Ескерту: Бұл мақала 1923 жылы жазылғанымен, жарық
көрмеген қолжазба. Қазақстан Республикасы Орталық мемле-
кеттік мұрағатына тəн. Бірақ қолжазба орнында жоқ, қолды
болып кеткен. Мақаланы 1992 жылы қазақ тіліне аударып,
«Жұлдыз» журналының №2 санында тұңғыш рет жария-
лаған – Бейсенбай Байғалиев, əдебиетші, мұрағаттанушы.
Кейін 1999 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты тарапынан ғалымның 125 жылдық мерейтойына
арналған «Ұлттық рухтың рухани тіні» атты жинаққа əуелгі
орыс тіліндегі нұсқасы алғаш рет жарияланды.
Жоғарыда жарияланып отырған Б.Байғалиев нұсқасы еркін
аударма. Түсіп қалған кейбір тұстары толықтырылып, қайта
өңделді. Ахметтану мəселесінде танымы зор, тағылымы терең
бұл мақала Байтұрсынұлының алты томдығының 6-томынан
орын алып отыр. Ғалымның қайта басылған жинақтарына ен-
беген.
Бұл зерттеудегі «Туған тілім» өлеңі мен «Шекіспей,
бекіспейді» мақала А.Байтұрсынұлының «Байқаушы» деген
лақап атын ашуға негіз болды. Зерттеу мақаланы ғылыми
айналымға түсіру – бүгінгі филология мамандарының міндеті.
144
2. МҰРАҒАТТЫҚ СУРЕТТЕР
Ахмет Байтұрсынұлы, Əлихан Бөкейхан,
Міржақып Дулатұлы.
Ахмет Байтұрсынұлы
«Ғалия» медресесінің шəкірттерінің ортасында.
145
Ахмет Байтұрсынұлы түркістандықтармен, 1922 ж.
Ахмет Байтұрсынұлы мен Сəкен Сейфуллин
əріптестерінің ортасында.
146
Ахмет Байтұрсынұлы Торғай облысынан келген
делегациясымен бірге, 1918 ж.
Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік істе. 1920-1924 жж.
147
Ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық съезі.
1927 ж. ақпан.
Съезге қатысушылар:
А.Байтұрсынұлы жəне С.Ольденбург.
148
В.И.Лениннің қабылдауына кіргендегі мандаты.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ТƏУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢДЕГІ
АХМЕТТАНУ
150
1. АЛАШ АРЫСЫНЫҢ ОРАЛУЫ:
танымдық мақалалар, ғылыми зерттеулер
Əбіш Кекілбайұлы
Халық жазушысы
ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ
(Аса көрнекті мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым,
ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына
125 жыл толуына байланысты салтанаттағы сөз.
12-қыркүйек 1998 жыл)
Ардақты Елбасы!
Қадірлі қауым!
Біз бүгін қилы заманда туып, қиямет кешіп, мерт тапқан
ғазиз жанның атын ардақтап, аруағын ұлықтауға жиналдық. Ол
бізді кешегіні күйзеле еске алып, келешекті толғана пайымдау-
ға мəжбүр етеді. Оның үстіне, адамзат бір ғасыр таусылып, жаңа
мың жылдық басталар тұсты тым дегбірсіздене күткендей.
Ол түсінікті де. Қай межеден де қапы қалмастай боп, абайлап
аттағанның айыбы жоқ. Ондайда: «Қайтпек керек!» – дейтін
сауал: «Бұрынғылар қайткен екен?» – деген сауалға ұласады.
Сонда төл тарихында қобалжыған көңіл алаңын толымды
жауаппен тойтара алатындай тұрлаулы тұлғалар табылғаны
қандай ғанибет!
Құдайға шүкір, қазақ даласы қай заманда да ондай марқас-
қаларға кенде болмапты. Солардың ішінде дəл осы ғасыр
басындағы аңтарылыста жұртына жоралылық көрсете алған
жолбасшы топтың өмірі мен өнегесі біз үшін тым қымбат.
Өйткені, ол ұрпақ пен бүгінгі ұрпақ, түптеп келгенде, бір
арқанның екі ұшын ұстап тұр. Ол – жиырмасыншы ғасыр деп
аталатын қазіргі жер басып жүрген ұрпақтардың барған сайын
ширыға түскен шытырман тіршілігінің арқауы.
151
Иə, жиырмасыншы ғасыр адамзатты елеңдетіп келіп еді,
елегіздіріп кетіп барады. Елеңдеткені – қашаннан қордаланып
қалған талай түйін шешілсе, енді шешілер-ау деген үміт мол
еді. Елегіздіретіні – соның көбі сол баяғы тылсым жұмбақ
күйінде қалып барады. Шүкір ететін нəрсе: жиырмасыншы
ғасырға қандай қалыпта аттаса, тап сондай қалыпта калып
қойған бірде-бір халық жок. Қазақ та солай! Оны ұқпасак,
бүгін аруағына тəу ете келген ұлы тұлғаның ұлылығының неде
екенін ұқпағанымыз болар еді.
Ол – кескекті кезеңде келелі істер тындырған кемел ер.
Кемеңгер. Ұлы тағдырларды ұлан-ғайыр тарих кеңістігінің
ұшан қиырларына үңіліп барып ұғына аласың. Сөйтсек, ол
кешкен ахуал адамзат басынан əлденеше рет өтіпті. Олардың
қай-қайсысы да үйреншікті үрдіспен тіршілік айыру мүлдем
мүмкін болмай қалатын тығырық кезеңдерге тап келіпті. Бұл –
айрықша асқындап кеткен алапат қайшылықтар амалсыз алып
баратын асқан батыл əрі тым шетін əрекеттер кезеңі еді. Ондай
нар тəуекелден іс шықса – күллі дүние күйлейтін, іс шықпаса –
күллі дүние күйзелетін. Ал дағдылы жолды місе тұтып, əлгіндей
бейнетті ізденістерден қалыс қалғандар оның зейнетінен де
көп уақытқа дейін қағыс қалатын. Ұлттық дамудың озғындығы
мен тозғындығы осыдан өрбитін. Сондықтан, қалыс қауымды
алысқа озып кеткен өркениет көшіне жетелеп апарып іліктіру-
ге тəуекел ету үшін елден ерек ержүректік керек еді. Біз сөз
еткелі отырған адам да сондай сирек сүлейлердің сойынан-
тұғын. Оның азаматтық тағдырының қаншалықты арасат
қиындықтарға толы болғанын аңғару үшін ұлттық тарихпен
шектелмей, ғалами тарихқа көз жүгіртуге тура келеді.
Санап шығу мүмкін емес көп уақыт бұрын ғарыш төріндегі
əлдеқандай төтен жарылыстан сындарлы галактикалық жүйе
түзіліпті. Оның ішкі қуат алмасуынан тіршілік пайда болып-
ты. Құбылмалы дүниенің құйқылжыма ықпалымен өніп-өрбу
қажеттігі сананы қалыптастырыпты. Соның арқасында тіршілік
бірте-бірте алыс-алыс кеңістіктерге аяқ басыпты. Үйірлестік
пен үйішіліктен туындаған əлеуметтесу этникалық, мəдени-
өркениеттік, саяси-мемлекеттік əр алуандыққа жол ашыпты.
Сүйтіп, адамзат бірте-бірте əуелдегі бір тектен өрбігенін естен
152
шығарып, жүре келе пайда болған айырмашылықтарына бас-
ты мəн беріп, əуелі бірін-бірі жатырқайтынды, артынан бір-
бірімен жауласатынды шығарыпты. Планетаның біртіндеп
ойкуменаға айналу кезеңінен бастау алатын бұл үрдіс, əсіресе,
дағдылы ырзық айыру əбден дағдарған тұстарда тіптен өршіп
кететінге ұқсайды.
Күші жеткендер жаңа кеңістіктерге ұмтылса, күші жетпе-
гендер ырзық айырудың жаңа тəсілдерін іздестіруге мəжбүр
болды. Келе-келе соңғылар алдыңғыларды басып оза баста-
ды. Олар жер үсті игілікпен қоса жер асты байлықтарын да
игеруге көшті. Ол аумақ пен тұрғындардың арақатынасын
атымен өзгертті. Аумақ-экономикалық қамсыздықтың бірден-
бір кепіліне айналды. Белгілі бір кеңістікті тұрақты иемдену
қажеттілігі туды. Ұлт, ұлттық мемлекет солай пайда болды. Бұл
сонау XV–XVI ғасырлардан бастап, жер асты игіліктерін игеру
мен индустриялық даму жолына алдымен бет бұрған Батыс Еу-
ропа елдерінде кеңірек етек жайды. Көп ұзамай технологиялық
үстемдікке де солар ие болды.
Бес құрлықтың біреуінің болмашы пұшпағына ғана шоғыр-
ланған технологиялық басымдық қалған дүниені қауқарсыз-
дандырып шыға келді. Былайғы дүние əлі игерілмеген кеңістік
ретінде қарастырыла бастады. Ондағы халықтарды бұдан
арғы тарихи дамуға қауқарсыз бүгін бар, ертең жоқ уақытша
тұрғындар деп санаушылық бел алды. Оларды неғұрлым
тезірек мемлекеттік дербестік пен ұлттық сипаттан айыру-
ды көздейтін басқыншылық саясат күшейді. Күллі адамзатқа
дүниежүзілік соғыстар мен əлеуметтік революциялар аху-
алы күштеп таңылды. Оны біреулер өркениет қамын, екінші
біреулер езілген тап мүддесін көздегендік деп түсінді. Шын
мəнінде, жер бетіндегі халықтардың көбіне ұлт ретінде жо-
йылып кету, мемлекеттерге – тəуелсіздігінен айырылу қаупі
төнді. Бұған төтеп берудің жалғыз жолы – өркениеттің жаңа
жетістіктерін өз еркіңмен меңгеріп, халықаралық тиімді еңбек
бөлісуге тікелей қатысуға тезірек жетілу еді. Мұндай жағдайда
біреулер дүниежүзілік соғыстарға бой алдырса, біреулер –
ұлт-азаттық қозғалысын қоздыруға мəжбүр болды. Өйткені,
өзінде бар экономикалық ресурсты басқалармен тиімді бөлі-
153
сіп, өркениет игілігіне қол жеткізу үшін, сол арқылы өз отан-
дастарының саяси-экономикалық мүдделеріне жауап бере
алатындай кемелді дамуға ие болу үшін, ең алдымен, ұлттық
езгіден арылу, мемлекеттік дербестік пен тəуелсіздік керек еді.
Алайда, оза дамыған дүниенің идеологтары азды көпке, əлсізді
күштіге біржолата жығып беру арқылы жаhандық жарастыққа
тезірек жетуге болады деп санады. Жарастықтан гөрі үстемдік
көбірек күйттелді.
Бірақ, бұл қай жақ, қай тап үшін де аса қауіпті ахуал еді.
Өркениетті – жалпы адамзаттық құндылық деп қарамай, оның
белгілі бір бөлігінің басыбайлы монополиясы деп ұғатын
жаңсақтықтан түбегейлі арылмай, аздың да, көптің де, əлсіздің
де, күштінің де құлағынан қиқу кетпейді. Ондай көзапара
өгейсітушілік көзапара жатырқаушылық туғызары хақ. Тек
бір тарап өгейсітушіліктен, екінші тарап жатырқаушылықтан
үзілді-кесілді арылған жағдайда ғана ортақ жарастыққа қол
жетпекші. Ол ұлттық факторды жоққа шығармай, қайта ұлттық
дамуды өркениет жетістіктерімен үйлестіре өрбіту арқылы
ғана жүзеге аспақшы.
Жалпақ адамзат əлі түгел жəне түпкілікті мойындап үлгер-
меген бұл ақиқатқа осы ғасыр басында-ақ қанығып үлгергендер
қатарында қазақ қауымы да бар еді. Оған таңданса да, таң-
данбаса да болады.
Таңданбайтынымыз: Қазақстан отаршылдық құрығынан ең
соңы боп құтылғанымен, оған ең алдымен ілікті. Екі ғасырдай
мігірсіз бұлқыныс мойындағы бұғалықты одан əрмен тарыл-
та түсті. Талай сабаздар болмайтыннан дəметіп, мерт тап-
ты, сенбейтінге сеніп, дерт тапты. Ғасыр басындағы əлемнің
барша əлеуметтік жанды жараларының бəрі бірдей талаурап,
бəрі бірдей бебеулеген ең ұшынды аймағы да – қазақ даласы
еді. Оның үстіне, екі ғасырдан астам езгі дербес ел ретінде
жұтылып кетуге керекті айлашарғының көбін əлдеқашан жүзе-
ге асырып үлгерген-ді. Дала уалаяттарын билеудің үш дүркін
реформасы ұлттық бүтіндіктен, аумақтық тұтастықтан, дəс-
түрлі билік институттарынан əбден жұрдай қылғанды. Көр-
ші төрт губернияға бөлініп берілген қазақ аймақтарының
төртеуінде де этникалық бедерсіздендіру саясаты қауырт қолға
алынғанды. Ішкі аймақтардан жаңа қоныстанушылар көптеп
154
əкелінді. Құнарлы жерлерге солар орналасты. Байырғы халық
метрополияға тақау аймақтарда этникалық азшылықтың, ал
қиян далада дағдылы шаруашылық пен үйреншікті тұрмыс
ауқымына күштеп қамалған резервацияның күйін кешті.
Индустриялық революция оларды бұл күндеріне де зар қылуға
бағыт алды. Метрополиядан ағылатын қоныстану тасқыны
пайдалы қазбаларға бай шөл аймақтарға да лап қойып, қазақтар
өз жерінде өздері азшылыққа айналып, жаппай кірме күнге
түсетін қауіп төнді.
Мұндай жағдайда ең болмаса, сойылатын тоқтының соңғы
тұяқ серіпкеніндей бір қарсылық боларын əркім-ақ ұғар еді.
Бірақ, таңданатынымыз: бұл жолы бұрынғыдай қиқулап атқа
мініп, зеңбірекке қарсы шауып, қанға бөккеннен мəн шықпай-
тынын, ұрымтал кезде жан-жақты қамдастырылған жүйелі
күреспен қарсы тұру керектігін түсінетін кемел тұлғалардың
кенеттен қалай табылғаны? Ұлттық төл элита əлі қалыпта-
сып үлгермеген еді. Оқығандар шашыранды жұрттан шыққан-
дықтан бас қосып, күш біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай
жағдайда əлгіндей тəуекелге бел байламақ түгілі, ол жайында
ойланудың өзі ақылға сыймас батылдық еді. Соған айдаладағы
ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң да
көптік етпейді.
Бұл жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық та-
рихымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға.
Бəлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану боп көрінер. Оған
дейін де бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы,
Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер.
Ол рас. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлы оларға ұқсайды да, ұқса-
майды да. Ұқсайтыны: ол да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық
дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған дүниедегі даму
үрдісі мен қарқынына сəйкес келмей кенде қалып, көрер көзге
тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.
Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынұлы ондай жол Қорқыт
пен Асан қайғыдай үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай
жаңа қоныс іздеумен табылады деп түсінбеді; Фараби мен
Иасауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық немесе
исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық
мəселені шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбы-
155
райлардай теңдікке жетудің жолында тек ағартушылықпен
шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың ешқайсысын да
Ахмет Байтұрсынұлының рухани қалыптасуына тікелей əсер
етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі
Фараби мен Иасауидің заты түгілі, атына қанық емес еді.
Шоқан Уəлихановтың атына қанық қазақ оқығандары ең-
бектерімен соншалықты таныс емес еді. Ал, Абайдың атына
да, затына да Байтұрсынұлы тым беріде, өз таңдауын жасап,
сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған кезде қанығыпты.
Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа кезең
жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін
жеткізіп үлгерген-ді.
Біз бұл арқылы рухани дамуымыздың ойдағыдай өрістеп
кете алмауының себебі тарихи сабақтастықтың қайта-қайта
үзіліп қала беретіндігінен, соның салдарынан əрдайым
тыңнан бастап, өткендер біліп үлгерген ақиқатқа қайтадан өз
күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, сүйтіп, көп күш-жігердің
босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді. Алай-
да, бұдан Ахмет Байтұрсынұлы алдыңғылар салған соқпақты
қайта шиырлап шықты деген қорытынды тумаса керек. Ол –
ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың
көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген,
көрген. Ол, бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын
(Екі сыныптық училищені 2 жыл деп жансақ есептеген. Ол 5
жылдық оқу ордасы. Ахмет бұл оқу орнына 1886 жылы түсіп,
1891 жылы бітірген. – Р.И.) Торғайда, төрт жылын Орынбор-
да оқыпты. Екеуінде де өз заманының интеллектілік өрісін
толық таныта алған ордалы оқу орнын, өнегелі ұстаздар орта-
сын көре алмапты. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлының ендігі
тағдыры қыл үстінде тұрған халқының қамын ойлап, жанкешті
жолға түсу мен азаматтық кемелділіктің мұншама шырқау
биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен
абзал жүрекке ие азаматтың айрықша ыждаһаты мен мігірсіз
ізденістерінен іздегеніміз орынды. Ол бір басының тəуекелімен
бүкіл бір ұлттыңтəуекелінің түгел оянуына түрткі болды.
Бір өлеңінде ол:
«Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, бітпейтін
жүрегімде бар бір жарам, алданып жегеніме оны ұмытсам,
болғандай жегенімнің бəрі харам», – деп жазды.
156
Расында да, оның өз басына жасалған сол бір көзапара
зорлық ел басына түскен көзапара қорлықтың түп-төркінін
түгел бажайлап тануына себепші болған сияқты.
* * *
Ол сонау сахараның көкірегіне шыққан қағынды шиқан-
дай сойқан елестейтін содырлы əкімшілік ордасы Торғай
қаласының түскейінде, заманында баяттың ұлынан, қыпшақ-
тың қызынан туған Қорқыт бабаның кіндігін жуған, жапан
түздің қонышынан кіріп, қойнынан шығып, сумаңдай ағатын
Жыланшық өзенінің аяғында дүниеге келіпті. Еділден есіп
өтіп, Жайықты кешіп өтіп, туын Торғайдың суына, Тосынның
құмына əкеп шаншыған ала тайлы Шақшақ пен ақ найза-
лы Əйдеркенің, қаһарынан қамал құлап, хан ыққан қара пал-
уан Жəнібектің арты ауыл арасының дауын даулап, кіріптар
күн кешетін, аруақ арып, қасиет қарыған заманда ес біліп, етек
жинапты. Тəңірден басқаға тəйт дегізбеген тəкаппар əулетке
тентек ояз Яковлевті əкесіндей əкіреңдетіп қойғанын көріпті.
Соған апшыған Байтұрсынның содыр бастықты солаң еткізіп,
атынан аударып, топырақ қаптыра мытқанын көріпті. Сол
қылығы үшін қолда бұғау, аяқта кісен, Сібір айдалып бара
жатқан сорлы əкенің:
«Менің көзім ашық болса, бұл кепті ки-
мес едім. Мендей болмайын десең, оқы», – деп, нұқи айтқанын
естіпті.
Сол бір найзадай түйрелген намыс сөзі көкірегіне мəңгі-
бақи қадалып қапты. Оқуға аттандырған да намыс. Оған
қанағаттандырмаған да намыс. Елің теңелмей тұрып, өзің те-
ңелмейтініңді ұқтырған да намыс. Жат оқудың жады пиғылын
аңғартқан да намыс.
Көршілес екі халықтың мəдениеттері үзбей байланыс-
та болуы нəтижесінде əлсіз əлдісінің ықпалына жығылып,
бастапқы айырмашылықтарының бəрінен айырылып, ақыр
соңында бір ұлтқа айналады дейтін қисын бел алып кетпей
тұрғанда, апаттың алдын алу жолында аласұртқан да намыс.
Əрі мəдениетке жетілу, əрі өз қалпынан айырылып, өзге болып
кетпеу сияқты аса шытырман мəселенің төңірегінде ойын он
саққа, қиялын қырық саққа жүгірткен де намыс.
157
Мұндай жағдайда əйтеуір, «оқыңдар» дейтін ағартушылық
отаршылдық сойылын соғу болып шығарын түсіндіріп, қазақ
даласындығы білім беруді қайта жүйелеу туралы ойларымен
Омбыдағы Алекторовқа барып жолықтырып жүрген де намыс.
Бірақ, үкіметтің ондай оң қадамдарға бара қоймайтынын біліп,
күдерін үзіп қайтты.
Ендігі жол – үкіметтің емес, халықтың өзінің көзін жеткізу
еді. Елді түзеудің баланы оқытуды түзеуден, ұлт болудың
қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынын ұғындыру еді. Сол
мақсатта əрекеттену үшін метрополиядан шалғайырақ жатқан
Қарқаралыға барды. Жанын жегідей жеп жүрген уайымдарын
жан-жағына жасырмай айтып көрді. Оны естімейтін құлақтар
естіп қойды.
«Жуылып тазармаған Қарқаралыдан» аласталып,
Семей абақтысына қамалды. Ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей
тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына көзі біржола жеткен-
дей болды. Енді бостандық жолында ашық күресуге тура келді.
Жоғарыда келтірілген бір шумақ өлең де сонда жатып анасы-
на жазылған хаттан алынған-ды. Демек, дəл сол кезде баяғы
он үш жасында жүрегіне қадалған оқ ақыр аяғында ұлттық
тəуелсіздікті көксейтін айықпас дертке айналды. Нені бастап,
нені қолға алса да, сол өзек күйдірген арманнан бастау алатын
еді.
Бұл арада басын аша кететін бір жəйт бар. Байтұрсынұлы
ықыласы ауған қай салада да ең үлкен беделге ие болды. Əдеби
мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы
шығыстанушылармен қатар тұрады. Өнер мен мəдениет тео-
риясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп ба-
тыл қадамдарға бара алды. Оның «Əдебиет танытқышы» енді
қаз тұра бастаған көбең əдебиет түгілі, əлем мойындаған кемел
əдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек еді. «Маса»
мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің ең зəру
мəселелеріне ең дəру жауаптар іздеді. Ол бұрын ұтқыр да өткір
шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа енді істің
байыбына барып, мəселенің мəйегін аршып, еліктіре сөйлеудің
орнына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін
көрсетіп берді. Ағарту ісінде көп мəселеде əлемдік тəжірибеден
алға оза əрекеттенді. Көп халықтарда енді талқылана бастаған
158
жəйттерге ол сонау ғасыр басында-ақ өз тұжырымын айтты.
Кейінгі тəжірибе оларды дұрысқа шығарды. Қазақ тілінің да-
муына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан
үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі
бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа
жазу. Жаңа əліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш
грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен
əдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар.
Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мəңгілік
үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан
келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны
таңданбасқа болмайтын жəйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір
тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен
мəртебеге енді ие боп, соны əлі дұрыстап игере алмай жатқан
сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың. Бұл
мəселедегі, бір кездегі өзі айтқан,
«Торғайға атып, шырғайға
тигізіп, шырғайды атып, торғайға тигізіп» жатқан талай
олқылықтарымызды күйзелсе де түзетіп, күйінсе де үйретіп
берер еді-ау деп армандайсың. Бір ғана «ш» дыбысы мен «ш»
əрпіне қанықтыру үшін: «мынау сорлы шал, бойына назар сал,
сақал-шашы ақ; қайраты шақ; баладан ада, қарадан таза;
ауқаты – шабақ, сусыны – шалап, аяқта – шарық, қатқан аш,
арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?» – деп, əлеуметтік
тұрмыстың күллі бір эпопеясын көз алдыңа көлденең тарта-
тын, тіл таныта отырып, тіршілік танытатын əліппелері, «бақ-
бақ еткен текені қыс келгенде көрерміз, батырсынған жігітті
іс келгенде көрерміз», «кісі бір көргенде бұлан, екі көргенде
құлан, үш көргенде адам», «ексең егін, ішерсің тегін», «түбі
бірге түтіспейді», «ойнаңдар, ойландар» деп жататын тіл ашар-
лар, шіркін, салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда
да көптеп шықса ғой. Ахаңдар қазір арамызда жүрсе, баяғы
«Қызыл əскер тіл ашары» сияқты «Кəсіпшінің тіл ашары».
«Іскерлік тіл ашары», «Тəуелсіздік тіл ашары». «Демократия
тіл ашары», «Əділет тіл ашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік тіл
жұмсары», «Құқ əліппесі» қосылмасына, тіл тану құралдары
тіршілік тану, заң тану, адам тану, қоғам тану құралдарына ай-
налмасына кім кепіл? Сондай мемлекеттік тілдің жолындағы
талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен аласталмасына
159
кім кепіл? Ал, осы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы
да отбасында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып,
күні-түні зарлап, қол қусырып қарап отырып алса, қазақ тілі мен
ол туралы ғылымның əлі күнге кіндігі кесілмей, шырылдаған
шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ахмет Байтұрсынұлы
осының бəрін сол кезде дүниеге келмек түгіл, əлі ешкімнің
қиялына да келе қоймаған ұлттық мемлекет орнап, сол жа-
сап берсін деп отырып алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз,
ұлттық тіл тану, ел тану, өнер тану, өзін-өзі тану бүгінге дейін
болар-болмасына кім кепіл?
Иə, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл
əбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған
тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып
берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының руха-
ни жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз
еңбек етіп, мəңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған
қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де
болған емес. Неліктен ол мұншалықты жанкештілікке барып
жүр? Бұның жауабын оның арман мен арпалысқа толы өмірінің
ең шынайы шежіресі – өлеңдерінен ізделікші.
Мақтағандықтан ба? Онда:
«Əзірге қолдан келген осы ба-
рым, қомсынып, коңыраймай, құрбыларым, бабы жоқ жұмыс-
тағы мен бір арық, күн қайда үздік шығар топты жарып; бар
болса сондай жүйрік, қызар деймін, естілсе құлағына дүбір
барып: əйтпесе, арық шауып ондыра ма, жүргенде қамыт ба-
сып, қажып-талып», – деп қайғыра қаймығар ма еді?
Масаттанғандыктан ба? Өйтсе:
«Қалтылдақ қайық мініп
еспесі жоқ, теңізде жүрміз қалқып кешпесі жок, жел соқса,
құйын қуса жылжи беру, болғандай табан тіреу ешнəрсе жоқ;
бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік, алды-артын аңдамаған
бетпен кірдік, жат жақты жаратқанға күзеттіріп, жақын-
мен ырылдастық, иттей үрдік... білдірдік елдің сырын, ердің
құнын, еліріп ерегіске екі-үш күндік... кіреді тентек есі түстен
кейін, мүшкілінхаліміздің енді білдік...», – деп күйзелер ме еді.
Даңққұмарлықтан дейін десең,
«Жанға көңіл қалып тұр,
жан бұл күйге салып тұр; тəнге көңіл қалып тұр, тəн шы-
дамай арып тұр; жұртқа көңіл қалып тұр, жұрт жалғанға
160
нанып тұр; өтірік өрлеп, күшейіп, шын жеңіліп, талып тұр;
жала деген төбеті балтырыңды қауып тұр; табалаған
жаманның шаян тілі шағып тұр; жаны ашыған жақынның
жасы көзден ағып тұр...» – деп айтқаны рас болса, кімге сеніп
атақ іздейді, кімнен даңқ дəметеді.
Сонда мұншама сарп болып сарсылуда не мəн бар? Сүйтсе,
мəн бар екен:
«Адамдық диханшысы қырға шықтым, көлі жок,
көгалы жок – құрға шықтым; тұқымын адалдықтың шаш-
тым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың»...«рахатсыз
өтсе де өмір-жасым, бұл жөнімнен Құдайым айырмасын...
шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар... шыққызбайтын
жолында өрлер де бар... ел бұнымды білемін ұқпайтынын,
көтермеге қалғанда шықпайтынын, шалыс басып аяқты
жығылғанда, «жатқаныңнан тұрма» деп мықтайтынын
...мен өлсем де, өлемін жөнімменен, тəннен басқа немді алар
өлім менен, тəн көмілер, көмілмес еткен ісім, ...ойлайтын да
мен емес бір күнгіісін, жүрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін».
Міне, гəп қайда?! Шын азаматты пендешілікке, шын ерді
есерлікке жібермейтін де осы: ертеңге деген сенім; келешек
алдындағы жауапкершілік.
Ендеше, əңгіме əлі келе қоймаған бостандық, орнай қойма-
ған тəуелсіздік жайында болып отыр. Өйткені, басқа бір
өлеңінде:
«Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр? Кім шыдап
жолдастыққа төзіп жатыр. Кешегі кеңшілікте керек қылған
бостандық болмаған соң безіп жатыр» дейді. Осыған қарап-
ақ, оның көп қырлы кызметінің қай саласына басым маңыз
бергенін аңғарамыз.
Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы бірінші кезекте халқы-
ның азаттығы, елінің тəуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі
жөнінде жан аямаған күрескер. Бұлай болатын жөні де бар еді.
Ол оқу тауысып, мұғалімдік қызметке кіріскен кезі патша
əкімшілігінің қазақ даласын билеуде 1822 жылғы Сібір жарғы-
сының, 1868 жылғы Уақытша Ереженің күшін тыйып, 1891
жылғы Дала Ережесіне көшкен тұсына тап келді. Алғашқы
ереже қазақтарды аталастыққа қарай ауылға, руластыққа қарай
болысқа, тайпаластыққа қарай округке бөліп, қылмысты істі
161
сот арқылы, дау-шарды билер арқылы шешіп, дəстүрлі үрдіске
жақын үрдісте қалдырды. Екінші ереже үй санына қарап ауыл-
ға, болысқа бөліп, əрқайсысының қонысын белгілеп, əлеумет-
тік істерді орыс шаруаларынша шешіп, жартылай дəстүрлі
үрдіске көшірді, ал соңғы ереже бойынша қазақтар ендігі жер-
де ішкі Ресейге өте-мөте жақын үрдісте басқарылатын болды.
Бұл деген сөз əлі күнге көшпелі ауыл қалпында калған қыр
қауымы саны жағынан да, дамуы жағынан да, көк пен жердей
үстем тұрған қауыммен бірдей талап қойылып, төтен бəсекеге
төтеп бере алмай, басымен қайғы боп өтсін деген сөз еді. Ол аз
болғандай, сайлау мен партияшылдықты күштеп таңып, онсыз
да əр губернияға кірме боп кеткен қазақ енді ауыл арасында
да ағайындықтан айырылып, тоз-тоз боп кетсін деген есеп еді.
Мұндайға ұлт болып ұйымдасып қарсы тұрудың еш мүмкін-
дігі қалмаған-ды. Оған қажетті дəстүрлі институттардан түгел
айырылып біткен қауымға саналы түрде жаңа үрдіске бет
бұрып, жаппай ширап шыңдалудан басқа амал жоқ еді.
Бұндай тұста ағартушылықты тек сауат ашумен шектемей,
ең алдымен заман танытуға бағыттау керек болды.
«Қамсыз
жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре баста-
ды, басқа келген нəубеттің қайдан келген, кімнен болғанын
біле алмай, əркімнен көріп өкпеледі. Қазақтың өкпелеуінің
жөні бар ма, жоқ па?» – деп толғанады бір мақаласында Ах-
мет Байтұрсынұлы. Бұл жайында толғана-толғана келген коры-
тындысы:
«Өзімізге өкпелемесек, өзгелерге өкпелер рет жоқ...
Талабы жоқ, үміт мол халықпыз... Қатерлі жерде қаперсіз
отырдық... Өткен өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен
жеткізбейді... Ендігі əңгіме, өткенді көксемей, сары уайым
сала бермей, сағым қуып, сандала бермей, шалажансарланған
шаруаны түзету... Жеке кісі түгілі, жалпақ ел – заманның
бұйдалап жетектеген түйесі. Енді заманның жетегінде
жүрмеген шаруаның мұрыны жырылмақ». Мұрынды жыр-
дырмау үшінне істемек керек? Оған айтар жауабы:
«...Ақысын
жібермейтін дəрежеге жеткенше қазаққа қай жағынан да
болса теңдік жоқ. Бұл заманда қолы жетпегенді тендікке
жеткізетін өнер-білім. Сол өнер-білімге мезгілі өтпей
тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың
162
аяғы астында жаншылмас едік. Біз де өз алдымызға бір жұрт
екендігімізді білдірер едік. Осыларды істей алып отырған
жұрттың бəрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей,
... бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе
осыған жеткен...» «Ендігі істейтін іс: ай мен күндей əмбеге
ортақ білімді меңгеру... білгісі келгенге білім табылады...
білім үшін əуелі керек қылу шарт, екінші жаьат ету шарт...».
Бұдан бүгінгі біз үшін шығаратын қорытынды: тіршіліктің
үйреншікті үрдісін заманға лайықтап түбегейлі жаңғыртпақ
шарт... Ұлттық сананы заманға лайықтап қайта қалыптастыруға
жұрт боп жұмылмақ шарт.
Өйткені, біз өкпеледі екен деп, өз өзегін үзіп бере қоятын,
бопсалады екен деп болатынды болдыртпай қоятын за-
ман бəрібір жоқ. Ұстанған бағытыңды сен өзгертпесең, ол
өзгертпейді. «Қатыны өлген еркек қызы бар үйге қарап дауыс
етеді» дегендей, басқаларға көзінді сатып та қарық болмайсың.
Енді бір ұлтты бір ұлт жеткізбек түгілі, біреуді біреу асырай-
тын заман емес.
Сүйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы күллі адамзаттың даму үрдісі
түбегейлі өзгеріп жатқан тұста қазақ халқына басқалардан
өзгеше заман болмайтынын ескертіп, одан да қамсыз қалмауға
үндейді. 1912 жылы Орынбордан басылып шыққан тұңғыш
əліппесіндегі: «Құлақ екеу, ауыз біреу. Ол не үшін бұлай? Көп
тыңдап, аз сөйлеуге жаратқан оны Құдай. Ауыз біреу, көз екеу
– ол не үшін бұлай? Көп көріп, аз таңдануға жаратқан оны со-
лай. Ауыз біреу, қол екеу – ол не үшін бұлай? Көп жұмысшы,
аз жеуші – жаратқаны ол солай» дейтін болса, өлең, сəбилерге
емес, күллі əлеуметке бағышталған тұспал ұран еді.
Жұртшылыққа ұсынар дəрістері де қызық. Өрбу заңы... Ша-
руа жайы... Жер жалдау... Егін егу... Оқу мен оқыту... Олақтық
пен салақтық... Тəн саулығы мен жан саулығы... Сүтті сиырдың
белгілері... Дағдылы жол мен айлалы жол... Земство... Сот...
Араб əліппесі... Партияшылдык... Рушылдық... Қазақ салты...
Дүние қандай, біз қандай... Уақ қарыз... Жəрдем комитеті...
Кооперация... Қазақтың өкпешілдігі һəм түрлі мəселелері...
Қысқасы, қазақ қауымына не қат, не қажет болса, соның бəрі
жəйлі...
163
Өйткені, құба даланың бұла перзенті боп ұзақ жүрген көш-
пелілер, Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «мал бағу
мен барымта жасаудан» басқа кəсіп көрмегендіктен көп кəсіпке
шорқақ. Оны меңгеруге сауат жетпейді. Сауаттан гөрі де құнт
жетпейді. Өйткені, сол кездің өзінде, «қазақта хат білушілердің
пайызы мұжықтардан жоғары» болыпты. Алайда, сауаттылар
саны «Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмадың деп
өкпелеу жөн бе?» деп Ахаңның өзі айтқандай, əлі де болса аз
еді.
Оның үстіне, ол сауат қазақтың қам-қарекетінен аулақ
жатқан əуейі сауат еді. Олай болатыны, орыс оқуының көк-
сейтіні – қол астындағы жұрттардың жазу-сызуы, тілі, діні бір
болғаны. Мұсылман оқуының көксейтіні: бір Алланың шара-
патынан басқа ештеңеге алаң болмауға баулу. Сондықтан да,
қазақша оқымай қазақ өзіне керек ғылым үйренбейді. Бұны
айтқаны үшін Байтұрсынұлы пен əріптестері екі тараптан да
құқай көрді. Патша үкіметі: айып салып, абақтыға қамаса,
мұсылманша оқығандар: «қазақша деген қайдан келді» деп
үркіп, «орыстың сорпасын ішіп, шошқаның жілігін кемірген
орысша оқығандар... Мұсылманша оқығандарды масқара
қылмақ», – деп ғайбаттап, ағайынмен араздастырды. Сонда
екі жаққа да қазақша оқу қажетсіз боп шығады. Неге бұлай?
Əркім өзіне керегін күйттейді. Көптің керегін əркім өз ша-
руам деп емес, біреудің шаруасы деп санайды. Ол үшін
біреулерге өкпелеп, біреулерді сынайды. «Қазақ балалары
қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп
істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы. Іс қолынан
келмейтініне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр...
Алға басып жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас
үшін біз білімді, һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу
керек. Бай болуға кəсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы
керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деп ренжиді Ахмет
Байтұрсынұлы.
Байтұрсынұлы бөліне-жарылушылық атаулыға атымен қар-
сы боп, бəрін де ұлттық жаңарыска жұмылдыруға тырысты.
Ол өтпелі кезең жағдайында кездеспей калмайтын дəстүршілік
пен жаңашылдык тайталасында жаңаруды жақтады. Жаңару
164
жаппай жұмылмаса жүзеге аспайды. Жиғанды – тойға, білгенді
дауға шашып, ауыз бірікпейді. Олжалы жердегі үлес пен жора-
лы жердегі жол да тек білімдіге ғана емес, біріккенге бұйырады.
Ұлт мүддесі – үлкен міндет. Үлкен іске көп кісі керек. Көпті
күшті билік жияды. Өз ісің өз билігіңді өз қолында бекем ұстай
алсаң ғана өнеді. Ол үшін ұлт əуелі өз ахуалын өзі терең түсініп,
оны түзетуді бірлесе ойластырып, бірлесе қамдастырмақ шарт.
А.Байтұрсынұлы жан-жақты əдеби-ғылыми шығармашылығы
мен ұстаздық-қоғамдық қызметін – қандастарына осыны
терең ұғындыруға арнады. Бұл оның ұлттық мемлекет билік
жолындағы жүйелі күресіне керекті білім, тəжірибе, бедел
жиып бере алды.
Ол сүйтіп ұлт тəуелсіздігі жолындағы «Алаш» қозғалысы-
ның орталық тұлғасына айналды. «Алаш» партиясын құрыс-
ты. Тəуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасақ-
тасты. Бұл жағынан «алаштықтар» асқан елгезектік таныта
алды. Жаһангерлік саясатта опа бермес олқылықтарға ұрынып,
ойсырай күйзелген халықаралык ахуалды қапы жібермеуге ты-
рысты. Бірінші дүниежүзілік соғыс ірі де іргелі мемлекеттерді
алауыздыққа ұрындырды. Бодан халықтар бой көтерді. Шығыс
Еуропа елдері өз тəуелсіздігін ресми түрде мойындатуға
кірісті. Ресейдің батыста да, шығыста да масқара боп жеңілуі
шет аймақтардың метрополияға қарсы, ал метрополияның са-
модержавиеге қарсы наразылығын күшейтті. Монарх биліктен
кетуге мəжбүр болды. Мұрагер таққа отыруға тəуекел ете ал-
мады. Биліктің бүйтіп өз-өзінен мүжіліп біткенше өзгермеуі
ескіден уақытылы жирене алмай, жаңаны уақытылы игере
алмай оралымсыздыққа ұрынған қоғамдарға тəн болса керек.
Ондай қоғам əлгіндей дағдарыс тұсында бірден сара жол таба
алмай, əрқилы елірме күштерге бел алдырып шөре-шөре аху-
ал кешетін түрі бар. Ырықтан шыққан оқиғалар жетегіндегі
Ресейдегі билікке таласқан күштер ауызға ілігер олқылық
іздеп, қол жалғасар одақтас іздеп аласұрып бақты. Сонау дека-
бристерден соң ауызға ілікпей кеткен ұлттар теңдігі қайтадан
сөз бола бастады. «Алаш» тап осы тұста атқа мініп, ұлттық
автономияға қол жеткізіп қалуға тырысты. Бұл мəселені де
бірінші болып ресми талқыға салуға мұрындық болған Ахмет
165
Байтұрсынұлы еді. Ол Міржақып Дулатұлымен бірігіп, 1917
жылдың шілдесінде Орынборда өткен жалпы-қазақтық бірінші
құрылтайда «автономиялы тəуелсіз қазақ мемлекетін» құруды
ұсынды. Бірақ, құрылтай Əлихан Бөкейхановтың «демокра-
тиялык, федеративтік жəне парламенттік Ресей құрамындағы
қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуы» жəйлі
ұсынысына көбірек ден қойды. Алайда, оқиғалардың одан
арғы даму барысы, бұл үміттерді де əлсірете түсті. Уақытша
үкімет тегеурінсіз болды. Демократияшыл күштердің беделі
кеміп, аралық күштер солқылдақтыққа ұрынды. Солшыл
күштер, əсіресе большевиктер еңсе көтерді. Байтұрсынұлы
басшылығындағы «Қазақ» газеті: «Мұндай лайсаң заман-
да закон жоқ, жол жоқ, қорғалайтын пана жок. Əркім өзін-
өзі қорғайды. Əуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға
бермеске, үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген
күшімізді, ісімізді сарп етуге керек. Данышпандар білімін,
азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын орын осы»,
– деп дабыл қақты. Құдайдан басқадан қорықпай, бұрынғы ай-
тыстарды ұмытып, халық бірлігін нығайтуды бірінші кезекке
қойды. Сонда ғана ұлт тізгіні қолға ілігіп, оны бекем ұстауға
болатынын ескертті.
Алайда, метрополияда өте күшейіп кеткен əлеуметтік
жіктеліс шет аймақтарды да қамти бастады. Соны тілге тиек ет-
кен «Үш жүз» партиясы: «қазақтар я Сібірмен, я Түркістанмен
бірге қосылып, бас қамдарын қылмаса, өз алдымызға автоно-
мия болғанымыз қатер», – деп мəлімдеді.
Оның үстіне, қоңсылас əр губернияға телініп, аумақтық
бытырауға ұшыраған қазақ даласының əр аймағында өз эли-
тасы нышан беріп, бəрі де билікке тырмысып, ортақ өгіз
бұйырмаса, оңаша бұзауларынан айырылғысы келмейтін
сыңай байқатты. Біреулері тарихи тағдырлары орайлас, мəдени
тамырлас Түркістан халықтарымен бірігіп, автономия құруды
жақтады. Екіншілері метрополияға қарсы күресіп жатқан
Сібірдің құрамында автономия алуды қалады. Үшіншілері
қазақтың дербес өз автономиясын құруды мақұлдады. Төр-
тіншілері оған тек ішкі Ресеймен іргелес губерниялардың
қазақтарын кіргізуді жөн көрді. Бесіншілері ондай автономияға
166
Түркістандағы қазақтарды да қосуды кажет деп тапты. 1917
жылдың желтоқсанындағы екінші жалпы қазақ құрылтайы
ұзақ таластан соң соңғы шешімді қолай көрді. Оқиғалар бет-
алысы бұған да тосқауылды көбейтті. Сібірдегі Колчак
үкіметі либералдықтан гөрі таза монархиялык сипат танытты.
Семейдегі Алаш үкіметін жаптырды. Түркістан автономия-
сында аз ұлттардың өзара қырқысы қоздады. Ондағы Уақытша
үкімет басшылары Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұстафа
Шоқай елден аластатылды. Батыс Алашорда мен дутовшы-
лар мəмілесі де ұзаққа бармады. Большевиктер үстемдігі та-
рихи шындыққа айналды. Ұлттық автономиядан не атымен
қол үзу, не большевиктермен келіссөз жүргізу керек бол-
ды. Бұған дейін автономия төңірегіндегі кереғар пікірлерді
үйлестіруге үнемі ұйытқы боп келген Ахмет Байтұрсынұлына
бұл міндетті өз мойнына алуға тура келді. Ағарту ісіндегі,
əдебиет пен ғылымдағы, əлеуметтік қызметтегі табандылығы,
білімдарлығы, бірлікшілдігі арқасында түрікшілдердің де,
орысшылдардың да, қазақшылдардың да, либералшылдардың
да, тапшылдардың да алдында үлкен беделге ие айтулы
қайраткермен келіссөзге большевиктер де пейіл болды. Қайта
бұл оқиғаның төңірегінде үлкен даңғаза жасауға тырысты...
Ұлттық автономия идеясын су түбіне жібергісі келмеген Ахмет
Байтұрсынұлы 1920 жылы кеңес мемлекеттік басшыларының
тікелей қолқасымен Коммунистік партия қатарына өтуге
мəжбүр болды, бірақ бір жылдан соң енжарлығы үшін шығып
қалды. Ол мұндай қатерлі қадамға бармаса, тек қазақтардың
ғана емес, күллі Түркістан халықтарының мемлекеттік
дербестігі көктей солатын еді. Уакытында жасаған мəміле
арқасында қазақтарға көп ұлтты Ресей құрамында таптық
негіздегі автономия берілді. Қалған Орта Азия халықтарына
Түркістан республикасы құрамында автономия берілді. Кейін
Қазақ автономиясы Ресейдің құрамынан шығып, дербес рес-
публика боп жарияланды. Оған Түркістан республикасының
құрамындағы жерлер қайтып берілді. Сөйтіп, таптық негізде
болса да, қазақ жері аумақтық тұтастығын қалпына келтірді.
Қазақ халқының дербес мемлекеттікке қақылы екендігі заң
жүзінде мойындалды. Бұның бəріне де Ахмет Байтұрсынұлы
167
тікелей еңбек сіңірді. Ол үшін дұшпанның жаласына да,
достың табасына да төзуге тура келді. Бұл – шын мəнінде,
халқының алдындағы үлкен ерлік еді. Кейін біздің егемендік
алып, тəуелсіздік жариялауымызға да сол бір жанқиярлықпен
жүзеге асқан жағдай бірден-бір құқықтық негіз болды. Əрине,
Ахмет Байтұрсынұлы өзі армандаған ұлттық-аумақтық мемле-
кеттілікке қол жеткізе алмады. Бірақ, біз қиял дүниесінде емес,
нақты тарихи аяда өмір сүріп отырмыз. Осы ғасыр басында өз
тəуелсіздігі жолында қазақтардан кем күш жұмсамаған, бірақ
шартты да болса, əлгідей мəртебеге қол жеткізе алмай қалған
бауырлас халықтардың тағдыры əліге дейін дүдəмал күйде
екенін ұмытпауымыз керек. Ендеше, бұл тағдырымызға да
тəуба деп, соның жолында аянбай еңбек еткен аяулы азамат-
тарымызды алғыспен еске алуымыз қажет. Солардың ішінде,
аузымызға алдымен Ахмет Байтұрсынұлының ілігуі əбден
заңды. Өйткені, ол бұл мақсаттың жолында мүмкін нəрсеге де,
мүмкін емес нəрсеге де тəуекел ете білді. Осы ғасыр басын-
да ұлттық дербестік пен саяси-əлеуметтік жəне экономикалық
жаңару жолына əуелден де айта қаларлық мəдениетке ие
Шығыс Еуропа халықтары, əлем мойындаған дербестікке
ие Түрік, Жапон мемлекеттері ғана тəуекел ете алды. Қалған
халықтардың көпшілігі тек екінші дүниежүзілік соғыстан соң
ғана бұл мəселелерді қолға алды.
Ахмет Байтұрсынұлы өз арманы жолында арыстанның ау-
зына, зымыстанның түбіне бара жүріп, халқына қалтқысыз
еңбек сіңіре білді. Елдің арасына алалық кіргізетін айтыс-
тартыстан аулақ тұрып, тек қана ұлттық мүддеге кызмет етті.
Кеңес үкіметімен мəмілеге де сол үшін барды. Ақ пен қызылға
бөлініп, бір-бірін бүріп тастағалы тұрған үзеңгілестерін аман
сақтап қалғысы келді. Бай мен жарлыға бөлініп, барынан айы-
рылып қалғалы тұрған халқының ұйытқысының бұзылмағанын
көздеді. Патша кезінде де жан аямай қолға алған ағартушылық
реформаны жаңа жағдайда жалғастыра беруге тырысты. Сол
үшінде ағарту комиссары болуға келісті. Сол арқылы ұлттық
оқу-білім, мəдениет, өркениетті дамыту ісіне ешқашан естен
шықпастай мəңгілік үлес қосып үлгерді.
168
Бірақ, тапшыл идеология өліара кезең өткен соң түбегейлі
үстемдікке ұмытылды, кешегі уəделер ұмытылды. Ұлттық
автономиялар уақытша шарттылыққа айналды. Бір кезде са-
модержавие үлгере алмай кеткен аздарды ұлтсыздандырып,
көптің сойылын соқтыратын саясатқа көшті. Оған қарсы
болатын күштер алдын ала есепке алынып, олардың алды-
нан арандар қазылды. Халықтардың тарихи қалыптасқан
əлеуметтік қатынастары жаппай тапшылдық арнаға көшірі-
ліп, ұлт ішілік алауыздық ашық қолдау тапты. Ахмет Байтұр-
сынұлының үзеңгілестері жаппай жер аударылды. Олар
жоқта ауылды зорлап ұжымдастыру, байларды тап ретінде
жою, отырықшыландыру асыра сілтей жүзеге асып, жердің,
малдың ортақтастырылып, иесіздендірілуі кешегі кеңесті
жақтаған зиялылар арасында да наразылық туғызады. Адамдар
теңдігі бұрмаланып, халықтар теңдігі аяққа басылды. Жаппай
тексіздендіру етек жайды. Байырғы халықты ежелгі аумағы-
ның түп иелігінен түпкілікті айыруға тікелей бет бұрылды.
Не болып, не қойып жатқандығының арғы астарын аңғарады-
ау деген естияр қауым абақтыға қамалды. Атылды. Асылды.
Солардың арасында ұлттар теңдігіне, халықтар жарастығына,
сол арқылы жүзеге асатын экономикалық-əлеуметтік, саяси-
рухани жаңарысқа ұмтылған адамгершілік диханшысы Ахмет
Байтұрсынұлы та арманда кетті. Содыр солақайлықтың наны
жүрді. Гуманизмнен тапшылдықты, азаматтық келісімнен
əлеуметтік кекшілдікті, саяси плюрализмнен саяси текетіресті,
бейбіт бəсекеден бітіспес бақастықты артық қоятын əлеуметтік
жыртқыштықтың үстемдігі орнады. Ол бабалардын, атағын
өшіріп, ұрпақтардың жадын жадағайландырды. Санамызды
саяси байбаламшылдықпен уландырды. Бірақ, сол кезде де та-
лай баланың аты Ахмет қойылды, авторы аталмаса да, ол негізін
салған тіл ғылымы өркендеді. Ол жасаған терминология мен
грамматика негіздері өмір сүрді. Тіпті ол аударған мысалдар
мен өлеңдерді талай шəкірт жаттап өсті. Халық көкейінде ол
сепкен ұлы мұраттардың дəні көз таса көктеп жатты. Ұрпақтар
жүрегінде жатқан сол бір құпия махаббат əділет сағатын күтті.
Ол сағат Байтұрсынұлы ақырына дейін адал қызмет ет-
кен тəуелсіздік жеңісімен бірге соқты. Жетпіс жыл бойы
169
тұншықтырылған егемен мемлекеттілік бəрібір жүзеге асты.
Оны баянды ету үшін де бір кезде Ахандар айтқандай, тағы да
қапы қалмастай боп, бір Құдайдан басқадан қорықпай, араға
жік салар айтыс-тартысты ұмытып, халық бірлігін нығайта бе-
руге тиіспіз. Сол арқылы өзгеріске толы дүниеде өзгелерден
кем қалмайтындай боп, өз орнымызды иемдену үшін бір кезде
олар бастап беріп кеткен түбегейлі жаңарысты жаңа қарқынмен
жалғастыруға міндеттіміз.
Бұл да бұралаң жол. Тəуелсіздік төбеден түспейді. Отар-
шылдық оңай шегінбейді. Соған байланысты өтпелі кезең
айрықша оралымдылықты, жітілікті талап етеді. Қалыптасып
отырған жағдайды елең етпейтін сыңарезулік ақыр түбі
жарға жығады. Біздің жас мемлекетіміз жартасы көп, ағыны
қатты тар бұғазбен алғаш алыс сапарға шыққан кеме сияқты.
Тұмсығымыз тасқа тірелмей, ілгері басып келеміз. Соны
қамтамасыз ете алатындай сындарлы саяси ақыл табылғанына,
оны ұғып күптей алатын ұғымтал халық барына тəуба дейміз.
Алдағы құрбан ұрпақтың зая тағдырының ащы тағылымы бе-
кер кетпепті. Соны нəзік сезініп, жіті түсінер алғыр ұрпақ бар
екен. Соның арқасында кешегі кеңестік кеңістікте лапылдаған
ұлтаралық жанжалдар мен саяси бейбастықтар өртінен аман
шықтық. Бүгінгі күллі дүниені қамти бастаған экономикалық
жəне саяси дағдарыстың дауылына килікпей, алдын ала қам
жасалып жатыр. Былтыр қолға алған реформамыздың алыс
көкжиегіне дейін анық мөлшерлеп, айқын межелеп беретін
ұзақ мерзімді стратегияға ие болдық. Биыл есік қағып тұрған
жиырмасыншы ғасырдың табалдырығынан қалай аттап, одан
арғы көздеген мақсатымызға қарай қалай батыл қадымдаудың
байыпты тактикасына ие болып отырмыз. Екеуінің өзегінде
де бір кезде асыл арыстарымыз армандап өткен, қалған адам-
заттан еш кем емес жоралы жұрт болу. Жаңа ғасырда жал-
пы өркениет əлемінің қалың ортасынан табылу. Құдайға
шүкір, оны қамтамасыз ететіндей бай табиғи, моральдық ре-
сурс, алыс-жақын əбден танып, оң бағаланған саяси бедел
бар. Көп боп бітетін шаруаны керек кезінде кемел жарастық
таба алған коғам ғана іске асыра алады. Ол үшін өз арамыз-
да да, қалған адамзатпен де оңай тіл табыса алатын өркениетті
170
қарым-қатынас керек. Сондықтан да тəуелсіз мемлекетіміздің
Тұңғыш Президенті бір жылды түгелімен тұтас халық боп
тоталитаризмнің жиіркенішті табиғатын танып білуге, бір
жылды көп ғасырлық тарихи тəжірибеміздің жетісі мен кемісін
пайымдауға арнады. Сөйтіп, əлемдік ахуалдың арғы-бергісін
шолып, жаңа ғасырда тек адамзаттың басым көпшілігінің
үрдісіне айналған саяси-экономикалык қатынастарын жете
меңгерген халықтар мен қоғамдардың ғана бағы жанатынына
əбден көзі жетіп, бəрімізді аса зор серпіліске шақырып отыр.
Оның жаңа Жолдауы іште де, сыртта да қолдау табуда.
Мемлекет пен азаматтық қоғам, билік пен халық арасын-
дағы ықпалдастықты нығайтатын демократиялық өріс кеңейді.
Кеңейе бермек. Сол арқылы азамат – қоғам – мемлекет кескін-
демесіндегі барлық бунақтың саяси жасампаздығына жаңа
қарқын бітері даусыз. Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Қазақ-
стан жағдайында авторитаризм ерге бастырмайтын, тұйыққа
тірейтін кесапатты жол екенін ашық айтты. Сол арқылы жи-
ырмасыншы ғасыр басындағы дүрбелең тұсындағы тақсіреттің
жиырма бірінші ғасыр басындағы тарихи өткелекте еш қай-
таланбайтынына көзіміз жете түсті. Бұл – баршамызға қазір-
гідей тарихи өткелек тұста ауадай қажет оптимизм. Оның
нақты нəтижесін бəріміз үшін саяси көрегендік пен азаматтық
тұрлаулылық емтиханы болғалы тұрған жаңа Елбасы сайлауы
ойдағыдай көрсете алатынына кəміл сенеміз.
Біздің кемеміз үміт жағалауына жақын қалды. Бұндай кезде
жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. Өйткені, сын кезең
əлі өткен жоқ. Тарихтың алдан қанша талқысы тосып тұрғанын
ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың кебіне түспес
үшін тəуелсіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақталған
тағылым мен тəжірибені жете байыптап, əділ бағалағанымыз,
бұдан ары қарай да тізгінімізді сол талай тығырықтан аман
алып еткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демо-
кратия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық
табандылықтың сенімді қолына бекем ұстатқанымыз дұрыс
болары даусыз.
Тек сонда ғана осындай аса бір жауапты кезеңде бəріміздің
басымызды маңызды мəслихатқа жиып отырған Ұлттың ұлы
171
Ұстазы аруағы алдындағы шəкірттік арымыз таза, иманымыз
кəміл болар еді.
Ол, бүгін расында да мынау бостандықтың бозала таңында
ақ бозға мініп, қыр басынан көрінген Қызыр Ілияс сияқты.
Алдынан жүгіріп, аяғын құшқымыз келеді. Үзеңгісіне жа-
бысып, əкеден балаға ауысып келе жатқан сағынышымызды
басқымыз келеді. Қайтадан ақ жол үстіндегі бүгінгі ұрпақ ол
жазып кеткен адамгершілік пен азаматтық, жаңартушылық пен
жасампаздық əліппесін жетік меңгеріп, жемісті жүзеге асыра-
рына сендіргіміз келеді.
Сонда рухани піріміз Ахаң көк аспандағы көлеңдей
желпілдеген көк туымызға көзі түсіп сүйсінер. Өздері көре
алмай кеткен тарихи дəуренге біздің жеткенімізге еміренер де
тебіренер. Бір кезде «Қазақ» газетінде берген батасын берер:
«Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар əлі бар... Түбі қандай
болады деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан
келмесе де, үйімізді үй етіп, шашылмай қалудың қамын
желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жа-
тыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық десек,
қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан
не келеді деп қорынбайық. Ұлтына кызмет етуге ниет болса,
жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де бола-
ды. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі жок. Əркім əлінен
келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нəрсе көпке
сеп болмақшы. Сəл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан
ұлғаяды... Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ
баласына міндет».
«Елін қорғайтын ер болайық,
Ерін қолдайтын ел болайық!» – дер.
«Қай ісіміздің де Құдай сəтін салғай! «Əумин» деп қол жай-
ып, «Əуп» деп күш қосып, «Алла!» – деп іске кіріселік», – дер.
Бүгін бұны жете ұғынып, терең сезініп отырған халық
та бар, қоғам да бар, азамат та бар. Сондықтан ұлтымыздың
кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де Ұлы Ұстазына: «Лəббəй,
тақсыр! Айтқаныңыз болсын!» – деп басымызды иіп, тағзым
етелік!
Рахмет!
172
Достарыңызбен бөлісу: |