АБАЙ ҚАРАСӨЗДЕРІНДЕГІ ИРОНИЯНЫҢ ДҮНИЕТАНЫМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Мақалада автордың дүниетанымы мен эстетикасына байланысты мазмұндық
категория ретінде Абайдың қарасөздеріндегі ирония қарастырылады. Ирония тек тілдік
құбылыс қана емес, ол белгілі бір дәрежеде ділмен, ұлттық характермен, даралық
темпераментпен және басқа да факторлармен байланысты болады. Иронияның сипаты
автордың жеке тұлғасына, оның әлеуметтік мәртебесіне, эстетикалық көзқарасына,
этикалық түсініктеріне тәуелді болмақ. Бұлар тек тілдік құралдармен берілген ирониядан
да, сондай-ақ көбінесе экстралингвистикалық құралдармен жасалған ирониядан да көрініс
табады. Мақалада қарасөздердің идеялық-мазмұндық ерекшелігіне талдау жасала отырып,
ондағы иронияның сипаты нақты мысалдар арқылы сарапталады. Иронияның өмірлік
құбылыстарға авторлық көзқарасты білдіру құралы ретінде қызмет ететіні, ақын
ирониясының философиямен суарылған дүниетанымдық қызметі пайымдалады.
Тірек сөздер: ирония, өзіндік ирония, ирониялық көзқарас, ирониялық категория,
субъективтік қатынас, екіұдай мағына.
Қазақ прозасындағы иронияны даму сөз еткенде, Абайдың қарасөздеріне тоқталмай
кетуге болмайды. Ұлы ақынның қарасөздерінің идеялық-мазмұндық сипаты оның
өлеңдерімен сабақтас, көп ретте ақын өлеңдерінде көтерген мәселелерді дамыта әңгімелеп,
оқырманына мейлінше ұғынықты ету мақсатын көздегені анық.
Абайдың қарасөздері туралы М.Әуезов: «Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы
шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық
және көбінесе, адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді», – дейді [1,
16]. Ақынның қарасөздері терең ойлар мен парасатты пайымдарға бай. Ақын өзі өмір сүріп
отырған қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерге ойшыл ретінде назар аударып, өз
пайымдарын ұсынып отырады. Қарасөздер тақырыбы мен түрі жағынан түрлі сипатта
болғанымен, олардың қай-қайсысында да автор ойшыл-гуманист, реалист сыншы ретінде
танылады.
49
Абай қарасөздерінің өзіндік ерекшелігі – оларда ақын өзіндік пікірімен көрінеді, аз
сөзге көп мағына сыйғызып, көңілге түйгендерін қысқа да нұсқа етіп, тұжырымды ойлармен
береді. Ақын көптеген қарасөздерінде қоғамдағы жөнсіздіктерді, ел билеушілерінің теріс
қылықтарын, қазақтың бойындағы жат мінездерді өлтіре сынайды.
Қарасөздердің басты қасиеті – олардың сыншылдығында. Сыншылдық сарынның өзегі
кейде байсалды байлам, байыпты ой-толғау болса, көбінесе ақын ащы күлкі, зілді кекесін,
мысқылымен көрінеді. «Абайдың сыны, мысқылы жеңіл мазақ емес, зілді ашу. Ол ел мініне
күліп қана қоймайды. Сол мінездің жөнсіз бетін ашып, халық алдында масқара етіп, одан
безіндіріп отырады», – дейді Х.Сүйіншәлиев [2, 100].
Абайдың сатирасы туралы М.Әуезов, Т.Кәкішев, Т.Қожекеев т.б. ғалымдардың
еңбектерінде ақынның қазақ қоғамы мен адам міндерін сынайтын өлеңдері барынша
талданады. Т.Кәкішев «Абай сатирасында саяси сарыннан гөрі моралистік сарынның басым
болатынын» айтады [3, 85].
Ақынның қарасөздерінде ирония кең тыныспен, кейде астарлы, көбінесе ашық келіп,
ақын ойының астарындағы мысқылдық райды танытып отырады. М.Әуезовтің: «Өзінің
адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуда Абай педагогикалық жақсы
әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі
жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып үгіт-
насихат асырады» [4, 211], – деуінен қарасөздердегі ойнақы тәсілді аңғаруға болады. Осы
еңбегінде абайтанушы ғалым: «...қара сөз ой тереңдігі жағынан да көп өлең сөздерден
тайызырақ, сәл ғана шындықтардың өріс-өрісін байқатқандай болады», – деп қарасөздердегі
астарлы-тұспалды, оқушыны ойландыратындай мысқыл-кекесіндік өрнекті ишаралайды [4,
212]. Б. Кенжебаев «Абайдың қарасөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен сюжетсіз
жазылғанын» айтады [5].
Абай өлеңдеріндегі сияқты қарасөздерінде де қазақтың әдеби тілінің, сондай-ақ әдеби
классикалық стилінің негізін салғаны аян. Ақынның «автор – кейіпкер – тыңдарман»
жүйесіндегі эстетикалық үштағанның арқауын негіздегені туралы ғалым А.Исмақова өзінің
«Қазақтың көркем прозасы. Поэтика, жанр, стиль» еңбегінде нанымды дәлелдейді. Абай
ирониясы да оның классикалық стилінде орнығып, кейінгі прозада өзінің көркем
сабақтастығын тапты [6, 6].
Абай «Екінші сөзінде» сарт (өзбек), ноғай, орыс халықтарымен салыстырып, қазақтың
өзге халықтардан артықшылығы болмаса да (қайта кемшілігіне меңзейді), міншілдігін,
дөрекі өзімшілдігін мысқылдайды: «Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдайым-ай, бізден басқа
халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмаш
сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім» [7, 96].
Абай ирониясы – ақынның өмір тәжірибесінен түйгендерін ой елегінен өткізіп, өз
халқының мінез-құлқындағы жөнсіздіктерге жаны ашып, өмір философиясын еркін
парықтай отырып, оқырмандарына тұжырыммен толғайтын, көбінесе олармен ой
бөліскендей, сырласқандай болып түйіндейтін экзистенциалдық сипаттағы ирония.
Қарасөздердегі ақынның стиліне тән сипаттардың бірі – ойды өткірлеу мақсатында көбінесе
ирониялық сарынды ұстап отыратыны. Ақынның концептуальдық ирониясының өзегі
тыңдаушысына (оқырманына) әсер ету, көтеріп отырған мәселесінің өзектілігіне назар
аударту үшін ерекше екпін түсіре жеткізу болып табылады. Өлеңдеріне қарағанда
қарасөздерінің «ой тереңдігі жағынан тайызырақ» (М. Әуезов) болуының себебі де осыдан.
Ақын «батырып айтуды», сөйтіп, тиген жерін ойып түсіруді мақсат еткен сияқты.
Абай қарасөздерінің ашық моральдық бағыттылығы өзі бейнелеп отырған жағдайларды
оқырманның анық түсінуіне, сондықтан оны барынша өзектендіре көрсетуге бағдар
жасайды. Жұрттың мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне түсінік беру мен бағалауда ирониялық
көзқарас өзіндік өткірлік дарытады.
Автордың айтпақ ойының, бейнелер құбылыстың мәнін өзектендіру және оған ерекше
екпін түсіру – иронияның маңызды міндеттерінің бірі. Мұндайда сол көрсетілетін жайға,
50
объектіге ойындық қатынас та орын алады. Бұл ойын объектінің идеалдық мәні мен қазіргі
жағдайының арасындағы сәйкессіздікті ашуға ықпал етеді.
Абай ирониясына парадокстік, пародиялық сипаттар тән. Автор қоғамның сырқаттарын
әшкерелегенде көбінесе қазақтың кейбір мінездерін негізге ала отырып, соларды пародиялық
тұрғыдан анықтап көрсетуге бағдар жасайды. Ақынның бейнелеуіндегі мінез-құлықтар мен
әдет-қылықтар сол заманның (қазіргінің де) адамдарына тән әрі түсінікті қалпымен әсер
етеді.
Ақынның концептуальдық ирониясының маңызды тәсілдерінің бірі – ішкі мәтін
(подтекст) болып келеді. Қарасөздерде ақын көпшілікке тән кейбір ортақ ой-түйіндерді жиі
пайдаланып, оларды ирония нысаны етіп отырады. Мұндай амал сын объектісінің
нақтылығын дәйектейтін әрі соған орай талдау мен тәпсірлеу шарттарын белгілейтін маңызға
ие. Сондықтан Абайдың қарасөздерінде ішкі мәтіндер, негізінен, қазақтың мінездерін,
танымы мен пайымын әйгілеуге қызмет етіп отырады. Мысалы: «Саудагер несиесін жия
келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазамын ба?»
дейтұғыны болушы еді ғой» («Он алтыншы сөз»); «...Мойнын бұрып қойып: «Өй, тәңірі-ай,
қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің, кімнің басы кімнің қанжығасында жүр, ол менің
қазаныма ас салып беріп жүр ме, мен онан сауын сауып отырмын ба» – деп бұлғақтап,
немесе: «аяғаным жаным ба? Өй, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек! Азар болса атылып,
я осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма» деп қалшылдайтұғын
кісі көп қой» («Отызыншы сөз»); «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл,
қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» – дейді. Я болмаса,
«жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің», – дейді. Немесе «пәленше
де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз,
пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» – деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын
сабап отырады» («Отыз алтыншы сөз»).
Қарасөздердегі Абай ирониясы көбінесе астарлы болмай, тура кекесін, ашық мысқылға
құрылады. Автор өзінің ой-тұжырымдарын қашан да қисынды дәлелге құрады. «Үшінші
сөзінде» ақын: «Осы күні қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның
мәнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз»
[6, 98-99], – дей келе, үш жылға сайланатын болыстың бірінші жылы өзін сайлаған елге
жағынумен, екінші жылы кандидатпен аңдысып, ал үшінші жылы сайлау жақындап, тағы да
болыс болып қалармын ба деген дәмемен өтеді дейді. Бұдан соң Абай болыс сайлауы туралы
өз ойларын ортаға салады. Мұндағы ирониялық колорит тұспалмен, «мақтағандай болып
тұрып» емес, мақалдың мәнін нақты жағдайды мысқылмен дәлелдеп көрсетуінен көрінеді.
Мұндай әжуалы-мысқылдық рай қарасөздерде жиі көрініп, дидактикалық, үлгі-насихаттық
сарынға жалғасады. Мысалы, «Бесінші сөзінде»: «Қазақтар «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз
қыла көр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы жас баладан гөрі өзі есті кісі болып,
ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан
танырсың», – деп, кейбір мақалдарды сынайды.
Абай мақалдарды ғана сынап отырған жоқ, сол арқылы қазақтың бойындағы жағымсыз
қасиеттерді де түйреп отыр. Мұндай мақалдардағы тұжырымдардың кейбір адамдардың
теріс ниет-пиғылынан, түсінік-түйсігінен туғандығын еске салады.
Абайдың болыс-билерді, байларды, ұрылар мен сұмдарды сынайтын қарасөздерінде
сыншылдық мысқыл сатиралық қуат алып, ащы әжуаға ұласады. «Сегізінші сөзінде» «Осы
ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» деген сұрақ қоя отырып, болыс пен биді,
байлар мен сұмдарды сынайды. Бұл ашық сын емес, талдауға құрылған сатиралық ирония:
«Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол
орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де озық кісіміз, өзіміз біреуге үлгі беріп, ақыл
айтамыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып
тыңдасын және тыңдайын десе де қолы тие ме?..»; «Байлар, олар өздері де бір күн болса да,
дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады.
Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық ақыл, ғылым, білім – еш нәрсе малдан
51
қымбат демейді. Мал болса құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні,
құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе
де, қолы тие ме?»
Ал «Тоғызыншы сөзде» өз халқынан көңілі қалған ақынның ызалана келе түңіліспен
түйіндейтін ойы ащы әжуаға тіреледі: «Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде әттеген-
ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса,
артқа алаң болмай өлуге».
Абай салмақты ойға құрылған қарасөздерінде де өз пайымдарын кейде жеңіл әжуаға
жыға баяндайды. Мысалы, «Жиырмасыншы» және «Жиырма бірінші сөздерінде» жалығу
мен мақтан туралы ақын қысқа болса да тереңнен толғап, қызғылықты ой қорытады. Мұндай
пайымның қисындық, психологиялық дәлелі мығым, жіктемелері өмір тәжірибесінен
алынғандығымен
сенімді.
Мысалы,
жалығудың
мән-маңызын
талдағанда,
оның
философиялық астарын да аңдатып өтеді: «...Бірақ осы жалығу деген әр нәрсені көрем деген,
көп көрген, дәмін, бағасын – бәрінің баянсызын біліп, жеткен, ойлы адамнан шығады.
Хаттаки ғұмырдың баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-
білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір
ғанибет екен деп ойлаймын».
Ирония өмірлік құбылыстарға авторлық көзқарасты білдіру құралы ретінде қызмет
етеді. Қарасөздерінде Абай сұрақ қоя отырып, оған жауап іздеу арқылы ақиқатқа жету
тәсілін жиі пайдаланады. Көбінесе, сұрақты ортаға тастағандай болып, оқушысын да ізденуге
жетелейді. Ол, әдетте, әуелі тақырыпты аңғартып алып, сосын оны талдауға көшеді.
Мысалы, «Жиырма екінші сөзінде»: «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп,
кімді қадірлейін деп ойладым», – деп өзіне сұрақ қойып алып, сосын байды, мырзаны, болыс
пен биді, тағы басқаларды сын тезіне салады. Сөйте келе, кекесінмен түйіндейді: «Жә, кімді
сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Әлбәттә,
амал жоқ, момындығынан «Ырыс баққан, дау бақпас» деген мақалмен боламын деп
бергенімен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштықпен баға алмай, ұры, залым,
қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң, һәм соның тілеуін тілемесең
болмайды. Сонан басқаны таба алмадым.»
«Жиырма үшінші сөзде» «қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбанышты»
саралайды. Автор адам мінезіндегі қайшылықты сипаттарды сынауда өзіндік өрнек табады.
Басқа да кейбір «сөздеріндегідей», мұнда әуелі мінез-құлықтағы кейбір сипаттарды ішкі
мәтін арқылы көрсете отырып, оларды қарсы сауалдар тастау арқылы талдайды. Мұндағы
риторикалық сұрақтардың өзінен олардың жауаптары көрініп отырады әрі кекесіндік-
мысқылдық мәнімен ерекшеленеді: «Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір
адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады.
Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз
сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе?» деп. Оған құдай
тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен
жаманшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың
деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болад-дағы. Жүз ат бәйгеге
қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса жарар, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда
қалған ат нешеу деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі
қуаныш?»
«Жиырма алтыншы сөзде»: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске
түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып
бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Осы қуаныш бәрі де қазақ
қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның
жыққанына мақтанарлық не орны бар?» – деп, бәсеке-байрақтың астарында даңғазалық пен
әсіре мақтанның жатқанын мысқылдайды.
Абай ирониясының сипаттарына екі түрлі қылықты шендестіре отырып, мінез-
құлықтағы қайшылықты айқындаушы риторикалық сұрақ түріндегі мысқыл арқылы ашу да
52
тән. Мысалы, «Қырқыншы сөздегі»: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп
жалбырап қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай?»; «Біреудің
ағайыны торқалы той, топырақты өлімде адалдық, берекеде алысуға табылмай, барымта
алалық, ұрлалық десе табыла қоятыны қалай?»; «Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын
ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?» т.б.
Қорыта айтқанда, Абай ирониясы – Ф.Шлегель айтқандай, «ирониялық эпизодтарға
негізделген» ділмарлық ирония емес, философиямен суарылған поэтикалық ирония. Мұндай
ирония «өзінің құдіретті тынысымен» поэтикалық туындыға тұтасымен кірігеді, онда
«бәріне, оның ішінде өз өнеріне, рақымшылығы мен данышпандығына да жоғарыдан қарап,
барлық шарттылықтардан шексіз асқақтана беретін көңіл-күй жатады» [8, 282-283].
Әдебиеттер тізімі:
1 Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы. – Алматы, 1945. – 316 б.
2 Сүйіншәлиев Х.Ж. Абайдың қарасөздері. – Алматы. ҚМКӘБ, 1956. – 151 б.
3 Кәкішев Т. Абайдың сатирасы // Абай тағылымы. – Алматы. Жазушы, 1986. – 85 б.
4 Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы. Санат, 1995. – 320 б.
5 Кенжебаев Б. // Социалистік Қазақстан. №168, 15 қыркүйек, 1945.
6 Исмакова А.С. Казахская художественная проза. Поэтика, жанр, стиль. – Алматы.
Ғылым, 1998. – 394 с.
7 Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. ІІ том. – Алматы. Жазушы, 1986. – 200 б.
8 Шлегель Ф. Критические фрагменты // Шлегель Ф. Эстетика. Философия. Критика. В
2-х томах. Т 1. 1983.
В статье рассматривается ирония как содержательная категория, связанная с
мировозрением и эстетикой автора, на материале «Слова назидания» Абая. Ирония не
чисто языковое явление, она в определенной степени обусловлена менталитетом,
национальным характером, индивидуальным темпераментом и другими факторами.
Характер иронии находится в прямой зависимости от личности автора: его социального
статуса, эстетических взглядов, этических представлений и т.д. Это и отражается в
соотношении иронии, выраженной только языковыми средствами, и иронии, выраженной
преимущественно экстралингвистическими средствами. Анализируется соотношение
стилистического и концептуального типов иронии. Автор рассматривает специфику
использования иронии в произведениях поэта, их экспрессивно-эмоциональную окраску и
художественно-стилистические функции на основе конкретных языковых фактов.
The article discusses the irony as a meaningful category associated with the ideology and
aesthetics of the author on the article "words of edification" by Abay. The irony is not a purely
linguistic phenomenon, it is to some extent due to the mentality, national character, the
temperament of the individual and other factors. The character of the irony is directly dependent
on the personality of the author, his social status, aesthetic views, ethical concepts, etc. This is
reflected in the ratio of irony, marked only by means of language, and irony expressed
predominantly by extralinguistic means. Ratio of the stylistic and conceptual types of irony is
analysed. The author considers the specifics of the use of irony in the works of the poet, their
expressive and emotional, artistic and stylistic features based on the specific facts of language.
53
ӘОЖ 82 – 7(045) 05
Ә.Д. Қабылов
Ш. Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қ., Қазақстан
adlet_kabylov@mail.ru
РОМАН СЮЖЕТІ ТҮЗІЛІМІНДЕГІ ИРОНИЯ
Мақалада М.Мағауиннің «Көк мұнар» романындағы иронияның сюжеттік деңгейдегі
қолданыстары қарастырылады. Стильтүзуші иронияны талдағанда шығарманың
кейіпкерлер жүйесімен тығыз байланысты иронияның сюжеттік-фабулалық сипанына
назар аударған жөн. Мұнда ирониялық «модальдылық» айқын көрініп, шығарманың негізгі
идеясы мен автор ойын мейлінше анық аңғаруға мүмкіндік береді. Ирония негізінен
кейіпкердің басты мінез қырларын ашып көрсету мақсатында өткірлеу үшін қолданылады.
Автор өз кейіпкерлерінің даралық сипаттарын сырттай да, олардың характерлері арқылы
танытуда да иронияны қолданып отырады. Мақалада ирония автордың дүниетанымдық
мақсаты жинақталатын болмысты көркем бейнелеудің терең мазмұндық формасы
ретінде қарастырылады.
Тірек сөздер: стильтүзуші ирония, роман, авторлық интенция, ирониялық леп,
характер, ситуация.
Көркем шығармадағы иронияның стильтүзушілік орнын талдауда шығарманың
кейіпкерлер жүйесімен тығыз байланыста болатын ирония қызметінің сюжеттік-фабулалық
деңгейіне назар аудару лазым. Мұндай ирониялық «модальдылықтың» кейде реттілікпен,
кейде түрлі шиеленістер арқылы мейлінше айқын аңғарылатынын байқауға болады. Бұл
шығарманың негізгі идеясы мен сол арқылы автордың мұрат-мақсаты туралы тұжырым
шығаруға да мүмкіндік береді [1,126].
Сюжет тек оқиғалардың реттілік тізбегі, олардың себеп-салдарлық байланыстары мен
сол оқиғалар арқылы ашылатын кейіпкерлер болмысының көрінісінен ғана емес, сондай-ақ
лейтмотивтік тұрғыдан баяндаудың да түрлі формаларынан тұрады. Сюжеттік құрылым
автордың белгілі бір мақсатына, жазу шеберлігі мен баяндау мәнеріне де байланысты.
Г.Бахматова символистік романдардағы лейтмотивтік және сюжеттік баяндаудағы
мазмұндық материалдың берілу ерекшеліктері туралы «фабулалық деңгейде дүние көрінісі,
ондағы хаос, қателіктер, шығындар.., ал лейтмотивтік деңгейде терең мән мен үйлесім,
руханилық пен дүниенің заттық дүние ізденістері ашылады», – дейді. [2,13-14]. Қазіргі
прозада да сюжеттік желінің ширығуындағы әрекеттің немесе күңіл-күйдің, характердің
немесе жалпы жағдайдың жетекші орын алуы, кейіпкер мен автордың үндес толғамдары,
диалогтік, ішкі монологтік ағыстардың жүзеге асуы секілді сан-салалы баяндау қалыптары
шығарманың сюжеттік сипатына әсер етіп отыратынын көруге болады.
Кейбір прозалық шығармаларда авторлық интенция басымдық алып, авторлық-
интеллектуальдық әлеует маңызды роль атқарады, көркем мәтіндегі философиялық-
психологиялық пафос тереңдей түседі, мұндайда сюжеттік желі суреткер концепциясын
танытуға қызмет етіп, баяндаушылықтан гөрі сипаттаушылық қалып алып отырады.
Авторлық қатынас, негізінен, автордың тікелей көрінуінен гөрі кейіпкердің жан әлемі, көңіл
дүниесі арқылы танылады.
Роман сюжеті түзіліміндегі иронияның көріністеріне көрнекті қаламгер М.Мағауиннің
«Көк мұнар» романы негізінде талдау жүргізіп көрелік. Романның орталық кейіпкері Едіге –
талантты жас, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген филолог аспирант. Алғашында
Едігенің бойынан дарынды жас адамға тән өзіне сенімділік, алған бағытынан қайтпайтын
өрлік, ұлттық руханияттың маңызын түсініп, соған өзін бағыштаған тастүйін табандылық
көрінеді. Ғылыми атақ-абыройдың көкжиегі көрініп тұрғанына ешбір күмәні жоқ, әне-міне
дегенде өзінің ойлаған мақсатына жетіп, ұлттық ғылымға үлкен жаңалық қосарына сенімді
54
еді. Кейіпкер болмысын ашуда авторлық баяндауды кейіпкердің жан дүниесіндегі түрлі
толқулар мен шалқуларды қамтитын «қос үнді» стиль ширатып отырады. Осылайша
авторлық ирония кейіпкердің өзіне-өзі сыни көзқараспен қарап, қайрау мен қадағалауды,
тоқтам мен тұқыртуды қатар алып жүретін кекесіннен де көрініп отырады.
Романдағы орталық кейіпкер Едігеге қатысты сюжеттік астарда параллель екі
психологиялық антижелі тартылады: кейіпкердің асқақ көңілі мен өзіне деген зор сенімінен
көрінетін және оған қарама-қарсы – келе-келе өзіне күдікпен қарап, қайрап отыратын сыни
көзқарастағы ішкі ойлары. Осы қос импульс алма кезек түсіп, ақырында екіншісі басымдық
алады: өмірдің рухани соққысынан бой тасалаған кейіпкер белсенді әрекет арнасынан
ығысуға мәжбүр болады.
Романдағы орталық кейіпкерге қатысты ирония оның кемшілігін бүркемелеу арқылы
жағымсыздықты келекелейтін астарлы кекесін емес, қайта жағымды кейіпкердің бойындағы
сенімділіктің, жасампаздықтың, жауапкершіліктің салмағын арттырып тұратын өзіндік
көркемдік әдіс: «Жалпы, Едіге мықты жігіт. Гүлшат біле ме екен, Едіге – ғажайып болашақ
күтіп тұрған адам. Иә. Ол – өзіне тағдырдың ерекше миссия жүктегеніне, ұлы істер тындыру
маңдайына жазылған жан екендігіне кәміл сенеді. Гүлшат біле ме екен, Едігенің керемет
жазушы екенін, тамаша ғалым екенін! Білмейді. Өзінің сүйген қызы күмәнданады, басқа
жұрт қайдан мойындасын...» [Мағауин М. 3,351].
Кейіпкер ойында ұялайтын осындай сенімділік жас адамға тән өзіндік даралықты
айқындайтын ұлғайтпалы леппен қарқын алып отырады: «Қазақ деген аз халық. Наполеонды
туғыза алмады, оның есесіне Едігені берді...» [3,351]. Едігенің: «...мен – ерекше туған
адаммын. Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің
қаны бар. Құла-Шора дегенді естіп пе ең? Естіген жоқсың. Мен солмын...» [3,352], – деген
сөздерінде даңқты бабалар дәстүріне адалдық, өмірлік позицияны айқындайтын тұлғалық
кредо, ұлттық бастаулардан тамыр тартқан асқақ рух жатыр. Бұл жағдайда азаматтық
позиция оптимистік ирониямен өрнектеліп, тұлғалық дамуға серпін беретін рухани ұстынды
айқындайды.
Едіге – құр қиялдың емес, нақты істің адамы және өзіне қояр талабы да жоғары. Бір
жағынан, өзінің атқарып тастаған ісіне көңілі толмауы, екінші жағынан доцент
Б.Тәңірбергенов секілді ғылым жолында жүрген айналасындағы кейбір жандардың жөнсіз
тірлігі, оның үстіне өмір сүріп отырған қоғамдағы рухани сұраныстың өзі ойлаған межеге
кереғарлығы – осының бәрі қосыла келе ғылым жолындағы жастың қадамына тұсау бола
береді. Едіге өзіне сын көзімен қарап, әрбір ісін жоғары талап тұрғысынан бағалауға
үйренген.
Кейіпкердің мұндай сыни көзқарасымен қатар, оның аумалы-төкпелі ойлары мен сана
қалтарыстарындағы психологиялық құбылыстарына авторлық түсініктеме де тиісті мән
үстеп отырады: «...Ол жас еді. Сондықтан шолақ ойлап, келте қайыратын. Көп қателесетін.
Небір күштілерді қалыпқа түсірген өмір өзінің алдына да талай рет ащылы-тұщылы сабақ
тартар деп ойламаған кезі» [3,366].
Кейіпкердің рухани дүниесіндегі қайшылық – алға қойған мақсат пен оны орындау
жолындағы табандылықтың орнына, өзінің тындырған ісіне көңілі толмауы, өзіне деген
сеніміне селкеу түсуі, сөйтіп барлық жоспарынан уақытша бас тартып, шегініс жасауы.
Едігенің жан дүниесіндегі психологиялық өзгерістер кейде байыпты байламдармен, көбінесе
ирониялық-пародиялық леппен баяндалып отырады. Ирониялық-гротескілік баяндау
машығы кейіпкердің оқшаулану, өзімен-өзі болу, ойға алған ісінен түңілу сарындарымен
астасып жатады.
Едігенің айналасындағылармен қарым-қатынасы оның идеялымен қабыспай, біртіндеп
басқа арнаға ауысып отырады. Бірте-бірте кейіпкердің өмірден алған өткінші әсері мен сәттік
көңіл-күйіне құралатын импрессионистік сәттерге ойысады. Мұндай кереғарлық жағдай
роман сюжетінің дамуындағы әлеуметтік-психологиялық талдаулармен сәтті уәжделіп,
нақты мотивировкаға құрылады.
55
Экзистенциялық күдік, айналасына, қоғам мен адамдарға деген сенімсіздік арнасы
бірте-бірте өрістей түседі. Кешегі жігерлі, өзіне-өзі сенімді, алғыр да албырт жас енді басқа
қырынан көрінеді: өзіне риза болмау, бастаған ісінен, алған бағытынан түңілу сарындары
басымдық алады.
Автор ирониясының сыры – кейіпкердің жоғары мұраттарға ұмтылғанымен, шын
мәнінде, оған керісінше ақиқат тағдырдың рухани тоқырауға кезігуінде жатыр. Мұнда
иронияның негізінде жататын қарама-қайшылық, Чарльз Гликсбергтің сөзімен айтқанда,
«адамның өмірдің мәнін іздеуге ұмтылуы мен ол мәннің болмай шығуы арасында,
шындыққа, ақиқатты шыңдауға ұмтылдыратын интеллектуалдық құштарлық пен ол
ақиқаттың табылмайтынын түйсіну арасында» [4,5].
М.Мағауиннің «Көк мұнар» арқылы кезінде қазақ романының құрылымына алып
келген жаңалығы – автордың қазіргі заман мен тарихты сабақтастыра бейнелеу ерекшелігі
болатын. Шығарманың композициялық құрылымындағы мұндай ерекшелік автордың
көркемдік ұстанымына қызмет етеді. Өйткені, композиция автор ойының «коды», «кілті»
болып табылады. Осы «кілт» арқылы шығармадағы сюжеттік арнаның да, сондай-ақ
концептуальдық тұжырымның да белгілі бір арқауы шешіліп отырады.
Екі уақыттық-кеңістіктік параллельдегі сабақтастықтың мәні екі деңгейде көрінеді:
сюжеттік желі бойынша баяндалатын кейіпкердің өмір-тіршілігіндегі күнделікті ағым және
кейіпкер-жазушы романының мазмұнын қамтитын оқиғалардың жинақтық-эпизодтық
үзіктері. Яғни, аспирант Едігенің өміріндегі бүгінгі күні өтіп жатқан оқиғалар мен жазушы
Едігенің жазылып жатқан романында суреттелетін тарихи оқиғалардың мазмұны өзара
сабақтасып отырады. Бұл екі желінің байланысы тек суреткер мен оның шығармасының
сабақтастығы ғана емес, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде тарихи оқиғадан туындайтын жайт
пен кейіпкердің қазіргі тірлігіндегі көңіл-күйінің әуенімен де үндесіп жататын әлеуметтік-
психологиялық астарды да қамтиды.
Едіге мен Гүлшат арасындағы махаббат линиясы ара-тұра ирониялық леппен де
баяндалады. Мұндағы кекесіндер көбінесе жалпылық мән алып, адамгершілік мінез,
психологиялық ахуал арқылы өмірдегі түрлі ситуацияларды бағалауды қамтып отырады.
Автор көбінесе талдау арнасындағы жайттарды парадокстік сипатпен өрнектейді. Романда
ирония, сондай-ақ, жағымсыз кейіпкердің образын ашуда да қызметке келеді. Бердібек
туралы оның портреті арқылы мысқылды суреттер жасайды, мұндағы ирония бірте-бірте
пародияға ұласады.
Әдеттегі жағдайда байыпты көрінетін кейбір сөйленістер контекске қарай ирониялық
мағына алатыны болады. Мысалы, Күлдәрі ақынды кездестіргенде ойлайтын мына сөзінде
мысқылдық мән бар: «Адам бақытты шақтарында танысып, біліскен кездейсоқ жандардың
өзін кейін сол күндердің көзіне балап, ежеттес сырласындай көреді екен. Сағынады екен
ғой...» [3,403]. Бұл жолдарда кейіпкердің күйінішті көңіл күйінің жайын көрсететін, бір
кездегі өзін бақытты сезінген шақтарының бір белгісі ретіндегі танысын (жағымсыз бейне
болса да) жақын тартып, қимасқа балау сарынында ызалы кекесін жатыр.
Едігенің доцент Б.Тәңірбергеновпен сөйлескен сөздерінде, профессормен соңғы
кездесуіндегі екеуінің арасындағы диалогте ирониялық тыныс бар. Кейіпкер өз көзқарасына
жат көріністер мен құбылыстарды ұшыратқанда, оған тікелей қарсы келуден гөрі кекесінмен
қабылдауға бейім өзімшілдік, кейде іштей салмақтауға бейіл қорғаншақтық өріс алады.
Романдағы лирикалық-философиялық ағыстар, ой мен сезім стихиясы, лирикаға тән ішкі
сезімдік өрнектер, кейіпкердің ой ағыстары мен онымен астасып жататын авторлық
ремаркалар сюжетке қосалқы мән үстеп отырады.
Жоғарыда айтылған мағауиндік баяндау ерекшеліктері – авторлық интенциядағы
басымдық сипат, субъективтік психологизм, тарих пен қазіргі заманның сабақтастыра
бейнеленуі,
сюжеттің
екінші
планға
ауысып
отыруы,
лирикалық-философиялық
толғаныстар, көңіл-күйлік әуендер ыңғайындағы поэтикалық интонация – «Көк мұнардың»
сюжетіндегі өзіндік ерекшеліктерді көрсетеді.
56
Өзінің табиғатында ирония мағыналық жағынан жан-жақты да көп қырлы. Бұл тұрғыда
ол талдаудың күрделі механизмдерін қажет етеді. Ирония күнделікті өмір-тұрмыстың
келеңсіз жайларымен ғана шектеліп қалмай, ол қоғамдық-әлеуметтік өмірдің терең
қойнауларына бойлайды, түрлі түйткілдерді терең жинақтап, тұрмыс пен адам табиғатының
мәңгілік мәселелерін кең қарымдылықпен қамтып отырады.
«Бернелеу сатираға қарағанда иронияға үйлесімдірек, ал гротеск, абсурд, фантастика,
гипербола, метафоралар иронияның арқасында метафизикалық сипат алады. Бұл тұрғыда
сатираны иронияның бір көрінісі (ирония – тек, сатира – түр) ретінде қараған дұрыс секілді»,
– деп жазады О.В.Иванова [1,136].
Романның Алла тағаланың адамды жаратуы туралы тарауы ойнақы-әзілдік ырғақпен
баяндалады. Баяндау арнасында ирониялық реңк тұрақты қалып алып отырады. «Құдайдың
қателесуі» ирониялық тұжырымы адамдар қауымының өзімшілдік, қорқаулық, пасықтық,
бақастық, іштарлық, сатқындық секілді қасиетсіз сипаттарын мысқылдауға қызмет етіп тұр.
Бұл шынында «Құдайдың қателесуі» емес, «адамдардың алжасуы» концепциясын
астарлайды: «Алдына нақты жоспар құрып, шаруашылыққа ақылмен кірісудің орнына жалаң
шабыт жетегіне еріп кеткен жасаған жаббар ие өзінің туындысының сыртқы тұлғасын, тән
көркін ғана қызықтапты, оны әйтеуір басқа мақұлықтарға ұқсатпауды мұрат тұтыпты. Жалаң
көрсеткішті ғана қуған соң өндіріс өнімі сапасыз болып шығыпты...». Жоғарыдағы
иронияның сипаттық ерекшелігі оның баяндау стиліне де байланысты. Автор құдайды
айыптау түріндегі талдауды әдеби-фольклорлық әңгімелеу мен саяси публицистикалық
стильді сабақтастыра пайдаланып, ойнақы баяндайды.
Назар аударатын бір қызғылықты жағдай – кезінде мадақ ретінде айтылған сөздің
уақыт өте келе, басқа бір дәуір туғанда кекесіндік мағынаға ие болатыны бар, алайда:
«Адамзат құдайды талақ етіп, өзін құдай деп жариялаған темір ықылым – жиырмасыншы
ғасыр еді бұл. Сол жиырмасыншы ғасырда ғарышқа самғап, Айдан асып, Марсқа жеткен,
беті әжім-әжім кәрі планета Жердің тең жарым территориясына өзінің қанатының көлеңкесін
түсіріп тұрған қуатты алып держава еді бұл...» [3,310], – деген жолдарда мәтіннің
астарынағы кекесін бүгіп жатқанын байқау қиын емес. Демек, осы тараудың тұжырымында
заман мен қоғамды, өркениеттің барысын мадақтаудың астарында тек уақыттың ырқына
сенім артқан ирония жатқаны анық.
Мұндай ирониялық тәпсірлеулер енді бірде архивтің сыры мен сипатын кейіптендіре
суреттеу арқылы көрінеді: «Үйрен де жирен» деген мақалға «Біл де ұмыт» деген қосымша
жалғады; әйтеуір бір заманда мұқтажға жарары анық, ал дәл қазір қажет емес. Дүниенің бар
жақсылық, жамандығын, бар қулық, сұмдығын, бар даналығын бойына жинап алып, қысқы
тынымға жатқан аюша мүлгіп ұйықтай беретін архив ақсақалдың ең басты қасиеті де осында
ғой» [3,400].
Ал кейіпкердің оқу машығын талқылайтын тұста көркем шығармаларды таңдау
қисынымен таныстырып өтеді: «...Бұрын оқылмаған романдар – қауіпті: кез келген бетінен,
бір қалыпты терілген бейкүнә әріптердің астынан мина жарылуы мүмкін. Өзіне мәлімдерін
оқу көңілсіз: ойына қай-қайдағыны түсіреді, ал жекелеген беттер мен тұтас тарауларын
қалдырып оқыған дүниеде не құн қалмақ...» [3,402].
Едігенің қазақ тарихына арналған романына көңілі толмауы – кейіпкердің өз
бағдарынан бас тартып, шығармашылық істен тайқуының себептерінің бірі. Мұның
себептерін талдауда кейіпкер шығарманың өзіне ұнамаған көркемдік кемшілігінен емес, өз
заманына жақпайтын идеялық бағытынан екенін ойымен тұспалдайды. «Әлі де күмән көп-ті.
Сөйткенмен де бір нәрсеге анық көзі жеткен. Озық үлгілі роман, жиырмасыншы ғасырдың
екінші жартысында жасаушы жұртшылықтың шамына тимейтін, көпшілік көңілінен
шығарлықтай тарихи хикая бұлай жазылмауға тиіс екен. Өгіз өлмесін, арба сынбасын. Бірақ
қасқыр мен ешкіні қайықсыз дариядан қалай өткізбексің...» [3,438], – деген жолдар тек
кейіпкердің ішкі сезімін, бағалаушы сипатын ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге онда өз
заманының суреткерлік шындыққа қатынасын, идеологиялық қысымды тұспалдайтын сарын
да жатыр.
57
Кейіпкер өмір-тірлікті пародиялап отыр, қоғамдық сана мен адам табиғатындағы кейбір
өзімшілдік мінездер, эгоистік-амбициялық болмыс қырлары әжуаланады. Кеңестік кезеңдегі
идеологияның шығармашылық тұлғаларға қойған қатал талабы, цензуралық тыйым,
коммунистік партияның саясатына сәйкеспейтін тақырыптарға, әсіресе ұлттық тарихқа
қатысты шығармаларға қойылған тосқауыл иронияның көмегімен тұспалданады.
«Ішкі» иронияда жазушы «көбінесе қисындылықпен ирониялайды. Кейіпкер
сөздеріндегі фразалардың терең (ирониялық) мағынасы шығарманың жалпы мәтінінде
ашылады, мұндайда иронияның мәнін кейіпкердің алдағы іс-әрекеттері мен сөздері, жалпы
оқиғаның алдағы өрістеуі ашып отырады. «Ішкі» ирония мүмкіндігінше динамикалы дамиды
және баяндау процесінде аңғарылады: ол мүмкіндігінше оқырманның таңғалуын талап етеді,
оқырманның көңілі қалғанға дейін ол санасында бекіп те үлгереді [5,455].
Шынында да, «Көк мұнар» романының басы мен соңындағы Едігеге деген оқырманның
көзқарасында айтарлықтай өзгеріс болатыны анық. Романның басында Едіге секілді
талантты да талапты жастың алғырлығы, білімқұмарлығы, табандылығы оқырманды
таңғалдырып отырса, келе-келе бұл сезімге селкеу түсіп, ақырында өз бағытынан тайқып,
уақытша болса да «шегініс жасауға» мәжбүр болған кейіпкерге оқырман әлдебір
сенімсіздікпен,
аяушылықпен,
тіпті
ызамен
қарауы
заңды.
Бұл
кейіпкеріміздің
нашарлығынан, талапсыздығынан емес, ғылым мен шығармашылық ізденіс жолындағы
кедергілерге қарсы тұруға қауқарсыздығынан, өз махаббатын қорғауда жалған намысқа бой
алдыратын жігерсіздігінен орын алады.
Оның өзін «дүниенің тұтқасымын» деп санайтын тым өзімшіл, бірбеткей болмысын
автор «ішкі» ирониямен әжуалайды. Едігені автор сияқты оқырман да біржақты
кіналамағанмен, оның іс-әрекет, «тірлігіне» деген ойлы ирония жатыр. Бұл мысқыл
трагикалық иронияға жақын, өйткені тағдыр талқысы кейіпкеріміздің бүкіл арман-мақсатын,
болашаққа деген сенімін тас-талқан етіп, алыс қиырдан бір-ақ шығарады. Шығарманың
эпилогында автор бас кейіпкердің сегіз жылдан кейінгі өзгерген, ұнамсыз мінез-
құлықтарынан арылғанан еске салады. Алда қандай өмір тұр, оны нақты айту қиын, әйтсе де
кейіпкеріміз ендігі жерде өмір сабағын ескеріп, өз бойына лайықтап іс қылары хақ.
Романның баяндау стиліндегі «ішкі» ирония шығарманың соңына дейін бір тінін
селдіретпей, бірде ашық, көбінесе астарлы қалыппен өріс алып отырады. Автор кей жағдайда
заманға, қарыштап дамып келе жатқан қоғамға мадақ айтып отырғандай көрінгенмен,
мәтіннің ішкі астарында мысқыл-келеке жатқанын аңғаруға болады. Жазушы романда
суреттелетін жайлардан сабақ ұсынса да, пессимизмге бой алдырмай, қорытынды пайымды
қайшылықты екіұдайлық екпінмен баяндап, әйтеуір түбі бір жақсылық болар деген тұспалға
меңзеп, ирониялық леппен аяқтайды.
М.Мағауиннің көптеген шығармаларында автордың өмірбаяндық деректерін еске
түсіретін ретроспективтік оқиғалар негізге алынады, әсіресе шығармашылық тұлғаның,
әдебиетші ғалым мен тарихшы жазушының өмірінен алынған эпизодтар жиі кездеседі.
Тарихы шындықты, өмірден алынған оқиғаларды негізге алу арқылы автор кейіпкерге, оның
ой-санасына, жалпы тіршілікке қатысты иронияның көмегімен қоғам шындығына да жарық
түсіреді. Жазушы шығармаларындағы күлкі поэтикасын талдау арқылы ондағы комизмнің
түр тудырушы сипатына көз жеткізуге болады, яғни олардағы комизм характерлерге,
стильге, сюжетке, жанрға ықпал етіп отырады. Жазушы шығармаларындағы ирония кей
жағдайларда характер түзушілік қызмет атқарады. Жазушы ирония арқылы әлеуметтік
сипаттағы және психологиялық образ-типтер жасауға бейім. Көркем ирония арқылы дүниеге
поэтикалық жинақтық көзқарас та көрінеді.
М.Мағауин жасаған характерлер мен ситуацияларда ирониялық баяндау, бейнеленер
жайды кекесін арқылы, мысқылға сүйей тәпсірлеу жиі ұшырасады. Ирониямен бейнеленер
жағдайларда байыпты мазмұн жатады. Ирония сюжет түзуші фактор ретінде М.Мағауиннің
суреткерлік мәнеріне оқиға барысын баяндауда күтпеген ракурс, өткір перипетиялық,
бейнелеудегі парадостылық сипат секілді ерекшеліктер дарытып отырады.
58
Әдебиеттер тізімі:
1 Иванова О.В. Ирония как стилеобразующее начало в романе Ф.Сологуба «Мелкий
бес». Дисс. на соискание ученой степени канд. фил. наук. – МГУ им. М.В.Ломоносова,
2000. – С. 210.
2 Бахматова Г. Концептуальность орнаментального стиля русской прозы первой
четверти ХХ в. // Научные доклады высщей школы. Филол. науки. – М., 1989. №5. – С.10-
17.
3 Мағауин М. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, Жазушы, 1990. – 446 б.
4 Glicksberg Ch. The lronic Vision in Modern Litereture. – Nague. Nijhoff. 1969.
–
p.11.
5 Полоцкая Э.А. Внутренная ирония в рассказах и повестях Чехова // Мастерство
русских классиков. Советский писатель. – 1969. – С. 438-493.
В статье рассматривается стилеобразуюшая ирония на материале романа
М.Магауина «Голубое марево». При анализе стилеобразуюшей иронии необходимо
обратиться к тесно связанному с персонажной сферой сюжетно-фабульному уровню
реализации иронии. Именно здесь ироническая «модальность» прослеживается наиболее
последовательно и зримо, что позволяет наиболее объективно судить о центральных идеях
произведения и замысле писателя. Ирония проявляется в основном в авторской речи с целью
заострения, выделения основных черт характера героя. Автор, дающий своим героям яркие
индивидуальные характеристики, использует иронию при описении и внешности, и
характера персонажей. В статье ирония рассматривается как глубоко содержательная
форма художественного освоения действительности, в которой могут воплощаться
мировозренческие установки писателя.
The article discusses the style forming irony based on the novel "Blue haze" by M.Magauin.
While analyzing style forming irony it is necessary to refer to fable plot level of implementation of
irony closely related with the character sphere. Exactly here ironic "modality" observed most
consistently and visibly that allows the most objective judge of the central ideas of the work and
ideas of the writer. The irony is manifested mainly in the author's speech, with the aim of
sharpening, highlight the main features of the hero. The author gives his characters bright
individual characteristics, uses irony when opisenii and appearance, and the nature of the
characters. In this article the irony is considered as deeply meaningful forms of artistic assimilation
of reality, which may be implemented outlook and installation of the writer
УДК: 101.1:314.952 (=512.122)
А.Т. Кажыбай
Кокшетауский государственный университет имени Ш. Уалиханова
Кокшетау, Казахстан
Достарыңызбен бөлісу: |