Студенттік ғылыми-тəжірибелік конференциясының материалдары


"ТƏУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ - ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ МАҚТАНЫ"



Pdf көрінісі
бет36/42
Дата31.03.2017
өлшемі4,98 Mb.
#10682
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   42

"ТƏУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ - ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ МАҚТАНЫ" 
Құрманбай Н.М. 
Ғылыми жетекші: аға оқытушы Темиржанова Ш.М. 
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті 
 
Біз тəуелсіздікті ақылмен, ата-баба 
жолымен алдық деп ойлаймын" 
Н.Ə.Назарбаев
Еліміздің ертеңін еңселі етуге бағытталған тəуелсіздігімізге биыл 25 жыл толып отыр. 
Жиырма  бес  жыл  бұрын  еліміздің  тұғырлы  Тəуелсіздігі  жарияланып,  осыған    дейін    ауыр  
күн  кешіп,  талай  сындарды  басынан  өткерген      мемлекетіміз    еңсесін    бір    көтерген    еді. 
Талай  сындар,  талай  ауыр  кезеңдер  басымыздан  өтті.  Соның  бəрін  суша  шайып  кеткен 
Тəуелсіздігіміздің ақ таңы арайлап ату үстінде. Ендеше, Тəуелсіздігіміздің ақ таңы - Егемен 
еліміздің мақтаны болмақ. Таңымызды толықсытып, туымызды көкке көтерткен күннің орын 
алғанына да биыл 25 жыл толып қалған екен. Тəуелсіздік - біз аңсап жеткен ең ұлы мереке 
болмақ. 
Тəуелсіздікке жеткенше ата-бабаларымыз қиян-кесті қиын кезеңдерді басынан өткерді. 
Ел  болып  қалыптасуымыз  уысымызға  оңай  түскен  жоқ.  Сан  ұрыстарды  көрдік,  қаншама 
қантөгісті  уақиғалар  болды.  Біз,  Қазақтар,  шет  елдердің  отары  болдық,  құлы  да  болдық, 
түбінде көздеген мақсатымызға, Ұлы Тəуелсіздікке жеттік. Дегенмен, осы күнге жетудің өзі 
ата-бабаларымыздың ең Ұлы арманы еді. 
Тəуелсіздік - ең  басты  құндылығымыз.  Тəуелсіздікке  қантөгіссіз,  бейбіт  түрде  қол 
жеткізгеннен  кейін  ғана  елімізді  əлемнің  өркениетті  мемлекеттерінің  қатарына  қоса  алдық. 
25 жыл ішінде тəуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, тарихты толқынды күндерін аман өткізіп 
келеміз.  Осы  кезеңде Қазақстанды  дүние  дидарындағы  ең  мықты мемлекеттер  танитындай, 

267 
сыйлайтындай  деңгейге  жеткізген  тұңғыш  Елбасымыз  Нұрсұлтан  Назарбаевтай  көреген 
саясаткердің  ерен  еңбегін  дəл  бүгін  жəне  əрқашанда  айтып  жүруіміз  керек.  
Тəуелсіздік күні - еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білемін, себебі, 
осынау  жүрекжарды  қуанышқа  толы  күнді  ата - бабаларымыз  ғасырлар  бойы  армандап, 
күтумен өтті. 
Қазақ дейтін менің бір елім, 
Жатыр алып жарты дүние əлемін. 
Бұл даланы анам жаспен суарған, 
Бұл далаға жылап келіп қуанған, - деп Қасым Аманжоловтай тұлғамыз тебіренткендей, 
кең байтақ жерімізде қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан 
кешірсе  де,  ата-бабаларымыз  ешқашан  мойымай,  күресе  білді.  Азаттық    таңы    туатынына  
кəміл  сеніп,  үміттерін  үзбеді. 
Адам баласы, адамзат қоғамы қашанда алдағы болатын оқиғаны əрі аңсай, əрі абыржи 
тосқан  ғой.  Əсіресе,  ғасыр,  мыңжылдық  сынды,тарихта  өшпес  ізі  қалатын  межелі  кезеңдер 
таянғанда қатты қобалжығаны рас. Үшінші мыңжылдыққа аяқ басу үшін де бір ғасыр бойы 
дұрыстап əзірленіп, əр қилы қозғалыстарды бастапты. Ата-бабаларымыз ғасыр мен жаңашыл 
жаңа заманды арман етіп кеткен еді. Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық келді. Сол 
ғасырдың қызығын көріп өмір сүріп жатқан біз - бір пендеміз. Сəуегейлер мен сараң ойлылар 
қанша  құйқылжытқанмен,  əзір  бəрі  бəз-баяғысынша.  Тəуелсіздікке  дейінгі  жағдайымыз 
неткен нашар еді десеңші. Енді сол өткеннің бəрі су сепкендей басылды. 
Бəрінен  бұрын  адамның  жан  дүниесі,  рухы  мен  ар-ұжданы  азаттықты  тілейді  екен. 
Қазақ  халқы  өз  табиғатына  тəн  тіршілік  кешкісі  келсе,  несі  айып?  Ақыры  бұғау  біткенге 
сыймай, шідер біткенді шірей тартып, халқымыз тəуелсіз ел дербестігіне қол жеткізді.  
Тəуелсіздік – ұлттық тілдің, дəстүрдің, салт — сананың мызғымас  тірегі, күші, алтын 
діңгегі,  халықтың  бақ жұлдызы.  Тəуелсіздік – арман!  Жер  бетінде  қанша  ұлт  болса,  сонша 
арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті. 
1991 жыл — еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл əлемге алғаш қадам басқан жылы. 
Сол  сəттен  бері  міне 25 жыл  да  өте  шықты.  Қазіргі  Қазақстан  əлем  сахнасында 
мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі 
экономикалық,  саяси  жəне  əлеуметтік  жетістіктерге  қол  жеткізді.  Қазіргі  таңда  Қазақстан 
жас  мемлекет  бола  тұра,  көптеген  елдерден  əлдеқайда  алда.  Еліміздің  аяғынан  нық  тұруы, 
ұлттық  қауіпсіздікті  қамтамасыз  ету  жəне  экономикамыздың  жедел  қарқынмен  дамуы — 
қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта 
ғана  емес,  бүкілəлемдік  проблемаларды  талқылауда  жəне  шешуде  ықпалды  рөл  атқаратын 
ел. «Қаз тұрып, қадам басқан тəуелсіздік сəбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден 
бастап,  осынау 25 жылдың  бедерінде  айшылық  жерді  алты  рет  аттаған  алып  секілді,  дəуір 
жалынын  мығым  ұстап,  тізгінін  бекем  қаға  білді»-деп  Елбасымыз  айтқандай,  егемен 
Қазақстанды  бүгінде  барша  əлем  танып  отыр.  Тəуелсіздік  алғандағы  алғашқы  əрекеттердің 
арасында  мемлекетіміздің  ұлттық  валютасы — теңгені  енгізу,  көршілес  мемлекеттермен 
шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту бар еді. Ата Заңымызға сəйкес Қазақстан 
жəне  қазақстандықтар  ешкімнің  жеріне  көз  салмайды,  бірақ  өз  жерінің  бір  сантиметрін  де 
ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы — ерекше тарихи жетістік. 
Айта берсек 25 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге 
жетуде  еліміз  көп  қиыншылықты  көргенін  ұмытпағанымыз  жөн.  Өз  басым  тəуелсіздіктен 
кейін  туылған  буынның  өкілі  бола  тұра,  бұл  Егемендіктің  қандай  жолмен  келгенін  жақсы 
білемін.  Қазақстан  үшін,  қазақ  халқы  үшін  тəуелсіздік  аспаннан  түскен  сый  емес  еді. 
Халқымыз бостандықты аңсап, Тəуелсіздікке зарығып жетті. Тəуелсіздік жолында еліміз аз 
қиыншылық  көрген  жоқ.  Тəуелсіздік – ата-бабамыздың  ежелден  келе  жатқан  арманы. 
Халқымыздың  бостандыққа  ұмтылысының  жəне  өшпес  қайсар  рухының  арқасында 
тəуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын 
қорғау  соғыстары  мен  ұлт-азаттық  көтерілістердің  тарихымызда  өшпес  өнеге,  өлмес  мұра 

268 
ретінде  сақталатыны  рас.  Елдің  біртұтастығы  мен  тыныштығын  сақтауға  хан-сұлтандар, 
батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тəуелсіздік деген ұлы жеңіске 
қол  жеткізуде  əлі  де  жаңғырып  тұрған  кешегі  Желтоқсанның  да  септігі  аз  болған  жоқ – 
студент  жастардың  көшеге  шығып  үндеуі  жəне  егемендік  үшін  зардап  шегуге  дайын 
екендігін  көрсете  білуі  барша  халыққа  сенім  мен  жігер  берген  болатын.  Қазіргі  таңда 
Тəуелсіздік — барлығымыз  үшін  ерекше  қасиетті  күн.  Бірліктің,  ынтымақтастық  пен 
татулықтың  күні.  Мемлекетіміздің  тəуелсіздігі — ең  алдымен  халқымыздың  бақыты. 
Алғашқы  жылдарда  басым  мақсаттардың  қатарында  егемендікті  нығайту,  ұлттық 
қауіпсіздікті  қамтамасыз  ету,  экономикадағы  қиыншылықтарға  жауап  беру  болған  еді. 
Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына 
деген махаббатты жоғалтпай, əрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл 
бөлуі керек деп ойлаймын. 
Тəуелсіздігімізді  жариялағаннан  бергі  мезгіл  ішінде  көптеген  елеулі  табыстарға  қол 
жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы 
мен  ынтымақтастығы  Президентіміздің  жүргізіп  отырған  парасатты  көреген  саясатының 
нəтижесі.  Қазақстан — қазақ  халқының  ата-баба  мекені,  ежелгі  қонысы.  Еліміз  өлшеусіз 
табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше 
екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге     
ұмтылу - еліміздің алдағы жылдарындағы ең маңызды мəселесі болуы керек. 
Қазіргі  Қазақстан – егемен,  демократиялық,  зайырлы,  құқықтық  жəне  əлеуметтік 
мемлекет. Əрине, бізге қайда ұмтылу бар. Ғылымды даму, ауылдарды демесу, жемқорлықты 
жою керек. Бірақ барлық Қазақстан жетістіктері алда болады.  
Біздің елбасымыз – Н.Ə.Назарбаев, дана адам, шебер саясатшы, нағыз отаншыл. Ол – 
Ата Заңның гаранты болған еді. Біздің Ата Заңымыз – негізгі тəуелсіздіктің нышандарының 
бірі. Қазақстанда өз мемлекеттік рəміздері бар. Олар: ту, елтаңба, əнұран. Олар егемендікті, 
бостандықты, дəстүрлерді, тəуелсіздікті көрсетеді. Тəуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, 
сонымен  қатар,  ертеңгі  өміріміз — Қазақстанның  болашағы,  оның  мүмкіндіктері  мен 
мақсаттары. Тəуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген мағынаны білдіреді. 
Осылай Қазақстанның жеке рəміздерінің, жеке Конституциясының, жеке астанасының 
болуы - тұғырлы Тəуелсіздігіміздің діңгегі мен нышаны болмақ. Тəуелсіздікке қол жеткізіп, 
бүгінгі күні 25 жылдығын тойлап жатқан мемлекетіміздің болашағы əлде де жарқын болады 
деп сенемін. 
Ерлеріміздің  арқасында  «Қазақстан»  егеменді  ел  болып,  дүние  жүзіне  танылды. 130 - 
дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет 
дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген 
мекенде  өмір  сүруші  əрбір  адам  өз  Отанын  жанындай  сүйіп,  оның  көк  байрағын  көкке 
көтеруді мақтаныш тұтады. 
 
Тəуелсіздіктің ақ таңы... 
 
Сан ұрыс көріп, 
Қантөгіс болып, 
Жеткен ек күні бүгінге...  
Батырлар болды  
Ақындар болды  
Жалындай болған елімде...  
 
Елімнің асқақ  
Тəуелсіз туы  
Желбіреп тұрды көгімде...  
Елбасы тұрды  
Жиырма бес жыл бұрын  

269 
Егемендіктің төрінде... 
Тəуелсіз болып  
Тəуелсіз таңды  
Атырудамыз бұл күні...  
Бабаларға алғыс  
Айтуымыз керек  
Бақытты болып ендігі...  
 
Маңдайда біздің  
Бағымыз да бар  
Ешкімге де бермейтін...  
Тəуелсіз елге  
Айналдық бүгін 
Ана тілінде сөйлейтін...  
 
Жүрекке бақыт  
Сыйлауда бүгін  
Тəуелсіздіктің ақ таңы...  
Сол күнге бізді  
Жеткізген жандар  
Бүгінгі ұрпақтың мақтаны...  
 
Сұрапыл кезең  
Жеткізді бізді  
Бұл күні жаңа іздерге...  
Тəуелсіз елдің  
Ұланы болған  
Арман бар ма екен біздерге...                           
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  Қазақстан  Халқына  Жолдауынан. 17 
қаңтар. 2014 жыл // Егемен Қазақстан. 18.01.2014 ж. 15-38б. 
2. Назарбаев Н.А. Тарих тағылымдары жəне қазіргі заман. –Алматы., 1997ж. 69-78б. 
3. Ұлттық тарихты зерделеу туралы. – Алматы: «Литера - М» ЖШС, 2013. – 320 б. 
 
МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТƏУЕЛСІЗДІК  
ИДЕЯСЫ ЖƏНЕ МƏҢГІЛІК ЕЛ 
Утепова С., Социал Ж. 
Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент Карсыбаева Ж.А. 
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
 
"Мəңгілік  ел"  ұлттық  идеясының  мақсаты – ұлттың  ұлттық  болмысын  сақтап  қалу 
болып  табылады.  Бүгінгі  жаһандану  дəуірінде  ұлттық  идеяның  өзекті  болуы  да  осыдан. 
Қазақ елі еркіндікке жету үшін қаншама қиын - қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған 
жылдық  тарихы  бар  Қазақстан  армандаған  егемендігіне  қол  жеткізді,  ендігəрі  оны  ұстап, 
мемлекетті əрі қарай дамыту керек. Бұл – əлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың 
басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай 
елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде 
жойылып  кеткен  елдер  қаншама.  Біз  өзгенің  қателігінен,  өткеннің  тағылымынан  сабақ  ала 
білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – "Мəңгілік ел" біздің өз қолымызда. Ол үшін 
біз,  қазақ  жастары,  ұдайы  алға  ұмтылуымыз  керек.  Байлығымыз  да,  бақытымыз  да  болған 
мəңгілік тəуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. 

270 
Керегесі  мықты,  тəуелсіз,  бəсекеге  қабілетті  мемлекет  құру  қазақтың  түпкі  арманын 
меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Сондай 
идеяның бірі "Мəңгілік ел" идеясы болып табылады.  
Көне  түрік  дəуірінен  бастау  алған  "Мəңгілік  ел"  идеясы  бүгінгі  күні  елбасы  Н.Ə. 
Назарбаевтың    ел  билігіндегі  болашаққа  бағдар  стратегиясына  айналды. "Мəңгілік  ел" 
идеясы  барлық  түркілердің  бір  тарихи  кезең – VII ғасырда,  бір  шаңырақ  астында  тұрғанда 
қабылданған жəне жарияланған идея болатын. Жалпы, "Мəңгілік ел" идеясының үш негізден 
тұрғаны  анық.  Біріншісі – Түркі  қағанаты  билеушілерінің  (Күлтегін,  Білге  қаған,  Тоныкөк) 
саяси акт – «манифест» ретінде əзірлеп, тарих сахнасына шығаруы; екіншісі – əл-Фарабидің 
философиялық шығармасында идеяның теориялық-философиялық тұрғыдан негізделуі жəне 
үшінші – Жүсіп  Баласағұнның  «Құтты  білік»  дидактикалық  дастанында  құқықтық 
мемлекеттің  негізгі  қағидаларының,  яғни  Ата  Заң  іргетасының  қалануы.  Ендеше,  тарих 
сынынан өткен бұл идея бүкіл Түркі дүниесі үшін ортақ болары анық. 
 Ел ұранына айналған түркі дəуірінен бері келе жатқан "Мəңгілік ел" идеясы көрнекті 
қоғам  қайраткері  Мұстафа  Шоқайдың  тұтас  Түркістан  идеясымен  жалғасын  тапты.  Түрік 
дəуіріндегі  Тоңыкөк  абыз  мен  Мұстафа  Шоқайдың    мемлекет  тағдыры  жолында  атқарған 
қызметтері  ел  есінде.  Бұл  екі  тұлға  екі  дəуірде  өмір  сүрсе  де,  мақсаттары  ұқсас  болған- 
тəуелсіз, мəңгі ел құру. Ұлы тұлға Тоныкөк түркі халықтарын басын қосып, бір жағадан бас, 
бір жеңнен қол шығаратын Ұлы мемлекет негізін қалауды мақсат етті. Мұстафа Шоқайдың 
да  түркішілдік  идеясы  бұнымен  сабақтас  келді.  Ол  Ресей  отарында  болған  күллі 
мұсылмандарды  бір  шаңырақ  астына  жинауды  қалады.  Бұл  азаматтар  қойған  мақсаттарына 
жету үшін талмай еңбек етті, шайқастар өткізді, талай қиыншылықты бастан кешірді. 
ХХ ғасырдың басында əлем таныған қазақ қайраткері Мұстафа Шоқай қазақ тарихына 
ғана  емес,  бүкіл  əлем  тарихына  үлкен  із  қалдырған  тұлға.  Мұстафа  Шоқай  Қазақстанның 
жəне  Орта  Азияның  тəуелсіздігі  үшін  күрескен  ірі  қайраткер.  Əлемге  аты  мəлім  саясаткер, 
ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын көтерген, əділеттен 
басқа  досы  жоқ,  адалдықтан  басқа  жолы  жоқ  Мұстафа  Шоқайдың  біртұтас  Түркістан 
мемлекетін  құрудағы  қызметі,  қайғысы,  қасіреті,  мақсат – мүддесі  кешегі  кеңес  үкіметі 
кезінде  құлып  астындағы  құпия  болды.  Күллі  түрік  миллетінің  туыстық  бірлігін  сақтап, 
Түркістан  автономиясын  құру  тұрғысындағы  М.Шоқайдың  жанкешті  қызметін  кеңес 
идеологтары  жаулық  əрекет  сипатында  көрсетті.  Сол  себепті  ол  шетелге  кетуге  мəжбүр 
болды. Мұстафа Шоқай Отанынан безген емес, алыста жүрсе де түрік ұлтының тəуелсіздігі 
үшін аянбай еңбек етіп жүрген даңқты тұлға.  
Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы күніне дейін қоғамдық-саяси күрес жүргізумен болды. 
Оның есімімен тығыз байланысты тұтас Түркістан идеясы 1917 жылғы төңкерістер тұсында 
жүзеге аса бастады. Ол Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады [1, 72 б.]. Орынбордағы Алаш 
қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ 
сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру 
жəне  өткізу  жұмысына  белсене  қатысады.  Алғашқы  сиезде  «Шора-и-ислам»  жұмысына 
қатысатын 8 қазақ  өкілінің  бірі  болып  сайланады.  Екінші  сиезде  Алашорда  үкіметі - Ұлт 
кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар 
кеңесінде  қайраткер  Бүкілтүркістандық  мұсылмандардың  құрылтайын  Қоқан  қаласына 
шақыру  туралы  бастама  көтереді.  Қарашада  Қоқанда  Түркістан  автономиясын  жариялау 
шарасына  бастан-аяқ  қатысады.  Түркістан  автономиясының  Халық  кеңесі  үкімет  
жасақтауды  қолға  алды.  Мұны  олар  «уақытша  үкімет»  деп  белгіледі.  Сонымен  Түркістан 
үкіметінің  мүшесінің  бірі – Мұстафа  Шоқай - Ұлттық  кеңес  төрағасы  жəне  сыртқы  істер 
министрі  болды.  Осы  кезде  М.Шоқай  бастаған  зиялылар  азшылық  ұлт  өкілдері 
көшбасшыларына  ғасырлар  бойы  азаптанған  Түркістан  тағдырына  жəне  шөре-шөре  болып 
қалған  өз  тағдырына  ақыл  көзімен  қарауды  сұрады. 1918 жылы  қаңтарда  Түркістан 
автономиясының  алғашқы  үкімет  басшысы  М.Тынышбаев  өз  еркімен  жұмыстан  босағанда, 
М.Шоқай  осы  қызметке  сайланады.  Большевиктер  бұл  автономияны  ақпанда  қанды 
қырғынмен таратты. Туған жері үшін қойған мақсаттарына жету үшін Мұстафа Шоқай бүкіл 

271 
əлемді  айналып  өтеді. 1918 жылы  қыркүйекте  қайраткер  Самарада  бас  қосқан  Ресейдің 
азаттық  жолындағы  күрескерлерінің  Құрушы  мəжілісіне  (Комуч)  қатысады. 1919 жылы 
ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан əрі қозғау үшін Бұхар əмірлігі мен Закаспийдегі 
ағылшын  корпусы  басшылығымен  келіссөзге  Ашхабатқа  келеді.  Сол  жылы  Баку  мен 
Тифлисте сəл аялдап, Ыстамбұлга аттанады. Ресей үкіметі Мұстафа Шоқайдың бар еңбегін 
жоққа  шығаруға  тырысты,  оны  халық  жауы  деп  те  айыптады,  туған  жерінен,халқынан 
бездірді.  Алайда  оның  Отандастарына,  ісіне,  кіндік  қаны  тамған  жеріне  деген 
сүйіспеншілігін  ештеңе  де  өзгерте  алған  жоқ.  М.Шоқай  Түркия  арқылы  алғаш  Германияға, 
сонан  соң  Францияға  барып  орнығады [2, 14 б.].  Эмиграцияда  «Жаңа  Түркістан», «Жас 
Түркістан»  журналдарын  шығарып,  кеңестің  озбыр  саясаты  туралы  зерттеулер  жазады.  
Патшалық  отарлау  саясаты  дəл  Түркістандағыдай  еш  жерде  қатыгез  болмаған.  Сол  себепті 
шетелде  жүрген  Мұстафа  Шоқай  газет-журналдар  шығарып,  мақала  жазу  арқылы  қазақ 
жеріндегі  өзекті  мəселелерді  əлем  қауымдастығына  мойындатуды  қалады,  көрші 
мемлекеттерден  қолдау  іздеді.  Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда  Берлинде  жұмбақ 
жағдайда  қайтыс  болады.  М.  Шоқайдың  бүкіл  өмірінің  мəні  мен  мағынасы,  арманы  осы 
егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты.  
Мұстафа  Шоқайұлының  біртұтас  Түркістан  идеясының  генезисін  қарастырғанда  бұл 
мəселеге  ықпал  етті  деген  бірнеше  факторларды  атап  өткеніміз  дұрыс  болар.  Бұл  жерде  ең 
алдымен  ойға  келетіні-оның  туып  өскен  ортасы,  тектілігі  болады.  М.  Шоқайдың  анасы  да, 
əкесі де текті жерден болғандығы белгілі. 
Екіншіден - ол  М.  Шоқайдың  туған  өлкесі  Түркістан  өңірінің  сан  ғасырлық  тарихы, 
оның ішінде Ташкент пен Ақмешіт қалалары Түркістан идеясының қалыптасуына əсер еткен. 
Себебі, 1837-1847 жж.  К.  Қасымұлының  көтерілісі, 1856 жылғы  Сыр  бойындағы  Ж. 
Нұрмұхамедұлының    көтерілісі, 1870 жылғы  Маңғыстаудағы  қазақтардың  көтерілістерінің 
ұшқыны    М.Шоқайдың  еліне  деген  сүйіспеншілігіне,  оның  тарихына  деген 
қызығушылығына  əсер  етпеуі  мүмкін  емес.  І  тарауда  қарастырғанымыздай,  М.  Шоқайдың 
орыс  отаршылдығын  жастайынан  сезінуі,  өлкедегі  саяси  оқиғаларға  ертеректеу  араласа 
бастауы  оның  түрікшілдігінің  бастамасы  болды  деуге  болады.  Үшіншіден-  Мұстафа 
Шоқайдың түрікшілдігі, «тұтас Түркістан» идеясының қалыптасуы мен бастау көздерін алып 
қарастырғанда  жəдидшілдік  қозғалыс  туралы  айтпай  өту  мүмкін  емес.  Жəдидшілдік 
қозғалысының  пайда  болып,  Түркістан  өңіріне  таралуы  туралы  түркітанушы  ғалым  Сəбит 
Шілдебайдың    еңбектерінен  кең  мағлұмат  алуға  болады.  Ресей  жəдидтерінің  атасы  Ш. 
Маржанидің жолын ұстанған баспагер Каюм Насыри мен Исмағұл Гаспралы орыс езгісінен 
құтылу  жолында    бүкіл  ислам  əлеміндегі    рухани  тұтастықты  пайдалана  отырып  тарихи 
тұтастыққа қол жеткізу үшін  күрес жүргізді. Яғни түрік  халықтарын оятуға, өткен тарихы 
арқылы өзін танытуға, ортақ мүдде жолында  тұтас түрік қозғалысын ұйымдастыру жолында 
тер  төкті.  Осылайша,  түрік  қағанаты  дəуірінде  Қытайға  қарсы  қорғаныстық  сипатта  пайда 
болған  «тұтас  түрік  елі»  идеясы – ХІХ  ғасырдың  аяғында  түрікшілдікті  туғызды.  ХІХ 
ғасырдың 90 жылдарында    жəдидтік  мектептер  мен  медреселер    Қырым,  еділ  жəне  Орал 
татарлары,  башқұрттар  мен  ноғайлар  арасында  мойындалып,  қазақ  даласына    бұндай 
мектептер  туралы  хабарлар    екі  бағыт  арқылы-  Орынбор  жəне  түркістан  өлкесі  
молдаларының  (жəдидшіл  мұғалімдердің)  мəден  ағартушылық  қызметі  арқылы  тарала 
бастады.  Əсіресе,  қазақ  даласына    жəдидшілдік  идеяларын  таратуда  Түркістан  өлкесінің 
түрікшіл  жəдидтері  үлкен  қызмет  атқарды [3, 52 б.].  Түркістан  өлкесіндегі  жəдидтік 
мектептердің  бірін 1893 жылы    қыркүйек  айында  көпес  Хұсайыновтың  қаржысына    И. 
Гаспралы  Самарқанд қаласында ашады. Жəдидтер дегеніміз – мəдениет түрікшілдері болды.    
Бір  сөзбен  айтқанда,  ХХ  ғасырдың  басындағы  жəдидшілдік    патша  үкіметін    қатты 
үрейлендірген  философиялық    идеологиялық,  рухани-мəдени    һəм  тарихи  біртұтастықты 
көтерген,  қазақ  қоғамына  ерекше  ықпал  еткен  əрі  тарихында  терең  із  қалдырған  мəдени 
түрікшілдік болатын. 
Түрікшілдік  идеясының  идеологтары    (И.  Гаспралы,  Ж.  Акшора,  А.  Ибрагимов,  А. 
Топшыбашоғлы,  М.-Э.  Расул-Заде , З.  Көкалып,  М.  Шоқай  жəне  т.б.)  түрікшілдікті  түрік 

272 
халқының санасына сіңіру үшін жан-жақты  əрекет жасаған. Бұл туралы М. Шоқайдың: «Біз 
Түркістанды  бөлшектеуді  қабылдамайтын,  Түркістан  жəне  түркістаншылдық  сезімін 
жоғалтпаған  жерлестерімізбен  бір  пікірдеміз. Түркістанның  болашағы  «тəуелсіз  Түркістан» 
ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының 
қолында. Түркістанның рухани, саяси болашағы Түркістан түріктерінің бірлігінде жатыр.  Біз 
бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда  түркістандықтарды ру, ұлыстарға 
бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары 
деп  есептейміз.  Қазақ,  қырғыз,  өзбек,  түркімен....-  бəрі  бір  кісідей  жұмылып  Түркістанның  
ұлттық  ұраны  астына  топтаспайынша,  Түркістанның  болашағын  қамтамасыз  ету  мүмкін 
емес» [4, 82 б.].   
Елбасының  бүгінгі  "Мəңгілік  ел"  құрудағы  мақсаттары  Шоқайдың  түркішілдік 
идеясының  мақсаттарымен  мазмұндас  десек  қателеспейміз.  Жалпы  "Мəңгілік  ел"  мен 
“түркішілдік”  идеялары  тұтас  мемлекет  құруды,  құрамындағы  ұлттардың  еркіндігі  мен 
туыстастығын қамтамасыз етуді, халықтың өмір сүру жағдайын арттыруды мақсат етеді. 
Ата-бабаларымыз,  Алаш  қайраткерлері  көзі  тірісінде  қол  жеткізе  алмаған 
бостандықтың,  тұғырлы  мемлекеттің  иесі  болып  отырмыз.  Біз,  жас  ұрпақ,  қараңғылықты 
көрмей  өсуіміздің  басты  себепкерлері:  есімдері  мəңгі  тарихты  қалап  кеткен 
шамшырақтардың елеулі еңбектері. 
Қорытындылай келе, М. Шоқайдың пікірінше, Түркістандық мемлекеттер одағын құру-саяси 
мəселе  болып  табылады.  Оны  жүзеге  асыру  көп  жағдайға  байланысты.  Егер  түркі  əлемінің 
бірігуін  геосаяси  тұрғыдан  қарастырсақ,  бұл  идеяның  жүзеге  асыру  қиындығын  оп-оңай 
көруге болады. Бұл одақты құруға тек Түркістанның геосаяси жағдай қолайлы, себебі онда 
кең  географиялық  жəне  экономикалық  территорияда  көпсанды    түрік  халықтары  тұрады. 
Басқа аудандар бұл жағынан кемшіліктерге ие. Мысалы, Əзірбайжан Кавказ халықтарымен 
тезірек  одақтасуы  керек,  географиялық  оранласуы  мен  басқа  жағдайлардың  салдарынан 
əзірбайжандар  кавказдықтармен  тығыз  байланысты.  Басқа  жағынан  түрлі  бірлестіктерге 
кіретін  түркі  халықтары  саяси  коньюнктурамен  шартталған,  бір-бірін  рухани  тұрғыда 
қолдаулары керек [5, 6 б.].  М. Шоқай Түркістан өңірін мекендеген түркі тектес халықтардың 
рухани,  мəдени,  тарихи,  ең  алдымен  саяси  бірлестігінен  кеңес  үкіметінен  азаттық  алатын 
тəуелсіз  Түркістанның  болашағын  көрген.  Оның  бұл  ойылар  бүгінгі  таңда  Қазақстанның 
сыртқы саясат мəселесінде де маңызын жойған жоқ. 
       Қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тəуелсіздігі үшін күрескен 
саяси  қайраткер  Мұстафа  Шоқайдың  өмір  жолы  бүгінгі  таңда  бірқатар  тарихшылардың 
зерттеу  жұмыстарына  арқау  болып  отыр.  Қазақстан  тəуелсіздік  алған  кезеңнен  бері 
қайраткердің  азаттық  күрес  жолындағы  сіңірген  еңбегіне  əділ    баға  беру  мүмкіндігі  туып 
отыр.  
         Мұстафа  Шоқай  дүниеге  келген  Түркістан  өңірі  ХХ  ғасырдың  басында  орыс 
отаршылдығының  барынша  қыспағын  көріп  отырған  еді.  Бұл  жергілікті  халықтың 
шаруашылық,  əлеуметтік,  саяси  жағдайынан  көрінді.  Бұндай  əділетсіздікке  халықтың 
қарсылық  көрсететіндей    күш-қауқары  болмады.  Осының  бəрін  жасынан  көріп-сезінуі 
қайраткердің ұлтшылдық, түрікшілдік, азаттық идеяларының қалыптасуына негіз болды. 
 
Əдебиеттер: 
1. Қара А. Мұстафа Шоқай, өмірі, күресі, шығармашылығы.-Алматы: Арыс, 2004.-247 б. 
2. Шоқай М. Таңдамалы.- Алматы: Қайнар.-Т.1.-1998.-14 б. 
3. Тұрсын Х.М. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы жəне Түркістан Мұхтарияты.-Алматы:-
«Нұрлы Əлем», 2006.-105 б. 
4. Қыдыралиев Д. Мұстафа Шоқай.-Астана: Фолиант, 2007.-243 б. 
5.  Оралтай  Х.  М.  Шоқай  жəне  оның  шет  елдердегі  ізбасарлары. //Қазақ  тарихы. -1997.- 
№2.-6 б. 
  
 

273 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет