6.2. Денсаулық сақтау мекемелері мен тәжірибелік қызметін басқаруда менеждмент ғылымын бір сала ретінде қолдану.
Ұлттық экономиканың барлық саласында жүріп жатқан өзгерістер денсаулық сақтау саласына да барынша әсерін тигізуде. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына қойылып отырған негізгі талап тұрғындардың сапалы және тиімді медициналық көмекке сұранысын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан денсаулық саласының қажетті қорлармен қамтамасыз етілуіне және бар қорларды барынша ұтымды пайдалануға баса көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, бұл саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік қаржылармен қатар, қожалықтар мен жеке азаматтардың қаржысын да дұрыс пайдалану жолдарын қарастыру қажет.
Осындай шаралар бұл салада жаңа медициналық технологияларға өтуге, денсаулық сақтау мекемелерін заманауи қондырғылармен және құралдармен жабдықтауға, тиімді дәрі –дәрмектермен қамтамасыз етуге, дәрігер мамандардың кәсіби біліктігі мен білімін барынша жоғарылатуға жол ашады. Денсаулық сақтау саласындағы қорлардың жетіспеушілігі, бәсекелестікке мүмкіндіктің төмендігі, бюрократиялық тосқауылдар және өзге кедергі келтіретін себептер медицинаның толығынан экономиканың нарықтық жүйесіне өтуін тежеп отыр. Медицина саласының өзіндік ерекшеліктері материалдық өндірісте қол жеткізген шаруашылық қатынастарды емдеу-профилактика ісіне автоматты түрде аудара салуға жол бермейді.
Қазақстан Республикасы экономикасының нарықтық шаруашылық әдісіне көшуіне байланысты, денсаулық сақтау жүйесін басқарудың нарықтық жағдайға бейімделген әдістеріне көшіру қажеттігі туындап отыр. Денсаулық сақтау жүйесін басқарудың ұлттық экономиканың өзге салаларын басқарудан мынандай маңызды айырмашылықтары бар.
Денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойылған мақсаттары өзге салалардың алдына қойған мақсаттарынан мүлдем өзгеше. Мәселе ол мақсаттардың күрделілігінде ғана емес, сонымен қатар оларды өлшеудің өте қиын болуында жатыр. Егер өндірістік салада алынған өнімді сандық көрсеткіштермен бағалауға жағдай болса, денсаулық сақтау жүйесінде сандық көрсеткіштерге сүйене отырып бағалау мүлдем жоқ. Алайда, медицина мекемесінің басшылары мен клиницистер бірінші кезекте қанша адамға медициналық қызмет көрсетілгеніне алаңдамай, көрсетілген көмектің нәтижесі қандай болғандығына баса көңіл бөлуі тиіс.
Әдепкі бизнес-ұйымдарға қарағанда, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына өз қызметкерлерінің жұмысын қадағалау мүмкіндігі шектеулі. Дәрігер мамандар мен медбикелер жұмысында өз бітінше атқаратын қызметтердің қатары өте көп.
Денсаулық сақтау ұйымы кадрларының мамандандырылу деңгейі аса жоғары және кәсіби топтардың бір-бірімен байланыста жұмыс істеу қажеттігі өте биік. Сондықтан, ұйымның алдына қойылған мақсатын шешу ұжым болып қимылдауды талап етеді. Осылайша басшыларға қосымша стресстік жағдайлар мен қиындықтардан өтуге тура келеді.
Денсаулық сақтау мекемелерінің әртүрлі деңгейдегі басшыларындың жұмысында келісім-шартқа отыруға, қызметкерлер жұмысын жаңаша ұйымдастыруға, басқарушылық қызметін бөлісуге, қызметкерлер сұранысының өзгеруіне байланысты шешім қабылдау қажеттілігіне байланысты әртүрлі мәселелер туындайды.
Қазіргі күні басқару саласында арнайы білімі бар мамандар өте аз. Бұл жағдай басқару мен жетекшіліктің барлық деңгейіне тән.
Менеджмент саласында жалпы шарттар мен ғылыми әдістер бар екендігі белгілі. Алайда медицина саласындағы менеджменттің өзіндік ерекшеліктеріне алып келетін себептері бар.
Медицина қызметкерлері әлеуметтік маңызы үлкен міндетті шешумен айналысады. Адамдардың өмірін құтқарып қалу ісімен және денсаулықтарын сақтаумен айналысу, басқару шешімдерін дұрыс қабылдауды талап етеді. Себебі шешім қабылдауда жіберілетін әрбір қателіктің бағасы адамның өмірімен және денсаулығымен есептеледі.
Дәрігерлер мен медицина бикелері өз жұмыстарын атқару барысында тығыз кәсіби байланыста болады. Сонымен қатар, аурулармен, олардың туысқандарымен, медицина саласына жатпайтын секторлардың мамандарымен (полиция, құтқару қызметі, көлік, коммуналдық қызмет және басқа салалар) тығыз қатынаста жұмыс атқарады. Оның барысында:
Медицина қызметкері, әсіресе басшы, кәсіби тұлғалық арақатынаста адамдардың тәрбиелік, интеллектуалды және мәдени айырмашылықтарын, жастық, жыныстық, этникалық, діни ерекшеліктерін есепке ала отырып, дұрыс психологиялық байланыс орната алуы қажет.
Денсаулық сақтау саласындағы күрделілену және технологизация , ақпараттық қысым, медикаменттердің үнемі өзгеруі басшының медицина және басқарушылық саласындағы біліктілігін үнемі арттырып отыруын талап етеді.
Генетика, трансплантология саласындағы жетістіктер, вирустық аурулардың қауіпті дамуы медицина қызметкерлерінің алдына көптеген жаңа және күрделі моральдық-этикалық, әлеуметтік-психологиялық мәселелер қояды, басқарушылық шешімдерді қабылдауға әсерін тигізеді.
Қоғамдағы әлеуметтік келеңсіздіктер емдеу-профилактика мекемелеріндегі жалпы ахуалға өзіндік әсерін тигізеді. Ұжымдағы ауыр психологиялық жағдайға алып келетін себептердің қатарына еңбек ақының медицина қызметкерлері атқаратын жұмыс қауырттылығына, кәсіби қауіпсіздіктің дәрежесіне сай келмеуі, қызметтің қадірінің төмен болуы, әлеуметтік қорғалудың нашарлығы, экономикалық, ұйымдастырушылық, басқару және әлеуметтік-психологиялық элементтер жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |