1
Байынқол Қалиев
ЌАЗАЌ ТІЛІНІЅ ТЇСІНДІРМЕ СҐЗДІГІ
Қалиев Байынқол
Алматы 2014
2
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі
Жауапты редакторлар:
Шерубай Құрманбайұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор
Бижомарт Қапалбек
– филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Пікір жазғандар:
Г.Смағұлова
– филология ғылымдарының докторы, профессор
Б.Бекетов
– филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Қалиев Б.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Б.Қалиев. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту
институты, 2014. – 728 б.
ISBN 978-601-7206-78-9
Бұл сөздікте «Қазақ əдеби тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігінде» жоқ 10 мың 690
сөз бен 2 мың 645 сөз тіркесі – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік жинақталып, олардың
əрқайсысына анықтама берілді жəне мысалдар келтірілді. Бұл тілдік бірліктердің
барлығы əдеби тіліміздің қорына қосылған байлық деп есептеуге болады. Яғни 15
томдықтағы қазақ тілінің сөз байлығы осынша тілдік бірлікке көбейді деген сөз.
Сөздік ғылыми қызметкерлер мен тіл зерттеушілерге, сөздікшілерге жəне
жазушылар мен журналисттерге арналады.
© Байынқол Қалиев, 2014
© Мемлекеттік тілді дамыту
институты, 2014
УДК 811.512.122 (038)
ББК 81.2 Қаз я 2
УДК 811.512.122 (038)
ББК 81.2 Қаз я 2
Қ 26
ISBN
978-601-7206-78-9
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі
Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында шығарылды
Қ 26
3
Байынқол Қалиев
АЛҒЫСӨЗ
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.
(А.Байтұрсынұлы).
Тіл өнері дертпен тең.
(Абай).
Əр сөзді аялаңдар! Өйткені ол – тілдің
басы.
(Анатоль Франц).
Шіркін сөз-ай, құдіретті ең сен неткен!
Мықтысың сен болаттан, осалсың сен
шөлмектен. Сөздің қасиетін сол Сөз
еткен тек мен деп пе ең!
(Ж. Нəжімеденов)
Бұл еңбегімді маған 50 жыл бойы
ғылымнан басқа еш нəрсеге қолымды
қимылдатпаған сүйген жарым – Ұлбер
Қисыбайқызы Қаликелініне арнаймын.
Мен 1967-95 жылдары ҚазССР Ғылым Академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтында ғылыми қызметкер болып істеп, 1966-86 жылдар аралығында сол
институтта жасалған «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігіне» бастан-аяқ қатысып, əрі
сол сөздікті түзуші 7-8 адамның бірі (бір өзім 75 баспа табақ сөздік жасадым), əрі он томның
сегіз томына жауапты редактор болып, басқалардың жасаған сөздіктерінің қолжазбаларын
редакциялап шыққан адаммын. Он томдық түсіндірме сөздікті жасаушылардың міндеті –
тіліміздегі сөздер мен тұрақты тіркестерді түгел жинап, реттеп, жүйелеп, олардың мағыналарын
ашу болатын. Шамамыз келгенше солай істедік те.
Он томдық түсіндірме сөздікті жасап бітіп, баспадан басылып шыққаннан кейін (1986 ж.)
қарап отырсақ, қаншалықты «ешбір сөзді қалдырмадық» дегенімізбен, одан кейбір сөздердің
қалып қойғандығы белгілі болды. Жауапты редактор болғандықтан бұл жағдайға өзімді белгілі
дəрежеде «кінəлі» санап, сол күннен бастап, өз еркіммен он томдық түсіндірме сөздіктен
қалып қойған сөздер мен тұрақты тіркестерді жинауға кірістім. Ойым – он томдық сөздік
толықтырылып, түзетіліп, қайта басылып жатса, соған қосып жіберу немесе егер қалып қойған
сөздердің саны көп болып жатса, олардың жеке сөздігін жасау болатын. Сөйтіп жүргенде мен
Ғылым Академиясынан жоғары оқу орындарының біріне ауысып кеттім де (1995 ж.), ойға
алған мақсатымды жүзеге асыруға қолым тимей кетті. Бірақ он томдықта жоқ сөздерді іздеуді
еш тоқтатқан жоқпын. Кейін қол тигеннен кейін сөздігімді əне жазамын, міне жазамын деп
жүргенде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері «Қазақ əдеби
тілінің сөздігі» деген атпен 15 томдық түсіндірме сөздік жасап, бастырып шығарды (2005-2011
ж.). Бұл – баяғы біз жасаған он томдық түсіндірме сөздіктің толықтырылған түрі болатын.
35 жыл бойы «он томдықта жоқ» деп жиып жүрген сөздерімді он бес томдықтағы сөздермен
салыстырып қарасам, рас, он томдықта жоқ, бірақ мен жиған сөздердің ішінде барлардың
біразы 15 томдықта қамтылыпты. Алайда 15 томдыққа да енбей қалған сөздер мен тұрақты
тіркестердің бар екендігіне жəне олардың аз еместігіне көзім жетті. Содан кейін «Қазақ тілінің
сөз байлығын түгендеу» деген бұрынғы ізгі ниетімді, асқақ ойымды жүзеге асыруға қайта
кірістім. Бірақ бұл жолы он томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді емес, 15 томдықта
жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді іздестірдім. Сондағы мақсат біреу ғана. Ол – 15 томдықта
қамтылмай қалған сөздерді іздеп тауып, олардың сөздігін жасау, сол арқылы қазақ тілінің
байлығын түгендеу. Келешекте қазақ тілінің 20 томдық түсіндірме сөздігі жасалып жатса,
біздің бұл сөздігіміз соның қажетіне жарап қалсын деген ой.
Əрине, 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп табу – бізге оңайға түскен
жоқ. Қазақ сөздерін сонау Қазақ ССР Ғылым Академиясы құрылған 1946 жылдан бастап,
күні кешеге дейін жиналып келген картотекалық қорға сүйеніліп жасалған «Қазақ тілінің
екі томдық түсіндірме сөздігінде» (1959-61) – бір рет, «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме
4
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі
сөздігінде» (1974-86) – екінші рет, «Қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігінде» (1999)
– үшінші рет, бүкіл бір институттың қызметкерлері түгел жабылып жасаған он бес томдық
«Қазақ əдеби тілінің сөздігінде» (2005-2011) – төртінші рет түгенделсе, ол қайдан оңай болсын.
Бұлардың сыртында «Абай тілінің сөздігі» (1968), академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі» (1977) тағы бар.
Шындыққа жүгінсек, 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп табу – егіні
орылып, жиналып алынған егістіктің орнынан масақ терумен бірдей болды. Масақтың қалай
терілетіндігін масақ терген адамдар жақсы біледі. Сабаны мен топырағы араласып кеткен
аңыздың ана жерінен бір бүтін масақ, мына жерінен бір жарты масақ тапсаң, соған əкең базардан
келгендей қуанасың (Онда да егер саған дейін тағы біреу теріп əкетпесе).
Алғаш он томдықта, кейіннен он бес томдықта жоқ сөздерді табамын деп менің оқымаған
кітабым, қарамаған газет-журналым қалмаған шығар (Олардың қандай кітаптар, қандай газет-
журналдар екендігін білгісі келген адамдар болса, оны осы сөздіктің соңында берілген «Мысал
алынған əдебиеттердің тізіміне» қарауларына болады). Ең қызығы: 15 томдықта жоқ сөздер
мен тұрақты тіркестерді іздеп, 300-400 кейде 500 беттік кітапты басынан аяғына дейін оқып
шықсаң, бірде 2-3, бірде 4-5-ақ сөз немесе 1-2 ғана тұрақты тіркес табылады. Кейде тіпті түк
табылмайтын кездер де болады. Жазған құлда жазық жоқ, кейіисің, күйінесің, бірақ көнесің.
Өйткені мені бұл жұмысқа ешкім мəжбүрлеп қосқан жоқ, өз еркіммен бастаған ісім. Солай
болғандықтан да «мүмкін келесі кітаптан табылып қалар» деген үмітпен сөз іздеуді ары қарай
жалғастыра беремін.
15 томдықта жоқ сөздерді іздеп табуға байланысты аз да болса елдің көмегі тиіп қалар ма
екен деген оймен «Сөз іздеп жүрмін» деген тақырыпта мақала жазып, оны «Қазақ əдебиеті»
газетіне (03.05.2013) бастырдым. Бірақ бұл əрекетімнен де мандытып еш нəрсе шыға қоймады.
Рас Жұмабай Шаштайұлы, Қалихан Ысқақ, Бижомарт Қапалбек, Идош Асқаров (Ақтөбе),
Рысбай Сəтімбеков, Төлен Қаупынбаев, Қожабай Баймұратов, Болат Нүкежан, Мұратбек
Қалдыбаев, Нұртас Жолмырзаев сияқты қазақ тілінің жанашырлары бізге телефон соғып,
əрқайсысы «осы қалай» деген оймен өздері білетін 1-2 сөзден айтып берді. Он шақты сөз
болса да тақиямызға тар келмейтіні анық.
Хош, сөйтіп жүріп 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді жинап алдық делік.
Енді олардың сөздігін жасау керек қой.
Бірінші кезекте алдымда сөздікті қалай атаймын деген мəселе тұрды. Біраз ойландым,
толғандым, мамандастарыммен ақылдастым. Олардың кейбіреулері «Сирек қолданылатын
сөздердің сөздігі» деп атауды ұсынды. 15 томдыққа енбей қалған сөздердің көпшілігінің сирек
қолданылатындығы рас, бірақ олардың бəрін сирек қолданылады деп айтуға келмейді. Екінші
бір ғалымдар 15 томдық «Қазақ əдеби тілінің сөздігінде жоқ сөздердің сөздігі» немесе «Қазақ
тілінің ешбір сөздікте жоқ сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігі» деген атауларды ұнатты. Бұл
атау біздің негізгі мақсатымызға, сөздігіміздің мазмұнына толық сəйкес келетіндігі анық. Бірақ
біз оны «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деп атағанды жөн көрдік.
Сөздігімізге атау сөз алудың ұстанымы екеу ғана. Біріншісі – сөз, тұрақты тіркес немесе сөз
мағынасы 15 томдықта жоқ болуы керек, екіншісі – əлгі сөздер мен тұрақты тіркестердің, сөз
мағыналарының дереккөздерден (əдебиеттерден, газет-журналдардан т.б.) алынған мысалдары
болуы шарт. Алайда сөз «15 томдықта жоқ екен, мысалы бар екен» деп, қолымызға түскен
сөздер мен тұрақты тіркестердің бəрін жаппай сөздігімізге ала бергеніміз жоқ. Оларды таңдап,
талғап, тілімізге қажеттілерін, сөздік қорымыздың баюына үлес қоса алатындарын ғана сөздікке
ендірдік. Мəселен, біздің картотекалық қорымызда бар, бірақ сөздік қорымыздың баюына
пайдасы тие қоймас деген оймен айгөтеп, алғыншық, əйтеу, əліпперім, былжымыр, дайлымбы,
ендіркелет, ергеншек, жадысты, жарболды, жаршан, жұлдызғақта, кəркесте,кəтегерезде,
көдеген, көксін, көмес, күпəйсіз, қазану, қарқəлəзи, қасқақта, қоржа, қоқ, латқа, майауыза,
мəмпе, мешкет, мөрт, мұғжиза, мүтəж, ожық, ошар, пашаюан, сатрап, сумын, сүлкін, тана
(тартылды), тарпы, тасат, топқазы (болды), төңке, түсел (үй), уасуа, үргілжің т.б. деген
сияқты 200-300-дей сөздерді сөздігімізге ендірмедік.
Құрылым-құрылысы, жүйесі жағынан сөздігіміздің 15 томдықтан бəлендей үлкен
айырмашылығы жоқ. Оның құрылым-құрылысы қандай болса, бұл сөздіктің де құрылым-
құрылысы сондай. 15 томдықта қандай сөз тұлғалары (түбір сөз, туынды сөз, етіс формалары,
қимыл атау, тұрақты тіркестер т.б.) қамтылса, бұл сөздікте де сондай сөз тұлғалар қамтылды.
5
Байынқол Қалиев
15 томдықта қандай грамматикалық, стильдік шартты белгілер қойылса, бұл сөздікте де
негізінен сондай шартты белгілер қойылды.
Бұл айтылғандарға қарап, қолдарыңыздағы сөздіктің 15 томдықтан ешқандай
айырмашылығы жоқ екен деп ойлап қалуға болмайды. Мұнда азды-көпті айырмашылықтар
бар. Мəселен, 15 томдық сөздікте шет тілдерден келген атау сөздерге лат., грек., ағыл., франц.,
араб дегендер сияқты шартты белгілер қойылып, содан кейін ол сөздердің түпнұсқа тілдегі
тұлғасы (жазылуы) көрсетіліпті. Мыс.: ұлпа < грек. histos; лат. textum>, ұлтабар < лат.diodent>,
ығыстырылған буын < ағыл. biased integer >, інжугүл < лат. conrallaria > т.б.
Бұл тəсілден біз саналы түрде бас тарттық. Өйткені жоғарғылардай латын, грек, ағылшын,
араб сөздерін қарапайым халық оқи алмайды, оқыса да олардың мəн-мағыналарын түсінбейді.
Түсінбегеннен кейін əлгі сөздер оқырман қауымға ешқандай ұғым-түсінік, танымдық мағлұмат
бермейді. Оның үстіне түсіндірме сөздік терминологиялық немесе энциклопедиялық сөздік емес,
ол – жалпы халықтық, жалпы ұлттық сөздік. Сөздердің қай тілде қалай айтылатындығын, қалай
жазылатындығын көрсету – энциклопедиялық, терминологиялық сөздіктерге ғана тəн нəрсе.
Сондай-ақ, 15 томдықтағыдай бір сөзге екі түрлі: бірі – жалпы халықтық, екіншісі – ғылыми,
терминологиялық анықтама беруден де біз іргемізді аулақ салдық. Себебі ғылыми анықтама
жалпы халықтық сөздіктерде емес, жоғарыда айтқанымыздай, терминологиялық немесе
энциклопедиялық сөздіктерде берілуге тиісті.
Етістіктің етіс тұлғалары мен қимыл атау тұлғалары 15 томдықта əртүрлі мағыналарға
сараланып беріліпті (Мəселен, шапқылас сөзі – екі мағынаға, шапқылат сөзі – екі мағынаға
бөлінген). Ол мағыналарды оқып көрсек, түбір етістіктегі (шапқыла) мағыналар осы жерде де
қайталаныпты. Тек əлгі мағыналарға етістік, қимыл атаулық реңктер ғана үстелген. Сондықтан
біз өз сөздігімізде мұндай тұлғаларды мағыналарға бөлмей, «Бəлен етістіктен жасалған түген
етіс», «Бəлен етістіктің қимыл атауы» деген тəрізді тек грамматикалық қана мағына берумен
шектелдік.
15 томдықта жоқ тұрақты тіркестер мен күрделі сөздерді сөздікке алу үшін, алдымен олар
тіркелуге тиісті атау сөздерді бас əріптермен ірі етіп теріп алып, оған қос нүкте қойдық та, содан
кейін əлгі тілдік бірліктерді (тұрақты тіркестерді) əліпбилік жүйе бойынша орналастырып,
əрқайсысына жеке-жеке анықтама жəне мысал бердік.
Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер мен күрделі сөздер) өздері қанша сөзден құралса,
15 томдықта олар сонша рет қайталанып алыныпты. Мəселен, ақ ши тіркесі онда «аққа» да,
«шиге» де алынған. Ауызға алды тіркесі «ауыз» сөзіне бір рет, «ал» сөзіне екінші рет алынған.
Аяқ алып жүргісіз тұрақты тіркесі əр сөзі бойынша – үш рет, төбе шашы тік тұрды тұрақты
тіркесі – төрт рет қайталанған. Басқа тұрақты тіркестер мен күрделі сөздердің көпшілігі де
дəл осылар тəріздес.
Біз өз сөздігімізде тұрақты тіркестер мен күрделі сөздерді бірінші сөзі бойынша ғана бір-ақ
рет алдық. Сонда тұрақты тіркестер бір сөздікте бірнеше рет қайталанбайды жəне тіліміздегі
тұрақты тіркестердің санын 15 томдықтағыдай шамадан тыс көбейіп кетпейді.
Дегенмен бұл тəсіл тұрақты сөз тіркестері үшін дұрыс болғанымен, күрделі сөздер үшін
жөнді бола бермейді. Себебі күрделі сөздердің көпшілігі бір заттың немесе бір ғана туыстық
ұғымның түрлері болып табылады. Мұндайларды сөздікке бірінші сөздері бойынша алсақ,
əлгі түрлік ұғымдар əр жерге шашырап кетеді де, олар өздерінің туыстық ұғымдарға тəн
мағыналық қарым-қатынастарын жоғалтып алады. Сондықтан түрлік ұғымдарды білдіретін
күрделі сөздердің барлығын туыстық ұғымды білдіретін сөздерден соң, əліпбилік реті бойынша
берген дұрыс деп есептейміз. Айталық, халқымыздың қонақтарға табақ тарту дəстүрінде
кездесетін бас табақ, сый табақ, орта табақ, құдағи табақ, күйеу табақ, келін табақ, аяқ
табақ дегендерді бірінші сөздері бойынша əр жерге бөліп жібермей, олардың бəрін «табақ»
сөзінен кейін, топтап бір жерге берсек, ең дұрысы сол болған болар еді. Бірақ біздің жағдай
оған келіңкіремейді. Өйткені біз қазақ тіліндегі барлық сөздердің сөздігін емес,15 томдықтан
қалып қойған сөздер мен сөз тіркестерінің ғана сөздігін жасап отырмыз.
15 томдықта бар кейбір сөздер (мəселен, адалбақан, қазан, қаламдық, қодар, ұранқой деген
сияқтылар) біздің бұл сөздігімізде де ұшырасып қалуы мүмкін. Соған қарап, «Б.Қалиев өз
сөздігіне 15 томдықта бар сөздерді де қайталап алыпты» деген ой тумауға тиісті. Мақсатымыз
– 15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді, мағыналарды ғана алу, – дегенді əу баста-ақ
айтқанбыз. Ал жоғарыда көрсетілген сөздер тəрізділерге келсек, олар, рас, 15 томдықта бар
6
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі
сөздер. Бірақ біздің сөздікте кездесетін əлгіндей сөздер 15 томдықтағы сөздермен не омонимдік
қатынаста тұрған мүлде басқа сөздер, не олардың басқа мағыналары.
Əдетте сөздікке атау сөз алынып, грамматикалық, стильдік шартты белгілер қойылғаннан
кейін оған анықтама беріледі, содан кейін əлгі атау сөзді, анықтаманы растайтын көркем
əдебиеттерден, газет-журналдардан алынған мысалдар келтіріледі. Мысалдың астына (жақша
ішіне) мəтінді кімнен, оның қай кітабынан алынғандығы көрсетіледі. Бұл – барлық түсіндірме
сөздіктерге тəн қалыптасқан дəстүр. Біз де солай істедік. Əрбір атау сөздерге, əрбір тұрақты
тіркестерге бірлі-жарымды жағдайларда ғана болмаса, басқа жерлердің барлығында бірден-
екіден ғана, асып кетсе үштен ғана мысал беріп отырдық.
«Неге бірден-екіден ғана мысал бересіз?» дейсіздер ғой. Жауап берейін. Біздің іздеп тауып
жүрген сөздеріміз – жиі қолданыла бермейтін сөздер. Сондықтан мұндайларға көптеп мысал
табыла бермейді. Одан артық табыла қалған күннің өзінде де сөздігіміздің көлемін ұлғайтпау
мақсатында біз мысалдың санын екі-үштен асырмағанды жөн көрдік. Туынды сөздерге, сөз тұл-
ғаларына, əсіресе етістіктердің етіс формалары мен қимыл атау формаларына тіпті мысал
берген жоқпыз десек те болады. Ал мысал бере қалған күнде де оларды барынша ықшамдап,
мүмкіндігінше қысқартып беруге тырыстық немесе мысалды қайдан табуға болатындығын
көрсеттік.
Бір сөзге, бір тұрақты тіркеске немесе олардың мағыналарының əрқайсысына 15
томдықтағыдай картотекалық қорда қанша мысал болса, соншасының бəрін ала бермей,
олардың санын, жоғарыда айттық, 2-3-тен асырмауды мақсат тұттық. Сөздігімізге алынған
мысалдардың қай дереккөзден (кімнің кітабынан, қай газет-журналдан) алынғандығын
ғана емес, сонымен бірге оның əлгі дереккөздің қай томының (нөмірінің) қай бетінде
кездесетіндігін де көрсетіп отырдық. Ондағы мақсатымыз – біріншіден, сөздің, мысалдың
растығын дəлелдеу болса, екіншіден, ол сөзге немесе тұрақты тіркеске күдіктене қараған кісі
болса, оны сол көрсетілген кітаптың, көрсетілген бетінен тауып алып, көздерін жеткізсін
дегендік.
Ескерте кететін нəрсе: сөздігіміздің кей жерлерінде анықтамадан кейін мысал берілмей,
бірден дереккөз жəне оның беті көрсетілетін тұстар кездеседі. Мұны қалай түсінуге болады?
Мұның екі түрлі мəні бар: бірі – «Берілген анықтама осы дереккөздердің осы бетінен
алынды» дегенді, екіншісі – «Осы анықтаманы растайтын мысал мына кітаптың (газеттің)
мына бетінде бар» дегенді білдіреді. Сондағы ойымыз – «біреудің еңбегі ескерілмей қалмасын»
жəне «сөздігіміздің көлемі тым үлкейіп кетпесін» дегендік.
15 томдықта атау сөз де, оның мағынасы да, мысалы да бар, бірақ əлгі сөздің екінші не
үшінші мағынасы жоқ болған жағдайда біз ол атау сөзді сөздікке алып, үш нүкте жəне шартты
түрде 2 деген цифр қойдық та, анықтама бердік, мысал келтірдік. Мұны «15 томдықта бұл
сөздің өзі, оның бірінші-екінші мағыналары бар, бірақ əлгі сөздің осы мағынасы онда жоқ»
деп ұққан жөн.
Мысал алуға байланысты мыналарды да естеріңізге сала кетейін.
1) Мысалдан кейін жақша ішінде кейде «Ғ.Мүсірепов: Қаз. əдеб., 10.12.1972» деген
сияқты шарттылықтар тұруы мүмкін. Мұны – «Мысал «Қазақ əдебиеті» газетінен алынды.
Ол мəтіннің төлиесі – Ғ.Мүсірепов» деп ұққан дұрыс.
2) Кейде мысалдан соң жақша ішінде «Бұл да» деген сөз тұрса, бұл – «мысал осының
алдында ғана аталған дереккөзден, соның көрсетілген бетінен алынды» дегенді білдіреді. Ал
оның беті басқаша болса, ол арнайы жеке көрсетіліп отырады.
3) Сөздікте берілген мысалдарға қатысты екі түрлі үш нүктеге кезігіп қалуларыңыз
ғажап емес. Оның біріншісі – 15 томдықта атау сөз де бар, анықтамасы да бар, бірақ мысал
жоқ болған жағдайда (қараңыз: насыбай, ысқылтым т.б.), біз өз сөздігімізде əлгі атау сөзді
көрсетіп, үш нүкте қойдық та, бірден өзімізде бар мысалдардың біреуін, кейде екеуін беріп
отырдық. Сондағы ойымыз: кейін 15 томдық түзетіліп, толықтырылып, 20 томға айналып,
қайта басылып жатса, сөздікшілер əлгі мысалдарды пайдалансын дегендік. Ал екіншісі – сөз
15 томдықта мүлде жоқ, бірақ бізде бар. Алайда біз ол сөздің мағынасын айқындай алмадық.
Мұндай жағдайда «Сөз жоғалмасын, оның мағынасын біз болмасақ, басқа біреу айқындап
қалар» деген оймен əлгі атау сөзді сөздігімізге алып, екі нүкте қойдық та, үшінші нүктенің
орнына сұрақ белгісін қойып, бірден мысалын келтірдік. Қараңыз: Мақпұр..? Майдам..?
Құлпет..? Сапандап..? Інжəпия.. т.б.
7
Байынқол Қалиев
Біздің бұл сөздігімізден кемшілік іздегісі келген кейбір мамандастарым: «Б.Қалиев
сөздігінде жергілікті (диалект) сөздер мен ауызекі сөйлеу тілінің сөздерін (мəселен, əйбəт,
дəкумент, кəбіл, шатауат, шөлки деген сияқтыларды) көптеп алыпты» деп күстанаулары
мүмкін. Сөздігімізде мұндай тілдік бірліктердің алынғандығы рас. 15 томдықта қаптап тұрған
жат жұрттық латын, грек, орыс, француз, ағылшын т.б. сөздеріне қарағанда (15 томдықтың
1-ші томында ғана 1000-нан аса осындай жат жұрттық сөздері кездеседі – Б.Қ.) жергілікті
сөздер мен ауызекі сөйлеу тілінің сөздері халық үшін, ел үшін əлдеқайда түсінікті, əлдеқайда
маңызды. Олардың тілдік қарым-қатынаста атқаратын қызметтері де үлкен.
Екінші біреулердің: «Бұл сөздікте туынды сөздер мен етістіктің етіс жəне қимыл атау
тұлғалары көп алыныпты» деулері əбден мүмкін. Мұндай тұлғалардың да көп екендігі рас.
Егер жайқалып пісіп тұрған егінді біреулер түгел орып əкетсе, бізге сол егістің орнында
қалған масақты теру машақаты ғана қалса, туынды тұлғалар мен етіс формалары, қимыл атау
формалары көп болмағанда, түбір тұлғалар көп бола ма?!
Ескерте кетейін, -ғандық, -ғыштық, -ғансы, -сымақ, -ыңқы, -ыңқыра, -шылық сияқты
т.б. тұлғалар біздің сөздігімізде ғана емес, тілімізде де жиі ұшырасады. Олай болса бұлар
сияқты сөз тұлғаларын неге тілдік мəнбі (факт) ретінде бағаламасқа, бағаланғаннан кейін
оларды неге сөздіктерге алмасқа. Өйткені осы жерде көрсетілген жəне көрсетілмеген басқа
да тілдік тұлғалар тілімізде өте мол жəне олар тілімізде жиі қолданылады.
Бұлардың əрқайсының өздеріне ғана тəн мағыналары, тілдік қызметтері бар. Егер олардың
мағыналары, қызметтері болмаса, тілде мұндай тұлғалар жасалмаған болар еді. Оның үстіне
бұлар сияқты тілдік тұлғалар 15 томдықтың өзінде де аз ұшыраспайды. Мыс.: ашылмағандық,
аулағыштық, барғыш, əкімсымақ, басылыңқыра, бағаламаушылық, бұзылыңқы, дегдарсы,
елегенсі, жақынсы, жұбанғансы, қамдастырғансы, салғыртсы, сəнсі, т.б.
Б.Қалиев өз сөздігіндегі сөздердің санын көбейту үшін əуелі -сыз/сіз тұлғалы туынды
формаларды да алыпты» деушілердің де табылатындығына көзім жетеді. Мұндай пікірдегі
адамдарға берер жауабым: Біріншіден, -сыз тұлғалы сөздер 15 томдықта аз алынбаған
(мысалы, асылсыз, əжімсіз, байсыз, бақсыз, батпақсыз, қолдаусыз, өңсіз, парасыз, саясыз т.б.),
екіншіден, егер -сыз тұлғасын сөздікке алудың қажеті жоқ дейтін болсақ, онда 15 томдықта
қаптап тұрған -ды тұлғалы сөздерді (малды, нақышты т.б.) сөздіктерден түгел алып тастауға
тура келген болар еді. Себебі тіліміздегі -ды тұлғасы мен -сыз тұлғасының бір-бірінен
ешқандай айырмашылықтары жоқ. Бірі – «бар» дегенді, екіншісі – «жоқ» дегенді ғана білдіреді.
Бұл айтылғандарға қарап, біздің сөздікте тек туынды тұлғалар ғана алынған екен деп
ойлап қалуға болмайды. Мұнда əдеби тілдің бел ортасынан ойып тұрып орын алатын бозбұға,
бұранда, бұрқақ, бүрме, біртуар, ғаламтор, дайрақ, дəлдүріш, дəрумен, дернəсіл, дудыға,
дүбəра, шағымхат, шаршы, шатыраш, шаужай, шентемір, шоқжұлдыз, шыбынжегіш,
шідер (жұлдыз), шіңкілдек дегендер сияқты түбір тұлғалар мен бір аттам жер, бір аяқ асқа
алғысыз, бір уыс болды, дауыс айтты, шайнам ақылы жоқ, шайтан алғыр, шемішкеше шағу
дегендер тəрізді тұрақты тіркестер де толып жатыр.
Сөздігіміздің көлемін үлкейтуді біз мақсат еткен жоқпыз. Мақсатымыз, жоғарыда айттым,
15 томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестерді мүмкіндігінше молынан іздеп тауып, оларды
жүйелеп, саралап, мағыналарын ашып беру болды. Егер сөздігіміздің көлемін үлкейтіп, бір
том емес, екі томға жеткізгіміз келгенде, онда 15 томдықтағы үлгі бойынша күрделі сөздерді
біріктіріп жазып (ұзынтұра) – бір, бөлек жазып (ұзын тұра) – екі, сөздің бір мағынасын
халықтық мағына деп – бір, оның ғылыми мағынасы деп – екі реттен алғанымызда, 15
томдықтағыдай сөз мағыналары мен омонимдерді шамадан тыс бөлшектеп жібергенімізде
(мəселен, 15 томдықта сыйла – 13, күйдір – 11, лақтыр – 9, салқын, қара шаңырақ – 8, қау,
қараңғы – 7, қарағым – 6, мəжіліс сөздері – 5 мағынаға бөлінсе, шақ сөзі – 11, жам, керік, сыпыр,
шеттік сөздері – 6, жебе, көсе, өтіл, шілтер сөздері – 5 омонимге бөлінген), фонетикалық
варианттардың барлық түрлерін түгел алғанымызда (мысалы, 15 томдықта ежіл-құжыл қос
сөзінің – 8, таупық сөзінің – 5 варианты берілген), тұрақты тіркестер қанша сөзден құралса,
оларды сонша жерге қайталап бергенімізде, сондай-ақ, 15 томдықтағыдай əр сөзге, əр сөздің əр
мағынасына 4-5-тен, кейде тіпті 6-7-ден мысал келтіргенімізде жəне 45 жыл бойы іздеп тауып,
өзім жазып, бастырған «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігінің» (көлемі – 504 бет, 42,5
баспа табақ; 2012 жыл) ішіндегі 15 томдықта жоқ өсімдік атауларын мысалдарымен қосып,
осы сөздікке ендіргенімізде сөздігіміздің көлемі, сөз жоқ, бір том емес, екі том болатыны
8
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі
анық еді. Бірақ біз олай істеген жоқпыз. «Аз болса да, мəз болсын», «Санға емес, сапаға көңіл
аударайын» деген ұстанымға сүйендік. «Өсімдік атауларының түсіндірме сөздігі» өз алдына
даяр тұр ғой, іздеген адам оның ішіндегі керекті сөздерін өздері де тауып алар деп түйдік.
Қорыта келгендегі айтарымыз: қазақ тілі – өте бай тіл. Бірақ біз, тілшілер қауымы, сол
байлықты халыққа жөндеп көрсете алмай келеміз. Сөздеріміз бен тұрақты тіркестеріміз толық
қамтылды деген 15 томдық «Қазақ əдеби тілінің сөздігінің» өзінен көптеген сөздер мен тұрақты
тіркестерді көп жағдайда іздеп таба алмайсыз. Біз өз шама-шарқымыз жеткенше ондағы жоқ
сөздер мен тұрақты тіркестерді жинап, олардың мағыналарын ашуға талпыныс жасадық. Əрине,
бұған аз күш жұмсалған жоқ. Сол қажырлы еңбектің жемісі – қолдарыңыздағы осы сөздік.
Бұл сөздіктің мəн-мағынасын, маңызын, бағасын оқырман қауымның өздері бере жатар. Ал
біздің осы жердегі айтпағымыз: Егер түсінетін адам болса, ұялмастан айталық, біз шын мəнінде
ерлік жасадық. Бүкіл бір институт қызметкерлерінің 5-6 жыл бойы істейтін жұмысын ешбір
жалақысыз, ешбір көмексіз бір өзіміз ғана атқарып шықтық. Нəтижесінде сөздік қорымызға 10
мың 690 атау сөз, 2 мың 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік келіп қосылды
(Біз жоғарыда сөз еткен үш нүктелі атау сөздер мен тұрақты тіркестер бұл есепке кірген жоқ).
«Сөздік қорымызға мұнша сөз, осынша тұрақты тіркес қосылып тіліміздің байлығы
əжептеуір молайып қалды» деп мақтанғандай болып отырған біздің сөздігімізден де қалып
қойған тілдік бірліктер бар ма?
Сөз жоқ, бар. Өйткені халықтың тіл байлығы – телегей теңіз. Теңіздің барлық балықтары мен
жəндіктерін түгел ұстап, тауыса алмайсың. Сондықтан мен қанша еңбектенсем де, тіліміздің
сөз байлығын түгел жинадым деп айта алмаймын. Біздің көзімізге түспеген, назарымызға
ілікпеген сөздер мен тұрақты тіркестер əлі де баршылық.
Бұлай болуы заңды да. Өйткені тіл – дамып, өзгеріп, толығып отыратын жанды құбылыс.
Уақыттың ілгері озуына, қоғамның дамуына қарай əлі талай жаңа сөздер мен жаңа тұрақты
тіркестер өмірге келетіні анық. Оларды жазып алып, өздері жасайтын сөздіктеріне қосып
отыру – келешек ұрпақтың міндеті. Ал біздің міндетіміз – осыған дейін тілімізде қолданылып
келген жəне қазіргі кезде қолданылып жүрген сөздерді жоғалтып алмай, жиып-теріп, өзіміз
шығарған сөздіктерімізге енгізіп отыру.
Сонда қазақ тілінде барлығы қанша лексикалық бірлік бар болып шықты дейсіздер ғой?
Егер 15 томдық сөздіктің соңғы беттерінің бірінде көрсетілгендей онда 92 300 сөз, 57 856
сөз тіркесі – барлығы 150 156 лексикалық бірліктің қамтылғандығы рас болса, «Біздің жанкешті
еңбегіміздің арқасында тіліміздің сөздік қоры тағы 13 мың 335 тілдік бірлікке көбейді» деп
аузымызды толтырып айтуымызға жəне оны мақтаныш етуімізге əбден болады.
Алайда біз жинастырған 13 мың 335 тілдік бірліктің барлығын «алтын» деуден аулақпыз.
Олардың ішінде «алтынына» қоса күмісі де, қоласы да болуы» ғажап емес. 15 томдық сияқты
тезаурис сөздік жасаған адамдарға бұлардың бəрі қажетке жарайды. Ал шын мəніндегі əдеби
тілдің сөздігін жасағысы келген адамдарға мұндағыларды таңдап-талғап, жарамдыларын ғана
алып, жарамсыздарын шығарып тастауға тура келеді.
Жоғарыда айттық, біздің бұл сөздікті жасаудағы мұратымыз – 15 томдықта жоқ,
сөздікшілердің көздеріне ілінбеген, тасада қалған сөздер мен тұрақты тіркестерді
мүмкіндігінше түгел жинап, оларға анықтама беру болатын. Өз еркімізбен мойнымызға алған
бұл борышымызды толық орындап шықтық деп айта аламыз.
Мүмкін келешекте Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазақ тілінің 20
томдық түсіндірме сөздігін жасап қалар. Бірақ оған дейін институт қызметкерлері біздің осы
сөздігімізден де қалып қойған сөздер мен тұрақты тіркестерді жинап, тағы бір-екі қосымша том
жасағандары жөн болар еді. Себебі, қайталап айтамыз, тіліміздің байлығы əлі түгел жиналып
біткен жоқ. Ал жиналғандары болса əлі жүйеленіп, жөнді сараланбай, ой елегінен өткізіліп,
артық-кемі айқындалмай, мағыналары дұрыс (дəл) ашылмай, анықталмай жүр. Осылардың бəрі
тап-тинақтай етіліп істелсе ғана 20 томдықты жасауға жəне «Біздің тіліміз бай, онда мұнша
сөз, мұнша тұрақты тіркес бар» деп марқаюымызға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |