ТОПОНИМДІК АҢЫЗДАР: ХАЛЫҚТЫҚ ЭТИМОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ
Мақалада қазақ жерінде кездесетін топонимдік аңыздар қарастырылып, аңыздардың
этимологиясы халықтық этимология негізінде анықталған. Аңызға толы топонимдік
атаулардың
географтар,
тарихшылар,
лингвистер
тараптарынан
зерттелуі
салыстырылған. Географиялық тарихи атаулардың танымал деген, этимологиясы көп
талқыға түскен атаулар қамтылған. Сол атаулар өздеріне тиесілі аңыздармен
салыстырыла көрсетілген.
Түйін сөздер: халықтық этимология, топонимдер, топонимдік аңыздар, жер-су
атаулары, тарихи атаулар
Аумағы кең, тарихы терең Қазақстан мемлекеті Еуразия құрлығының орталық
бөлігінде орналасқан. Көлемі жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орынды иеленген ел
ауданына жер шарының халық мекендеген құрлық бөлігінің – 2%-ы, Еуразия кеңістігінің –
5%-ы тиесілі. Әлемге белгілі Каспий, Арал теңіздері, Маңғыстау түбегі, Тянь-Шань, Жоңғар
Алатау, Тарбағатай таулары мен Орал, Жайық, Сырдария, Балқаш, және т.б. өзен-көлдері
антикалық дәуірдегі Геродот, Македонский, Птоломей, Страбон бастаған философтармен
қатар белгілі қытай, араб, орыс және Еуропа зерттеушілерінің қызығушылығын тудырып,
еңбектерінде көрініс тапқан. Сан алуан географиялық нысандарды қамтыған Қазақстан
топонимдерінің бүгінгі таңда зерттеуге нысан болуының да өзіндік себептері бар. Осы
тұрғыда белгілі ғалым Т. Жанұзақ былай дейді: «Қазақ топонимдері құрамы мен құрылысы
және шығу тегі – этимологиясы жағынан алуан түрлі. Олардың құрамында ежелгі заман мен
ерте орта ғасыр, ортағасырлық және жаңа замандық топонимдердің бары тарихи құбылыс.
Бұл атаулардың кейбіреулері Сақ, Қаңлы, Үйсін, Ғұн дәуірлеріне тән болса, біразы Орал-
Алтай тіл бірлестігі кезеңіне, енді бір тобы көне түркі тіліне, ал басым көпшілігі қазақ тіліне,
байырғы сөздерімізге хас болса, шағын тобы араб, парсы, монғол, славян (орыс, украин,
поляк т.б.) тілдерінен енгендер» [1, 13].
Қазақстан жерінде кездесетін топонимдердің жалпы саны әлі күнге дейін нақты
анықталмаған, дегенмен С. Абдрахманов: «Егерде республикамыздың 1 шаршы метріне бір
атаудан шақ келетін болса, онда жалпы топонимдер саны, шамамен, 2,5-3 млн болар еді» [2,
41] дей келе 32 томдық «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының
мемлекеттік каталогы» жайындағы мақаласында: «Республиканың барлық облыстары
бойынша 120 мыңдай жалпы географиялық атаулары, оның ішінде: 91,7 мыңы жеке гео-
38
графиялық объектілердің атаулары, соның 32,4 мыңы оронимдер (жота, тау, шоқы, төбе,
қырат, үстірт, жол, төбешік, қорған, ойыс, сай, жырасай, шатқал, қолат, өзек, жыра, үңгір,
жон, арал, түбек, құм, тереңсай, аңғар, қоныс және т.б. атаулар), 27,0 мыңы гидронимдер
(өзен, көл, шығанақ, өзен тармағы мен тарамы, ескі арна, құрғақ арна, бұлақ (көз, қайнар,
тұма), көлтабан, ұсақ қопа (ильмень), жайылма тармағы (ерік), бөген, тоған, канал, арық, сор,
батпақ, құдық және т.б. атаулар), 24,6 мыңы елді мекен атаулары, 7,4 мыңы зират, 0,2 мыңы
орман-тоғай, 0,2 мыңдайы аумақтық-әкімшілік бірліктер атаулары» қамтылғандығын
көрсетеді [3].
Ал, тілші ғалым Т. Жанұзақ өз зерттеуінде: «Тек қана өзен аты 85 мың болса, көл
аттары 50 мыңның үстінде» [1, 5] деп атап өтеді. Егер де Т. Жанұзақтың мәліметі бойынша
санасақ, бір ғана өзен-көл атаулар саны 135 мыңнан асып түседі.
Топонимдік атаулар санын нақты белгілеуге дейінгі мәселелерді шешіп алмай,
нәтижелі жұмысқа жетпейтініміз анық. Өйткені, А. Әбдірахманов топонимдерді зерттеу
жайында былай деп көрсетеді: «Топонимдерді географтар, тарихшылар, тіл мамандары т.б.
өз қажетіне қарай зерттеді, өз мақсатына пайдаланды, барлық ғылымдар үшін бірыңғай және
универсалды методы болған жоқ». Сол себепті, топонимист болу үшін география, тарих және
лингвистика мамандықтарын толық меңгеру қажеттігін жеткізеді [4, 38]. Мұндай
алғышарттардың болмауы, қарапайым статистикадан бастап, географиялық атаудың
этимологиясын ашуға дейінгі процестегі біркелкісіздікті тудырады. Мәселен, тілшілер
топонимдерді лексикалық, грамматикалық тұрғыда бөлшектеп, мағынасын ажыратып,
салыстырмалы әдістерді пайдаланады. Ал географтар, көп жағдайда географиялық тұрғыда
орналасуын, сыртқы пішініне, келбетіне назар аударады, тарихшылар өз кезегінде тарихта
болған оқиғалар мен аңыздарды алға тартады. Осыған дәлел ретінде Ерейментау топонимінің
зерттелуін қарастыруға болады.
Ерейментау – Ақмола облысының шығыс бөлігінде орналасқан тау. Этимологиясын
алғаш зерттеген географ ғалым Ғ. Қоңқашпаев бұл атаудың моңғол тіліндегі эрэ (ер, еркек)
және эмэ (әйел) деген сөздерінен шыққан деп жорамалдап, таудың кейбір тастары еркек пен
әйел мүсіндеріне ұқсас екендігін атап өтеді [5, 91]. Тілші ғалым А. Әбдірахманов
Ғ. Қоңқашпаевтың «эре + эме + н» болып жіктелуін дұрыс деп санап, ондағы е дыбысы қазақ
тілінде ей тізбегіне көшкен, ал н дыбысы көне түркі-монғол тілдерінде ерікті құбылыс деп
көрсетеді. Ал халық арасында аңыз ретінде айтылып жүрген «Ерімен» деген сөздің Ереймен
түріне көшуіне тілдік ешбір қажеттік жоқ және бұл тұжырым «халықтық этимология» деп
белгілейді [4, 104].
Т. Жанұзақ жоғарыда берілген анықтамаларды атай келе, өз тұжырымын былай
негіздейді: «Бұл Ерейментау атауы – пайда болуы, қойылуы шарты жағынан ескі атау.
Сондықтан да оның шығу төркіні мен мән-мағынасы әлі толық анық емес. Біздің
пайымдауымызша, бұл атау жалпы есім сөздерден жасалмаған, атақты батыр немесе белгілі
ру атынан (этноним) қойылған болу керек. Атаудың бірінші сыңары ер – «батыр», ей және
ман – қосымша тұлғалар. Салыстыр.: Көб+ей, Кер+ей, Ер+ман, Бек+ман, т.т.» [1, 165].
«Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогында»
нысанның орналасқан жері, сыртқы пішіні, түсі, жануарлары мен өсімдіктерінің ескеру
секілді ұстанымдар тау және тау сілемдерінің этимологиясын зерттеуде ұтымды нәтиже
бергендігін алға тартқан географ ғалым С. Абдрахманов Ереймен тауы өз атауын қазақ
тіліндегі ерейген, ербиген деген сөздермен байланысты деп көрсетеді. Олай деуінің себебін,
таудың оңтүстік-шығыстан солтүстікке қарай Сарыарқа шекарасынан Солтістік Қазақстан
жазығына дейін 90-100 км-ге ебедейсіз күйде созылып жатқандығымен және жеке дара
төбелерінің едірейіп тұрғандығымен байланыстырады [2, 164-165].
Анықтамалардан байқағанымыздай, географ ғалымдар сыртқы пішініне көбірек мән
берсе, тілші ғалымдар сөздің ішкі мағынасы, сыртқы формасы мен тілдік құбылыстарға
басымдылық танытады. Этимологиялық зерттеу жөнінде Ғ. Мұсабаев былай дейді:
«Этимология ғылымы сөздің төркінін тексергенде нақтылы жағдайларды ескере отырып,
сыртқы пішіні мен ішкі мағынаның тұтастығын көздейді. Олардың бірлестігінің заңдылығын
39
ашады. Сыртқы тұлға мен ішкі мазмұн қабысып келгеннің өзінде де ол сөздің мағынасы осы
күндегісінен басқа болуы мүмкін» [6, 131]. Топонимдердің шығу төркінін зерттеуде
этимологияның атқаратын рөлі ерекше. Этимологияны ғылымда кейде сөздің шығу төркіні,
шығу тегі, уәжі деп те атайды. С. Кеңесбаев пен Т. Жанұзақовтың сөздігінде мынадай
анықтама беріледі: «Этимология – сөздердің төркіні. Тіл білімінде этимологияның «народная
этимология», яки «ложная этимология» деп аталатын түрі бар, оны роман тілдерінде
паронимическая аттракция деп атайды» [7]. Анықтамада кездескен «халықтық этимология»,
«жалған этимология», «паронимиялық аттракция» терминдерімен қатар, «деэтимологизация»
(сіңісу), «реэтимологизация» (қайта этимологияны шығару), «ремотивация» (қайта уәжін
анықтау), «переразложение» (жылысу), «қызықты этимология», «көпшілік қолды
этимология» терминдері де этимология процесінде орын алады. Әр бір терминге жеке
тоқталып, іске асу барысын анықтайық.
Белгілі ғалым зерттеуші Ә. Қайдаров этимологияны ғылыми және қарапайым, яғни
ғылыми емес, не халықтық деп екі топқа бөледі. Ал халықтық этимологияға «ғылыми негізге
емес, әр түрлі жорамал-жобаға, жеке адамдардың өз тұжырымдарына, ел аузындағы аңыз-
риваяттарға байланысты болғандықтан неше алуан болып келеді» деген анықтама береді.
Мазмұнына қарай «жалған этимологияға» («ложная этимология») және «көпшілік қолды
этимологияға» («популярная этимология») бөледі [8, 31]. Ә. Қайдаровтың «көпшілік қолды
этимологиясын» Ғ. Әнесов «қызықты» этимологиялар қатарына жатқызады: бұл топқа газет,
журнал беттерінде жарық көрген көпшілік қолды (научно-популярный) материалдар жатады.
Этимологияның бұл түрі көпшілік қауымға ұсынылатын және этимологиялық
ізденістің барша қауымға ақпараттық-танымдық материал ретінде ұсынылады. Ерекшелігін
«сөздіктер мен түрлі жазба ескерткіштерге сілтеме беру, өзінен бұрын айтылған пікірлерге
сүйеніп, олардан цитата келтіру жағы өте аз. «Қызықты» этимология – ғылыми
этимологияның көкжиегін кеңейтіп, оның жетістіктерін үлкен орбитаға шығарып, қалың
бұқара арасына таратар өте қажетті «елші» сала» деп сипаттайды [9, 109].
Халықтық этимологиямен (ағыл. folk etymology, pseudo-etymology, reanalysis) бірге
жарыспалы түрде «паронимиялық аттракция» (paronymic attraction) атауы қолданылады.
Пароним (көне грек тілінде παρα- – аралас, шектестік мағынасындағы сөз алды қосымшасы,
ὄνομα – «есім») – дыбысталуы жақын, бір түбірлес, жалпы грамматикалық белгілері ортақ,
қолданылуында мағыналық ерекшеліктері бар сөздер [10]. Аттракция латын тіліндегі attractio
– тартылу, тарту, жақындату мағынасын береді. Сонымен пронимиялық аттракция
дыбысталуы жағынан ұқсас туыс не туыс емес сөздерді қолданыста бір-біріне
мағыналастыру, жақындату. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында кездесетін Қазығұрт
орониміне байланысты мынадай ынқтамаларды «халықтық этимологияға» жатқызуға болады
(1-кесте):
1-кесте. «Қазығұрт» орониміне байланысты халықтық этимологиялар
Атау
Сөз мағынасы
Атау мағынасы
Қазығұрт
«қазы» – ет, тағам түрі,
«құрт» – тағам түрі
халқы
мал
жайылымына
ыңғайлы
болғандықтан, атау мал еті мен сүт өнімдерінің
молдығын білдіреді
Қазығұрт
«қазық»
–
жерге
қағуға
арналған құрал,
«ұрды»
–
етістік,
ұру
етістігінің
өткен
шақтағы
мағынасы
аңыз бойынша Нұх пайғамбардың кемесі осы
тауға тоқтап, алғашқы қазық қақты, қазық ұрды
деген мағынамен қойылған делінеді
Қазығұрт тауы – аңыз бен құпия сырға толы ороним. Барлығына белгілі аңыз бойынша,
таудың басында Нұх пайғамбардың кемесі қалған. Сол үшін де қасиетті мекен саналады.
Атаудың шығу төркініне байланысты айтылған пікірлер реті көп, соның бірі де алғашқысы
ғалым Қ. Өмірәлиевтің анықтамасы. Оның пікірі бойынша, Қазығұрт атауы ең алғаш араб
40
географтарының зерттеуінде Кркрд деп кездескен. Бұл сөздің Гаркерд, Газкерд, Газкурд,
Гузкерд, Геркурд, Гуркурд деп оқуға көне беретінін ескеріп, екі компоненттен (гер-курд)
тұратындығын айтады. «Ежелгі керқұрт түріндегі фонетикалық құрамының қазқұрт
түріндегі өзгерісі – біріншіден, р > з жағдайларындағы өзгеріс. Екіншіден, керқұрт > кезқұрт
> қазқұрт ақырында Қазықұрт жағдайында е>а түріндегі өзгеріс те түркі тіліне тән құбылыс»
[11, 78-84]. Бұл атауға Т. Жанұзақ мынадай түсініктеме береді: «Атаудың бірінші
сыңарындағы қаз сөзін тайпа, ел аты деп білсек (Қазбек, Каспий, Қастек, Қазалы, Қазтауы,
қазан, Қаз елі сөздерімен тікелей баланысты), екінші сыңарындағы ғұр сөзін ғұз (оғыз)
тайпасының ескі нұсқасы, р/з алмасуы нәтижесінде туған тарихи (салыст. қыр/қыз)
фонетикалық құбылыс болуы ықтимал деп қараймыз. Алғашқы атауы Қаз биігі, Қазтауы
болып, ол тауды кейінгі замандарда ғұздар иемденгенде, ғұр (ғұз) тайпа атауы жаңадан
қосыла айтылып, Қазығұр (т) аталған болар деп топшылаймыз» [1, 172].
«Сіңісу» (деэтимологиязация) мен «жылысу» (переразложение) ұғымдары бір мағынада
қолданыла алады: бастапқы этимологиялық мағынасын жоғалту. Деэтимологизация туыстық
байланысты білдіретін дыбыстардың өзгеріске ұшырауынан, бірқатар көне аффикстердің
өнімсіздігі салдарынан пайда болады. Деэтимологизация салдарынан сөз бастапқы
мағынасын жоғалтып қана қоймай, әрі қарай бөлшектеуге де келмей қалады. Мәселен,
ауызекі қолданыста Алматы қаласының атауын – Аты, Шымкент қаласының атауын – Шым
деп қысқарту кездеседі. Орыс ғалымы О. Трубачев сөзге әсер ету нәтижесі жөнінен
деэтимологизацияға қарсы бағытта іске асатын «реэтимологизация» терминін ұсынады [12,
201]. Лингвистикада реэтимологизация терминімен қатар, халықтық этимолдогиядан
(Э. Ферстман)
басқа,
«ложная
этимология»,
«наивная
этимология»,
«лексикалық
ассимиляция» (Н. Крушевский), «семасиологиялық ассимиляция» (И.А. Бодуэн де Куртенэ),
«ремотивация» (О. Блинова) және тағы басқа атаулар пайдаланылады.
Халықтық этимология – халық ауыз шығармашылығының ажырамас бір бөлігі,
фольклорға тән сипаттарды өз бойына жинаған, сөздер мен сөз тіркестерін талдаудың
субъекттің жеке қабылдауына байланысты шыққан ой қорытындысы. «Халықтық
этимологияны» басқаша атаудың қажеттігі жоқ деп санайтын Р. Гельгардт өз зерттеуінде бұл
терминнің өзге терминдерге қарағанда көп кездесетіндігін және әлемдік лингвистикаға терең
сіңген қолданыс екендігін алға тартады [13, 274]. Халықтық этимология тек сөздің сыртқы
пішініне орай жасалған талдау емес, оның бойында халық даналығы да жатыр. Аңыздар мен
ертегілер, әпсана, хикаяттар – халық шығармашылығы ғана емес, халықтың басынан
кешкені, көргені, түйгені, атадан балаға жеткен мұрасы.
Топонимдік аңыздар тек жыр атауының себептерін түсіндіріп қана қоймай, жартылай
тарихилық мән үстейді, яғни белгілі өмірде болған бір оқиғаны баяндайды. Тарихи аңыздың
негізгі нысаны – жер атауының шығу тарихын баяндау емес, керісінше сол кездегі тарихи
оқиғаны барынша өз қалпында беруге талпыну [14, 162]. Баянауыл – Павлодар облысындағы
тау, аудан орталығы және аудан аты. Атаудың шығу төркінін анықтауда Ғ. Қоңқашбаев
былай дейді: «Атау моңғолдың баин (бай) + ола (тау) деген сөздерінен алынған. Жергілікті
қазақтар тауды Баянаула деп атайды, ал оның Шығыс биік жотасын Жақсыаула, батыс аласа
жотасын Жаманаула деп атайды. Л. Левшиннің, П. Рычковтың еңбектерінде «Баян-ола»,
«Баянаула» болып жазылған. Ш. Уәлиханов өз еңбектерінің бірінде Баянаула монғол сөзі
екенін түсіндіріпті» [5, 89]. А. Әбдірахманов атаудың баянауыл болып өзгеруінің себебін –
өзге облыс қазақтарының әсерінен десе [4, 80], Т. Жанұзақ өз тіліміздің айтылу әрі
жазылуына бейімделуінен болған құбылыс деп атап өтеді [1, 158]. Баянауыл атауына
байланысты халық арасында кездесетін аңыз да аз емес. Оның барлығының уәжі адам есімі –
Баянмен түсіндіріледі. Бабалар сөзінің жүз томдық кітабына [15, 74-76] енген аңыздарға
сәйкес, І-нұсқада «Бай Ана ауылы» тіркесінен шыққан делінсе, ІІ-нұсқада Қарабай атты
байдың қызы Баянға байланысты қойылған деседі. Аңыздар мен ертегілерге сәйкес, Баян
деген сұлу қыз болған екен, қызға айттырып келушілер жол-жөнекей «Баянның ауылы
қайда?» деп сұрағаннан Баянауыл аталып кетіпті-міс.
41
Атақты 16 нұсқалы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың» ең көне нұсқасы Шөже айтқан
жыр. Ол жыр бойынша, Баянауыл өңірі ғана емес, айналасындағы бірқатар жер-су
атауларының қойылу себептері айтылады. Жырдың толығырақ мазмұны мынадай: «Ноғайлы
жұртында Қарабай мен Сарыбай дейтін екі бай болады. Екеуі де перзентсіз екен. Аңда жүріп
дос болады. «Үйдегі кісіміз жүкті» деп, екеуі де буаз маралды атпайды. Әйелдері жүкті
екенін біліскен соң, бала тумастан бұрын іштегі балаға ежеқабыл ретімен белқұда болысады.
Ұзамай сүйіншіге екі адам келіп, Сарыбайдың әйелі Мамабикеден ұл туғанын, Қарабайдың
әйелі Қарагөзден қыз туғанын хабарлайды. Екі әке серттесіп, ұл мен қызды қоспақ болады.
Сарыбай құдалықтың қарғы бауы үшін Қарабайға Айбас дейтін құлын береді. Бірақ Сарыбай
үйіне жетпей, аттан құлап өледі. Қарабай антын бұзып, «қызымды жетім ұлға бермеймін»
деп, Өлеңтінің аяғын өрлей Аягөзге көшеді. Бұған Әлжаппар дейтін құлы мұрындық болады.
Қарагөз наразы. Көшкен күні Қарабайдың сабасы жарылады. Сол жер Ақкөл, Жайылма
атаныпты. Қырық нары арып, жолда өледі. Аягөзге барған соң, Ноғайлының биі Сұлтанғазы
Қарабайдың аулын ерулікке шақырғанда, Ноғайлы Шақшақ байдың бал асы Қодар Баянға
ғашық болады. Тоқсан мырза Баянды алмаққа Қарабайға жалшы болады. Айбас Баянға:
«Алтын айдар, шоқ белбеу жарың бар, соны әкелемін» деп, қанатты қара биеден туған Бақа
айғырға мініп қашады. Сәлемдемеге Баянның домбырасын, бет моншағын, қарқарасын,
алтын сандығын, ақ жамшысын алады. Айбастың қашқанын біліп, Қодар сегіз құлмен
Итішпес көлінде қуып жетіп, атысады. Айбас Қодарлардың мініп келген он алты атын атып
түсіріп, шөлде жаяу қалдырады. Қодарларды жеңіп, ілгері жүреді. Бірақ адасады. Алдынан
өткелсіз қалың орман шығып, Баянның домбырасы мен моншағын ұмытады. Содан ол жер
«Домбыралы», «Моншақты» атанған дейді. Сандығы қалған жер – «Алтын сандық»,
«Ақшатау», Бақа айғырдың тоқтаған жері – «Тоқырауын жәмшілі», қарқарасы түскен жер –
«Қарқаралы-Қазылық», Бақа айғырдың жауыр болған жері – «Жауыр бұғы», Баянның туған
жері – «Баянауыл» атанған
[16]. Байқағанымыздай, жырда 9 бірдей атаудың шығу тарихы
баяндалған. Дегенмен, бұл атаулар ғылыми түрде дәлелденбеген.
Атадан балаға берілетін осы секілді жыр, дастан, өлең, әңгіме, аңыздар – бірқатар
топонимдік атауларға қызығушылық тудырып, зерттеуге себепкер, кейде, негіз болып
жатады. Тарих толқынында кездескен саясат негізінде көне атаулары өзгеріске ұшыраған
топонимдерді тек қана ауыздан ауызға берілген аңыз, әпсана, өлең, дастандардан, тарих
қойнауынан іздей аламыз.
Аңыздар кейде жекелеген адамдардың қиялымен жаңа түсіндірмелерге, кейде
керісінше, адамның танымы мен арман-қиялынан туған анықтаулар аңыздарға ұласып
жатады. Қайткенде де бұл түсіндірмелер қазақ халқының ойы мен арманынан, қалауы мен
танымынан хабардар ете алады.
Әдебиеттер тізімі
1 Жанұзақ Т. Жер-су атаулары (этимологиялық анықтамалық). – Алматы: «Өнер», 2011.
– 496 б.
2 Абдрахманов С. А. Топонимика Казахстана: транслитерация и этимология названий.
– Алматы, 2012. – 182 б.
3 Абдрахманов С. А. Қазақ жерінің каталогы // Егемен Қазақстан 2013 жыл мұрағаты,
www.egemen.kz
4 Әбдірахманов А. Топонимика және этимология, 2010
5 Конкашпаев Г. Географические названия монгольского происхождения // известия
АН КазССР. Сер. филол. Вып. (II) 1. Алма-Ата, 1959.
6 Мұсабаев Ғ. Қазақ тіл білімінің мәселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Әнес. – Алматы:
«Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.
7 Кенесбаев С., Жанузаков Т. Русско-казахский словарь лингвистических терминов.
Алма-Ата, 1966 183 с.
42
8 Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері //
Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. Жауапты ред. Ә.Т. Қайдаров. – Алматы:
Ғылым, 1988. – 200 б.
9 Әнесов Ғ. Қазақ тіл біліміндегі этимологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары //
Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері. Жауапты ред. Ә.Т. Қайдаров. – Алматы:
Ғылым, 1988. – 200 б.
10 Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі — Алматы. «Сөздік-Словарь», 2005 ж.
11 Өмірәлиев Қ. «Қазықұрт» және оған қатысы бар топонимдер жайлы. // «Қазақстан
мектебі», 1967, №4. 78-84 бб.
12 Трубачев О. Н. Приемы семантической реконструкции // Сравнит.-ист. изучение
языков разных семей. Теория лингвист. реконструкции. М., 1988. С.197—222.
13 Народная этимология и культура речи // Избранные статьи. – Языкознание.
Фольклористика / Вступит. Статья и ред. чл.-кор. АН СССР С.Г. Бархударова. – Калинин:
Маск. рабочий, 1967
14 Паңгереев А. Топонимдік аңыздар һәм ел тарихы // Жұлдыз. № 9 қыркүйек 2010 159-
162
15 Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2011. Т.80: Топонимдік аңыздар. –
416 б.
16 Қозы Көрпеш – Баян сұлу //
www.el.kz
, 04.12.2012
В статье рассматриваются исторически известные географические названия
казахской топонимики. На основании народной этимологии определяется происхождение
этих названий. Приводятся сопоставительные данные исследований географов, историков,
лингвистов об истории наименований, основанных на легендах. Анализ проанализированных
топонимов в современное время является актуальным, т.к. их этимология до сих пор
относится к спорным вопросам.
The article considers toponymical legends in Kazakh land, etymology of legends is defined on
the base of folk etymology. There is given comparative analysis of place names by geographers,
historians, linguists. It covers most considered, famous geographical-historical names / titles. They
are compared with their own legends.
ӘОЖ 82. 207'61
Ш.К. Жаркынбекова, Б. Әбдуалиұлы, М.К. Каирова, А.Т. Кожаева
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана, Казақстан
zharkyn.sh.k@gmail.com, bekzhan_a7@mail.ru, kairova_mk@mail.ru, asel--82@mail.ru
АСТАНА ЭРГОНИМДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ
АҚПАРАТТЫҚ ҚЫЗМЕТІ*
( Білім беру мекемелерінің атаулары бойынша)
Бұл мақалада ономастиканың елеулі түрі болып табылатын эргонимдердің
құрылымдық жүйесінің елордадағы көрінісі қарастырылады. Әсіресе қоғамдық-әлеуметтік
маңызы бар нысандар, оның ішінде білім беру мекемелері атауларының берілуіндегі
ерешеліктері сипатталады. Астана қаласындағы аталған білім беру мекемелерінің
аталуында өзіндік ерекшеліктер бар. Өзге оқу орындарына қарағанда жалпы қала
мектептерінің баршасына ортақ жүйелілік байқалады. Сондай-ақ, атаулардың тарихи-
әлеуметтік мәні мен олардың ақпараттық қызметіне талдау жасалады.
43
Кілт сөздер: ономастика, тіл саясаты, ономастикалық кеңістік, эргоним,
мемлекеттік саясат.
Тұрмыстық қажеттіліктердің жаңа түрлері пайда болып, мәдени қатынастар дамыған
сайын оған байланысты ұғым-түсініктер де өз ішінен жіктеліп, қала ономастикасынан өзіндік
орын иеленіп келеді. Солардың қатарына эргонимдерді жатқызуға болады. Қазақ тілі
білімінде бұл термин арқылы білдірілетін ұғымның мазмұнына С.Иманбердиева, Г. Мәдиева
өз зерттеулерінде арнайы тоқталады.
Орыс ғалымдарының берген анықтамалары мен ол туралы пікірлеріне талдаулар жасап,
көтерілген мәселелермен қатар қайшылықтарды да ашып көрсетеді. Олардың еңбектеріндегі
ара жігі ашылмай жүрген эргонизм, прагматоним, урбаноним, ктематоним, эргоурбаноним,
ойкодомоним секілді терминдердің мағынасы мен әрқайсысының өзіндік ерекшелігін
айқындайды.
Сондай-ақ, қазіргі кезде ономастиканың топонимика, астронимика, антропонимика,
зоонимика сияқты эргонимия да мекеме, ұйым, қоғам, кеңес т.б. жиынақтаушы, біріктіруші
және олардың атауларын зерттейтін саланың терминдік атауы ретінде қазақ тіл білімінде
орныға бастағанын айтады [1, 6-7].
Кейінгі еңбектерінде терминге нақты қалыптасқан ұғым ретінде мынандай анықтама
ұсынады: «Эргоним – оним түрі; іскер адамдардың бірігуі, ұйымдар мен мекемелер,
корпонрациялар т.б. атауы, мыс.: Таң телекомпаниясы, Қайрат футбол қоғамы, әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университеті т.б.» [2, 188]. Осы анықтаманы басшылыққа ала
отырып, біз Астана қаласы бойынша барша білім мекемелерінің атауын «эргоним»
терминінің аясында қарастырамыз.
Эргонимдер қазіргі таңда қаланың құрылымдық жүйесінде елулі маңызға ие болып
отыр. Тұрғындардан бастап, түрлі мақсаттармен сырттан келетін қонақтарға дейін негізінен
оның қызметіне тәуелді.
Эргонимдердің негізгі қызметі – белгілі бір нысан туралы ақпарат беру. Бұл ақпараттар
оның сыртқы сипаты, ішкі мазмұны, тұрған орны, айналасындағы нысандар, осы нысанға
қатысты белгіл бірі оқиғалар мен пікір-көзқарастар туралы болуы мүмкін.
* Мақала «Разработка принципов научно обоснованной номинативной политики г. Астаны в
контексте формирования казахстанского ономастического пространства» атты ҚР БжҒМ-нің
мемлекеттік гранты аясында әзірленді.
Мысалы, астана көшіп келген алғашқы кезде Ақмола қаласы тұрғындарының тілінде
қалыптасқан, мекен жайды көшесімен емес, сол ауданда тұрған белгілі бір нысанның
атауымен айту дағдысы болатын, оны көпшілік қабылдап, тілімізде бүгінге дейін сақталып
келеді. Әсіресе түрлі жарнамалар мен хабарландыруларда «Қазақстан дүкенінің маңайында»,
«Еуразия университетінің маңайында», «Встреча жақта («в районе Встречи»)» т.б. түрінде
қазір де осылай беріліп жүр. Бұл таза ақпараттық қолданыстар болып табылады.Нысанның
сыртқы сипаты мен қай жерде орналасқандығын анықтау үшін ең бірінші оның атауын
пайдаланамыз. Қаладағы көпшілікке кеңінен танымал ірі мекеме немесе ғимарат өзінің
тұрған жері арқылы айналасындағы нысандарға сілтеме жасайды, ол туралы ақпарат алудың
жеңілдеуіне қызмет етеді.Қала тұрғындары бір-біріне жөн сілтеуі үшін, күнделікті қатынаста
өздеріне белгілі-белгісіз көптеген атауларды пайдалануы мүмкін. Мысалы:48-мектептің
жанында, «Қазақстан» спорт сарайынан бір аялдама өткенде т.б. Қарбаласқа толы өмірде
қажеттілікті тез арада қамтамасыз ету үшін кез келген адам осындай ақпараттық қызметке
жүгінеді. Бұл тұрғыдан эргонимдердің әлеуметтік сипаты көрініс береді. Мыңдаған,
миллиондаған тұрғыны бар үлкен қалалардың тұрмысын эргонимдерсіз елестету қиын,
сондықтан оларды зерттеп, бір жүйеге келтіріп отыру да үлкен қажеттілік. Соның ішінде
ақпараттық қызметі мен мазмұнын терең талдап, қолданбалық тұрғыдан дамытып отыру да
үлкен міндеттердің бірі. Өйткені, қаладағы ономастикалық атаулар белгілі бір нысанды
білдіру қызметімен ғана шектелмейді, ол арқылы берілетін ақпараттардың барлығы, міндетті
түрде, жекеменшік заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерімен сәйкес келуі тиіс.
44
Мақала көлемінде сөз еткелі отырған эргонимдеріміз, мектептердің , орта арнаулы
оқу орындарының және жоғары оқу орындарының атаулары бойынша топтастырылмақ.
Астана қаласының эргонимдері, соның ішінде білім беру мекемелерінің атаулары қазірге
дейін біршама өзгерістер мен дамуды басынан кешірді. Бұл бір жағынан Тәуелсіздік
жылдарында жүргізілген білім жүйесіндегі реформалардың нәтижесінде ішкі мазмұнға енген
жаңарулардың да көрінісі болып табылады. Атау деп біз әдетте бір сөзден кейде бернеше
сөздің бірігіп, кірігуінен жасалған бүтін тұлғаны айтамыз. Алайда, мемлекеттік жүйенің
дамуымен бірге қалыптасып отыратын түрлі талаптарға байланысты атауға деген
сұраныстың шарттары да өзгереді. Ішкі мазмұнның көпқырлылығы мен ондағы негізгі әрі
маңызды ақпараттардың тұтынушыларға көрінуін қамтамасыз ету шарттары атаулардың
күрделенуіне алып келіп отыр.
Сыртқы сипаты, яғни құрылымдық өлшеміне қарай олар әртүрлі болып келеді. Ал
қызметі жөнінен эргонимдерге, яғни білім мекемелерінің атауларына уақыт сұраныстарынан
туындаған көптеген міндеттер жүктеледі: берілетін ақпараттардың айқындығы, барынша
толықтығы, айтуға ыңғайлылығы, таңдалған сөздер мен сөз тіркестері мағыналарының
дәлдігі, тілдік нормаларға сәйкестігі т.б. Осы тұрғыдан алғанда тарихи, дәстүрлі атауларға
тән құрылым мен мазмұнға өзгерістер енгені рас. Айтуға жеңіл, ықшам болмаса да, бірнеше
сөз тіркестерінен тұратын құрылымдарды, белгілі бір мекемені нұсқап, сол туралы ақарат
беріп тұрғандықтан, қолданбалық тұрғыдан атау ретінде қабылдаймыз. Астана қаласындағы
аталған білім беру мекемелерінің аталуында өзіндік ерекшеліктер бар. Өзге оқу орындарына
қарағанда жалпы қала мектептерінің баршасына ортақ жүйелілік байқалады. Мысалы, толық
атауы: Астана қаласы Білім басқармасының «№ 1 мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі.
Қаладағы сексенге жуық мектептің барлығының атауы осы үлгімен жасалған.
Көркемдік, айтуға жеңіл ықшамдылық, жарнамалық т.б. секілді мақсаттардан гөрі
ақпараттық сипат басым: мектеп Астана қаласында орналасқан, жалпы саны жетпіс сегіз
(соңғы мектептің нөмірі бойынша алынып отыр), барлығы бір орталықтан басқарылады
немесе сол орталыққа бағынады, ішкі мазмұны жағынан мектеп жасындағы оқушыларға
білім беруге арналған, жекеменшік және коммерциялық емес т.б. Осынша білім мекемесі
бола тұрып, ешқайсысының атауында жарнамалық белгілердің байқалмауы жарнамаға деген
сұраныстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, атаулардың біртұтас жүйесінен барлық мектептердің
бірыңғай
білім
бағдарламасымен
оқытылатынын,
барлығына
бірдей
мүмкіндік
қарастырылғанын байқауға болады. Ал білім сапасы немесе т.б. артықшылықтары
атауларынан көрінбейді. Жарнамаға сұраныстың жоқтығы – екінші жағынан, ҚР Білім және
ғылым министрлігі тарапынан бекітілген мектептегі білім стандарты көпшілікке белгілі және
орта немесе арнайы кәсіптік білім алу жалпыға бірдей міндеттелген. Өмірдің мәні,
болшақтың бастауы ретінде баланың мектепке баратыны шындық, сонымен қатар ол
мемлекет жүктеген парызды атқарып жүргенін сезінеді, сондықтан қалай болғанда да, білім
берушіге де, алушыға да ортақ орындалуы міндетті шарт ретінде қабылданады. Бұл өз
кезегінде жарнамаға деген сұранысты төмендетеді.
Білім беру мазмұны бойынша және қарастырылатын жағдайлары жағынан өзіндік
ерекшеліктерге ие мектептер бар. Білім басқармасының қарамағында болғанмен, олардың
басқалардан өзгешеліктері атауларынан көрінеді. Астана қаласы Білім басқармасының
«Дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты» мемлекеттік мекемесі,
Астана қаласы Білім басқармасының «Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей-
интернаты» мемлекеттік мекемесі, Астана қаласы Білім басқармасының «Зерде» дарынды
балаларға арналған мектеп» мемлекеттік мекемесі секілді атаулардың да өзіндік
ерекшеліктері бар. Бұл атаулардың бір-бірінен айырмашылығы бірінің қыздарға, екіншісінің
ұлдарға арналғандығы және т.б. Бәріне ортақ ақпарат –дарынды балаларға аналғандығы және
оны қазіргі Қазақстан жағдайында әрі жарнамалық сипаты ретінде тануға да болады.
Дарынды балаларға арналған мектептерге деген талпыныстың жоғарылығы осының айғағы.
Тілдік құрылымы бойынша «Астана қаласы», «Білім басқармасы», «мемлекеттік
мекеме», «дарынды ұл балалар», «дарынды қыз балалар», «дарынды балалар» секілді
45
бірнеше сөз тіркесінен тұрады. Барлығы бірігіп сөйлем құрап тұрған жоқ, керісінше
әрқайсысы белгілі бір ақпараттарды бере отырып, біртұтас атаудың құрылымдық бөлігі
қызметін атқарып тұр. Біртұтастық ресми орындар үшін аса маңызды – құжаттарда ресми
тіркелген нұсқасы ғана беріледі. Құрамындағы сөздер мен сөз тіркестерінің орны
ауыстырылмайды немесе бір сөздің орнына синонимін қолданылмайды. Бұл берілетін
ақпарат дәлдігіне нұсан келтіреді. Айтылуы мен жазылуының белгілеген үлгісі кез-келген
жерде бірізділіктің сақталуына мүмкіндік береді.
Ал көпшілік қолданыс атаудың айтуға да, естуге де және есте сақтауға да қолайлы
болуын талап етеді. Сондықтан, біршама ықшамдалады. Алды-артындағы білім
басқармасына, мемлекеттік мекемеге қатыстылығын білдіретін сөз тіркестері ескерілмейді,
себебі оған деген сұраныс жоқ. Ақпарат құралдарында немесе жалпы мектеп туралы ақпарат
беруге арналған хаттарда толық атауымен қатар, негізінен мынандай үлгілерде де
қолданылады: Астана қаласы № 8 орта мектебі, Астана қаласы № 1 мектеп-лицейі, Астана
қаласы Ғафу Қайырбеков атындағы № 2 мектеп-гимназиясы, Астана қаласы Нұркен Әбдіров
атындағы № 33 балабақша-бастауыш мектебі, Астана қаласы Райымбек батыр атындағы №
50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі т.б. Ал ауыз-екі қолданыста мүлде қысқарып кетеді. № 37 орта
мектеп, №48 мектеп-лицей, № 3 мектеп-гимназия т.б деп, жартылай айтылады да, кейде
бәленбайыншы (37 - мектеп т.б.) деп рет санымен аталады, тіпті айналасындағы сөздердің
бәрі қысқартылып, нөмірі ғана қалатын кезі де болады. Бұлайша атау мектептің ішкі
мазмұнына қатыссыз, тек ғимаратына ғана сілтейді. Мысалы, 58-мектепке барамын немесе
58-де оқимын.
Соңғысы коммуникативтік қатынас барысында құрылған мәтін ішінде осы санның
мектепке қатысты екенін білдіретін ақпарат болғанда немесе «елу сегіз» деп мектепті тану
жалпы жұртшылыққа мәлім болғанда қолданылады. Сонымен қатар, «Айбергенов мектебі»,
«Райымбек мектебі» не «Қазғарыш» түрінде де қысқаруы мүмкін. Мұнан шығатын
қорытынды – қазіргі күрделі атаулар мен олар арқылы берілетін ақпараттар талап пен
сұранысқа сәйкес өзгеріп отырады. Атау құрамындағы мекеме туралы ақпарат беруге
қабілетті кей сөздер сол қызметті жеке тұрып та атқара алуы мүмкін. Табиғаттарындағы
өзіндік ерекшеліктерге байланысты атаулар мен ақпараттар арасындағы байланысқа қатысты
мәселелерді бір-бірімен сабақтастықта, мәтін ішінде кешенді түрде қарастырған абзал.
«Орта арнаулы оқу орындары» деген тіркесті атау ретінде қарастырсақ, осы дәрежедегі
білім беретін мекемелерді жинақтаушы, топтастырушы қызмет атқарып тұрғанын
байқаймыз. Барлығы Астана қаласы бойынша жиналған атауларды бір арнаға тоғыстыратын
«колледж» сөзімен аяқталады. Жалпы жұртшылық қазір атау құрамындағы бұл сөз арқылы
түрлі бағыттардағы кәсіптік білім беретін мекемелерді таниды. Барлығындағы ортақ ақпарат
білім дәрежесі мен кәсіпке қатыстылығы. Жалпы колледж сөзінің шығу тегі ағылшынның
college және латынның collegium — «серіктестік, достастық» мағынасындағы сөздерінен
шыққан – негізінен Ұлыбритания, Британ достастық елдері және АҚШ-тың білім
жүйесіндегі оқу мекемесі. Оқушыларға берілетін білім деңгейі бойынша көледждердің үш
түрі қалыптасқан: 1. Жоғары мектеп дәрежесіне сәйкес (университеттер немесе автономды
ЖОО-лар қатарына кіреді). 2. Орта және жоғары білім беру мекемелерінің ортасындағы
аралық білім жағдайындағы. 3. Орта мектептің жоғарғы сыныптарына сәйкестендірілген оқу
орны. Астана қаласындағы колледждер туралы көпшілік ұғымында, белгілі бір мамандыққа
бейімдеу, алғашқы негіздерін үйрету және арнаулы кәсіп мамандарын даярлау мақсатындағы
оқу орны деген түсінік қалыптасқан. Ақпараттық мазмұнына қарай топтастырсақ,
көпшілігінің атауы құрамында дайындалатын мамандық көрсетілген: «Экономика-заң
колледжі», «Қазақ заң колледжі», «Медициналық колледж», «Политехникалық колледж»,
«Көлік және коммуникациялар колледжі», «Экономика, технология және тағам өндірісін
стандарттау колледжі», «Гуманитарлық колледж» т.б. Енді біразының атауында қай
мекемеге қарасты екенін анықтайтын ақпараттар қамтылған. Мысалы, Астана қаласының
әкімдігінің қарамағындағы: Астана қаласы әкімдігінің «Техникалық колледжі» МКҚК»,
«Астана қ. әкімдігінің «Медициналық колледжі» МКҚК», Астана қаласы әкімдігінің
46
"Энергетика және байланыс колледжі" МКҚК, Астана қаласы әкімдігінің "Технологиялық
колледжі" МКҚК, Қазақ тұтыну одағының «Қазтұтодағының Сауда-экономикалық
колледжі», ЖОО-лар жанынан ашылған: «М. Тынышбаев атындағы көлік және
коммуникациялар
академиясының
Ақмола
колледжі»,
«Д.А.
Қонаев
атындағы
университеттің Астана қаласындағы колледжі», «Қаржы академиясы» Ақмола қаржы-
экономикалық колледжі», «Қазақ гуманитарлық заң университетінің колледжі», «Қазақ
технология және бизнес университетінің колледжі» т.б. Атау құрамындағы МКҚК
(мемлекеттік комуналдық қазыналық кәсіпорын) де өзіндік мәліметтер береді. Мысалы,
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV «Мемлекеттік мүлік
туралы» Заңында негізгі ұғымдарға берілген анықтамаларда «қазыналық кәсіпорын –
мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым», ал
«коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі» - деп көрсетілген [3].
Кей жағдайларда
білім саласында қызметті жүзеге асыратын ведомствоға бағынысты
мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарларға
(жұмыстар мен қызметтерге) бағаларды (тарифтерді) белгілеуге және бекітуге уәкілетті
мемлекеттік орган ретінде танылады [4]. Осы тұрғыдан қарағанда атау құрамындағы
қысқарған анықтама оқу мекемесінің құқықтық мәртебесін айқындап беріп тұрғанын
байқауға болады. Қысқаша толқталып өткеніміз – жалпы көпшілікке белгілі жайттар, ал
нормативті құжаттар талабы бойынша қарастырғанда, мұндағы әр сөздің астарында әлі де
талай талап пен жауапкершілікке негізделген ақпараттардың тұрғаны анық.
Колледж атауларында жарнамалық сипат аңғарылмағанымен, сұранысқа ие, болашағы
үлкен деп есептелетін мамандықтардың атау құрамынан көрінуі осы оқу орындарының
беделіне әсер етіп отырады. Бизнес, экономика, инновация, технология, медицина-техника,
медико-фармацевтика т.б. секілді ұғымдар қазір қоғамға серпіліс әкелуші жаңалық ретінде
жұртшылық санасынан оң әсерімен орын алған, сондықтан бұл бағыттағы салалар бойынша
білім алуға ұмтылушылар саны да жоғары. Астана қаласындағы колледждердің көпшілігі
коммерциялық кәсіпорын ретінде өз қызметтерін жарнамалауға мүдделі. Ақылы бөлімдерге
студенттердің көбірек түсуі немесе оларды көбірек тарту білім мекемесінің мақсаты мен
міндеттерінен туындайтын талап. Бұл екінші жағынан бәсекелестіктің дамуы мен білім
сапасының артуына да ықпал етеді. Қазіргі қоғамдағы сұраныстың бір көрінісі – үш тұғырлы
тіл саясаты колледждер атауынан көрініс тапқан: «Лингва» шет тілдер колледжі. Бұл
атаудыңда өзіндік жарнамалық мәні бар екені рас.
Астана қаласында оннан аса жоғары оқу орындары жұмыс істейді. Түрлі бағыттарда
білім береді. Олардың атаулары негізінен ішкі мазмұны туралы ақпараттық сипатқа
құрылған: ЖОО-ның мәртебесі, берілетін білімнің бағыты мен түрі, тұратын жері (Астана)
т.б. Осылай жүйелесек, мемлекет тарапынан белгіленген ұлттық мәртебесі бойынша «Қазақ
ұлттық өнер университеті» мен «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің»
атаулары басқалардан бөлекше тұрады, сонымен қатар «Мәскеу мемлекеттік университеті
Қазақстан филиалының» атауы құрамында да мемлекеттік мәртебе көрініс береді. Ал
«Қаржы академиясы», «Астана медицина университеті», «Қазақ экономика, қаржы және
халықаралық сауда университеті», «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық
университеті», «Қазақ технология және бизнес университеті», «Қазақ инженерлік-
техникалық академиясы», «Қазақ гуманитарлық заң университеті», «Еуразия гуманитарлық
институтының» атауларында берілетін білімнің бағыты мен түрі, мақсаты мен міндеттері
туралы
ақпараттар
қамтылған.
«Тұран-Астана»
университеті
мен
«Астана»
университеттерінің атауында ішкі мазмұн туралы ешқандай ақпарат қамтылмаған, тек
Астана қаласындағы ЖОО екенін ғана білінеді. Қазіргі таңда алыс-жақын шетелдермен
байланыс жасамайтын оқу орындарының өте аз екені белгілі бола тұра, ақпараттық табиғат
туралы сөз болғанда халықаралық сипат беретін атауларды да атап өтуге болады. Мысалы,
бұл ерекшелік «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» мен «Еуразия
гуманитарлық институтының» құрамындағы «Еуразия» сөзінен көрініп тұрса, «Мәскеу
47
мемлекеттік университеті Қазақстан филиалы» атауында Ресей астанасы «Мәскеу» арқылы
беріліп тұр.
Астана қаласындағы оқу орындарының ұлт қайраткерлерінің есімдерімен аталуы
туралы да кейбір мәселелерге тоқтала кетуге болады. Қазіргі кезде қайраткерлер есімі
негізінен елге сіңірген еңбегін елеп, мәңгілік есте сақтау үшін беріледі. Егер ономастикалық
атаулар табиғатындағы ерекшеліктер тұрғысынан келер болсақ, аты берілген тұлғаның сол
оқу орнына тікелей қатысы болуы керек. Мысалы, Аманның сайы – Аман есімді адам немесе
ру осы сайды жаз жайлағандықтан осылай аталған; Байторы – бидің зираты тұрған жер аты,
әуелі зират, кейіннен сол аймақ тұтас бидің есімімен аталған. Қазақ даласында өзге де осы
секілді көптеген кісі немесе ру атымен аталатын жерлер бар. Атаулардың әуелін солармен
байланыстырсақ, қала эргонимдерінің дамуында да осы тарихи әрі табиғи заңдылықтарды
басшылыққа алу артықтық етпейді. Мысалы, қаладағы оқу орнының бірі «М. Тынышбаев
атындағы көлік және коммуникациялар академиясының Ақмола колледжі» деп аталады. М.
Тынышбаев Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-
ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. Тұлғаның
мамандығы мен оқу орнының білім бағытында өзара сабақтастық бар. ҚР ММ ТК «Ш.
Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы»
РМҚК – Тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш бiлiм министрi ғалым, ақын, педогог, осы
орталықтың негізін қалаушы Шайсұлтан Шаяхметұлының атымен аталады. Сол секілді
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атауы мен университеттің алдына
қойған мақсатының арасында байланыс бар: Еуразия кеңісігіндегі ықпалдастық мәселесі
ғылымда біраздан бар. Оның негізін қалаушы – ғалым Л.Н.Гумилев.
Ал оқу орнының ашылуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Еуразия» идеясы негіз болып
отыр. Осыған байланысты бұл университеттің алдына жауапты міндеттер жүктелген.
Атаудың жалпы мазмұнында дайындалатын мамандықтар туралы ештеңе айтылмағанмен,
осы идея мен мақсат, міндеттер қамтылған. Астана қаласындағы біршама оқу орындары
осылай кісі аттарымен аталады. Олардың білім беру бағыты мен алдына қойылған өзіндік
мақсаттары атауымен үнемі сәйкес келе бермейді. Ілгеріде атап өткеніміздей, тұлғаны
ұлықтау үшін оған ешқандай қатысы жоқ мекемеге атын беру үрдісі әлі де кездеседі. Келесі
бір назар аударатын мәселе – «Тұран-Астана» университеті, «Тұран» колледжі т.б секілді
атаулардың мағынасынан оқу орнына қатысты белгілі бір ақпараттарды түсу қиын, бірақ бұл
бірен-сарандарында болмаса, барлығына бірдей тән олқылық емес.
Қолданбалылық ерекшеліктері бойынша алып қарағанда эргонимдердің ақпараттық
мазмұнға негізделуінің маңызы зор. Өйткені, тарихи (диохрониялық) тұрғыдан да,
сипаттамалық (синхрониялық) тұрғыданда да атаулардың негізгі мақсаты белгілі бір нысан
туралы қандай да бір мәлімет беру. Әсіресе қазіргі ақпараттық қамтамасыз етуге баса мән
беріліп отырған өскелең заманда, атауларға деген сұраныстың өзі олардың қолданысқа
ыңғайлы, жан-жақты жетілген болуын талап етеді. Астана қаласы білім мекемелерінің
атауларын біртұтас құрылым ретінде қарастырғанда, олардың негізгі мақсат үдесінен шыға
алатынын, алайда әлі де жетілдіре түсетін жақтарының бар екенін байқауға болады.
Әдебиеттер тізімі
1 Иманбердиева С. Қала ономасткасының кейбір мәселелері. – Алматы: «Арқас», 2004.
– 136 бет.
2 Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика: зерттеу мәселелері. – Астана:
«Атамұра», 2005. – 240 бет.
3 Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV «Мемлекеттік мүлік
туралы» Заңы.
4 Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік
басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Мемлекеттік мүлік
туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы заңдарына сәйкес Астана қаласының әкімдігі қаулысы.
48
В настоящей статье рассматриваются эргонимы города Астаны, их структурные
особенности. Важным представляются объекты, имеющие общественно-социальную
значимость, среди них наименования учреждений образования, особенности их
наименования. Наименования учреждений образования города Астаны имеют свою
особенность. По сравнению с другими учебными заведениями школам города свойственна
определенная системность в наименовании. Кроме этого проведен анализ эргонимов их
социально-историческому значению и информационной функции.
The given article observes ergonyms of Astana city and their structural features. Objects of
social significance are important, among them there are items of educational institutions,
peculiarities of their naming. Besides, the analysis of ergonyms has been made according to their
social-historical significance and informational function.
ӘОЖ 82 – 7(045)14
Ә.Д. Қабылов
Ш.Есенов атындағы КМТИУ
Ақтау, Қазақстан
adlet_kabylov@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |