Бағдарламасы бойынша жарық көрді Әлтаев А. Наркескен: айтыстар. Астана: Фолиант, 2014. 288 б



Pdf көрінісі
бет13/15
Дата30.12.2016
өлшемі1,28 Mb.
#797
түріБағдарламасы
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН 
ӘСЕМ ЕРЕЖЕҚЫЗЫ
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған айтыс. 
Астана, 2011 жыл
Аманжол:
Ұлтымыз тарих сырын бүгін ұқты,
Көшпелі елдің көтерген жүгі құтты.
Алтын сауыт киініп, атқа мінген
Түркінің Сақ дейтұғын түбі мықты.
Жер­жаһанды жаулаған Ескендір де
Менің бабаларымнан кідіріпті.
Әлемге әмір айтқан Күлтегіннен
Ғаламзат түркі рухын ұғыныпты.
Жәнібек пен Керейдің кезеңінде
Алғаш қазақ хандығы құрылыпты.
Айбарлы Абылайдың заманында
Жоңғар­қалмақ тізесі бүгіліпті.
Замана хан Кенені өлтірген соң,
Түлкінің құйрығындай құбылыпты.
Отыз екі, отыз жеті зұлматында
Ұлтымыз ақбөкендей қырылыпты.
Иншалла, тәуелсіздік алғаннан соң,
Бақыттың мойны бізге бұрылыпты.
Қалың елім, қазағым, аманбысың,
Сақтаған қанындағы ұлылықты.
Азаттық таңы атқанда нұр төгіліп,
Еңсемді төмендетпен, мұң кеміріп.
Жиырма жылда келеді орындалып
Жүректе жиырма ғасыр жүрген үміт.
16­302

242
Тәуелсіздік мереке құтты болсын,
Бақытына бөленген бірге күліп.
Азаттығың баянды болсын, халқым,
Кеткенше аспандағы күн бөлініп.
Көңілден көрікті ойды көркем өрген,
Енші алған оғлан едім серке өнерден.
Қыздармен айтысқанда қызынушы ем,
Ақ тұйғын қаз ілгендей ерке көлден.
Сүйіншілеп бастайын ұлы тойда,
Төбеге ту тіккендей кер төбелмен. 
Туғызған текті өлкеден Телғараны
Нұрланып Әсем шықты зер жамалы.
Бұғы бел, бөкен бөксе, құралай көз,
Төңкерген ай секілді тел қабағы.
Қыз бен жігіт айтысы болады­ау деп,
Елеңдеп екеумізге ел қарады.
Сал Біржан салтыменен сөз бастайын,
Алтайдың күміс кеуде кер маралы.
Қанша жүйрік болсаң да құтқармаспын,
Мен келдім дүбірлетіп кең даланы.
Шайқалып боз жорға аттай жолға түскен,
Бал шырын жыр арнайын толғап іштен.
Ақ түлкідей амалың таусылмай ма,
Шүйілсем қанатымды қомдап үстем.
Көздерің дөңгеленіп кетіпті ғой,
Үкінің баласындай торға түскен.
Азу тісін ай сүйген арлан едім,
Бүгінгі олжам сенсің қолға түскен.
Әсем:
Ой айтса жұрт санасы салмақтанар,
Ақынның ақындығы ардақталар.
Менімен айтысуға дайын кепсіз,
Жандай боп жарақтанып жауға аттанар.
Сен маған қоқан­лоқы жасай берме,
Жұртым бар мендей қызын қолдап бағар.

243
Жолбарыс Жүрсін ағам осында жүр,
Арланның азуынан қорғап қалар.
Армысың, қазақ елі, қағанатым,
Жұмаға жұмылдырған жамағатын.
Төзімі темір сынды тәубашыл ел, 
Сабыры сары алтын боп саналатын.
Көрсе де замандардың ғазауатын,
Ғаламға шығармаған жаманатын.
Еркін ел болғаныңа жиырма жыл,
Әр күнің ғасырдай боп саналатын.
Талабы тау төңкерер ерлерің бар
Тас жұтып, тәуекелге бара алатын.
Келгендер таңғалысып таңдай қаққан,
Көргенде Астанамның ғаламатын.
Мұстафа Шоқай, Тұрар, Әлихандар
Жан қиса оздырам деп қазақ атын,
Тәуелсіз, егеменді халық болдық,
Орындап арыстардың аманатын.
Керегін ақ маралдан алған жанша,
Арландар шығып жүр ғой алдан қанша.
Талайын сіздейлердің жолға тастап, 
Кеткенмін айла­тәсіл қолданғанша.
Көкшеге бір аттасам жетіп барам,
Елемей тау мен тасты, орманды онша.
Онан соң бір аттасам, Баян тауда
Жүремін, біреулерге ол арман болса.
Әй, қайдам, мені қуып жетпейсіз­ау,
Гүлдей ғып баптамасаң бағбандарша.
Жайбасар ағажан­ау, мінезің бар,
Азулы болсаңыз да арлан қанша.
Алтайға алты­ақ аттап жетіп барам,
Ырғалып сен орныңнан қозғалғанша.
Ақандай әуелетіп ән салғанда,
Біржанды көргендей жұрт тамсанар ма.

244
Үкілі бөрік киіп алшаң бассаң,
Сәкендей жарасады сән саған да.
Алтайдың ақ маралын қуамын деп,
Қиындық жан­жағыңнан қоршағанда.
Малтығып көбік қарға, өкпең өшіп,
Тып­тыныш өміріңді аңсағанда.
Бекер­ақ мына қызға ілестім деп,
Сан соғып, өкінерсіз шаршағанда.
Соңымнан сіз жеткенде сүйретіліп,
Алдыңнан аңшы ағалар қарсы алғанда.
Терісі бұл арланның жақсы екен деп,
Олжа ғып атып алар қансонарда.
Аманжол:
Астанам ардақ тұттым бақ мекен деп,
Азаттықтың мекені шат мекен деп.
Әсемжан, саған қарап жұртым отыр,
Шіркінді қандай ана тапты екен деп.
Жүрсін аға қасына тығылмақсың,
Аманжолдың азуы қатты екен деп.
Апыр­ай, Жүкең көкем қайтер екен,
Жанына тығылғанда ақбөкен кеп.
Ол кісі шұбар жонды жолбарыс қой,
Жұтып қойып жүрмесін тәтті екен деп.
Ақберен ағаң едім алқадағы,
Сайрасам қызыл тілден бал тамады.
Баянтауға қашып сен бара алмассың,
Болмаса ар жағында Қарқаралы.
Себебі, Машкевич сатып алған,
Ділдәсі көп болған соң қалтадағы.
Жылымқұрт еврейдің уысында
Жұмақтай жер жәннаты Арқадағы.
Әкесінің малындай жұмсап жатыр
Қазба байлықтарымды картадағы.
Еріккен олигарх ұстап алар,
Ойланып көрсең қайтед, қалқа, тағы.

245
Тарихта Біржан салдың аты қалған,
Шоқанның мәңгілікке хаты қалған.
Киелі Көкшетаудың жер шұрайын
Кулагин деген әкім сатып алған.
Солтүстіктің егінін, қоймаларын
Терещенко, Лужковтар тартып алған.
Мәскеулік алтын қалпақ Лужков мырза
Жыл сайын бидайын кеп артып алған.
Көкшетауға барғанмен орындалмас,
Әсем қыз, кеудеңдегі асыл арман.
Өр Алтай, Қарт Шыңғыстау – арлы мекен,
Табиғат көрік берген жалды мекен.
Қара Ертіс бойлай аққан сулы мекен,
Қара орман, қарағайлы, талды мекен.
Төрт түлігі тел өрген малды мекен,
Атомнан зардап көрген зарлы мекен.
Көктемде ауыл халқын састыратын,
Сай­саласын қар басар қарлы мекен.
Храпунов сатып­сатып қашып кеткен,
Сен баратын дұрыс жер қалды ма екен?!
Тұяғын кер төбелдің тағаладым,
Арасын талай жердің араладым.
Алтайға алты аттап баратын қыз,
Мән беріп әр сөзіңді сараладым.
Ағалар атып алар дегеніңді
Асығыстау айтты­ау деп шамаладым.
Ойланбай ата салар, жарып салар
Ваххабит емес шығар ағаларың?!
Алтайға бара қалсам жақындағы,
Отыр ма маған да оғың атылғалы.
Атады деген сөзді айтпа, Әсем,
Аз ба еді ақындардың атылғаны?!
Рухты көк түріктің тұқымдары
Қасқырша атылмап па ед тақымдағы.
Хан Кенені кескілеп өлтіргенмен,
Қырғыздың хан туған жоқ қатындары.

246
Қарақшының қолынан кесілмеп пе ед
Ғазиз бас Махамбеттей батыр дағы.
Азаттықтың жолында мерт болмап па ед
Қазақтың рухы мен ақылдары.
Тәуелсіздік алғанда қазақ елі,
Қазақтың атылмасын ақындары.
Құлатқан қу сұлтаны саһарыңды,
Сұлатқан алтын өркеш атаныңды.
Жайратып НКВД жалғыз оқпен,
Құдыққа тастамап па ед Шәкәрімді.
Марғасқа Мәдиді атып өлтіргенде,
Кебін қып жаппап па едің шапаныңды.
Алаштың арыстарын атпап па еді,
Сиретіп ақбөкендей қатарыңды.
Сағынып азаттыққа жеткен қазақ,
Енді ешкім бөгемесін сапарыңды.
Көзінде жас ұрпақтың от болса екен,
Рухани қазынасы тоқ болса екен.
Бүгінгі ақ орданың маңайында
Рухты арлан қазақ көп болса екен,
Храпунов секілді қашып кетер,
Екіжүзді шенеунік жоқ болса екен.
Әсем:
Жан емес Жүрсін ағам киік қуған,
Ол сіз ғой бізді көріп күйіп тұрған.
Алашты айтысымен қауыштырып,
Халқына өнегелі күй ұқтырған.
Жеп қоймас Әсем қызды тәтті екен деп,
Күтпейді ел ондай қылық сүйікті ұлдан.
Қобыланды ұрпағы ғой Жүрсін ағам,
Тұлғасы пенделіктен биік тұрған.
Байлығы ән менен күй, жыр елімнің,
Еліме арналады тілегім мың.
Алтайда түк жоқ деген бұл ағама
Қажырын көрсетейін білегімнің.

247
Мастанбай Машкеевичтер не қылады,
Ақ адал болмаған соң ұлы елімнің.
Сенімін, үмітімен ақтамады
Ел сенген Елбасыдай тірегімнің.
Ойрандап кетсе­дағы опасыздар,
Туған жер, төріндесің жүрегімнің.
Шыңғыстау, Өр Алтаймен, үнін тыңда
Түлеген тұғырынан түлегіңнің.
Байлығын Храпунов жеп кеткенмен,
Ай­күні аспанында тұр елімнің.
Ол рас, кер бестіні тағаладың,
Тау­тасын туған жердің араладым.
Сіңіріп өсиетін өткенінің,
Қасиетін топырағының бағаладым.
Алаштың астанасы – ару Семей,
Әлихан, Сәкен жүрген дара бағым.
Ахмет, Міржақып пен Сұлтанмахмұт
Оятқан қараңғы елдің саналарын.
Сол жерде Әуезовтей ұл толғатқан
Құрсағы құтты, алып аналарым.
Оқытып Шәкәрімнің «Ар ілімін»,
Баптаған байыпты ғып балаларын.
Ұрпақты ізгілікке жетелеген
Дәрия жүрегі кең даналарым.
Ұлтына қай кезде де жоқшы болған,
Вахабит емес менің ағаларым.
Алысқа мен кетпеспін адал болсаң,
Ізгілік нәрі боп тамар болсаң.
Мен сізден қашып, аға, қайда барам,
Жаныма жақсы іспен жағар болсаң.
Мағжандай маңғаз туған ақын дер ем,
Жұлдыздан «жүзік, алқа» тағар болсаң.
Қайтер ең, осы қазір дәл қасыңа
Еліктей ерке басып барар болсам.
Алдында мына келген ағайынның
Осындай жомарттыққа барар болсаң.

248
Әсемдей қыз көңілін қалдырмассыз,
Сал­сері шыныменен ағам болсаң.
Аманжол:
Моншақтап тер басқанда алқымымды,
Жүйріктей қосушы едім қарқынымды.
«Айым, күнім орнында» дейсің, Әсем,
Арқада әнге басып жарқын үнді.
Айың, күнің орнында болғанменен,
Сыпырып кеткен жоқ па алтыныңды?!
Ұрының арты қуыс нанды ұрлаған,
Алаяққа жол берген балдыр заман.
Жеріңді сатып­сатып ұры күйеу,
Ұшақпен ұшып кетті­ау, алғыр ғалам.
Қазақстанға ап келіп соттау керек,
Ондай күйеу көп бізде алдырмаған.
Алтай мен Жетісуды ата­бабам
«Храпунов жесін» деп қалдырмаған.
Әсем қыз, көкке қанат сермедіңіз,
Халқымды тәтті әуенмен тербедіңіз.
Е, бәсе, қашамын деп қайқаңдамай,
Жөн болар жетегіме ергеніңіз.
Ежелден қыз алысып, қыз беріскен,
Құдандалы еді ғой елдеріміз.
Қарқаралы, Шыңғыстау қатар тұрған,
Іргелес емес пе еді жерлеріміз.
Құнанбай Ұлжанды кеп әкеткенде,
Қосылып кетпеп пе еді жеңдеріміз.
Ол аздай Алшынбайдың Ділдәсін ап,
Ақиқат құда түсіп келгеніңіз.
Мойыныма алқа тақ деп қоясың,
Аз ба еді Тобықтыға бергеніміз?!
Қашаннан қыз алдында сөзім берік,
Әншейін отырғам жоқ көзірленіп.
Тоқтамыстың қызымен айтысқанда,
Асқақтап кетуші едім сезімге еріп.

249
Майысып Айнұр сұлу сұрағанда,
Жолымды кетуші едім өзім беріп.
Одан зиян көрмейсің, Әсем қалқа,
Қасыма келер болсаң өзің желіп.
Сыңғырлап алтын, күміс шығып қалар,
Қалтамды ақтарып көр өзің келіп.
Әсем:
Арлан боп аттанғанда алып белден,
Сыйыңыз сол ма маған алып келген?!
Қыз берсе Қарқаралы Шыңғыстауға,
Тектісін Тобықтының танып берген.
Алуды білген кезде Құнанбайлар,
Қарымта қайтарар жол тауып келген.
Мешіт сап Қарқаралы қаласына,
Оның да жақсылығын халық көрген.
Үй салып Меккеге де қазақ үшін,
Атағы алты алашқа дәріптелген.
Тәуелсіз егеменді ұрпақты аңсап,
Елінің санасына жарық берген.
Құдамыз Аманжолдай біртүрлі екен,
Тобықты көп алды деп қауіптенген.
Құнанбай атам менің ірі екен ғой
Нән мешіт қайын жұртқа салып берген.
Айтыстың басылмаса дүрбелеңі,
Көңілде көктем жырдың гүлдегені.
Сал­сері мырзасындай баяғының
Аманжол сый­құрметті, жүлделі еді.
Келгенде қызды ауылға сал мен сері,
Қалайша жоралғысыз құр келеді.
Қалтамнан өзің келіп ал деп тұрсыз,
Ал Әсем бара алмай күрмеледі.
Баяғы бабаларым қылған істің
Ойыма түсіп тұр ғой бір дерегі.
Біржан сал шідерінің жоғалғанын
Ләйлімнен көрмеп пе еді іргедегі.
Біржан сал атаң құсап сіз де менен
Даулағалы отырсыз ғой бірдеңені.

250
Аманжол:
Атаңды мақтасаң да қанша тағы,
Аманжол дәлел сөзбен қарсы алады.
Абайды Ұлжан ғана туып берген,
Құнанбай «қырық тоқал» алса­дағы.
«Жігіттің жақсылығы нағашыдан»,
Түсінсең осы сөздің бар сабағы.
Абайдың анасының ауылына
Көп болмас алты мешіт салса­дағы.
Сөйлесе қара сөзден қаймақ алған,
Тобықты деген ел бар байрақ алған.
Кеш батса жігіттері атқа қонып,
Қаракесек жылқысын айдап алған.
Біресе Ерейменнен жылқы қуып,
Біресе жылқы ұрлайтын Айдаболдан.
Кей кезде найманнан да жылқы ұрлайтын,
Жарты Қазақстанды жайлап алған.
Абайға Біржан бабам көп баратын,
Атағы әлем асып айға қонған.
Серінің жоралғысын аламыз деп,
Қыздарың шыққан сонда жайнап алдан.
Шідерін өлең қыпты Біржан атам,
Көлбайға көңілі толмай майдаланған.
Әйтпесе, атышулы Біржан салдың
Талай­талай шідері сайда қалған.
Әсем қыз, күдіктенбе, ұрлық болмас
Серінің қалтасынан жайлап алған.
Тәуелсіз орда тіккен дала – белге, 
Сөз айтам Қазақ деген саналы елге.
Ең бақытты халықтың біреуі бол,
Қайғысыз ғұмыр кешкен дара төрде!
Кешегі көк түріктің бұтағымыз
Қасқайып әмір еткен қара жерге.
Судың да сұрауы бар несиені
Қытайдан «береді» деп ала берме.

251
Еселенген қарыздың ауыр жүгін
Ұрпақтың мойынына сала көрме.
Ақылменен саясат қыл, Қазақстан,
Аюдың табанында қала көрме.
Әлемнің көшін бастар тыныс берсін
Көсілген қазақ деген қарагерге.
Құдайым азаттықтан айырмасын,
Одан артық бақыт жоқ бағалы елге.
Әсем:
Серіден ұрлық емес жайлап алған,
Ол рас, бабаларым байрақ алған.
Жылқысын сол заманда Айдаболдың
Деп тұрсыз тобықтылар айдап алған. 
Тойында тәуелсіздік дәл осылай
Шығар деп ойламап ем сайрап алдан.
Жоғалған жылқыларын Қаракесек
Дауласа баяғыдан қайда қалған?
Сіз жақтан жылқы түгіл, қыз алғанбыз,
Тобықты алар жерін сайлап алған.
Құнанбай күйеу болып сіздің елге,
Абайы адамзаттың пайда болған.
Абай да Алшынбайдың қызын алды,
Жері жоқ бабалардың майдаланған.
Қаракесектің ғана қызын алған
Сол кезде Тобықтыда айла болған.
Жылқыны Айдаболдан айдап алған
Өзіңнің апаларың пайдаланған.
Ағажан, жарық күнім, атпал айым,
Мен сізден қалай кейін қап қалайын.
Көрсетіп өзіңізге құрметімді,
Қоштасып ағайынмен аттанайын.
Болса да қалтаңызда алтын, күміс,
Сабырмен айналама сақ қарайын.
Бұл жерде ақтарғаным ұят шығар,
Сыртында сахнаның ақтарайын.

252
Бөлмеге шай ішетін шапаныңды
Көтеріп мен өзім­ақ ап барайын.
Сонан соң жолыменен бұрынғының
Қалтаңнан әшекейді ап қалайын.
Тәуелсіз егеменді Отаныма
Берсе Алла тыныштықтың бақ­талайын.
Аманжол ағамыздан алғаным деп,
Жеткенше жасым жүзге мақтанайын.
Аманжол:
Әр пенде тағдырына бағынады,
Ұзатқан қыз төркінін сағынады.
Күйеуі барымташы болғаннан соң,
Қыз байғұс көнбегенде не қылады.
«Ұрпақтың тектілігі нағашыдан»,
Түсінсең бұл сөзімді мағыналы.
Қаракесек қыздары аман болса,
Әлі талай жұлдызың жағылады.
Семейдің ақыл болса керімінде,
Баламас бұл сөзімді тегі мінге.
Құдашаға құда боп қалжың айттым
Сыр – сандық серттен таймас сері күнде.
Балқантаудың жиендері болмағанда,
Мақтанар Шыңғыстаудың елі кімге.
Тобықтының жұртының тектілігі
Дана перзент сыйлаған келінінде.
 
Тулайды көктем келсе Есіл ағып,
Жүргенбіз осы жерде көшіп анық.
Ол рас, қартайғанда, Әсем қалқа,
Бұл күнді отырарсың есіңе алып.
Бекзада боз даланың серісі едім
Қызға берген серті адал, шешімі анық.
Қалтамды ақтарсаңыз, ақтар, Әсем,
Тек қана жүрмегейсіз тесіп алып. 

253
АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН 
САРА ТОҚТАМЫСОВА 
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған айтыс, 
Астана. Желтоқсан, 2011 жыл
Сара:
Бісміллә, сөзді бастадым,
Армысың, қалың жамағат.
Жақсы мен жайсаң кеп отыр
Өнерімізді бағалап.
Ақындарыңды қабыл ал
Жырлары терең ғаламат.
Мен де бір жүйрік дүлдүлің
Додаға салған тағалап.
Есілдің жырым суындай
Төсіңді кетсін аралап.
Тарихтан тартып сөйлесем
Жадыңды өткен жаңалап,
Қалдырған қара шаңырағым
Таң қылған төрткүл дүниені
Түркілер құрған қағанат.
Абылай ақ ту астына
Жинаған үш жүз баласын
Ертеңін елдің шамалап.
Армандап азаттығыңды
Кешірген бастан сан азап,
Өзекті өртер өткенді
Қайтеміз бүгін табалап.
Тұғырлы тәуелсіздігім –
Басыңа қонған дара бақ.
Береке менен бірлікке,
Теңдікке қылып қанағат,

254
Жақсылығыңды жырлайық
Той қылып жатсаң даралап.
Қыздыру тойдың көрігін
Қызыл тіліме аманат.
Мен мен едім, мен едім,
Қандай да елден кем едім?
Қазтуған, Бұхар, Асан боп
Қазақтың қамын жегемін.
Махамбет, Кенесарының
Қорамсағынан атылған
Қозы жауырын жебемін.
Мұстафа Шоқай, Тұрардай
Түндігінен түркінің 
Сәуле шашсам деп едім.
Баршаның басын ұйытқан,
Қолтығы кең ел едім.
Теңдігімді алып Кеңестен
Тереземді теңедім.
Есілдің бойын ен жайлап,
Ел қондырған ер едім.
Құтты болсын бүгінгі
Жиырма да жасқа кегенің.
Ақ тілек айтсам анамның 
Жамылып аппақ желегін:
Әр қазақ – менің жалғызым,
Аман да болып өр елім,
Қазақтың бағын мәңгі ғып,
Жаратқан, өзің жебегін.
Аманжол ағам орынды,
Салиқалы сабырмен
Бүгінгі айтысқа жан­жақты
Жиналды небір дарынды.
Қарсылас болып жаныма
Бас ақындарың табылды.
Күні кеше айтыста
Жастығыменен жалынды

255
Мұхтар дейтін бір ақын
Қағып алардай шаңымды,
Ақындарды қойды ғой 
Картаға теңеп кәдімгі
«Дамаға» теңеп Сараны,
Ал өзі «Қарға валет» боп
Сөзінен өзі қағынды.
Балық деп, бірде шыбын деп
Ашуымды қайнатып,
Қарайтып еді қанымды.
Қуанып тұрмын ал енді
Тапқандай шипа дәрімді.
Айтатын сөзің балшекер,
Құлаққа тиер жағымды.
Айтысқан кезде «Валетпен»
Өзіңді Сара сағынды.
«Корольдер» жақсы екен ғой
Түсінетін қадірді.
Ел айтқанда ардақтап
Құрметтейтұғын «Дамаңды»
Қошеметіңді аяма,
Алақаныңмен аяла,
«Король» мен «Дама» қалжыңға
Қарық қып кетсін бәріңді.
Аманжол ағам айтысты
Дәстүр­салтпенен әрледі.
Әсеммен кеше айтысып
Қалжыңың айтқан дәмді еді.
Сіз оған «сұлу Ләйлім» деп,
Ол сізге «Біржан сал» деді.
Аманжол ағам сол кезде
Әдетке басып баяғы
Бірдеңемді өзің тап,
Қалтаға қолды сал деді.
Айнұрға да ал деді,
Ақмаралға да ал деді.

256
Сал деген сайын керілдің
Әр жерге тығып әр нені.
Сонымен, Біржан сал аға,
Іздетпекшісің ал нені?
Сонымен, Біржан сал аға,
Қалдырып қойған Сараға,
Көрсетпей тығып сақтаған
Бірдеңең тағы бар ма еді?
Аманжол:
Сақ пен Ғұн, Түркі жұрты тегім еді,
Тәуелсіз Қазақ деген елім еді.
Айтыстың сар даладай сахнасы
Халқыммен қауышатын жерім еді.
Алдыгүні айтысқа шыққан Әсем
Шығыстың сылаңдаған елігі еді.
Бүгін де Шыңғыстаудың қызы шықты,
Семей неткен дарынды, берік еді.
Найманның нарттай жанған қызын көрсем
Қаным қызып, шабытым желігеді.
Байқаймын, мына қыздың жөні бөлек,
Тастамбектің қызындай берідегі.
Аққудың қатар қаққан қанатындай 
Екі қасы сөйлесе керіледі.
Қос танауы желпілдеп кеткен екен
Қарақұлақ құлындай желідегі.
Айтысты бірінші боп бастап кетті
Әуелі сөзді күтпей серідегі.
Шапаныңды Әсемге ақтарттың деп
Қалтама қол салуға ерінеді.
Жылқының қулығындай асау екен,
Апыр­ау, мынау кімнің келіні еді? 
Айтыста алдың талай қамалдарды,
Өнерде өзіңе сай бағаң бар­ды.
Мыңға мырза болғанда, Сара сұлу,
Апыр­ау боламын ба саған жарлы.

257
Шапанды ақтартты деп өкпелеме,
Бешпентімнің қалтасы саған қалды.
Қайықтан көл бетінде паром жақсы,
Сыған деген халықта Барон жақсы.
Әскери офицердің баласысың,
Әкеңе жұлдызы үлкен погон жақсы.
Картада Валет мықты болғанменен
Өмірде құзыры үлкен  Король жақсы.
Тату болсақ туғандай бір анадан,
Кес­кестеп өтер дейсің кім арадан.
«Тетігіңді» таба алсаң бақыттысың
Өрілген «өмір» атты мұнарадан.
«Ақын аға» десең де ризамын,
Қазақстанның Королі бір­ақ адам.
Керекудің ар жағы Семей ме екен,
Семейден шыққан қыздар мерейлі екен.
Кеше Мұхтар өзіңе «Дама» деді,
«Дама» деген Сараға теңеу ме екен?!
Одан­дағы күн күлген жанарынан
«Айтыстың ханшайымы» демей ме екен.
Сонан соң ер жігіттің салтыменен
Ханшайымның қасына кемей ме екен.
Тілінен таңдап берген тәтті өлеңін
Таңдайда уылжытып жемей ме екен.
Күреңді кезек мініп қараменен
Семейге барған бабам даламенен.
Балқантаудан Ертіске кеш жететін
Қыздар күбі піскенде сабаменен.
Шешесіне көрінбей торулайтын
Байпаңдап нан пісірген табаменен.
Сол сәтте апаларың шығады екен
Жігітті көп тостырмай жаңа кеген.
Ертіске атпен барған аталар­ай
Қыз сөзін есту үшін «аға» деген.
17­302

258
Кешегі Тоғжандардың сіңлісісің
Абайға шай құймаған шамаменен.
Саражан, саған теңеу бола алмайды
Мұхтардың айтқан сөзі «Дама» деген.
Кей кезде не нәрсені теңеу көріп 
Айта береді екен ғой бала деген.
Қара қыз, еститұғын сөзің осы 
Шықпасаң мен секілді ағаменен.
Талайдың қызыл тілмен мысын басқан
Айтыстың Томирисі – Сара деген.
Тербеткен алты алашты дастан­әні,
Бірі едің берік қыздың тас қамалы.
Сенің де туып­өскен жерің еді
Саңлақ Сарыарқаның қасқа алаңы.
Төркініңе көтеріп алып кепсің 
Ботаңды – құндақтағы жас балаңды.
Саражан, бөпеңіз де бақытты ғой
Туа сап көрген мынау Астанамды.
Қырық жылдық тойында Елорданың
Толағай жігіт болсын асқаралы.
Ордамды Есілдегі жағаға сап,
Тұрғыздық Астанадай қала ғажап.
Алтайдан Атырауға қанат жайып,
Байтақты мекен еткен дала қазақ.
Жерін жаудан қорғаған батыр қазақ,
Елін даудан қорғаған дана қазақ.
Алты құрлық мойындап ақылыңды,
Деген күн арта қалды «қара қазақ».
Жиырма жылда жұлдызы жарқыраған
Сапарың сәтті болсын, дара қазақ!
Көк түрік шаңырағына ие болған
Бақытың арта берсін, баба қазақ!
 
Сара:
Келінсің кімге дейді ғой
Аманжол дейтін ақтабан.

259
Сен де, аға, жүйрік ақынсың
Арқаның жұрты баптаған.
Атаның атын атамас
Келінмін салтты сақтаған.
Сұрасаң енді айтайын,
Кезім жоқ менің тоқтаған.
Бір атам менің атақты
Қазақтың қорғап намысын
Ағынтай дейтін батырмен
Арқада жатқан жақсы адам.
Бір атам менің ұлы ақын
Қатаған дейтін қырғыздың
Ақынын жеңген қақсаған.
Бір атам менің Одақта
Болмаған жыры шашпаған.
Сталиннің өзі мойындап,
Парасат сөзін пайымдап,
Айтыстың атын әлемге
Таратқан ол да хақ бабам.
Бір атам менің дәл бүгін
Астана салып алашқа,
Қаймықпай тартыс­таласта
Азат күн елге бас болып,
Қазақтың көшін бастаған,
Сондықтан да оны сұрама.
Қалтаға қолды сал дей ме
Аманжол ағам, серіміз?
Мырзалығыңа куә ғой
Отырған мына еліңіз.
Қалтаға қолды салмаймын,
Алтын берсең де алмаймын,
Ондайға жоқ ед ебіміз.
Мен өзге емеспін, Сарамын,
Шоқтығы биік дарамын.
Сондықтан берер болсаңыз
Өзіңіз әкеп беріңіз,
Керегімді және де
Өзім қалап аламын,
Сөзіме осы сеніңіз.

260
Ең бірінші қалауым –
Мұнайым, алтын, темірім,
Шетелдіктер ап жатқан
Халықтың құты кеніміз.
Ал келесі қалауым –
Жиырма жылда оңалмай
Тіліміз болды кеміміз.
Күресейік тіл үшін
Біткенше ақтық деміміз.
Одан соңғы қалауым –
Асылзада аяулым,
Алашымның айбыны
Кенесарының Питерден
Басын әкеп беріңіз.
Туған елінде дамылдап,
Құшағына алсын жеріміз.
Одан соң жауы халықтың
Атанып кеткен арыстар,
Сүйектері шашылып
Әр жерде жатқан ұлдардың
Қабірін тауып келіңіз.
Осындай қалауларымды
Асыға күткен мен түгіл
Мына отырған еліміз.
Шын мырза болсаң ал, аға,
Өз қолыңмен Сараға
Беретұғын жөніңіз.
Осыдан кейін, ағайын,
Аманжолдың атымтай 
Жомарттығын көріңіз.
Арқадай төркін жұртыма
Арқалай келдім баламды.
Тербете жүріп бесігін,
Қонағына ашып есігін,
Үлгерген барлық шаруаға
Көріп өскенмін анамды.

261
Көтеріп келдім көрсін деп
Астана – ару қаламды,
Жақсы­жайсаңдар ту тіккен
Сарыарқадай даламды,
Жиен деп көңіл бөлетін,
Қырық серкешін беретін
Аманжолдайын ағамды.
Арқамның асқақ төрінде,
Арқалы дархан жерінде
Ұлы дүбірлер басталса
Үйімде қалай жатайын
Жайлауға салып жағамды?
Құлынын ертіп қасына
Келгенде тойға асыға
Сарадай дүлдүл қыздарың
Тайдыра қоймас табанды.
Қайрат пен жігер бойымда,
Ақыл­парасат ойымда,
Көрсеткем көпке шамамды.
Жүйріктей келіп жарысқай,
Азаматтардан қалыспай
Өлеңмен тамсандырайын,
Көрермен берсін бағамды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет