Өзбек филологиясы факультеті түркi филологиясы кафедрасы



Pdf көрінісі
бет4/11
Дата14.02.2017
өлшемі0,83 Mb.
#4135
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

                        Сұрақтар мен тапсырмалар 
 
1.  Жаяу Мұсаның Шорман балаларымен жауласу себептері неде? 
2.  Жаяу Мұсаның əншілік өнерінің бастаулары қайдан алынған? 
3.  Татар,  орыс  əндері  əсерінің  Жаяу  əндерінде  ұшырасу  себебі     
неліктен? 
4.  Жаяудың өлеңдерінде əлеуметтік теңсіздік қалайша суреттелген? 
 
 
                     
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
39
БАЛУАН ШОЛАҚ БАЙМУРЗИН 
(1864-1919) 
 
                            ЖОСПАР: 
1.  Балуан Шолақтың өмірінен мəлімет. 
2.  Балуан Шолақтың балуандық (цирк өнері) өнері. 
3.  Балуан Шолақтың қуғындалуы, Жетісу сапары. 
4.  Балуан Шолақтың əншілік өнері. 
5.  Балуан Шолақ өлеңдеріндегі əлеуметтік теңсіздік мəселесі. 
6.  Балуан Шолақтың жастық, ғашықтық тақырыбындағы өлеңдері. 
 
 
                           Əдебиеттер: 
1.  Бес ғасыр жырлайды.Алматы, 1993ж. 
2.  Б.Кенжебаев XX ғасырдағы қазақ əдебиеті. 1994ж. 
3.  А.Жұбанов Замана бұлбұлдары, 1990ж. 
4. С.Мұқанов « Балуан Шолақ» шығармалары 5-том. 
 
 
Балуан  Шолақ - XIX ғасырдың  аяғы  мен  XX ғасырдың  басында 
жасаған  ақын.  Ал  оның  творчествосының  қалыптасуы XX ғасырдың 
басында..  Осы  тарихи  дəуірде  Балуан  Шолақ  езілген  қазақ 
шаруаларының  қалың  ортасынан  шығып,  шаруалар  мүддесін  қорғады, 
сөйтіп өз творчествосында халықтық-демократиялық бағыт ұстады. 
Балуан Шолақ 1864 қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, 
Қайрақты  деген  жерде  туған.  Арғы  түбі  Ұлы  жүз,  оның  ішінде  Үйсін. 
Бірақ  Балуан  Шолақ  жастайынан  Көкшетау  маңындағы  елде  өсіп  ер 
жетеді. Əкесі Баймырза өзінің үй тұрмысын ғана білгең момын шаруа да, 
шешесі қайратты адам болған деседі. Шолақтың шын аты-Нұрмағамбет. 
Бір  жасқа  жетер  жетпесте  оң  жақ  қолының  саусақтары  отқа  күйіп 
«Шолақ» атанып кетеді. Ақынның өзі де: 
Атандым мен жасымнан Балуан Шолақ 
Оң қолым отқа күйіп болдым-олақ,-дейді. 
Шолақпен  бірге  туған  Тəуекел  деген  інісі  болады,  ал  Шолақтың 
өзінен  Изажар,  Құдайберген  деген  екі  ұлы  мен  Бəтен  дейтін  қызы 
болады. 
Нұрмағамбет  əкесінен  ерте  жетім  қалып,  бірыңғай  шеше 
тəрбиесінде  өседі,  өзінің  пысықтығы  арқасында  жетімдік  көрмейді. 
Күресте  көзге  түсіп,  жасынан  балуан  атанумен  қатар,  оның  бойында 
əсем  əншілік,  композиторлық  жəне  ат  үстінде  ойнарлық  спорттық  мəні 
бар, сан қилы өнерлері болады. 
Сондай-ақ қол өнерінің де талай түрлерімен айналысады. Шолақты 
көргендердің  сөзіне  қарағанда  халық-азаттық  көтерілісі  кезінде 
көтерілісшілер жағында болып, оны қолдай отырады.  

 
40
Балуан  Шолақтың  творчествосы  негізінен  əн  текстері  мен 
əуендерден  тұрады.  Бұл  ерекшелік  əншілік  дəстүрді  ұстаған  əнші-
ақындардың бəріне ортақ қасиет. Демек, Балуан Шолақ та қазақ əдебиеті 
мен  музыка  өнерінің  даму  тарихынан  келелі  орын  алатын  ақын-
композитор.  Оның  «Ғалия», «Құлан  кісінес», «Діңкілдек», «Ыңғайкөк», 
«Желіп-желіп», «Сентябрь», «Қынжыл», «Балуан  Шолақ»  деп  аталатын 
бірнеше əндері бар. 
Шолақтың  əдеби  мұрасы  əлі  толық  жиналмай  келеді.  Ол  өмір 
бойына  ел  аралап,  əн  салып,  түрлі  ойын  көрсетіп,  серілік  құрып  еткен 
адам.  Шолақ  творчествосы  жайлы  А.Жұбанов  пен  Е.Ысмайыловтардың 
бірен-саран жазғандарынан басқа мардымды ештеңе жоқ. 
Балуан  Шолақ  тоғыз  жасынан  бастап  əн  салған,  ақындық-
композиторлықпен айналысып, жиын тойда көзге түсе бастаған. Сондай-
ақ  оның  ақындықпен  қатар  балуандықты  да  бастағаны  аңғарылады.  Бір 
өлеңінде Шолақ: 
Мен өзім он жасымнан зор-ақ едім, 
Намаз бен оразаға олақ едім,-дейді. 
Мұнан  Шолақтың  жас  шағынан-ақ  балуандыққа  лайық  мүше 
бітісінің де ерекше болғаны жəне дінді ұстауға мəн бермегені көрінеді. 
Бір тойда керей паң Нұрмағамбеттің балуаны болмай, Шолақ түседі. 
Күреске  шыққанның  бəрін  қирата  жеңеді.  Бірақ  өзімен  аттас  болғанын 
жақтырмай  паң  Нұрмағамбет  «сенің  атың  бұдан  былай  Балуан  Шолақ 
болсын»  депті.  Сонымен  қатар,  Балуан  Шолақ  қол  өнерін  де  шебер 
меңгереді. Етікші, ағаш шебері, пешті де жақсы салатын болған. 
Оның: 
 «Нұрмағамбет атандым Баймырзаұлы 
Жасымнан əрбір іске болдым қырлы»-деуі де осыдан. 
Ол Біржан салдың қасына еріп, ұстаз алдын көріп, жастайынан үлгі 
өнеге  алады.  Ақанның,  Жаяу  Мұсаның  т.б.  көптеген  əнші-акындардың 
шығармаларымен танысады. Шолақтың: 
Жасымнан мен жақсыға жақын жүрмін, 
Дария, шалқар көлдей тасып жүрмін, -деуі Біржан, Ақан сияқты ірі 
өнер  иелерімен  араласып,  олардан  үлгі-өнеге  алып  өскендігіне 
байланысты  айтылған.  Шолақ  сөйлесе-əсерлі  сөйлейтін,  елдің  ерекше 
сүйіктісіне айналады. 
Балуанның: 
 Үш жүзге  атым шықты Балуан Шолақ , 
Денеме  тегіс  біткен  күш  пенен  бақ,-  деп  шырқауы  оның  халық 
құрметіне  бөленгендігіне  білдірген  ризалығы  еді.  Осылайша  халықтың 
сүйікті ұлы ерекше бір өнер иесі болып, ел аралайды. Серілік құрады. Өз 
өнеріне  лайық  ерекше  киініп,  жақсы  ат  мініп,  қасына  бір  топ  жігіттер 
ертеді. 
Балуанның  əдеби  мұрасының  негізі-  əн  текстері.  Қазақ  əдебиетінің 
даму  тарихына  оның  қосқан  негізгі  үлесі  де,  осы  əн  текстеріне  қарай 

 
41
бағаланады.  Шолақтың  əн  текстері  оның  əуендеріндей  күшті-жігерге, 
мойымас қайратқа құрылған өлеңдер болып келеді. 
Тақырып  жағынан  алғанда,  Шолақ  творчествосы,  негізінде,  екі-үш 
тақырыптың төңірегінде құрылған. Оның біріншісі-өзінің күш қайратын 
суреттеуі.  Бұл  тақырып  Шолақ  өлеңдерінің  көпшілігінің  лейтмотиві 
болып келеді. 
Шолақ      творчествосындағы  екінші  тақырып  өзінің  дарашылдық 
күресі  жайында.  Бұл  Шолақ  творчествосындағы  ең  негізгі  тақырып, 
өйткені Шолақтың əн текстерінің көпшілігі, сол секілді көлемді өлеңдері 
де осы тақырыпқа арналған. 
Алайда,  Шолақтың  наразылығынан  туған  күресі  əлеуметтік  сипат 
ала  алмайды,  мұны  оның  өз  басынан  кешкен  оқиғаларға  құрылған 
көлемді  өлеңдерінен  айқын  көреміз.  Автор  бұл  өлеңдерінде  көбінесе 
өзінің  ерлік  əрекеттерін  суреттейді.  Бірақ  мұндағы  Шолақтың  ерлігі 
ауыл арасындағы барымташы жігіттің пысықтығынан аса алмайды. 
Сексен өгіздің барымтасы əшкереленіп, көзсіз балуан лажсыз қолға 
түседі,  ұзақ  тергеуден  кейін  Ақмолаға  жөнелтіледі.  Өзінің  Ақмолада 
жүрген кезін Балуан былай баяндайды. 
Мен Шолақ он жасымнан болдым баяу, 
Қаңғырып Қараөткелде жүрдім жаяу. 
Жаласы сексен өгіз маған ауып, 
Алдында жалғыз оқтың тұрдым таяу. 
Қамалып орыс қазақ тұрса дағы, 
Қайтпаған бұл бетінен мені қой-ау. 
Шолақты қуғындаған тек патша чиновниктері ғана емес, жергілікті 
қазақтың бай феодалдары, болыс-билері де оның үстінен жалған шағым 
жазып,  қайта-қайта  ұлыққа  көрсете  берген.  Тіпті  тек  Көкшетау, 
Акмоланың  əкімдері  ғана  емес,  Шолақ  ағайынсырап  Жетісу  өлкесіне 
барған сапарында Мойынқұмның болыс-билері де қашқын деп көрсетіп, 
ұлыққа шағым түсіреді. 
Бұған Шолақтың Жетісуды аралап, қайтып бара жатып айтқан өлеңі 
куə. 
Сəлем айт, Мойынқұмның болысына, 
Əдейілеп, білдіріпті орысына 
… Осыдан қайта айналып келе қалсам, 
Шіркінді қондырар ем қонысына. 
Арқада еркін өскен ардагерді, 
Балапты Мойынқұмның ұрысына. 
Қазақ  əкімдері  мен  патша  ұлықтары  «Шолақ  кісі  өлтірді,  ұрлық 
істеді жəне патшаға қарсы адам» деп жала жауып, мировой судьяға жеті 
жылға каторгаға жіберілуге үкім де шығартады. 
Бұл жөнінде Шолақтың ел аузында мынадай өлеңдері де бар. 
Бойыма күш біткенге еттім шүкір, 
Қажысам абақтыда бетке түкір. 
Темірін екі итеріп тартқанымда, 

 
42
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір. 
Бұдан  əрі  Балуан  түрмені  жəне  атқора  қақпасын  бұзып,  өзінің 
Ақбозымен  бірге  мировой  судьяның  жорғасын  қоса  шығарып  алып 
кетеді де, орнына мынадай хат жазып қалдырады. 
Түрмеде алты күн-ақ болдым қонақ, 
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ. 
Жорға мен ақбоз атты алып кеткен, 
Сұрасаң менің атым Балуан Шолақ. 
Сөйтіп  өр  кеуделі  Балуан  қамаудан  өзінің  күш-қайраты  арқасында 
құтылады. Алып күш иесі Балуан Шолақ қанша қиындық көрсе де қабақ 
шытпайды,  қажымайды,  əкім-ұлықтардан  жасқанудың  орнына  оларға 
өршелене қарсы тұрады. 
                Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан, 
                Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан. 
                Анталаған сан дұшпан қамаса да, 
                Сырдың  суы  келмейді  жұлығымнан,-  деп  бойындағы 
қажымас  қайратын,  мұқалмас  сертін  тағы  бір  мəрте  таныта  түседі,  Осы 
бір  ұзақ  өлеңінде  Балуан  өзінің  жүйрігі,  жандай  серігі  болған  Ақбоз 
атының да бейнесін береді. 
                 Ақбоз ат, айналайын  менің қалқам, 
                 Сен үшін талай тасты қылдым талқан. 
                 Жылқыны неге керек босқа мақтап, 
                 Атты айт мінген ерін жүрген сақтап. 
                 Домалап өрге қарай тепкен тасым, 
                 Жасымнан тіл үйренген тұлпарым ай, 
                 Көзімнің тия алмадым аққан жасын. 
Махаббат  тақырыбы  да  Шолақ  творчествосынан  кең  орын  алады. 
Əуенсіз  жеке  өлеңдерін  есептемегеннің  өзінде,  сүйіспеншілік  жайында: 
«Қос  қалқа», «Қос  перне», «Жастық»,  «Қынжыл», «Келмейді  топ 
жиылмай менің сəнім» т.б. бірнеше əн-өлеңдері бар.  
Шолақтың  махаббат  тақырыбына  арналған  əндерінің  ішінде    ел 
арасында кеңінен тарағаны-Ғалия əні. Шолақ өгіз дауымен сотты болып, 
Ақмола  қаласында  тергеуде  жүргенде  Ғалия  дейтін  қымызшы  сұлу 
əйелмен  танысып,  соған  арнап  əн  шығарады.  Шолақ  Ғалияны  қанша 
сүйгенімен  оған  қосыла  алмайды,  өйткені  бұл  кезде  Шолақтың  жігіт 
ағасы, үйлі-баранды болып қалған шағы еді. «Ғалия» əні автордың ішкі 
жүрек  сезімдерін  баяндайтын  нəзік  лирика.  Ақынның  басқа  əндеріне 
қарағанда «Ғалияда» көңіл күйі басым болып, үмітпен ынтыққан, еркелі 
наз  баяндалады.  Нəзік  жүректі  ақын  Ғалияны  құлай  сүйгендіктен,  оны 
өмір  бойы  көңілінен  шығармай,  əр  кезде  əр  мазмұндағы  қатарларды  əн 
тексіне қоса берген. Сөйтіп Ғалияға деген өзінің айнымас жүрегін, нəзік 
сезімін  мəңгілік  өшпес  отқа  айналдырған.  Ақын  Ғалия  бейнесін  жан-
жақты қамтып, идеал бейне дəрежесіне көтерген. 
Мысалы: 
                        Айым да – сен, Ғалия, күнім де сен, 

 
43
                        Оң қабағым тартады күлімдесең, 
Немесе:            
                        Жатыр ма екен Ғалия отыр ма екен, 
                         Айдын  көлге  шомылған  аққуға  ұсап,-  Ғалиясының 
бейнесін жасауда теңеулердің де ең көркемін қолданады. 
«Ғалия»  əнінің  көлемді  тексінде  автордың  лирикалық  бейнесі  де 
танылады.  Автордың  өзі  лирикалық  қаһарман  ретінде  таныла  отырып, 
шын  махаббатты  аңсаған  опалы  жар,  сертіне  мықты  жүректі  ер, 
халықтық тұлға ретінде бейнеленеді. 
                           Əнеугі айтқан, қалқам-ай сөзіңді ұқтым, 
                           Мен дұшпаннан қорғалап қашан бұқтым. 
                           Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп, 
                           Ерегіскен  дұшпанды  жерге  тықтым, -деп  сүйген 
ғашығы үшін өз басын құрбан етуге бел байлағанын білдіреді де: 
                            Есен бол енді айналып келгенімше. 
                            Қылығыңды ұмытпан өлгенімше. 
                            Ел сағынып барамын үйге қайтып, 
                            Бір  аллаға  тапсырдым  көргенгімше,-  деп  өзінің 
тұрақтылығы мен еркелігін ерекше бір назбен білдіреді. 
Шолақ творчествосындағы басты тақырыптар, міне осылар. 
Қазан  төңкерісі,  азамат  соғысы  жылдары  белгілі  жазушы,  қоғам 
қайраткері  С.Шəріповты  үш  күн  жасырып,  астына  ат  беріп  атбасарға 
жөнелтеді. 
Сан  алуан  өнерімен  белгілі  болған  балуан  да  батыр,  ақын  да  əнші 
композитор Балуан Шолақ Баймырзиннің сан салалы шығармашылығын 
айта келгенде шығатын қорытынды мынау: Балуан Шолақ – əн тексімен 
əн  əуенін  қатар  дамытып,  қазақ  халқының  мəдениетіне  елеулі  үлес 
қосқан атақты ақын, халық композиторы, сонымен қатар, əр алуан спорт 
өнерінің  де  шебері.  Ол  қанша  қуғын  көрсе  де  мойымады,  аялаған 
халқының мақтан етер перзенті бола білдді. 
 
                               Сұрақтар мен тапсырмалар. 
1.  Балуан Шолақтың орысқа деген наразылығы неден пайда болған? 
2.  Ғалия туралы əн-өлеңінің идеялық көркемдігін талда. 
3.  Балуан Шолақ Жетісуға не үшін келді? 
4.  Балуан  Шолақ  өлеңдері  мен  əндеріндегі  өршілдік,  оптимистік  
сарын неге байланысты? 
5.  Балуан Шолақтың қазақ өмірі мен спортындағы орны қандай деп 
түсінесің? 
 
 
 
 
 
 

 
44
 
ТҰРМАҒАМБЕТ  ІЗТІЛЕУҰЛЫ 
(1882-1939) 
 
                                      ЖОСПАРЫ: 
1.  Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өмірі, білім алу дəрежесі. 
2.  Тұрмағамбет Ізтілеуовтың шығыс поэзиясымен байланысы. 
3.  Тұрмағамбет назымдарының тақырыптық, идеялық көркемдігі. 
4.  Ақынның қисса-дастандары. 
5.  Тұрмағамбет Ізтілеуов поэзиясының көркемдік ерекшеліктері. 
6.  Тұрмағамбет  Ізтілеуұлы  əдеби  мұрасының  қазақ  əдебиетінде               
алатын орны. 
 
 
 
                                    Əдебиеттер: 
1.  Қазақ əдебиетінің тарихы, II-том, 2-кітап. 
2.  Б.Кенжебаев XX ғасыр  басындағы  қазақ  əдебиеті.  Алматы, 
1994ж. 
3.  Ізтілеуов «Назым» шығармалар жинағы. 1996ж. 
4.  Т. Ізтілеуов «Рүстем Дастан» 1991ж. 
5.  Б. Бердібаев «Гүлстанның бұлбұлдары» Алматы, 1998ж. 
6.  Бес ғасыр жырлайды. I-II том, 1990ж. 
7.  Ə.Дербісалин  «Қазақтың  демократияшыл  əдебиеті»  Алматы, 
1992ж. 
 
 
Тұрмағамбет  Ізтілеуов  қазіргі  Қызылорда  облысының  Қармақшы 
ауданында 1882 ж кедей шаруа семьясында дүниеге келген. Тұрмағамбет 
шалқыған  дəулеттің  арқасында  емес,  тек  қана,  талабымен,  үздік  зейін 
қабілетімен оқу жолына түседі. Əуелі ауылдағы қожа молдалардан, кейін 
Сыр өңіріне белгілі Тапал, Құлжан ахұндардың медресесіне түсіп сабақ 
алады. Ол 1896 жылы Қалжан ахұнның жолдамасы мен Бұхара қаласына 
барып,  əуелі  сондағы  «Мир-Араб»  медресесінде,  кейін 1889 жылдан 
бастап Көгелташ   медресесінде Садриддин Айнимен бірге оқиды.  Бұл  
медреседе  діни  сабақтардан  өзгенің  бəріне  қатты  тыйым  салып,  тіпті 
өлең  жазудың  өзі  қылмыс  саналған.  Міне,  осындай  қатаң  тəртіпке 
қарамастан  Тұрмағамбеттің  ықыласы  дінге  емес,  поэзияда  болған. 
Бұхара  қаласындағы  медресе  студенті  өзінің  осы  ойын  сол  кезде-ақ 
ашық айтады:  
Жаратқан, қондыр басқа құсын бақтың,  
Өзіңсің үкім иесі «Нұн» мен «Кафтың».  
Жеткеріп шайырлықтың дəрежесін,  
Шерлерін тарқат іштен көңіл шаттың.  
Мақсатым ойымдағы болғаны осы-ақ, 

 
45
Ішіне қызықпаймын ұжмақтың.  
Бермесең осы айтылған өтінішті,  
Мен, сірə дей алмаймын: «Кəмал таптым».  
Араб,  парсы,  шағатай  тілдерін  жақсы  меңгерген  Тұрмағамбет  
Бұхара  қаласының  мүмкіншіліктерін  пайдаланып  өзінің  бар  ынта,  күш 
жігерін  шығыстың  дана  философтарын,  классик  ақындарын  оқуға  сарп 
еткен, соларға еліктеп медреседе оқып жүрген кезінде шығыс тілдерінде 
бірнеше  өлеңдер  жазған.  Ол  шығыстың  əйгілі  ақындарының  жазған 
шығармаларын  жай  қызықтап  оқушы  ғана  емес,  оны  қазақтарға 
жеткізуші де болған: 
                             Фирдоуси, Науайы мен Низамилер, 
                             Өшпестей еңбек жазды назым,насыр. 
                              Солардың асыл сөзін дастан еттім, 
                              Естіген қайран қалып, басын қасыр,-дейді ақын бір 
сөзінде. 
Тұрмағамбет  1905 жылы    медресені  бітіріп,  қолына  иршат  
(шатырхат)  алып,  еліне  келгенде  оны  елі  «ишан  болып  қайтты»  деп 
мешітке имам көтереді.  Бірақ Тұрмағамбет имамдық міндетін де Шығыс 
əдебиетін  танытумен,  насихаттаумен  қоса  жүргізіп  отырған.  Ақын 
«Молдаларға»  деген  өлеңінде  кейбір  дін  өкілдерінің  іс-əрекеттерін  де 
сынап отырады:  
Мені өзім Мұхамедпін, қолым Алла,  
Қалай деп халыққа көрсет қолыңа ал да.   
Баласы мұсылманның бола қойсаң,  
Мұныңды  өтірік деп мойныңа алма.  
Айтсам да асылық сөз бұлайынша, 
Күймеймін тозағыңа осы халда.  
Молдалар, бұл сөзіме сенбесеңдер,  
Ант ішем, расына: олла-билла..  
Əулеті Кіші жүздің Кете руы,  
Айтушы, Тұрмағамбет мен ғұлама.  
 
         Өз  өмірінде 20 жылға  жуық  ел  ортасында  халықтың  сауатын 
ашып,  ағартушылық  жəне  ақындық  қызметін  атқарған  Тұрмағамбет 
жергілікті , байлар  мен  əкімдердің  əлденеше    рет  түрмеге  де  түскен, 
бірақ  тəкəппар  ақын  оның  ешқайсысына  мойымай,  қажымай  алған 
бетінде  игілікті  қызметін  істей  берген.  Тұрмағамбеттің  алғашқы 
шығармашылығы ескі өмірдің  кейбір көріністерін сыншылдықпен көзге 
елестетеді,  халықтың  қараңғылығы,  бай  мен  кедей  арасындағы  
əлеуметтік  теңсіздік,  бай,  би,  əкімқаралардың  ұсқынсыз  қылықтары 
оның  бірсыпыра  шығармаларында-ақ  сыналады. «Қара  қоңыз», «Мəгес 
молдаға», «Жер  жүзін  жеті  қабат  зұлмат  басты»  өлеңдерінде 
Тұрмағамбет ел билеушілердің өрескел мінездерін беттеріне басады.  
          Ақынның  қазақ  топырағында  шығыс  əдебиетінің  классиктері 
жырлаған дана ой, асыл сезімдерді насихаттауы құнды да бағалы еңбек 

 
46
еді.  Тұрмағамбеттің  ақындық  қызметі  Абай  мен  Ыбырайдан  кейінірек, 
Сұлтанмахмұт  пен  Сəбиттен  бұрынырақ  басталған.  Баспа  жүзінде 
болмағанымен,  шығармалары  халық  арасына  қолжазба  түрінде  тараған, 
өзі  сияқты  ақындармен  қатар  қызмет  атқарған  ол  қазақ  əдебиетінің 
арнасына өз бұлағымен келіп қосылады. 
         .    Абайды  оқып.  Абай  сарынынан  əсер  алған  Тұрмағамбет 
Ізтілеуов  ақындық  қызметтің  мақсат  міндетін  Абайша  ұғынады.  Абай 
сықылды  халыққа  қызмет  еткен,  артына  асыл  сөз  қалдырған  ақын 
өлмейді деп біледі.  
     1910-жылы Тұрмағамбет «Абайды оқығанда» деген өлең жазған.  
Абай: «Өлді  деуге  сыя  ма,  ойлаңдаршы,  өлмейтұғын  артында  сөз 
қалдырған»,-  десе  де,  Тұрмағамбет  ақын  ағасына  үн  қосып  жауап 
қатқандай:  
  Артында атақты ердің қалса сөзі.  
  «Өлді»  деп  өкінбеймін  оның  өзі ,-дейді.  Тұрмағамбеттің  сол 
жылдары  жазған  «Жыл  келді», «Көңіліме  үні  келді  махаббаттың», 
«Татулық  таусылмайтын  кен  секілді»  деген  өлеңдерінен  Абай  үнін 
айтпай тануға болады.  
Тұрмағамбет  атаған 19 ақынның  тізімін  Майлықожа,  Молда  Мұса, 
Шəді  төре  сықылды  талант  иелерімен  толықтырсақ,  қазақ  əдебиетінің 
«кітаби  ақындары»  делініп  келген  ақындардың    үлкен  бір  тобын  тұтас 
танимыз.  Жеке  адамға    табынушылық  салтының  зардабынан    шығыс 
атаулының  бəрінен  безіп,  оның  мəдениетінен  нəр  алып,  қазақ  арасында 
шығыс  əдебиетінің  үлгі  өрнектерін  таратқан  елеулі  еңбектерін 
ескермедік.  
Сондай-ақ  Тұрмағамбеттің  ақындығын  таныған  сол  кезде  шыққан 
жас  талапкердің  ішінен  өлеңдерінің  алғашқы  қадамында  одан  ақындық 
тəлім  алған  халық  ақыны  Мұзарап  ұстазы  Тұрмағамбетке  арналған 
«Жомарт жүрек» деген өлеңінде:  
Сүйсініп көп оқып ем дастаныңды,  
Өткіздім шəкірт болып жас шағымды.  
Сүйеніп «ұстазым» деп жүргенімде,  
Елуден  білмей  қалыппын  асқанымды,-десе,  қарт  ақын  Қуаныш 
Баймағамбетов:       
Қиянаттан кеттің со жыл «аттанып»,  
Бірақ қазір отырсың сен хат жазып.  
Сырдан шыққан сан шайырға ұстазсың,  
Əр  қашанда  алға  ұстаймыз  мақтанып,-дейді.   Сонымен  бірге  
Тұрмағамбет өзі де Сəкен, Бейімбет, Ілияс секілді тəжірибелі  ақындарды 
оқып, игі əсер алғанын айтады.  
    Тұрмағамбеттің қазақ əдебиетіне қосқан өзіндік жаңалықтары бар.  
Алдымен  ақынның  ағартушылық  адамгершілік  тақырыптарына 
философиялық  топшылау  жасаған  өлеңдері  көзге  түседі.  Шын 
мағынасында  «Шəкірттерге», «Балаларыма», «Ұлдарыма»  деген 

 
47
өлеңдерінде  Ыбырайша  жас  ұрпақтары  тікелей  оқуға,  халықтың  көзін 
ашуға шақырады. 
Т.Ізтілеуұлының  шығармашылығына  дəл  осы  тұрғыдан  қарасақ, 
оның қазақ əдебиетіне қосқан жэаңалықтарын көру қиын емес. Алдымен 
ақынның  ағартушылық,  адамгершілік  тақырыптарына  философиялық 
түйіндеулер  жасаған  өлеңдері  көзге  түседі.  Ақын  «Тəлім», «Мəнді  сөз» 
т.б.  өлеңдерінде  өсиет,  нақыл  формасында  философиялық  пікірлер 
түйеді. 
              Күн туса, нұр қашады айдан дағы, 
              Жарлы жақсы қайырсыз байдан дағы. 
              Кейбіреу сəл бақытқа мəз болады, 
              Шабақтай шалпылдаған қайрандағы. 
              Адамдық иісіңе жұрт аңсап тұрсын, 
              Не керек қарныңның құр майланғаны. 
              Көңіліне «Мен адаммын» деп жүрген көп, 
              Кілегей майға ұқсаған айрандағы.      
Араб,  парсы  тілін  жетік  білген  ақын  шығыстың  классикалық 
поэзиясын еркін меңгерген:  
О баста оқыған соң фарсы, араб,  
Жазушы ем хикая, жыр оған қарап.  
Ұнатып оларымды оқығандар,  
Ішкендей  есіретін  еді  шарап, -деп  өзі  де  шындық  сырын  шебер 
айтқан.  Талантты    ақын  шығыс  поэзиясының    гуманизмін  дұрыс 
қабылдай  білген. 
Əр  ақынның,  қаламгердің  көп  айналысатын,  жанына  жақын 
тартатын 
тақырыбы 
болады. 
Мұны 
біз 
Тұрмағамбет 
шығармашылығынан  да  айқын  байқаймыз.  Оның  ықыласпен  жырлап, 
əсерлі  əңгімелейтіні  де – шығыс  тақырыбы,  солардағы  қызықты 
оқиғаларды дастан етіп жырлау: 
                          «Қолайлы халық тыңдайтын сөз бар ма»,- деп, 
                          Мен едім ертелі-кеш кітап «тінткен». 
                          Сондағы оқиғаны дастан еттім, 
                          Əйтпесе,  емес  сөзім  ішім  дерттен,-  деп  ақын  ішкі 
сырын ақтара айтады.Оның алдына қойған мақсаты: əлемге кең тараған 
Шығыстың дəріпті, өнегелі шығармаларынан алып, өз халқына лайықтап 
дастандар  жазу.  Өмірге  жарасымды,  адамгершілік  мақсатты  көздейтін 
«Шахнама», «Тотынама», «Калила  мен  Димна», «Мың  бір  түн», «Төрт 
дəруіш» т.б. осылар сияқты жер жүзі мəдениетінің қазынасына жататын 
інжу-маржандарды  жырға  айналдыру.  Ақынның  өз  өмірінде  жазып 
қалдырған «Мəрді диқан», «Рауабану», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз» 
шығармаларының негіздері жоғарғы аталған шығармалармен сабақтас. 
Шығыс  ақындарынан  үйрене  отырып,  сол  елдің  əңгімелерінің 
тақырыбына  ұзақ  поэма-дастан,  қызықты  хикая  жазу  мұсылман 
медреселерінен оқып білім алған сауатты ақындардың көбінде кездеседі. 
Бұл жай əсіресе Тұрмағамбет шығармашылығынан мол əрі тұрақты орын 

 
48
алған.  Бұл - əдебиетіміздің  алтын  қорына  қосылған  бағалы  мұра 
болатын.  Ақын  Тұрмағамбет  те  осы  жолдан  ауытқымай  табанды  түрде 
игілікті еңбек етті. 
                     Жасымнан назым сөзге шебер едім, 
                     «Өзімнен шебер кім» деп кебер едім. 
                     Əртүрлі хикая мен дастандардың, 
                     Ширатқан шым жібектен көгені еді. 
                     Түбінен дарияның дүрлер теріп, 
                     Алдына  аға-інінің  төгер  едім,-  деп  бар  қазынасын 
халқына бағыштайды. 
Ақын-өз заманының философы, өз дəуірінің шежіресі. Тұрмағамбет 
те  «Мəрді  диқан»  поэмасының  шымылдығын  мынадай  ғибратты 
сөздермен ашады: 
                        Тіл – тілмаш, ақыл – уəзір, көңіл – сұлтан, 
                         Нəпсі – тақ, кеуде – сарай, жығасы – жан, 
                         Қол – жендет, көз – қарауыл, құлақ – тыңшы, 
                         Аяқ – құл, мұрын – дəріген, шам-шырақ  - тəн. 
                          Ие етіп осылардың барлығына, 
                          Берілді бізге тарту табиғаттан. 
                          Мал, перзент, бақ, дəреже, өнер,ғылым, 
                          Тағы да сыйлау етті неше мың сан. 
«Мəрді  диқанның»  бас  кейіпкері  Мəрді  деген  кедей,  оның  кəсібі – 
егіншілік.  Бір  күні  ол  ойламаған  жерден  мол  олжаға  тап  болады.  Өзіне 
қарасты  жерін  жыртып  жүріп  бір  гауһар  тауып  алады.  Мұны  қаржы 
қылуға,  үй  тіршілігіне  жұмсауға  жүрегі  дауаламайды. «Өзімдікі  десем 
кім сенеді? Қазынадан ұрлап алғансың деп өзімді жазалауы мүмкін əкім-
ұлықтардың»-  деп  қорқады.  Мəрді  тауып  алған  гауһарын  өз  қолынан 
қазынаға  тапсырмақ  болып  жолға  шығады.  Жолда  оған  үш  молда 
кездеседі,  олар  серік  болады.  Кедейдің  қалтасында  гауһар  бар  екенгін 
біліп, үш молда бұған қатты қызығады: 
                           Гауһарын көрді мұның үш жиһанкез, 
                           Зат еді қымбат баға, қызығар көз. 
                           «Осыны ебін тауып, алайық» деп, 
                           Жасырын бір бірімен айтысты сөз. 
                          … Ұры екен үшеуі де дүние парас, 
                           Қаңғырып, жиһан кезіп, қорғаған бас. 
                           Аса бар қолдарында, баста сəлде, 
                           Түрлері секілденген бір хасыл тас. 
Қасындағы  молдалар  ақырында,  түнде  қонған  жерінде  Мəрдінің 
қалтасындағы гауһарын ұрлап алады: 
                     Қалжырап қалды ұйықтап диқан Мəрді , 
                     Деген шын «сақармен тең – сапар дерті». 
                     «Бұл қалай қолымызға түседі деп, 
                     Олардың бұрыннан бар еткен шарты.. 
                     Гауһарын қойнындағы ұрлап алды, 

 
49
                     Ойламай «не болар деп істің арты», 
                     Оянса ғаріп диқан гауһары жоқ, 
                      Қайғымен бүтін көңілі болды жарты. 
Мəрді  диқан  қала  əкіміне  келіп,  болған  істі  бастан-аяқ  баяндайды. 
Бірақ  ұрлық  жасаған  үш  молданың  қылмысын  əшкерелеуге  Мəрдіден 
басқа  куə  жоқ.  Сондықтан  қала  əкімінің  молдаларды  масқаралауға 
батылы  бармайды,  істің  анығын  ашуға  ақылы  жетпей  дағдарады.  Сонда 
бұл  шиеленісті  шешуге  əкімнің  қызы  Меһірше  араласады.  Парасатты 
ақылымен  халыққа  мейрімділік  жасап,  Меһіршенің  ақылымен  Мəрді 
арызының түйіні табылып, молдалар айыбы бетіне басылады. 
Поэмадағы негізгі идея – адамгершілік. Ақын осы арқылы əділдік 
пен  жауыздықты  шендестіріп,  ақырында  əділдіктің  мəртебесін  үстем 
етеді. 
Тұрмағамбеттің  екінші  бір  дастаны – «Рауабану»  Мұнда  еріксіз, 
шығыс  деспотизимінің  құлы  болған  əйелдің  трагедиялық  халі 
суреттеледі.  Ақын  қазақ  арасына  кең  тараған  «Тотының  тоқсан  тарауы» 
атты  кітаптан  бір  оқиғаны  өз  шығармасына  өзек  етіп  алады.  Қоғамның 
тең  жартысы  болып  саналатын  əйел  қауымының  басындағы  аянышты 
халдер  айтылады.  Бір  семьядағы  əйел  мен  еркектің  өмірін  суреттеу 
арқылы, дəуірлік оқиғаларды қамтып көрсетеді. 
                              Кем үшін киер киім, ішер астан, 
                              Ері мен Рауаны қайғы басқан. 
                              «Қалайша қаражатты табамыз» деп, 
                              Отырып бір-бірімен ақылдасқан. 
«Рауабану»  оқиғасын  Тұрмағамбет  «Тотынамадан»  алған  дедік. 
Бірақ  ақынның  өзіндік  пікірі,  психологиялық  суреттеулер  айрықша 
сезіліп тұрады. Ері күн көріс қамымен кетіп бара жатып Рауабануға: 
                               Тілектес отырасың болып сен де. 
                               Бар ма еді сен дегенде сабыр менде. 
                               Қауышсақ саулықпенен болады да, 
                               Көрмейді тіршілікте нені пенде,- дейді. 
Рауабану бейнесі қазақ əйелдеріне үлгі ретінде ұсынылады. Рауа – 
махаббатқа берік, онда тағдырдың талқысына қарсы күресерлік күш-қуат, 
шынайы  сезім  иесі.  Поэма  өзінің  қызықты  оқиғасымен,  биік  мұратты 
мақсатымен  замандар  бойы  халықтың  жүрегіне  жол  таба  беретін 
шығарма.  Ақын  шығармада  Рауабанудың  азапты  өмірін  ғана  көрсетіп 
қоймай, сол ауыр қасіретке мойып қалмай, адамдық қасиетін берік сақтай 
білген  асыл  жардың  жүрек  дүрсілін,  шын  сезімін  барынша  реалистікпен 
суреттеген.  Мəселен,  күйеуі  күн  көріс  қамымен  қаңғып  кеткенде, 
Рауаның  көркіне  қызыққан  кейбір  нəпсіқұмар  азғындар  өз  мақсаттарын 
орындау  үшін  Рауаға  жел  беріп,  əртүрлі  айла-шарғылар  жасап, 
қармақтарына іліндірмек болады. Ақырында, өз ырқына көндіре алмаған 
қара ниеттер өшігіп, оны өлтірмекші де болады. Сонда: 
                               Отырам өле өлгенше сақтап хақын, 
                               Отырма. Олай десең маған жақын. 

 
50
                               Көзіме көрінбе енді, кет үйімнен, 
                               Денеңе дуана екенсің ұрған зақым. 
                              …Рауа: - арманым жоқ ,-деді өлсем, 
                               Жолында жарым үшін жаным берсем. 
                               Боламын қара жүзді өмірімше, 
                                  Егер  де  айтқаныңа  сенің  көнсем,-  деп  Рауа 
адамдық арын қорғайды, жары алдындағы  парызын  орындайды.  
Ақын «Рауабану» шығармасының соңын былай толғаған: 
                               … Рауадай артым абат болсын,- десең, 
                                Сайраған Сара жолдан ақыры аума. 
                                Қолына туралықтың туын алған, 
                                Жазылған жақсылыққа ұшырауға. 
                                «Нені ексең, соны орарсың» деген  анық, 
                                Болма үйір бұзықтықпен өнбес дауға. 
                                «Аққа – дос, халыққа – бас» болам десең, 
                                Ерте ізде, елеуремей, таупық-тəуба. 
                                Гүлденген көңілімнің бақшасынан, 
                                Риза бол, бектер, осы берген бауға. 
                                Жəне де жаттарыңнан тастамаңдар, 
                                Балықтай бітіп тағдыр, түссек ауға. 
Ақынның мысалдары да оның шығармашылығының бай саласы. 
«Өгіз  бен  есек», «Көкқұтан  мен  шымшық», «Төрт  дос»  сияқты 
мысалдары  халық  арасына  мол  тараған.  Шығыс  мысалдарының  бір 
өзгешеліктері:  түлкі,  қасқыр, , киік,  тышқан  сияқты  хайуандар  бір 
мінезде қатып қалмайды. Қу түлкі кейде ақылды, ерлік те жасай біледі. 
Жемтік  аңдыған  қарға  да  достық  көрсетуге,  қиын  халде  қалған 
мүсəпірге жəрдем беруге жарай алады. Тұрмағамбет мысалдарында осы 
өзгешеліктер молынан ұшырайды.        
   
  
Ақынның  шығыс  классиктерінен  əкелген  рубаяты  да  төрт  жолдан 
бір  шумаққа  образды,  ақын  нақ  ой  боларлық  сөзден  өзге  ештеңе 
араластырмай,  шебер  түю,  бас-аяғы  бар  толық  пікір  айту  ақындық 
өнердің мол жетілгенін дұрыс қалыптасқанын көрсетеді. Бұған ақынның 
«Мінез» деген рубаяты дəлел.  
                      Қойма сен халыққа қарсы бір өзіңді.  
                      Байқамай, болып жүрме тірі езінді.  
                      «Əрқашан алам,-десең, төрден орын»  
                     Түзеп ал, татаусыз қып мінезіңді. 
Тұрмағамбеттің  революциядан  соңғы  жылдары    жазған  «Қадамың 
құтты болсын,  кеңес аға », «Екі өгіз» шығармаларында еңбекшілдердің 
оқып білім алуына кең жол ашқанына сүйінген қалпын білдіреді.  
Тұрмағамбет  Ізтілеуұлының  əдеби  мұрасындағы  ең  биік  шыңы - - 
қазақ халқына «Шахнама» сияқты шығыстың даңқты хикаясын өлеңмен 
жырлап  беруі  болды.  Бұл  міндетті  ақын  асқан  шеберлікпен,  қайрат, 
ерлікпен орындап шықты.. Өйткені он айдың ішінде мұнша алып еңбекті 

 
51
бітіру,  парсы  тіліндегі  сан  алуан  аңыздардан,  Фирдоусидің  теңіздей 
терең дастанынан, түркі тілдеріне проза түрінде тараған əрқилы аударма 
нұсқалардан сомдап, қазақ өлеңімен қырық мың жолдық эпос жасау өте 
қиын  жұмыс.  Ал,  Тұрмағамбет  мұнда  біріншіден, «Шахнама»  сықылды 
үлкен  эпостың  қыры  мен  сырын,  мəн-мағынасын,  терең  ой,  бай-сезім 
дүниесін,  эпикалық  қуатын,  сюжеттік,композициялық    құрылыс 
шеберлігін  жете  ұғынған,  екіншіден  оның  ақындық  қуаты  да  ерекше 
екендігін білдіреді. «Шахнама» эпосы «Рүстем-Дастан» деген атпен 1961 
жылы үлкен кітап болып басылды. 
Ақын кітапқа жазған арнауында: 
                              Өлеңмен он бір буын он ай жазып, 
                              Бітірдім  басым  сипап,  шаршап,  терлеп,-дейді. 
Ақын  жасап  шыққан  «Шахнама»  дастаны  үлкен  үш  бөлімнен  тұрады. 
(«Жəмшитнама», «Рүстем-Дастан», «Дарапнама»).  Дастанның  əрбір 
шумағы  тарауы  белгілі  бір  мағынаны  көздейді,  не  оқиғаны,  не  сурет-
бейнені білдіреді. Ұзақ жырды оқып отырып не аттың дүбірін естисің, не 
батырдың  мүсінін  көресің,  не  жекпе-жек  соғыстың  ішінде  жүресің,  не 
сұлудың сымбатына, махаббаттың құдыретіне ғажап қаласың. 
Зал  батырдың  жолбарысты  өлтіріп,  Рудаба  сұлумен  ұшырасқан 
жеріндегі  сурет,  Рүстемнің  балалық  шағын  көзге  елестететін  жыр  мен 
оның батырлық қимыл-əрекеттерін баяндайтын тараулары нағыз поэзия 
тілімен  жазылған  өрнектер.  Мысалға  бір  ғана  Əшкəбустың  портреттік 
сипатын келтірейік:
 
                         
Тымағы басындағы елу тері, 
                         Болмайды деуге ернін «пəлен елі». 
                         Құлағы – киіз үйге үзік болар, 
                         Түктері – болатұғын тартса желі. 
                         Шынардың саусақтары ағашындай, 
                         Тырнағы тұлпарлардың тағасындай. 
                         Ауызы – үңгіріндеу асқар таудың, 
                         Мұрыны үлкен – үйген шоқат шамасындай. 
                         Көзі – ала, кейпі – жаман, сондай суық, 
                         Жанына барар емес адам жуық, 
                         Көргендер көпке дейін таңырқайтын, 
                         «Дүниеге келді екен деп – қалай туып». 
Сонымен  образ  түрінде  «Шахнаманы»  шығыс  поэзиясының  ұлы 
дарағына  теңесек,  Тұрмағамбет  ақын  сол  дарақты  бізге  əкеліп,  қазақ 
топырағына қондырды, оны қазақ поэзиясының миуалы бағына қосты.                  
  
. ХVІІІ-ХІХ ғасыр арасында өмір сүрген Ораз ақын «Шахнаманың» 
алғашқы  аудармашысы.  Сыр  бойында  туып  өскен  руы  Найман.  Бұхара 
қаласында  медреседе  оқып  білім  алған.  Оның  есімін  «Айқап» 
журналынан кездестіреміз. Бұл туралы Мұхаметжан Сералин 1914 жылы 
«Айқапта» жазған.  

 
52
Тұрмағамбеттің өмір жолы ауыр, қиын қиялардан өтті. Тағдыр оны 
онша еркелеткен жоқ. Өлерінің алдында, туған халқы кенеленіп, сүйікті 
ақынына жылы шыраймен кең құшағын ашқанда, қуаныш пен шаттыққа 
бөленген  шайыр  ұлт  мəдениетінің  қорына  «Шахнамадай»  асыл  үлес 
қосты.  Қазір  ақынның  еңбектері  жарық  көріп,  ел  игілігіне  айналып 
отырғанда халық құрметіне ие болған таланты ақын:  
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,  
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.  
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,  
Арманда болмай-ақ қой екі көзім,- деуге əбден ерікті.  
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет