Бүгінде:
Өрістен азан-қазан қайтқан малмен бірге Дархан да
Кеңгірден төмен құлады. Таласып батып бара жатқан күнмен
ойнап, алтын нұрға шомылған ауыл балалары «Рачок ата
келеді» деп алақайлап, қарсы жүгіреді де қаз-қатар тізіліп,
«ассалаумағалейкүм» десіп жамырай амандасады. Шаруа
қамымен жүрген ауыл адамдары бұған назар аударған жоқ.
Қойын қоралап, сиырын сауып, биесін тұсап әуре-сарсаң.
Сонау бір жылдары қасқа құлыннан айрылғаннан бері оған
мал біткен емес. Әсіресе, жаз шыға қиын. Таңдай шіркінді
жабыскақ шөл басып шыдатпайтын. Ондайда ұят-намысты
жиып қойып, ауылдастарының бие байлап отырғандарына
қыдырып қымыз ішетін. Кеңгірдің моласы жанына жерленген
әйелі – Гүлияға мазар тұрғызу қамына кіріскеннен бермен
«Дәкең жынданған шығар» деп қырық үйден тыйым салғандай
боп, үрке қарасқан елдің есігін ашқанды қойды. Ауыл арасында
«Дарханды салқын шалған екен, байғұс Дүрия көп қарғап еді»
деген сықылды сыпсың өсек тарағалы күндіз далаға шығудан,
азаматтармен әңгімелесуден қалған. Өзіне үлкен ермек тауып
алған соң әншейінде тасбақаша жылжымайтын уақыттың
қалай өтіп кеткенін байқамай жүрді. Дегенмен тапа-тал түсте
ел ішінде жүріп жалғызсырау, бірге өсіп, біте қайнаған жұрттан
аласталу жанға батпайды емес. Кей күндері өзінің адамдардан
тым алыстап, адасып қалғанын қатты аза тұта уайым ететін.
«Пұшық мұрнын, пысық ісін жасырмайды» деген, қанша
қашқалақтағанымен қартайып – арты ұзын, алды қысқа ғұмыры
қалғанда кісікиік болып суына беруі қалған көңіл, шыққан
жанның кебі емес, бұл жалғанның жаманы мен жақсысын
сабақтамай, баяғыдай келіп таңдап алған ендігі тағдырының
көрбілте соқпағы-тын. Бірақ, кім ұғып, кімдер ұқпайтын ішкі
сырын, іш пікірін былайғы жұрт түсінбей, бекер ғайбаттап
жүр-ау деген ой да сүмеңдеп қалмайтын.
Ешқайда бұрылмастан тоқал тамына кірді де, беті-қолын
суық сумен шайып, жерошаққа от жақты. Үш болтты темір
мосыға күйе-күйе шәйнекті су құйып іліп жатқанында көрші
үйдің қара ұлы келді:
113
– Ата, сізге шай ішсін дейді әкем. – От тиген қу тезекті
ұртын томпайта үрлеген қалпы.
– Әкең жұмыстан келіп пе еді? – деді.
– Иә.
– Ендеше қазір барамын.
– Тез келіңіз, етті түсіріп жатыр, – деп шынын айтқан қара
бала жүгіре жөнелді.
Шәйді көршісінің үйінен ішетін болған соң, шәйнекті оттан
алып тастады.
Көршісі расында да етті түсіріп, тосып отыр екен. Дархан
келгенде:
– Ақсақал, төрге шығыңыз, – деп қалбалақтап орын берісті.
Бөтен кісі жоқ, өздері ғана, қоңыр кеште төре табақ етті
қаумалай орталарына алысқан. Кеңсірігі сара тілінген қара
қойдың басы ырсиып Дарханға тартылды.
– Ақсақал, өзіңіздің өрістен талай қайырып келген ақсақ
қара қойды алып соқтық, «Ақсақ қой жатып семіреді» деген
емес пе, ішті екен. Бұйырған ғой, басын мүжісін деп әдейі
шақырттым. Осы Құландыда өзіңізден басқа бас тартар шал
да қалмады. Сақалы бар демесең көбісі шарап ішеді, дұрыстап
бата жасап, ықылас білдіре алмайды, – деді үй иесі, қырықтан
асқан денелі кісі. Ежелден тақуа, сөз десе құрттай қуалап
қоймайтын, тағы да шұбырта самбырлай жөнелді. – Баяғыда
атамыз қазақ «жалғыз бие саудырған кұпай ісі, жалғыз үйді
қондырған қатын ісі» деген екен. Келініңіздің мінезі тік, сізден
өзге ағайынмен араласқысы келмейді. «Ауыл үй қонайық,
бірақ аяқ-табақ араластырмайық» дейтін нағыз көкбезердің
өзі, – деп жанында отырған әйелінің арқасынан қағып, өзімсіне
қарқылдап күлді.
Буы бұрқыраған бастың оң құлағын кесіп, өзін ет жеуге
шақырған қара ұлға берді де жәукемдеп турап, дастарханды
қуалай қаз-қатар отырғандарға үлкен-кіші демей ауыз тигізді.
– Құландыға көшіп келгендеріңе де көп уақыт бола қойған
жоқ қой, араласа қоятын, – деді Дархан қоңыр үніне салып,
әдеттегі асықпай, байыппен сөйлер мақамымен. – Сыралғы
емес. Жаңадан келген нәшәндік разъездің есігіне ергенек,
қазанына қақпақ болам дер жарамсақ ағайын табылар әлі.
«Нәшәндік» рахаттанып тағы күлді. Сонан соң шалдың
тауып айтқан сөзінен қалайда бір тұтам артылтқысы келді ме,
114
әйтеуір, ұртындағы жадағы Дархан асатқан құйқаны асығыс
шайнап, аузын сүртті.
– Рас айтасыз, ақсақал. Ел сырын мен де ала алмай
жатырмын. Атам қазақ «жалғыз ағаш үй болмайды, жалғыз
жігіт би болмайды» деген емес пе, халықтан асып хан тауып
асар дейсіз бе, аяқтан хәл, бастан қадір кеткенше – өкімет сеніп
тапсырған қызметке адал болармын, ет жеңіз, жеп кесіңіз, –
деп аюдай алақанын ағаш табақка апара беріп еді, мұқым етті
жауып қалды.
Шал Солтанның алты алашты басқарып отырғандай
қомақтап сөйлеген сөзін ептеп мысқылмен тыңдағандай болып
еді, бірақ не дегенмен «тілді жігіт» деп ойлады ішінен.
– Ақсақал, адал астың үстінде отырсыз ғой, шыныңызды
айтыңызшы, менен бұрынғы начальник екі итке ас бөліп бере
алмайтын ынжық, әрі қорқау еді деп естідім. Сол рас па? –
деді.
Дархан ә дегенде не дерін білмеді. Сонсоң ішінен мұны не
себептен сұрап отыр деген күдікті ой келді. Ежелгі сақтығы
жалтақ жауапқа бұйдалап әкеткен.
– Қайдан білейін, қарағым, «халық – қалт айтпайды» деген,
тегі рас та.
– Бәсе, мен де солай-ау деп едім, – деп кәдімгідей қуанып
қалды.
«Осы неме мақтаншақ болып жүрмегей» деп ойлады тағы
да. Ет желініп, сорпа келген тұста ретін тауып нәшәндік тағы
бір сауал тастады.
– Ақсақал, атам қазақ «жамандық аяқ астында, жақсылық
ағаш басында» деген екен. Тауып айтқан. Қырықжыл осы
Құланды разъезінің отымен кіріп, күлімен шығыпсыз. Сол
еңбегіңізді бағалап не бір медаль, не бір құрмет грамотасын
бермеуін немен ақтауға болар еді. Әрине, сый-құрмет жолда
жатқан жоқ, түсінемін. Мына жаман ініңіз Құрмет белгісі
орденін алғанда Айғыржал разъезінің жұмысшылары тайлы-
таяғы қалмай қырылып қала жаздаған. Мүмкін қызғанған
шығар, ел емес пе; мүмкін қызыққан шығар, әйтеуір, үлкен
бір ұлыстың ұлы күні болып еді. Адам дегенің сол кұрметті
алғаннан кейін іштей бір түлеп, өсіп қалғандай елден еңсесі
биік жүреді екен. (Ойланып барып сөзін қайта жалғастырды.)
Әлде крушение жасап алдыңыз ба?
115
Әңгімеге пәлендей ықыласы болмай, зауықсыз манаурап
отырған Дархан:
– Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырамын ба, ондай
оқыс оқиға ешқашан болған жоқ, – дей салды. Нәшәндік «ым-
м» деп ыңырана ойланып қалды.
– Сонда неге? Түсінбеймін... Баяғыда, – деді сонан соң
үшінші кесе сорпаны ішіп. – Менің бала кезімде әкем айтып
отырушы еді. Аякөз бен Семейдің екі ортасында үлкен бір
крушение болды деп естімедіңіз бе?
– Жоқ, естімедім. Қай қирауды айтып тауысамыз. – Дастар-
ханнан ысырыла отырды. Екеуі де тоңтеріс үндемей қалды.
«Шай ішесіздер ме?» деген әйеліне шаңқ ете жекіп тастады.
– Қай қазақ тамақты сұрап беруші еді?
Көршісінің бас терісі не себепті тырыса қалғанын түсінбеді
шал. Көңіліне дақ түсіргендей көлденең сөз айтып алдым ба
деп куыстанып, өз жауабын ойша пысықтап еді, бөтен пікір
табылмады. Ендігі отырысты артық санады да:
– Рұқсат болса мен қайтайын, – деп қамданды. Нәшәндік
сол қабағынан қар жауған қалпы:
– Өзіңіз біліңіз, – деді.
Жатқанмен ұйқысы келмейтінін білді. Мезгілінде түшірке-
ніп ұйықтай алмағалы, көзіне ине тіреп қойғандай төбеге қарап
бақырайып жатқалы қашан. Дархан мұны кәрілікке жорыды.
Қаңтардың қақаған аязында темір жол бойымен жаяу келе-
келе қалғып кететін жастық шақ өте шыққалы қашан?.. Оның
есіне сонау Түркісібтің тұңғыш шпалын қалаған көне күндер
мен қарт жылдар елестеді. Тіпті, соншалық алыстап қалғандай
болған оқиғадай-ау. Әйтеуір, Шолпан жұлдызы туғанша көзі
ілінбейтін болған соң баяғыдағы отыз-қырық жыл таптаған
жолына түсіп Аякөзге қарай жаяу беттеді. Егер Дарханның
қырық жыл обходчик ретінде ары-бері жүріп өткен сегіз
шақырым жолын есептеп шығарса жер шарын аралап келуге
жақындар. Анау күні көршісінің қара ұлы айтып еді:
– Ата, сіз қырық жылда екі жүз елу, тіпті үш мың километр
жол жүріпсіз. – Одан артық болмаса кем емес екенін сезетін
Дархан.
Күндізгі аптаптың беті қайтып, ептеп салқындаған. Меңі-
реу даланы тағы да меңзең тыныштық басты. Даланың кешкі
самалы қоңырлап есіп, қоңырқай түс барған сайын қоюланып
116
барады. Қызыл іңірдегі ауылдың базары шыға бәсеңсіп,
байыздаған салмақты күйге көшкен еді. Шағын ауылдың
даңғара, айқай-дабыры айқын білініп, шаһардағыдан гөрі
алыстан естіліп улап-шулап жатқандай болушы еді. Қырдан
шұбыра құлаған мал біртіндеп жусап, ел орынға отырған
сәттің жұмсақ та момақан тыныш шағы еді. Осы бір беймезгіл
уақыттың жалғыз кінәлісі болған Дархан шал таза аспанды
қол шатыр ғып, тұнық көктегі жаудырай қараған от көзді
жұлдыздармен сыр шертіскендей күбір-күбір, аяңдап келеді.
Әр шпалы баспалдық секілді, жалғыз жаяуды түн түндігінде
анау ым қағып, сиқырлай жымыңдаған жұлдызға сатылап
өрлетіп бара жатқандай. Қазір поезд өте қояр мезгіл емес.
Екі-үш сағат толас табырын бұрыннан-ақ жатқа білетін шал,
қарақошқылдана бастаған қара жерден әңгіме күткендей,
белгісіз бір үмітпен алға ентелейді. Сазарған даланың беті
бүлк етпей, бағанағы жұтаңдау болса да көзқашты етпейтін
айнала – айдала ептеп қорқыныш ұялатты. Күндізгі ыстықтың
зәрі қайтқан соң рельс те аз-аздап суынғандай.
Құмарлық мастығы әбден жеңдеген, жұмыс істемесе
жыбырлап тұра алмайтын қол мен аяқ Дарханды бет алды
қаңғытып, шпал санатып баратыны рас еді. Осындайда ойға
әуелі оралары баяғы кезең... Енді бәрі ертекке, немесе қолы
бос, ас ішіп, аяқ босатар шалдардың еріккенде айтар ермегіне
айналды. Қолыңда қатталып, шоттатқан документің, не
омырауыңда сылдырлаған белгің болмаса тірі жанды сендіріп
көр! «Бәрі бекер, құр мақтан» дейді. Ер екеніңді білейін,
сендіріп көрші...
...Түркісіб атты шойын жол қазақ сахарасын басып өтер
болғанда Дархан уыздай жас жігіт еді. Құрылыс жұмысы
Семейге жақындағанда Ертіс өзенінің үстінен көпір салу
қиындығы тұрды. Су астындағы жұмысқа жан шыдай алмай
жатқанда, төрт ай бойы табаны таймай, ауыр-ауыр бағандарды
орнатысқан да осы Дархан шал. Ертістің үстінен өтер көпірдің
үш бағаны егер жерге үш миллиметр кірсе бас инженер
Соболевтен бастап қара жұмысшы Дархан да жазаланатын
болды. Оны да қойшы, төрт ай су астында еткен еңбек зая кетіп,
байқау паровозы өткенде сыр берсе қайтпек? Басын қатерге
тігіп істеген жұмыстың ақыры қайырын беріп, сол Дархан өз
қолымен құйған тас бағандар әлі күнге миземей тұр. Сонсоң
11
бұларды Шарға апарып тағы да көпір салдырды. Міне, осынау
мазасыз ауыр күндерден бастап мұның жұмысшылық еңбек
жолы – өмірбаяны басталды.
Ұзыннан-ұзақ созылған, ащы ішектей шұбатылып тым
алысқа сүйрелеп кете беретін темір жолды қуалап келе жатқан
Дәкең ой иін тіресіп, лықсып үймелеген сайын жүрісін
шапшаңдата түсті.
Есіне әлдене түскендей, Дархан қалт тұрып қалды.
Маңайды өлім тыныштығындай зор тыныштық басқан. Күн
қыздырып, қаңсытқан рельстен майдың иісі шығады. Қаракөк
аспандағы жұлдыздар бір-біріне от лақтырып ойнап жүр. Өте
шалғайдан жылтырап сәуле көрінді. – Құландының сықсима
шамдары болуға керек. Жалпақ даланы шым-шымдап иесіздік
билеп, салқын пішінмен түнеріп жатыр. Заржақ шегіртке мен
шекшектің толассыз шырылы ғана тылсым тіршіліктің мазаңы
– ендігі қожасына айналып, бар билікті қолына алғаны-ай.
Осы бейуақ күй көңілге күрсініс шақырып, жұқалаң мұң
қабыздатады. Жетпіске келіп, сонау шақтағы дауылпаз сезімнің
қанаты талып, жүрек отының қоламталанған тұсында кей адам
ойдың ғана мазағына ұшырайды білем. Есіне әлдене түсіп,
қарақұстан ұрғандай қалт тұрып қалған Дархан бір нәрсені
үйіне ұмыт қалдырған кісідей ізінше кері бұрылды.
Оны кері бұрған ой 1930 жылдың күзінде болған оқыс
оқиға еді.
Дархан өз үйіне бұрылмай, бірден Солтанның есігін қақты.
Жатып қалған-ау, көпке дейін есікті ешкім ашпады. Енді кетейін
деп тұрғанда арта жағынан қақырыныш-түкірініп, күңкілдеп
сөйлеген көршісі келді.
– Ақсақал, – деді әдетінше, – түнде есікті ұрған жаман ырым
деуші еді, бірақ сіз бен біз қазақтың қай ырым-жырымын біліп
жатырмыз. Үрерге иті, сығарға биті жоқ жалаңтөс біз...
– Өзің қайдан келесің?
– Халқымды қарауылдап жүрмін. Әйтеуір, ел ағасы болып
сайланған соң, мынау жылқыдай жусаған жұрттың тауығының
аяғы сынса да мен жауап берем. Сиырының бұзауы теріс келсе
де ертең «Ай қарадың ба?» деп менен сұрайды жоғарғы жақ.
Өзіңіздің есіңізге кешігіп түскен бұйымтайыңыз не?
– Осыдан екі ай бұрын, шырағым, сенің алдыңда орнынан
алынған нәшәндік разъезге арыз жаздырып едім. Арыз болғанда
118
біреудің үстінен емес, Алла сақтасын, аумалы-төкпелі заманда
жоғалтып алған баламды іздеген құлақтандыру, содан әлі жауап
жоқ. Енді әлгі «Лениншіл жас» деген газетке жазсам деп едім.
Тегінде, сол газеттің беті арқылы іздеу салғандар табысып,
сүйіншісін алып жатады білем.
– Ым-м, – деді Солтан. – Ақсақал, ол оңай ғой. Бірақ, сізге
өтініш жазып берген адам бес-он күннен соң орнынан алынып
қалады екен, сонан шошынамын. – Өзі тауып айтқан уәжіне
рахаттана күлді. – Қане, жүріңіз үйге.
– Рақмет, шырағым. «Ақпейілдің аты арып, тоны тозбайды»
деген осы.
Дархан түн ішінде өтінішін орындаған жаңа көршісіне шын
риза болды.
Баяғыда қандай еді... баяғыда...
* * *
Баяғыда:
...Күз жаңбырлы басталды. Өліарада аспаннан қоныс тап-
пай, оңды-солды андыздай жүрген бұлттар қоғамдаса келе үн-
түнсіз сілбіреп тұрар ұры нөсерге ұласқан. Ала жаздай кенезесі
кеуіп, жалғыз тамшы тамбай тандырланған сараң көктің көбесі
сөгіліп кеткендей толассыз сорғалауы күзеуге жаңадан ғана
келіп қонған Омардың зықысын әбден алып еді. Не өкіметті,
не құдайды қарғарын білмей салы суға кеткен бай, әсіресе,
соңғы он күнде желқом қажаған түйедей шөгіп барады.
Әншейінде жер жыласа жылмайтын маңғаз адам, маң төбеттей
маңқылдап, өз үй-ішінің де, осы есіктен әлі де тізгін үзді кете
алмай шырғалып жүрген малшы-жалшыларының да жарғақ
құлағын жастыққа тигізбей есін шығарып бітті. Ұрынарға
қара табылмай тұлан тұтқан Омардың қызымырлығы таз
ашуын тарыдан аладының кері секілді еді...
Жылдағыдай әр адамның қолына қараған бір-бір қайшы
беріп, түгелдей күзем қырқуға жұмылдырмай, отыз шақты ғана
қойдың өлі жүнін қапқа тығып алып, тыңқиып отыр. Неге екені
белгісіз, Құландыдағы қыстағына да ат ізін салған жоқ. Ертең
ақыр заман келетіндей-ақ қадетіне жат жайбарақаттық, өз
мінезіне өгей берекесіздік бар, әншейінде шаруасын дөңгелетіп
бір нәрсесі кешеулетіп бітпей жатса апшысы қуырылып, жер-
көкті аядай қылып жүретін Омардың осыншалық өлім сәтін
119
күткен сарыжамбас сырқат адамдай дүниені алымсынбауы,
немкетті қәперсіздігі былайғы жұртты таңқалдырмай қойған
жоқ. Түркісібшілер Шарға жақындап, жұмыс көлігі мен
ішім-жемдікке мал сатып алады екен, деген сөз құлағына
тие сала, оншақты жылқы, елу тұяқ қойды Батидың алдына
салып айдаттырып жіберген. Алмағайып дүниенің осылайша
қас-қабағын аңдып, қандай бір төтенше зауалға сақадай сай
буынып-түйініп отырған Омекеңнің сауысқандай сақтығы
Рахия бәйбішесіне ұнаған жоқ-ты. Күйеуінің әлденендей
тәуекел іске бел буғанын, құйысқан көтеріп, ер-тоқымын сайлап,
іштен тынып жүретінін жүрегі сезетін. Сезетін де қадалып
сұрай бермейтін. Өзінің де тым қамсыз емес екендігін жарты
ғасырдай қойнында жатқан байына сездірмеуге тырысатын. Ал,
егіз қыздың жөні бір басқа еді. Махаббат машақатымен әуре-
сарсаңға түскен қыздар әке-шешесінің бір-бірінен жасыра,
қызғана жасаған дайындығынан мүлде бейхабар.
Жайлаудағы келте кештегі қысқа сырластықтан соң, Қамбар
Құландыға, ал Дархан Шардағы шойын жол жұмысына аттан-
ған. Содан бергі жарты айда екеуінен де хабар-ошар жоқ, тым-
тырыс. Егіз қызды мазалап жүрген жай, осы сүйген жігіттерінің
жалғыз ауыз сәлемге жарамай, тастай батып, тырс етпей үн-
түнсіз жатып алуы еді. Ендегі үміт айлы түн, алтыбақан басында
байласқан сөз, берген серт, алданып үлгермеген сезімнің
көңілдерінде қалған уылжыған әсері, оттай ыстық еріннің
қайта-қайта тамсандыра берер табы ғана. Күздің сұп-суық
жаңбырлы түндерінде қалың көрпенің астында қойындасып
жатқан егіз қыз күбір-күбір ұзақ сырласатын. Гүлия жанары
жасқа толып үнсіз егілетін, ал Дүрия Қамбардың керіліп жатып
алғанына шыдай алмай, бұлқан-талқан ашуланатын.
– Өзім ыстықтап, күйіп-жанып әрең жатсам, кісіге
жабыспай арырақ ысырылшы, – деді бар ызасын Гүлиядан
алғысы келгендей.
– Мен емес өзің ғой тас қып құшақтап алған, – деп Гүлия
әрі аунап кетті. Үнінде екпелегені бар.
– Оңбаған екен, – деді Дүрия булығып. – Кедейдің кербезді-
гінен сақтан деуші еді. Күнімізді сол екі жалшыға қаратқан
Құдайға не дауа.
– Сен оларды ғайбаттама, Дүрия, бізді байлап-матап,
120
қайтсең де осыларға тиесің деп зорлап қосып отырған ешкім
жоқ. Мүлдем келмей кетсе де Дарханды ұмыта алмас едім.
– Дархандай жігіт болса...
– Қамбарды қалаған өзің емес пе едің? Қалай-қалай
сөйлейсің?
– Ашудан айтылған ағат сөз, – деп көкейіндегі келіп-ақ
қалған сырдың арнасын бұзып жіберді.
– Гүлия.
– Ау.
– Сен Дарханды шын жақсы көресің бе? Қамбар екеуміз
сендерді телігендей әрең жолықтырып ек, ақыры мынандай
жазылмас дертке ұшырадыңдар. Егер біз себепкер болмасақ
бір-біріңді сүймес пе едіңдер?
– Жоқ, – деді Гүлия күрсініп, – мен ол кісіні кішкентай
көзімнен жақсы көретінмін... «Шын сүйесің бе?» деп сұрадың-
ау, біздің арамызда одан да тереңірек, мықтырақ болып
тамыр жайған бір нәрсе бар. Ал, ол нәрсе тек сүйісумен, тіпті
үйленумен де аяқталмайтын сияқты.
– Ол не сонда? – деді Дүрия шыдамсызданып. Гүлияға
қайта жақындап құшақтай алғанын өзі де байқамай қалды. –
Қосылып қойып па едіңдер?..
Сыңарының соншалықты аңқау, баладай аңғалдығына
Гүлия сықылықтап күлді.
– Құдай сақтасын, – деді күлкісін әрең тыйып. – Онымен де
бітпейтін дүние ол.
– Түу, жұмбақтамай айтсаңшы енді.
– Не айтатыны бар, егер өзім де білмесем.
– Жынданған шығарсың. – Қайтадан ысырылып, бөлек
жатты.
Киіз үйдің іші көзге түрткісіз көрінбейтін қараңғы. Сырттан
сыбыр-сыбыр әлдебір әңгіме айтқандай жаңбырдың сыртылы
естіледі. Бүкіл әлем тек тыңдағандай тыныштық құшағында
тұншығып жатыр. Ауырлық, албастыдай еңсені басар ауырлық
сөзіледі. Егіз қыздың ысынып-суыған денесі сол ауырлықты
елең құрлы көрген жоқ. Әлгі бір әңгімеден соң әрқайсысы өз
қиялымен әуре болып үнсіз жатқан.
– Дүрия, – деді Гүлия қараңғылық пен тыныштықтың мо-
мақан құсын үркітіп алатындай бәсең дауыспен.
– Ау.
121
– Ұйықтап қалған жоқсың ба?
– Қойшы өзің, ұйықтап қалса, ау деймін бе?.
– Кеше көрген түсімді айтайын ба?
– Айтсаң айт,– деді есіней.
– Түсімде қасқа құлынның аяғы бітіп кеткен екен...
– Қайдағы құлын?
– Әлгі артқы аяғы шолақ құлын ше.
– Е, жаңа есіме түсті ғой. Ол әлі тірі ме? Бауыздап тастаған
шығар деп жүрсем.
– Тірі, тірі! – деді Гүлия жан дауысы шыға.
– Тірі болса айта бер енді. Түн ішінде айғайлағаның не.
– Сол жирен қасқа құлынның аяғы жазылып, арғымақ
болып айға қарап кісінеп тұр екен. Мен оны Дархан ағаға ұстап
бер, мінейін деп жалынам. Ол кісі айтады: «Ұстауға болмайды,
бұғалықтан жаңа босағанда қайтадан бұғалықтасақ обал. Ер
салған ат еркіндігінен айрылады», деп көнбейді. «Егер қасқа
кұлынды ұстап үйретіп бермесеңіз мен сізді сүймеймін, мүлдем
ұмытыңыз», – деп қасарысамын. «Жарайды ендеше» деп
Дархан аға жер тарпып, кісінеген құлынға шалма лақтырады.
Асау екен, құлағынан басып тұқыртып жүгендейді. Үстіне
өзімнің күмістеген ерімді салады. Менің қолтығымнан алып
демеп мінгізеді, желмен жарысып шапқыламақ болып қамшы
көтерсем де қасқа құлын орнынан әрең қозғалып жүре алсашы.
Байғұс ақсап қалған екен. «Мен саған айттым ғой, ер салсам
еркіндігінен айырылады, ақсақтық тек адам мен итке ғана
жарасады» деді. Дархан аға зекіп ұрсады, мен жылаймын,
шошынып ояна келсем жастығым су, ағыл-тегіл жылап жатыр
екенмін. Дүрия, ау Дүрия, түсімді жорышы.
Дүрияның мұрны пысылдап әлдеқашан ұйықтап қалған.
«Қалай ғана тез ұйықтайды» деп ойлады Гүлия. Содан соң
өзі де кірпіктерін айқастырып көріп еді, көзінің еті удай
ашып жұма алмады. Далада толасыз сыбырлаған жаңбыр
төпемесе бәсеңсімеген сықылды. Жер-көкте нөсерден өзге
тырс еткен тіршілік белгісі жоқ, бәрі-бәрі қырылып қалғандай
қорқынышты.
«Дархан аға, тоңып жүрсіз-ау, – деп күбірледі Гүлия, –
тоңып, жалғызсырап жүрсіз-ау, азаматым».
...Омардың көңілі күпті еді. Жылда осы мезгілде Бұлан-
дыдағы қыстағына шөп тасытып, жанталасып жүретін бай биыл
122
тұяқ серіппей, күзеу басынан ұзап ешқайда шыққан жоқ; тіпті
шыққан күннің өзінде ұшы-қиырын өлшеп көрмеген жалпақ
далада барар жер, басар тауы қалмаған-ды. Ендігі медет тұтар
бары үміт пен тілек ұлынан хабар алу; ұлынан сыбыс естілсе
болды арғы бетке ағызып өте шығу. Омекеңнің осыншалық
күйзеліп, жер ортасы көктөбеде қалып, сең соққандай
сенделуінің себебі сол – екі жақтан да хабар-ошар ала алмай
ошарылуы еді. Мынау дүниеде Омар атты кісі барын мүлдем
ұмытқандай, әлгі кәмпіске деген кесапат та кешігіп алды. Адам
деген қызық, ептеп ішпысты болған бай сол кәмпескені тез келсе
Достарыңызбен бөлісу: |