Ұсақ мөлшерлі, ұзындығы 0,1-15 мм-ге дейін, денесі сегменттелмеген (тек Opliocaridae тұқымдастарында ғана сегменттері сақталып қалған) және
басқа өрмекшітәрізділердей баскеуде және құрсақ бөлімдеріне бөлінбеген, суда, топырақ арасында, жер бетінде өз бетімен тіршілік етеді, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің паразиттері болып келеді.
Хелицералары мен педипальпалары (тұмсықша немесе гнатосома деп аталатын) дененің алдыңғы бөлімінде орналасқан (126-сурет). Хелицералардың ұшында иілген, хитинделген тырнақшалары көп. Хелицералар созылуға және жиырылуға қабілетті. Түрі өзгерген педипальпалары гипостоманың және пальпаның жағасына айналған, 6 бунақты. Вентральды жағынан тікенектермен қапталған өсіндісі
-хелицералармен бірге шаншып соратын аппаратын құрайды. Жырткыш кенелердің хелицералары қысқышқа айналып, кеміргіш-сорғыш ауыз аппаратын түзейді. Паразиттік тіршілік ететін түрлерінде ауыз аппараты - тесіп-сорғыш.
сурет. Қарақұрт-Latrodectus tredecimguttatus, жоғарыда аналығы мен аталығы, төменде пілләсін қорғап тұрған аналығы
Тыныс алу мүшелері - трахеялар, кейбіреулерінде газ алмасуы жұқа сыртқы жабыны арқылы жүреді. Кенелер дара жыныстылар. Кейбір түрлерінің аталығы аналығынан біршама ерекше, яғни жыныс диморфизмі бар. Мысалы, өрмекші кенелердің аталықтары аналықтарынан ұсақ және денесі жіңішке болады. Көбісі жұмыртқа салушылар, тірілей туатын түрлері де бар.
Кенелердің дамуында жұмыртқа, личинка, нимфа және ересек сатылары бар. Личинкаларында жүру аяқтарының төртінші жұбы болмайды, яғни олар үш жұп жүргіш аяқтарымен ерекше және тыныс алу, жыныс тесіктері болмайды. Келесі сатысы нимфа. Онда 4 жұп аяғы мен тыныс алу тесіктері бар, ересек түріне ұқсас, тек жыныс мүшесі толық, дамымаған. Нимфалық жасы 1-3-кедейін. Оларды протонимфа, дейтонимфа және тритонимфа деп атайды. Нимфалық жасында тыныштық сатысы - гипосусы (hypopus) болуы мүмкін.
сурет. Иксода кенесі-Jxodes persulcatus: A - аталығы және Б - аналығы (арқа жағынан); В - аталығы және Г - аналығы (құрсақ жағынан); 1 - тұмсықша немесе гнатосома, 2 - дорсальды қалқаны, 3 - стигма, 4 - аналық жыныс тесігі, 5 - аналь тесігі
300-ге жуық, тұқымдастары және 20000-ға жуық түрі бар. Өте кең тараған.
Кенелердің арасында құрлықта және суда (мысалы, Hydrachna cruenta), еркін өмір сүретін және паразиттік тіршілік ететіндері бар, сондай-ақ топырақ арасында, кейбір түрлері ұнда, ірімшік, құрғақ жемістерде (Tyroglyphus, Aleurobius) және т. б. жерлерде өмір сүреді.
Ұн кенелері тұқымдасы - Tyroglyphidae, ұзындығы 0,5-1 мм, сопақша, жылтыр түсті. Астық, ұн сақталатын қоймаларда жиі кездесіп көп зиян келтіреді (қойма кенесі деп те аталады). Астық пен ұнды зақымдағанда оларды қоңыр ұнтаққа айналдырып және иісі шіріген заттың иісіндей,
қышқыл дәмі пайда болады. Күн сайын аналығы 3-4 (кейде 60-қа дейін) жұмыртқа салады. Аса қауіпті түрлері: ұн кенесі - Acarus siro (124-сурет), ұзынша кене - Tyrophagus putuscentiae. Kүpecy шаралары: астықты немесе ұнды салқындатып, ылғалдылығын кемітіп, қоймада ауаның құрғақ болуына жағдай жасау қажет.
Ұн кенесі табиғи жағдайда орман төсеніші, құс ұясы, кеміргіштердің іні сияқты орындарда мекендейді.
Өрмекші кенелер тұқымдасы - Tetranychidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, қоңыр, ашық-қызыл түсті. Өрмек жібін шығарады. Өсімдіктердің жапырағын өрмек жібімен шырмап колония құрып тіршілік етеді. Қауіпті зиянкестері: кәдімгі өрмекші кене - Tetranychus urtica (124-сурет), жемістің қызыл кенесі - Panonychus ulmi, бактың өрмекші кенесі - Schyzotetranychus pruni.
Сауытты кенелер тұқымдасы - Oribatidae, ұзындығы 0,2-1,5 мм, топырақта тіршілік ететін кенелер, топырақ түзілу процесінде үлкен роль атқарады. Негізгі туыстары - Oribatula, Zygoribatula.
Су кенелері - Hydrachnellidae, ұзындығы 0,3-0,5 мм, денесі дөңгелек, ашық түсті. Жыртқыштар, ұсақ су жәндіктерімен қоректенеді. Личинкалары судағы насекомдардың паразиттері.
Кенелердің көбісі адамның, жануарлардың және өсімдіктердің паразиттері. Ең қауіпті тұқымдастары: Ixodidae, Aigasidae, Larcoptidae, Demodicidae, Gamasidae.
Иксодалық кенелер - Ixodidae, ұзындығы 1-10 мм, қанға тойғандарының мөлшері 15-20 мм-ге дейін.
Денесі сегментгелмеген. Аналықтарының арқа жағында қысқа, аталықтарында ұзын, денесін жауып тұратын қалқаны болады (126-сурет).
Иксодалық кенелер бруцеллез, туляремия, пироплазмоз, қайталама сүзек, энцефалит, чума ауруларын таратушылар. Олар аурулардың қоздырғыштарын (спирохеталарды, бактерияларды, вирустарды) кемірушілерден, насеком қоректілерден, құстардан, жабайы жануарлардан өздеріне жұқтырып алып, бірнеше жыл бойы сақтап, адамды шаққаңда адамға жұқтырады. Адам мен малдар көп зиян шегеді.
Иксодалық кенелердің личинкалары ұсақ омыртқалы жануарлардың (кесірткелердің, құстардың, сүтқоректілердің) қанын сорады, ал нимфалары ірілерге шабуыл жасайды (қояндарға, тиіндерге, борша тышқандарға). Ересек түрлері адамның, ірі жануарлардың қанын сорады. Ең қауіпті өкілдері Ixodes persulcatus және I.ricinus көктем - жаз кене энцефалит ауруларын таратушылар. Табиғатта энцефалит вирусы ала тышқанда, кірпіде, cұp тышқанда, көр тышқанда және құстарда кездеседі.
Dermacentor pictus және Hyalomma туысының өкілдері туляремия, энцефалит, қырым геморрагиялық ауруларын таратушылары.
Ауру тудыратын бактерияларды, вирустарды бір жануардан екінші жануарға таратушылар жұқтырады. Таратушылар қызметін кенелер, масалар, битгер, бүргелер, шіркейлер атқарады. Тасымалдаушылар арқылы тарайтын ауруларды трансмиссивті аурулар деп атайды. Оны 1936 жылы Е. Н. Павловский ашқан. Трансмиссивті аурулар қатарына кене энцефалиті, қырым
қанды безгегі, бөртпе сүзек т. б. жатады.
Энцефалит, қырым геморрагиялық аурулардың табиғи ошақтары Қазақстанда - Алматы, Шығыс-Қазақстандағы орман даласы мен тау бөктеріңде кездеседі.
Аргазид кенелері - Aigasidae, ұзындығы 2-13 мм, адамның және омыртқалы жануарлардың паразиттері және ауру (спирохетоздарды кене қайталама сүзекті) таратушылары. Негізгі өкілдері Ornithodoms papillipes адамға, Argas persicus құстарға шабуыл жасайды.
Саркоптид кенелері немесе қышыма қотыр кенелері - Sarcoptidae, ұзындығы 0,1 -0,3 мм, адамның және жануарлардың терісінің астында тіршілік етіп, қышыма ауруына шалдықтырады. Негізгі өкілі қышыма кенесі
Sarcoptes scabiei (127-сурет). Ұрықтанған аналығы адамның тері қабатына өтіп, ұзындығы 3 мм-ден 2 см-ге дейін қуыс жол жасап, соған жұмыртқаларын салады. Личинкалары нимфаға айналып, теріні тесіп, бетіне шығады да, сол жерде қоректеніп, ересек түріне айналады. Ауру адамда қышыма пайда болып, денесі бөрітіп, қотыр болып, тері қабынады. Қышыма- қотыр ауру адамнан сау адамға жұғады.
Демодицид кенелері - Demodicidae, ұзындығы 0,1-0,7 мм, денесі ұзарған, адамның май бездерінде, терінің астында паразиттік тіршілік етеді, теріні қабындырып, беттің безеулігін қоздырады. Негізгі өкілі - безеу кенесі - Demodex folliculorum (127-сурет).
Бұзғынша кенелер - Tetrapodidae, ұзындығы 0,1-0,6 мм, денесі құрт тәрізді, қалқаншамен жабылған алдыңғы және ұзарған артқы бөлімнен тұрады. 1500-ге жуық түрі бар. Өсімдіктердің шырынымен қоректеніп, бұзғыншаның пайда болуына әкеліп соғады (атауы осыдан). Көпшілігі ауылшаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері, өсімдіктің вирус ауруларының қоздырғыштарын тасымалдаушылар - бидай жолақ, мозаикасын, сарымсақ мозаикасын.
Гамазид кенелері - Gamosidae, ұзындығы 0,2-2 мм, 4000 түрі бар. Еркін тіршілік ететін және паразитті формалары да бар. Топырақта, орман төсенішінде тіршілік ететін жыртқыштар, ұсақ омырткасыздармен қоректенеді. Көптеген түрлері омыртқалылардың эктопаразиттері, қанмен қоректенеді. Мысалы, тышқан кенесі (Allodermanyssus sanguieneus). Кейбіреулері инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушылар. Жыртқыш түрлерін өсімдік қоректі кенелермен күресуде қолданады.
сурет. Кенелер адам паразиті: А - қышыма кенесі - Sarcoptes scabiei, аналығы (құрсақ жағынан); Б - безеу кенесі - Demodex folliculorum
Достарыңызбен бөлісу: |