Егемен Қазақстан, 15 мамыр, 1996 ж. ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ Термин десек, есімізге орыс тілінен және орыс тілі арқылы Еуропа
тілдерінен келген сөздер түсетіндігі белгілі. Өйткені қазақ тіліндегі
терминдердің көпшілігі солар. Олардың айтылуы да, жазылуы да орыс
тілінде қалай болса, бізде де солай.
Олай болса, осы терминдердің біздегі жазылуы дұрыс па?
Дұрыс десек, бұл терминдер кімнің терминдері. Орыс тілінің
терминдері ме, жоқ, қазақ тілінің терминдері ме?
«Біздегі терминдер қазақ тілінің терминдері емес, олар орыс тілінің
терминдері. Егер ол терминдерді қазақ тілінің терминдері еткіміз келсе,
оларды қазақыландыру керек», - десек, біздің кейбір қаламдас
жолдастарымыз: «Ол орыс терминдері өз сөзіміздей қолданысқа айналып
кеткен», «бұларды жат сөздердің қатарында қарауға болмайды», «ол
терминдердің орфографиясын да қайтадан
48
жұлмаламауымыз керек», - дейді («Егемен Қазақстан» ақпанның 2-сі,
1995). Ал екінші бір ғалымдар: «Жаппай қазақыландыру басталды»,
«қолдан жасанды тұлға тудыру көбейді», «ғылыми терминдерді қазақша
беру дегенді уағыздап жатқандар бар» деп, сары уайымға салынады
(«Егемен Қазақстан», желтоқсанның 1-і, 1994).
Ойымыз түсініктірек болуы үшін, әңгімені әріректен бастағанымыз
орынды болар. Егер қазақ терминологиясының қазіргі жайын «екі-ақ
сөзбен түсіндіру» керек болса, сол екі сөз ретінде біз «жасалыну» және
«қабылдану» сөздерін таңдаған болар едік. Өйткені біздің әдеттегі
сөздерімізді өмірдің өзі тудыратын болса, терминдер тумайды, олар
жасалынады. Жасалыну (қолдың жасалыну), онда да ұлттық тіл негізінде
жасалыну – терминдерге тән ең басты қасиет.
Ал біздің қазақ тіліндегі терминдер жасалынған ба? Жоқ, олар –
жасалынбаған, тек қабылданған терминдер. Он томдық «Қазақ тілінің
түсіндірме сөздігінен» біз
қабылда сөзінің мағынасын қарап көрдік. Оған
«бір нәрсені өткізіп алу» деп анықтама беріліпті. Шындығында да, біздегі
терминдер орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылып жүрсе, біз де
оларды қылын қисайтпай, дәл сол күйінде «өткізіп алған» терминдер.
Қазақ тіліндегі ондай қабылданған (өткізіп алынған) терминдерді
кірме сөздер немесе ауысқан сөздер дегендермен теңестіруге болмайды.
Өйткені бір тілден екінші бір тілге сөз ауысу, сөз кіру үшін ол сөздер ең
алдымен сол тілдің тілдік заңдылығына бағынып барып ауысуы (кіруі)
керек. Мәселен,
бәтіңке (ботинка),
бөкебай (пуховой),
бөз (бязь),
жәшік (ящик),
кәмпит (конфета),
пеш (печь),
пұт (пуд),
сот (суд),
үйез (уезд),
шәлі (шаль) сөздері сияқты. Бұлай етпеген жағдайда олар кірген, ауысқан
сөздер болып есептелінбейді.
Егер тіліміздің лексикалық құрамында ешбір дыбыстық өзгерістерге
түспеген сөздер (терминдер) жүрсе, олар – кірме (ауысқан) сөздер емес,
варваризмдер. Көз жеткізу үшін, орыс сөздіктерінде варваризм дегенге
қандай анықтама берілгеніне көңілдеріңізді аударып көрелік «Варваризм –
слово из чужого языка, нарушающий чистоту речи» (С.И. Ожегова,
«Словарь русского языка», Москва, 1973, 65-бет); «Варваризм –
иноязычное слово, не до конца освоенное заимствующим языком»
(Д.Э.Розенталь,
49
М.А.Теленкова
«Словарь-справочник
лингвистических
терминов»,
Москва, 1976, 44-бет).
Қайталап айтамыз: Біздің қазақ тіліндегі терминдердің бәрі (бәрі
болмаса да басым көпшілігі) – кірме сөздер емес, варваризмдер.
Сондықтан да, біз қазақ тілінің өзінің терминдер жүйесін жасағымыз келсе,
бұған дейін тілімізде тек орысша айтылып, орысша жазылып жүрген
терминдердің көбін қазақыландыруымыз керек деп, ашықтан-ашық айтып
жүрміз. Тек айтып қана қойған жоқпыз, олардың өзіміз білетін жолдарын
да көрсеттік. Ол жолдар (әдістер) деп мыналарды айтуға болады.
1. Орысша терминдердің тіліміздегі қазақша баламаларын табу;
2. Оларды қазақ тіліне калька әдісімен сөзбе-сөз аудару;
3. Әлгі орысша немесе еуропаша терминдердің орнына қолдан
қазақша термин жасау;
4. Шет тілден келген терминдерді қазақ тілінің дыбысталу
заңдылығына бағындырып алу және оларды солай жазу, яғни оларды
варваризм сөздерден кірме сөздерге айналдыру, т.б.
Біздің осы ойымызды теріске жорып, білместікке балап: «Жалған сөз
жасауға, теріс термин табуға әуестенбеуіміз керек», - деп, ақыл айтушылар
да, болмаса: «Ғылыми терминология мен кейбір саяси-әлеуметтік
мазмұнды сөздердің халықаралық қордан алынғандарын қазақшалап,
қайтадан жасаудың реті бар ма?», «Халықаралық тұлғалардың орнына
жасанды сөздерді ұсынып, төл тұлғамен шектеліп қалғанымыз әлемдік
білім-ғылымға араласуымызға салқынын тигізбей ме?», «Оларды аударып,
не тұлғасын өзгертіп атағаннан ұтарымыз қанша?» - деп күдіктенушілер де
табылып жүр.
Бірден жауабын айталық: олай етсек, яғни орысша терминдерді
қазақыландырсақ, ұтпасақ – ұтылмаймыз. Ұтатын қарама-қарсы пікір
айтып жүргендер емес, ұтатын – қазақ тілі. Өйткені бұл жердегі әңгіме
қазақ тілінің тазалығы, қазақ тілінің мәдениеті, қазақ тілінің тілдік
ерекшелігі, келешегі туралы болып отыр ғой. Егер бұрынғы сарынмен
«үйреніп қалдық қой», «қалыптасып кетті ғой», деген кертартпалықпен
жүре берсек, қазақ тілінің осы тұралағаны тұралаған. Қайтып оның басын
көтеріп, өзіндің заңы бар тілдер қатарына қосылуы екіталай.
50
Осы жерде Рабиға Сыздықова апамыздың: «Күшік кезінде таланған,
одан кейінгі ұрпақ та жалтаң болып, түбегейлі өзгерістерге бара алмай
қалды», - деген сөзі ойға оралады («Егемен Қазақстан», желтоқсанның 1-і,
1994). Шындығында да, қазіргі біздің ғалымдарымыздың түбегейлі
өзгерістер жасауға аяқтарын басқылары келмейтіндігі рас. Әйтпесе
тілімізге баса-көктеп кіріп алып, «сайран салып» (еркінсіп) жүрген
кино, миллион, театр, билет, трамвай деген сияқты жүз мыңға жуық
варваризмдердің жазылуын (бұл сөздердің айтылуы онсыз да қазақша)
қазақ тіліне жақындатып
кинө, милион, тиатыр, белет, тырамбай деп
жазсақ, дұрыс болар еді деген пікірде не оғаштық бар?!
Кейбір ғалымдар «Бұлан (
кино, миллион дегендер) тілімізге әбден
сіңісіп, тұрақтанып кеткен, оларды жат сөздердің қатарына қосуға
болмайды», «
Кинө деп жазсақ, сөзіміз қазақша болып кете ме?»,
«Осылайша бір сөздерді (?) екі түрлі (кино/кинө) жазудан не ұтамыз?» -
деп бізге кейиді («Егемен Қазақстан», ақпанның 2-сі, 1995).
Біріншіден, бұлар тілімізге сіңісіп, тұрақтанып кетті деген пікір
жалған. Оларды біз күшпен, зорлықпен тұрақтандырып жүрміз. Екіншіден,
бұл сияқтылар – дыбысталуы жағынан қазақ тілінің заңдылығына сай
келмейтін жат сөздер. Үшіншіден, ия, шындығында да
кино деп емес,
кинө деп жазсақ, ол сөз қазақша болады (Әлде
кино деп жазсақ, қазақша
болама?). Төртіншіден, бір сөзді екі түрлі жазуды ұсынып отырған жоқпыз,
оны бір түрлі жазуды (
кинө деп жазуды) ғана ұсынып отырмыз.
Бір сәт қана ойланып көрелікші. Егер тілімізде бұрын орысша
қолданылып, орысша жазылып келген сөздердің көбін қазақыландырып,
айталық:
әдіріс, әгент, әлбөм, әктіп, әртіс, әтейіс, бұғалтыр, бүңкір, бүрсілез, біргәді, деректір, дибан, електір, жұрнал, кәбинет, кәбіл, кәнсерт, кәңгірес, кәрбит, кәрөл, кәстөм, кекіс, күпе, кілетке, кірем, ләгір, мебіл, метір, мүзей, міністір, нөл, парат, пәлте, пәрөл, пойыз, пырарап, реліс, састап, семент, сыған, сіліндір, ыспорт, інбестір, інженер деп
жазсақ, бұл сөздер ең алдымен қазақша айтылуына сай келген болар еді,
оның үстіне қазақша дыбысталғандықтан олар біздің өз сөзімізге айналып,
тілімізді шын мәнінде байыта, нәрлендіре, әрлендіре түсуге септігі тиген
болар еді.
51
Біз мұндай ойды тіліміздегі
база, бар, бас, (муз.)
кит (балық),
зона, инерт (газ),
машина, норма, опера, партия, парламент, парта, роман, сорт, сыр, талант, том, торт, тыл деген сияқты дыбысталуы жағынан
да, дыбыстық тіркесімі жағынан да қазақ сөздерімен бірдей келетін шетел
сөздері туралы айтып отырған жоқпыз. Бұлар сияқты кірме сөздерді
тілімізде өз тұлғасын сақтап қолдануға да, жазуға да әбден болады.
Өйткені, бұл сөздер дыбысталуы жағынан да, құрамы жағынан да қазақ
тіліне жат емес. Ал
кино, автор, театр деген сияқты дыбысталуы жат
сөздердің жайы мүлдем басқаша.