Мақсаты: Жануарлар мен өсімдіктер хромосомаларының жиынтығын анықтау.
Құрал-жабдықтар: Бидай мен арпа өсімдігінің тамыр меристемалық жасушаларынан жасалынған уақытша препараттар (анафазалық әдіс). Скерда өсімдігінің тамыр меристемасынан жасалынған уақытша препараттар (метафаза лық әдіс). Микроскоп, иммерсиондық май, қарындаш.
Тапсырмалар:
Оқытушыдан алған тұрақты препаратты микроскоптан қарап, метафазалық пластинканы табыңыз. Үлкейтіп көрсететін объектив арқылы хромосомалардың санын және морфологиясын анықтауға тырысыңыз.
Берілген микросурет бойынша цитогенетикалық талдау жүргізіп, оның қандай организм түрінің кариотипіне жататынын табыңыз.
Хромосомалардың диплоидты санын табу.
Хромосомаларды морфологиясы бойынша топтастыру.
Кариограмма құру және қорытынды жазу.
Тапсырмаға түсініктеме: Хромосома – (грекше «хромо» – бояу, «сома» – дене) клетка ядросын құрамында болатын арнайы бояулармен боялатын дене. 1883 жылы неміс ғалымы В. Вальдейер «хромосома» деген атты ұсынған. Хромосома өсімдік және жануарлар клеткасының даму үдерісін қамтамасыз етеді, тұқым қуалайтын белгілерді, қасиеттерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Хромосомалардың сыртқы пішіні клетканың бөлінуінің метафаза және анафаза кезеңдерінде анық байқалады. Орташа алғанда хромосоманың ұзындығы 0,2 – 3 мкм.
Хромосомалар Хромосомалар –ДНҚ жіпшелерінен және нәруыздан тұратын ядроның аса маңызды бөлігі. Хромосома дегеніміз – ДНҚ-ның жіпшелерінен тұратын созылыңқы тығыз денешік. Хромосоманың құрамында ДНҚ, гистон, қышқыл нәруыз және өте аз мөлшерде РНҚ болады. ДНҚ тұқым қуалау ақпаратын, жасуша және организмнің қызмет етуі мен дамуының бағдарламасын сақтайды. Гистон дегеніміз – хромосомадағы құрылыс қызметін атқаратын нәруыз. Гистондар оң зарядталған негіздік нәруыз болғандықтан, ДНҚ молекуласымен берік байланыс түзеді. Сол себепті олар ДНҚ-ға өзінің жұмысын атқаруға мүмкіндік бермейді. Гистондардың реттегіштік қасиеттері осыған негізделген. Сонымен қатар бұл нәруыздар хромосомалардағы ДНҚ-ның кеңістіктегі ұйымдасуын қамтамасыз етіп, құрылымдық қызмет атқарады. Ол шиыршықталудың (оралымның) күрделенуіне жағдай жасайды.
Хромосомалар жасуша циклінің кезеңі мен фазаларына байланысты құрылысын өзгертіп отырады. Интерфазада негіздік бояулармен боялуларына қарай хроматин деп аталатын ядролық құрылым түзеді. Жасушаның митозға өтуі кезеңінде, әсіресе, метафазада айқын байқалатын жеке денешіктер хромосомалар түріне ауысады. Хроматин (хромосома) шиыршықталған жіпшелерден тұрады. Хроматиннің бірнеше шиыршықталу (спиральдану) деңгейі болады. Хроматиннің ұйымдасуының бірінші деңгейі – нуклеосомдық жіпше. Ол ұзын жіп тәрізді құрылым. Нуклеосомдық жіпше шиыршықталу жолымен, шамамен, 7 есе қысқарып, келесі бір құрылым – элементарлы хроматиндік фибрилланы құрайды. Осыдан соң бұл фибрилланың шиыршықталуы күрделеніп, тағы да 40 есеге қысқарып, интерфазалық хромонеманы түзеді. Одан әрі қарай шиыршықталудың жоғарғы деңгейінде тағы 5 есе қысқарып, метафазалық хроматид пайда болады. Әрбір организм өзіне тән жұп хромосома жиынтығынан (диплоидты жиынтық) тұрады. Ал осы организмдердің жыныс жасушаларында хромосомалар жиынтығы 2 есе аз, яғни жалғыз (гаплоидты) болады. Мысалы, дрозофиладағы хромосома саны – 8, арпада – 14, адамда – 46. Хромосомалық аппарттың кейбір ерекшеліктерін қарастырайық. Біз жоғарыда қарапайым, жай жасушаның диплоидты хромосомалар жиынтығынан тұратынын айтқанбыз. Сонымен, барлық хромосомалар жұп болып топтасқан, ал бір ерекшелігі – аталық жыныстық хромосомалар жұп емес. Жыныстың қалыптасуына жауап беретін бір жұп емес хромосома Y хромосома, ал қалғандарының бәрі Х хромосомалар деп аталады. Жұп хромосомалардың мынадай қызық ерекшелігі бар: әрбір жұптағы бір хромосома міндетті түрде тұқым қуалау ақпартын жүзеге асыруға қатысса, ал осы жұптағы екінші хромосома бүкіл тіршілігі бойында тұқым қуалау ақпартын жүзеге асыруға қатыспайды. Хромосомалар сапасы жағынан әртүрлі болады. Кейбір жұптағы хромосомалар өзінің тұқым қуалау ақпаратын әрқашан жүзеге асырады. Оларды доминантты хромосомалар деп атайды. Керісінше, доминантты хромосомамен жұптасып кездескенде, тұқым қуалау ақпаратын әрдайым жүзеге асырмайтын хромосомалар бар. Олар рецессивті хромосомалар деп аталады. Осыдан келіп, аллельді гендер деген түсінік қалыптасады. Аллельді гендер дегеніміз – жұп хромосомалардың тек біреуімен ғана жүзеге асырылатын гендер. Рецессивті аллельдер тек рецессивті хромосомалар бір жұпқа жұптасқанда ғана байқалады.
Әр хромосома екі хроматидтен тұрады. Центромера хромосоманы екі иыққа бөледі. Хромосомалардың ұштарын теломера дейді. Жарық микроскопы арқылы хромосоманың құрылымын зерттегенде оның жақсы боялатын, күңгірт түсті гетерохроматинді және әлсіз боялатын, ашық түсті эухроматинді бөлімдерін анықтауға болады.
Центромераның хромосомаларда орналасуына байланысты олардың төрт типін көруге болады. Олар:
1. Метацентрлі. 2. Субметацентрлі. 3. Акроцентрлі. 4.Телоцентрлі. Атқаратын қызметіне қарай хромосомалар екіге бөлінеді: Олар – аутосомалар және жынысты хромосомалар. Жынысты хромосомалардың өзара және басқа хромосомалардан айырмашылығы бар. Дене клеткаларында әр хромосом жұп түрінде (2n), ал жыныс клеткаларында гаметада тақ күйінде (1n) болады.
Цитологиялық препараттарды дайындау әдістерімен таныстыру, препараттан суретке түсіру.