17 – лекция. 1 сағат. Қазақстан және ЕҚЫҰ. 1. Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен (ЕҚЫҰ) саяси ынтымақтастығы.
2. Қазақстан үшін ҚР ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалығы туралы шешімнің маңызы.
1. Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен (ЕҚЫҰ) саяси ынтымақтастығы. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) – қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ең ірі өңірлік ұйым. Ол бүгінде Солтүстік Америкада, Еуропада, Орталық Азияда миллиардтан астам адам өмір сүріп жатқан 56 мемлекеттің басын қосып отыр. Бұл ұйымға қатысушы мемлекеттерді ортақ құндылықтар, ортақ мақсаттар мен ортақ міндеттер біріктіреді, бәрінен бұрын – осы өңірді анағұрлым қауіпсіз, анағұрлым өркендеген өңірге айналдыруға деген ұмтылыс біріктіреді. ЕҚЫҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, адамның негізгі бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерге арқа сүйейді. Қауіпсіздік айқындамасы ретінде шекаралардың қорғалуы, әскери қатердің төндірілмеуі, саяси және экономикалық тұрақтылық, адам құқықтарының сақталуы, қоршаған ортаны қорғау алдымен қарастырылады. Бұл ұйымның қауіпсіздік және қақтығыстардың алдын алу мәселелеріне кешенді көзқарасы жер-жердегі құрылымдар мен институттардың тиімді жүйесіне негізделген.
Жалпы, ЕҚЫҰ-ның басты құралы – саяси диалог. 1996 жылғы Лиссабон, 1999 жылғы Ыстамбұл саммиттерінде қабылданған «ХХІ ғасырдағы Еуропа үшін жалпы және толық қауіпсіздік моделі» мен Еуропа қауіпсіздігінің хартиясы осындай жолмен қабылданған. Негізінде, ЕҚЫҰ-ның басты ерекшеліктерінің бірі оның шешімдерінің қашанда тек консенсус арқылы, яғни бірауыздылық жағдайында ғана қабылданатындығында. Осының өзімен-ақ бұл ұйымға мүше елдердің шын мәнінде мәртебе теңдігі көрсетіліп тұрады.
ЕҚЫҰ-ның басты органы – Жоғары деңгейдегі кездесу, негізгі жетекші органы – Сыртқы істер министрлерінің кеңесі. Кеңес мәжілістері жылына бір рет, әр Төрағаның өкілеттілігі аяқталар тұста өткізіледі. ЕҚЫҰ-ның жұмыс органы – Тұрақты Кеңес. Ол ұйымның ағымдағы қызметіне жауап береді. Оның жұмысына Төрағаның өкілі жетекшілік жасайды. Төрағаның өкілі сол елдің Сыртқы істер министрі болады. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форумның мәжілістері Хофбургте апта сайын өтеді. ЕҚЫҰ-ның біраз құрылымдары өзге елдерде. Дипломаттар тілінде Прага Форумы деп аталатын Экономикалық және экоглогиялық форумның мәжілістері жылына екі рет – жыл басында Венада, жыл ортасында Прагада өткізіледі. Парламенттік Ассамблея хатшылығы Копенгагенде орналасқан.
ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысын Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 3 жыл мерзімге сайлайды. Мұның сыртында Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (БДИПЧ), БАҚ еркіндігі жөніндегі өкіл сияқты қызметтер, Венадағы Штаб-пәтерде орналасқан Хатшылық бар. ЕҚЫҰ-да 3500 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі (2800 адам) 19 миссия мен жер-жердегі іс-шараларда қызмет етеді. 2006 жылы ЕҚЫҰ бюджеті 163 миллион еуроны құрады, оның 72 жүздейі жер-жердегі іс-шараларға жұмсалған. ЕҚЫҰ-ға өз еркімен көмек көрсетушілердің көптігі де назар аударарлық: 2006 жылы мұндай көмектің көлемі 25 миллион еуроға жетіпті.
Түрлі халықаралық қауіпсіздік құрылымдарымен тығыз байланыс орнату және ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының көп векторлық және теңгерімділік принциптерімен үндеседі, сондай-ақ оның ұлттық қауіпсіздігін нығайту мүдделеріне жауап береді. Еуропалық бағытта, бұл, ең алдымен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) және Солтүстік Атлантикалық Шарт Одағы (НАТО).