Сұрақ қойған ағаға біз де сұрақ қоялық: әліпбиімізден В, Ф әріптерін
алып тастамағаннан қазақ халқы сауатты болып жүр ме?
Сауатты болсақ, біз орысшаға, орыс тілі арқылы енген сөздерді айту
мен жазуға ғана сауаттымыз. Ал қазақ тіліне сауаттымыз деп айта
алмаймыз. Мысалға сол ағамыз келтірген «Ева-Мария» мен «алфавит»
сөздерін алалық. Христиан дініне кірген немесе шоқынған біреу болмаса
Ева-Мария сөзін қазақ жиі қолдана бермейді. Қолдана қалған күнде де
Мария сөзін
есі дұрыс қазақ Мария деп емес,
Мәриә
деп айтады, солай
жазады. «Алфавит» сөзі де дәл осы сияқты. Оны «алфавит» дегеннен гөрі
«алпабит» десек, ол қазақшаға әлдеқайда жақындау (Бұл сөздің қазақша
баламасы -
әліпби
). Өйткені бұл жердегі әңгіме орысша сауаттылықта емес,
қазақша сауаттылықта болып отыр ғой.
Газетте жарияланған бір мақалада: «Орыс тіліндегі сөздердің үштен
бірі басқа тілдерден ауысқан сөздер. Одан олар пайдадан басқа зиян көріп
отырған жоқ. Бізге неге сөйтпейміз?» - депті. («Халық кеңесі», 5 шілде,
1994).
Мақала иелері өте дұрыс айтады. Орыс тілі лексикалық қорының біраз
бөлігі шетелдік сөздер екендігі ақиқат. Бірақ олар көрмеген, көргісі
келмеген оның екінші жағы бар. Бізден басқа халықтардың бәрі егер шет
тілінен сөз алса, оны өз тілінің айтылу, жазылу заңдылығына бағындырып
алады. Ал бізде ше?
Бізде керісінше.
Өз тілімізді, өз тіліміздің заңдылығын аяққа басып,
жоғарғыдай сөздерді орыс тілінде қалай айтылып, қалай жазылса, біз де
оларды солай айтып, солай жазамыз. Сөйтеміз де: «Қазақ
тілі дегеніміз
осы»; «Тіл мәдениеті дегеніміз – осылардың орысша айтылуы мен
жазылуын сақтау», - дейміз.
Бұл, әрине, қазақ тілін көгертетін жол емес, қайта, керісінше, оны
көктей солдыратын жол. Өзіміздің қазақтық, тіпті болмаса түріктік,
жолмен емес, орыстық, еуропалық жолмен жүріп, түптің түбінде жарға
жығар жол.
Қысқасы,
ұлттық сана-сезім мен ана тілі, ана тілінің тазалығы
дегендер бір-бірімен тығыз байланысты. Егер ұлттық сана-сезім күшті
дамыған елде, ана тілі де күшті дамиды. Болмаса керісінше: Ана тілі күшті
дамымаған елде ұлттық сана-сезім де күшті дамымайды. Біз «ана тіліміз өз
табиғатына сай күшті дамыған» деп қазірше айта
57
алмаймыз. Сондықтан, егер біз ана тіліміз дамысын десек, өзінің тілдік
ерекшелігі сақталсын десек, алдымен ұлттық сана-сезімімізді оятып алған
жөн. Тек оятып қана қоймай,
оны өсіруге, дамытуға күш салғанымыз
абзал. Өйткені қазақтың ұлттық сана-сезімі бұған дейін тұқыртылып,
тұншықтырылып келгені жұртқа аян.
Рас, қазіргі ұлттық сана-сезіміміз мүлде ұйқыда жатыр деу
әділетсіздік болар. Бұрынғыға қарағанда қазір, сөз жоқ, аздап болса да
ояну, ілгерілеу бар. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз.
Жеткіліксіз болмаса, өз
тілінің табиғилығына, тазалығына өзі қарсы шығушылар немесе өз тілінің
бүлініп, ластанып кеткенін түсіне алмай, түсінгісі келмей «бізді
интернационалдық сөздерден ажырата көрмеңдер» деп, мақала жазып, сөз
сөйлеп жүргендер азайған болар еді ғой.
Егер әр тіл өзінің тілдік ерекшелігін, өзінің тілдік тазалығын өзі
сақтауға тиісті болса, онда қазақ тілінің тілдік ерекшелігі мен оның
тазалығын сақтауға кім міндетті болуға тиісті?
Әрине, қазақтардың өздері. Ендеше, ойланайық, ағайын.
Достарыңызбен бөлісу: