Мамырбай ақсақал таңертең тысқа шыққанда, сеңсең ішігін күміс кісемен шарт буынған Әбен бай екі қолын артына ұстап, үш жігітімен қара атты айналдырып жатыр екен; сыңар тағасы түсіп қалып, соған жаңа таға қаққызбақшы екен. Мамырбай ақсақал байға сәлем беріп, қасына таман келіп тұрды; байға сөз қатқалы: — Тағасы түскен бе?— деді. Бай «Не көріп тұрсың» дегендей, аттың аяғынан көзін айырмай: — Е! — деді. Бір жігіт аттың құлағы мен шаужайынан ұстап, енді бірі бүкпелеген аяғын сүйеп, үшінші мініскер жігіт шегенің тұқылын суырып жатыр екен. Мініскер бір шегені балғамен шегіндіргелі жатқанда, бай, тұрып: — Оған болмайды. Кемпірауызбен суыр, — деді. «Дуалы ауыз» ғой, кемпірауызбен оп-оңай суырылды. — Үлкен үйде, ышқаптың астыңғы тартпасында, кішкене ақ жәшікте тағаның шегесі бар; бәйбішеге айтып, содан алты шеге әкел!— деп, бір жігітті жұмсады. Көз ілескен жоқ, жігіт барды да алып келді. Жаңа шегені қаға бастағанда, ат шапшып, айнала берді. Бай бар ынтасын салып, еңкейіп, сығалап: — Шынтағын соқтырма!.. Турасына кетпесін: шалқайта қақ!— деп, жігіттеріне қадағалады. Байға кім сөз қайырсын, бірі аттың қолтығын, бірі мойнын сипап: «Құр, жануарым, құр!» деп, атқа еңсесін салысты. Қаққан сайын, ат шапшып, секіріп тұрмады. «Байқа, байқаны» бай да көбейтті. Сүйтіп жүргенде, бүкпелі аяғы босанып кетті: — Неге босатасың дурак! — деп, бай аяғын ұстағанға ұрысты. Жігіт таңдайын қағып, аяққа жармасып жатып: — Шылбыр үзіліп кетті,— деді.
— Андағың қай шылбыр? Бері көрсетші! Жігіт көрсетті. Бай шылбырды көріп? — Кімдікі бұ жаман шылбыр? Біздің шылбыр емес қой!— деп ақырды. Ат басын ұстаған жігіт бұл аттың шылбыры кеше құрыққа тағылғанын, мына шылбыр қойшынікі екенін айтты. Бай: — Құрықтың өз бауы қайда? Құрықтан о шылбыр неге алынбаған? Өз жүгеніне неге тағылмаған?— деп сұрады. Жігіт құрықтың бауы үзіліп қалғанын, құрық жылқышыда кеткенін білдірді. Бай кейіді: — Шылбырды құрыққа таққан кім?— деп сұрады. Жігіт таққан кісінің атын атағанда, бай: — Иттің баласы!— деді. Бай «иттің баласы» деген кісіге бапты болмайтынын жігіттер де біліп, тым-тырыс болды. Үйткені ол зорын тапқанда байдың аузынан шығатын сөз ғой. Бай ашулана бастаған кезде, тұруды қолайсыз көріп, Мамекең үйге жөнелді. Бір дуан елді аузына қаратқан атақты байдың шылбырға бола ренжігені Мамекеңе уақ мінез секілді көрінді. Шегенің қай жерде тұрғанына шейін білгеніне: «Неткен ұмытпайтын шаруақор адам!» деп таң қалды. Бірақ Матайдың Әбеніне мін тағуға болмайды. Ол біліп істейді: оның ірі мінездері толып жатыр. Әбен өзінен жоғарғыға шәкірт, өз теңдесіне кекірт, өзінен төменге ұстаз бола біледі. Берем десе де, алам десе де, қылам десе де қолынан келеді. Бай білмейтін ақыл жоқ: ол ішті кісі. Орыстың, қазақтың ұлығы байды аттап өтіп көрген емес. Бай ұлықты күтсе есінен тандырады. Бірақ бай еш уақытта: мынаны былай қып беріңіз,— деп айтқан емес; тек сый-құрметін басынан асыра береді. Уақ-түйекті айтса, байдың нөкерлері айтады; олар да