2-ші саты. Ойлану Бұл жерде ойлану автордың көзқарасы емес, өз көзқарастарыңызды тексеруді меңзейді.
2-ші сатыдағы әрекет – көтеріліп жатқан мәселе туралы терең ойлаңыз, автордың ойын өз ойыңызбен салыстырыңыз, қарама-қарсы көзқарастарды қарап шығыңыз. Бір сөзбен айтқанда, ойлану мақсаты – қорытындыларды шығару.
3-ші саты. Оқу Егер сіз алдын ала кітапты немесе мақаланы сапалы қарап шықсаңыз (1-ші сатыда), онда бұл қадамыңыз салыстырмалы түрде жеңіл болады. Сіз автордың не айтқаны туралы хабардарсыз, ұсынылған фактілердің түрін және санын білесіз, сонымен қатар автор идеяларының бірізділігін түсінесіз. Ендігі сіздің мақсатыңыз – өз түсінігіңізді нақтылау және тереңдету. Мүмкіндік болса, шығарманы толығымен оқып шығыңыз. Ең маңызды сөйлемдерді сызып отыру үшін әрдайым қол астыңызда қалам немесе қарындаш болсын. Бірнеше абзацтан ең негізгі бір сөйлемді сызуға әрекеттеніңіз. Қажетті жерде өз сұрақтарыңыз бен ой-толғаныстарыңызды қосып отырыңыз (қызыл жолда).
Егер оқып жатқаныңыз кітап немесе ұзақ мақала болса, онда оқығаныңызды конспектілеуге болады. Мұны жасау үшін, сіз маңызды деп белгілеген сөйлемдерді қайта оқып шығыңыз. Автор ойын бұзбастан, сіз қанша сөйлемдерді біріктіре алатыныңызды ойластырыңыз. Сосын өз конспектіңізді жазыңыз. Автор ұсынған фактілерді өз сөзіңізбен қысқа жеткізіңіз. Бірақ конспектілеп жатқаныңызда, автор ойын өзгертпеңіз, аса қысқартып жібермеңіз.
Сіздің конспектілеуіңіз сапалы болса, онда сізде автор жұмысының қысқа нұсқасы пайда болуы керек, мұнда мазмұны сақталады, бірақ бұл нұсқаны талдауға әлдеқайда жеңіл болады. Мұндай әдіспен бір кітаптың мазмұнын бірнеше абзацпен, ал мақаланың мазмұнын 7-8 сөйлеммен жеткізуге болады.
4-ші саты. Бағалау Автордың негізгі идеяларын түсіну және әрбір идея бойынша ұсынған фактілерді нақтылау үшін өз конспектіңізді мұқият оқып шығыңыз. Содан соң келесі сұрақтарға жауап беріңіз. Ескерту. Кейбір сұрақтар конспетті ғана емес, шығарманың өзін қайта қарап шығуды талап етеді. Мұндай жағдайда конспект қай тарау немесе қай бөлімге қарауыңызды анықтауға көмектеседі.
Автор түсініксіз немесе екі мағыналы ұғымдарды пайдаланбаған ба? Мұндай жағдайларда сіз ұғымның қай мағынада қолданылып жатқанын анықтауыңыз керек.
Автор пайдаланған фактілер қарастырылып жатқан мәселеге қатысы бар ма? Фактілердің мәселеге қатысы жоқ болса, онда оларды қарастырудың да қажеті жоқ.
Егер автор ғылыми зерттеуге сүйеніп жатса, ол зерттеу қайта тексерілген бе? Ол зерттеуді қандай ұйым жасақтап, өткізген? Ғылыми қоғамдастықтың талабы бойынша әрбір зерттеушінің қорытындылары тәуелсіз зерттеушілермен қайта тексерілуі керек. Бұл орынды талап, өйткені кейбір зерттеулер жалған болып шығады.
Автор заманауи ақпарат көздеріне сүйенген бе? Ескі көзқарастар дұрыс емес деп айта алмаймыз. Дегенмен, кейбір соңғы қорытындылар алдыңғы ұғымдарды жоққа шығаруы мүмкін.
Автор жүгінген эксперттер қаншалықты беделді және сенімді? Баршаға танымал адамды айтылып жатқан мәселеде беделді деп айта алмаймыз. Мысалы, физикадан Нобель сыйлығы лауреатының психологияда немесе мемлекеттік басқаруда мүлдем құзыреттілігі жоқ болуы мүмкін. Немесе автор жүгінген адамның осы салада беделі бар болса да, егер осыған дейін оның беделіне күмән туғызылса, оның көзқарастарын қайта қарастыру қажет.
Автор жүгінген экспертті басқа эксперттер қолдайды ма? Кей-кезде автор жүгінген эксперттерді экперттердің көпшілігі қолдамайды, сондықтан мұны анықтау үшін шағын зерттеу жүргізген дұрыс.
Осы кітап немесе мақала бойынша басқа ұстанымды қолдайтын адам қандай сыни ескертулер мен қарсы пікірлерді келтіреді? Даулы мәселенің кемшіліктерін білу үшін қарсы беттің комментарийін да білген жөн.
Логикада автор ешқандай қателер жібермеген бе? Мысалы, автор тексерілмеген фактілерді ұсынып жатқан жоқ па?
Жоғарыда сипатталған стратегиялар оқушылардың оқығанын ой елегінен өткізіп, мәтінді терең түсіне білу қабілетін, логикалық ойлау қабілеттерін, қажетті ақпаратты іздеу, табу және интерпретациялау қабілеттерін дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.