Ббк 84 Қаз 7-44 б 78 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті



Pdf көрінісі
бет13/26
Дата31.03.2017
өлшемі1,81 Mb.
#11030
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26
Бүгінде:
...Кеңгірдің  жотасындағы  моланың  құрылысы  күн  шыға 
қайта  басталды.  Елең-алаңнан  тұрып  келсе  де  жұмысы 
маңдымады. Ерте келгендегі мақсаты – күн қызғанша, таңғы 
салқынмен  тәмамдап  тастау-тын.  Алғашында  қолына  шырт 
түкіріп,  қызу-ақ  кіріскен.  Осы  қарқынмен  кірпішін  екі-үш 
айналдыра  қалап  шығар  ма  еді.  Қас  қылғандай,  бүгін  Дүрия 
да  ерте  тұрыпты.  Қызметінен  қалып,  асыққандай  дорбасын 
арқалап  Кеңгірдің  биігіне  өрмелеп  келе  жатты...  Дархан  оны 
көргенде  тыржың  етіп  теріс  қарады.  Әйелдің  онда  тіпті  де 
шаруасы болған жоқ.
– Қамбар, сен мұнда отыр, – деп елес адамға жанынан орын 
берді.
– Әй, қақбас, – деді молашыға саңқ етіп, – көмер көбейсін. 
–  Сонсоң  қарқылдап  екі  мықынын  таянған  қалпы  шек-сілесі 
қатып күлді. Күлкісін пышақ кескендей тыйды да: – Бейшара, 
сенің  күнің  менен  де  сорлы-ау,  –  деді.  Дорбасын  шешіп 
ішінен бір шөлмек суды алып тығынын тістеп жұлып тастап, 
қалтасынан алған қырлы стаканға лықылдата құйды.
– Кел, Қамбар, сенің аман-есен оралғаның үшін ішіп қоялық.  
Ана қақбас бәрібір, ораза ұстағандай ұрттамайды, – деп қағып 
салды.
Дархан  бұл  шақта  моланың  арғы  қабырғасын  айналып 
барып, демалып отырған. Жынды әйелдің сандырағын естігісі 
келмеді. Дүрия суды және толтыра құйды. Сонан соң:
– Қамбар-ау, Қамбар, сен түнде теріс қарап жатып алғаның 
не?  Жаныма  келе  ме  деп  көп  тостым.  Сағынбапсың,  жаным. 
Сағынсаң  сөйтер  ме  едің?  Отыз  жыл  бойы  Алла  Тағаладан 
«мың бір пәле, жүз бір қатерден сақта» деп тілеуіңді тіледім. 
Ал сен... теріс қарап жаттың-ай-й...
Сыңсып жылады.
– Мен не көрмеді дейсің, ей, Қамбар, алдыңдағы арақты неге 
ішпейсің? Кел, алып қоялық (соғыстырды да өзі ішіп салды). 
Сен секілді мен де соғыстым ғой. Бес жыл емес, мен отыз жыл 
соғыстым. Кіммен дейсің бе? Елмен, қала берді өзіммен өзім 
майдандастым. Мені ешкім жеңе алмады. Тек анау мола салып 
жүрген қақбас қана қорғанымды бұзған...

11
Әйел көзінің жасын етегімен сүртті де, босаған шөлмегін 
дорбасына салып орнынан тұрды.
– Жүр, Қамбар, үйге барып шай қойып ішейік. Түстен кейін 
пенсиямды береді, – деп әлдекімді қолтықтағандай қаздаңдай 
басып жөнелді.
Дархан  ауыр  жүктен  азаттанғандай  харекетіне  қайта 
кірісті. 
Дүрияның есінен ауысуына өзін ешқашан да кінәлі санап 
көрген жоқ. Сондықтан да жұмысын алаңсыз істей берген. Тек, 
сай-сүйегін сырқыратар сөзі жаман албастының...
Әттең  жалған,  Дүрия  қыз  кезінде  даланың  қырмызы 
гүліндей емес пе еді?!
«...Жалғыз Дүрия ғана ма еді қырдың қырмызы гүліндей. 
Жер  қандай  еді  сол  бір  жазда...  Аңқау  да  адал,  жас  балаша 
саусағын жайып, болашағына талпынып, тәй-тәй басып өспеді 
ме. Кісі деген қартайған сайын өткенін неге ғана көксей береді 
екен.  Бүгінгінің  бәрі  ішіне  қонбай,  ертеде  ертекті  ғұмыр 
кешкендей аңсайды. Өзі де біліп, сезе бермейтін ғажап дүниені 
сағынады,  сағына  жүріп  жарық  әлеммен  бақиға  қоштасарын 
байқамай  қалады-ай...  Адам  дегенің  сол,  анау  мөңіреп  өтіп 
баратқан  поездағы  жолаушы,  біреуі  мінеді,  біреуі  түседі, 
әркімнің өз разъезді бар-ды».
«...Құдай ақылымнан адастырмай алса екен».
Түс ауғанша мардымды жұмыс болмады. Әр ойдың басын 
бір  нысаналап  дел-сал  отырды.  Кеңгір  бабасының  моласын 
айналып  жүрді,  ішіне  кіріп  шақырайған  күннің  ыстығынан 
қорғалады.
Моланың, ішіне кіргенде аса қызық сезімді басынан кешті. 
Баяғыда  жанынан  жай  өткенде  жүрегі  тарсылдап  қолқасына 
тығылушы еді, қазір әкесінің үйінде отырғандай рахатты хал 
биледі бойын. Дүниенің бар шуынан қағаберіс, мақшар сәтін- 
дей әрі қорқынышты, әрі әдемі, жанына саумал боп құйылар, 
шаршаған жалғыз да жетім жүрегіңді әлдилеп тербетер самал 
ескендей.  Кеңгірдің  үзіліп-үзіліп  соғар  аптап  желі  моланың 
ішіне үйіріле суып кіріп, жалын шарпып, ысып-суынған денеңе 
шипа  нәрін  сепкендей  болады.  Кейде  әлгі  Кеңгірдің  үзіліп 
соғар  ыстық  желі  сыбызғылы  күй  салса,  кейде  иесіздіктен  
жүдеу тартқан мүрдехананың даңғарасын кеулеп, уілдеп мұңды 
шермен сыңсығандай үн келеді құлаққа. Дархан дәл осылай мол 

12
ләззатты әсердің жетегіне еріп, өлім сапарына аттанып Гүлия- 
ның жанына барғысы-ақ келді. Тағдыр соққысын көп көрген 
көне шал, еркелікпен жылаған күндерімен ат құйрығын кесісе 
алмай,  тоңған,  әрі  тойынған  жылын  қия  алмай  қиналды... 
Осылайша  өлі  мен  тірінің  екі  ортасында  есеңгірей  балқып 
отырғанында моланың сыртынан:
– Ақсақал, қайдасыз? – деген дауыс естілді. Дархан оқыс 
үннен селк етіп, көңілдің рахат көлінде жүзген шүрегейін үркітіп 
жіберген  «қай  әкеңнің  аузын  ұрайын»  дегендей  тысқа  атып 
шығып  еді,  Солтан  екен.  Ол  да  «астапыралла,  астапыралла» 
деп жағасын ұстап шошынып шалқалай берді.
–  Апыр-ай,  ақсақал-ай,  Кеңгір  бабам  тіріліп  кеткен  екен 
десем, сіз бе едіңіз? – Солтанның өңі құп-қу, қаны қашып тұр.
– Иә, менмін, – деді шал. – Кеңгір бабаң тірілсе де біздің 
мына сықпытымызды көріп, біраз таңданып тұрар еді.
Екеуі де күліп барып лай тиіп былғанбаған тақырлау таза 
жерге  шошайыса  отырды.  Солтанның  семіздеу  ірі  денесі 
быршып  терлеп,  көйлегінің  арқасы,  екі  қолтығы  суланыпты. 
Қырдың  басында  шыбын  аз,  әйтпесе  мың,  миллион  шыбын-
шіркей қаптап талап жеп қоярдай. Ойдан осында қашып келуінің 
себебі  де  сол  жан  сая  іздеп  шыққаны  секілді,  шалда  арнайы 
шаруасы жоқтай. Омырауын желпіп отырып сөз бастады. Даусы 
әдеттегідей  қоңырланып  шықпады,  ауыр  денемен  жоғары 
өрлегендей демігуінен бе, әлде жаңағы моладан атып шыққан 
Дарханнан  шындап  шошып  қалғандықтан  ба,  жарқаштанып 
отыр.
– Ақсақал, тамырдәрі ішкендей жалғыз жортасыз, жалғыз 
отырасыз, жалғыз жүресіз... Неге деймін өзімнен? Неге? Бүл 
фәни  жалғанда  «неге?»  деген  сұрақтың  бәріне  жауап  таба 
аласың  ба?  Сондықтан  да  «негелеп»  өте  шығамыз.  Бірер 
сағаттай  поездан  толас  болған  соң  өзіңізбен  әңгіме-дүкен 
құрайын деп келген бетім.
Сөзі  бұрынғыдан  гөрі  бәсең,  баяғыдай  ожар  емес, 
мұңдылау.
– Құландыға көшіп келгеніме біраз уақыт болды, шьнымды 
айтсам  сөз  қадірін  білер,  ұғынар,  түсінер  деген  жалғыз  адам 
таныдым.  Әрине,  жұмысшыға  шешендік  жараспас  та.  Елу 
жылға  жетпей  елдіктен  айрылғанымыз  ба?  Мен  де  ес  біліп, 
етек  жапқалы  осы  шойын  жолмен  алысып  келемін.  Құдайға 

13
шүкір,  дәстүрлі  салт-сана,  ескілік  әңгіме,  қисынды  сөзден 
жаңылғаным жоқ. Әкем Төленнің көп-көп қателігі болды. Менен 
үлкен  ұлы  кісіден  қашып,  соғысқа  жасы  жетпей  кеткенін  де 
білемін. Оны өзіңіз де білесіз... Мен сол қателікті қайталамауға 
тырыстым.  Арман-мақсатым,  ұшар  биігім,  қонар  тұғырым 
бұдан әлдеқайда шоқтықты сықылды еді, қатты жүрмей, қарап 
тұрмай  кешер  тірліктен  қаншалық  қашқалақтасам  да  тізгінін 
үзіп кете алмадым, ақсақал...
Ойлана  Қызылегіздің  емшектенген  қыратына  қарады... 
Қалтасынан  темекісін  алып  көзін  жіпсіте  отырып  асықпай 
тұтатты. Дархан жанына келген разъезд бастығына таңданыс- 
пен, жаналық ашқандай тамсана қарады; көлденең сөз жүгіртіп 
жүйелі әңгімесін бұзған жоқ, іштей ризашылықпен басын шұл- 
ғи тыңдады. Қанша қатыбастанғанымен, көңіл шіркін осындай 
бір  оқыста  айтылар  көшелі  әнгімені  құлындап  іздегендей  
екен.  Бұл  күнде  жұмысшының  көбі  туралау  сөйлейтін;  бри- 
гадир,  мастер  дегеңдерің  дауыстап  жұмсағандайтын.  Бақса 
бәріне үрке қарап, күйе жағуға болмайтынын көкейіне түйді.
–  Сырын  білмеген  аттың  сыртынан  жүрме  деген  ғой, 
ақсақал. – Темекісін құшырлана сорып, көзін сығырайта айда- 
лаға  қараған  қалпы  әнгімесінің  ұшын  әрмен  жалғастырды. 
–  Алғашында  тапқаның  ит,  арқасын  бит  жеп  жүрген  қы- 
тымыр,  жападан  жалғыз  қалған  қиқар  да  қу  шалсың-ау  деп, 
тосырқағаным  рас-ты;  ел-жұрттан  өмірбаяныңызға  қаныға 
жоғымды  тапқандай,  барымды  бағаламағандай  өкіне  қуанға- 
ным тағы рас-ты. Мың бір жасаған Лұқпан хәкім де ажалдың 
амалын таба алмады... Мұның бәрін жіптелеп отырған себебім, 
мынау  Кеңгір  батырдың  моласын  қызғану,  сіздің  бір  игілікті 
іс  жасап  жүргеніңізге  қызығу  еді,  ақсақал.  Шынында  да  тірі 
жүрген  екі  аяқты,  жұмыр  басты  пенденің  қай-қайсысын  да 
ойлантар, тіпті кейінге сабақ болар әдемі бастама екен. Қожа 
Ахмет Яссауидің мазарын да қайта жаңартты деп естіп едім. 
Тәңірім-ау,  түбі  мәңгі  мекен  етер  жерімізді  от  оттап,  су  ішіп 
жүрген шағымызда қамдап, жылы да жайлы ұя салып алудың не 
сөкеттігі бар. Біреудің атағы, біреудің байлығы, немесе жазған 
кітап,  салған  суреті  мұра.  Анау,  Түркістандағы  Қожа  Ахмет 
Яссауидің  мазарына  дүниежүзі  таңырқамай  ма?..  Құдай-ау, 
күні ертең біздердің артымызда шашы желкесін жапқан ұл мен 
қыздан өзге не қалмақ... Не қалмақ?! Ақсақал егер кірпішіңіз 

14
жетіспесе мен көмектесемін. Мынау Кеңгір бабамның жанында 
жер  томпайтып  қана  жатқан  жұбайыңыз  Гүлияның  басына 
қызыл кірпіштен қалап, мүрдехана тұрғызбақ ойыңыз қандай 
керемет.  Міне,  елу  жыл  өшпеген  махаббаттың  айғағы.  Тіпті, 
кеңірек жасап, жанына өзіңіздің де жатпақ ойыңыз – не деген 
құдіреттілік, а?!
– Інішек, тым-тым түңіле сөйледің-ау. Құдайға шүкір, біздің 
артымызда көп дүние қалады. Қазіргі жастардың бәрі ақылды, 
– деді Дархан.
Келесі  сәтте  екеуі  оңаша,  ләм  деместен  Кеңгірдің  мүрде- 
ханасына таласа зер салды. Шалғайдан қараған адам осы екеуін 
Қызылегіздің азып-тозған мүсәпірлеу көлеңкесі деп ойлар, қаз-
қатар шошайып отырған.
–  Сіз  кімді  болсын  үндемей  жеңесіз-ау,  ақсақал,  мен  бір 
сағат оттағанда жақ ашпадыңыз, – деп сағатына қарап, кететін 
ыңғай танытты.
–  Олай  деп  дәркүмән  келтірме,  інішек.  Мен  сені  тыңда- 
дым.  Жөн  айтасың,  ақырет  үшін  де  игілікті  іс  істеу  керек. 
Жазмыштан  озмыш  жоқ,  жақсылық  та,  жамандық  та  өз  мез- 
гілінде.  Бұл  әлемге  жарық  берер  күн  мен  ай  да  өз  мезгілі 
жеткенде тұтылады. Сондайлық мұнарлы күн туса, бұл жалған 
жарық дүниеден күнәсіз аттанудың қамы да. Гүлияның аруағы 
риза болса, маған бұл дүниеден одан артық үзірдің керегі не. 
Алатын құдай, осы игілікті ісімді бітірген соң, алып-ақ кетсін. 
Жаным арымның садағасы. 
Солтан:
– Рас айтасыз, ақсақал, рас айтасыз. Бірақ, Гүлия шешеміз 
осыдан қырық жыл бұрын қайтқан екен, содан бері үйленбей 
өтуіңіздің  сырын  бүкіл  Құландыда  бір  адам  білмейді  екен,  – 
деп шалдың жаңағы сөзін, шалбарының артқы қалтасынан май 
сіңген қағаз, қарындашын алып ықтияттап жазып қойды.
– Ал, ақсақал, поезд келіп қалар, мен аттанайын. – Ықы- 
лассыздау орнынан тұрды. – Кешке шайды біздің үйден ішерсіз. 
Ендігі әңгімені сізден тыңдайтын боламыз. 
– Рахмет, шырағым.
Ауылға  қарап  ендеңдеп  аяңдап  бара  жатқан  азамат 
Дарханның көз алдына сонау жылдары поездан қалып қойған 
жетім  баланың  ержеткеніндей  елестеді.  «Әкесіне  тартпағаны 
қандай жақсы болған... – деп ойлады ішінен, – әкесі Төленнің 
қылмағаны бар ма еді...»

15
Осы  ауылға  көшіп  келген  азын-аулақ  уақыттың  ішінде 
осынау жігіттің мінез-құлқын қостай алмай-ақ қойды Дархан. 
Іш пікірін, не ойлағанын ешкімге сездірмейді екен. Ұрсысып 
та, таласып та, шәуілдеп шаужайға жармасып та жатпайды. Не 
бар, не жоқ деп кесіп айтпай, «ым...м» деп кілт бұрылады да 
үйіне кіріп кетеді... Сонан соң сол үндемеген қалпы біртіндеп 
есесін қайтара бастайды. «Бәлкім айлалы ит дабырламай, жер 
қазып саңқылдап үрмей үндемей қабар да...»
Шал  уәделі  уақытта  келді.  Ол  келмес  бұрын  Солтанның 
сегізінші класта оқитын қара ұлы әкесінен сөгіс алып үлгерді. 
«Қазақ  ССР-і  тарихының»  баяғыда  жазылған  кітабын  оқып 
отырды да, қолын шошайтып кәдімгі шешендердей сөйлеп ала 
жөнелді.
– Енді бір ғасырдан кейін архитектуралық ескерткіштерді 
қорғау  қоғамы  Дархан  ақсақалдың,  яғни  Дәкеңнің  салып 
жатқан моласын тізімге алып, бас сүйегін зерттейтін болады... 
және...
– Тәйт әрі! – деп зекіді әкесі. – Ірігеннің аузынан шіріген сөз 
шығады. Дархан саған ойыншық па? Тірі адам туралы ондай 
ғайбат сөз айта ма екен...
– Тірі болса өлмейтін адам бар ма? – деп қара бала далаға 
тұра қашты. Қайтып тамаққа де келмеді.
–  Осы  күннің  баласы  аласа  туады,  үлкендермен  таласа 
туады деген осы. Суырдың айғырындай шақылдап, әбден бетке 
шапшиды, бара-бара... Нағашы жұртына тартқан ынжық.
Нәшәндік ашуын Дархан келгенше баса алмады.
–  Жаздыгүні  ет  тұра  ма,  ақсақал,  шыбынға  талатып,  са- 
сытып-борсытқанша асып жеп алайық деп.
– Ол да ақыл, ойда жүргенше, бойда жүрсін. Тойған жеріме 
тоғыз келіп, мен де ұялғанды қойдым.
– «Келген қонақ тоқты жей ме, маңайдағы жоқты жей ме», 
деген  екен  атам  қазақ.  Жұмыстан  кеш  келдім,  үйге  кіргенім 
осы әзірде.
Тамақ  ішіліп  болған  сон  тіс  шұқысып  бір  шынтақтай 
жатты.
– Ал, ақсақал, – деді, – уәде құдай сөзі, бастаңыз.
– Көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?
–  Естіген  есте  тұра  бермейді,  көргенді  көйітіңіз...  Шал 
түйіле ойланып барып, әңгімесін желіледі.

16
– Баяғыда, осы Құландыда алғаш обходчик болған жылы 
қызық оқиға болды. Қызық дегенде әңгіменің әуенімен айтып 
отырмын,  әйтпесе  мен  үшін  азап  еді...  Сонымен  аласапыран 
жылдың  бір  қысы  болатын.  Құландының  жалап  тұрған  аязы 
қысқанда, жаныңды қоярға жер таппайсың. Күн суық, қарын аш 
деп жатып алуға бола ма. Рельс шегелейтін болат, балға, күрек 
пен гайка бұрайтын кілттерімді алып жолға шықтым. Өзің де 
білесің,  жолға  шықпас  бұрын,  обходчиктің  жұмыс  графигін 
станция  нәшәндігі  бекітіп  береді.  Әйтеуір  номер  танитын 
білімім  бар,  бригадирдің  үйіндегі  журналға  шатты-бұтты 
шимайлап қолымды қойып, панарды қолға алып, түнгі жорыққа 
аттандым. Әуелгі үш шақырымда-ақ қараңғы түсті. Темір жол 
бойындағы көзіме түскен ағаш болса тазалап, асықпай тексеріп 
келемін. Кәрәсінмен жанатын қол шамның білтесі нашар еді, 
бықсып қарауытып, қайта-қайта сөне береді. Негізінде рельстің 
әуелгі  бір  жағын,  сонан  соң  межелі  сегіз  шақырымнан  соң 
бұрылып, екінші жағын ықтияттап қарау керек болады. Күннің 
суығы  мен  шамның  өлеусіреген  жарығына  сенбей  бірден  екі 
рельсті  тексеріп  жүрісім  өнбеді.  Далада  қырық  градус  суық, 
алақаншықтана боран басталды. Әсіресе рельстің гарнизіндегі 
қызылтамақтағы  сынық  түнде  айнаға  жақсы  түспейді.  Күпті 
деген тұсты қолмен сипап көруге тура келеді. Суықтан әбден 
ширап,  мұздап  тұрған  темірді  ұстай  алғаныңда  саусағыңды 
қарып түсіреді-ау. Ол уақта немене «ТИП-ША» деген рельстің 
көлденеңі  жіңішке,  сағатына  қырық-елу  шақырымнан  аса 
алмайтын, доңғалақ әп-сәтте тайқып шығып, оқыс көп болатын. 
Қазір  ғой  43  типті  рельстер  қалай  шапқыласаң  да  қауіпсіз 
–  рахат.  Сөйтіп,  жербауырлағандай  болып  келе  жатқанымда 
Құландыдан  ары  жетінші  шақырымда  рельстің  гарнизінен 
сынық таптым. Поездың қашан өтер уақытынан хабарым жоқ, 
менің міндетім қандай поезд болмасын апатқа ұшыратпау, ал 
сынықты қалпына келтіру менің қолымнан келмейді, тіпті оған 
хақым да жоқ. Не істеу керек?
Поезд келер жолға әлгі сынықтан алысырақ битар қойдым. 
Рачок-сырнайымды  әрі-бері  озандатып  тартып  көріп  едім, 
боран  разъезд  жақтан  соқты  да,  бәлкім  естіртпеді  білем. 
Сасқалақтайын  дедім.  Өйткені  кейбір  машинистер  битардың 
атылғанына қарамай «ештеңе етпес» деп өте шығатыны бар-
ды.  Үстімдегі  киім  жеңіл,  қыстың  ұзақ  түніне  шыдай  алам 

1
ба? Жел гулеп соғып, ұйтқып ойнаған боран атты кісінің өзін 
алып  ұратындай  үдей  түсті.  Аяғың  тайып  құлап  түссең  бас 
салып сабалап, ақ түтегімен көміп тастардай ашулы. Көк пен 
жерді  тұтастырып  шекара  қалдырмай  біріктіріп  жіберген. 
Тіпті  кейбірі  бұраң  қағып,  билеп  мойныңа  асылып,  қойны-
қонышыңа  кіріп  мұздатып  ес-ақылыңды  алады.  Шпалдарды 
ұйлыққан  қар  басып,  рельспен  теңестіріп  жіберген.  Әлгіде 
тапқан  сызат-сыпықтан  айрылып  қалмайын  деп  тас  қылып 
белбеумен  шандып  байлап,  боран  етіне  арқамды  беріп  бүк 
түсе бүрісіп отырдым. Битар атылмай қалса қайтемін деп тағы 
шошинып. Тіпті тоңып болмаған соң әрі-бері жүгіріп жылын- 
ған болдым. Боранның басылатын түрі жоқ, бұрынғысынан да 
құтырып шабына соқты. Жұтып жіберердей жалғанған, тұлан 
тұтып долданған, екі иығын жұлып жеп айдаһарша ысқырған... 
Әзірше  екі  жақтан  да  паровоздың  дыбысы  білінбейді.  Менің 
ес-ақылым: сынық заводтың жіберген брагы ма, әлде жаңадан 
түскен бе? Енді қайсысы болса да бәрібір еді. Қол-аяғым шым-
шымдап мұздай бастады. Қолшамның кәресіні таусылып, өшіп 
тынды. Қалтамды қарманып сіріңке іздеп зорға дегенде тауып 
тұтатпақ  болып  едім,  жаға  алмадым.  Тарта-тарта  шырпысы 
таусылып,  қорабын  лақтырып  тастадым.  Айқайлап  бір 
боқтадым да орнымнан қарғып тұрып селкілдеп биледім келіп, 
биледім... билеп жүрмін... бұл менің өз өмірімдегі алғашқы да, 
ақырғы биім шығар-ай...
Бұл болат жол деген жарықтық үстінен жайлы да жұмсақ 
поездбен өткен адамға оп-оңай. Ұзыннан-ұзақ салған қос темір 
сызық секілді. Арқа етіміз – арша, борбай етіміз – борша болып 
қайла-күрекпен; өгіз, түйе жегіп, қала берді қоларбамен құмтас 
тартып  салған  мыңдаған  шақырымдық  Түркісібтің  игілігін 
тауды  тіліп,  тасты  бұзып  ащы  тері  тамшылаған  біздер  емес, 
өзге жұрт, кейінгі ұрпақ көріп отыр. Біздер, кәрі түркісібшілер 
ұлы  жойқын  іс  тындырғанымызды  ғана  осылайша,  ауызша 
мақтан  етер  едік.  Әйтпеген  күнде  осынау  жер  шарын  орап 
жатқан  шойын  жолмен  анау  тұрған  Алматыға  барып  көрдік 
пе,  тәйірі.  Сайып  келгенде,  біздердің  міндет  жолмен  жүру 
емес, жолды салумен ғана шектелді. Жазған-ау, тіпті қаншама 
құлшынып, арыз жазып бас ұрсақ та дүниені жалмаған соғысқа 
да  жібермей  алып  қалды  емес  пе.  Әттең  қолыма  мылтық 
алып, жауға атой салып өткен күнді армандаған сәтім де көп 

18
болды-ау жазған. Иә, теміржолшылардың бар қолынан келгені 
–  манданта  шеру  тартқан  вагондардың  уақытында  бүлінбей 
жетуін қамтамасыз ету. Біз ол міндетті мүлтіксіз атқарып едік. 
Иә,  шырағым,  ұлы  жеңісте  түркісібшілердің  де  ұланғайыр 
үлесі бар. Орден, медальдарын саудыратып соғыстан қайтқан 
солдаттар  қаншама  менсінбей  қарағанымен,  қолымыздағы 
теміржолдың қызыл жалаушасын бес жыл бойы біз де бір сәт 
босаң ұстап көрген жоқпыз. Аялдамаға кеп тоқтаған поездан 
түсіп, сусын іздеген кей жолаушы, күні бүгінге дейін өзі мініп 
келе жатқан поездың амандығын тексеруге май-май болып тұра 
жүгірген теміржолшыға менсінбей жиіркене қарайтынын несіне 
жасырайық.  Тәңірім,  олар  жарылқаушы  ие,  ұзақ  сапардағы 
сақтаушы  Құдайы  екенін  неге  ғана  ұқпайды  екен.  Айталық 
қаңтардың  қырық  градус  суығында  қылдай  ғана  сызықты 
күзетіп  отырған  мен  қолды  бір  сілтеп,  тартып  кетсем,  маған 
сеніп алаңсыз зымыраған поездың тағдыры не болар еді.
Осы  кезде  үйдің  есігі  сыңсып  қайта  ашылып,  әлгінде 
шыға қашқан қара ұл кірді жасқаншақтай. Әкесі жаққа ептеп 
көз  қырымен  қарады  да,  әңгіменің  әуеніне  түсіп,  қаперсіз 
отырғанын көрген соң ақырын баспалап барып, шешесінің иық 
жағына жантая кетті.
–  Ақсақал,  сіз  өзіңізді  толғантқан  ащы  шындықты  айтып 
отырсыз, – деді Солтан қомданып. – Оның ешқандай сөкеттігі 
жоқ,  мәселен,  теміржолшыларды  мәдени-тұрмыстық  қамту 
жағы  өте  төмен  ғой.  Мен  өткен  жылы  Прибалтика  мен 
Украина,  Белоруссия  жағын  аралап  қайттым.  Ойбой,  ондағы 
жасалған жағдаймен бізді мүлдем салыстыруға келмейді. Бәрі 
автоматтандырылған, тіпті біздегідей «жетім-жесір» разъездер 
жоқтың  қасы.  Ал  станциялардағы  аппақ  шағаладай  үйлерді 
көргенде қалып-ақ қойғың келеді, шіркін. Қалай Қазақстанның 
территориясына  кірсең,  әр  он  сегіз  шақырымда  үркіп-үркіп 
орналасқан қотыр тамдар мен жалғыз құдық, жайылып жүрген 
көп  есектен  басыңыз  айналады.  Ақсақал,  әңгімеңізді  бөліп 
жібердім білем, айып етпеңіз.
–  Осының  басы-қасында  жүрген  нәшәндіктерге  де  бай- 
ланысты-ау көп дүние, – деді шал.
–  Ой,  ақсақал-ай,  айта-айта  жиып-теріп  алған  азын-аулақ 
абыройдан айырылдық. Сонымен сіз қырық градус аязда кар- 
низдегі жарықшақты күзетіп, билеп жүрсіз.

19
– Қайбір жетіскеннен дейсіз... Бәрі де өлмеудің, өлтірмеудің 
қамы  да.  Адам  әбден  тоңғанда  ұйқысы  келгендей  маужырап 
бүк түсіп жата бергісі келеді екен. Қалтырап, жаураған денең 
қанша  жылы  жерді  аңсап  аласұрғанмен,  удай  ашып  шыбын 
жаныңды шырқыратқанымен, жаны кетіп үйреніп алады екен. 
Мен екі үлкен башпайымнан бастап, үси бастағанымды сезіп 
тұрсам  да,  істерге  лаж  жоқ,  шоршып-шоршып  шаршадым. 
Үскірік одан сайын қыр көрсете мазақтап, аласұрып, қаһарлана 
түседі. Аяқ-қолдан әл де, жан да кете бастағандай болған соң, 
темір жолдың дәл үстіне қардан үй жасап, жатып алғым келді. 
Бірақ  қасаттанбаған  қар  сусып,  желмен  ұшып  әлек  салды. 
Қырсыққанда  екі  жақтан  да  бірде-бір  поезд  келмеді.  Енді 
мені өлім қаупі иектей бастаған еді. Мұндайда кісінің ойына 
қайдағы келеді. Менің есімнен үйімде қалған Мұрат шықпады. 
Ұлым  біресе  ақ  боранның  арасында  адасып,  мені  айқайлап 
шақырғандай болады, енді біресе жаныма келіп: «Тұр, тұр, аға, 
тұр» деп жұлқылап қолымнан тартып оятады екен деймін. Қар 
кебініне оранып, зор тыныштық құшағына алып, гуілдеген әуен 
әлдилеп  ұйықтата  берді...  Қандай  рахат  тьныштық!  Жаныма 
Гүлия келгендей, мені сипалап, аймалағандай, рахат!
Мені  ертеңінде  қар  көмген  мола  ішінен,  қатып  үсіп 
жатқан  жерімнен  тауып  алыпты.  Қолма-қол  Аягөзге...  одан 
әрі Семейдегі ауруханаға жөнелтіп, әйтеуір шыбын жанымды 
аман алып қалған екен. Сонда башпайларымның бәрі үсіп түсіп 
қалыпты,  –  деп  Дархан  екі  етігін  сыпыра  шешіп  тастағанда 
саусақтардан жұрдай топ-тоқал тұқыл табан шолтаң ете түсті. 
Солтанның  бағанадан  бері  аузынан  су  ағып  сүйсіне  әңгіме 
тыңдап отырған әйелі мен баласы селк етісіп, ішін тарта көздерін 
тайдырып әкетті. Солтан қабағын қарс жауып, дым сызбаған, 
бар болғаны: «Ым-м, да-а» деді басын шайқап. Шамды шырқ 
айналып қонақ таппаған сайтан көбелектің жеңіл сыбдырынан 
бөтен дыбыссыз – құлаққа ұрған танадай тыныштық ұйыды.
Құландыны солқылдатып тағы бір поезд өте шықты...
Сол  поездың  ішінде  Оспан  кетіп  бара  жатқандай  сезілді 
Дарханға...
Дархан  ұйқысының  келмегеніне  қарамастан  кешегідей 
жолға  шықпады.  Көршісінің  үйінде  суыртпақтала  басталып, 
қайыруға  келмей  қалған  тайтері  сырдың  бір  пұшпағы  уқа- 
ланғандай  болып  еді;  өз  үйі  өлен  төсегіне  келген  соң  да  сол 

180
оқиғаның  әсерінен  айыға  алмады.  Көмейіне  түйенің  тобығы 
кептеліп қалғандай қанша жұтқынып жөткірінсе де, не ары, не 
бері жоқ қылғындырып тұр; қылғындырып тұрған әсте тобық 
емес,  орны  толмас  өкініш-тін,  ішқұсаға  айналған  уайымның 
– келмеске кеткен – мәңгіге сөніп тынған арманның әлдеқашан 
бітіп,  қара  қотырланып  қалған  жарасы  қайта  қанағаны  еді, 
сыздатып қайта ауырғаны еді, қаншалық кең болса, соншама 
тар әлемнің бейшара да бейкүнә дәрменсіз көп пендесінің бірі 
боп  жаралғанына  әрі  өкініп,  әрі  қуанып,  аласапыран  күйге 
ұшырады; кісі дегенің жазған-ау, қартайған сайын, қайғы ойлап 
өмірге құштар келетіні не, кісі дегенің асарын асап, жасарын 
жасағанына  қарамастан,  Құдайдан  тағы  бір  ғұмыр  сұрап 
жалбарынарын,  жан  ұшыра  өлгісі  келмей  өз-өзінен  қорқып, 
қорқақ тартарын немен түсіндіруге болар; адам өмірі де пара- 
сат майданы іспетті-ау, санасыз өмірден салдарлы өлім жақсы 
деп,  қаншалық  өзіңді  ұлы  сапарға  тас-түйін  дайындағаның- 
мен,  қылша  мойныңа  ажалдың  қыл  арқаны  оралар  мүйнетте 
қалай-қалай  шыңғырар  едік...  Сексенге  келдің  –  селкілдемей 
өле сал дегенге кім келісер...
Құландыны солқылдатып, бір поезд өте шықты.
Осы  поездың  ішінде  Оспан  да  кетіп  бара  жатқандай 
сезілді...
Баяғыда қандай еді... баяғыда...
* * *


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет