Әдеби KZ
-
Жүр! Неге тұрсың?- деп ұмтыла берген кезде, апырым-ай, Қамар жанталасқандай
терезе деп ойлады ма немене, пәрменімен ұшып кеткендей үйдің бөренесіне басын
соғып шалқасынан түсті. Ес те жоқ, түс те жоқ, құр кірпігі ғана қимылдап, көгеріп сұлқ
жатты: "Соқырдың қолына, саңыраудың жолына түспе" деп, қолына түскен соң сыпыра
көңілі соқырлар өлген-тірілгеніне қарасын ба? "Ойбай, бұл дүзіқараныкі айла ғой" десіп,
арбаға көтеріп ұрып, ең алдымен жөнелтті. Алмасақ та бізді талады ғой,- десіп Омардың
үйінде іске жарарлық нәрсе қалдырған жоқ. Не қылса да, ойына келгендерін істеп,
дүрілдесіп кете барды. Қамарды алды. Қалтан, Оспанның айыздары қанды. Мұны
ауылдың көбі күндіз білсе де, "Ойбай, бірдеңесіне ілігіп кетерміз" деп, Нұрымнан қорқып
жолағысы келмеді, қайта, Омар ойбайлаған сайын, жүнді күпілерін бүркене түсті. Таң
атысымен-ақ, "Нүрекең жүз кісімен өзі барып, Қамарды әкепті, бірақ айла болса керек,
Қамар үйінен шыққаннан талып, әлі есін жөнді жимаған, әлсін-әлі аузына келгенін сөйлеп,
шатаса береді дейді"- деген хабар жұртқа дүңк ете түсті. Әйдай!.. Не сұрайсың, қайырлы
болсын айта Нұрымға қарай ағылған лек-лек кісі!.. Бара салысымен "Ой, сабазың!
Жарайсың! Сол керек еді... Қоса ағар" деп, қайырлы болсынды тұс-тұс жақтан
жаудырысып-ақ жатыр. Нұрым да "әмин-әмин" деп, аузын толтырып, жалаң бас, есі жоқ,
түсі жоқ, терлеп-тепшіп, екі езуі құлағында, алақандай шегір көзі ақайып, жирен сақалы
қаудиып кеткен, әншейін-ақ күр-күр етеді. Барын аяп қалмай, "Аста-төк" деп, келгенді ақ
майға жығып жіберіп жатыр. Және мына даудың көзінде жұртқа жалыныштылау ғой,
қанша мықты болғанымен "батырға да жан керек" емес пе? Ат сұраған ағайынның да, ас
сұраған ағайынның да бетін қайырмай, дос-досына ат шаптырып, күні-түні дамыл көрмей,
әйтеуір жұртты өзіндік қылып алды. Жауы жанынан табылған жақындары жабылып
діңкесін құртқан Омар сорлының құр қынжылып, сақалын жұлудан басқа не әдді бар?
Бірге туысқан ағаларының сиқы анау... Ондай-мұндайлар бүгін ішіп-жеп отырғанда
Омарлық болса да ертеңінде қорқып Нұрымға кетеді. Жалғыз басы олай шапты, орысқа-
орманға барды, малын да, жанын да аямаған болды: "Жалғыз қаздың үні, жаяудың шаңы
шыға ма?" Шыбын құрлы көрген кісі жоқ, бір айдай далақтап тптығына жетіп бара жатқан
соң шарасы бар ма? "Көп қорқытты, терең батырды", жүні жығылды да қалды... Нұрым
қолына еркін тиген соң, Қамарды күтпеу қайда? Шыбын жаны соның үстінде шықсын деп,
|