Кеңес Нұрпейіс,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
АСА ІРІ ҚОҒАМ ЖƏНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ
Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың ұлы перзенттерінің
бірі, əмбебап ғалым, ақын, аудармашы, журналист, көсемсөз
шебері... Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам.
Ахмет Байтұрсынұлының сан қырлы қасиеттерінің бірі оның
Қоғамдық-саяси жəне мемлекеттік қызметі болып табылады.
Осы күнге дейін А.Байтұрсынұлының аса ірі қоғам жəне
мемлекет қайраткері, айлалы саясаткер ретіндегі қызметі ту-
ралы жеткіліксіз айтылып, аз жазылып келеді. Оның басты
себебі, Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық демократиялық Алаш
қозғалысы көсемдерінің бірі, Алаш партиясы мен Алаш автоно-
миясың құрудың бастау көзінде тұрған айтулы тұлғалардың
бірегейі болғандығына ғана байланысты емес еді. Қоғам
жəне мемлекет қайраткері ретінде Ахмет Байтұрсынұлы
біраз бұлтарысы бар күрделі жолдан өткен адам. Алаш қозға-
лысының жетекшілерінің бірі болған ол 1918-1919 жылда-
ры Кеңес үкіметіне қарсы саяси күштермен одақтас болып,
Қазақстанда большевизмге қарсы күресумен шектелмей, бұл
күрестің барысында күш салмағы қарсыластар жағына ауа
бастаған 1919 жылдың көктемінде Алаш басшылығының
келісімімен Кеңес үкіметі жағына шыққан, В.Лениннің ұйға-
руымен Ахмет Байтұрсынұлы 1919 жылы жазда құрылған
Қазақ өлкесін басқару жөніндегі жоғары кеңестік ұйым – қазақ
революциялық комитетіне мүше болып тағайындалып, 1920
жылы қазан айында құрылған Ресей құрамындағы автономиялы
Қазақ кеңестік социалистік республикасының (ҚАКСР) үкімет
мүшесі – оқу-ағарту комиссары болып сайланған. Басқа сөзбен
айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысы аясындағы
қоғам қайраткері ғана емес, кеңестік Қазақстанның алғашқы
жылдарында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметтер
атқарған адам. Ахмет Байтұрсынұлы өткен осындай күрделі
жол оның қайраткерлік сан қырлы жəне саясаткерлік қызметін
187
зерттеушілер үшін айтарлықтай қиыншылықтар тудырады.
Солай болғанына қарамастан, Ахмет Байтұрсынұлы мемлекет-
тік жүйелердің қайсысында жұмыс жасамасын (Алаштық жүйе
ме, əлде кеңестік жүйе ме – бəрібір) ол бірінші кезекте өзіне
басты нысана етіп жалпы-ұлттық, бүкілхалықтық мəселелерді
таңдап алды да, оларды туған елінің мүдделеріне сай шешу
үшін еңбектенді.
Ахмет Байтұрсынұлы азамат болып қалыптасқан кезең
Қазақстанның Ресей империясының отарына түгелдей айна-
лып болған уақытқа тұспа-тұс келді. Осыған орай патша
үкіметінің əкімшіліктері тарапынан халықты əлеуметтік-саяси
тұрғыдан езу, оның жекелеген намысқой өкілдерін жəбірлеу
мен қорлау жаппай орын алды. Мұны Байтұрсынұлы əулеті де
бастан кешірді. XIX ғасырдың сексенінші жылдарында Торғай
уезінің бастығы Яковлев Ахметтің əкесі Байтұрсынды өз ау-
ылында жəбірлеп, қорлағаны үшін Байтұрсын оны соққыға
жыққан. Сол үшін ол ұзақ мерзімге Сібірге жер аударылған.
Бала Ахмет осындай озбырлықтың талайын көріп, тез есейген.
Азамат болып есейіп, Қарқаралы қаласында екі класты
училищенің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметтің
өзі де полиция тыңшыларының жаласымен 1909 жылы Семей
абақтысына жабылып, 8-9 айдай түрменің дəм-тұзын татқан.
Осындай оқиғалар тізбегі жігіт Ахметтің қоғамдық-саяси
күреске ертерек араласуына түрткі болған.
Ал патша үкіметі болса, уақыт өткен сайын кең көлемді
отарлау саясатын жүргізуді күшейте түсті. Ол қазақ халқы ме-
кендеген жерді мемлекет меншігі деп жариялап, сулы да нулы
аймақтарды Қазақстанға қоныс аудару қорына, казак (казаче-
ство) əскерлерін орналастыру кажеттеріне, патша əулетінің
жеке меншігіне жəне басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп
тартып алып отырды. Қазақ халқы отарлык езгіні əлеуметтік-
экономикалық салада ғана емес, рухани салада да (тіл, дін, діл
мəселелерінде) бірдей көтерді.
Сондықтан да қазақ өлкесіндегі əлеуметтік-экономикалық
жəне саяси хал-ахуал ең алдымен аграрлық жəне ұлттық
мəселелердің шиеленісуімен ерекшеленеді.
188
Осындай жағдайда ХХ ғасыр басында өрістей бастаған қазақ
қауымына тəн қоғамдық-саяси қозғалыс өз алдына əуел баста
жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді қойды. Бұл
істің басы-қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан қазақ
зиялылары болды. Олардың Əлихан Бөкейханов басқарған
көпшілігі қазақ халқының жалпы ұлттық мүдделерін білді-
ретін қоғамдық саяси ұйымдар құрып, солар арқылы өлкеде-
гі буржуазиялық-демократиялық сипаттағы қоғамдық қозға-
лысты басқаруға талпынды. Солардың қатарында Ахмет
Байтұрсынұлы да болды.
Ұлттық мəні бар саяси-əлеуметтік жəне мəдени мəселелерді
көтеріп, шешуде мерзімді баспасөздің атқарар қызметінің
маңыздылығын Ахмет Байтұрсынұлы жақсы түсінді. Сондықтан
да ол шын мəніндегі жалпыұлттық газет шығару ісіне көп
күш жұмсады. Əлихан Бөкейхановтың бағыт беруімен, Ахмет
Байтұрсынұлының басшылығымен, Міржақып Дулатұлының
қосшылығымен, озық ойлы, халық қамын ойлаған жекеле-
ген дəулетті адамдардың демеушілігімен 1913 жылдан бастап
Орынборда жалпыұлттық биресмилік «Қазақ» газеті шыға
бастады. Оның бірінші санында жарияланған оқырмандарға
арналған мақаласында Ахмет Байтұрсынұлы газетті «халық-
тың көзі, құлағы һəм тілі» деп анықтай келіп, «жұртым
деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, халықтың сөзін
сөйлеп, пайдасын қорғап, зарына қарсы тұрып, қарғаға көзін
шоқытпасқа тырысады», – деген тұжырымы арқылы газеттің
қоғамда алатын орнын, саяси маңызын барынша айқындап
берді. Ахаң редакторлық еткен «Қазақ» газетінің төңірегіне
топтасқан білімпаз азаматтар оның беттерінде жариялаған
жер, ұлт мəселесі, оқу-ағарту ісі, мемлекеттік құрылыс сияқты
маңызды мəселелер жөніндегі мақалалары арқылы, кейде ашық
айтылған пікірлері арқылы патша үкіметінің отарлық саяса-
тын сынап, оған демократиялық мазмұндағы талаптар қоюмен
қатар халықтың саяси санасын тəрбиеледі. Міржақыптың
«Оян, қазағындағы», Ахметтің «Масасындағы» ұлттық на-
мысты қайрау, халық санасын ояту идеялары «Қазақтың»
беттерінде нақтыландырыла, өткірлендіріле түсті. Осы арқылы
олар халық арасында отарлык езгіге қарсы саяси хал-ахуалды
қалыптастырды.
189
Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық-
демократиялық партияны дайындауда сан қырлы, салиқалы
жұмыстар атқарды. Партия Ресейде 1917 жылы ақпан револю-
циясы жеңіске жеткеннен кейінгі елде орын алған мүмкіндіктер
жағдайында, 1917 жылғы 12-26 шілдеде Орынбор қаласында
өткен бүкілодақтық бірінші съезде құрылды. Бұл партияға
«Алаш» деген ат береді. Съезді шақыру мен оны өткізуде Ах-
мет Байтұрсынұлы үлкен белсенділік көрсетті. Ол съездің
хатшылар тобын (құрамында М.Дулатұлы, Ə.Көтібаров,
А.Сейітов бар) басқарып, оның маңызды құжаттарын жасауға
жетекшілік етті. Съезд өткеннен кейінгі екі-үш ай бойы оның
шешімдеріне сəйкес Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш» партиясы
бағдарламасының жобасын жасау ісіне қатысты. Социалистік
идеяларды, оның ішінде большевизм мен оның ту етіп ұстаған
Кеңес үкіметінің саясатын қабылдамаған «Алаш» қайраткері
дайындаған бұл саяси құжат 10 баптан тұрды да, онда «Алаш»
партиясының мемлекеттік құрылыс, жергілікті бостандық,
жер, дін, сот, оқу-білім мəселелері жөніндегі мақсат-міндеттері
тұжырымдалды. Олардың басым көпшілігі жаңадан орнап
жатқан Кеңес үкіметінің айтылмыш мəселелеріндегі үрдісте-
ріне қайшы келетін еді. Бұл жағдайды Ахмет Байтұрсынұлы
кейінірек, 1919 жылы тамыз айында жариялаған «қазақтар жəне
революция» деген мақаласында былай негіздеді: «Қазақтарға
февраль революциясы каншалыкты түсінікті болса, октябрь
социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді.
...Екіншісінің түсініксіз болуын оп-оңай ұғындыруға болады:
қазақтарда капитализм де, таптық жіктелу де жоқ, тіпті жеке
меншіктің өзін басқа халықтардағыдай айдар тағып ажырату
қиын; ...Қазақтардың күн көріс жағдайына... байланысты...
оларға əзірше социалистік қоғамға деген мұқтаждық қажет
болмай отыр».
Ахмет Байтұрсынұлы 1917 жылы 5–17 желтоқсанда Орын-
бор қаласында өткен бүкілқазақтық екінші съезд жұмысына
да белсенді түрде ат салысты. Съезд күн тəртібі Алаш партия-
сы программасы жобасының талаптарынан жəне орталықта
социалистік революцияның жеңіске жетуіне байланысты
орын алған қоғамдық саяси өзгерістерден туындады. Съезд
190
талқылап, шешім қабылдаған 10 мəселенің ішіндегі ең маңыз-
дылары бүкіл қазақ жерлерін біріктіретін Алаш автономия-
сын (қазақ мемлекеттігін) құру, оны басқаратын үкімет – Ала-
шорданы сайлау жəне «халықтық милиция» аталған Алаш
автономиясының қарулы күштерін жақтау жөнінде қабылда-
ған шешімдер болды.
Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуын
қазан төңкерісі мен большевиктік билік əкелген анархияға қар-
сы тосқауыл ретінде түсінген А.Байтұрсынұлы большевиктік
үстемдіктің Қазақстандағы алғашқы қадамдарына мынадай
баға берді: «Ресейді орталық аудандарында большевиктік
қозғалыстың қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақ-
тарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау жəне ерекше
диктаторлық үкімет билігімен қатар жүргізіледі. ...Егер бұрын
патша чиновниктері аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір
шектеусіз езіп-жаншыған болса, енді мұндай əрекеттерді ...
большевиктер-коммунистердің тобы жүргізіп отыр».
Сондықтан да Алашорда кеңес үкіметін мойындамай, 1918
жылғы жазда басталған азамат соғысы жағдайында оған қарсы
ашық күреске шыққан күштермен одақтасты.
1919 жылдың басынан Қазақстандағы жауласушы күштер-
дің ара салмағы Кеңес үкіметі мен Қызыл армия жағына ауысуы
Алашорданың жағдайын қиындатып жіберді. Сондықтан 1919
жылғы көктемде Алашорда бір жағынан Колчак үкіметімен
байланысты түгелдей үзбей отырып, екінші жағынан Кеңес
үкіметімен келіссөздер жүргізуге мəжбүр болды. Бұл ретте
Алаш басшылығы Кеңес үкіметімен байланыс орнату бүкіл
Алашорда атынан емес, оның Торғайлық тобының атынан
жүргізілген жөн деп шешеді. Сондықтан да Ахмет Байтұр-
сынұлы алдымен Қазақстанның далалық өлкесіндегі Кеңес
үкіметінің комиссары Əліби Жангелдинмен байланыс орна-
тып, одан кейін Мəскеуге барып, Ресей федерациясының ұлт
істері жөніндегі халық комиссары (министрі) И. Сталинмен
келіссөздер жүргізеді.
1919 жылы сəуір айында Торғай қаласында азамат соғы-
сы жағдайында, қоғамның бір-біріне қарсы екіге бөлінуінің
нəтижесінде Аманкелді Имановтың опат болуы Алашорданың
191
торғайлық тобының Кеңес үкіметімен ымыраға келіп жақын-
дасуын күрделендіріп жіберді. Саяси хал-ахуалдың дамуын-
дағы осындай өзгерістер келіссөз жүргізу үшін Мəскеуге барған
А.Байтұрсынұлының жағдайын айтарлықтай қиындатты.
Осыған қарамастан А.Байтұрсынұлы большевиктердің Алаш-
ордамен байланысқа барып, қазақ халқының тағдыры жөнін-
де келіссөздер жүргізу қажеттігін дəлелдеуге көп күш жұмсады.
А.Байтұрсынұлының табандылығы аяқсыз қалған жоқ. Кеңес
үкіметі қазақ халқының Ресей федерациясы құрамындағы
автономиялық мемлекеттігін ұйымдастыру ісін басқаратын
орган құру туралы шешімге келді. 1919 жылы шілденің 10-ы
күні В.И.Ленин «Қырғыз (қазақ авт.) Өлкесін басқаратын
революциялық комитет жөніндегі уақытша ережеге» қол қой-
ды. Қазревкомның мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынұлы,
С.Меңдешев, С.Пестковский (төраға) енгізіліп, кейін əр кез-
де оның құрамында Б.Қаратаев, М.Тұнғаншин, Б.Қаралдин,
Т.Седельников, Т.Əлібеков т.б. болды.
Қазревком төрағасының орынбасары жəне оның Ішкі істер
бөлімінің меңгерушісі болып сайланған А.Байтұрсынұлы көп
кешікпей «Жизнь национальностей» газетінде жарияланған
мақаласында (Мəскеу) басқа мəселелермен қатар Алаш пар-
тиясы мен Алашорда үкіметі жетекшілерінің саяси көзқарас
ерекшеліктерін (ең алдымен өзінің) түсіндіретін тұжырымдар
жасады. «Мен – осы жолдарды жазушы, – деді өз мақаласында
А.Байтұрсынұлы, – патша үкіметі кезінде қазақтың ұлттық
саясатын жүргізуді басқарған жəне патша үкіметіне қарсы
күрескен қазақ интеллигенттерінің өкілімін... Алашорда-
шылардың торғайлық тобының делегаты ретінде орталық
Советтік Ресейге келіссөз жүргізуге келген мен... Колчак
билігінен Совет үкіметін артығырақ көруіміз қате еместігін өз
жолдастарыма айтып, оларды тыныштандырғым келеді».
Ахмет Байтұрсынұлының Кеңес үкіметі жағына шығуын
жəне оның Қазревкомның мүшелігіне тағайындалуын боль-
шевиктер айтарлықтай саяси науқанға айналдырып жіберді.
Көп кешікпей (1920 жылғы сəуірде) ол Кеңес мемлекетінің
сол кездегі белгілі əскери жəне саяси қызметкері М.Фрунзенің
ұсынысымен Ресей коммунистік (большевиктер) партиясының
192
мүшелігіне қабылданды. Осыған орай Орынборда шығып
тұрған большевиктік «Известия Киргизского (казахского
авт.) Края» атты газеттің сол жылғы сəуірдің 15 күнгі санын-
да арнайы мақала жарияланып, онда Ахмет Байтұрсынұлы
сияқты аса ірі «қайраткер жəне əдебиетшінің... бейбіт ұлттық
либерализмнен қазан революциясын жəне Совет үкіметін
тануға дейін кезеңдерден өтіп... халықаралық Коммунизмге
келуін... партияның ірі жеңісі жəне оның қазақтар арасындағы
ықпалынын өсуінің жақсы көрінісі» деп бағалады. Ал Ахмет
Байтұрсынұлы болса коммунистік партияға бір жылдай ғана
мүше болған болатын.
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде сақталған Ахмет Бай-
тұрсынұлының 1929 жылы маусымның 2-і күні ОГПУ тер-
геушісіне берген жауабында осы жөнінде былай делінген:
«Мен, – дейді ол, – партиядан 1921 жылғы тазалау барысын-
да енжарлығым (пассивность) үшін шығып қалдым. Менің
енжарлығым ғылыми жұмысқа тереңдей берілгендіктен жəне
жалпы алғанда саясатқа аз көңіл аударғандығымнан көрінеді».
А.Байтұрсынұлы дəл сол кезде Кеңестік саясатты жүргізуге,
өзі айтқанындай, «аз көңіл аударғаны» рас болар. Алай-
да ол Кеңес үкіметі құрған қазақ өлкесін басқаратын ревком
төрағасының орынбасары, əрі оның жетекші ішкі істер бөлімі-
нің басшысы ретінде Алаш партиясының кейбір бағдарлама-
лық мақсаттарын мүмкіндігінше Кеңес үкіметінің атынан
жүзеге асыруға жəне Алашорданың жетекші қайраткерлерін
Кеңес үкіметі тарапынан төніп тұрған аса ауыр қатерден
сақтап қалуға көп күш жұмсады. Бұл аса парасатты қоғамдық
қайраткерге жəне ақылды да айлалы саясаткерге тəн қасиет еді.
Сол кездегі Ахмет Байтұрсынұлы осы бағыттарда атқарған
сан-салалы қызметтерінің ең маңыздылары: оның, біріншіден,
ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының этникалық терри-
ториясының тұтастығы негізінде Кеңестік формада болса да
Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру үшін жүргізген айқасы,
екіншіден, Алаш қозғалысының басшылары мен қатардағы
мүшелеріне Кеңес үкіметі тарапынан кешірім (амнистия) жа-
сату үшін жүргізген күресі болды.
193
Қазревкомның 1919 жылы 41, ал 1920 жылы 50 мəжілісі
өтті. Қазір зерттеушілерге осы екі жылда өткен 91 мəжілістің
89-ның хаттамалары (протоколдары) белгілі, тек қана оның
екеуі ғана осы кезге дейін табылған жоқ. Қолда бар Қазрев-
ком мəжілістерінің құжаттарына жүгінсек, Ахмет Байтұрсын-
ұлының сол мəжілістерінің басым көпшілігінде баяндама-
лар жасағанына, жарыссөздерге қатынасқанына, ұсыныс-
тар енгізгендігіне, қабылдайтын шешімдердің жобасын да-
йындағанына, ал жекелеген мəжілістерге төрағалық жасаған-
дығына көзіміз жетеді. Бұл ретте баса айтатынымыз: Ахмет
Байтұрсынұлы Қазревкомның мəжілістерінде көбінесе Ре-
сей құрамында құрылуға тиісті Қазақ автономиялы Кеңестік
республиканың шекараларын анықтауға, оның əкімшілік-
территориялық құрылымын қалыптастыруға, оқу-ағарту жəне
мерзімді баспасөз жүйесін реттеуге, ұлттық-демократиялық
интеллигенция тағдырын шешуге арналған мəселелерді тал-
қылау ісінде үлкен белсенділік көрсетіп, оларға байланысты
ұлттық мақсат-мүдделерге сай келетін қарарлар мен заңдық
мəні бар құжаттар қабылдануына атсалысты.
Бұл ретте оның сол кезде орталығы Омбы қаласында
болған Сібір ревкомының құрамындағы Ақмола мен Семей
облыстарың Челябі губерниясына қараған Қостанай уезін,
Түркістан АССР-нің құрамында болған Сырдария мен Жетісу
облыстарын құрылуға тиісті Қазақ республикасына қосу үшін
жүргізген қажырлы да табанды күресін айтсақ та жеткілікті.
1919 жылғы жаз бен күзде Ахмет Байтұрсынұлының ини-
циативасымен Қазревкомның мəжілістерінде Алашорданың
Кеңес үкіметі жағына шықпаған басқа топтарымен, ең ал-
дымен оның Батыс бөлімімен байланыс жасау жəне оларға
белгілі шарттармен кешірім (амнистия) жасау мəселелері сан
рет көтерілді. Осы мəселелердегі А.Байтұрсынұлының табан-
дылығы көп кешікпей өз нəтижесін берді.
1919 жылы қарашаның 4-інде Түркістан майданының рево-
люциялық соғыс кеңесі Совет үкіметіне тікелей жəне жанама
түрде күрес жүргізіп келген барлық қазақтарға» толық кешірім
жасау туралы қаулы қабылдады.
194
Ахмет Байтұрсынұлы Қазревком төрағасының орынбасары,
əрі оның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі ретінде 1920 жылғы
4–12 қазан күндері Орынбор қаласында өткен кеңестердің
бүкіл Қазақстандық құрылтай съезін шақыру жəне оның бас-
ты саяси құжаты «Қазақ АССР еңбекшілері праволарының
декларациясын» дайындауға үлкен үлес қосты. Бұл съез-
де Ресей федерациясының құрамындағы Қазақ Кеңестік
Социалистік Автономиялық Республикасы құрылғаны белгілі.
А.Байтұрсынұлы осы республиканың үкіметі – Халық ко-
миссарлар кеңесінің құрамына өтіп, Оқу-ағарту комиссары
(министрі) болып сайланды, ол 1922 жылдан Оқу-ағарту ко-
миссариаты жанындағы ғылыми орталықты басқарды. Соны-
мен қатар ол бүкіл Ресейлік орталық атқару комитеті мен Қазақ
Республикасы орталық атқару комитетіне мүше болды.
Аталмыш «Декларацияда» А.Байтұрсынұлының тікелей
араласуымен халық ағарту, денсаулық сақтау жəне халықты
əлеуметтік қамсыздандыру меселелеріне үлкен мəн берілді,
қазақ еңбекшілерінің тегін білім алу құқығы заң жүзінде
бекітілді.
Республиканың оқу-ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлы
жер-жерлерде осы комиссариаттың губерниялық, уездік,
болыстық бөлімдерін ұйымдастырды. Жаңа мектептер жүйесін
қалыптастырып, олар үшін оқулықтар шығару ісімен тікелей
араласуымен қатар, А.Байтұрсынұлы басқарған комисса-
риат мектеп жасынан асып кеткен ересектердің сауатын ашу
мəселесіне ерекше көңіл аударды. Сонымен бірге республика
тұрғындарына эстетикалық тəрбие беру ісіне жетекшілік жасау
үшін Халық ағарту комиссариаты жанынан өнер білімі ашыл-
ды. «Декларацияға» Ахаңның мақсаткерлік пен табандылық
көрсетуі нəтижесінде мектептер мен басқа оқу орындары ғана
емес, республиканың барлық мемлекеттік мекемелеріне өзінің
ана тілін пайдалану құқығы берілді.
Оқу-ағарту комиссары болып тұрған кезінде А.Байтұрсын-
ұлы мемлекеттік аппаратты, оның басқару жүйесін жергілік-
тендіру (коренизация) мəселесін ойластырып, осыған байла-
нысты үкіметке енгізер ұсыныстарын дайындады. Ахаңның
пайымдауынша, Кеңес үкіметінің аппаратын жоғарыдан
195
төменге дейін жергіліктендірудің мəні – оның жұмысын қазақ
тіліне аудару, билік пен басқару орындарының үлкенді-
кішілі шенеуніктерінің қызмет етуі міндетті түрде қазақ тілін
меңгеруіне тікелей байланысты болуға тиіс еді. Бұл саладағы
жұмыстар Ахаң мемлекеттік қызметтен тайдырылғаннан кейін
бірер жыл кейін басталды да, көп кешікпей аяқсыз қалды...
Азамат соғысы кеңестердің жеңісімен аяқталып, кеңестік
негіздегі Қазақ автономиялы республикасы құрылып, Алаш
қозғалысы тарих сахнасынан күштеп көтірілген жағдайда
оның басында болған ұлттық-демократиялық зиялы қауым
Кеңес үкіметімен коммунистік идеологияға қарсы күресті ру-
хани салаға ауыстырып, оның (күрестің) «бейбіт» жолдарын
таңдады. Күрестің бұл жолын Ахаң олардың көбінен бұрын
1919 жылдың көктемінде таңдап алған еді...
20-шы жылдардың басында елде қалыптасқан жаңа сая-
си жағдайда Кеңес мемлекетін мекендеген түркі тілдес,
мұсылман діндес халықтардың ұлттық-демократиялық интел-
лигенция көсемдері (Қазақстанда – Əлихан Бөкейханов, Ахмет
Байтұрсынұлы, Башқортстанда – Заки Валиди Тоған, Татар-
станда – Мирсаид Сұлтанғалиев т.б.) Халықты күннен-күнге
күшейіп келе жатқан билеуші режимге қарсы қарулы күреске
шақыру қажетсіз, тіпті зиянды деп санады. Сондықтан да Кеңес
үкіметінің білімді, оқыған ұлттық кадрларға аса зəру екендігін
ескере отырып, олар өз өкілдерін мемлекеттік басқару жүйеге
енгізу жəне сол арқылы халыққа идеялық ықпал жасау, ұлттық
мүдделерді қорғау құралдары ретінде оқу-ағарту, мерзімді бас-
пасөз, ғылыми орталықтар, əр түрлі салалардағы баспа орын-
дарын кеңінен пайдаланудың ауқымды шараларын 20-шы
жылдардың алғашқы 8 жылында (өздері жаппай саяси қуғын-
сүргінге ұшырап бастағанға дейін) жүзеге асырды.
Ахмет Байтұрсынұлы «ғылыми жəне практикалық білімінің
жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай бола-
ды» деп санады (ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағаты).
20-шы жылдардың басында (1920-1923) А.Байтұрсынұлы,
жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның оқу-ағарту комисса-
ры, Мұхтар Əуезов Қазақ автономиялы республикасының
Орталық атқару комитетінің саяси хатшысы, жекелеген Алаш-
196
шыл азаматтар Қазақстан мен Түркістан АССР-інің мемлекеттік
басқару жүйелерінде жауапты қызметтер атқарды. Осын-
дай адамдардың ықпалымен Алаш қозғалысының мүшелері
баспасөз, оқу-ағарту, ғылым, өнер жүйелерінде басшылық
етіп, айтарлықтай лауазым иелері болды. Сонымен қатар олар
ғылым, əдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен
шұғылданды.
Əлихан Бөкейхановтың Қазақстанда тұрып, қызмет атқа-
руына мүмкіндік болмай, Мəскеуге ауып кеткен жағдайында
Қазақстандағы күннен-күнге бел алып келе жатқан əкімшіл-
əміршіл мемлекеттік билікке қарсы рухани күрес көсемінің
рөлін Ахмет Байтұрсынұлы атқарды. Осының нəтижесінде
1921-1928 жылдар аралығында А.Байтұрсынұлының «Əдебиет
танытқыш», «23 жоқтауы» (құрастырушы), Телжан Шонанов-
тың «Қазақ жер мəселесі тарихы», Қошке Кемеңгеровтың
«Қазақ халқының тарихы», Қ.Сəтбаев құрастырып, өзінің
алғы сөзімен шығарған «Ер Едігенің» нұсқасы, М.Əуезовтің
«Əдебиет тарихы», «Қилы заманы» мен «Қараш-қарашы»,
Х.Досмұхаметовтың «Аламаны» мен «Исатай-Махамбеті»,
Мұхаметжан Тынышбаевтың «Тарихи зерттеулері», т.б. жарық
көріп, халық игілігіне айналды. Бұл еңбектердің басым көпші-
лігі 20-шы жылдардың ортасынан бастап елде тоталитарлық
жүйенің күшейуіне орай ресми саясатта жəне əлеуметтік
(коммунистік) тапсырыспен жазылған зерттеусымақтарда
қазақтардың арғы-бергі тарихы мен мəдениетінің өзекті
мəселелері, ең алдымен Қазақстанның Ресейге қосылу та-
рихы, ұлт-азаттық қозғалыстар мəселесі, жер-су мен ұлттық
мəдениет тарихы өрескел бұрмалануына қарсы бағытталған
рухани күрестің жарқын көрінісі болды.
Егер 1917–1920 жылдар аралығында Əлихан Бөкейханов,
Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай жəне олардың сенімді
серіктері Кеңес үкіметіне қарсы сөзбен де, қарумен де қарсы
шықса, 20-шы жылдары ұлттық-демократиялық қазақ зиялы-
лары Ахмет Байтұрсынұлы бастаған серкелер тоталитарлық
жүйеге қарсы рухани майданда бетпе-бет келді.
Енді сталиндік əкімшіл-əміршіл жүйе көш басында Ахмет
Байтұрсынұлы бар бұрынғы Алаш қозғалысының жетекші-
197
лерін, белсенді мүшелері мен жақтастарын «Кеңес үкіметіне
жау», «буржуазияшыл ұлтшылдар», «террорлық əрекеттерді
дайындаушылар» деген айыптар тағып, 1926 жылдан бастап
түрмеге жапты, 1930 жəне 1932 жылғы екі сот процесінің
үкімімен олар ұзақ мерзімдерге концлагерьге айдалды, басқа
өлкелерге жер аударылды. Одан елге оралғандар 1937–1938
жылдардағы «үлкен террордың» құрбандары болды. Ахмет
Байтұрсынұлы да алғашында ОГПУ, кейін НКВД жендеттері-
нің құрығына ілігіп, 1929 жылы тұтқындалып, 1930 жылы он
жыл мерзімге концлагерьге кесіліп, ол жаза солтүстік өлкеге
(Архангельск болысына) жер аударылуымен алмастырылды.
Одан 1934 жылы қазан айында елге оралған Ахаң үш жыл
өткен соң, 1937 жылғы сегізінші қазан күні қайта ұсталды да,
«халық жауы» деген жалған жазамен ату жазасына кесілді.
Халқымыздың ұлы перзенті, гуманитарлық жəне қоғамдық
ғылымдардың əмбебап білгірі, əдебиет теоретигі, аса ірі түр-
колог ғалым, ақын, аудармашы, Алаш қозғалысы көсемдерінің
бірі, белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмір
жолы осындай қасіретпен аяқталды.
Бұл күндері туғанына 125 жыл толып отырған Ахаңның
есімі халықтың зердесінде мəңгілік сақталады.
198
Достарыңызбен бөлісу: |