жатқан бәйбішенің үстінен шыққан екен. Ақбілек үшті-күйлі жоқ. Алып кетті ғой. Мамырбай өгіздей өкірді, сылқ етіп отыра кетті. Ауыл қойдай маңырап қозыдай шулап жатқанда дүрсілдеткен атты кісінің тықырын шеттегілердің құлағы шалып қалды. – Атты, атты! – дегенде, су жүрек болып қалған жұрт, ішін тартқан дауылдай, кенет басыла қалды да, сонша болмады
қайтадан дәуірлей, бажылдай, күңіреніп кетті. Ол келген қазақ екен. – Немене? – Бәйбішені атып кетті, Ақбілекті алып кетті. – Ойбай, Бекболатты да атып кетті. – Күйеуді ме? – Е! – О қайдан жолығып?.. – Мына жақтан құс салып келе жатқанымыз емес пе? Ойбайлаған әйелдің даусы шыққан соң, қуа жөнелгенімізде... – Өлі ме? Тірі ме? – Әзір тірі. Кім білсін... Бекболатты жақын ауылға апарып жарасын таңып, жолдастары жан-жаққа шапқан екен. Сол шапқыншының бірі осы екен. Ажал шіркін адамның алдынан айғайлап келген бе? Аңсызда артыңнан бұғып келіп, алып ұрғанын бір-ақ білесің. Ажал бір ұры ғой; «Ажалға не дауа?» – десіп, ертеңінде маңайдағы ел жиылып, бәйбішені көмісті. «Сабыр етіңіз, бұ да бір уақыт шығар...» десіп, Мамырбайға тоқтау, көңіл айтысқан болды. «Қаза, шығын... қайырын тілеңіз!» дегені болмаса, Ақбілекті ауызға алуға бір адамның тілі бармады. Өйткені ол жара атын атауға адамның аузы жиренетін жара еді, ол жалғыз Мамырбайға емес, бәріне де намыс, қорлық, масқаралық еді. Жаназаға жиылған жұрт о жер, бұ жерде топтанысып отырғанда, бұл оқиға жайынан неше түрлі бал ашып, аңыз қылысты. Біреулері: — тегі ақсақалға азуын басқан біреу басып берді ғой. Әйтпесе, қиядағы ауылға келетін реті жоқ қой...— десіп, өз басынан ақыл шықпайтын қошаметшілер: — Рас айтасыз, әйел іздесе, Қарашат маңында ел бар емес пе? Бәрін қылатын қазақтың өзі ғой. Кімнің несі барын орыс қайдан білуші еді, — деп жүптесті. Өздерінің берекесіздігіне, намыссыздығына, бірін-бірі аямайтындығына көздері жеткендей болып, біраз ежелесіп, басылған кезде:
— Бұл іс кімнен келді? Кімнің қолынан келер екен?— десіп, ойға жүгірісті. — Ақсақалға ондай өшті-қасты кім бар екен?.. — Шөп тақырыпты дау-шары үзілмеуші еді. Жаманбайлар болмаса. — Қой, оларда орысқа шаба қоятын кім бар? Және ол қашанғы дау, бөтен біреу шығар. — Бір келсе, бұ жұмыс, Құрбан қажылардан келеді: партия болған соң, аяй ма? — деп, мына жақтан бір құла ауыз қоя берді. — Сен қайдағы жоқты айтады екенсің. Елдің партия болып жүргені бұ күн бе? Бұл өзі елдің салымында жоқ нәрсе ғой. Біреудің ашылмаған қауынын, жарылмаған жұмыртқасын... мұсылманның баласын кәпірдің нетуіне қиса, Құрбан қажы да оңбас. Өзі де бала ұстап отырған адам. Құдай жүзін көре ме,— деп, ақ сақалды, қасқыр көз кісі тежеп тастады. — Мен білсем бұл жұмыс Әбеннен келді, – деп күптей болған көк тұмсық, тарғыл бет адам cap шақшасын сермеп, бір қозғалып қойды. — Ана жылғы қасқа атын орысқа әпергеннен бері оның ішіне қан қатулы болатын. «Әй, бір қылсам ба!» – деп соның