ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Сүйінбикені сөз етпес бұрын əуелі Сүйінбике өмір сүрген
уақытқа, сол кездегі шиеленіскен тарихи оқиғаларға, сол заманның
басты қағидаларына көз жіберсек... Сонда ғана біз Сүйінбикенің
шын келбетін, табиғатын тани аламыз-ау деп ойлаймын.
Әңгімені əуелі Сүйінбикенің шыққан тегінен басталық. Ол –
ХІҮ ғасырда Алтын Орданың тағына кімді отырғызып, кімді алып
тастауды бір өзі реттеп, ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында
ұстаған өте ықпалды тарихи тұлға, ел бастаған көсем, ту ұстаған
қолбасы, сөз бастаған шешен, «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер
еді», – дегендегі Едіге бидің ұрпағы.
Біз мұны шежірешілердің жазғанына сүйеніп айтып отырмыз.
Едігенің бір баласы – Нұрадын. Нұрадыннан – Уақас, Уақастан
– Мұса, Мұсадан Жүсіп туады. Жүсіптің көп ұлы болған дейді,
сол ұлдардың арасындағы жалғыз қызы осы Сүйінбике екен. Сол
дəуірдегі салт бойынша Едігенің бірнеше əйелі, олардан көптеген
балалары, олардың əлденеше əйелдерінен бірқауым ұрпақ тарағаны
анық. Алайда, біз өзіміз сөз етелі отырған тақырыбымызға
орай, Сүйінбике шыққан тармағын ғана алып қарадық. Бұл
арада Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағын» (Алматы:
«Қазақстан» баспасы, 1997) сүйеніп айтып отырмыз.
Едігенің өзі секілді ұрпақтары да шетінен батыр, ержүрек келеді.
Олар туралы небір ғажап жыр-дастандар түзілген, олар əлі де ел
жадында сақталған. Мəселен, «Едіге батыр» жыры, «Мұса би»,
«Нұрадын», «Орақ – Мамай», «Қарасай – Қазы» əлі күнге рухани
айналымда жүрген құнды мұралар. Олардың баршасы «Бабалар
сөзі» жүз томдығына енген.
Едігенің ұрпақтары заманында кең жайылып өскен, негізінде
өркендеп дəуірлеген-ақ əулет болған.
Сол кездегі халық басына түскен тарихи зобалаңнан бұл əулет
те тысқары қалмаған. «...Түркі тектес тайпалар ортақ ту тігіп, орда
көтерген, жер көлемі жағынан алғанда да, халқының саны мен
əскери күш-қуаты тұрғысынан алғанда да екі жүз жылдам аса уақыт
бойы Еуразиядағы ең ұлы мемлекет болып келген Алтын Орда
ХҮ ғасырдың алғашқы жартысында көптеген тарихи, қоғамдық
себептер нəтижесінде біржола ыдырайды да жеке-жеке шаңырақ
көтеріп кетеді...
Еділ дариясының орта ағысында ежелгі бұлғар-түрік жерінде
Қазан хандығы құрылады.
97
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Қара теңіздің терістік беті Қиян Дала мен Қырым түбегінде
Қырым хандығы бой көтереді.
Еділдің төменгі ағысы Хажы-Тархан хандығы болып бөлінеді.
Еділ мен Жайық, жем арасындағы ел Ноғай ордасы болып
аталады.
Сібірдегі түркі тайпалары Сібір хандығын құрайды.
Алтын Орданың дəуірлеген заманының өзəнде дербестікке
ұмтылған ежелгі Ақ Орда жерінде, қазіргі Қазақстан шегінде Қазақ
Ордасы құрлығаны тарихтан аян.
Сөйтіп жарым жалғанға билік құрған Алтын Орда өзара тəуелсіз
жеті бөлікке бөлінеді. Бір ескеретін жайт, бұл кезде татар, башқұрт,
ноғай, қазақ деген сияқты ұлттық жік əлі айқын емес еді. Әр
хандықта да түркі рулары мен тайпалары мол қоныстанған. Бір текті
ұлт болып əлі қалыптаса қоймаған кез еді. Билеушісі ұнамаған рулар
бір хандықтан екінші хандыққа көшіп жүрулері жиі кездесетін...
Діні бір, тегі бір, əдет-ғұрпы ортақ, тілінде болмашы ғана айырма
бар туыстас түркі-қыпшақ тайпаларының тек бауырмалдығы кемшін,
ауызбіршілігі жеткіліксіз болды. Іргедегі қауіп-қатерді көрмей,
өзара бақталасқан қырқысқа бейім тұрды» деп жазады тарихты
көп зерттеген ғалым-жазушы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының
əліппесі» атты еңбегінде.
Жоғарыда Едіге тұқымының өскен тұқым екенін, көптігін айтып
өткен едік қой. «...Олар ХҮІ ғасырда билік үшін өзара қым-қиғаш
талас-тартыста болғаны байқалады. Бір-бірімен іштей бақастықта,
ала ауыздықта еді» – дейді сол еңбектің бір тұсында автор.
Олардың ішінен нығая бастаған Мəскеу княздігіне жалтақтап,
жең ұшынан жалғасып, алыс-беріс жасай бастаған Ысмайыл мырза
сияқтылар да өсіп шығады. Сондай-ақ мұсылман хандықтарының
ынтымағын, беріктігін сақтап, күш біріктіруге ұмтылғандары да
болады. Олардың басында Жүсіп би тұрды. Ол іргелес отырған
əрі күннен күнге күшейіп келе жатқан орыс патшалығына қарсы
біртұтас беріктік керектігін іштей ұғынады. Сол үшін айналасын
туыстық жолмен болса да бекіткісі келеді. Осы мақсатпен Жүсіп
мырза жалғыз қызы Сүйінбикені 1533 жылы Қазан ханы – осы
хандықтың негізін салушы – Ұлық Мұхаммедтің ұрпағы Жанəлі
ханға ұзатады.
Бұл некеде Сүйінбикенің бағы ашылмаған сыңайлы.
Шежірешілердің жазуларына қарағанда, Жанəлі ерік-жігері төмен,
ішімдікке үйір, босбелеу, ынжықтау болса керек. Хан ордасындағы
98
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
билік үшін тартыста оның бостығы бек қолайлы еді. Әртүрлі
мүддедегі əрқилы топтар əр жаққа тартып, хандықты игеріп ұстай
алмаған қалпы, белгісіз жағдайда аңшылықта қаза табады. Хан
тағы ұзақ уақыт бос тұрмайды. Қазандықтар Жанəлі ханның жиені,
Қырым ханзадасы Сапагерейді хан сайлап алады.
Сол дəуірдегі дəстүр бойынша, таққа жаңадан отырған хан жесір
қалған ханымның əмеңгері болып саналған. Сол салт бойынша
Сүйінбике Сапагерейге тұрмысқа шығады. Сүйінбикенің бұл күйеу-
жігітке көңілі толып, жүрек қалауын тапқандай бір серпілісті күй
кешкені байқалады. Хандықтағы үлкенді-кішілі істерге араласа
бастайды. Зерек те сергек зайыбының билікке араласуын Сапагерей
де шектемейді.
Амал қанша, Сүйінбикенің бақытты шағы ұзаққа созылмайды.
Бұл жылдары Алтын Орданың бодандығынан, алым-салық төлеу
кіріптарлығынан біржолата құтылған, енді өзін Мəскеу княздігі
емес, Руссия деп атай бастаған орыс елінің де күші толысқан кезі еді.
Орыс патшалығының тағына Иван Төртінші отырған. Оны халық
қаһарлы Иван (Иван Грозный) деп атап кеткен-ді.
Оның көкірегіне Шығысқа жол ашу үшін күні кеше ғана
құдыретті мемлекет құрып отырған түркі тектес қауымды бір-бірлеп
талқандап, мəңгілік бұғауға түсіріп, баяғы Византия үлгісіндегі
əлемдік империя құрсақ деген дерт жабысады. Ол үшін ең алдымен
іргедегі Қазан хандығын талқандаудан бастау керек деп түйген Иван
Грозный соның айла-шарғысын ойластырумен болатын.
Ашық соғыстың үлкен шығынға түсетінін аңдаған Руссия
Қазан хандығын іштен ірітуге, іріткі туғызуға көшеді. Хандықтағы
əміршілердің ала ауыздығын ушықтырып, зымиян əрекеттермен
хандықтың тағына өздерінің айтқандарынан шықпайтын «қуыршақ»
ханды қоюды ойластырады. Елінен безген, намыссыз сатқындардың
көмегімен игі жақсылардың көздерін бір-бірлеп жояды. Осындай
опасыздықтың салдарынан күмəнді жағдайда Сапагерей мерт
болады. Осыдан бастап Сүйінбикенің басына айықпас қара бұлт
үйіріледі.
Сапагерейдің Сүйінбикеден бұрынғы ханымдарынан да ұлдары
бар еді. Бірақ, Сапагерей өзінің көзі тірісінде Сүйінбикеден туған
Өтемісгерейді мирасқорым, тақтың келешек иесі деп танып
кеткен екен. Сол себепті үш-төрт жасар Өтемісгерей болашақ хан
деп жарияланады да, ол кəмелетке толғанша оның ісін атқарушы
(регентша) болып Сүйінбикеге хандықтағы істі басқарып, жүргізуге
99
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
тура келеді. Қазан хандығының билігіне Сүйінбике осылай келген-
ді...
Сүйінбикенің қандай патшайым болғанын біз – бүгінгі ұрпақ
қиялымызға қанша ерік берсек те болжай алмаймыз. Өйткені, арада
бес ғасыр уақыт жатыр. Оны бұзып-жарып, сол уақыт тынысын дөп
басу кім-кімге де оңай емес. Сондықтан біз осыған дейін сол дəуірді
зерттеген зерттеушілердің пікірлеріне көбірек сүйенеміз. Әлбетте,
бұл еңбектерде дəуір шындығы біршама шынайы көрсетілген деп
білеміз.
Қазан хандығында хандық құрған хандарды, соның ішінде
Сүйінбикені арнайы зерттеген ғалымдар баршылық. Олардың
арасынан Ризаэтдин Фахретдин мен Һади Атласиды бөліп айтқымыз
келеді. Олардың еңбектері, шамамен, осыдан жүз жыл бұрын жарық
көрген. Мен бүгінгі сөзімде зерттеуші Һади Атласидың пікіріне
көбірек жүгініп, сіздердің назарларыңызға сол зерттеуден үзіктер
ұсынғым келеді. Мен танысқан еңбектердің арасында бұл зерттеу
нақтылығымен ерекшеленеді. Ғалым «Сөенбикə» деген еңбегін
былай деп бастап жазған екен: «...Екі жұрт арасында басталған
құдалық Қазандықтар мен Ноғайлар арасын жақындатып, елшілер
жүре бастады. Қазан жұрты мен Ноғай жұрты арасындағы жауласу
азая түсті. Оны (Сүйінбикені) Қазан халқы жақтыратын...»
«Жанəлі еріксіз (жігерсіз) хан болғандығы үшін, орыс князінің
бұйрығы бойынша іс жүргізіп, оның сөзін екі етпейтін. Сапагерей
хан болғаннан кейін, өзінің ұлы жұрттың ханы екенін сезініп, орыс
князінің бұйрығымен жүрмей, дербес хандарша жұмыс жүргізетін
болды. Бұл жылдар Қазан хандығының ең қуанышты жылдары
болып, орыс мойынтұрығынан құтылып, тынышталған кезі еді.
Сапагерей ханның өз бетінше хандық құруы, Жанəлі хандай орыс
князінің айтқанымен жүрмеуі орыстарға жақпады. Оны өлтіріп
тынды...» («Сөенбикə». Қазан, 1914 жыл.)
Сүйінбике көп уақыт Сапагерейді жоқтап, дауыс салып жылаумен
болады. Жоқтаудың сөзін өзі жанынан шығарып, ескі мақаммен
зарлап айтады екен. Қазан хандығында бұдан бұрын əйелдердің
ондай дауыс салып, зарлап жоқтау айтып жылау дəстүрі болмаған
көрінеді. Хан мешітінің имамы Құл-Шəріп бастаған ақсақалдар
келіп, тоқтау айтса да Сүйінбике жарының қазасынан кейін көпке
дейін өкініш-күйінішін баса алмай, ұзақ уақыт жоқтауын қоймайды.
Оның жоқтауы кейбір кездері бірнеше сағатқа созылатын болған. Ол
жоқтаулардың кейбір үзіктері ел есінде əлі күнге дейін сақталған.
100
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Оны Қазанның бүгінгі тұрғындары Сүйінбике бəйіттері деп
тебіреніспен айтады.
Татар ғалымы Фатих Урманче Сүйінбикенің жоқтауларының
мəтінін жинап, көп зерттеген. Ғалымның «Лиро-эпос татар
Среднего Повольжя» деген еңбегінде мынандай жолдар бар: «...
По существующему в нашей фольклористике мнению, у Казанских
татар надмогильных плачей не было. И их тексты пока что не
обнаружены фольклористами. Плачи, особенно причитания невесты
сохранились в основном у других мусульманских народов... К тому
же если учеств, что Сююмбике была дочерью известного ногайского
мурзы, позже (1549) владателя всей Ногайской орды – Иусуф- бека»
дей келіп, ерін жоқтауы оның (Сүйінбикенің) қанында бар, ата-
бабадан үзілмей келе жатқан дəстүрдің көрінісі деген пікір түйеді.
Осы пікірге біз де толықтай қосыламыз. Сүйінбикенің бəйіттері
оның тегі мен тамырының біздің халықпен арыдан жалғасып,
матасып жатқанының бір дəлелі секілді көрінеді бізге.
Сүйінбикенің бəйіттерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Абай хакім
айтқандай:
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен,
Қайғы мен ыза қысқан соң
Зар шығады тілімнен, –
демекші, ері қиянатпен көз жұмған Сүйінбикенің де зар толғауы
заңды еді.
Уақыт өте келе көңілін бекіткен Сүйінбике жылауын азайтып,
Сапагерейдің қабірі басына ескерткіш орнатуға ниет етеді. Сапагерей
жерленген хандар қорымындағы биік жотаның үстіне көрнекті белгі
тұрғызуды қолға алады. Осы бастаған ісі оны қайғыдан сергітіп, жігер
бергендей еді. Ол Қазандағы белгілі ұсталарды, тас қалаушыларды
жинатып, мұнара тұрғызуды тапсырады. Құрылыстың басы-қасында
өзі жүреді, жобасын да өзі болжаммен айтып ұғындырады. Мұнара
Қазанның күйдірілген қызыл кірпішінен қаланып, жеті қабат болып
өріліп бой көтереді. 1,2,3-қабаттары төрт қырлы, 4,5,6,7-қабаттары
сегіз қабат болып келіп, біртіндеп үшкірлене береді. Жетінші
қабаттың үстінде тағы бір үшкіл қабат бар. Ол қалайымен қапталады.
Басына ай белгісі орнатылады.
101
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Мұнара шебер қолдан шыққан берік те бекем ескерткіш болып
бой түзейді. Мұнара тұрғызылып біткенде Сүйінбике де иығынан
бір ауыр жүк түскендей жеңілденген секілді. Оны бəйіттердегі мына
жолдар айғақтайды:
... Хан қабірі үстіне
Қондырдым тас мұнара.
Дедім: «Өзі өлсе де
Есімі көп жылдарға бара...».
Сүйінбике əулие екен. Айтқаны айдай келіп, есімдері мен ерекше
даңқтары ғасырларды көктей өтіп, бүгінгі күнге жетуі соның дəлелі
емес пе?!
Осы мұнара бүгінде Қазан қаласындағы ең көрнекті тарихи
ескерткіш. Әрі Сүйінбике дəуірінен қалған жалғыз жəдігер белгі.
Ол бүгінде «Сүйінбике мұнарасы» деп аталады. Жергілікті халық ол
туралы ғажайып аңыздар айтады.
Бастарына бір шырғалаң түскен, Жаратушы иеден тілеу тілеген,
жұбаныш іздеген қамкөңіл қыз-келіншектер осы мұнара түбіне келіп,
Тəңірге жалбарынатын əдет қалыптасқан, сол сенім əлі де сақталған
екен. Сүйінбике мұнарасы жергілікті тұрғындар ұғымында киелі
орынға баланады.
Әңгімеміздің негізгі желісіне қайта оралсақ, Сүйінбике хан тағына
отырған соң ері Сапагерейдің ұстанған бағытын жалғастыруды
мақсат тұтады. Ол Қазан халқын бейбіт өмірге, мамыражай тіршілікке
бастайды. Хан ордасында үлкен кітап қорын жинақтайды. Әрине, ол
кезде кітапхана деген термин қалыптаспаған. Орысша түсініктің əсері
болар, көне əдебиеттерде «Сүйінбикенің бай книжницасы болған
еді», – деп жазады. Ол тағы Қазан қаласының ортасынан «Ғашықтар
саябағын» жасауға əрекеттеніп, ағаш отырғызады. Ғашықтар бағын
жасауға деген ынтасы оның жасөспірім кезінен бергі арманы екен.
Алыс елдерден келген керуендерден түрлі өсімдіктердің, гүлдер мен
бұталардың тұқымын алдырып, гүлзарлар жасатады. Қазан демде-ақ
құлпырып, көз тартар көрікті де көркем қалаға айналады.
Жоғарыда аты аталған ғалым-зерттеуші Һади Атласидың біз атап
өткен еңбегіндегі мына бір жолдарды ұзақтау болса да келтіргіміз
келеді. Бүгінгі ұрпақ – бізге Сүйінбикенің қандай патшайым болғанын
тану үшін бұл үзіндінің берер дерегі ерекше деп білемін. Ол былай
басталады: «...Сүйінбике өзінің сұлулығымен бүкіл Қазанға даңқты
102
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
болғаны сияқты, ақылдылығымен де бүкіл хандыққа даңқты еді. Ол
өз мүддесі үшін ғана құлшынбай, қайта бүкіл жұрттың мүддесі үшін
құлшына жақсылық жасаушы болды. Қазан ұлықтары Сүйінбикеден
өздеріне белгіленген сыйларын алатыны сияқты, Қазан халқының
орта жəне төменгі тап жіктері де өздеріне лайықты сый-сыяпаттарын
қалағандарынша алушы еді.
Қазанның бұрынғы патшалары хандықтың кейбір таптарын
əспеттеп, сый-сыяпаттарын көбіне соларға бағыштайтын да,
хандықтың төменгі жіктері, ең кедейлері үлестен құр қалатын.
Сүйінбике олай етпеді. Ол ұлықтардың дəрежесіне қарай
қазынадан үлес бағыштағаны сияқты, хандықтың орта һəм төменгі
дəрежедегілерін де ұмытпай, əрқайсына өзінің несібесінен үлес
қалдырды.
«Жұрттың төменгі жіктегі кісілері Қазан хандығының төрелерінің
көбінің есіне кіріп те шықпайтын. Тек, Сүйінбике оларды көңілінен
шығармай, оларға көптеген жеңілдіктер көрсетуші еді. Қазан
хандығы уақытында оның тағына отырған хандардың көбінің есімі
бүгінде ұмыт болса да, Сүйінбикенің есімі ұмытылмады. Оның
өзі де көңілде қалғандай еді-ау. Есімі ауыздан түспеді. Оны өз
заманының кісілері сағынышпен айтатынындай, соңғы замандарда
да сағынышпен айтылып жүретініне бек сенімдімін...
...Сүйінбикенің жақсылықтары Қазан халқына күн нұрындай
сəуле шашатын. Сол нұр сəуледен əр адамға шуақ құйылатын, бай-
кедей демейтін жақсылықтан үлес бұйыратын еді...
Ол (Сүйінбике) осылай ойлап, солай істеу үшін бар күш-
жігерін жұмсаса да, Қазандықтар оны нақты тани алмады, қадірлей
алмады. Міне, осының салдарынан Сүйінбике орыстардың қолына
тұтқын болып кете барды. Ең өкініштісі, Қазан хандығы өздері
үшін ең қажет, теңдессіз бір басшысынан айрылды. Көп жеңіл
ойлыларға Сүйінбикенің тұтқындалуы əйтеуір бір шүйкебас əйелдің
тұтқындалуы секілді көрінгенімен, шындап қарасақ, бұл тұтас бір
хандықтың, бір халықтың тұтқындалуының басы еді. Сүйінбикенің
кім екенін Қазан тұрғындары бағамдай білмегенмен орыстар
өте жақсы білген еді, оның қандай көреген екеніне анық көздері
жеткен. Сүйінбике қаһарлы Иванның жауы болғаны сияқты Иван да
Сүйінбикенің жауы еді. Сапагерей ханның кезінде Русияға оқтын-
оқтын шабуыл жасауында, сонымен бірге Русияның қол астына өтіп
кете жаздап тұрған Қазан хандығын дербес хандық етіп ұстап тұра
алуында Сүйінбикенің бек зор ықпалы барын қаһарлы Иван жақсы
103
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
түсінген. Содықтан оны өзіне бітіспес жау санаған» – деп жазады
Һади Атласи.
«...1549 жылдың күзінде орыстар Қазанға шабуыл жасауға нақты
бекінеді. Сүйінбике үшін бұл жыл ең қайғылы жыл болды. Ерінің
қазасы, баласының жастығы жəне əкесі мен туған-туыстарының
бұдан қол үзуі оны шектен тыс қапаландырған еді. Қарашада
Мəскеуден аттанған қаһарлы Иван əскері ақпанда (1550) Қазан
іргесіне жетеді. Қазанды қаһарлы Иван он бір күн қоршап тұрғанымен,
ала алмайды. Сүйінбикеге сырттан ешқандай көмек болмады. Тек
жарылқаушы Тəңірі ғана оны қорғансыз тастамады. Қыс ортасында
жаңбыр жауып, бұл да орыстарға бөгет болды. Осылай табиғаттың
өзі орыстарға сəтсіздік тудырды. Одан кейін аса күшті боран соғып,
қарлы боранның борауы оларды тіпті шошытады. Ауа райы кенеттен
күрт жылынып, қар еріп, жылға-жылғаға су тола бастайды. Аяқ алып
жүргісіз жағдай туады. Осының бəрі қаһарлы Иванның жүйкесін
қажайды. Сонымен ол ақпанның 25 күні қоршауды тастап шегінеді.
Ол Еділ дария арқылы Зоя жылғасының сағасына шыққан еді. Сол
шақта оның басына сұмдық қатерлі ой келеді. Ол азып-тозған əскерін
жөнге келітіріп, тəубаларына түсіріп, ширатып, рухтарын көтеру
үшін Зоя сағасының бойына дереу шіркеу салуға бұйырады. Сəл
ойланып барып, тек шіркеу ғана емес, шағын шаһар салуға көңілі
кетеді.
Зоя жылғасының сағасынан қала салуға шындап ынтыққандықтан
қаһарлы Иван 1551 жылдың жазының кірісінде Зояға тың
əскер келтіртеді. Құрылысқа қажет ағашты Оғлыш орманынан
дайындатады. Сол жазда Зоя қалашығы салынып та болады.
Зоя қаласының салынуы Қазан хандығын құлату үшін орыстарға
мықты тірек болды. Зояның бой көтеруі Қазандықтарды шындап
шошындырды. Қазан ұлықтары бас қосып, қаһарлы Иван
əскерінен қалай қорғану жөнінде келісе бастады. Орыстардың
Қазан хандығының ортасын ойып орналасуы Сүйінбикені тіпті
үрейлендірді. Ол Қазанды қорғауды нығайтуға бұйырып, жан-
жақтан əскер жиюға кірісті. Әскер жия алмаған жағдайда ерікті
адамдардан əскер жалдауға, оған қажет қаражатты өз қазынасынан
беруге бекінді.
Зоя қалашығы тұрғанда Қазанның орыстарға өтіп кетуі аян
екендігін түсінген Сүйінбике оларды қаладан қуып шығуға ақтық
күші болса да жұмсап, соғысуға бекінді. Қазанның қорғанысын
нығайтуға, əскер жинауға бұйрық беруі, жетпегенін өз қаражатына
104
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
жалдап алуға оқталуы – бəрі-бəрі Қазанды, хандықты сақтап қалу
үшін істеген əрекеті еді.
Сүйінбике солай ойлағанымен Қазан халқы олай істемеді.
Сүйінбикенің бұйрығын қабылдаған жалғыз-ақ кісі болды. Ол –
Қощақ оғлан еді. Қощақ оғлан Қырымдықтар мен Қазандықтардан
жиырма мың əскер жинап, сол күшпен соғысуға бекінеді. Бірақ, бұл
орыс əскерімен салыстырғанда тым аз күш еді. Әрі орыс əскерінің
мылтық, зеңбірек секілді от қарулары болды», – дейді Һади Атласи
аталған еңбегінде.
«...Әйтсе де Қазанды қорғау – үмітсіздің ісі емес еді, – деп жазады
Мұхтар Мағауин, – тек көмек қажетті мезгілде жетіп үлгермеді».
Қазан хандығы осылай құлайды. Оны қорғаушылар тегіс
шейіт болып, тірі қалғандары тұтқынға алынып, Мəскеуге
жөнелтіледі. Тұтқын болып Сүйінбике мен оның ұлы Өтемісгерей
де аттандырылады. Ол жақта Сүйінбикені өз басы көп қорлық,
зəбір көреді. Бірақ тəкаппар жанның рухы сынбайды, қаһарлы Иван
алдында басын имейді, еңсесін тік ұстайды. Енді олар Сүйінбикені
жазалаудың тағы бір амалын ойлап табады. Өтемісгерейді христиан
дініне енгізіп, шоқындырып, шіркеуде мойнына крест тағып,
Александр деген ат береді. Бұл – оны ата салтымен күндердің күнінде,
Қазан хандығы қайтадан бас көтере қалған жағдайда хан тағына
отыру мүмкіндігінен біржолата айыру үшін алдын-ала жасалған
тосқауыл еді. Христиан дініндегі адамның мұсылман мемлекетіне
хан бола алмайтыны белгілі. Алайда, Руссия патшасы «жау
бөлтірігінің тірісінен өлісі қауіпсіз» деп тапса керек, Өтемісгерейді
жастай өлтірткізіп жібереді. Сүйінбикенің бəйіттерінде мынадай
жолдар бар:
Ғаріп балам Өтəмеш
Алты жасқа енді жеттің,
Пəни дүниəдан өттің,
Сөйтіп менің
Бір қайғымды кеміттің, –
деп зар төгеді.
Сүйінбикенің осы бəйіті туралы жоғарыда аты аталған зерттеуші
ғалым Фатих Урманче былай деп жазады: «Мать оставшаяся в
Москве в плену в совершенном одиночестве, выражает какую-то
удовлетворенность в связи со смертью единственного сына. Однако,
105
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
это мысль только на первый взгляд кажется странной. На самом же
деле она имеет довольно глубокий смысл...»
Иə, оның мəнісі тереңде жатыр еді. Сүйінбикедей нағыз
мұсылман əйелі үшін баласының шоқынғаны ауыр жаза болды.
Ал, осы қайғыны өмір бойы көтеріп жүру баласы үшін де азаптың
азабы екенін бүкіл жан дүниесімен ұғынған ана перзентінің содан
азат болғанына іштей жеңілдеп, «бір қайғым кеміді» демеске лажы
жоқтай. Фатих Урманче де осыны тап басып, тұспалдап айтып
отырғандай көрінеді бізге.
Осы арада сіздердің назарларыңызды тарихқа аударуды жөн
көрдік:
«ХҮІ ғасырдың соңына қарай Жайық бойындағы Ноғайлы жұрты
рулы елімен, іргелі жерімен қоса Қазақ Ордасының құрамына енген.
Еділдегі Ноғайлының қонысынан ауған қаншама халқы да, сол
заманның тілімен айтқанда, қазақ шыққан, яғни өздерін қазақпыз
деп жариялап, олар да Қазақ Ордасына құйылған...», – деп жазады
Мұхтар Мағауин жоғарыда аталған еңбегінде.
Ескі қоныста қалған, орыс бодандығын таныған, соған қызмет
жасаған Ноғайлының биі Ысмайыл өзінің Иван төртінші патшаға
– Иван Грозныйға жазған бір хатында былай дейді: «Менің ағам
Жүсіпке қарасты жұрттың көпшілігі қазақтарға ауып кетті, енді
менің өзіммен жауласа бастады, жағдайым өте ауыр», – деген
мағынада. Бұл хат мəтіні «История Казахстана в русских источниках
ХҮІ – ХХ веков» деген көптомдықтан алынып отыр.
Бүгінде 550 жылдығы аталып өтіп жатқан Қазақ хандығының
құрылуы, қазақ ұлысының ұлт болып қалыптасуы барысында Алтын
Орда, Ақ Орда, Ноғайлы сияқты кезеңдерді басынан өткергені
тарихтан мəлім. Қазақ хандығының құрылуымен Қазақстанның
жеке тарихы басталады десек те, Қазақ хандығы деп аталатын жас
мемлекеттің құрамына енген ноғайлы руларын тарихтан сызып, бөліп
тастай алмайтынымыз тағы рас қой. Сол себепті қазіргі қазақ пен
ноғай еліне ортақ тұлғаларды қалайша шет көрмекпіз. Сондықтан
да Ноғайлы дəуірінің танымал өкілдерін, ойшылдарын: Сыпыра
жырауды, Асан қайғыны, Қазтуғанды, Шалкиізді, Доспамбетті қазақ
ақын-жыраулары десек, Сүйінбике де түбі бір қандас, қарындас
болып шықпай ма?!
106
Достарыңызбен бөлісу: |