83
алушылардың танымдық қажеттіліктерін, олардың жеке ерекшеліктерін
барынша ескереді.
Білім алушылардың бағдарламалық материалды игеру деңгейі оқытуда
деңгейлік саралау технологиясын қолданумен байланысты. Бұл технологияда
танымдық іс-әрекетті басқару әрбір білім алушыны шағын топтар жүйесі
арқылы өзінің жеке мүмкіндіктері мен қабілеттері деңгейінде оқыту
мақсатында жүзеге асырылады. Педагогтің әлсіз білім алушыға
сараланған
тәсілмен көмектесуіне, күшті білім алушыға көңіл бөлуіне, қиын балалармен
тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндігі болады.
Инклюзивті білім берудің табысты практикасында білім алушы – нені, не
үшін және қалай істеп жатқаны, ненің қолынан келіп-келмейтіні, не себепті
қолынан келмейтіні жөнінде өз-өзіне есеп беретін, сондай-ақ нені оқып
жатқанын және оқытудың нәтижесі қандай болатынын түсінетін білім беру
субъектісі. Осылайша, барлық білім алушылар, оның ішінде ерекше білім
беруді қажет ететін балалар педагогпен бірге өз қызметтерінің рефлексиясын
жүзеге асырады.
Жеке тәсілмен оқытудың мақсаты – білім алушылардың білімдерінде
кемшіліктердің пайда болуына жол бермеу. Мұндайда білім алушылардың
ұжымдық жұмысын ұйымдастыруға басты назар аударылады. Жекелеген білім
алушыларда пайда болуы мүмкін қиындықтарды педагог алдын ала болжауы
керек. Сондықтан мұндай білім алушыларға педагог оқулықтан материалды
алдын ала оқуға, кестеге жүгінуге, осыған ұқсас жаттығуларды тағы да
орындауға кеңес береді, білім алушының ойын бағыттайтын жетекші сұрақтар
қояды.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуда жеке әдіспен жұмыс
жасау әр пәннің ерекшелігін ескеруді талап етеді. Педагог сыныпта білім
алушы кез келген уақытта кез келген сұрақ қоя алатындай жағдай жасауы
керек. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасау әдістерін меңгеру
олардың психикалық белсенділігінің ерекшелігін құрайтын көрсеткіштердің
тұтастай кешенін зерттеу тереңдігіне тәуелді. Әр білім алушының жеке
ерекшеліктерін білу арқылы педагог сол білім алушымен жұмыс істеу үшін
ыңғайлы тәсілдерді анықтай алады. Сонымен қатар келесі жеке
сипаттамаларды
ескеру маңызды:
- баланың дене және психикалық дамуына әсер ететін негізгі
ерекшеліктер;
- сөйлеу, интеллект, эмоциялық-ерік
аясының жағдайы;
- балалардың жас
және жеке ерекшеліктері;
- олардың қалауын, мүдделерін, бейімділіктерін, мүмкіндіктерін көрсету
және дамыту үшін жағдай жасау;
- психикалық процестердің ерекшеліктері (қабылдау, зейін, есте сақтау,
ойлау);
- темперамент түрі.
Жеке көзқарас бұл ерекшеліктерді ескеріп қана қоймай, сонымен қатар әр
білім алушымен жеке дәйекті жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Кейбір
балалар үшін жеке сабақтар дамудың негізгі шарттарының бірі екенін есте
сақтаған жөн.
85
Бағалау қызметінде психологиялық және педагогикалық қолдау
көрсетудің екі бағытын ескеру қажет:
- өзекті – балада осыған дейін пайда болған қиындықтарды шешуге
бағытталған;
- келешекті – оқуда болуы мүмкін қиындықтарды ескеруге және алдын
алуға бағытталған.
Екі бағыт та педагогикалық процесте қолдау қызметінің барлық
мамандарының және педагогтердің бірлескен күш-жігерінің арқасында іске
асырылуы мүмкін.
Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандарымен бірге
педагог барлық сыныптармен жұмыс істеу стратегиясын ойластырады, оған
сәйкес балалар нәтижені, оқу өнімінің сапасын ғана емес, сонымен қатар
процесті – қосымша күш-жігер деңгейін, белсенділікті, топтық жұмысқа қатысу
шараларын, өзінің өсуін бағалайды.
Жеке-топтық және ұжымдық жұмыстың үйлесімділігі жағдайында әрбір
білім алушының өзіне тән қарқынмен жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
Күшті білім алушылармен жұмыс істеу негізінде мазмұны үнемі артып
отыратын жүктеме болуы тиіс. Әлсіз білім алушылармен жеке жұмысты
жүргізу қиындықтарды жүйелі түрде зерделеуге негізделуі тиіс. Ұжымдық
жұмыс формаларын жеке тәсілмен біріктірудің бір тәсілі – әртүрлі деңгейдегі
сараланған тапсырмаларды қолдану. Тапсырмаларды 2 бөлікке бөлуге болады:
міндетті және қажетті.
Бұл әлсіз білім алушыларға асықпай, міндетті
тапсырмаларды
орындауға,
ал күшті білім
алушыларға
қосымша
тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді.
Бағалау процесінде жиынтық жұмыстарды әзірлеуде бастауыш сынып
педагогтері балалардың мүмкіндіктеріне бейімделген, бірақ міндетті түрде оқу
мақсаттарына сәйкес келетін әртүрлі деңгейлер мен типтегі тапсырмаларды
қолданады. Мұндай тапсырмаларды таңдау білім алушының өзінің «жақын
даму аймағындағы» мүмкіндіктерімен анықталады. Мұндайда педагог
тапсырмаларды орындау формасын, амалдарын, тәсілдерін әр кез өзгерту
мүмкіндігіне ие.
Мұндай дараландыру процесі ерекше білім беруді қажет ететін бала үшін
де, оның қалыпты дамып келе жатқан құрдастары үшін де маңызды.
Дараландыру принципі сыныптың барлық білім алушылары үшін тең
мүмкіндіктер жасауға жағдай туғызады, осылайша практикада инклюзивті
көзқарас іске асады.
Инклюзия дәстүрлі мектеп жүйесінің өлшемдеріне сәйкес болу дәрежесіне
қарамастан әрбір адамға білім алуға құқық береді. Білім алушылардың
әрқайсысының даралығын құрметтеу және қабылдау арқылы жеке тұлға
қалыптасады. Сонымен қатар балалар ұжымда болып, бір-бірімен өзара қарым-
қатынас жасауға, педагогпен бірге білім беру мәселелерін шығармашылық
тұрғыда шешуге үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: