Дінтану негіздері


Түркі халықтарының исламға дейінгі діни наным-сенімдері



Pdf көрінісі
бет6/51
Дата27.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#129883
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51
Байланысты:
Діндер тарихы Борбасова

Түркі халықтарының исламға дейінгі діни наным-сенімдері

Тәңіршілдік.
Табынудың басты объектісі – Тәңір. Тәңірі (көне түркі тілінде – мықты, ер, 
құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, 
шексіздік күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.
Барлық діни жүйелер тәрізді Тәңірлік дін де табиғат күштерін 
құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр 
алады. Алайда, Тәңірге табыну діни түсінік эволюциясындағы табиғат 
діндерінен кейінгі жоғары саты болды. Барлық халықтар рухани дамуында, 
діни көзқарастар эволюциясын бастан өткізді.
Қалыптасуының бастапқы сатысында Тәңір про-тоқазақтардың құдайлар 
пантеонындағы жоғарғысы деп танылады. Қазақтардың ежелгі ілкі тектері де 
табиғат объектілері мен құбылыстарын құдайландырып оларға табынады. Бұл 
табынудың негізінде сыры беймәлім дүние алдындағы үрей мен оның 
сұлулығына, үйлесімділігіне таңдану сезімі жатты. Өмірі табиғат аясында өткен 
көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі оған тікелей тәуелді болды, өзін қоршаған 
дүние құбылыстарының тылсым сырларын түсінбеген адам олардың себебін 
басқа құбылыстар мен заттардан, күштерден іздейді. Ол құбылыс пен мәнді, 
себеп пен салдары толық ажырата алмағандықтан, алғашқыны соңғыға әкеп 
саяды. Соның нәтижесінде табиғат рухтандырылып, адамда діндарлық сезім 
мен сенім қалыптаса бастайды. Тәңірлік діннің бір тамыры осында, яғни 
табиғат дінінде жатыр. Тәңірлік діннің өзіне тән ерекшелігі, ол өзіне дейінгі 
діни наным-сенімдерді теріске шығармайды, қайта оларды бір жүйеге келтіріп 
синтездеуші рөл атқарады. Түркілер дүние суреттемесінде ғарыш жоғарғы, 
ортаңғы және төменгі деп аталатын үш бөліктен тұрады. Осы үш әлемдегінің 
бәрі Тәңірге тәуелді. Түркілер сеніміндегі Тәңірдің ерекшелігі ол белгілі бір 
жан-жануармен немесе затпен теңестірілмейді. Түркілер Көк Тәңір дегенде оны 


15 
материалдық кейіптегі аспанмен салыстырмайды. Көк тылсым құпияның, 
Жаратушылық бастаудың эпитеті болып табылады.
Тәңірмен қатар Жер-Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі. Жер-
су тіршіліктің тірегі. Жер-Су мен Тәңір бір-бірін толықтырып тұратын 
бастаулар. Адамның тәні Жерден жаралғанымен Рухы Тәңірден. Рухтың 
түркілік атауы Құт. Адам туғанда Тәңір оның денесіне құт дарытады. Жаңа 
туған нәресте денесіндегі Құттың сақтаушысы, қамқоры – Ұмай. Аталған үш 
құдай түркілердің пантеонында маңызды болып саналады. Тоныкөк құрметіне 
орнатылған ескерткіште: «Көк, Ұмай құдай, қасиетті Жер-Су, міне, бізге жеңіс 
сыйлаған осылар деп ойлау керек», - делінеді. Бірақ құдайылық құдірет 
тұрғысынан алғанда Жер-Су мен Ұмай Тәңірмен тең емес. Олар ортаңғы әлем 
құдайлары болып табылады. Адамның өмірі мен тағдыры тек Тәңірге ғана 
тәуелді, сондықтан түркі халықтары Тәңірден жарылқауды, Жер-Су мен 
Ұмайдан қолдауды сұрайды. Жарылқау адам тағдырын жақсы бағытта 
өзгертуді білдіреді, яғни тағдыр мен жазмыш тек Тәңірдің қолында. Тәңір өз 
әрекетінде ештеңеге тәуелді емес, бірақ оның үкімі әділетті. Тәңір әділ жолдан 
тайғанды, ант бұзғанды жазалайды. Мұндай адамдардың жаны төменгі әлемге 
барады. Төменгі әлемде Ерлік билік етеді. Тәңір әркімге сай сол белгіленген 
жазаны жүзеге асырады. Төменгі әлемде жазаланған адамдардың көз жасын 
қанша жұтса да толыспайтын Тоймадым өзені ағып жатады. Ерліктің өзі өте 
қорқынышты, сұсты кейіпте бейнеленеді. Түркі халықтарында күнә мен тозақ 
ұғымдары болмағанымен, әр адамның өз ісіне қарай Тәңірінің құтына ие 
болатындығы немесе қаһарына ұшырайтындығына сенген.
Тәңірге табынған түркілер дүниені кезіп жүретін зұлым күштер жеке адам 
мен отбасына, тұтас қауымға кесірін келтіреді, берекесін кетіреді деген сенімде 
болды. Сондықтан олар Жаратушы Тәңірден қолдау сұрап, оған арнап 
құрбандық шалып тұрды, сонымен қатар, тіл мен көзден сақтау мақсатында әр 
түрлі діни ғұрыптар мен ырымдар жасады. Құрбандық тек қиыншылық туғанда 
ғана емес, қуанышты күндері де, алыс сапардан немесе жорықтардан аман-есен 
оралғанда жасалды. Құрбандыққа қой, жылқы, түйе арналды. Түйе маңызды, ел 
тағдыры үшін шешуші сәттерде құрбандыққа шалынады. «Ақ түйенің қарны 
жарылды» деген мәтел содан қалған. Хан сайлаған кезде, үлкен жорықтардан 
оралған кезде осындай құрбандықтар шалынған және мұндайда құрбандық 
малдың түр-түсіне ерекше назар аударған. Оның түсі міндеті түрде ақ болуы 
шарт. Ақ пен көк түркі халықтарында жоғарғы, рухани әлемнің рәмізі болып 
табылады. Алайда, құрбандық түркілер дүниетанымындағы үш әлемнің бірлігін 
қамтамасыз етеді. Сондықтан құрбандық үш бөлікке бөлінеді. Құрбандықтың 
сирақтары мен дене сүйектері мұқият тазаланып адам аяғы баспайды-ау деген 
жерге көміледі. Бұл – төменгі әлемнің сыбағасы. Еті пісіріліп, жиналған 
халыққа таратылады. Бұл – ортаңғы әлемнің сыбағасы. Ал бас сүйегі ағаш 
басына ілінеді. Бұл жоғарғы әлемнің сыбағасы.
Құрбандық шалудың ерекше түрі – тасаттық беру. Бұл жұт жылдары, қар 
мен жаңбыр аз жауып, жер мен шөптің ырысы кетіп, мал жұтағанда жасалады. 


16 
Ауыл адамдары өзен-көл, тоған басына барып Тәңірден жақсылық тілеп бата 
жасап бір малды құрбандыққа шалады.
Кейде адам ауыр науқастанған жағдайда тезірек жазылып кетсін деген 
ниетпен де құрбандық шалынады. Мұндай құрбандықтың түсі қара болуы тиіс. 
Сырқат көз-тіл тиюден болды деп санаған кезде, көш-көш ғұрпы жасалады. Бұл 
ғұрыпты бақсы-балгер адам атқарады. Мағынасы сырқатты адамнан 
құрбандыққа көшіру болып табылады. Құрбандық еті осы ғұрыпты орындаған 
адамға тартылады.
Сонымен қатар, науқас адамды дұға оқып үшкіру, аластау сияқты емдік 
әрекеттер жасалады. Егер үшкіру тек науқасқа қатысты ғана жасалатын болса, 
аластау жаңа қонысқа орналасқанда, мемлекеттік дәрежеде елшілер 
қабылдағанда және т.б. жағдайларда орындалды.
Құрбандық шалуға ескі әдет-ғұрыптарды және құрбандық дұғаларын 
жақсы білетін адам басшылық жасайды. Егер құрбандық мемлекеттік деңгейде 
ұйымдастырылса 
ол 
көпшілік 
бұқараның 
жұмылдырылуымен, 
салтанаттылықпен, ал қауым мен от басы өзінің шама-шарқына қарай 
өткізіледі. 
Әлемдік діндермен салыстырғанда тәңіршілдікте сән-салтанатты, әсем-
зәулім ғибадатханалар салуға деген қажеттілік болған жоқ. Тәңір түркілерден 
күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды талап етпеді. Сонымен қатар, 
тәңіршілдікте канондалған мәтіндер де болмады. Бірақ таң сәріде ұйқыдан 
тұрған түркілер Тәңірді еске алып, одан қолдап-қорғауын, ісін оңдауын тілеп 
отырды. Түркі Тәңірі адамнан әрекетшілдікті, белсенділікті талап етеді. Әрбір 
түркі ері отбасына, ел-жұрты мен мемлекетіне қызмет етуі керек, тек сол 
арқылы ғана ол Тәңірі мен халқы алдындағы парызын өтей алады. Бұл жерде 
парыз тек моральдық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық ұғым болып 
табылады. Парыз ұғымы көне түркілердің елдігі мен мемлекеттілігінің іргетасы 
іспетті. Парыз – Тәңір мен түркі адамын байланыстырып тұрған нәзік тылсым 
ғана емес, парыз дүниені үйлестіру мен жетілдірудің пәрменді құралы. 
Оғділміш – осыны жете түсінген тұлға бейнесі. Өмірге деген мұндай әрекетшіл 
қатынас ғасырлар бойы Еуразия даласын мекендеген халықтардың санасына 
сіңіріліп келді. 
Түркілер Тәңірдің «мәнін» бастапқыда Көк аспан деп қабылдап, ғарыш 
ретінде түсінсе, Тәңірі туралы көзқарастардың, түсініктердің дамуы барысында 
оны жоғарғы құдай – жаратушы ретінде қабылдайды. Бұл заңды процесс, 
өйткені түркі халқы басқа халықтардан оқшау дамымаған, әр түрлі мәдени 
алыс-берістер барысында олардың да діни санасы өрістеп, кемелденіп оты-
рады. Бірақ түркі қағанатының дағдарысқа ұшырауы мен түркілік ықпалдың 
әлсіреуі діни өмірге де әсер етеді. Осыған орай, қаған билігінің идеологиялық 
тірегі болған тивиндердің қоғамдағы беделі мен ықпалының әлсіреп, халық 
арасында қамдардың беделінің артуына байланыс-ты тәңіршілдік күнделікті 
халық тұрмысында қамдар діні ретінде сақталып қалады. Осыған орай 
тәңіршілдіктің кейінгі дамуын шамандық дінінен бөліп қарастыру мүмкін емес.


17 
Шаманизм ұғымы ғылыми әдебиетке XVIII ғасырда енгенмен, ол туралы 
айқын түсінік әлі қалыптасқан жоқ. «Шаманизм» термині әр түрлі мағынада 
қолданылады. Кейбір зерттеушілер шаманизм дін емес, себебі онда құдай 
туралы түсінік жоқ десе, басқалары оны діннің универсалды формасы деп 
санайды. Бұл құбылысты ғылыми бағалауда да қарама-қарсы көзқарас бар. 
Шамандық қасиеттің психикалық науқаспен байланысына басты назар аударған 
зерттеушілер оны ессіздікке табыну (культ безумия) деп қарастырса, 
ғалымдардың басқа бір тобы қазіргі психоанализдің түп бастауы деп бағалайды. 
Көптеген ғалымдар шаманизм өте көне замандарда, таптық қоғамға дейінгі 
қауымдастықта пайда болған деген пікірді қостайды. С.А. Токарев: «шаманизм 
- айырықша дін формасы, оның мәні - өзін шабытқа келтіру арқылы рухтармен 
қарым-қатынасқа түсетін қабілеті бар адамдардың қоғамда ерекшеленуі», - 
дейді. «Шаманизм» белгілі бір дүниетанымдық түсініктер жиынтығын, 
нанымдық жүйені ұғынсақ, «шамандық» деп бақсы мен оның ойына қатысты 
атрибуттарды айтамыз. Қазақ халқының шамандық дінін жүйелі түрде, оны 
қалыптастырған мәдени жүйемен бірлікте, тұтастықта зерттеген ғалымдар Д. 
Банзаров пен Ш. Уәлиханов болды. «Шамандық дегеніміз, - дейді Шоқан, – 
әлемді, дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлгендердің рухын 
қастерлеу, әруағын ардақтау. ...Шамандық сенім табиғатқа бас иеді». 
Қоғамдағы шаман рөлін де қазақ ғалымы басқа тұрғыдан бағалайды. 
«Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары ретінде 
саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан 
мәртебесі жоғары: ол ақын да, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам 
болған». 
К.Ш. Шүлембаев шаманизмді революцияға дейінгі Қазақстанда кең 
тараған діни наным-сенімдердің айрықша формасы деп санайды. Шамандықты 
зерттеген қазақ ғалымдарының келесі бір тобы оны адамның виртуалдық, 
тылсымдық дүниесіне әсер етудің ерекше дәстүрі деп санайды. М.С. 
Орынбековтің пікірінше, бақсы адам мен әлем арасындағы ажыраған 
байланысты қалпына келтіреді. Мистикалық желігу, зікір салу практикасы 
арқылы адам мен әлемді біріктіріп, сананың тұтасуына ықпал етеді.
Бақсының зікір салуы адамның тылсымдық дүниесін оятуға бағытталған. 
Бұл - ішкі шексіз болмыс пен рухани бірігудің тәсілін іздеу. Бұл тәсілді 
бақсының ойыны деп те қарастыруға болады. Бақсы ойыны кезінде дүниені 
жаратушы рөлін атқарады, ол айналады, ғарыштық тұлғалық деңгейде 
қайталайды, мистикалық тұтастану арқылы жақсылық пен жамандықты 
айырады, зиянды қасиеттерді көшіреді, аластайды, қамап қояды». 
Шамандық қасиет адамға рухтың қалауымен қонады, бақсы зікір 
салардың алдында рухтарын көмекке шақырады. Көңіл аударатын тағы бір 
нәрсе, шамандық тұқым қуалаушылық, тегіне тартушылық арқылы 
мұраланады. Барлық шамандар өз әулетінде, ата-бабаларының бірінде 
осындай қасиет болғандығын айтады. Осыны ескере отырып, біз 
шамандықтың генотиптік сипаттағы діни жүйе деп санаймыз және оның 
төмендегідей ерекшелігін атап өтейік: 


18 
1. Шаманизмде өлі табиғат ұғымы жоқ, табиғат жанданған, барлық 
құбылыстың, жер мен судың киелі иесі бар. 
2. Адам мен әлем тұтас. Оларды бөліп тұрған құз-жартас жоқ. «Адам – 
табиғат патшасы» - дейтін еуропалық ұран шамандыққа жат. Адам қанша 
құдіретті болса да табиғаттан жоғары емес, ол тіршіліктің ерекше бітімі. 
3. Дүниедегінің барлығы бір-бірімен тығыз байланыс-та. Бұл байланыс 
шаман-медиум арқылы іске асады. 
4. Ғарышты мекендейтін рухтар адамның күнделікті тұрмысына жақын 
араласып отырады, қолдайды немесе жазалайды. 
5. Рух ниетін, әмірін адамдарға жеткізуші тұлға – шаман, бақсы.
6. Шамандық қасиет тұқым қуалау, тегіне тарту, рухтың қонуы арқылы 
дариды. 
7. Шаманизм рулық қоғамның діни идеологиясы ретінде қалыптасады, 
шаман бір әулеттің немесе рудың абызы қызметін атқарады. Ол діни әдет-
ғұрыптарды өткізеді, әулеттің немесе рудың болашағын болжайды, сол арқылы 
шаруашылық әрекетін, тұрмыс-тіршілігін айқындайды. 
Шаманның рухтардың тандаулысы болуы және сәуегейлік, яғни 
болашақты болжау қасиеті әлемдік діндердегі пайғамбар идеясының 
қалыптасуында маңызды рөл атқарған деп топшылауға болады, сол сияқты 
жаратушыны таза рух ретінде түсінуде де шамандық әсерін жоққа шығаруға 
болмайды. Жалпы жаратушы – құдай идеясының түп-тамыры табиғатқа 
табыну, оны құдіреттендірумен әруаққа, рухқа табыну десек артық айтпаған 
болар едік. Тәңірлік сенім мен шамандық дін ұзақ уақыт қатар да дами отырып, 
ажырамас синкретті сипатқа ие болады. Тәңір шамандық дінде бүкіл болмысты 
жаратушы құдайға айналады. Тәңірдің әмірі мен бұйрығын орындайтын рухтар 
оның көмекшілеріне айналады. Шаман осы рухтармен байланысқа түседі, 
рухтардан қолдауын, қорғауын сұрайды. Алайда, біздің пайымдауымызша, 
Тәңірілік сенім эволюциясының соңғы кезеңдері христианшылдық пен 
исламның пайда болып, таралуымен кезбе-кез келеді. Белгілі бір дәрежеде 
түркілер арасында діндер «полиферациясы» орын алады. Түркілер арасында 
сақталған діни төзімділік осы діндердің ішінде өмір мен дүниетанымға, 
қоғамның прогрессивті дамуына анағұрлым бейімінің тұрақтанып қалуына 
мүмкіндік береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   51




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет