Қапидың дауысы шіңкілдей қатты шықты, - азық тақа таусылды. Не қолымызда қару да жоқ.
Мылтық болса аң атып жесек те өлмейміз ғой.
- Сіздерге қиын болған екен, - көк көз жігіт Қапи шалға қарап сөйледі - мен ауылдың
малшысымын, ондағы әскерлерді танимын. Сіздер мына алдағы белден аспай, әнеу қара шоқының
батыс жағына қапталдасаңдар бір терең жылға бар, сонда жата тұрыңдар. Мен сіздерге елден азық
жинап жеткізіп берейін.
Қапи шал қуанғанынан орнынан ұшып тұрды :
- Әй, қарағым-ай, жақсылығың бізден қайтпаса құдайдан қайтар, - деп көк көз жігіттің
білегінен ұстады.
- Бұл ел де ашығып әрең отыр, десе де ел ғой, бірдеңе табылар, - деп көк көз атына мініп
жүруге оңтайланды.
- Сонда, қарағым, қашанға дейін орала аласың? - деді Қапи.
- Алла жөнін келтірсе, ертең таңертең сіздерді табамын. Әутеу биік шоқыға шығып албаты бой
көрсетпеңіздер, - деп көк көз атына қамшы басып тақыр дөңнен аса жөнелді.
- Жә, Бекбай, - деді Қапи шал, - әлгі жігітті бізге құдай кез қылған екен. Соның көрсеткен
жылғасына барып су-суан ішіп дем алайық.
- «Өлмегенге өлі балық жолығады» деп шешем марқұм айтушы еді, - деді Бекбай қуанышын
жасырмай, - тым болмағанда өлген малдың жемтігі де кезікпей келе жатқанда мынау көрім болды
ғой.
Төрт жүргінші оңтүстікке қарай быдырмақ қара адырды бөктерлеп жадағай үш қобыдан өткен
соң, аузы батысқа қараған кішкене тар жылғаға жетіп келді. Теріскейінде азырақ қар қалыпты.
Күнгейінде кісі бойындай аласа қара жартас бар екен. Олар жартастың түбіндегі тегіс жерге жетіп
келіп мойындарындағы қоржындарын жерге қойып, үш тас әкеліп, от жағып қар ерітуге кірісті. Әлгі
көк көз жігіт азық әкелемін дегенге қуанып кетті ме, жоқ бүгін ұзақ жүрмей бойдарын алдырмады
ма, екі бала тың еді. Бекбай от жаққанша екеуі екі жақтан жүгіріп сарбалақтың томарын жиыстыра
бастады.
От жаққан соң, адамдардың алақаны жылынып, от басына жағымды көңілділік орнай
бастады. Қар ерітіп, су қайнатып, қалталарындағы азын –аулақты дәмдерін қаужанып, таңды атыру
үшін ұзын сонар кеңеске түсті.
- Қапеке, осы барған сайын жер бетінде қар қалмауға айналып бара жатыр. Алда жоқ болып
қалса қайтер екеміз? - Бекбай көңіліндегі күдікті ақтарды.
- Ертең-ақ қары жоқ тақыр далаға өтіп кетеміз. Суы бар жерлерді қуып жүреміз ғой, - Қапи
шал сәл қабағын түйіп ойланды, - кейбір сулардың арасы біз сияқты жаяуларға алыс. Ыдыстарға су
құйып алып жүрерміз. Мынау далалан болмаса елден қалған жаман-жұтық түйеде кезікпей қойды.
- Елдің қорасындағы малды ұрлап тоқтатпай жатқанда, далада қайдан түйе жүрсін?! - деді
Бекбай күліп.
- Нағашыңнан жаяу келесің бе? - деп Қапи Бекбайдың жүзіне қадала қарады.
- Оны айтпаңыз, - Бекбай өзіне өзі кейіп сөйледі: - Астымда зулап тұрған семіз атым бар еді,
Бұлғынның аузындағы ел сойып тастауға аз қалды. Ашығып әрең отыр екен, өтірік айтып қашып
кетіп, адыр арасына жатып едім, көзім ілініп кеткенде қасқыр жарып кетті. Бәрі де өзімнің
осалдығымнан болды.
- Па, недеген оқыс болған, шылбырын тақымыңа басып жатпаймысың, - Қапи дәл өз атын
қасқыр жарып кеткендей кейіді, - бұл да болса бұрын сыртта жүрмегендігің ғой, егер ол атың бар
болса Боғдаға үш қонып жетіп алатын едің. Енді өкінгенмен бәрі бір орны толмайды.
4
Қапи мен Бекбай әңгімелесіп түн ортасы ауғанша от жағып отырды. Азықтары тақа таусылуға
айналды. Екеуі де кешегі жігіттен үміттенулі әрі күмәнданулы еді.
- Бекбай, сен азырақ көз іліп ал, мен отырайын, - деп Қапи орнынан тұрды. Осылайша Қапи
мен Бекбай кезек-кезек ұйықтап, кезек-кезек от жағып қалған таңды әрең атырды.
Бекбай таң әбден ағарып атқанда басын көтерді, Қапи шал жылғаның аузынан өрлеп
сарбалақтың томарын сүйретіп келеді екен. Мұхамет пен Мұстапа төбелерін бір-біріне тигізіп,
ішіктерінің жеңін құшынған беті пырылдап ұйқыда жатыр. Бекбай сіресіп қалған аяқ-қолын созып
орнында едәуір отырды. Жамбасынан онша сыз өтпепті. Екі сәбиге жаны ашыды. «Жетім байқұстар
аштық пен суыққа әбден үйреніп кетті ғой» деп ойлады. Кеше кеште байқамапты, аласа жартастың
түбі бұрын мал түнеген көне көңірік екен. Жамбасынан сыз өтпегенінің сырын енді білді. Түп-түп
қара жусанның түбінде қойдың әппақ болып қуарған құмалағы үйіліп жатыр. Бүгін де күн шайдай
ашық екен. Бекбай беттегі сүрі қардан қар әкеліп ыдыстарды отқа қойғанда, сарбалақтың томарын
көтеріп Қапи шал да жетті.Ол құшағындағы томарларды жерге тастап, кішілеу екеуін отқа салды.
- Бұл маң ел қыстаған жер емес екен, - Қапи оттың шетіндегі шала жанған шалаларды
сырыстырып сөйледі, - күзде ғана біраз уақыт мал жайылған сияқты. Ел қыстаған жер болса, сүйек-
саяқ бірдеңе болса да табылушы еді.
Бекбай Қапидың отын үшін емес, кеңірдекке талшық қыларлық бір нәрсе іздеп қаңғып
келгенін енді білді.
- Мен кешегі жігіттен бірдеңе дәметіп тұрғам жоқ, - деді Бекбай, қары ери бастаған кішкене
шәугімді шоққа қарай итеріп жатып, - көзінің қарасы ойнақшып тоқтамайтын адам екен, одан
жақсылық күтуге болмас.
- Ой, өзің қиынсың ғой, мен де ішімді тартып қалып едім. Бірақ саған айтпаған едім.
Екеуміздің ойымыз бір жерден шықты, - Қапи Бекбайға қадала қарады, - сен жас баласың ғой,
көзінің қарашығына дейін сәп-салғаныңды қарашы, жарайсың.
- Мен, - деп Бекбай әлі ұйқыда жатқан екі балаға қарап қойды, - жыбырлап ақырын сөйлеген
жылбысқа адамнан қорқамын. Одан қалса басын көтермей дұғдиып үндемей жүретін адамнан
қорқамын. Өйткені ол адамның сырын оңай білмейсің, ол баяғы үндемей келіп қабатын ит сияқты,
байқатпай бір-ақ күнде ала түседі.
- Ой, Бекбай-ау, өзің білінбей отырып тәп-тәуір сыншысың ғой, - Қапи қарқылдап күлді, - жә,
сыншы болсаң, маған бір баға айтшы.
- Ойбай-ау, Қапи аға, мен сыншы емеспін, әншейін көңіліме бүккен нәрсені зерігіп отырған
соң айта салғаным ғой, - деді Бекбай сасқалақтап.
- Қандай кейіптегі адамның харектірінің қандай болатынын айтып отырған кісі неге сыншы
болмасын.
- Ақыры сіз сыншыға айналдырып алдыңыз ғой, артық-кем болса ренжімеңіз, - деп Бекбай
Қапидың жүзіне жаңа көрген адамдай қадала қарады. Қапи Бекбайдың көзінің өңменінен өтіп бара
жатқанын сезді. «Мынау бақсы болмасын» деп ойлады. Сөйтті де Бекбайға қадала қарады.
Бекбайдың ақырын ғана көзінің оң жақ қырымен қарағаны бір түрлі қорқынышты, сұрлы екен. «Рас,
бақсы, бақсы» деп аузын жыбырлатып, оттағы сексеуілдерді қағыстырды.
- Сіздің мінезіңізді айтсам ренжімейсіз бе? - деді Бекбай.
- Не десең де ренжімеймін, - Қапи орнынан күлімсірей түрегелді, - адам деген өте сырлы
нәрсе ғой. Сондықтан біздің қазақ : «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» дейді емес пе,
бетіме қарама, айта бер.
- Айтсам айтайын, - деп Бекбай күлімсірей орнынан тұрып, айналасына қарап, кәдімгі үлкен
үйдің төріне отырғандай иығын басып тұрған ішігін шешіп қоржынның үстіне қойды :
- Сіз, - деді Бекбай орнынан көтеріліп, - көсіліп ел алдына озбайтын, басыңызға қиындық
келсе, жүдеп-жадап тозбайтын қайсар адамсыз.
Қапи қарқылдап күліп кетті. Оның күлкісінен екі бала оянып бастарын көтерді. Балалар да
дем алып, ұйқылары аз да болса қанып қалған секілді. Орындарынан тұрып аяқ-қолдарын жаза
бастады.
- Е, Бекей, біздің қазақ «басқа түссе баспақшыл» дейді. Кім жанын далаға тастағалы жүрғой
дейсің, - Қапи Бекбайдың жүзіне күлімсірей қарады, - мінеу екі жетім бала үшін бәріне төздім.
Өйткені бұл екі бала ұрпақ қой, адам баласы ұрпақ үшін жасайды. Мен жасарымды жасап, асарымды
асадым. Көруге тиісті көргілігімді көрдім-ақ көрдім. Енді қанша көргілігім бар, оны тек бір құдай
ғана біледі.
Бекбай суы қайнаған күреше мен өзінің кішкене шәугімін оттан алыстатып қойды. «Мына шал
ұрпақ үшін қаңғып жүр екен. Сонда мен кім үшін қаңғып келемін, мен Жайна үшін, сүйген жарым
үшін мынау жарық дүниенің бар михынатын кешіп келе жатырмын. Менің де Жайнаға кезіге алу,
алмауымды бір құдай біледі» деп ойлады. Екі бала да беттегі қарға барып, беттерін жуған соң, от
басына келді. Қапи әлгі бір қазысын қойнынан шығарып екі балаға пышақтың қырынан сәл қалыңдау
етіп екі тіліп ұстатты. Өзі жұп-жұқа тіліп алып, қайнаған су құйылған саптаяғына салды. Бекбай
қалтасындағы қалған үш құрттың бірін алып шығып екіге бөлді. Оның жартысын тағы екіге бөлді.
Осылайша қалған құртты асықпай төртке бөліп еді.Бір адамға дәл ешкінің асығындайдан келді.
Екеуін екі балаға берді. Бірін Қапи шалға беріп, бірін өзі аузына салды. Қапи шал Бекбайға
қазысынан аз да болса бермегеніне іштей ыңғайсызданды. Дереу қойнындағы қазысын қайта алып,
жұп-жұқа бір дөңгелек кесіп Бекбайға ұсынды.
- Мына екі балаға обал болады, маған бермей-ақ қойыңыз, мен біраз күнге шыдап кетермін, -
деп Бекбай қолын созбай қойып еді, Қапи шал ыңғайсызданғандай болды.
- Ренжіп қалдың ба? - деді Қапи.
Ренжіп қалдың ба деген сөз Бекбайға әсер етті.
- Көріп біліп отырып неге ренжимін, - деді Бекбай.
- Онда мынаны ал, - деп Қапи қолындағы қазының қиқымын Бекбайдың тостағанына салды.
Бұлар аз ғана дәнмен қайнаған суларын ішіп, едәуір қаужанып қалды. Көп өтпей күн де
көтеріле бастады.
- Кешегі жігіттің бараны көріне ме, байқайыншы, сіздер отыра тұрыңыздар, - деп Бекбай
кешегі жігіт кеткен шығыс солтүстік жақтағы, жазық анық көрінетін аласа қара шоқыға қайқайды.
«Шіркін, көлік табылмаса қойсын, он күн талшық қыларлық азық табылса да жақсы еді» деп ойлады.
Ол төбенің дәл үстіне шыққан жоқ. Төбеге таяғанда еңкейіп келіп құлаған тас обаның түбіне отыра
қалды. Сонау тау етегіндегі ауыл бар деген сай аузынан түйдектеліп бір топ атты адам шыға келді.
Бекбай сонда да бой көрсеткен жоқ. Обаның қалқасында бұғынып отыр. «Бізге көмекке келе жатқан
адамдар болса екен» деп ойлады. Аттылар тез жүріп Бекбайлар түнеген жылғаның төбесінен түскелі
жазықтағы жолдан бұрылып, қамшылар жағындағы қара қыратқа қарай тартты. Жақындағанда
байқады, келе жатқан бес адам екен. Екеуі тымақ киген қазақ, қасындағы үшеуінің киінісі басқаша.
Бекбай қорқайын деді. Лып етіп орнынан тұрып, сайға жүгіріп түсті. Қапи мен екі бала да үркердей
болып орындарынан тұрды. Бекбай ентігіп кеткен еді.
- Қапа, бес атты адам келе жатыр. Екеуі нақ қазақ. Біреуі кешегі жігіт сияқты. Қалған үшеуін
әскер ме деп қалдым, - деді ентіге сөйлеп.
- Кім болса да келсін, қашқанмен бәрібір құтылмаймыз. Әскер біз сияқты аш-арыққа не
қылады дейсің, - деп Қапи Бекбайдың көңілін жұбатты.
Бұлардың сөзі аяқтағанша бес атты бұлар жатқан жылғаның басындағы кезеңнен еңкейді.
Алдындағы кешегі жігіт екенін бәрі тани қойды. Енді біреуі кәртең адам сияқты, атқа отырысы
жалпиыңқы екен. Бұлар қоржын-қолаңдарын жинастырып болғанша аттылар да жетіп келді. Қапи
мен Бекбай екі қазаққа орындарынан тұрып сәлем берді. Аттының бірі расында бурыл сақалды, жасы
жетпіске таяған қартаң адам екен.
- Уағалайкұм уассалам ! - деп ең алдымен кәрия сәлем алып аттан түсті. Оның соңынан
кешегі жігіт атынан түсті. Қалған үшеуі ат үстінде қақиып тұр.
Бурыл сақалды шал басындағы түлкі тымағын қолына алып, Қапиға амандаса келіп, әлі шоғы
толық сөне қоймаған оттың өр жағына келіп отырды. Ол Қапиға қарап :
- Жә, жігіттер, отырып жөн білісейік, - деді.
Қапи мен Бекбай да кәрияның қасына жүрелеп отырды.
- Жігіттер, қорқып кетпеңдер, ана үшеуі осындағы Шонжыдан келген үкіметтің әскері. Мән-
жайларыңды мына жігіттен естіген соң, көмегі болар ма деп әтейі ертіп келдік, - деді кәрия.
- Басымызға күн туып, туыс іздеп бара жатырмыз. Көріп тұрсыздар, көлігіміз жоқ. Аяғымыз
сау ғой, әйтеуір жетерміз. Ең қиыны азығымыз жоқ болып қиналып келеміз. Бізді қойшы, мынау екі
балаға өте обал болды, - деді Қапи.
Шал азырақ қытай тілін біледі екен. Қапидың сөзін ат үстінде тұрған үшеуге жеткізгендей
болды.
- Сендерде қару жоқ па? - деді кәрия Қапиға бұрылып.
- Е, ақсақал-ай, мылтығымыз болса, ашығамыз ба, арық болса да аң атып жеп, кетіп
қалмаймыз ба, - деді Қапи.
- Үкіметтің түзімі бойынша, қоржындарыңызды ақтарамыз, - дейді мына әскерлер, - деді
кәрия.
- Ой, қоржында ештеңе жоқ, ақтарам десе ақтарсын, - деп Қапи қоржынын ыдыс-аяқтарын
шалдырлатып шалдың алдына қарай тастай салды.
- Әскерлеріңіз көрсін, керекке жарайтын бірдеңе болса аямаймыз, бірақ ыдыс-аяғымызды
бере алмаймыз, - деді Қапи.
Бекбай да қоржынын шалдың алдына тастады. Бір әскер атынан түсіп әуелі Қапидың
қоржынын ақтарды. Су қайнататын кішкене тоға мен үш саптаяқ, ұсақ-түйек іш киімдер шықты.
Әскер Қапидың қоржынын тастап, енді Бекбайдың қоржынының аузын ашты. Әуелі әскердің қолына
жұдырықтай шәугім мен ағаш тостаған ілінді. Одан соң Бекбайдың бір пар жейде-ыштаны шықты.
Соңынан әскер бүктелген торы аттың төрт пұшпақ терісін қоржыннан суырып алды да тастай салды.
Әскер екі ауыз сөз айтып қайтып барып атына мінді.
- Әскер қоржындарын жиып алсын, күмәнді нәрсе жоқ екен дейді, - деп әлгі шал да орнынан
тұрды.
- Жә, ағасы, әлгінде мына әскерлер көмек көрсетеді дедіңіз, оның үстіне бұлар Шонжыдан
келіпті. Ал біз де Шонжыға кетіп барамыз. Тегі Шонжының еліміз ғой. Сонда расында бізге бір
рақымы жоқ па? - деді Бекбай.
Кәрия мына сөзді естіген соң, орнынан тұрып атты әскердің қасына барып қытай тілінде
әлденелерді әңгімелесті. Әскердің түсі бір түрлі суық еді, Бекбай олардан көмек дәметпеді, қайта,
«не қылып жүрген жандар деп басымызға пәле салмаса болды ғой» деп ойлады. Әскерлер мен
шалдың әңгімесі созылғанға Қапи көмегі болама деп дәмеленді. Шал әскерлердің қасынан Қапи мен
Бекбайдың қасына келді.
- Бұлар, біріншіден, көлік көмек ете алмаймыз, бірімізде бірден ғана ат бар, екіншіден,
азығымыз он күнге әрең жетеді деп тұр. Сонда бұлардан сендерге қайыр жоқ болды, - деді.
- Көпті көрген үлкен адам екенсіз, - Бекбай шалға жақындап сөйледі, - осы тұрған
төртеумізде тіс айқастырар дән жоқ. Мүмкін, мықтағанда екі күнге шыдармыз. Бәрі бір өлетін
шығармыз. Бәріміз де қазақ баласымыз ғой. Іргелі ел екенсіздер, аз болса да мына екі балаға азырақ
азық жәрдем етсеңіздер.
- Жә, - деп кәрия бурыл мұртын сипап аз ойланды, - сендер жолдарыңнан қалмай ақырын
жылжи беріңдерші, мен ауылға барып үй-үйден бірдеңе жинап жеткізіп берейін.
- Рақымет, сізге ! - деп Қапи көзіне жас алды. Бірақ шалдың сөзіне Бекбай онша сене қойған
жоқ. Әскерлердің ұлықсатына қарамай қоржынын мойнына асты.
- Жүріңдер Мұхамет, Мұстапа, - деп жылғаны құлдай жөнелді. Әскерлер ештеңе демей
қалшиып ат үстінде тұр.
Қапи ат үстінде тұрған шал мен жігітке :
- Қайыр, амандықпен көрісейік ! - деп қоштасып, үш жолдасының соңынан жөнелді. Шал
ауылына жөнелді. Кешегі жігіт пен үш әскер обасы бар биік шоқыға қайқайды.
Жүргіншілер тура оңтүстікке тіке тартып, Қапидың бастауымен алдарынан шығыстан батысқа
қарай көлбеп жатқан аласа тас қыратқа шықты. Артына шұғыл қайрылып қараған Бекбай, үш әскер
мен жігіттің обасы бар биікте әлі өздерінің соңынан қарап тұрғандарын байқады.
- Аналар, соңымыздан әлі қарап тұр екен, - деді Бекбай.
- Мүмкін, бізді қай беталысқа кетеді деп аңдып тұрған шығар, - деді Қапи.
- Дұрыс, олар бізді Алтайға бет алсақ ұстамақшы, ал Боғдаға бет алған соң, тиіспеген болуы
керек, - деді Бекбай.
Осы көктемде, Алтай партизандары Бәйтіктен Алтайға кетіп, мұндағы елдің көбі Алтайға, аз
бөлегі Мори, Шонжыға кеткендіктен, аз уақыт Шонжыға қарасты Ұластай шекарасы бос қалған. Осы
орайда Гоминдаң үкіметі бір звод әскер жіберген болатын. Олар Бәйтікте қалған аз ғана елге ие
болып, оларды ешқайда көшірмей ұстап отыр еді. Қапи да, Бекбай да негізінен дұрыс межеледі.
Бұлар жүрген сайын қар жоғалып, бүкілдей қара жерге өте бастады. Бекбай енді аштан емес
шөлден қорқайын деді. Жер жүрген сайын жазықтап, құлан қаққа айналып бара жатыр еді.
Көңіліндегі күдігін жасырғысы келмеді, ең алда кетіп бара жатқан Қапиға келіп қатарласты.
- Қапа, барған сайын шөл далаға шығып барамыз ғой, оқыстан су табылмай қалып, қиналып
қалмаймыз ба? - деді.
- Қорықпа, - деп Қапи жүре сөйледі, - бүгінше қар табылар, ертең суға жетеміз.
Мына сөзге Бекбайдың көңілі едәуір орнығып қалды. «Бұл шал қалайда жол біледі екен» деп
ойлады.
Жүргіншілер қара адырды кенерлеп тартып отырып түс ауа бергенде терең ағарға келіп түсті.
Ағардағы терең жыраның анда-санда жерінде аздап сүрі қар бар екен. Қапи әлгі шалдан әлі үмітін
үзбеген еді.
- Бекей, осы араға дем алып, су қайнатып ішіп, әлгі шалды байқастырайық, үміт дүниесі ғой, -
деді.
- Мен ол шалдан үміттеніп келе жатқам жоқ, әйтеуір біздің көңілімізді аулады ғой, ал анау
кешегі бізге жолығып аналарды бастап келген жігіт нағыз қылқұрттың өзі. Бізден мылтық шығып
қалама деп әскерге жағатсып, әскерді ертіп келіп отыр, - Бекбай жүре сөйлеп қары молдау қабақтың
тұсына тоқтады, - осы арада отын мол екен. Дем алсақ дем алайық.
Қабақтың батыс жағындағы қалың қарағанның арасындағы тақыршаққа қоржындарын қойып,
отын жинап, шәй қайнатуға кірісті.
- Бекбай, - деді Қапи күлген сияқты сәл ыржиып, - бағана қоржыныңда бір жылқының терісі
жүрген секілді еді.
- Иә, шақай тартамын ба деп алып алған, атымның төрт пұшпағы болатын.
- Онда жақсы болды, - деді Қапи қуанып, - ол бізге бірнеше күнге азық болатын болды.
- Ойбай-ау, Қапа, тері жеуге келе ме? - деді Бекбай таң қалып.
- Жеуге келгенде қандай, өте күшті болады, оның қалай тамақ болатынын қонған жерде
көрсетемін. Жазға салым бізге елдің соғымға сойған ірі қараларының терісі табылмай қалды емес
пе?!
Жүргіншілер әңгімелесе отырып, өздерінің болымсыз азықтарынан аздап тамақтанып алды.
Қарағанның түбіндегі жұмсақ та құрғақ ақ топыраққа аяқтарын көсіп түс ауғанша дем алды.
Қапидың екі көзі әлі Бәйтік тауы жақта еді, Бекбай мен екі бала күннің алауымен маужырап азырақ
көздерін іліп ұйықтап алды. Қапи қайта-қайта басын көтеріп тау жаққа қарап, көз ілген жоқ. Түс
қиған соң оның да үміті үзілді.
- Ал, балалар, жүріңдер, - деп дауыстай сөйлеп орнынан тұрды. Мынау Мұхамет пен Мұстапа
да таңертеңгі шал сөзінен үміттеніп келе жатыр екен. Орындарынан тұрған соң, Мұхамет ренжи
сөйледі :
- Таңертең бурыл сақалды шалдың ауылдан жинастырып азық жеткізіп берейін дегені қайда.
Өтірікші екен, - деді.
- Мен де сол шал азық әкеліп береді екен деп ойлап едім, өтірік болды ғой, - деді Мұстапа
ернін шошайта сөйлеп.
- Екеуің, - деді Бекбай қоржынын мойнына салып жатып, - бұл дүниедегі пәк адамсыңдар.
Өйткені сендер әлі мынау жалған дүниенің жалғандығын мүлде білген жоқсыңдар. Осы жалған
дүниеде жасап жатқан пенделердің бәрінің бірін-бірі алдап күн кешіп жүргенін әлі түсінетін жасқа
жеткен жоқсыңдар.
- Олай деме, деп сөзді Қапи бұзды, мүмкін, ол шал бір себеппен кешігіп жатқан шығар, не
болмаса аты босанып кетіп таба алмай жүр ме, кім біледі. Адам баласы басына ауыр күн туғанда
дүниеден күдер үзбеу керек, барлық нәрсені адамның рухы жеңеді.
- Кешіріңіз, - деп Бекбай жыраның қабағын жағалап жүре жөнелді.
Бекбай өзінің екі баланың алдында оқыс қәте сөйлеп алғанын білді. «Енді, сөз жоқ, бұларға
қуат беретін, бойына жігер қондыратын сөздер сөйлейін» деп ойлады.
Төрт жүргінші ағынды құлдап келіп ағардың шығыс жағына өтті. Бұл жақ быдырмақ аласа қара
адыр екен. Адырдың арасын кесіп тік оңтүстікке кеткен көне көш жолы даңғырап жатыр.
Жолға түсіп аз жүрген соң Қапи :
- Мына жол тұп-тура Шонжының көмірін басып, Шонжыға алып барады, - деді.
- Онда, жолдан адаспайды екеміз ғой, - деді Бекбай.
- Бірақ, - деді Қапи Бекбайға бұрылып, - үнемі үлкен жолмен жүру қәтерлі, осы жолды
жүлгелеп шығыс жағымен кетеміз.
Жүргіншілер қара адырдың шығыс жағындағы жәйбір белге шыққанда, көтеріншіктерін жерге
қойып аз дем алды. Кенет Мұстапа :
- Арт жағымыз да біреу келеді ! - деді қуана дауыстап.
- Кешегі шал екен, - деді Бекбай күліп.
- Ештеңесі болмаса да әйтеу бір хабарласып кетеді , - деп Қапи тақыршаққа отырды, - осы
арада тосайық.
Расында сол бурыл сақалды шал екен. Көк атын шоқырақтатып бір шәй қайнатымнан соң әрең
жетті. Атының екі қолтығы терлеп, мойын жүндері бұйраланып, едәуір бусанып кетіпті.
Ол атынан түсе Қапиға келіп қол беріп амандасты.
- Қандай, шаршадыңыздар ма? - Ол Қапидың қарсы алдына отырды, - сендер онша ұзай
алған жоқ қой десем, тіпті құры аттың жүрісін жүріпсіңдер ғой.
Шалдың қанжығасында болымсыз қара дорба байлаулы тұр еді, Қапи мен Бекбайдың көзінің
сол дорбаға қадала бергенін ол сезе қойды.
- Сендерге ұятты болдым, мандыған азық әкеле алмадым. Мұндағы ел де қалтылдап әрең
отыр. Бар үміті мынау әскерде, оған азық-түлік келсе, елді аштан өлтірмес, - деп шал орнынан тұрып,
атының қанжығасындағы дорбаны шешіп алып келіп Қапидың алдына қойды, - табылғаны осы
болды. Мына екі бала болмағанда екі-үш күн аужал қылар.
- Осыңызға да рақымет ! - деп Қапи алдындағы қара дорбаның аузын ашты. Дорбаның
аузында алақандай үш жапырақ отқа көмген нанның сынығы, түп жағында бір қос устай қуырған
арпа бар екен. Қапи арпадан саусағының ұшымен шымшып алып қасындағы екі бала мен Бекбайдың
Достарыңызбен бөлісу: |