4.3 Теңеулердегі лексикалық синтагматика
Сөз мағынасы терең де сырлы әлем іспетті құрылымнан тұрғанымен,
мәнмәтін жағдайында өзара тіркесімділікке ұшырап, адам танымының
куәсіндей үлгі құрайды. Адам факторы, антропоцентристік көзқарас,
негіз сөз семантикасының өзгеріс құраудағы сүйенетін тірегі болады.
Мағыналардың үйлесімділігі адам таным деңгейінің прагматикалық
ерекшелігіне қатысты болғандықтан таным қоршаған шындық
болмыстағы заттар мен құбылыстар арасынан үйлесімділікті іздейді.
Сол себепті, лексикалық синтагматика танымнан туған үйлесімділіктің
қаңқасынан құрылып, контексте беку, тұрақталуға көшеді. Бұл, бір
жағынан, сөйлеудегі үйлесімділікке алып келеді, ал сөйлеудегі сөз
мағыналарының актуалдана үйлесуі, сөз мағыналарының ішіндегі
бір макробөліктің өзгеріп, алдыңғы қатарға шығып, мәндік байланыс
құрауы болады. Тілдік мазмұнның тұрақталуы, сақталуы туралы Ж.
Манкеева: «Тілдегі мазмұнның сақталуы оның кумулятивтік қызметіне
тікелей байланысты. ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жады сияқты
психологиялық ұғымдармен тығыз байланысты болып, тұтас күйіндегі
302
303
когнитивті парадигма құрайды», – деп көрсетеді [280, 285]. в.Г.Гактың
«Грамматикалық сияқты, семантикалық үйлесімділік те сөйлеуді
құрудың формалды құралы» деуі осы үйлесімділікке байланысты [281,
25]. Ал А.М.Злобин сөз таптарының бір мағыналық, танымдық аяда
үйлесе жүйе құрауын когнитивті лексика мәселесіне қатысты дей келіп,
ол мынадай пікір білдіреді: «в связи с необходимостью структурирова-
ния информации, получаемой человеком, систематизация лексики при-
обретает важное значение для изучения лексических закономерностей
больших массивов слов и особую значимость для контрастивного ана-
лиза языков. для этой цели представляется целесообразным примене-
ние постулата о фреймовой организации определенного участка лекси-
ческой системы, что служит предварительным этапом создание опреде-
ленной базы для сопоставительного изучение лексико-семантических
группировок слов» [282, 187]. Салғастырудан көрінгенімен когнитивті
лингвистикада қаралып жүрген концепт, оның құрамдас бөлігі –
фреймінің қайталана жиі тезаурус құрауында бір бөлек мәселе боп,
лексика-семантикалық үйлесімділік жатыр. Когнитивті лингвистика-
дан бөлек таратып кейбір зерттеушілер когнитивті семантика бағытын
ұстанады. ондағы басты бірлік лексикалық концепт болып табылады
және білімдердің құрылымдық түсінігі ретінде қарастырылады. Біздің
ойымызша, лексикалық концептілердің құрылымынан бастау алып,
танымның құрылымдық үлгісін тілден нақты лексикалық мағынаның
семалық үйлесімділігіне сүйенген сөз топтары тілдің лексикалық
жүйесінде кездеседі. олар – теңеулер, олардың құрылымындағы
мағыналық үйлесімділіктің бір-бірімен байланыстылығы. Теңеулер
когнитивті лингвистикада концептілік құрылымда көрініп, концептінің
құрамдас бөлігі болады. Теңеу мен метафораның жуысар жақындығы
екеуінде де екі заттың көбіне қатар алып салыстырылатындығы мен
жасалу (психологиялық) жағынан бірлікте болатындығында, көркем
әдебиетте атқаратын кейбір функциясының ұқсастығында. Б.Хасанов
теңеу мен метафораның бес түрлі айырмашылығын көрсетеді [145,
12-14]. «Теңеу – еркін тіркес пен тұрақты тіркес арасындағы аралық
буын: сөзжасам процесі арқылы теңеу сөздер тұрақты тіркеске айна-
лады» [77, 257]. Мәнмәтінде авторлы теңеу мен метафора лексикалық
мағына жағынан үйлесіп, ұласып жатады және теңеудің метафораға
ұласуында денотаттың танылу және құбылу деңгейінің әсері болады.
Мысалы, «Ақбілек бейнеттен, қорлықтан, күнәдан құтылып, сонау жеті
қат көктегі ғарышқа апарып, жүрегін алтын легенге салып жуғандай,
анадан жаңа туғандай тазарды. оның жүрегін жуып тазартқан алтын
леген – аяулы жаны, қаралы таудай қайратты, ай мен күндей ғылым
еді» [Ж.А., 339]. осындағы леген сөзін автор теңеу етіп, сосын оны
метафораға айналдырып қолданады. д.Әлкебаева когнитивтік тұрғыдан
теңеудің стилистикалық қызметін талдауда былай деп көрсетеді:
«теңеу болатын заттар «зат-теңеу» стилистикалық фреймдер, көбінесе,
адресанттың санасында дайын сценарий күйінде тұрады, сондықтан
сөз жанрларында пайдаланылады. Стилистикалық фреймдер белгілі
концептуалдық құрылымдардың ойдағы бейне-прототип-фреймдер
деген тізбектерінде ойлау әрекетіне ең жақын тұратын форма болып
саналады. Әсерлі сөз теңеудің құрылымында бейне – таңба – символ –
белгі – қиял – ақиқат емес болмыста көрініс табады» [169, 122].
Жалпы қазақ тіл білімінде теңеулердің парадигмалық, синтагмалық
қатынастарын алғаш жазған Т.Қоңыров болатын. «Теңеу мүшелерінің
бір-біріне осындай қатынасынан, әсіресе, белгінің бір-біріне осын-
дай қатынасынан ассоциациялық теңеулердің бес түрлі структуралық
типі келіп пайда болған. Ал бұл структуралық типтердің мүшелерінің
бір-бірімен байланысу тәсілдері екі түрлі жолмен жүзеге асырылады.
оның бірі – теңеу мүшелерінің парадигмалық қатынасы, екіншісі –
теңеу мүшелерінің синтагматикалық қатынасы» [283, 104]. ол олардың
үлгілерін бірқатар сызбалармен бейнелейді, мәселен:
балдай ---------------- тәтті
удай ------------------- ащы
біздей ----------------- өткір тіл
мірдің оғындай ----- өткір
алмастай ------------- өткір
оқтай ----------------- өткір [283, 79].
ол парадигмалық қатынасты шартты түрде П, синтагматикалық
қатынасты S деп белгілеп, бес түрлі құрылымдық типтердің формуласын
талдайды, мәселен, «Ап – Сп – в құрылымдық типіндегі парадигмалық
қатынас формуласы Сп – в =П түрінде болса, синтагматикалық қатынас
түрі Ап – в =S және Ап – Сп =S түрінде болады», – деп жазады [283,
102].
Концептосфера жеке тілдік тұлғаның өзіндік ерекшелікке толы
сөздер жүйесін құрайды. Бұрынғы кезде өмір сүрген тілдік тұлға
тіліндегі теңеулердің жоғарғы дәрежесі символдық мәнде келсе,
бүгінде ол өзгеріп, басқа денотаттық жағдайдан туындайды. Мәселен,
Қ.Өмірәлиев авторлы поэзияда «қызғыш құс» бұрыннан келе жатқан
теңеудің нысаны екенін жазады. «Айталық, өзге бір жерде арыстанға
теңеп отырған Исатайын бірде Махамбет: Қызғыштай болған есіл ер
Қайранда жұрттан не көрді, – деп «қызғышқа» теңейді. Мұнда ақын
Исатайдың ерлігін айтайын деп отырған жоқ, оның халыққа, жұртқа
қамқоршы болуын, ел қорғаны болуын, жанашырлығын ескеріп отыр.
Ал осы үшін «Қызғышты» таңдаса, халықтың ұғымында «Қызғыш»
304
305
туралы дәстүрлі түсінік бар. ол – қызғыш құстың ел түсінігіндегі осы
«қасиетін» ескеріп барып теңеуге алып отыр. Ал бұл – қызғыштай де-
ген теңеу сөздің ішкі мағынасы». Зерттеуші бұны негіз-үлгі деп атап,
бұның ХV ғасырдан бері қолданылып келе жатқан теңеу екенін айта-
ды, яғни «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, көл қорыған сен едің, сен де
айрылдың көліңнен» [65, 215-216]. Ал Т.Қоңыров бұрынғы теңеудегі
сөздердің мағыналық байланысының қазіргі теңеуде астасып жата-
тынын жазады: «Зіркілдеп минометтер ақырады, Бұлқынған бұрқ-
сарқ қайнап арыстандай (С. Мәу.). ...Мысалды толып жатқан эпитет-
терден «тазалап» алсақ, ол «минометтер арыстандай ақырады» де-
ген қарапайым қалыпқа енеді. осы бір «қарапайымданған» суреттен
теңеудің үш элементі ап-анық көрініп тұр. олар: миномет – предмет,
арыстан – образ, ақыру – белгі. Мұнда зіркілдеген минометтің атылып
тұрған кездегі қаһарлы тұлға-тұрпаты, гүрсілі – арыстанның сұсты
да қорқынышты ақыруына, бұрқ-сарқ қайнап ашуланып, бұлқынған
жұлқынысына теңелген. демек, бұл теңеуде, екі ұдай сурет бар: бірі –
минометтің зіркілдеген даусы, екіншісі – арыстанның ақырған даусы.
осы екі суреттің бір-біріне теңелуі нәтижесінде біздің құлағымызға ми-
номет гүрсілінің қаһарлы да қорқынышты даусы естілгендей болады»
[283, 13]. Қазаққа таныс емес затты, яғни минометті бұрыннан белгілі,
таныс денотат, яғни арыстан бейнесі арқылы ұғындырып, теңеу адам
санасына бірден денотаттық бейне әкеледі. Ал егер ұқсата түсіндіру
болмаса танымдық жағдай жүзеге аспас еді. Танымның өзгеріске
бейімділігі сияқты тілдегі концептілерде тұрақты түрде өмір сүріп келе
жатқанымен заман ағымына қарай оның да құрамына өзгерістер енеді.
Мағынадағы танымдық өзгерістен мағынаның тіркесімділігінің бір
жүйеге түсуін когнитивті семантика аясында қараған дұрыс.
Когнитивті семантика концептілерді лексикалық концептілер
тұрғысынан зерттейді. Лексикалық концептілер когнитивті
лингвистиканың қарастыратын концептілерінің кішкентай жүйеге
түскен түрі, яғни «тағдыр» концептісін сценарий, фрейм, ой-сурет,
схемаларға бөлсек, ондағы «тағдыр» сөзімен мағыналық байланысқа
түскен сөздер лексикалық концепт құрайды. Лексикалық концептілер
бұрын халқымыздың танымдық үлгісінде болмаған сөздерден, мәселен,
теңеулерден ерекше, өзгеше түрде көрінеді. Бұған мысалға
Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы
«соғыс» концептісін беретін теңеулерді алдық. Бұрынғы соғыстағы
теңеулер «мылтығын қардай боратып, атқанын қардай боратқан, оқ
жаңбырдай жауған күн, адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, көп әскер
маңыраған қойдай шулайды, жау бір өрттей қайнайды, қойдай қылып
айдау» т.т. түрінде келетін еді [283, 218]. Ал бұл теңеулерде бұрын
халқымызда болмаған техникалық соғыс танымын білдіретін сөздер
үйлесімділікке ұшырайды, яғни, д.Әлкебаева айтқандай, «теңеу –
бүгінгі бағзы заман өмірінің адам санасындағы ұқсату белгісінің
көркемдік қуаты» [284, 98]. Алайда, бұны көрмеген индивидтің
түсінігіне қиын сөздер мағыналарының құрылымы ерекше синтагмалық
байланысқа түсіп, үйлесімділікпен тіркеседі. Теңеулерде сөз
мағыналары бір семантикалық үйлесімділікке бағынған концептілік
көрінісі байқалғандай болады. Сондықтан бұнда лексикалық мағына
құрылымындағы семалар актуалданып жетекшілік қызметте
бірдейлеседі, осы екі арада екеуіне де жақын когнитивті семантика
ұғымы байқалады. Мұндағы басты ерекшелік концепт сияқты бір
ұғымға жинақталған сөздер емес, бір ұғымдық таным дәрежесін беру
үшін сөздер мағыналары үйлесімділік жүйе, категория құрайды. Мы-
салы: Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған само-
леттей күйге түстім [Ә.Нұрш.]. Мұндағы танымдық деңгей дәстүрлі
теңеулердей емес, өзгерген. Соғыстағы самолетке теңеген мағыналар
құрылымындағы семалар әрқилы өзгерістерге түсіп барып үйлесімділік
құраған. Мұндағы тілдік нормадағы үйлесімділік сәулесіне шаншылған
күйге түстім сөздерінде жатыр. Сәулеге шаншылған сөз – синтагмасын
мәнмәтінсіз түсінуге мүмкін болғанымен, сәулесіне шаншылған күйге
түстім теңеуінде кейбір семемалардың жетіспеуі теңеудің экспрессия-
сын жетімсіз қылып тұр. Ал мәнмәтінге үңілсеңіз «Соғысқа дейін бір
қыз бетіме тіке қараса, бәшірем кететін мен байғұс аудиториядағы
отыз қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай шыдап тұрғанымды
білмеймін... Сәулесіне шаншылған самолеттей күйге түстім» таным
деңгейлі, кезеңді түрде жүретін үрдіс болғандықтан, теңеудегі жаңа
сөз мағынасы түсініксіздік танытуы мүмкін. Бұндағы жаңа лексемалар
прожектор, самолет әсірелеу экспрессиясының орнында жұмсалып,
теңеу құрауға өздерінің узуалды мағынасында жұмсалып тұр.
Мұндағы изафеттік құрылым прожектордың сәулесі тіркесінде про-
жектор, сәуле гипонимдік жүйе бойынша семантикалық байланысқа
түседі. Концепттің негізінде адамның жеке өмірлік тәжірибесі тұрады,
яғни концепт ядросы – өмірлік тәжірибе, өмір сүру тәжірибесінен туған
танымның тілдері репрезентациясы. Бұл лексикалық мағынада
эмпирикалық макрокомпоненттің үлкен, ғаламды түрі. «Соғыс» сөзінің
мағынасы сондықтан әр адамда әртүрлі сезім, қабылдау, түсінік туды-
рады. Соғыстағы заттар мен құбылыстардың жаңаша типтерін
семантикалық үйлесімділікке салу, сосын барып тілде көрсету тілімізде
бұрын болмаған теңеулердің жаңаша типтерін құрайды. Бұрын
болмаған сөздердің өзара байланысы тек қана олардың мағыналарындағы
семалық конфигурацияның лексикалық синтагматикалық байланысқа
306
307
негізделуі арқылы жүзеге асады. Теңеулерде немесе басқа лексикалық
бірліктерде өзара байланыс, алдымен, денотаттық және сигнификаттық
жағдайлардан туындайтын денотаттық, сигнификаттық, коннотаттық,
факультативтік макробөліктердің қатынасуына байланысты болады.
Мысалы: Командамен бұрылған бір взвод солдаттай; менің білегім жау
танкісіне қарай көзделген зеңбірек стволындай серейіп, созылды да
қалды, жау танкісімен жекпе-жек айқасуға жауапты бұйрық берген ко-
мандир сөзін тыңдағандай; өйткені танктен шыққан снаряд лашындай
ұшқыр келеді; жертөле тұсаулы аттай бір секіріп қалды; ми айналып
жерге түсердей ыстықта ауыр жүк, қару-жарақ арқалап жорықта келе
жатқандай боп, қоңырау соғылғанда басы-көзін тер жауып, болдырған
зеңбірек атындай сенделектеп; мен аудиторияға емес, жаңа ғана жау
өртеп кеткен деревняға енгендей болдым; содан соң «алға» деген
бұйрық естілгеннен кейін окоптан қарғып шығып, мойныңды ішке
алып, мылтықты кездене ұстап, шабуыл дүрмегіне ілесе тайсақтай
ілгері жүгірген солдаттай болып т.т. осындағы теңеулердің
құрамындағы соғысқа байланысты лексика қазақ дәстүрлі теңеулеріне
араласқан немесе солардан бастау алғандай күйде қолданылады. Сөз
мағынасының құрылымындағы коннотаттық бөліктің экспрессемасы
актуалданып, сезімдік-бағалауыштық қасиеті жоғалады. Мысалы: сна-
ряд лашындай ұшқыр, жертөле тұсаулы аттай; қару-жарақ арқалап
жорықта келе жатқандай, жау өртеп кеткен деревняға енгендей т.т.
Мұнда, мәселен, лашынның «құс» заттық бөлігі мүлде байқалмай,
оның сигнификаттық макробөлігі «тез, ұшқыр» теңеу құрамына ауы-
сып, бейнелілік беріп тұр. Сондай-ақ, бейнелілік «жау өртеген деревня,
болдырған зеңбірек атындай сенделектеу, тайсақтай ілгері жүгірген
солдаттай т.б» теңеулерден орын алған. Лексикалық синтагматика
сөздердің бірін-бірі мағынасы бойынша қабылдауы, сосын барып
үйлесімділікпен тұрақталып қалуынан анық көрінеді. Егер мағыналық
үйлесімділік орнамаса, күрделі сөз тұтасымдары бір концептілік мәнде
тіркесіп келмес еді. Сонымен қатар, теңеулердің синтагматикасындағы
ұлттық менталдық ерекшелікті ескеруге тиіспіз, яғни «тұсаулы аттай,
лашындай ұшқыр, болдырған атындай» т.т. теңеулерде қазақ тіліндегі
ұлттық мәдени көріністерінің бекігені айқын аңғарылады. З.д.Попова,
И.А.Стернин: «Әр тілдегі сөздер аралығындағы байланыстар – жеке
өзіндік, тек осы тілге ғана тән болады», – деп жазады [285, 101]. Со-
нымен қатар, синтагматикалық қатынасты құраушы гнесиологиялық
бейне, яғни таным көрсеткіші. Гнесиологиялық бейненің негізінде ой-
лау мен эмоция жатады, сол себепті таным теңеулерден өзгермелі
қасиетінен көрінеді. Ұлттық менталдық (діл) ерекшелігінің танымнан
туған жаңа ерекше қырларының астарында жатқан сөздердің үйлесе
тіркесім құрауы. Бұндағы синтагматика синтаксистік синтагматика
емес, лексикалық синтагматика, яғни сәйкес келу, басқаша айтқанда,
бір сөздің мағыналық құрылымындағы ірі семалық бөліктің басқа се-
малармен өзектеніп байланысуы. Ал семаның өзектенуі мәнмәтінге
тәуелді деңгейде жүреді де, міне, осы жерден когнитивті лингвистика
мен когнитивті семантиканың байланысы көрінеді. Түсіндіру, ұғындыру
бір тілдік тұлғаның деңгейінде жүзеге асқандықтан, концептінің
құрамындағы теңеулер немесе басқа сөздер үйлесімділіктен көрініп
мағыналық құрылым құрайды. «Сезім» концептісіне жататын,
жоғарыда келтірген, «сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған са-
молеттей күйге түстім» теңеуіндегі танымдық үрдісті автор мән-мәтін
негізінде концептілік ой-суретпен түсіндіреді. «Соғысқа дейін бір қыз
бетіме тіке қараса, бәшірем кететін мен байғұс аудиторияда отыз
қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай шыдап тұрғанымды
білмеймін... Түнде майдан шебіне жау самолеті келіп қалғанда
прожекторлардың қараңғы аспанды қатарласа тілгілеп, жерден жарқ
етіп көтерілгендей найзағай сәулелерінің бірі алыста жүйткіп бара
жатқан ақ ноқатты шалатын. Самолет-ноқат прожектор сәулесінен тез
сытылып кету үшін жанталаса сасқалақтап, олай бір, бұлай бір
бұлтаратын. Бірақ қанша қашқанымен, қараңғы аспанның қабатына
кіріп, жасырынып қалуға мұршасын келтірмей, барлық
прожекторлардың сәулесі лезде тұс-тұстан шаншылып қадалып
қалатын. Сол кезде жерден атылған зенитка оқтары шөкім-шөкім ақ
бұлт болып, бұрқ-бұрқ етіп, жау самолетінің жанынан жарыла бастай-
тын... Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған само-
леттей күйге түстім» [Ә.Нұрш., 8] Авторды бұлай түсіндіруге
«мәжбүрлеп» отырған екі жағдай, бірінші таным деңгейі, екінші та-
ным деңгейіндегі үрдістердің кезеңді жүзеге асуы. Бұл концептің кіші
бөлшегі болып тұрған теңеудегі синтагмалық қатынастағы
семантикалық үйлесімділік мысалдардан көрінеді:
а) Самолет бұлтару – моделі; самолет қашу, сасқалақтау;
б) Сәуле қадау, шаншылу;
в) Прожектордың сәулесіне шаншылған самолет. «Самолет»
сөзіндегі денотат «ұшатын құрал, зат», теңеуде бұл мағыналық
көрсеткіш басты емес. олай болса «ұшқысы келетін», яғни көтеріңкі
көңіл-күй көрінер еді. Мұндағы басты «қашу, сасу, бұлтару»
етістіктерінің мағыналары жетекшілікке ие болып тұр. Сонымен,
қорыта келгенде, концепт когнитивті лингвистика үлесінде, яғни оның
өрістік моделі өте кең. Концептінің ядросы сезімдік-танымдық бейне
болады да, ол адамның жеке тәжірибесі негізінде қалыптасады. Ал
308
309
ядро айналасында деректі, дерексіз әртүрлі белгілердің қабаттары бо-
лады. Бұл қабаттардың саны мен сапасы тілдік тұлға тіліндегі дәстүрлі,
ұлттық мәдени аспектілерге байланысты болады.
Өрістің шетінде соған жақын әртүрлі белгілерге сүйенген сөздер
мен сөз құрылымдары орналасады. Өріс фрейм, бейне т.б. концептуал-
ды белгілердің құрылымдық сипаты бойынша түзілген. Ал когнитивті
семантикадағы мағына құрылымы сөздермен байланыста келген сипат
тұрғысынан талданады. Адамның өз санасына жинақтаған жеке өмірлік
тәжірибесі (эмпирикалық макрокомпонент) мәнмәтін (функционалды-
стилистикалық макрокомпонент) бөліктері лексикалық мағынада
өзектеніп, жүйелік байланысқа түседі, сондықтан когнитивті семанти-
када жеке сөздің лексикалық мағынасы емес, бір-бірімен байланысқан,
мағыналық қатынасқа түскен мән-мәтіндік деңгейдегі синтагмалық,
парадигмалық мағыналар ерекшелігі қарастырылады. Теңеудегі
когнитивтілік мән синтагмалық байланысты құрайтын семантикалық
үйлесімділіктен байқалады. Когнитивті лингвистикада концептуал-
ды белгілер кеңінен сөз болса, когнитивті семантикада танымдық
мағынаның үйлесімділігі, семемалардың семаларының бір-бірімен
мән-мәтін деңгейінде ұштаса байланысуы зерттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |