ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Ханы өліп,
Қайғырып жатқан, Айғаным.
Қара жамылып
Ай-күні батқан Айғаным.
Ханға сүйеніп,
Қоқай көрмеген Айғаным.
Қамқаға оранып,
Шоқай көрмеген Айғаным.
Мен бір сөз айтайын, тыңдашы, –
депті.
Қара жамылып жоқтау айтуға оңтайлана берген Айғаным құлақ
түріп тына қалыпты. Байдалы да тақпақтап төгілте жөнеледі:
Ер қартайды, мал тайды,
Екеуледі, ей ханым.
Қатын жалқау, ұл ынжық,
Төртеуледі, ей ханым.
Келін қатал кер болды,
Ағайын жат ел болды,
Алтаулады ей ханым.
Кəрілік пен кедейлік,
Егіз келді, ей ханым.
Мұның бəрін санасақ,
Сегіз болды, ей ханым.
Қаусаған жақ, иек бар,
Саудыраған сүйек бар.
Ауыл алыс жол болды,
Оннан асты, ей ханым.
Шығар жолды осыдан
Өзің тапшы, ей ханым.
Құла бие құлындап,
Келе алмадым, ей ханым.
Келдім енді, кетемін,
Ықылассыз ордаға
Ене алмадым, ей ханым! –
деп атын тебініп жүре бергенде Айғаным жүгіре шығып шешеннің
шылбырына оралады. Құрметтеп аттан түсіріп алып, қолтықтап ақ
65
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
ордаға енгізеді. Төрге жайғасқан соң Айғанымның жоқтау айтып,
жылауға ыңғайланып, мықынын таянғанын байқаған шешен:
– Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтауайтқалы
отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң,қалай болар
екен? – дейді.
Айғаным аңырып қалады да, Байдалы ағылып кетеді:
Қайрат деген қыран бар,
Қайғыға тізгін бермейтін.
Қайғы деген жылан бар,
Өзекті шағып өртейтін
Үміт сенім, тілек бар,
Қуантып куат алдырар.
Жылау деген азап бар
Қуратып отқа жаңдырар.
Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, қайратыңды қолдағалы
келдім, Айғаным, – дейді.
Әдетте, мұндай қадірлі кісі келгенде ханым қара жамылып
жоқтау айтып, ол тынғанда төрдегі сəлдесі қара қазаңдай молда
сарнап, құранын күңіренте жөнеледі екен. Қаралы ханым одан
сайын езіліп, егіліп, орнынан қозғалмай кайғырып ұзақ отырып
қалса керек. Бұл жолы мұның бірі де болмайды. Байдалының келуі
қайғылы орданың қалыпты тіршілігін қайта оралтқандай əсер етеді.
Сыйлы қонағын өзі күтетін дағдысымен Айғаным орнынан тұрып
шай қойғызып, мал сойғызады. Жел қағып, жол соғып, шөлдеп
келген шешенге сары шарадан сапырып, өз қолымен қымыз құйып
береді. Ханымның қабағы ашылып, жүзі жадырай бастаған соң
шешен де еркін жайғасып, шешіле, көсіле сөйлейді. Ауыл аймақтың
амандығынан басталған əңгіме желісін кең тартып, құлашын еркін
сермейді. Шешеннің нақылмен өрнектелген ақыл сөзі Айғанымға əр
алуан ой салып, көңілі сергиін дейді. Көңіл кірін кетіргелі ханым да
өз тарапынан өкпе-назын іркілмей айтады.
– Ханмен сыйлас, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында
қара тұман қалды. Қалың тұманда малтығып мен қалдым. Қараңғыда
көзсіз көбелектей қайда қарманарымды білмей, қапа боп қалғанда
ат ізін салмағаныңызға өкпелеп те жүр едім. Мен сізді келер, келер
де жылатар, жылатар да жұбатар, содан соң ханға бағыштап жақсы
66
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
бір аят оқыр деп ойлағанмын. Бірақ мұның бірін де жасаған жоқсыз.
Сонда да мен сергіп, бір түрлі көтеріліп қалдым. Мұның мəнісі не?
– деп сұрапты шешеннен ханым.
– Келген беттен білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатқаным
емес пе? Қайғырып жатқан жеріңнен тұрғызып, ас-суыңды өзіңе
басқарттым, бұл жұбатқаным емес пе? Ал ханымның қайғысы
жылаумен жеңілдемейді, ханның күнəсі құранмен жуылмайды.
Сондықтан жылаулатпай, құраңдатпай келгенім рас. Мүмкін менің
сөзім сенің қайғыңды тереңдетпей, қайратыңды кемелдеткен болар,
– дейді. «Оныңыз рас, рас», – деп басын изейді ханым. Бір жұма
жатқан соң Байдалығаат мінгізіп, құлынды бие жетектетіп, қамқа тон
кигізіп,аттандырып салады Айғаным (Шешендік сөздер, Алматы:
«Отау» баспасы, 1992).
Абылайдан қалған сол қамқа тон Байдалы шешеннің Жаңарқа
ауданындағы ұрпақтарында бертінге дейін сақталыпты. Зерделі
ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбектің айтуына қарағанда, соны естіп
Евней Букетов арнайы іздеп барып киіп көргенде тон еңгезердей
Евағаңның тобығына дейін түсіпті. Соған қарап-ақ тон иесінің
қандай атан жілік, атпал азамат болғанын бағамдай беріңіз.
Казақтан да ондай бойы да, ойы да алып даналар мен алыпты
өмірге əкеп, халықты аузына қаратқан аналар аз болмағаны ғой.
Сондай халықтың қайнаған ортасынан жарып шығып, əйел затынан
қазақтың тұңғыш ханы атанған Айғаным анамыз да өткен өмірден.
Ол қайтыс болғанда: «1852 жылы қазан айының 19 күні мұсылманша
бейсенбіде намаздігер кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм
Уəлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы жетпіс жаста дүние салды.
20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас
кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған» деп арнаулы
хабар берілді.
Айғаным С.Мұқановтың «Аққан жұлдызында» Шоқанның анасы
Зейнеп келін боп босаға аттаған күні үзілді деп жазылады. Ал нақты
деректер оның Зейнеп пен Шыңғыстың тұңғышы – болашақ ғалым
Шоқанды бауырына басып, кішкентайынан халық даналығымен
сусындатып, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болғанын көзімен көріп,
дүниеден озғанын дəлелдейді. Біздер қызықпыз ғой, Шоқанның
өзін тəп-тəуір зерттегенмен оның төңірегін тасада қалдырып кете
барамыз. Әйтпесе Айғанымның саналы өмір, сан салалы қызметі,
соқтықпалы соқпақсыз ортасы өз алдына бір тарих, таусылмас
сырлы шежіре емес пе?! Жақында Көкшетаудың Зеренді аудандық
67
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
газетінен асық досым, бір кездегі белді партия, кеңес қызметкері
Олжабай Нұрғалиевтің ол жайында жазғанын оқып қуанып қалдым.
Біраз мағлұмат жинап, ханшаның суретін де тауып алыпты. Сол
суретті көргенде «Аққан жұлдыздағы» патша мұрагерін қарсы
алған кездегі сəн-салтанат еске түсіп, Айғанымның əсем бейнесі
көз алдыма келіп тұра қалды. «Оның жарқ еткен шырайлы кескіні
бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық
аспандағы жалтыраған шолпандай боп көрінді, – деп суреттемеуші
ме еді Сəбең. – Басыңда алтыннан əшекейлеп жасаған, өн бойы
түрлі-түсті қымбат тастармен безендірілген, мандайына сиырдың
тобығындай үлкен жақұт орнатқан тəж, одан бетіне түсірген
жұқа селдір ақ жібек шадыра, үстінде – орысша парча, қазақша
үштоп аталатын қызғылт түсті мауыты, оның өрнектері алтыннан:
мəнерлі шым жібектен тігілген көйлегі жерге сүйретілген қос етек;
аяғындағы оюлы, кестелі биік өкше етігі тек қадам басқанда ғана
көзге түседі: тоқпақтай жуан бұрымдары екіге өрілген де, ұшына
жалпақтығы алақандай алтын шолпы тағылған, саусақтары мен
білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы». Неткен нəзік
талғам, ғажайып нақыш десеңші! Сұлулығына сыр мен сымбаты сай
келген ажарына ақылы сай осындай аналары болған қазақ халқы
ешқашан өркениетті елдер көшінен қалмаса керек.
Асылы, Айғаным – көзі тірісінде елдің анасы, жердің панасы
бола білген ірі тұлға.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
ҚАҺАРМАНДЫҚ ЖƏНЕ ƏЙЕЛ ДАНАЛЫҒЫ
(Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» жыры негізінде)
Мұрат Мөңкеұлының шоқтығы биік шығармасының бірі –
«Қарасай-Қази» жыры. Бұл – ерлік пен батырлықты, халықтың
жауынгерлік рухын дəріптейтін шығарма. Қаһармандық эпос
ұрпақты ел мен жерді қорғауға, атамекеннің қадір-қасиетін санаға
сіңіруге үндейді. «Қарасай-Қази» жырының бірнеше нұсқасы
68
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
бар. Бүгінде Мұрат Мөңкеұлы, Қашаған Күржіманұлы, Нұрпейіс
Байғанин, Құдайберген Шоқаев, Мүстежеп Ахметов, Қобылаш
Бекмағамбетов, Мұрын Сеңгірбекұлы, Хайролла Иманғалиев, Айса
Байтабынов, Наурызбек Рахманқұлов, Сейіт жырау, Жақсылық
жырау, Нұртуған Кенжеғұлов жырлаған нұсқалар ел игілігіне
айналып отыр. «Қарасай-Қазидың» барлық нұсқалары «Бабалар
сөзі» жүзтомдығының 41, 42, 46-томдарында топтастырылды.
Мұраттың «Қарасай-Қазиы» – жырдың ең қысқа нұсқалардың
бірі. Бұл ақынның ұзақ жырының қолға тиген шағын бір үзіндісі
болуы да мүмкін. Мұны Х.Досмұхамедұлы былайша ескертіп өтеді:
«Мұрат ескі сөздерді көп білген. Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асан
Қайғы, Қазтуған секілді өткен замандағы адамдар туралы Мұрат көп
өлеңдер шығарған. Қарасай-Қази туралы Мұрат екі күндей айтатын
еді деп ақсақалдардан естігенім бар. Мұрат сөздерінің көбі осы күні
жойылған. Біздің басып отырған «Қарасай-Қазиымыз» ұзақ сөзден
қалған бір жұрнақ» [1, 103]. Х.Досмұхамедұлы 1924 жылы Ташкент
қаласында бастырған «Мұрат ақынның сөздері» деген кітапқа енген
«Қарасай-Қази» жыры кейін бірнеше рет жарияланды.
Жырдағы Орақ, Қарасай мен Қази, Ер Тарғын – тұлғалық үлгі
дəрежесіне көтерілген бейнелер. Бұл шығарманың 1943 жылы Отан
соғысы жүріп жатқан кезде «Қызыл əскер кітапханасы» сериясымен,
«Неміс оккупанттарына өлім келсін!» деген айдармен жеке кітап
болып басылып шығарылып, ұрыс даласына аттандырылғаны да
сондықтан [2]. Майдандағы жауынгерлерді жігерлендіру үшін
осындай ерлік пен қаһармандыққа шақыратын, патриоттыққа
тəрбиелейтін шығармалар қажет болды. Сөйтіп, Мұрат ақынның
«Қарасай-Қазиы» да жеңісті жақындатуға үлес қосты.
«Қарасай-Қази» – тек ерлік пен батырлықты үлгі етіп қана
қоймай, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстауға, ел қорғаған
ерлердің халқы сүйген мінез-құлықтарынан үйренуге үндейтін
шығарма. Мұсаның отыз ұлының бірі Орақ батыр құрулы тұрған
алмас қылышқа ұрынып, жан тапсырғанда оның артында Қараүлек
деген шешесі, бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр əйелі, Қарасай мен Қази
деген екі ұлы, Қибат деген қызы қалады. Жырдағы батырлар бейнесі
осы үш əйел затының образдары арқылы тұлғалана түседі. Орақтың
сексен беске келген шешесі Қараүлек ұлын былайша жоқтайды:
69
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Айдын да Орақ, ай да Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Аштарханда даңды Орақ.
Аюдай арқыраған Орағым,
Күндей күркіреген шырағым,
Кетіпті алыс сапарға [3, 127].
Жыр басталысымен-ақ мерт болған Орақтың текті тұлғасы,
қаһармандық іс-əрекеті оның жақын-жуықтарының жоқтау
өлеңі арқылы баяндалады. Анасының, жан жарының, қызының
толғаныстары батырдың болмыс-бітімін танытады, мінез-құлқын
кейіптейді, адами қасиеттерін үлгілейді. Шешесі Қараүлек
баласының басын бағалап, батырлығын айтып («Қарауыл басы
қолбасым, Жортуыл басы жолбарысым»), аналық мейірімін білдіріп
(«Ежелден сырлас мұңдасым, Жау дегенде тынбасым») отырып
жоқтайды. Орақты өлтірген Алшы, Смайыл, Тобаяқтарға «Ертеменен
тұра алмай, Белімді бекем буа алмай, Беті-қолым жуа алмай,
Көзімнің жасын тыя алмай, Отырғанда мен сөйтіп, Бата оқи келдің
бе, Шынымен де балам, ұялмай!» – деп тіл қатып, зар жылайды. Бұл
жоқтауда тек Орақтың ғана емес, оны ұлықтаған ананың өз бейнесі
де нақты көрініс тапқан.
Әсіресе, Орақты жоқтаған бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр əйелінің
сөзіне ден қоймасқа болмайды. Бұл – батырлардың ай десе аузы
бар, күн десе көзі бар аруларды таңдап алу мотивіне кереғар мысал.
Кемтар əйел жарының адами тұлғасын жоқтау өлеңімен биіктете
түседі. Сол арқылы Орақтың өзіне деген қадір-құрметінің айрықша
екенін аңғартады.
Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,
Үстіме қатын алмадың.
Артылдыра қамшы салмадың,
Алшаңдаттың мені Орақ [3, 131].
Әйелдің зарлы жоқтауына қарағанда батырлығымен елге кең
танылған, «құланды қақтан қайырған, хандарды тақтан тайдырған»
Орақ кемтар қосағының көңіліне қаяу түсірмеген көрінеді. Әдетте
қаһармандық эпостарда батырлар бірнеше əйелмен бас қосады.
Олардың бəрі де шетінен алма мойын, аршын төс арулар болып
келеді. Ал Орақтың бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ жалғыз əйелді
70
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
қанағат тұтуы оның биік парасат иесі екенін көрсетеді. Оның
төңірегіндегі əйелдер хас батырға лайық туыс-жекжат болуымен
ерекшеленеді.
Орақтың ақсақ əйелімен бас қосуы туралы көп нұсқада таралған
аңыздар жеткілікті. Қашаған Күржіманұлы жырлаған нұсқада Орақ
батырдың қалмақтың қаласын шауып келе жатып, жолда дəретке
отырған ақсақ əйелді көретіні, оның орнынан қара түтін көкке
көтерілетіні туралы айтылады. Батыр бұл тегін емес деп, текті ұрпақ
сүюді ойлап, əлгі қырық бірге келген кемтар қызбен бас құрайды [4,
48].
Сонымен қатар, «Қарасай-Қази» жырының Мұрын жырау
нұсқасы былай басталады: «Орақ пен Мамай екі батыр тұрған
заманда Ораққа «Әйел ал» десе, алмайды екен. «Маған жақсы əйел
керек, жаман əйел алмаймын» дейді екен. Жауға аттанайын деп
тұрғанда сол ауылдағы бір көзі жоқ соқыр, бір қолы жоқ шолақ, бір
аяғы жоқ ақсақ əйелді көреді. Әскер жинап кетейін деп тұрғанда:
«Қайтіп келетін күн болса, осы əйелді алармын» деп кетеді. Осы
əйелден бір асыл бала туады екен деп ойлайды [5, 123].
Мұның бəрі адамның бойындағы тектілікті əріден тану, асыл
қасиеттерді бағалау ұғымдарымен астасып жатыр. Орақтай хас
батыр мен оның нəсілі асыл əйелінен ел қорғанына айналған Қарасай
мен Қазидың жаралуы – заңды құбылыс. Орақ пен ақсақ əрі соқыр
əйелінің қалай көңіл қосқаны жоғарыдағы аңыздың желісімен басқа
да кейбір нұсқаларда аталып өтеді. Қашаған нұсқасында ол Шəлгез
батырдың қызы, Қобылаш нұсқасында балықшы Шəудір шалдың
қызы Қарашаш болып суреттеледі.
«Орақ-Мамай» қаһармандық жырын зерттеуші Асқар Тұрғанбаев
Әміреш Жұмағазин нұсқасында баяндалатын Орақтың үйленуін
батырдың жар іздеу мотивімен байланыстырады. «Орақ Қазыман Сұр
деген жолдасының ертуімен Айтатыр деген көлде аң аулап жатады.
Бір күні сол көлдің қорықшысы Қыпшақ Қара шалдың қызын көріп,
Орақ оған көз салады. Орақтың көзі түскенде қыздың түзге отырған
жері жанады. Бұл қыз «батыр бала туады» деген белгі екен. Қыздың
бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ, құлағы саңырау, басы таз болғанына
қарамай, оның əкесіне сұраған малын беріп, айттырып алады [6, 78].
Жырдың негізгі желісіндегі бір көзі соқыр, бір аяғы ақсақ əйелге
басқа нұсқаларда кемтарлықтың өзге белгілері де үсті-үстіне жамала
түседі. Қолының шолақ, құлағының саңырау, басының таз болуы –
осының көрінісі. Бұл – батыр ұлдарды табатын əйелдің нəсілі текті
71
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
екенін таныту үшін ойластырылған мотивтер. Ұлттың ұлылығын
дəріптейтін адами қасиеттерді үлгі ету үшін қажет. Бұл тұрғыда
«Жар іздеу мотивінің негізгі түйіні үй болуы, семья құру болса, ол
келешекте өзіндей, не өзінен де асып түсетін ұрпақ қалдыру тілегіне
келіп тіреледі» [7, 17] деген Қажым Жұмалиевтің пікіріне сүйенген
Асқар Тұрғанбаев мынадай тұжырым жасайды: «Орақтың жар
іздеуі Алпамыстың Гүлбаршынды іздеуі, Қобыландының Құртқаны
алуынан мүлде бөлек. Мұндағы басты мақсат – болашақ батыр ұл
туатын əйелді табу. Әйелдің сұлулығы, шыққан тегінің еш маңызы
жоқ. Керісінше, Қарашаш – түрсіз əрі мүгедек. Бірақ ол Орақ өлер
сəтте жəне кейін Орақтың кегін қайтарған сəтте (қайғы, қуаныш)
бар кемісі жойылып, керемет сұлу əйелге айналады» [6, 78].
Орақтың əйелінің жан сұлулығының белгілері жарын жоқтауынан
да («Өлеріңді білгенде, Алланың берген түнінде, Армансыз құшып
жатпадым»), Қарасайды жауға аттануға қайрауынан да «Сенің анаң
мен едім, Мен саған жерік болғанда, Сегіз жылан жеп едім»), ұлына
ақыл қосуынан да («Қибат түгілі мені сат, Ат көңіліңе жараса-ай»)
айқын байқалады.
Жырдағы ерекше бейненің бірі – Қарасай мен Қазидың қарындасы
Қибат. Қарасай жауға аттанбақ болып, Көкше батырдың Көкбұйра
атын саудалағанда ол ақысына Қибатты сұрайды. Шешесімен
ақылдасып, ақыры келіскен Қарасайға қарындасы Қибат келіп уəж
айтады:
Кешегі əкем кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Жалғыз тайға саттың ба?
Атың əйел демесең,
Мен екеуіңнен кем бе едім? [3, 137].
Осыны естіп, аттан түсіп, жауға қарай жаяу тартқан ағасына
жаны ашыған Қибат райынан қайтып («Сен томсарып кетпе, күліп
кет, Қалаған атың мініп кет, Мен қыз болсам да ұлдаймын, Қадірімді
біліп кет»), ризашылық танытады («Айналайын Қареке, Мен бір
бата берейін, Қолыңда жай, ағеке»). Сөйте тұра көңіліндегі наласын
да ақтарады («Күндердің күні болғанда, Жалғыз тайға сатқаның,
Тек байлаулы басың болмасын»), келер күнін де ойлап қамығады
(«Абысын, ажын бар болып, Жалғыз тайға келдің деп, Бетіме салық
етер ме?»).
72
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай-Қази» жырындағы əйелдер – ел
қорғаны ерлердің болмысын биіктететін бейнелер, елдіктің сипатын
танытатын тұлғалар. Қаһармандық жырдағы батырдың анасы,
жары жəне қызы қандай болуы керек десек, осы үшеуінің бейнесі
санамызда жаңғыра түспек.
Қысқасы, Қараүлек, Қарашаш (Мұрат нұсқасында аты аталмайды),
Қибат үштігі – ұлт болу, ел болу жолындағы əйел затының үлесін
танытатын үйлесімді үштаған дер едік.
Əдебиеттер:
1. Досмұхамедұлы. Х. Аламан. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 176 б.
2. Мөңкеұлы. М. Қарасай-Қази. Алматы: ҚММБ, 1943. – 58 б.
3. Мөңкеұлы. М. Шығармалары. Алматы: «Ана тілі», 2013. – 288 б.
4. Күржіманұлы Қ. Қарасай-Қази // Бабалар сөзі: Жүз томдық. Т.41:
Батырлар жыры. Астана: «Фолиант», 2007. – 448 б.
5. Сеңгірбекұлы М. Қарасай-Қази // Қырымның қырық батыры.
Алматы: «Арыс», 2005. – 544 б.
6. Тұрғанбаев А. Қазақтың қаһармандық жыры – «Орақ-Мамай».
Алматы: «Аrna-b», 2009. – 142 б.
7. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен əдебиет тарихы мəселелері.
Алматы: ҚМКӘБ, 1958. – 382 б.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің
проректоры, ҚР ҰҒА
корреспондент-мүшесі
«23 ЖОҚТАУ» – ХАНЫМДАР МЕН ƏЙЕЛДЕРДІҢ
АЗАТТЫҚТЫ ЖОҚТАУЫ
Бүгінде Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы,
аса көрнекті тілші, əдебиетші Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін
адам кемде-кем. Ол туралы қаншама еңбек жазылды, ағартушының
мұралары бірнеше дүркін көптомдық болып жарияланып, халыққа
73
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
жетті. Ендігі міндет – сол телегей теңіз мұраны байыптап, парықтап
оқу жəне түйегінімізді өскелең ұрпаққа жеткізу.
А.Байтұрсынұлының бай рухани мирасының ішінде 1926 жылы
Мəскеудің «Күншығыс» баспасынан (ресми аты – «Кеңестер
Одағындағы елдердің кіндік баспасы») шыққан «23 жоқтау» атты
жинағы ерекше көзге түседі [1]. Неге?
Біріншіден, алақайлап «социализм құрамыз», «бай тұқымын тап
ретінде жоямыз» деп жатқан кезеңде сұлтан мен батыр, би мен қожа
– жалпы бұрынғының игі жақсылары туралы жоқтаулар жинағын
шығару – ерекше қадам.
Екіншіден, өткеннен безіп (бұрынғыны біржақты сызып),
бəрін жаңадан бастаймыз деген кезеңде А.Байтұрсынұлы еңбектің
беташар парағына «қазақ тарихының төрт жүз жылын алады»
деп жазуы – таңқаларлық шешім.
Енді есептеп көрсеңіз, 1926 жылдан 400 жыл алғанда, 1526
жыл болады. Бұл – Қазақ хандығының нағыз күш-қуат алған шағы.
Сонымен бірге осы уақыт – бізбен ағайын біраз жұрт азаттығының
басы бəйгеге түскен кезең. Бұл ретте ағартушы тарих пен аңыз,
жазбаша дерек пен ауызша дерек арасын жақсы зерделеп отыр.
Кімдер кімді жоқтағанына көңіл бөліңіз: 1) Қараүлек ананың
Мамай баласын (батыр) жоқтауы; 2) Қамқаның əкесі Қазыбек биді
(Қаздауысты Қазыбек) жоқтауы; 3) Кеңгірбайды жоқтау; 4) Алтай
Тəтіні жоқтау; 5) Нысанбайдың Кенесары-Наурызбайды жоқтауы;
6) Қырғыз Жантайды жоқтау; 7) Қырғыз Шоқшалайды қызының
жоқтауы; 8) Шақшақ ұрпағы Төлебайды қызының жоқтауы; 9)
Төлебайды келінінің жоқтауы; 10) Төлебайды қатынының жоқтауы;
11) Шұбыртпалы Әйкеге шығарған Бұдабай жоқтауы; 12) Қырғыз
қызының жоқтауы; 13) Найман Әбжанды жоқтау; 14) Балқын қыздың
жоқтауы; 15) Байжігіт Мұратты қатынының жоқтауы; 16) Ысмайыл
ханды ханымы Күнжанның жоқтауы; 17) Ерторыны келінінің
жоқтауы; 18) Жолдыбайды қызының жоқтауы; 19) Есмағамбетті
қатынының жоқтауы; 20) Ерғазыны қатынының жоқтауы; 21)
Әбдірахманды Абайдың жоқтауы; 22) Ормамбетті баласы
Нарманбеттің жоқтауы; 23) Әбдіғапарды қатынының жоқтауы.
Жоғарыда «Бұдабай ақын шығарған» дегендей, бұл жоқтауларды
көбінесе айтушы емес, басқа бір ақын немесе жыршы шығарғанын
байқаймыз. А.Байтұрсынұлы бұл туралы: «Жоқтауды көбінесе
ақындар шығарып береді. Сондықтан жоқтау ақын лұғатты
келеді» деп жазады [2]. Мысалы, «23 жоқтау» жинағындағы
74
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ ХАНЫМДАР МЕН АРУЛАР
мұралардың əрбіріне шағын түсініктеме берген «Қыр баласы»
(Әлихан Бөкейхан) «Қарпық ақын шығарған», «Найман шығарған»
т.б. деп ескертеді.
Әрине, жоқтау – фольклор жанры. Сондықтан оның уақыт пен
кеңістік аясы, деректік негіздері көп жағдайда шартты. Бірақ Қазақ
хандығы дəуіріндегі оқиға, тұлға атауларында, олардың жалпы
нобайында сəйкессіздік өте аз.
Қарапайым өмірде жоқтауды « дауыс салу» деп те атайды. Ежелгі
əдет-ғұрпымызда адам қайтқан күннен бастап оның жылы өтіп,
асы берілгенше жоқтау айтылғаны белгілі. Дегенмен оның ерекше
жеткізілетін тұсы – жаназаның (ресми діни рəсім) алды-арты немесе
кісіні жер қойнына беретін мезет [3]. Ағайын-туыс қазалы үйге «ой,
бауырымдап» ат қойып шауып келіп, көрісіп қөңіл айтады. Мəйітті
шығарарда марқұмның əйелі немесе қыз балалары жоқтау айтып,
қайғысын естелікке құрылған дəстүрлі жыр сарынымен басады [4].
Әйгілі Байдалы би айтты дейтін: «Сен жоқтау айтқалы
Достарыңызбен бөлісу: |