МИГЕЛЬ ДЕ СЕРВАНТЕСТІҢ «ЛАМАНЧТЫҚ ДОН КИХОТ» РОМАНЫ
Мақалада Мигель де Сервантестің «Ламанчтық Дон Кихот» романындағы кейіпкер
табиғатын, кезең көрінісін ашудағы қаламгер шеберлігі жан-жақты сөз болады.
Сервантес шығармашылығында өз заманының келеңсіз жақтарын көріп, қолына қалам
алған болатын. Қаламгер айналасын шырмап алған кемшіліктерге, озбырлықтарға сын
199
көзбен қарап, адам тағдыры және оның арман-тілегі жайында тереңірек пікір жүргізуге
ұмтылады. Романда келеңсіз оқиғаларды бейнелеу, зұлымдық пен соқыр сенімді сынға алу
негізгі мәселе болып қалады. Шығармадағы көңілсіз оқиғаларды бейнелеуде жазушы
өмірден түңілу сезіміне берілмейді, керісінше ол қайғы құрсауында да өмірге сенім
туғызатын оптимистік, образды тәсілдерді табады. Бұл сол қоғамда жаңалықтың ескілік
үстінен жеңіске жетуін көрсетуде айқын байқалады.
Негізгі сөздер: реалистік роман, образ, сонеттер, серілік роман, «донкихотшылық»,
ортағасырлық поэзия, гуманист, дәстүр, қаһарман.
XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың бастарында өмір сүрген испан Қайта өрлеу
дәуірі әдебиетінің ірі өкілі, реалистік романның негізін салған гуманист жазушы Мигель де
Сервантес Сааведра 1547 жылы қыркүйек айының 29-да Испанияның Алькала де Энарес
қалашығында дүниеге келді. Әкесі Родриго де Сервантес Сааведра емшілікпен күн көретін
жан еді. Сондықтан ол бір қаладан екінші қалаға жиі қоныс аударып отыруға мәжбүр болды.
Мигель де Сервантес 1557-1561 жылдары иезуиттер мектебінде оқыды. 1561 жылы
отбасы Мадридке көшіп барған соң, оқуын осы жерде жалғастырады. Сол жерде бозбала
Мигельде өлеңге деген алғашқы құмарлық оянады. Филипп ІІ-нің әйелі Исабелланың өліміне
арналған сонеттері жас Сервантестің поэзия саласындағы тұңғыш өлеңдері еді. 1569 жылы
Сервантес Римге барып, папаның өкілі Аквавия құзырында жұмыс істейді, 1570 жылдың
екінші жартысында Италияда орналасқан испан қосынына қызметке ауысады. Жоқшылық өз
отанын тастап кетуге мәжбүр қылады.
1571 жылы Лепанто маңындағы түріктермен болған теңіз шайқасында Сервантес үш
рет жараланады. 1572 жылдың сәуір айына дейін Мессино госпиталінде емделеді. 1574
жылдың аяғында әскер ретінде тағы да бірнеше шайқастарға қатысады, 1575 жылы әскери
қызметінен босатылып, інісі Родригомен бірге отанына оралады.
1575 жылдың қыркүйегінде жолда келе жатқан Сервантесті қарақшылар тұтқындап,
Жазоирге алып келеді. Осыдан соң оның Африкадағы құлдық өмірі басталады. Тұтқында
жүрген Сервантес достарын құтқармақшы болып көп әрекеттенеді, өзі де бірнеше рет
түрмеден қашпақшы болады. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы сәтсіз аяқталады. Сервантестің
ата-анасы ақша жинап, ұлдарын тұтқыннан босатуға ұмтылады. Сервантес 1580 жылдың 19
қыркүйегінде азаттыққа шығып, еліне оралады. Бұл уақытта оның отбасы біраз кедейленген,
ата-анасының жиған-тергені Родриго мен Мигельді құлдықтан құтқаруға жұмсалған еді.
Қартайған әке бұрынғы емшілік кәсібін тастаған болатын.
Сервантес бірер әскери мансапқа ерісу ниетінде Испанияға қосылған Португалияға
барады (1581). Бұл жерде жолы болмаған Сервантес Мадридке қайтып келеді. 1584 жылдың
желтоқсан айында майда дворян отбасынан шыққан Каталина есімді қызға үйленеді. Әкесі
қайтыс болған соң (1585), түрлі шаруашылық істермен айналысуға мәжбүр болады.
Сондықтан әдеби қызметі ұзақ уақыт үзіліске түседі. Алдын әскерге азық -түлік дайындаушы
интендант (1587-1594), соңынан төленбеген салықтарды өндіруші агент ретінде іске кіріскен
Сервантес аңғалдығының себебінен жазықсыз жапа шегеді. 1592 жылы «жиналған астықты
қате сараптады» деп айыпталып, түрмеге жабылады. Басқа жұмыстарынан да кемшіліктер
табылады. Севилия қаласының банкирі Мадридке өткізілетін ақшаны уақтында жібермейді,
мұның үстіне ақшаның құны түсіп қалады. «Өндірілмей қалған салықтар үшін кінәлі» деп
Сервантес 1597 жылы тағы да қамалады. Соңырақ бұл оқиғаға қатысты дау-жанжал қайта
көтеріліп, Сервантес 1602 жылы үшінші рет абақтыға түседі.
Сервантестің «Дон Кихот» романын жазуы, оның өміріндегі осындай ең қиын, ауыр
кезеңдерге тура келеді. 1604 жылы корольдіктің жаңа астанасы деп аталған Вальядолидке
келгеннен соң, оның әдеби қызметіне жағдай туады. Осы жерде «Дон Кихот» романының
бірінші бөлімі баспадан шығады (1605). Мұнан кейін он төрт хикаяны өз ішіне алатын
«Ғибратты новеллалар» жинағы (1613), «Парнасқа саяхат» (1614) поэмасы баспадан шығады.
200
1615 жылы «Дон Кихоттың» екінші бөлімі жарияланады. Осы жылы оның «Сегіз комедия
және сегіз интермендия» атты пьесалар жинағы да жазылады.
Сервантестің соңғы шығармасы «Персилес пен Сигизмунданың саяхаты» романы
жазушы дүниеден өткен соң ғана жарияланды. Антик классикалық және Қайта өрлеу дәуірі
әдебиетімен жақыннан таныс, әскери қызмет пен шайқастарға қатысқан, бес жыл тұтқында
болған, мұнан да өзге едәуір азаптарды басынан өткізген Сервантестің дүниетанымы
гуманистік мазмұнда қалыптасты. Бұл жағдай оның ірі реалистік жазушы дәрежесіне
көтерілуіне мүмкіндік берді. Сервантестің үздік әдеби таланты оның «Дон Кихот»
шығармасында айқын танылады.
«Дон Кихот» романының жазылуы испан мәдени өмірінде өте үлкен оқиға болды.
Шығарманың мазмұнында Сервантес серілік романдарды қатты сынға алуды негізгі мақсат
етіп қояды. «Дон Кихот» сырттай қарағанда орта ғасырлық серілік романдарға пародия
болып көрінгенімен, оның мазмұны өте тереңде жатыр. Шығарма бүкіл феодалдық қоғамды
және сол қоғамның әдет-ғұрыптарын, заң-тәртіптерін аяусыз әшкерелеген ащы сатира еді.
Поль Лафарг барлық роман жазушылардың ішінде Сервантес пен Бальзакты өте жоғары
бағалаған. «Дон Кихоттан» болса, өліп бара жатқан серілік эпосты көрген.
Орыс революцияшыл демократы В. Г. Белинский даңқты «Дон Кихоттың» авторына
жоғары баға бере отырып, «ол романның идеал түрде дамуына қатты соққы берді және оны
шыншыл бағытқа салды», деп көрсетті [1,24]. Жоғарыда келтірілген пікірлер Сервантес
шығармасының маңызын ашуда, әрине, ерекше қызмет атқарады. Шығарманың бас
қаһарманы Ламанч қыстағында жасайтын, жасы елулерге келіп қалған, ұзын бойлы,
қайратты, бірақ жүдеу, аңшылықты ұнататын, кедейленген дворян Кихона еді. Бұл дворян
серілік романдарды қызыға оқығандығы сонша, тіпті аңшылықты да, өз шаруашылығын да
ұмытады. Жерінің көп бөлегін сатып, оның ақшасына жаңа роман кітаптар алып, үздіксіз
оқуға кіріседі. Ертелі-кеш кітаптан бас алмайтын оның миы зақымға ұшырайды. Кихонаның
көз алдынан серілік романдардағы жәдігөйлер, әртүрлі серілер өте бастайды. Ол үшін қияли
нәрселер ақиқаттай көрінеді, ал ақиқат болса өз мәнін жоғалтады. Оның ойында сері болу
және соларға ұқсап әрқандай әділетсіздіктерге қарсы күресу арманы туады.
Ол серілік романдардағы қағидаларға сүйене отырып, лезде іске кіріседі, ата-бабасынан
қалған ескі, тот басқан темір-терсектер ішінен қару-жарақтар тауып, оларды өңдейді. Темір
қалпақ та табылады, соңынан арық, ақсақ атына көзі түседі. Оған серілік романдардағы
сияқты даңқты Росинант деген ат қояды. Өзіне бір апта ойланып, соңында, Дон Кихот деген
есімді таңдайды. Оған туған қыстағының атын жалғап, ламанчтық Дон Кихот деп атауды
мақұл көреді. Жорықшы серінің, әрине, махаббаты мен ғашығы болуы керек. Ол Табасо
қыстағындағы шошқа бағатын Алдансо Лоресо деген қызды өз тілегіне сай деп таңдайды.
Оған да Дульсинея Табасо деп, ханшаларға қойылатын есімді қояды.
Осыдан соң, Дон Кихоттың «жорықтары» басталады. Әділеттік үшін күресіп, ерлік
көрсетпекші болған Дон Кихот атқан әр бір қадамында сәтсіздікке ұшырайды.
Шілде айының ыстық күндерінің бірінде Дон Кихот жауынгерлік жаттығулар жасап,
қару-жарақтарын асынып, Дульсинеяның есімін қайталап, «тұлпар» Росинантқа мініп,
бірінші рет сапарға аттанады, бірақ есіктен шығысымен оны көңілсіз ойлар мазалай
бастайды. Себебі, ол серілікке ант бермеген еді, сондықтан серілік қағидалар бойынша
біреумен серілік шайқасқа түсуі керек болатын. Енді ол кейін қайтуы тиіс, бірақ оның
бойындағы тентектік барлық қағидалардан басым шығады. Жолда бірінші кездескен
жолаушының батасымен сері атағын алмақшы болады.
Дон Кихот осы күні, кешке қарай жеткен жері керуен сарайды қорқынышты қапас деп
ойлайды, бұл жердегі әйелдер оған сұлу ханымдар болып елестейді, шошқа бағушының
сыбызғысының даусын «өзін күтіп алу салтанатына арналған күй» деп қабылдайды. Дон
Кихоттың «дұшпанмен» алғашқы қақтығысы осы керуен сарайдың қорасында болады.
«Қасиетті орын» деп түсінген сарайды түнімен ұйықтамай күзетіп шығады. Осы кезде малын
суаруға келген шопанды «дұшпан екен» деп, оған қарсы шабуылға шығады. Дон Кихот
таяққа жығылған жазықсыз малшының достары жаудырған тастардың астында қалады.
201
Керуен сарай қожайнының Дон Кихот серіге «бата» беруге асығуының себебі, одан тез
құтылу еді. Енді «нағыз» сері ретінде жолға шыққан Дон Кихот, қожайны сабап жатқан
шопан балаға кездеседі және оны азаптан құтқарады. Дон Кихот өзінің істеген істеріне өте
қуанышты еді, өйткені ол «үлкен әділетсіздіктерді жеңген болатын». Бірақ баланың мұнан
соңғы тағдыры оны онша қиналдырмайды. Толедо саудагерлерімен шайқас та көңілсіз
оқиғалармен аяқталады. Дон Кихот оларды жауынгер серілер деп жолын тосып, дүниедегі
барша ханымдардан гөрі, Дульсинеяның сұлу екендігін мойындауға мәжбүрлемекші болады.
Өжеттікпен оларға шабуыл бастаған, бірақ таяққа жығылып, орнынан тұруға шамасы
келмеген Дон Кихот қайғырмайды, өйткені «жиһангер серінің басында мұндай оқиғалардың
болып тұруы табиғи» дейді.
Сервантестің шығарма кіріспесінде «серілік романдардың құлайын деп тұрған
іргетасын қирату» дегендегі басты пікірі Дон Кихоттың алғашқы сапары бейнелеген
эпизодтарда айқын көрінеді. Серіліктің апатты әсеріне қарсы батыл әрі тынымсыз күрес
алып бару идеясы бүкіл оқиғалар барысында жазушының назарынан тыс қалмайды.
Дон Кихот серілік жорықтардан оралып, қатты науқастанып жатқан уақтында, оның
кітапханасын көріп шыққан достары, жиені мен қызметші әйел «құрғақ тілмен жазылған, лас
әрі мағынасыз», зияннан басқа келтірмейтін кітаптар туралы: «Барлығын жинап, өртеп
жіберу керек», «Оларды қоқысқа лақтыру керек» дейді. Бұл жазушының серілік романдарға
жиіркенішпен қарауының белгісі еді. Дон Кихот кезекті сапарға шығар алдында Санчо Панса
деген қарапайым шаруаны тауып, өзіне жәрдемші-атқосшы қылып алады. Оны бұл
қызметтері үшін болашақта бағындыратын аралдардың біріне губернаторлық орынға
тағайындамақшы болады. Жолда алыстан көрінген жел диірмендер оған қорқынышты дәулер
болып көрінеді.
Дон Кихот бірінші кездескен диірменнің қанатына найза қадайды. Айналып тұрған
диірмен қанаттары оны атымен қоса көтеріп, лақтырып тастайды. Санчо Панса ауыр халде
жатқан қожайнына бұл өкінішті оқиғаның өз сөздеріне сенбегендіктен болғандығын
ескертеді. Дон Кихот болса, кітаптарымен бірге үйін де тонап кеткен дұшпаны, жәдігөй
Фрестонның сиқырдың күшімен арпа дәндерін жел диірмендерге айналдырып қойғандығын,
бірақ бәрі бір оның аярлығы Дон Кихоттың қылышына төтеп бере алмастығын айтып, өз
пікірінен қайтпайды. Екінші күні Дон Кихот пен Санчо жолда екі монах пен олардың
қызметкерлеріне кездеседі. Олардан кейінірек, арбада бискайлық әйел де келе жатқан. Бұл
жолаушылар Дон Кихотқа «ханшаны» ұрлап бара жатырған қарақшылар болып елестейді.
Ол «ханшаны» азат ету үшін шабуылға шығады. Санчо Пансаны тек қана бір нәрсе – жерде
созылып жатқан, «жеңілген» адамның заттарын олжалап алу ғана қызықтыратын. Бірақ екі
қаһарман да – сері мен оның атқосшысы жолаушылардан қатты тойтарыс алады.
Осы сияқты көңілсіз оқиғалар Санчо Пансаны үмітсіздікке түсіреді. Ол сондықтан
қыстағына қайта оралып, шаруашылық жұмыстарымен айналысқысы келеді. Бірақ Дон
Кихот оған жеңіс күні жақындап қалғандығын, шыдамды, сабырлы болу керектігін ұқтырған
соң, ол Дон Кихотты тастап кете алмайды.
Дон Кихоттың қызметкерінен «мұңды сері» лақабын алуы бекер емес. Оның өзі де
өткендегі серілер сияқты осындай атқа тезірек ерісуді тілеп, қалқанына мұңды адам суретін
салғызбақшы болғанында, Санчо Панса оған қарсылық білдіріп, бұл нәрсеге уақыт пен ақша
жұмсап отырудың тіпті қажеттігі жоқтығын, өйткені аштықтан және тістерінен
айрылғандықтан, бетіндегі пердесін ашып тастаса болғаны, оның жүзі онсыз да мұңды әрі
аянышты екендігін айтады. Санчоның бұл сөздері әзіл-қалжың сияқты көрінгенімен, ол көп
мәселелерге шынайы баға беретін.
Серілік романдарға ес-түссіз берілу Дон Кихотты алаңғасарлық халге түсіргенімен,
оның жүрегі таза, пәк, іс-әрекеттері, талпыныстары адал. Бұл пікірді романдағы мына эпизод
толық дәлелдейді: «Намысы тапталған және байлардан озбырлық көргендерді қолдау үшін
ант ішкен» Дон Кихот жолда қолдары кісенделген тұтқындарға кездесіп, оларды құтқаруға
ұмтылды. Табиғат еркін жаратқан адамдарды құлға айналдыру үлкен әділетсіздік, деп оларға
бостандық беруді талап етеді. Бірақ, сақшылар оның талаптарын орындамайды. Бұған
202
ызаланған Дон Кихот шабуылға шығып, жасақ бастығын, жақсы қаруланбаған сақшыларды
соққыға жығып, тұтқындарды кісеннен құтқарады. Сервантестің көрсеткеніндей, Дон Кихот
«тентекше өмір сүріп, данышпандарша өледі». «Дон Кихот – жомарт әрі ақылды жан, - деп
жазады Белинский, - ол бүкіл жан-тәнімен өзі сүйген идеяға берілді. Дон Кихот мінезінің
күлкілі жағы оның сүйген идеясы мен заман талабы ортасындағы қайшылықтан туған
болатын. Дон Кихот нағыз серілік талаптарды терең түсінеді, ол туралы әділ пікір жүргізеді.
Сері ретінде мағынасыз тентектіктермен әрекет етеді; серілік қағидалардан тыс пікір
айтқанда, нағыз данышпандық танытады. Міне, сондықтан да бұл күлкілі адам тағдырында
қандай да бір қайғы мен аяныш бар...» [2, 94].
Дон Кихот «Серіліктің ауыр істеріне өз өмірін бағыштап», «озбырлық көргендерге
жәрдем беру, дұшпандарды, жәдігөйлерді жеңумен» даңқын шығару ойымен жүрсе, Санчо
Пансаның ойы мүлдем басқаша. Ол бай болуды армандайды. Уәде қылынған
«губернаторлықты атқара алмайды» деген пікірге қарсылық білдіріп: «Мен бір нәрсені
жақсы түсінемін,- дейді Панса, - графтықты қолға түсірсем болды, оны қалай басқаруды
білемін. Басқаларда қанша жан болса, менде де сонша жан бар, денем тіпті олардан ірілеу, өз
мүлкімді корольден жаман басқармаймын», дейді [3, 34].
Жазушы көрсеткендей, «олардың екеуі де (Дон Кихот пен Санчо Панса) тіпті бір
қалыпта құйылғандай, қожайынның тентектігі, қызметкердің аңғалдығы болмағанда,
шынашаққа да татымас еді»[1, 53].
Олардың бірінде бар қасиет екіншісінде жоқ, біріншісінде жоқ қасиет екіншісінде бар.
Сондықтан да Санчо Панса Дон Кихоттың мағынасыз әрекеттерін байқайды. Пайда
келтірмейтін азапты, көңілсіз көп оқиғалардан соң атқосшылықтан бас тартып, үйіне
қайтпақшы болады, бірақ аңғалдығы мен адалдығы нәтижесінде Дон Кихотты жалғыз тастап
кетуге дәті жетпейді. «...Бірақ көрініп тұр ғой, менің тағдырым осы. Оны күзетіп жүруім
керек. Барлық әңгіме мынада, біз онымен бір қыстақтанбыз, ол мені бақты, мен оны сүйемін,
мұны ол қадірлей біледі. Тіпті, маған сыйлықтар сыйлайды, ең маңыздысы, мен дұрыс
адаммын, соның үшін өлімнен басқа ешнәрсе бізді айыра алмайды» [2, 281].
Баратария аралына губернатор болып тағайындалған атқосшы өзін «дон Санчо Панса»
деп атауға жол бермейді, өйткені ол дворяндар әулетінен емес, қарапайым шаруалар
арасынан шыққан, соның үшін ол мұндай дабыралы атақтардан құтылу жолын іздейді.
Губернатор алдына арызбен келгендердің жұмысын (тігінші мен шаруа, екі шал, шопан мен
күнаһар әйел дауын) әділ шешеді.
Ол «аралды әр қандай алаяқтар, еріншектер мен тоғышарлардан тазартуды»,
құмарханаларды жабуды, арсыз саудагерлерді қууды және мемлекет құрылысын жақсартуды
мақсат етеді. Бірақ, бұл жерде Санчо жалғыз өзі таңертеңнен кешке дейін жұмыс істесе де,
дұрыс тамақтанбайды. Губернатор болудан алдын ол «ыстық тамақ жеймін, салқын
ішімдіктер ішемін» деген армандаған еді. Соның үшін Санчо, «губернаторлық мансап оны
атқарып отырған адамды асырай алмаса, онда ол екі дана бұршаққа да татымайды екен»,
дейді ызаланып, губернаторлықты тастап өз қыстағына қайтады.
Санчоның «...губернаторлық міндетіне көк тиынсыз келдім, әдеттегі герцогтардың
кетуіне мүлдем ұқсамай, одан және көк тиынсыз кетіп барамын», деген сөздерінде терең
мағына жатыр. Феодалдарға тән болған қанағатсыздық,, жемқорлық, әділетсіздік пен басқа
да көп жаман қасиеттер оған жат болатын. Губернатор Санчо мен феодал– губернаторлар
арасында өзгешелік бар. Санчо Пансаның бұл мақсатқа ұмтылудағы ойы - өз тұрмысын
жақсарту мен мемлекеттің қалай басқарылуын өз көзімен көру еді. Мұндай қызметті
орындауға тура келгенде, ол бұл істі данышпандықпен атқарады.
Санчо Панса образында Сервантес «атқосшының барлық жақсы қасиеттерін
жинақтайды». Серілік романдарда атқосшының характері өте аз, әрі жеткіліксіз суреттелетін.
«Дон Кихот» романында болса, ауыр сынақтарға төтеп берген Санчо Панса қожайнының
тентектік әрекеттерінен тиісті қорытынды шығарып, оған сын көзбен қарай бастайды. Санчо
- халық даналығын бейнелеген қарапайым адам образы.
203
Роман персонаждарының құрамына кірген қарапайым жандар – шаруа мен шопан,
студент пен сарбаз, арбакеш пен кәсіпқой, майда дворян мен керуен сарай қожайындары.
Олардың алдына қойған мақсат пен әрекеттері жазушының негізгі идеясын ашуда маңызды
орынды алады. Әсіресе, әйел-қыздар образы – Дон Кихоттың жиені Антония Кихано,
қызметші әйел мен Тереса Панса образы назарға лайық. Тереса ерінің губернаторлыққа
ұмтылуы мен қызын бай адамға ұзату туралы кеңесіне қарсы болады. Қызының шаруа
жігітпен тұрмыс құруын қалайды.
«Ол графиня болған күні, - деп қарсылық білдіреді Тереса, - мен оны көрге көмдім деп
санаймын. Бірақ, мен тағы да қайталаймын: қалай қаласаң, солай істе, біз әйелдердің басына
түскен тауқымет осы, мүлде ақылы жоқ болса да, еріңе бағынуың керек». Сервантес орта
ғасыр жағдайында жасаған шаруа әйелдің тұрмысы мен арман-тілектерін шынайы көріністер
арқылы суреттеп береді. «Бақытты болу байлықта емес, теңдік пен өзара құрметте», деп
көрсетті ол.
Өткен дәуірлердегі ірі әдебиет және қоғам қайраткерлері «Дон Кихот» шығармасының
терең мазмұны мен оның феодалдық қоғамға қарсы рухын жақсы түсінген. XVIII ғасырда
өмір сүрген ағылшын жазушысы Фильдинг Сервантес туындысынан шабыт алып, әдеби
қызметінің алғашқы сатысында «Дон Кихот Англияда» атты сатиралық комедиясын жазды.
Соңынан шығармашылық талантының толысқан шағында Сервантес әдісінен үлгі ала
отырып, «Жозеф Эндрюс пен оның досы Абраам Адамстың басынан кешірген оқиғалар
тарихы» романын жариялайды. Мұнда қоғамды гуманистік негізде қайта құру жайында
Сервантес ұсынған пікірлерді қорғайды.
ХІХ ғасырдағы ілгерішіл романтизмнің ірі өкілдері Гюго, Байрон және басқа
жазушылар да бұл туындыға жоғары баға берді. Сервантес пен оның «Дон Кихот» романы
туралы көптеген құнды пікірлерді айтқандардың бірі Генрих Гейне. Ол Сервантесті
Шекспир, Гётемен қатар қояды.
«Оның серілік романдарға ойсырата соққы бергендігі сонша, - деп жазды Гейне, - «Дон
Кихот» жарық көргеннен соң бүкіл Испанияда мұндай мазмұндағы кітаптарға болған
қызығушылық мүлде жойылды және олардың бірде-бірі мұнан кейін жарияланған жоқ» [3,
149]. Орта ғасырлық поэзиядан нәр ала отырып, серілік оқиғаларды бейнелеген романға
төменгі топ өкілінің образын енгізуі, сол арқылы демократиялық пікірлерді баяндауы
Сервантестің жаңа романның негізін салуына жағдай жасады.
«Өздерін Дон Кихот және Санчо Панса деп атап, бір-бірін үздіксіз пародия қылатын,
сонысы арқылы бірін-бірі толықтырып отыратын екі кейіпкер біріге отырып,- дейді Гейне
«Дон Кихоттың» кіріспесінде, - романның шынайы қаһарманын қалыптастырады. Осылайша,
автордың көркемдік шеберлігі мен терең ақыл-парасатын дәлелдейді» [3, 149].
Белинский Сервантестің шығармашылығын терең талдай келіп, «Дон Кихот» арқылы
өнерде жаңа дәуірдің басталғандығын, қияли жасандылықтарға тосқауыл қойған жаңа
реалистік бағыттың туғандығын ерекше атап өтеді.
М. Горький «Еңбекші адамның еркін шығармашылығына ауыр кедергілер қойылған
еді, - деп жазады «Өнер туралы» деген мақаласында, - Бірақ әрдайым болған және бүгінгі
күнге дейін өмір сүріп келе жатқан Дон Кихоттарда қандай да болмасын сұлу, әдеттен тыс,
таңғажайып бір нәрсе жасау сияқты ежелгі арман сөнбеген еді» [4, 89].
Горький Санчо Пансаның қарапайым адамдар арасынан шыққан, халық даналығын
бейнелеген тұлға екендігін көрсетіп, кітаптың халықшыл және шынайы характерін ашып,
«донкихотшылықты» өткен күндер қиялына берілу нәтижесінде тұрмысты қайта құру сияқты
маңызды міндетті түсіне алмаушылықтың салдары, дейді.
Романның негізгі ерекшелігі, Сервантес екі қаһарманды да авантюристік дерттен
айығуға мәжбүрлейді. Сондықтан шығарманың соңында үмітсіздік көңіл-күйлер көрінбейді.
Дон Кихот Санчоға тән болған өмірге реал түрде қарауды, Санчо болса Дон Кихоттағы
гуманизмді игереді. Осылайша, олар халықтың арман-тілегін бейнелеген нағыз
қаһармандарға айналады.
204
Сервантес орта ғасырлық серілік романдарға ойсырата соққы беріп ғана қоймай,
сонымен бірге жаңа типтегі реалистік романның да негізін салды. Халық тұрмысын жақсы
білуі гуманистік идеяларды бейнелеуге мол мүмкіндіктер берді. Оның реалистік әдісі,
жаратқан образдары және көркемдік тәсілдері дүние жүзі реалистік әдебиетінің мұнан соңғы
дамуына кең жол ашты.
Әдебиет тізімі
1 Белинский В.Г. Сочинение в одном томе. – Москва, 1950.
2 Сервантес М. Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот. 1-бөлім. Ауд. Қараманұлы
Қ. – Астана: «Аударма», 2006.
3 Сервантес М. Айлакер идальго ламанчалық Дон Кихот. 2-бөлім. Ауд. Қараманұлы
Қ. – Астана. «Аударма», 2007.
4 Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиеті тарихы. – Астана: «Фолиант», 2012.
В данной статье рассматривается художественное мастерство великого испанского
писателя Мигель де Сервантеса в романе «Дон Кихот Ламанчский». Сервантес глубоко
раскрывает характер своих героев и осуждает средневековое общество. Но писатель
всегда оптимичен, он верит в будущее. Поэтому его персонажи борються за
справедливость, за духовную независимость. Автор статьи всесторонно анализирует
образы реалистического романа.
In this article art skill of the great Spanish writer Miguel de Servantesa in the novel "Don
Quixote Lamanchsky" is considered. Servantes deeply discloses the nature of his characters and
condemns medieval society. But the playwright is an optimist, he believes in the future. Therefore,
the characters are fighting for justice, for spiritual independence. The author of the article
comprehensively analyzes the images of the realistic novel.
УДК 82/821(100-87)
Ж.Т. Қобланов
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг университеті
Ақтау, Қазақстан
koblanov64@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |