұлан мыс, темір дәуіріндегі құйма өнерінің 
түрлерін терең археологиялық зертеулерден өткізіп, «ғұн дәуірінде тасқа 
салынған суреттер көшпелілердің графикасы»,-деген пікір айтты (Марғұлан 
Ә.Х. Ежелгі жыр, аңыздар.-Алматы: Жазушы, 1985.-23 б.). 
Ертедегі суретшілердің туындыларынан жабайы аңдардың бейнелерін-
құлан, елік, арқар, марал, ертедегі бұқа-тур, барыс, қасқыр, жабайы жылқы 
бейнелерін кездестіреміз. Жануарлар жанды қимыл үстінде көрсетілген.


137 
Ертедегі 
шеберлер қос өркешті түйенің тәкәппар келбетін, 
тұлпарлардың сымдай сымбатын, бұғы мен маралдың әсемдігін, барыстың 
серіппеше атылуға әзір тұлғасын көрсете алған. Әсіресе аңшылық көріністері, 
жан-жануарлардың арпалысы, батырлардың жыртқыштармен жекпе-жектері 
бейнеленген гравюралар өте қызықты. Жартастағы суреттерден ертедегі 
малшылардың темір қорытушылардың, көшпелі керуеншілердің өмірінен 
деректер беретін сызбаларды да көруге болады. Түйелі керуендер мен салт 
аттылар топтары белгіленген петроглифтердің сюжеттері қазақтардың 
Желмая жайлы көне аңызымен үндеседі (Ұлытау, Бұланты, Білеуті, Абыралы 
және басқалары).
Күш-қуат пен биліктің айнасындай көрінген, тайпанын дінін де, жері 
мен жайылымын да жебеуші рухындай болған бөрі тотемі-түркі-
монғолдардың күшті тотемі. Бөрі залалды кезеңдердегі адамдардың 
қорғаушысы, қамқоршысы ретінде көрсеткен аңыз әңгімелер түркі 
тайпаларында сақтар, ғұндар, ежелгі үйсіндер замандарынан бері кең тараған. 
Қолындағы ұзын найзасының ұшына бөрінің басы бекітілген атты жауынгер 
бейнеленген петроглифтер көне түркі дәуірінің тарихи құжаты мәніне ие 
болады. Бұл дәстүрдің тууы ғұн дәуірінен бастау алады.
Тарих ғылымы, мәдениет пен өнер тарихы үшін Батыс Түрік қағанаты 
шеберлерінің қолына жататын қабырғаға салынған бөрілі басты ту салынған 
өрнек суреттердің маңызы өте жоғары. Көне өрнектер VІ-VІІІ ғғ. қалалар 
орнын қазу кезінде табылған. Сонымен жартастағы бейнелеу таңбалары 
өткен дәуірде өмір сүрген тайпалар мен халықтардың рухани әлемін 
тереңірек білуге мүмкіндік береді. «Аң стиліндегі» өнер туындылары 
мифологиялық сюжеттерге тұнып тұр. Мифтер-ежелгі наным-сенімдердің 
бірі. Олар адамзаттың рухани мәдениетіндегі күрделі құбылыстардың 
қатарына жатады. Белгілі этнолог Л.Н. Гумилевтің пікіріне сүйенсек: 
«Аңыздар мен мифтер қиялдан туған шығарма емес. Олар сол кезеңдердегі 
адамдардың көзқарасын, кезеңіне сай білімін көрсетеді» (Гумилев Л.Н. Қиял 
патшалығын іздеу.-Алматы: Балауса, 1991.-14-15 бб.). 
Ұлы Жібек жолы мәдениеті қалыптасуындағы тағы бір факторға 
отырықшы елдерді жаулап алған көшпелілердің олардың өмір салтын 
түбегейлі өзгертуінен де көрініс табады. Бұл бір жағынан әбден өзгеріссіз 
тұрақтанып қалған қоғамдарға мәдени серпін беріп, оларды жаңа талаптарға 
икемделуіне мәжбүрледі. Мысалы, II-IV ғасырларда ғұндардың бір бөлігі 
(эфталиттер) Соғды арқылы өтіп, бұрынғы қушандықтардың иеліктерін 
тартып алады. Бұрынғы малшылар өз жайылымдарынан айырылғаннан кейін 
қалалықтар мен жер өңдеушілердің қатарын толықтырды, олар жаңа 
кәсіптерді меңгеруге тиіс еді. Көшпелілердің билеушілері жаңа жұмыс күшін 
сауда-саттықты нығайтуға бағыттады және өзінің бұл әрекетінде осы саудағы 
ыңғайлы соғдылық элитаға сүйенді. Ұлы Жібек жолы бойында соғдылық 
мәдени экспансиясы жаңа қуатқа ие болды .
Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдени қарым-қатынастарының үдерісі 
нәтижесінде өнер саласында да жаңа феномендер мен стильдер қалыптаса 


138 
бастады. Бұл процесті тіпті монғол шапқыншылығы да тоқтата алмады. 
Мәдениеті жоғары аймақтарда билік жүргізіп тұрған Шыңғыс хан ұрпақтары 
тез уақытта жергілікті халықтың мәдениетін қабылдады. Сонымен бірге 
көшпелілер қол астындағы халық арасына өз мәнерлерін, рәміздерін, 
әлеуметтік реттеу тетіктерін алып келді. Мысалы, ХІІІ ғасырдан бастап 
Орталық Азияда «Темірлан стилі» немесе Ирандағы «Монғол стилін» алсақ, 
онда Қытайдағы фарфор өнеріне еліктеу нәтижесінде туындағын «Кобальт 
типін» атап өтуге болады Бұл стильде ақ және көк түстерге басымдық 
берілді, өйткені бұл түстер көшпелілер арасында қасиеттілік, тазалық, 
әділдікпен теңестірілді.
Дәл осындай процестер Оңтүстік Қазақстан аймағында да жүріп жатты. 
Қыш 
құмырасындағы 
ою-өрнектерді 
композициялық 
шешімдердің 
анықтылығы мен қарапайымдылығы, өсімдік, зооморфтық, геометриялық 
мотивтердің үйлесуі кең тарады. Бұл жалпы көшпелілердің дүниетүйсінуіне 
жақын болды.
Ұлы Жібек жолы мәдениеті көшпелі мен аграрлық отырықшы 
өркениеттердің тоғысуының басты тетігі болған. Жазба тарихи көне заманнан 
желі тартатын Орталық Азия көшпелілері мәдени мұрасы туралы сөз 
қозғағанда, оның ең алдымен түрлі мәдени артефактылардың сұқбаттастығы 
нәтижесінде қалыптасқаны көзге түседі. Сақ заманында Еуразияның көшпелі 
тайпаларында мал өсіруге негізделген мәдени ареалдың қалыптасуы Оңтүстік 
Сібір, Алтай, Қазақстан, Еділ-Жайық, Қара теңіз жағасындағы қыруар ру-
ұлыстар арасындағы айырбасты, мәдениеттегі ұқсастақты орнықтырды. Бұл 
кейін Ұлы Жібек жолы мәдениетінде өзінің қисынды жалғасын тапты.
Ұлы Жібек жолы мәдениеті қалыптасуы үшін еуроазиялық даладағы 
мәдени үрдістердің күрделенуі маңызды рөл атқарды. Геродоттың скифтер 
туралы жазбаларында, агриппейлердің тақыр даланы мекендейтіні, ағаштың 
сөлін ішетіні, қыста ағаш бұтағына киіз жауып, соны пана тұтып, жазда киізін 
алып, ағашты жалаңаш тастап кететіні айтылады. Сақ-скифтер алғашқы ерте 
дәуірде үйдің осындай түрін пайдалана келе, кейін оны өздерімен бірге қысы-
жазы ала жүруге ыңғайлы, арба үстіне қондырылған көшпелі үй дәрежесіне 
жетілдірген. Бұл туралы Геродот алты, төрт доңғалақты арба үстіндегі үйлер 
туралы хабарлайды. Тіпті көшпелілерде оңтүстікте саман, кірпіш, солтүстікте 
бөренеден салынған тұрақты үйлері де болған. Археология деректері олардың
төбесі шатырланып және дөңгелете жабылатын киіз үйдің жасалуына 
жеткізген баспалдақ екенінде шүбә болмаса керек. 
Қытайдан келген саяхатшылар да түркілердің мәдени деңгейінің 
жоғары екендігін куәландырады. Қағанның өзін қалай қабылдағанын 
сипаттай отырып, Сюань-Цзян түрік зиялыларының салтанатты жібек 
киімдерінің молдығын бірнеше қайтара ауызға алады, сонымен бірге өзіне 
көрсетілген сый-сияпат ішінде: «Қызғылт түсті жылтыр шыттан тілгілген 
неше алуан киімдер санатын және елу кездеме жібек» бергені жөнінде 
хабарлайды.


139 
М. Орынбековтың сараптауы бойынша, біртұтас шаруашылықтың үш 
түрге: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылықтарға 
бөлінуі егіншілік пен мал шаруашылық өнімдерінің айырбас бағысын 
белгілеп, еңбек өнімділігінің артуына, басқа елдермен, халықтармен сауда 
қатынасын орнатуға ықпал етті. Аймақтар мен аумақтардың әр түрлі 
шаруашылық түрлеріне мамандануы жердің сапасы мен жағрафиялық 
жағдайға байланысты болды. Бұл жағдайда жағрафия мен тарихтың 
біртұтастығы көрініс тапты.
Ұлы Жібек жолы мәдениетінде, әсіресе бастапқы кезеңдерде, ежелгі 
сақтардың дүние туралы түсінігі, адамдық қарым-қатынастары жоғары болды 
болды. Белгілі мәдениет тарихшысы Э.Б. Тайлордың пікірі бойынша, көне 
бақташылардан дінінің қалыптасуының түпкі негізі, жанның денеден 
бөлінуіне сеніп, оны көз алдына елестеткені әруақ, жан туралы алғашқы 
түсінік-анимизм болды. Осы негізде қазақстандық зерттеуші М. Орынбеков 
Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпелілердің рухани әлемі күрделі болды 
деген пікір айтады: «Сақтар да бұдан тыс қалған жоқ, өлім, түс көрудің 
себептері және т.б. туралы өздерінің ой пайымдарына осы жолмен келді. 
Өлген адамдардың заттарын бірге көмуге байланысты, жанның, о дүниеде 
өмір сүруі жайлы, о дүниеде «жақсы өмірдің» барлығына сендірді. 
Марқұмның аты, кейде тіпті әйелі өлтіріліп, мүліктерінің бірге жерленуі 
осыған байланысты еді. Анимистикалық көзқарас барлық дінге тән болды, 
сондықтан бұл ағымға артық күнә артпауға да болады (Орынбеков М. Ежелгі 
қазақтың дүниетанымы.-Алматы: Ғылым, 1996.-168 б.). 
Ұлы 
Жібек жолы мәдениетіндегі рухани ауысулар негізінен 
этномәдениетке оңтайлы қабылдаулармен ғана шектеліп отырды. М.С. 
Орынбеков Парсы мен Орталық Азияда отқа табыну идеясының өріс алғанын 
осымен түсіндіреді: «Қайтыс болған адамның жаны қайтып келмес үшін 
мүрдені өртеп жіберу де осыдан келіп шыққан. Бұл ағым дами келе отқа 
табынуға әкелді. Мазарлардағы қызыл бояу да осымен байланысты. Сол 
кезеңде күн-барлығын жалмаушы от ретінде басты құдірет болуына сәйкес, 
көкті көктей шабатын аспан атына табыну қалыптасты. Жоғарыда сақ 
тайпалары үшін аттың тарихи маңызын атап өткен едік. Ол малшылық пен 
көшпеліліктегі басты орынды иеленген еді. Бұл атты да құдірет күштерінің 
қатарына қосу арқылы көрініс тапты. Негізінен күн мен отқа табыну шығыс 
халықтарының көне ұғымы болды. Мифологияның жойыла бастауына сай 
оның орнына тұрақтылық пен нақтылық жайындағы ойлар, біз тіршілік етіп 
отырған ортадағы әртүрлі табиғат күштерінің-судың, жердің, от пен ауаның 
бізге тигізетін әсері жайлы ойлар басым болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет