Бекбайдың келген күнінің ертеңінде-ақ, Қасымның дайындап қойған нәрселерін алып қайтып
кеткенін білгенде, жүрегі тас төбесіне шықты.
- Ойбай, ол пәлеге ұшыраған екен, әлі қайтып барған жоқ,- деді.
- Рас, пәлеге ұшыраған екен, оны қайдан іздейсіздер?- деді Қасым.
- Осы қаладан сіз сұрастырыңыз, мен дереу қайтып, өлі ме, тірі ме, ел ішіне сұрау салайын. Әй, ел
ішінде болса, біреу-міреу аты мен мүлкін тонаса, бір хабар болса керек еді. Суға кетті ме, кім біледі,-
Қанағат қатты дағдырған кескінмен Қасымға қарады.
- Қаладан хабар-ошар білінсе, өзім-ақ хабарын жеткізейін,- деді Қасым.
Қанағат сол күні ел ішінен Бекбайды сұрастыра-сүрастыра ауылына келді.
Бекбайдың осылайша ұшты-күйді жоғалуы Жайнаға ерекше ауыр келді. Бекбайдың жоғалған
хабарын Қанағат әкелген күні Жайна таң атқанша ұйықтамай жылады. Оның жылап жатқанын
Мәрия білсе де, алғашқы күні не деп тоқтау айтарын білмеді. Екеуі кішкене қара борша күркенің
төрінде дөңбекшіді де жатты. Таң атқан соң қызы екеуі шәйға отырғанда:
- Балам Жайна, біздің қазақ «кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейді. Бекей кебенек киіп
кетті ғой, үміт үзбейік,- деді Мәрия.
Мына сөз Жайнаға өте жақсы алғау болды. Осыдан соң, Бір жақтан Бекбай сияқты немесе ертең
жетіп келетіндей бір тамаша үміт оның көңіліне үлкен демеу болды.
Қанағаттың ауылының адамдары, басқада көрші ауылдар болып, өзенге мұз қатқанша Ертіс пен
Қыранның жағасын бит қарағандай тінітті. Жаз шыға тағы да Бекбайды іздеу басталды. Осылайша,
бұл ауыл Бекбайды табаны күректей үш жыл тоқтаусыз іздеді. 1944 жылдың күзінде Өр Алтай
партизандары Шиң шысай үкіметін халықтан құр қол қалтыру мақсатында Сарсүмбенің елін Өр
Алтайға көшірді. Қанағат ауылы да еріксіз көшкен. Бекбай жоғалған үш жылға жақын уақытта
Жайна Бекбайды сағынды болды, бір кезде Бекбай өзіне отын алысып беретін тұбекке барып, Бекбай
екеуі тұңғыш бірін-бірі сүйіп, жүрек сөздерін айтысқан, алғашқы махаббаттың оттай ыстық ләззатты
минуттарын көз алдына келтіріп, бірер сағат көз жасын көлдетіп жылаған соң үйіне қайтатын.
Бірнеше күнге дейін едәуір шері тарқағандай кеңіп, Бекбайдың қасынан келгендей бойы жадырап
қалатын.
- Ел өрлеп Өр Алтайға көшкенде, Жайнаның көңіл-күйі тіпті нашар болды. Көшкен елдің адамдары:
«Жаудың өтінде қаламыз ба, малымыздан айрыламыз ба, не болмаса соғыс өрті ішінде жанымыздан
айрыламыз ба» дегенді ойлап көңілдері алаң болса, Жайнаның көңіл-күйі мүлде басқаша. Ол мал,
өлім дегендерді мүлде ойлаған жоқ. Ертіс бойында өзінің тұңғыш махаббат пірі Бекбай қалып бара
жатқандай, ұзап кетсе, оны көре алмай қалатындай болып, жүк артқан түйенің үстінде, көзінің жасы
көл болып бордай үгіліп бара жатты. Ол өзінің көңіл күйін Қаратүнеңкеге барғанда шешесіне еріксіз
айтты:
- Апа-ау, тегінде осы жаққа көшіп, малдан да, адамнан да айрылып, өз басыңыз сопиып қайтқан
екенсіз, осы бір тозғындаған жаққа тағы көштік ғой,- деді Жайна.
- Е, қарғам-ай, онда жалғыз қалғанда, не күн көреміз, Боғдадан ел келсе, әлгі Жақайдан бір хабар
бола ма деп ойлап едім,- Мәрия от жағып отырған Жайнаға қадала қарады,- қарағым, Өр Алтай
болсын, Сарсүмбе болсын, бәрі де Алтай ғой. Бекей балам тегін бала емес, ол бір қиындыққа
ұшыраса керек, Алла денін сау қылса, бізді қайда болсақ та табады, үміт үзбейік. Біздің қазақ:
«Үмітсіздік шайтанның ісі» дейді. Әрқандай адамды үміт дейтін алтын жіп бір биікке алып шығады.
- Апа, сіз бүгін ерекше білгір болып кеттіңіз ғой, тіліңізді алайын,- деді Жайна.
«Жақсы сөз - жан азығы» дейді. Осыдан соң Жайна едәуір серпіліп, еңсесі көтеріңкі жүрді. Қыс
қысып, Қанағаттың үйінің ұсақ малы қырылып, жылқыларын ұры алып, өздерінің аз ғана ұсақ малы
қырылып азая бастағанда, бүкіл ауыл болып күңіренді. Қанағат байдың еңсесі түсіп, ес-ақылы
шығып қайтерін білмей: «Бізді құдай қаңғытты ғой» деп күнде кеште күңірене қақсайтын. Бірақ
осының бәрі Жайнаға ауырлық сияқты. Яғни адамның жанын жегідей жейтін жамандық сияқты
сезілмейтін. Зарланып қақсағандарды жақтырмайтын. Әкесінің інісі Жақай іздеп келгенде жүрегі зу
ете қалды. «Алтайдан кетсек, Бекбай бізді қай заманда табады, тіпті мүлде таба алмайды ғой» деп
ойлады. Дереу Жақайдан:
- Бәйтік қанша жер?- деп сұрады.
- Балам-ау, Бәйтік мына белдің асты емес пе,- деген. Сәби Жайна бұған да әбден сенді. Бәйтікке,
туыстардың қасына барсақ барайық дегенге келді.
Осылайша Жақай Жайнаның үйін ақпанның басында Бәйтікке көшіріп келді. Алғашында Жайна
мынау кер жазықты жерсінбей көңілі құлазып жүрді. Десе де, Жақайдың ержеткен ұл-қыздары оның
көңілін көтеріп, кейде мал қайыруға ертіп шықса, кейде өздерімен бірге отынға апарып, оны
жалғызсыратпады. Бұл азда болса Жайнаның еңсесін басып тұрған сағыныштың сары бұлтын едәуір
сейілтіп тастайтын. Қырсық аз күннен соң болды. Ел арасында: «Мори мен Шонжыдан қалың әскер
айропланмен шығыпты, Бәйтіктегі ел Мори, Шонжыға көшпесе келіп қырады екен» деген дақпырт
шығып, бір бөлім ел «бекер қырылғанша, үкіметке бағынып Мори, Шонжымызға кетейік» деп көше
жөнелді. Елдің арты арылмай Шиң шысай әскерлері де Бәйтікке жетіп үлгірді. Шонжыға көшкен
елмен бірге Жақайдың ауылы да көшті. Жайна: «Мори, Шонжы деген жер онша ұзақ жер емес қой»
деп ойлаған. Көш шет-шегі жоқ сары далаға келгенде, ол Бекбайдан мүлде үмітін үзді. Он күнгі
көште түн бойы көз ілмеді. Көш құмның үстіне шығып, қума-қума шилі жазыққа жетіп қонды.
Мәрия мен Жайна үй тігуге шамалары келмеген соң екі керегені беттестіріп, итарқа жасап, сонда
ептеп қисая кеткен. Шешесі Мәрияның басы жастыққа тиісімен қор ете түсті. Жайнаның мүлде
ұйқысы келмеді. «Бекей тірі болған күнде де, мынау жердің түбіне бізді іздеп келе алмайды ғой,
шіркін! Алла Бекейді маған неге кезіктірді екен. Оған кезікпесем, мұндай күйік тартпас едім ғой» деп
ойлады. Сол шақ көкірегінің ішін бір нәрсе мұжып жатқандай болып, тынысы тарая бастады. Еріксіз
басын көтерді. Итарқаның есігінен кірген салқын леп тынысын сәл кеңіткендей болды. Жол жүріп
ашығып қалған ұсақ мал итарқаның іргесінде әлі жайылып жүрген сияқты. Ешкі ме, қой ма, әйтеуір,
бір малдың сыртылдатып қияқ жұлғаны анық естілді. Итарқа іші қап-қараңғы, шешесі Мәрия ұзақ
жолда көлік соғып шаршаса керек, қозғалмай пысылдап тәтті ұйқыда жатыр. Денесі аздап тоңған соң
қайта жатты. Мынау көз көріп, құлақ естімес шалғайға кетіп қалғандарын ойлаған сайын Жайнаның
ұйқысы қашты. Аяқ-қолдары тітіркеніп барған сайын тынышсыз күйге түсті. Осылайша дөңбекшіп
ұзақ жатты.Таңға таяғанда көзі ілініп кетті. Кенет Жайна әлде кімнің сыбырлаған дауысынын селк
етіп оянып кетт. Алғашында «апам ұйқысыраған-ау» деп ойлаған еді, олай болмады, итарқаның өзі
жатқан ірге жағынан:
- Жайна-ау, мен Бекбаймын!- деген бір ер адамның сыбырға жақын дауысы үздіге шықты. Күндіз-
түні жүйкесінде Бекбай жүргендіктен Жайна қуанып кетті. Сонда да сабырлыққа басты. Тынысын
ішіне тартып, әлгі дыбыс шыққан жаққа құлағын түрді. Дауыс енді Жайнаның құлағының түбінен
естілді.
- Жайнам-ау, мен Бекбаймын, қазір келдім. Ұзақтан жеткенім осы.
Жайнаның есі шығып қайтерін білмей қалды. Көзінен жас төгіліп кетті. Бір сұп-суық қол сол жақ
иығынан сипағанда барып, бір ер адамның өз қасына жақын келгенін бір-ақ білді. Жайна есін
жиғанша, Бекбаймын деген ер көрпесіне кіріп үлгірді. Жайнаның тіпті де есі шықты. Дәл осы шақта
«Бекбай болса неге күндіз келмейді» деген ой сап ете қалып, Жайна қорқып кетті. Үстіне қарай
пысылдап өрмелеп келе жатқан адамның иегіне қолы тигенде жүрегі тас төбесіне шықты. Иектегі
шала қырылған сақал Жайнаның уыз қолына тікендей қадалған еді. Онымен қоса сасыған ет сияқты
сасық дем тұншықтырып бара жатты.
- Жоғал, Бекбай емессің!- деп Жайна бар дауысымен айғай салды. Шамасының жетісінше ер адамды
теуіп қалды. Шешесі Мәрия да шошып оянды. Итарқаның аузынан сып етіп шыға жөнелген біреуді
Жайна да, Мәрия да көріп қалды.
- Бізді басынып жүрген қандай тексіз неме?- Мәрия орнынан кіжіне түрегеліп далаға шықты,
өздерімен бірге Бәйтіктен көшіп келе жатқан бір екі ауыл батыс жақтарына келіп түскен болатын.
Соларға қарай зытып бара жатқан атты адамның дүбірін Мәрия анық естіді. Жайнаның дауысы қатты
шығып кеткен еді, Жақай мен әйелі де оянып кетті. Қалқайма ішінен Жақай шапанын жамылып
тысқа шықты. Ол Мәрияны көріп солай жүрді:
- Не болды, жеңге,- деді.
- Ұры сияқты, біреу жүгімізді ақтарып жүр екен, айғай салып едік қашып кетті.
- Аяғын шағу керек еді,- деді Жақай кіжініп.
- Қараңғыда кім екенін білмей қалдық,- деді Мәрия.
- Бұдан кейін сақ болыңыздаршы, ит жоқ болғанның жаманы осы,- деп Жақай өз қалқаймасына қарай
жөнелді.
Мәрия өз орнына келіп жатты.
Қатты қорқып кеткені қайсы, қатты қорланғаны қайсы Жайнаның миын ерекше бір кекке толы сезім
жаулап алды. Тыстағы шешесі Мәрия мен Жақайдың сөздерін естіген сайын тынысы тарайып,
жүрегі кеудесін жарып кететіндей тулады. Мәрия келіп өз орнына қисайғанда, Жайнаның басы
айналып кеткен еді, шешесіне басым айналып кетті деп айтпақшы болып еді, үні мүлде шықпай
қойды. Еріксіз жастығына құлай кетті. Екі құлағы алғашында сырылдаған сияқты болып еді, сәлден
соң, боздаған ботаның дауысы сияқты жіп-жіңішке шыңылдаған дауысқа айналды. «Қорлаудың басы
осы ғой» деп ойлады. «Біреу өліп жатса, біреу күліп жатады» дегендей, адам деген нәпсінің құлы
ғой, ұзақ жолда аштың аз-ақ алдында арып-ашып ел шетіне енді жақындағанда, ындыны кеткен
біреудің жолбикесіне айналып қалуға шақ қалды. Жүйкесі қанша әлсіресе де Жайнаға сергектігі
көмегін тигізді.
Осы түнгі үрейден болды ма, жоқ, Бекбайды күндіз-түні ойлап ой соқты болды ма, осыдан соң
Жайна тоқтаусыз он күн көз ілуден қалды. Жасы егделеген, оның үстіне тоқтасыз көшкен көш әбден
шаршатқан Мәрия бір-екі күнге дейін Жайнаның ұйықтай алмай қалғанын біле алмады. Дәл үшінші
күні, яғни көктеулікке жетіп қонған күні Жайнаның өңінің нашарлауы мен түн бойы аунақшып жата
алмағанынан білді. Таңертеңгі шәйдан соң, жүгіріп Жақайдыкіне кірді. Жақай елбасы біреулермен
Шонжының базарына барғалы дайындалып жатыр екен.
Қарғам Жақай-ау, мына Жайна көз ілмегелі бүгін міне төрт күн болды. Не сөйлемейді, меңіреу
адамға айналып қалды,- деп Мәрия солқылдап жылап жіберді.
- Қай күні ұры келгенде шошынып қалған ғой,көзқарақты біреуді шақырып ұшықтатып жіберейік,-
деді Жақайдың әйелі.
- Бұл өңірде көзі қарақты адамдардан кімдер барын мен қайдан білейін, Жақай өзің таппасаң,- деді
Мәрия.
Он күннің ішінде Жақай екі бақсы тауып әкеліп ұшықтатты. Ешқайыссы Жайнаны ұйықтата алған
жоқ. Жайна он бес күн дегенде әппақ шөлмек болып, ұйқыдан құлап түсті. Ол талып жатқаны не
ұйықтап жатқаны белгісіз, нәр татпай үш күн жатып түрегелді. Бірақ оның түнгі ұйқысы қалпына
келгенімен, күн бойы басын бүркеп жатып алатынды тапты. Былайша айтқанда, сөзі сылдырап
тұрған, қолы епті биязы Жайна ешкімнің сөзін естімейтін, ешкімге сөйлемейтін бір түрлі сырлы
адамға айналып кетті. Бекбай жаяу-жалпылы әрең іздеп жеткенле, Жайна бұл аурудан айыға алмаған
еді.
Әрине, адам баласының мынау дүниеге келмегі бір парыз ғой, бірақ бұл дүниенің қандай кешулерін
кешеді, оны сол адамның тағдыры мен табиғаты белгілесе керек.
Мәрия кезінде құдай қосқан қосағынан, ұлы мен келінінен айрылып, құр сүлдері қалғанда қаршадай
Жайна әрі сұлу, әрі сұңғыла болып бойжетіп, мойнын зіл қара тастай басқан қайғының салмағын
жеңілдетіп еңсесін көтерген еді. Сол Жайна мен Бекбай танысқанда қуаныштан жүрегі жарыла
жаздап неше күн ұйықтамаған болатын. Енді мынадай ауыр күнге душар болды. Жас қызды
желкелеген азап алғашында оны өліп алайын деген жаман ниетке итерген еді, «бірақ мен өлсем,
шешем ауру болып қалады ғой» деп ойлады. Шешесі Мәрияға жаны ашыды. Сөйтіп, азап пен
өлімнің арасындағы қиян-кескі ой жанталасы Жайнаның жүйкесін бұзып, дәл осындай адам
танымайтын күйге келтірді. Осыдан соң, оның күрделі ойлауға да жүйкесі жетпей қалған еді.
3
Бекбай келгелі бүгін он үшінші күн. Жайна сол қалпы Бекбайды әлі тани алған жоқ. Бекбай келгенде
Мәрия кемпір «Жайна жазылатын болды ғой» деп жүрегі жарыла қуанған болатын. Жайнаның
Бекбайды тани алмауы Мәрия кемпірді де, алыстан Жайнаны аңсап арып-ашып келген Бекбайды да
едәуір жүдетіп жіберді. Оның үстіне Мәрия кемпірдің үйінің азығы да азайып тақа таусылуға таяған.
Мұны Бекбай айтқызбай-ақ білді. «Шонжы төңірегіндегі диқандар егін сала бастаған екен,
біреулеріне көмектессем, бір үйдегі үш адамды бағарлық бірдеңе табылар» деп ойлады. Бұл ойын
кіші қайнатасы Жақайға айтып еді, ол естіген жерден құптай жөнелді:
- Жақын жерде таныс қытайым бар, соған апарайын, жүзі жылы, жері де, малы да бар, бай адам,
адамгершілігі де күшті,- деді.
- Жақын болса, түстен бұрын барып келсек,- деді Бекбай.
- Лаужаң үйінде бар ма екен. Барсақ барып келейік,- деп Жақай орнынан тұрды. Бекбай қуанып кетті,
«қол қусырып бір атпал азамат үйде отырғанша, еңбектеніп бірдеңе тапқаным жақсы ғой» деп
ойлады. Жақайға ілесіп кәсіп іздеуге жөнелді.
Бұл екеуі келгенде Жаң фамилалы ұзын, қызыл сары қытай атын ерттеп енді жүргелі жатыр екен. Екі
атты адамды көріп атын жетелеп соларға қарай жүрді.
Ол күлімсіреп:
- Ой, Жақай, аман ба?- деп дауысын көтере қазақша амандасты.
Жақай атынан құлай түсіп қол берді:
- Лаужаң, аман-есенсіз бе?
- Лаужаң мына жігітті танымадым дегендей, Бекбайға қарады.
- Бұл менің туысым,- деді Жақай Бекбайды таныстырып, - қолы бос жігіт, Қоржадан істейтін жұмыс
іздеп келді.
- Егін салғанды біле ме?- деп Жаң фамилалы Бекбайға жақындады.
- Істеп көрейін,- деді Бекбай.
- Маған көмектеседі,- деп Лаужаң Жақайға бұрылды,- сіз кетеді, мына жігіт маған ереді.
Осылайша келген жерден Бекбайға жұмыс табылып осында қалды да, Жақай ауылға қайтты. Лаужаң
Бекбайды ертіп жер жыртып жатқан бес адамның қасына келді. Өңшең шаңырақ мүйіз атан өгіздер
жегілген соқалар қап-қара топырақты даланы бұп-бұйра қып жыртып барады. Бекбай бала кезінде
егінді орып жатқандарды көрген болатын. Дәл мынандай жер жыртып егін салғанды мүлде көрмеген.
Қара бұйра болып тең жартысы жыртылған жалпақ атыздың шетіне келіп Лаужаң екеуі аттарынан
түсті. Бұлар аттарын тұсап болғанша, соқашылар да баяу жылжып тұстарына келді. Соқа сүйреген
бес жұп өгіз бірінің соңынан бірі тізіле келіп тоқтады. Бес қыршын жігіт қытайша амандасып,
Лаужаңның қасына келді. Арық жылтыр қара жігіт:
- Мен соқамды мына жігітке беріп кете берейін бе?- деп қазақша сөйледі.
- Бүгін сен соқа айдауды бұл жігітке үйретеді. Ертең кетеді,- деді Лаужаң.
Мына жылтыр қараның қазақ жігіт екенін Бекбай біле қойды.
- Мен соқа айдап көрмеп едім, бүгін біраз көрсетіп бер,- деді Бекбай.
- Қазір-ақ біле кетесіз, соқа сүйреп әбден үйренген сартабан өгіздер пораздадан шықпайды. Соқаның
құлағынан ұстап еріп отырсаң ғана болғаны,- деді жылтыр қара күліп.
Расында оның айтқаны шын екен, Бекбай жарты күнге жетпей соқаның құлағын ұстап, елмен бірге
жер жыртып жүріп кетті. Әйтеуір, соқашылардың жатын үйі жылы, қарны тоқ екен.
Бекбай он екі күн жер жыртып, он үшінші күні ауылға қайтты. Лаужаң еңбек ақысына үш жың ұн,
бес жың бидай берген еді. Бұл Бекбайдың көзіне ұшан-теңіз көп астық сияқты көрінді. «Мынадай
болғанда, осы өңірдегі қытайларға істеп жан бақсам да болады екен ғой» деп ойлады.
Бекбай келгенде Мәрия далада тұр еді, Бекбай атынан түскенде жүгіріп қасына келді:
- Балам, аман оралдың ба? Жайна бүгін күндегісінен жақсы,- деді.
Бекбай амандаса жүріп, қоржыны мен бидай салынған жіңішке кендір дағарды алып жерге қойды.
- Мұның не?- деді мәрия таң қалып.
- Лаужаң жақсы адам екен, еңбегіме азырақ астық берді,- деп Бекбай ұн салынған қоржынын көтеріп
үйге кірді,- астықтан қиналып қалған шығарсыздар, бастай беріңіз.
Бекбай ұнды қара борша үйдің қазан жағына қойып берген соң, тысқа шығып дағардағы бидайды
енгізді.
- Қарғам Бекбай-ау, мынаның бәрі астық екен ғой?! - деп Мәрия қуанып, жүгіріп барып төсекте
бүркеніп алып жатқан Жайнаны шақырып басын көтертті:
- Жайна балам-ау, Бекбай ағаң көп астық әкелді, көрші міне.
Жайна таң қалыңқы кескінмен Бекбайға бір, әжесі Мәрияға бір қарап ұйқыдан оянған адамдай үнсіз
отырды.
Бекбай сыртқы киімдерін шешіп, беті-қолын жуып төрге жайғасып отырғанша, Мәрия кемпір мосыға
шәугім асып, ұн илеп үлгірді.
Бекбай Жайнаға қарап еді, ол өзіне бұрынғыдай емес, қадала қарап отыр екен. «Шіркін! Зарығып,
сарғайып, сағынып келгенде мені танысаң екен» деп ойлады. Сөйтті де өзі оң жаққа қарай
жамбасымен аз сырғып:
- Жайна, отқа жақын отырсаңшы,- деп Мәрияның өр жағын нұсқады. Жайна баяу сырғып Бекбай
көрсеткен орынға келіп отырды. Мәрия лезде шелпек пысырып, Бекбай мен Жайнаға дастарқан
жайып шәй құйды.
- Бекей, Жайна екеуің шәйларыңды іше беріңдерші, Жақайдыкіне азырақ ұн апарып берейін, олар да
шиқылдап әрең отыр,- деп Мәрия шәйға отырғанға дәт қылмай, қоржындағы ұннан бір-екі білем
салып алып шыға жөнелді.
Шешесі Мәрия шығып кеткен соң, шәйді Жайна құйды. Бекбайдың екі көзі Жайнада. Оның өзіне
қайта-қайта ойлана қарағанынан ожау мен шыныға шәй құйғанға дейінгі ұсақ қимылына зер салып
отыр. Бекбай Қоржаға кете сала отырса да, тұрса да Мәрия Жайнаға: «Бекбай келіп Қоржаға кетті.
Бекбай соңымыздан іздеп келді. Бекбай сені қатты сағыныпты» деген сияқты сөздерді күніне он
неше рет қайталап, Жайнаның құлағына сіңіруге тырысқан. Соның пайдасы болса керек, Жайна
Бекбайды бұрынғыдай емес, шырамытқан адам сияқты, көп рет жалтақтап қарап отырды. Бекбай
алғаш келген кездерде, шешесі Мәрия Жайнаға:
- Қарғам-ау, Бекбай сонша алыстан соңымыздан үмітін үзбей жаяу қаңғып келгенде, бұл не
қылғаның, мүлде танымай қалатындай көп жыл болған жоқ қой,- деп жалынған. Сонда Жайна:
- Сен маған Бекбай деп бөтен біреуді таңғалы отырсың. Саған сенбеймін,- деп жылаған. Ой соқты
болып жүйкесі әбден әлсіреген Жайнаға Бекбайдың шұғыл пайда бола кетуі де жұмбақ сияқты
сезілсе керек.
- Қарғам Жайнаш-ау, албаты елді саған телитін маған не күн туды дейсің, жетпіске келген кәрі мен
танығанда, Бекбайды сен танымай қалдың. Анықтап қарап, әңгімелессеңші. Әңгімелессең білесің,
Бекбай кісі танымай қалатындай ерекше өзгермепті ғой,- деп көп жалынған. Ақыры Жайнаға сөзін
өткізе алмай дағдарып қойған болатын. Сонда да екі сөзінің бірінде Бекбайды айта берген. Алғашқы
екі шыны шәйді ішкенше Бекбайдың көзіне Жайна басқа бір қыз сияқты өте салқын көрінді. «Өз
еркімен шырамытпаса, жабысып әурелемейін, әйтеуір, бір күні ақыл-есі дұрысталып танитын болар»
деп ойлады.
Бекбай астық қолына тиген соң, аялдай алмай, соқашылардың шәйына да қарамай жөнелген. Айтарға
болмаса қатты шөлдеп кеткен еді. Екі шыны шәй ішкен соң-ақ терлеп кетті. Бекбай қолындағы шәйі
таусылған шынысын Жайнаға беріп, бет орамалымен бетін сүртті.
Жайна шыныға шәй құйып, Бекбайға ұсынды. Ол ғажайып бір нәрсе көргендей, Бекбайдың
қолындағы бет орамалға бір, Бекбайға бір жапақ-жапақ қарады. Сөйтті де:
- Үй, Бекей ағамның бет орамалы,- деп күбірледі.
Оның күбірін Бекбай анық естіді. Қолындағы бет орамалды Жайнаның танып қойғанын біле қойды.
- Жайнаш-ау, менің Ертіс бойында өгізге отын артып бергенімді де ұмытып қалдың ба? Теректен
құрым киізге ораған нәрсе гүрс ете түскенде, қатты қорқып кетіп мені құшақтай алып едің ғой,- деп
өткен ұмтылмас ләззатты шақтарды оның есіне түсіруге тырысты. Жайна елең ете қалғандай болды.
Кенет Бекбайдың есіне бір кезде Жайнаның құлағыңның астында түймешің бар екен дегені түсе
кетті:
- Жайнаш-ау, мен Бекей ағаңмын ғой, менің жоғалып кетсем табылатын белгім бар еді ғой, есіңе
келтірші,- деді.
- Түймеші бар, рас, Бекей ағамның құлағының түбінде түймеші бар,- деп Жайна Бекбайға қарап
күбірледі.
- Сол түймеш міне,- деп Бекбай Жайнаға жақындап құлағының артқы жақ түбіндегі түймешті
көрсетті. Жайна қорғана-қорғана келіп, Бекбайдың құлағының артындағы түймешті сипады. Сипады
да Бекбайдың жүзіне ұйқыдан оянғандай бадырая қарады.
- Жайнаш-ау, болмаса, дауысымнан да танымадың ба?- деп Бекбай көзіне жас алды. Сол шақ Жайна
шыңғыра келіп Бекбайдың мойнынан құшақтап жылап қоя берді.
- Жайнаның дауысы қатты шығып кеткен еді, оқыс дауысқа Мәрия елең ете қалды. Жайнаның үнін
шығарып солқылдап жылағаны Жақайдыкіне анық естілді. Мәрия жүгіріп үйіне келді. Жайна
Бекбайды тастай құшақтап солқылдап жылап жатыр еді. Бекбайдың көзінен жас сорғалап тұрған.
Мәрия қуанғанынан жылап отыра кетті.
- Енді таныған екен ғой қарғам, жыласын, жыласын, жылап мауқын бассын,- деді Мәрия.
Шешесінің дауысымен Жайна Бекбайды әрең босатты. Артына қарап шешесі екенін көрген соң,-
жүгіріп келіп шешесін құшақтап жылады. Ол жылап отырып:
- Апа, Бекбайды енді ешқайда жібермейік,- деді.
- Жайнаш-ау, мен енді ешқайда кетпеймін, осы үйде мәңгі боламын,- деді Бекбай.
Жайна Бекбайдың қасына келді. Оның Бекбай екеніне сенбегендей жүзіне тағы қадала қарады.
- Неге жоғалып кеттің?- деп жылап отырып еркелеген кескінмен Бекбайдың иығына қайта-қайта
түйгіледі.
- Бекбай ағаң аман-есен келген соң болды, бәрі де бір күнгідей білінбей кетеді,- деді Мәрия.
- Апа-ау,- деп Жайна әжесі Мәрияны қайта келіп құшақтады,- мен түс көріп отырған жоқпын ба?
Бекей аға, сіз қайдан жетіп келдіңіз?
- Жайнаш қарғам-ау, Бекей ағаңды сол күні зұлым үкімет қамап тастапты емес пе, содан үш жылда
абақтыдан шығып бізді тауып келіпті. Бұл да Бекбайдың мықтылығы ғой. Жібі жөнсал біреу болса,
не өліп, не жоғалып бітуші еді,- деді Мәрия.
Қуанғанынан біресе жылап, біресе күлген Мәрияның дауысында Бекбайға деген сүйініш те,
мақтаныш та бар еді.
- По, үкімет қамағанда табаны күректей үш жыл бойы ауылға бірде-бір сәлем айтқызбай ма екен,-
Жайна ренішті кескінмен көзінің жасын сүртіп Бекбайға бұртия қарады. Оның бұртия қарағаны
Достарыңызбен бөлісу: |