Байланысты: толеранттықты қалыптастыру бірімізді біріміз түсінуді үйренеміз
Кіріспе Толеранттық қазіргі әлемнің әлеуметтік құндылығы есебінде бағаланып
отыр. 1996 жылы Бас Ассамблея БҰҰ-на мүше мемлекеттерге 16 қарашаны
Халықаралық толеранттық күні ретінде атап өтуді ұсынды.
Толеранттықтың табиғатының күрделілігі сондай, бұл оның әртүрлі
көріністері болатынын ескеруді қажет етеді. Ол қоғамдық қарым-
қатынастардың барлық салаларына – жеке адамдар арасындағы қарым-
қатынастан бастап мемлекетаралық қарым-қатынасқа дейінгі деңгейде орын
алады. Толеранттық проблемасы негізінен әлеуметтік құрылымдары этникалық
мәдениет пен діни конфессиялардың көптүрлілігімен сипатталатын
қоғамдастықтарда көрініс табады.
Заманауи қазақстандық қоғам – көпұлтты және көпконфессиялы социум.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында жергілікті этноспен қатар 140-тан
астам этностар мен этностық топтар, 40-тан астам түрлі діни конфессия
өкілдері тұрып жатыр. Республика территориясында тарихи қалыптасқан
ұлттар мен конфессиялардың барлығына лайықты түрде құрметпен
қарамайынша мұндай қоғамның тиімді дамуы тіпті мүмкін емес, ол ҚР
Конституциясымен бекітілген. Бұл құқықты сақтау, яғни заң алдында діни
нанымдар мен ұлттардың барлығының құқық теңдігін қамтамасыз ету –
өскелең ұрпақ бойында конфессияаралық және ұлтаралық толеранттықты
қалыптастыру міндетін шешумен тығыз байланысты. Оны шешу сапасы тұтас
алғанда қазақстандық қоғамның таяу арадағы жай-күйін анықтайтын болады,
сол себепті қазіргі көпұлтты қазақстандық қоғам елдегі оқу орындарының
алдына басым міндеттердің бірі ретінде өскелең ұрпақта конфессияаралық және
ұлтаралық толеранттықты қалыптастыру міндетін қойып отыр.
Этносаралық толеранттықты қамтамасыз етуге бағытталған осындай
ұлттық саясатты іске асыру үшін 1995 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың
бастамасымен мемлекеттік саясат жүйесінің сәйкес элементі ретінде Қазақстан
халқы Ассамблеясы құрылды (бұдан әрі – Ассамблея).
Толерантты тұлғаны қалыптастырудың және дамытудың өзектілігі қазіргі
кезде арта түсуде, себебі қазіргі мектеп оқушыға көпұлтты әлемде оңды бағдар
береді және оларда ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін дамытады.
Осыған орай әдістемелік ұсыныстардың бірінші тарауында, қоғамның
біртұтастығын арттырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі
көрсетілген, екінші тарауында, толеранттық ұғымының мәні ашылып,
оқушыларда толеранттықты қалыптастырудың тұжырымдамалық негіздері
айқындалған, үшінші тарауында, мектептің тәрбие жүйесінде оқушыларда
толеранттықты қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар берілген.