Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған



бет47/111
Дата19.05.2022
өлшемі0,54 Mb.
#35036
түріОқулық
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   111

Франсуа Рабле (1494-1553)


Француз Қайта өрлеу дәуірі әдебиетінің ірі өкілі, ұлы гуманист жазушы Франсуа Рабле Турень уалаятының Шинон деп аталатын кішкене қалашығында адвокат отбасында туған.


Әкесі Антуан ұлының дін өкілі болғандығын қалайды, сондықтан оны Шинон қалашығы маңындағы ауылдық аббаттыққа береді Осы жерден монастырға өткен жас Франсуа сол дәуірде тыйым салынған антик кітаптарды ерекше ынтамен оқуға кіріседі, латын, грек тілдерін үйренеді. Ежелгі дәуір жазушылары, соның ішінде Гомер туындылары мен Реформация өкілдерінің кітаптары оның назарын аударады. Бірақ мұндай кітаптарды оқуға рұқсат жоқ болатын. Сондықтан Рабле бенедикттер монастырына өтіп, сол жерде мәжбүрлі түрде оқытылатын дін ілімінен тыс, философия және басқа ғылымдармен шұғылданады. Халық тұрмысымен, ауыз әдебиеті үлгілерімен танысады. 1530 жылы ол Манпельеге келіп, медицина ғылымын үйренеді, грек дәрігері Гиппократтың афоримздерін талдап, түсіндіреді. 1532 жылы Рабле Лион қаласындағы ауруханада дәрігер болып жұмыс істейді. Медицина саласында көптеген өзгерістер жасайды; емдеудің орта ғасырлық әдістерінен бас тартып, жаңа ілгерішіл әдістерді ұсынады. Ұлы гуманист Эразм Роттердамскиймен дос болады. Рабле Эразмге «аса құрметті ұстаз» деп жоғары баға береді.
Рабле өз өмірінің ішінде Италияға үш peт барып, көне Рим мәдени ескерткіштерімен танысады, жаратылыстану ғылымымен айналысады, латын, араб тілдерін үйренеді. Парижге қайтып келген Рабле біраз уақыт король Франциск сарайында қызмет атқарады, медицина саласындағы тәжірибесін қорытындылайды. 1537 жылы Монпольеде медицина докторы дәрежесін алады. Бірақ діни соғыстар күшейіп, еркін ой-пікірдегі адамдар қуғындалып жатқан сол дәуірде Рабле тағы да шет елге кетуге мәжбүр болады.
Рабле діни қақтығыстар азайған соң ғана өз Отанына оралып,
әдеби қызметін жалғастырады.

«Гаргантюа мен Пантагрюэль»


Рабленің гуманистік қызметінің жарқын үлгісі, халықтың арман-тілегін терең бейнелеген шығармасы - «Гаргантюа мен Пантагрюэль» романы. Эпопеяның алғашқы кітабы 1533 жылы Алькофрибас Назьенің алғысөзімен «Алып Гаргантюаның ұлы, дипсодтар королі, таңғажайып Пантагрюэльдің басынан кешкен жантүршігерлік оқиғалары мен қаһармандықтары» деген атпен жарық көреді. Рабленің осы туындысы 1532 жылы Лионда шыққан


«Даңқты және алып Гаргантюа жайындағы аса құнды хроникалар» кітабының әсерінде жазылған болатын. Халық туындысына жататын
«Хроникалардағы» идея мен көркемдік әдіс, орта ғасырлардағы феодалдық заңдар мен серілік қаһармандықтарды масқаралауға ұмтылушылық ұлы жазушыны қатты қызықтырады.
«Хроникалар» атты осы кітаптың «екі жыл ішінде көп таралғандығы соншалық, тіпті, «Інжілдің» өзі де тоғыз жылда мұншалықты таралмаған еді» деп Рабле өз романының кіріспесінде айтқан болатын.
Әзіл, күлкі және нәзік астармен тұмшаланған шығарманың терең мазмұнын аңғару үшін жазушы оны аса ұқыптылықпен оқу керектігін ескертеді. «Кітабымды ашыңыз және онда баяндалған оқиғалар туралы жақсылап ойланыңыз. Сонда ғана түсінесіз… шығарманы оқып болып, мұнда мағынасыз нәрселер баяндалған екен деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ мүлде олай емес...сіз сене беріңіз, оны оқу арқылы батыр, дана боласыз, өйткені менің кітабымда мүлде басқаша рух пен жоғары ділді жандарға ғана түсінікті болатын танымды көресіз, бұл болса сізге біздің діннің, дәл сол сияқты саясатымыз бен тұрмысымыздың да өте қорқынышты құпияларын ашып береді».
Рабленің бұл романы орта ғасырлардағы тұрмысқа, заңдар мен танымдарға, схоластикалық ілімге қарсы ашық сатира ретінде туды. Онда қияли болса да болашақ өмір туралы халықтың арман-тілегі суреттелді.
«Гаргантюа мен Пантагрюэль» бес кітаптан тұрады. Оны жазуға жазушы өмірінің жиырма жылға жуық уақытын жұмсады.
Эпопеяның «Пантагрюэльдің ерліктері туралы үшінші кітабы» 1546 Парижде Франсуа Рабленнің атымен басылып шықты. 1552 жылы эпопеяның «Батыр Пантагрюэльдің ерліктері туралы төртінші кітабы» жарық көрді. Романның соңғы кітабынан үзінді («Дауыс аралы») жазушы қазасынан тоғыз жыл өткен соң, 1562 жылы пайда болды. 1564 жылы ғана «Батыр Пантагрюэльдің ерліктері туралы бесінші, соңғы кітап» жарық көрді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет