15
туындыдағы орнына тоқталу жатады. Мысалы, «Қорғансыздың күні» (М. Әуезов)
әңгімесінің басында жолаушылар суреттеледі. Әсіресе ақын портреті оның нәпсіқұмар
жан екенін аңғартады, әңгімедегі негізгі сұмдық оқиғаларды осы портреттеу алдын ала
болжатқандай болды. Боранның соға бастауы да көп нәрсені аңғартады. Табиғаттың
дүлей бораны мен адам жауыздығы қатар қойылады. Боран ызғары оқырманға бір
сұмдықтың болатынын алдын ала сездіреді.
2.
Жазушы стиліне талдау жасаудың маңызы сол, ол туынды негізінде
жатқан авторлық көзқарас, идеяны ашуға көмек жасайды. Жазушы стилі дегенде, ең
алдымен, оның көркем тілі, поэтикалық бейнелер жасауы («кәрі құда», немесе «сұр
бұлт» т.б.),
жалпы халық тілін меңгеруі, сол арқылы әдеби тіл жасауын айтуға болады.
Мысалы, Абай «Аттың сынында» халықтың күнделікті сөйлеу тілінде бар «шоқпар»
сөзімен «шоқпардай» деген теңеу жасаған, әрі бұл теңеу жүйрік ат сынын сүйреттеуде
өзіндік орын алып тұр. Немесе қысты «кәрі құда» деп алып, тамаша метафора жасаған.
Ашулы қысты «кәрі құдаға» балап сипаттау өлеңдегі ақын ойын айшықтап көрсетіп
тұр. «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде Абай «бұрқырап», «тарқылдап», аңғылдап»,
«шапқылап» деген көсемшелерді ерекше көп пайдаланады. Бұлар арқылы болыстың
жексұрын бейнесін суреттейді. Солар арқылы көз алдымызға қорқақ «бас изеймін
шыбындап), мақтаншақ, (мақтанамын кісімсіп), екі жүзді, (қайраттансып, қамқорсып),
аяр (тарқылдап, қарқылдап) болысты келтіреміз.
Жазушы стиліне талдау жолдары әр алуан. Төменгі сыныптарда оны ойын элементі
бар сабақтар арқылы өткізуге болады. Мысалы, «Күз» сипатындағы эпитеттердің
синонимін табуға әрекеттендіру т.б. Ал жоғарғы сыныптарда салыстыру, зерттеу, іздендіру
бағытындағы тапсырмалар арқылы жүзеге асыру тиімді. Айталық, Ілияс Жансүгіровтің
поэтикалық тілін талдау барысында «Құлагердегі» Көкше суреті мен Сәкендегі Көкше
суретін, Қасым Аманжолов «Көкшесін» салыстыру арқылы бірнеше жұмыс атқаруға
болады. Сондай-ақ кейіпкер тілін, авторлық баяндаулар ерекшелігін, жалпы суреткердің
жазу мәнерін талдау әдеби талдаудың маңызды бір жағы екенін естен шығармаған жөн.
Мысалы, С.Көбеевтің «Қалың мал» романы бойынша мына үлгідегі жұмыстар жүргізуге
болады.
Достарыңызбен бөлісу: