Зейнолла Қабдолов,
академик
АХАҢНЫҢ ƏДЕБИ ҚИСЫНДАРЫ
Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы өзінің əйгілі «Əдебиет
танытқышын» кітап қып бастырып шығарды. Бұл – біздің жыл
санауымыздан үш жүз жиырма алты жыл бұрын Эллада елінде
жарық көрген Аристотельдің атақты «Поэтикасы» тəрізді.
Сөз өнерінің болмысы мен бітімін жүйелі байыптайтын қазақ
топырағындағы тұңғыш теориялық зерттеу еді.
Егер Лессинг өзінің «Гамбург драматургиясында» Аристо-
тель «Поэтикасын» мінсіздік тұрғысынан «Евклид элемент-
терімен» қатар қойған болса, біз бүгін Ахаңның «Əдебиет
танытқышын» Аристотель «Поэтикасымен» салыстырар едік.
Мұның мəнісі – екеуі де: бірі – грек əдебиетінің, екіншісі –
қазақ əдебиетінің алғашқы «əліп-билері». Асылы, үздік қасиет-
тері бір-бірінен неғұрлым ерекше болса, бір-біріне соғұрлым
ұқсас болады.
Мінсіздік дедік.
Мұның өзі уақыт пен кеңістікке тығыз байланысты тарихи
категория: уақыт өтсе, кеңістік өзгерсе, бұл да адам танымас-
тай өзгеріске ұшырайды.
Айталық Эсхил трагедиясындағы мифтік құдайлар қырсық-
тан қырсыққа шалдығып, қырылып жатқанда шетінен маңырай
жылаған гректер Лукиан комедиясындағы өлімге жамырай
күлген.
Тарихтың бұлай жылжу себебін Маркстен артық айту қиын:
«Адам баласы өзінің өткенімен күліп қоштасып отырған».
Мінсіздік дегенді де солай түсіну керек.
Мəселен, Аристотель өзінің Лессингке мінсіз көрінген «По-
этикасында» ұғым һəм термин ретінде тарихта тұңғыш рет өзі
қалыптастырған фабула дегеннің композиииялық бүтіндігін
былай түсіндіреді:
– Бүтіндік дегеніміз əр нəрсенің басы, ортасы, аяғы болуы.
Басы – өзгеге ермейді, өзіне ертеді; ортасы – өзі де ереді, өзгені
де ертеді; аяғы – өзі ереді де, өзгені ертпейді (Поэтика. 62 б.).
199
Ал Ахаң, болса, біз тұңғыш қазақы теориялық трактат
ретінде бағалап отырған өзінің «Əдебиет танытқышында»
терменің жанрлық ерекшелігін былай сипаттайды: «Терме деп
ат қойылуының мəнісі – бұл түрлі шығармалар бір нəрсенің
жайынан сөйлеп тұрмай, көп нəрсені теріп сөз қылып өтеді.
Көп нəрсені сөз қылғанда, əрқайсысына айналып, баяндап жат-
пайды. Түрлі шөптің басын шалып оттап, тоқтамастан желге
қарай тартып бара жатқан мал сияқты» (Шығармалары. 245 б.).
Ал енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен
мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен қағидалары
əдебиет туралы ғылымның біршама шарықтап өскен бүгінгі
деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ сын көтермейді.
Онда қалайша мінсіз? Гəп осы арада.
Бүгінде бізде – ана тілімізде əдебиет теориясы жасалды.
Қазақ əдебиеттануын үш саладан – əдебиет тарихынан, əдебиет
сынынан, əдебиет теориясынан тұрады десек, бұл үш сала да
қазір тек өз дəрежемізде ғана емес, өзге де кəдімгі өркениетті
елдер деңгейінде өрістеп-дамып отыр.
Демек, күні кешеге дейін кешен қалып келген əдебиет
теориясы да бізде туған əдебиетіміздің тарихы мен сыны
секілді бүтінделді. Əлгі бір Аристотель қалыптастырған
ұғыммен тұжырар болсақ, бұл ғылым да бүтін: мұның да
«басы, ортасы, аяғы» бар. Басы – жиырмасыншы жылдарда
туған Ахмет Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқышы»; ор-
тасы – қырқыншы жылдарға таяу басылып шыққан Қажым
Жұмалиевтің «Əдебиет теориясы» мен Есмағамбет Ысмай-
ыловтың «Əдебиет теориясының мəселелері»; аяғы – алпысын-
шы жылдардың ақырына таман жазылып бітіп, жарық көрген
Зейнолла Қабдоловтың «Əдебиет теориясының негіздері» («сөз
өнері»). Сəкен Сейфуллиннің сөзімен айтқанда «Қазақ халқын
байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртып, арын бірге
жақтаған» ардагер Ахаңның араға алпыс жыл салып оралуы
ағартушы – ақын – ойшыл – оқымысты ретіндегі өзге қырларын
өз алдына қойғанда, біздің əдебиет туралы ғылымымызды,
оның теориясын осылай бүтіндеді.
Туған топырағымыздағы əдебиет теориясының басы болып
табылатын «Əдебиет танытқыштың» айта қалғандай қадірі
мен қасиеті, тарихи мəні мен маңызы осы арада жатыр.
200
Ахаң жоқта біздегі əдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді
еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...
Мəселен, айшықтаудың (фигураның) арнау деген бір түрі
бар. Бүкіл дүниежүзілік əдебиет теориясында арнау деген бір-
ақ түр; шауып шықса, бұған шешендік сұрау қосылып қана аз-
дап ажарлануы мүмкін. Ал қазақ поэзиясында Ахаң осының
үстіне үш түр (сұрай арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып,
құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып əкетеді. Үлгілері
төмендегідей.
1. Сұрай арнау:
Желі толған сар түйе,
Ағажан, кімге тапсырдың?
Қора толған ақты қой,
Ай көке, кімге тапсырдың?
Тоғай толған мың жылқы.
Күн көке, кімге тапсырдың?
Тоқсанда əкең Тоқтарбай,
Жан көке, кімге тапсырдың?
Алпыста шешең Аналық,
Бірге туған мен зарлық,
Ақ көке, кімге тапсырдың?
(«Қобыланды батыр»)
2. Зарлай арнау:
Сауықшыл есіл, елім-ай,
Сарыарқа сайран, жерім-ай!
Күмістей таза суы бар
Айдын шалқар, көлім-ай!
(Мағжан Жұмабаев)
3. Жарлай арнау:
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық.
Оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар.
(Ыбырай Алтынсарин)
201
Əдеттегі дəстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі
арнауды əрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кей-
де тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайы-
лов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не,
бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай,
Қажекеңе сілтеме жасауға мəжбүр болдық...
Бұл – бұл ма? Қазіргі қазақ тіл біліміндегі секілді, қазақ
əдебиеттануындағы əдеби терминдердің басым көпшілігінің
баламын ойлап тапқан да Ахаң:
көріктеу, меңзеу, ауыстыру,
алмастыру, кейіптеу, пернелеу, əсірелеу, шендестіру, дамыту,
түйдектеу... – осылардың бəрінің түптамыры Ахаңда жатыр.
Мұхтар Əуезовтің «Ахаң түрлеген ана тілі» дейтін əлдидің
əдебиет аясындағы бір нақты да затты көрінісі – осы.
Демек, «Əдебиет танытқыштың» ең басты бағалылығы –
осылайша əдеби терминдерді қазақша қалыптастырғандығы.
Əрине, бəрі бірден əдебиет теориясына тұлға боп орныға
беруі қиын. Мысалы, «Өрнекті сөйлемдер» деген тараудағы:
а) себепті оралым, б) мақсатты оралым, в) ұқсатпалы ора-
лым, г) қайшы оралым, д) шартты оралым, е) жалғасыңқы
оралым, ж) серіппелі оралым, з) айырықты оралым дегендер
əдебиеттанудан гөрі тіл біліміне тікелей қатысты орамдар.
Осындай тұстарда Ахаңның əдебиетшілдігінен гөрі лингвистігі
басым шыға береді.
Ахаң ə дегеннен өнер атаулыны тіршілік үшін жұмсалатын
тірнек өнері, көркемдік үшін жұмсалатын көрнек өнері деп
екіге айырып алады да, соңғысын бес түрге бөледі:
сəулет
өнер (архитектура), сымбат өнер (скульптура), кескін өнері
(живопись), əуез өнері (музыка), сөз өнері (əдебиет). Бұлар
– əдебиет теориясының дəл бүгінгі биігіне шырқап, шалқып
шығатын шынайы ұғымдар. Бірақ мұның есесіне, «Дарынды
сөз» тарауындағы
əуезе – эпостың, толғау – лириканың, айтыс
– драманың бүгінгі теориялық деңгейдегі баламдары болады
деу қиын.
Задында, Ахаң қалыптастырған əдеби-теориялык термин-
дерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Дəлірек айтқан-
да, Ахаң терминдерін жапатармағай жіпке тізе бермей, таңдау
керек, талғау керек, сөйтіп барып талдау керек. Ахаңнан қалған
202
атаулар сонда ғана екшеледі, іріктеледі, сұрыпталады. Мəселен,
«Шешен сөз» бен «Көсем сөз» дегендерді алып қарайық.
«Бұлардың айырмасы – шешен сөз ауызша айтылады, көсем
сөз жазбаша айтылады», – дейді де, Ахаң «шешен сөзді» бес
мүшеге бөледі:
1) бастамасы, 2) ұсынбасы, 3) мазмұндамасы,
4) қыздырмасы, 5) қорытпасы.
Мұның бəрі, əрине, стандарт – қолдан қалып қиып, канон
жасау. Ал қолдан «қалып» ұсынылған жердегі қисын қисық
қағида қасаң болатыны мəлім.
Жə, енді Ахаңның «Көсем сөз» деп отырғаны не? Бұл – пуб-
лицистикаға алған баламы. Мұны қабылдауға əбден болады.
Публицистика – көсем сөз! Əдемі емес пе?
Бұдан əрі Ахаң қазақ өлеңінің құрылысын, қазақ əдебиеті-
нің (фольклордан бергі) ұзақ тарихын шолуға көшеді.
Мұның өзі бір қарағанда əдебиет туралы ғылымның екі
саласын (тарихы мен теориясын) қосып, қойыртпақтап жібер-
гендей көрінеді. Бірақ байыбына барыңқырасақ, ол мұнда да
əдеби-теориялық ұғымдар қалыптастырып, өзінің «Əдебиет
танытқышын» тағы да сөз өнерінің əсем əліппесіне айналды-
рады.
Бұл бөлімінің ең бір құнды жері – əдебиеттің Аристотель
белгілеген негізгі үш тегін, яки жанрын (эпос, лирика, дра-
ма) грек тілінен түп-түгел қазақ тіліне ауыстырып алады да,
əр жанрдың жанрлық түрлерін өзіміздің төл əдебиетімізден
іздейді. Мысалы, лириканың алғашқы үлгілерін қазақтың со-
нау тұрмыс-салт жырларынан іздеп табады. Сонда, ең жеңілі,
жоқтау – эпитафияға, мақтау – одаға, даттау – сатираға бала-
ма боп шыға келеді. Дəл осы ретпен əдебиеттің үшінші тегін
Аристотельше «драма» деп емес, Ахаңша «айтыс-тартыс» деп
алады да, осы жанрдың жанрлық түрлерін, айталық, трагедия-
ны – мерт, яки əлекті тартыс, драманы – сергелдең, яки азапты
тартыс, комедияны – арамтер, яки əурешілік деп атайды.
Сөйтіп, Ахаң əдебиет теориясының негіздерін қазақтар
ортасына осылай əкеліп орнықтырып, əдебиет теориясына
айрықша ұлттық сипат дарытудың жолын, əдісі мен амалын,
міне, осылай іздеді.
203
Қорыта айтарымыз: Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Əдебиет
танытқышы» арқылы қазақтың таза ұлттық топырағына егіп-
өсіріп, жалпы əдебиет дегеннің болмысы мен бітімін Ахаңша
есіліп, Ахаңша көсіліп бір толғап берді. Бұл – сөз өнерінің басы,
«Əліп-биі». Өйткені сөз өнерінің тек ұлттық қана емес, күллі
адам баласылық ұлы проблемалары əдебиеттің болмыс-бітімін
белгілеумен ғана шектелмейді, бұдан əрі біріне-бірі тұтасып,
əдеби шығарманың сыры мен сипатын парықтау, ақыр-аяғында
əдеби дамудың мағынасы мен мəнін анықтау жатыр. Бұларды
жүзеге асыру жолын «Сөз өнерінде» былай белгілейміз:
əдебиеттің теориялық мəселелерін бірыңғай қисынға ғана
айналдырып, оны əлдебір қасаң ереже, кейде тіпті қатал заң
ретінде ұсынбай, теориялық толғамдарымызды жазушылық
шеберлік мəселесімен, қажет жағдайда қаламгерлік өнердің
қиын иірімдерімен ұштастыра, көркем творчествоның психо-
логиясымен байланыстыра жүйелеп отыруымыз керек.
Бұл міндетті Ахаң өзінен кейінгілердің үлесіне қалдырып
кетті.
204
Рабиға Сыздық,
академик
АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖƏНЕ
ТЕРМИНОЛОГИЯ МƏСЕЛЕЛЕРІ
Бұдан 13 жыл бұрын осы тақырыпқа қатысты жазып,
жариялаған мақаламыздың атын «Термин жасау – Ахмет
Байтұрсынұлы көтерген тарихи жүктің бірі» деп атаған едік
(Ұлттық рухтың ұлы тіні. Жинақ. «Ғылым» баспасы, 1999ж.).
Мақаланың бұл аты – ұлы ағартушы, ұлы ғалымның қазақ
тілінің терминологиясына қатысты еңбегі, танымы, табысы
жайында айтылатын үлкен əңгіменің: əралуан монографиялық
зерттеулердің, ғылыми ізденістердің түйіні, келте қайырылған
резюмесі десек болар еді. Өйткені белгілі бір халық тілінің
ғылыми-техникалық, саяси-əлеуметтік т.б. терминдерін тұңғыш
рет дүниеге келтіріп, нақты бірліктерін (сөздерін, тұлғаларын)
жасау – нағыз жүк, ауыр жүк, тарихи жүк: қоғамның мəдени-
əлеуметтік тарихында ерекше аталатын, үлгісі қалатын, теңдесі
жоқ құбылыс. Осы жүктің қажеттігін дер кезінде таныған
да, көтерген де, құлатпай əрі қарай жеткізген де – Ахмет
Байтұрсынұлы.
Ал Байтұрсынұлын бұл əрекетке əкелген – тек жалаң ға-
лымдық борышты сезінуі емес, одан əлдеқайда жоғарырақ
тұрған мақсаттарды жүзеге асыру идеясы болатын. Бұл идея
жаппай сауаттылықтан, жалпы білім-ғылымнан кенжелеп келе
жатқан қазақ халқын тегіс сауаттандыру, əйтеуір сауат аштыру
емес, ана тілінде оқытып, үйрету мақсатын көздеді.
Біздің ойымызша, ХІХ ғасырдың соңғы онжылдығы мен
ХХ ғасырдың алғашқы екі онжылдығында қазақ зиялылары-
ның алдында тұрған бірден-бір ұлттық идея – оқу-ағарту идея-
сы болды. Отаршылықтан құтылу, айырылып қалған солтүс-
тіктегі, шығыстағы, батыстағы кейбір жерлерді қайтарып алу,
жеке мемлекет болу сияқты мақсат-мұраттарға жету үшін
алдымен айналаны қоршаған жұрттармен барлық жағынан
терезесі тең болу шарт. Бұл теңдікке қол жеткізу үшін ең əуелі
халық сауатты, білімді болмаққа керек. Ал бұл тұстағы қазақ
205
халқы «көгі қараңғы», «көңілі ұйқылы», «еспесі жоқ қайығы
қалтылдақ», «малы талауда, жаны қамауда» болып отырған
«қайран ел, қайран жұрт» еді. Осы сөздерді айтқан Ахаң əрі
қарай «надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң, ол-
жалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан
қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бəрі
надандық кесепаты». «Өрге басқан, өзге жұрттың қатарынан
қалыспау үшін» оқу-ағартуға құр шақыру жеткіліксіз, нақты іс-
əрекеттерге кірісу керек болды.
Оқу-ағарту идеясы Ахмет Байтұрсынұлы, Əлихан Бөкей-
хановтар бастаған шоқ жұлдыздай боп жарқырап шыққан қазақ
зиялыларын нақты іс-əрекеттерге алып келді. Біреулері Ресей
мемлекеттік думасында депутат болып, қазақ халқының мұң-
мұқтажын жоқтаса, екіншілері «Оян, қазақ!» деп қазақтардың
намысын оятып, өлең жазып жатса, үшіншілері – енді-енді
пайда болған газеттер мен «Айқап» сияқты журналдарда пікір-
лерін білдіріп, оқу-ағарту істерін қатты қолдап жатты. Ал Ах-
мет Байтұрсынұлы болса, сол оқу-ағартудың нақты шаруасына
кірісті. Ол үшін қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дəл көрсететін
əрі оқытуға жеңіл таңбаларды (əріптерді) түзуді қолға алғаны
белгілі. Түркі халықтары қолданып отырған араб таңбаларын
икемдеп (реформалап) қазақ əліпбиін ұсынды. Бұл – нағыз
ұлттық жазу болып шықты. Оны кезінде түркі халықтары тіл-
дерін зерттеуші орыс, татар ғалымдары «Байтұрсынов жазуы»
деп, ал Ахаңның өзі «Қазақ жазуы» деп атағанын, қарапайым
халық «төте жазу» деп кеткенін де білеміз.
Сауат ашатын таңбалар (графика) түзілді, енді осы əліпбиді
мектепте оқытып, жазғызып үйрету қолға алынды. 1910 жыл-
дан бастап Ахмет Байтұрсынұлы балалардың сауатын аштыра-
тын «Оқу құралы, қазақша алифба» (əліппе) атты еңбектерді
ұсынды. Сауатын ашқан балалар əрі қарай ана тілдерін пəн
ретінде оқып тануларына арнап Ахаң «Тіл – құрал» атты атақты
тұңғыш ұлттық оқулық жазды. Үш сатылап оқытатын бұл
құралдардың алғашқысы қазақ тілінің фонетикалық жүйесін
танытуға арналған. Оны автор «дыбыс жүйесі» деп атайды.
Қазақ тіл білімі терминдерінің басы, бірінші термині осы «ды-
быс» деген атау десек болар: дыбыс сөзінің жалпы əдеттегі
206
номинатив мағынасы жалпы құлаққа естілетін үн, ол адам
аузынан шыққан үннен басқа жанды-жансыздардан шығатын
«ауа тербелісі» – үн, дыбыс, сыбыс т.б. Бір нəрсе жерге құлап
түссе де, оның дыбысы естіледі. Демек, дыбыс – қарапайым
жалпы мағынадағы сөз, ал термин түзуші тіл білімі танытатын,
талдайтын нысандардың бірі – адам аузынан шығатын əртүрлі
дауыс үзіктерін дыбыс деп атаса, ол – термин, яғни оның тіл
біліміндегі объект дыбыс дегенді танытатын нағыз ғылыми
анықтамасы, яғни дефинициясы бар.
Осы дыбыс сөзінен бастап Ахаңның қаламынан қазақ
тілінің фонетика, морфология, синтаксис салаларының барлық
терминдері дүниеге келеді.
Осы жерде тағы бір теориялық-танымдық мəселеге назар
аудартамыз. Ол – мектеп оқулықтары ғылыми əдебиетке жата
ма, жоқ па? деген əңгіме. Біз бұл жерде орыс жəне өзге де Еуро-
па ғалымдарының пікірлеріне қосылмаймыз. Атап айтқанда,
əр халықтың білім-ғылымға алғашқы келген кезеңіндегі оқу-
ағарту ісінің сапасына (сипатына) қарау керек. Көптеген Еуро-
па халықтары, қытай, араб, парсы, сондай-ақ жапон, корей
халықтарының тұңғыш əліппелерінің дүниеге келуі, тұңғыш
бастауыш сатыдағы оқу құралдарының пайда болу кезеңдері
мен қазақ халқының мəдени дүниесінің тарихы бірдей емес.
Бұдан бірнеше ғасырлар бұрын бұлардың жазулары пайда
болып, білім-ғылыммен алғашқы танысу (оқыту, оқу) үлгісі
қандай болды дегенді біз, əрине, арнайы зерттеген жоқпыз. Бірақ
ХХ ғасырдың басында қазақ халқына білім-ғылым танымдары
келгенде, қазақ қауымы теп-тегіс мүлде сауатсыз емес еді, ал
жазу мəдениеті де бар болатын. Əліпбиі араб жазулы болды.
Сауаттылардың басымы мұсылман мəдениетімен сусындап
өсті. Сонымен бірге орыс жəне дүниежүзі мəдениетімен де та-
ныс қазақ зиялылары да келе бастады. Олар ғылым дегеннің,
ғылым дүниесінде термин дегендердің болатындығын біл-
ді. Сондай-ақ білім-ғылымның алғашқы мағлұматтары мек-
тептен басталатынын да жақсы білді. Сондықтан мектеп
табалдырығын аттаған бала дүниетанымның ең алғашқы
түсініктерімен ауыздануы керек, ал бұл түсініктер ғылыми
жанрдың ең жеңіл, ең қарапайым үлгілері болмаққа керек еді.
207
Демек, қазақ мəдениетінде мектеп оқулықтарының тілі мен
мазмұны осы жанрдың алғашқы үлгілері деп танылуға тиіс.
А.Байтұрсынұлының терминология саласында еткен еңбегі
жайындағы пікірлеріміздің келесісі – оның термин жасаудағы
принциптерін дұрыс тануына байланысты. Қазақ тілінің ең
алғашқы ұлттық пəн терминдерінің пайда болған кезі – ХХ
ғасырдың алғашқы онжылдықтары болатын. Бұл кезде қазақ
мəдениеті ғылым дүниесіне əлі бойлап кірмеген («алғашқы
кезде жат көрінетін» – Ахаңның сөзі) кез еді. Екіншіден,
оқулықтар бастауыш мектеп балаларына ұсынылған тосын
дүниелер болатын. Үшіншіден, білім-ғылым саласының тер-
миндері деген не, олар қандай жүйемен, қандай принцип-
термен жасалуы керек дегенді Ахаң қатты ескертті. Оқыту
үстіндегі əңгіме балалардың жасына, үйдегі-түздегі ортасынан
алған білген-түйгеніне қарай түсінікті, анық болуы қажет. Ол
түсініктілік ана тілінің сөздерімен айтылғанда ғана жүзеге аса-
ды. Ана тілін пəн ретінде танытатын терминдерді жасауда қай
халық болса да, алдымен өз ана тіліне иек артады. Екіншіден,
қазақ тіл білімінің иек артқаны, еуропалық, оның ішінде орыс
лингвистикалық мектебі болғандығы мəлім, өйткені адамзат
баласының тілінің қай халықтікі болса да, табиғаты бір, басты-
басты категорияларының көбі ортақ. Мысалы, дыбыс, сөз, сөз
тіркестері, сөйлем дегендер, сөздердің қосымшалар арқылы əр
алуан семантикалық, синтаксистік қатынастар жасау қабілеті
т.т. осы сияқты категориялар, оларды білдіретін ұғымдар
тілдердің қай-қайсысында да бар, тек сол ұғымдардың атаула-
ры əр тілде əртүрлі (дыбыс – звук, сөз – слово, сөйлем – пред-
ложение деген сияқтылар).
«Тіл – құралдағы» лингвистикалық терминдер түгелімен
дерлік қазақ тілінің өз қорынан бірнеше жолмен жасалған:
байырғы сөздің мағынасы тұйықталып, бір ғана терминдік
ұғымға, дефиницияға ие болады: не қосымшалар жалғап, не
қосарланып, не өзге тұлғамен біріктіріліп, өзгереді (дери-
вацияланады), сондай-ақ өзге тілдік термин калькаланады.
А.Байтұрсынұлы осы амал-тəсілдердің барлығын да жұмсаған.
Оның ішінде біразы калька түрінде келген. Мысалы, есім
(имя), зат есім (имя существительное), бастауыш (подлежа-
208
щее), қаратпа сөз (обращение), қыстырма сөз (вводное слово),
леп белгісі (восклицательный знак) т.т. Мұны кейбіреулердің
теріс түсінетініндей, орыс тілінен көшіру деп тануға болмай-
ды. Есім, бастауыш, қаратпа сөз сияқты аталған нысандар екі
тілде де бар, бұлардың қазақшасы да, орысшасы да сол тілдерде
терминдік мағынаны дəл беріп тұр. Демек, мұндай ұқсастықтар
калька тəсілімен жасалуының себебі тілдік ұғымдардың
универсалдығында жəне лингвистикалық мектептің бірлігінде
жатыр.
Бұл жерде термин жасауда оның тек тілдік тегіне емес,
құрылымдық-тілдік жəне ұғымдық-семантикалық жақтарына
үңілу қажет. Термин жасауда сөздің атауыштық (номинативтік)
қасиеті мен ұғымдық мəні дегендер бөлек-бөлек танылуға
тиіс. Техника салаларына жататын терминдердің жасалу-
ында номинативтік бағдар, яғни қолға ұстап, көзбен көретін
заттарды атау бірінші орында тұрады. Мысалы, айталық,
машиналардың, техникалық құрал-жабдықтардың терминдері
негізінен зат атаулары болып келеді. Ал ғылыми терминоло-
гияда «ұғым» бірінші орында тұрады. Мұнда термин болатын
сөздің ұғымына мəн беріледі, яғни заттың аты емес, ұғымның
аты термин болады. Сондықтан ғылымның, оның ішінде
тілтаным, əдебиеттану, психология, логика, философия сияқты
ғылым салаларының терминдері əр тілдің өз сөздерінен де жа-
салады, калька жолымен өзге тілдерден де аударылады. Əрине,
бірсыпырасы кірме сөздер де болып келе алады. Соңғы құбылыс
белгілі бір ғылым саласының күрделене түсуіне, дүниежүзілік
жаңалықтардың да орын алуына, əр елдің мəдени игіліктерінің
бір-біріне іліктесіп, «терезелері теңесе түсулеріне» де бай-
ланысты. Мысалы, бұл күнде қазақ тіл білімінде корреляция
(өзара байланыстылық), сигнификаттық (ұғымдық), фрейм
(индивид жадында сақталатын ситуация бейнесі термин-
дер қолданылады. Бұлар, негізінен, тілтанымның ең жоғары
деңгейде зерттеліп, жазылған еңбектерде (диссертацияларда,
жоғары оқу орындарының оқулықтарында) орын алады.
Ал А.Байтұрсынұлы ұсынған алғашқы терминдер болса,
ол ғылымның ең төменгі сатысы – мектеп оқулықтарының
мұқтажын өтеуге арналғаны белгілі. Тілтаным терминдерінің
209
алғашқы сатыдағы оқыту барысында түсінікті болу үшін
бүгінгідей тілтаным тарауларын фонетика, морфология, син-
таксис деп танытқаннан гөрі ол кезде дыбыс жүйесі, сөз
жүйесі, сөйлем жүйесі деп оқыту сол кезеңдегі оқушылардың
білік дəрежесімен санасу болғандығы түсінікті.
Терминнің түсініктілігін көздеу – қашанда да қажет талап.
Ал бұл – Байтұрсынұлылар кезеңі үшін ең басты шарт болды.
Сондықтан қазақ тілін, оның құрылымын сөз таптары, сөйлем
мүшелері т.б. сияқты жеке-жеке «дүниелері» ғылым-білім
тұрғысынан сөз болатын тұста неге солайша аталып отырғанын
ғалым ұғымды таныту арқылы дəлелдейді. Мысалы, үстеулер
«өзінен кейінгі айтылған сөздің мағынасын үстейді», ба-
рыс септік «қайда баруды көрсету үшін қолданылады» деп
ұғындырады. Əсіресе етістік категорияларының ұғымдарын
терминдеуде «сөз» бен «ұғымның» арақатынасын жақсы
пайдаланған. Етістік термині – жасанды сөз. Ортаазиялық бір-
қатар түркі тілдері бұл ұғымды атауда феил, фиғыл деген
арабша терминді қолданып келеді, ал А.Байтұрсынұлы қазақ
тілтанымы үшін «еткен-етпеген істі білдіретін атау» деп етістік
терминін жасаған. Терминолог ғалымның осы іспетті етіс,
көсемше, есімше сияқты терминдердің де тұлғалық пішініне
ұғымдық мəні дұрыс келетінін де осылайша түсіндіреді.
Термин болып тұрған сөздің тілдегі бұрыннан бар сөз бол-
сын, жасанды тұлға болсын, оның терминдік қызметтегі ұғымы
бірдей тепе-тең болмайды: терминге сол сөздің бойындағы
қосымша мағыналық реңктердің біреуін пайдаланады (бұл
реңкті ғылымда атайтын сема деген өз термині бар. Демек,
ғалым етістік тұлғасының ет – деген түбіріндегі бір нəрсені,
қимыл-əрекетті жасау (ету) семасын пайдаланған.
Ғылыми-танымдық терминдер тек «Тіл – құралдарда» ғана
емес, қазақ тілін оқыту əдістемелерін сөз еткен, «Баяншы»,
«Əліппе астары», «Ана тілінің əдісі», «Қай əдіс жақсы?»
деген сияқты құралдар мен мақалаларында да осы салаға
қатысты терминдерді ұсынған: жалқылау (айырыңқы), жал-
пылау əдістері, жалқылаулы-жалпылау əдісі, дыбыспен жат-
тығу, əдісқой (методист), сауаттау əдісі, таңбаша жазу, əріпше
жазу, дыбысты əдіс, тұтас сөз əдісі. Əдістеме, педагоги-
210
ка салаларындағы Ахаң жасаған термин сөздердің бүгінде
көп кездеспейтіндігін ол терминдердің сəтсіздігінен емес,
оқыту əдістері түрлерінің өзгергендігінен, атаудың да жаңа
варианттарының пайда болғандығынан, мысалы, сауат-
тау етістігі сауаттандыру, сауат ашу деген сияқты тұлғалық
өзгеріске ұшырағандықтарынан іздеу керек. Сол кезең, ХХ
ғасырдың алғашқы онжылдықтары үшін бұл терминдердің де
мəні мен қызметі ерекше болды.
Ғалымның тіл мен жазуға қатысты терминдерінің келесі
тобы – тыныс белгілерінің атаулары болатын. Пунктуацияның
жазу мəдениетінде мəні зор. Сондықтан ХІХ ғасырдың соңғы
екі онжылдықтарында алғашқы қазақ баспасөзі –«Түркістан
уалаяты газеті» мен «Дала уалаяты газеттері» араб жазулы
мəтіндердің өзінде тыныс белгілерін қолдану қажеттігі айтыла
бастайды, тіпті тыныс белгілері қойыла да бастайды.
Тыныс белгілерінің түр-тұрпаты мен қолданылатын орын-
дары көрсетілген мақалалар жарияланады («Дала уалаяты
газеті», 1896, №31). Бұл газеттің алғашқы нөмірлері тыныс
белгілерінсіз шығып тұрып, кейін өзі көрсеткен тыныс белгі-
лерін қоятын болған. Бірақ не газет редакциясы, не мақала ав-
торлары тыныс белгілердің қазақша терминдерін тауып бере
алмаған. Тыныс белгілері дегенді тыныстар, «нүктені тыныс,
үтірді жарты тыныс, сұрау белгісін – сұраған жауаптың аяғына
қойылады (бұл тіпті атау емес, түсіндірме сөйлем болып
шыққан), леп белгісі де осылайша сөйлеммен түсіндірілген,
осы күнде тырнақша, қос нүкте, көп нүкте, дефис, сызықша
деген атаулардың да терминдері емес, түсіндірмелері берілген
(осы газет, 1898ж. №42). Пунктуацияның бүгінде қолданып
жүрген атауларын (дефис деген бірер бөгде тілдік термин-
нен басқаларын) түгелге жуық жүйелеп ұсынған – Ахмет
Байтұрсынұлы болды
Ғылыми терминология саласындағы А.Байтұрсынұлының
орны, еңбегі, ұстанған принциптері, көрсеткен үлгісі дегендер-
ге келгенде, арнайы айтылатын тұстары баршылық. Солардың
ішінде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов жəне
т.б. XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ тілінде
тұңғыш оқулықтар жазған қайраткерлердің қазақ тіліндегі
211
ғылыми, əлеуметтік-саяси терминдердің сүйегі, яғни тілдік тегі
(негізі) жөніндегі пікірлері мен тəжірибедегі қолданыстарына
назар аудару қажет. Бұлардың қаламынан туған терминдердің
көбі қазақ тілі қорынан жасалғандығына қарап, олар бөгде
тілдік терминдерді қабылдамау принципін ұстанды деген
пікір айтылып жүр. Сірə, бұндай тұжырымды айтуға Ахмет
Байтұрсынұлының қазақ тіліне қатысты терминдері көзге
түскені себепші болса керек. Шынында да ең тұңғыш пайда
болған терминдердің ішінде шет тілдерден келген араб, татар,
орыс сөздері жоққа тəн (наху, сарф, қағида, кітап дегендерден
басқалары қазақша тұлғалар болды. Бірақ мұның себебі (уəжі)
де болғаны жоғарыда айтылды.
Білім-ғылымға қатысты жазбаларда, оның ішінде оқулық-
тарда да бөгде тілдік, əсіресе интернационалдық қорға жататын
терминдер қолданылатындығы, мұның уəждері XX ғасырдың
алғашқы онжылдықтарда-ақ айтылғанын көреміз.
Білім-ғылымның бірнеше саласына қалам тартқан Ха-
лел Досмұхамедов зоология, анатомия, физиология, гигиена,
табиғаттану, лингвистика (фонетика) салалары бойынша қазақ
тілінде орта, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазған,
мақалалар жариялаған, аударма дүниелер қалдырған бола-
тын. Ол – XX ғасырдың басында қазақ мəдениетінің көгінде,
оқу-ағарту майданында жарқырап шыққан А.Байтұрсынұлы,
М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Қожанов, А.Та-
нысбаев, К.Жəленов сияқты шоқжұлдыздың бірі еді. Аталған
зиялылар қазақ тілінің ғылыми стилінің негізін салды, қазақша
ғылым тілінің үлгісін көрсетті. Х. Досмұхамедовтерге тұңғыш
төл оқулықтар жазу оңайға түскен жоқ, алдарында үлгі болма-
ды. Олар қазақтың ғылым тілін жалғастырушылар емес, бастау-
шылар болды. Ғылыми əдебиет болғандықтан, бұл авторлар-
дың алдында өз кезеңіне сай талаптардың бірі – бұл оқулық-
тардың нағыз ғылыми негізде жазылуы болса, екіншісі –
сол кезеңдегі мектеп пен одан жоғарырақ оқу орындарын-
да оқитындарға, оларға сабақ беретін оқытушыларға, білім-
ғылымға ұмтылған өзге де адамдарға мейлінше түсінікті етіп
жазу қажеттігі болды. Түсініктілік дегеніміз – тілдің тым
қарабайырлығы, «жалпақтығы» («қазақтың жалпақ тілімен
212
баяндау») емес екендігін олар жақсы білді. Сондықтан ғылы-
ми əдебиетте (оқулықтарда) сол ғылым саласына қажет термин-
дердің орын алуы оқулықтар авторларына көп тер төктірді,
пікірлерін айтқызды. Х.Досмұхамедов: «Жат сөзсіз (бұл жер-
де ғалым интертерминдерді айтып отыр) күнелте алмайтын
заман туды» деп, келесі бір тұста: «Мəдениет қуған жұрттың
алдымен тілі өзгермекші (бұл жерде Халекең, тілдің сөздік
қазынасында болатын жаңалықтарды айтады), білімге кірген
жаңа сөздердің көбі шеттен кірген біліммен, əдеппен [кел-
ген] жаңалықтарға ұғым беретін жаңа сөздер болып кірмекші,
үлгіге алынған мəдениетті жұрттың сөздері болмақшы», – деп
жазған еді. Əрі қарай оқысақ: «Осы реттің бəрінен қолайлы
сөз табылмағанда, ғылым атауларына латын тіліндегі сөздерді
алдық. Осы заманғы ғылым – Ауропа ғылымы, барлық Ауро-
па ғылымында қолданған тіл – латын тілі. Сондықтан латын
тілі [көптеген] жұртқа ортақ ғылым тілі болып саналады.
Латын тілі, латын сөзі бізге жат болса да, қашуға болмайды.
Бұл заманда ғылым іздеп, қатарға кірем деген халық латын
сөздерінен қаша алмайды», – деп жалғастырды. Бұл – жалғыз
Х.Досмұхамедовтың пікірі, байламы, танымы ғана емес, қатар
түзіп, қазақ халқын білім-ғылымға тарту майданына шыққан
өзгелердің, оның ішінде А.Байтұрсынұлының да байламы деп
табамыз.
А.Байтұрсынұлы бастауыш мектеп оқулықтарынан жəне
осы мектеп мұғалімдеріне арналған əдістемелік құралдарынан
өзге еңбектерінде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінде
жариялаған мақалаларында ондаған бөгде тілдік сөздерді
қолданған. Олардың көбі – ғылыми термин емес, нақты зат ата-
улары болып келеді. Мысалы, «Тіл – құралдың», «Əліп-би» оқу
кітаптарының өзінде рөлік (ролик), белесепет, мəшине, ышқап,
сипыр, минөт, казит, дұжырнай, кəмитетші деген орыс сөздерін
де аудармай қолданған. Əрине, бірен-саран термин емес, жай
сөздердің қазақша баламасын келтірген тұстары да бар: мы-
салы: құлақхаттар (плакаттар дегені болуы керек), ат-есімдер
(фамилия), сызық шама (таблица ма?), күнбақпа (календарь?),
зат (предмет), ши аяқ (коньки).
213
Ғалым үлкендердің сауатын ашатын құралды да ұсынған.
Сол кезең үшін бұл өте қажет іс болатын. 1926 жылы Семей-
де үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» оқулығын (əліпбиін)
шығарады. Бұл əліпби оқулығын пайдаланушылардың ересек-
тер екендігіне қарай жəне күнделікті өмірден алып жататын
білім-танымдарына («аялық білімдеріне») қарай шет тілдік
сөздерді едəуір келтірген. Мысалы, бұл кітапта кəперетсие,
потребитіл дүкені, декрет, пилосоптар, сатсиал-демократ парти-
ясы, меншебек, бəлшебек т.т. сөздер бар. Ал газет-журналдарда
жариялаған мақалаларында А.Байтұрсынұлы дəулет думасы,
выйборшік, əдіресет, үшінші иіон каноны, пройект, депутат,
телегірам, пенсия, ыстатиа, земство, земскайа управа, серіктік
шілендері (член), болосной исқод, переселен управлениесі,
порма, банк, инспектыр, грамота (жарлық), сібір кəмитетінің
положениесі, паспорт (билет) положениесі, награт алған қара
қазақтар, исқот жинау т.т. ондаған (түгел жинасақ жүздеген)
орыс сөздері мен интертерминдерді қазақшалауға ұмтылмаған.
Ал олардың бір сөзбен болмаса да, тіркес арқылы немесе
түсініктеме түрінде қазақша беруге А.Байтұрсынұлының тілі
жеткен болар еді. Бірақ, біздіңше, бұған бір-екі жайт себепкер
болған тəрізді. Алдымен, дума, кооперация, декрет, философ,
социал-демократ(тық) партия, норма, канон, депутат, телеграм-
ма, инспектор, станция, паспорт сияқты көптеген тілдерге ортақ
интернационалдық сөздерді қазақашаламай-ақ қазақ тілінің
сөздік қорына қосуға болатындығын жөн көрді. Екіншіден, вы-
борщик, земство, земская управа, воолстной сход, переселенче-
ское управление (переселен управлениесі) сияқты сол кезеңдегі
қоғам тіршілігінде жиі қолданылған орысша атаулардың да
қазақша баламалары көпшілікке бірден түсінікті болмайтынын
сезді, өйткені бұл атаулар күнделікті өмірде ауызша қарым-
қатынаста осылайша орысша жиі қолданылатын, олардың
қазақша баламаларын тауып, қалың жұртшылыққа жеткізетін
қазақ тіліндегі жазба дүниелердің өте тапшы болғандығы бы-
лай тұрсын, оларды оқитын адамдардың (ересектердің) өздері
енді сауат ашып жатқанын сол сауатты аштыратын құралды
(əліпбиді) Ахаң енді ұсынып отырғанын да білді. Үшіншіден,
бұлайша орыс пен шет тіл сөздерін келтірген мақалалар мен
214
өзге де жазбаларды жарыққа шығаруда оларды мұқият редак-
циялап, қазақша емес сөздердің баламасын не түсіндірмесін
талап ететін күш те болмағаны белгілі. Жаңа саяси-əлеуметтік
өмір, жаңа идеологиялық, коммунистік мақсат-мұраттар өте
қауырт жүрді.
Ал биология, медицина, гигиена ғылымдарынан қазақ тілін-
дегі тұңғыш оқулықтарды жазған Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күде-
рин сияқты ғалымдар негізі грек-латын тілдерінен жасалған,
ертеден неміс, ағылшын, француз, испан, орыс тілдерінің
ғылыми стильдерінде берік орын алған интертерминдерді
жəне бірқатар ғылыми термин емес атауларды, əсіресе құрал-
жабдық атауларын аудармай қолдану – аталған тілдерде нор-
ма болғанын көріп-біліп, қазақ ғалымдары да бұл принципті
ұстанды. Ал орыс сөздерінің басым көпшілігін, əсіресе тер-
мин емес, қарапайым сөздердің баламасын табу принципі
ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап бірте-бірте
жүзеге аса берді.
Көңіл аударатын келесі жайт – Ахаңда бар кейбір термин-
дердің бүгінде кездеспейтіндігі немесе өзгеше тұлғада келетін-
дігінің себебін тану. Қазақ тіл білімі терминологиясының негі-
зін қалаған да, термин жасаудың барлық параметрінің үлгісін
көрсеткен де Ахмет Байтұрсынұлы дей отырып, біріншіден, бұл
қарекеттің өте сəтті орындалғанын, оның дəлелі Ахаң ұсынған
терминдердің «халық жауының туындысы» деген маркасына
қарамай, міне, бір ғасырға жуық көп өзгеріссіз қолданылып
келе жатқандығы екенін айтамыз. Ал бүгінгі терминологиямен
салыстырғанда, кейбір тұстарда біраз айырмашылық көрінсе,
мұның себебін Ахаң жасаған терминдердің ақаулығынан емес,
өзге факторлардан іздеу керек. Ол факторлардың бірі – кейбір
категориялық жіктеулердің Ахаңда басқашалау болып, бұл
күнде ықшамдалып не толықтырылып саралана түскендігінде.
Бұл – өзге де құбылыстар сияқты, қазақ тіл білімінің де даму,
күрделену процесін басынан кешіріп жатқанын көрсетеді.
Мысалы, қазақ тілінде етістіктің етіс, рай категориялары өте
күрделі екендігі белгілі. Тіл табиғатына өте терең үңілген
ғалым етістіктің 14 райға бөлінетін түрін көрсетеді. Бұлардың
қатарындағы Ахаң көрсеткен ереуіл рай, реніш рай, сенімді
215
рай, сенімсіз рай, мұң рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай
сияқты түрлері бұл күнде жоқ, олардың топтастырылып,
жасалған бес-алты түрі қалдырылған сияқты (мұның дұрыс-
бұрысын морфология зерттеушілері талдап, дəлелдеп берген
болар). Үстеу түрлерін талдап, көрсетуде де осындай өзгешелік
бар. Ахаңда бүгінде аталып жүрген түрлерінен басқа сынаулық
үстеу, өлшеулік үстеу, нықтаулық үстеу деген топтары бар.
Бұл терминдердің барлығында да ұғым дəлдігіне қатты на-
зар аударған. Өйткені дерексіз ұғымдарға атау ұсынып тұр.
Терминдердің ішінде белгілі бір сипаттамамен келетін тіркесті
(күрделі, құранды) түрлері де болады. Бұл əсіресе парадигма
(қатар) түзеп келетін категорияларда жиі көрінеді. Мысалы:
дауысты дыбыс – дауыссыз дыбыс; қатаң дыбыс – ұяң ды-
быс – үнді (сонор) дыбыс; ортақ тəуелдеу – оңаша тəуелдеу;
жалаң сөйлем – жайылма сөйлем; салалас құрмалас – сабақтас
құрмалас т.т. Бұлардағы атрибуттық (сипаттама) компоненттері
өзара полюстер түзген сөздер болып шыққан: дауысты – дауыс-
сыз болымды – болымсыз (полюс), жалаң – жайылма (даралық
– көптік полюсі т.т.).
Тақырыптың келесі бір ерекше көңіл аударатын қыры –
ол жасаған əдебиеттану терминдері. Бұл – өз алдына кеңінен
əңгіме ететін тақырып. Бұлардағы терминге қойылатын не-
гізгі талап – терминнің құрылымдық-тілдік, ұғымдық-семан-
тикалық үйлесімі, яғни сөздің атауыштық (номинативтік)
қасиеті мен ұғымдық мазмұны бірі-біріне сай келуі дегенді
қадағалау (іздеу) ғана емес, термин болып тұрған сөздің сыртқы
тұрпатының қалай берілгендігіне де назар аудары керек. Бір
ғана мысал келтірелік.
Əрине, бұл айтқанымыз – пікіріміздің желе жортып бара
жатқандағы бір көрінісі ғана. Əйтпесе əдебиеттану терминдерін
ұсынуда да Ахаң қазақ тіліне иек артқан, мүмкіндігінше
интертерминдердің қазақша баламасын ұсынған. Мысалы,
мəндес сөздер (синоним), айқындау (эпитет), осы сияқты
көріктеу құралдарының барлығы да қазақша берілген. Бұл –
əбден қисынды. Қазақта өнер алды – қызыл тіл. Тілдің əсем
өнер екендігін айтатын ұғымдар мен олардың атаулары –
қазақ үшін кəнігі дүние. Термин жасаушы ғалым осы дүниені
қиналмай тапқан.
216
«Əдебиет танытқыш» деген еңбегін мектептің жоғарғы
сыныптары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне
арналған оқулық деп те, алғашқы монографиялық ғылыми
жұмыс деп те тануға болады. Осы еңбегінің бір бетін автор «Тіл
тазалығы» деген тақырыпшаға арнап, онда: «қазақ əдебиеті
қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп
талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатаң қарап,
қашып тұрмаймыз, жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз
жатшылық (жат сөзділік)», – деп пікір айтқаны белгілі. Бұл
тұжырым қазақ əдебиетіне қатысты əңгімеге келгенде ай-
тылып отыр. Тіл сияқты көркем əдебиет те – нағыз ұлттық
дүниелер, ұлттық құндылықтар. Ал халықтың дүниетанымда
ұлттық құндылықтарды, оның заттарды ғана емес, ұғымдарды
білдіруге келгенде ана тілінің сөз қазынасы ұйтқы болмағы
заңды. Сондықтан Ахаңның бұл пікірін осы тұрғыдан келгенде
қостауымыз да уəжді. Егер А.Байтұрсынұлы ғылымның ұлттық
емес салалары бойынша мысалы, биология, химия, физика, алге-
бра, геометрия сияқты пəндерден мектептің жоғарғы сатылары
мен (олар бастауыш мектепте жеке пəн ретінде оқытылмайтыны
белгілі) жоғары оқу орындарында оқитын, оқытатындарға ар-
нап оқулықтар жазып, тұңғыш зерттеу жұмысының үлгілерін
ұсынған болса, ең қажет, қазақша баламасын таба алмайтын,
табуға болмайтын «жат сөздерден» қашуды ұсынбас еді. Оның
үстіне «жат сөздер» тек ғылым салаларында ғана емес, жалпы
адамзат тіршілігіне, оның материалдық, рухани, мəдени болмы-
сына қатысты жазбаларында да қолданылады.
Жоғарыда А.Байтұрсынұлының мақалаларында қолданған
«жат сөздерді» едəуір тізіп көрсеттік. Ал оның бүкіл жазған-
дарын, оның ішінде өзі əрі құрастырушы, əрі жауапты редакто-
ры, əрі тіпті ішінара авторы болған «Оқу құралы» атты хресто-
матия сипатты өте көлемді еңбекті түгел шолып, ондағы «жат
сөздерді» теріп көрсетсек, А.Байтұрсынұлы да, сол кезеңдегі
шоқ жұлдыздың өзгелері сияқты қазақ тіліне бірде-бір жат
сөзді (интертерминдер мен кейбір зат, бұйым, аң-құс тағы
басқалардың шет тілдік атауларын, оның ішінде кейбір орыс
сөздерін) қаламына жолатпаған дей алмас едік. Бұл – қазақ
əдеби тілінің бір кезеңін өз алдына жеке зерттейтін тақырып.
217
Сөйтіп, ғалым қазақ тіл білімі саласындағы сөз қолданысы,
оның ішінде пəндік ғылыми терминдердің көрінісі жайында
осы мақалада айтылған ойларымызды былайша түйіндейміз:
1. Қазақ тіл білімінің терминдері ХХ ғасырдың 10-жылда-
рынан бастап дүниеге келді. Мұндағы бірден-бір еңбек Ахмет
Байтұрсынұлыныкі болды. Бұл істе қазақ тіл білімінің табысы
көптеген түркі тілдес халықтардыкімен салыстырғанда, көш
ілгері болғаны көрінеді: жазба дүниесі мен білім-ғылымның
алғашқы салалары ХХ ғасырға дейін біршама дамыған деп
саналған татар, өзбек, əзірбайжан, түрік халықтарының өзінде
оқу-ағарту ісі мен тіл білімі, əдебиеттануға қатысты білім-
танымдары ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін арабша-пар-
сыша терминдерді қолданып келіп, ұлт тіліне негізделген
терминдер жүйесін осы кезден кейін қалыптастыра бастады,
соның өзінде де арабша-парсыша терминдер едəуір орын алып
отырғаны айтылып келеді.
2. Қазақ тілінің лингвистикалық терминдерінің пайда бо-
луы жəне қалыптасуы оқу-ағарту ісінің жанданып, ұлттық
мектепте ана тілін оқытудан, ол үшін қазақша əліпби мен оқу
құралдарының дүниеге келуінен басталды. Демек, қазақ тіл
білімі саласы мектеп оқулықтарынан бастау алды, алғашқы
терминдері де «Тіл-құрал» атты əдістемеші ұсынған оқу құрал-
дарында жасалды.
3. Бұрын ана тілінде тіл білімі ғана емес, жалпы ғылым са-
лалары дүниеге келмеген, олардан бейхабар қазақтың қалың
жұртшылығына, оның ішінде шəкірт балаларға алғашқы
ғылыми танымдардың мейлінше түсінікті болуын көздеп, əрі
тіл білімінің нысандары (объектілері) деректі (көзге көрінетін,
қолға ұсталатын дегендей) заттар емес, ұғымдар (зат есім,
жұрнақ, есімше деген сияқты) болғандықтан, ұғымдарды əр
халықтың өз тілінде таныту, түсіндіру мүмкіндігі болатыны
ескеріліп, олардың атаулары (терминдері) негізінен ана тілінің
сөздік қорынан жасалды.
4. А.Байтұрсынұлы ұсынған лингвистикалық терминдердің
сəттілігі соншалық, олар тез қалыптасып, орнығып, мейлінше
өміршең болып шықты, тұтас бір ғасыр бойы қолданылып
келеді.
218
5. Термин жасаудың амал-тəсілдерін, принциптерін А.Бай-
тұрсынұлы үлкен білімділікпен дұрыс тапқан: тіл білімі үшін
затты емес, ұғымды атау принципін таңдаған. Терминдердің
түбір тұлғадағы жеке сөз болуы да, жұрнақтар арқылы
жасалған туынды сөз болуы да, қосарланып жəне біріктіріліп
жасалған күрделі сөз болуы да, екі (кейде үш) сөзден тұратын
тіркес түрінде де жасалуы мүмкін екендігінің үлгісін көрсетті.
6. Қазақ тіліндегі тек тіл білімінің емес, жалпы ғылыми
терминологиясы кеңінен сөз болып, ол арнайы зерттеу объ-
ектісі ретінде монографиялар жазылып, диссертациялар
қорғалып жатыр. Талас сəттері болғанмен, принциптері бірша-
ма айқындалып, əр ғылым саласы бойынша сөздіктері дүниеге
келуде. Дегенмен бүгінгі ғылым мен техниканың даму сатысы
орасан көтерілген заманда, мəдениеті дамыған елдермен те-
резе теңестіре бастаған қазақ халқының тілі де қоғам өмірінің
барлық саласына қызмет ететін құрал болуының бір шарты
ғылым тілінің жоғары деңгейге көтерілуі, ол үшін терминология
дүниесінің жеткілікті мол əрі дұрыс түзіліп, дұрыс қолданылуы
– əрі қарай да күн тəртібінен түспейтін қам-қарекет.
Достарыңызбен бөлісу: |