Əзірет Əлі қылышы
Өткізген талай сынақтан
Түріктің түгел ырысы.
Суырылып тұрған қынаптан
Əзірет Əлінің қылышы
Дін үшін өлсе бар ма арман,
Алланың қылған ісіндей,
Фатих та өткен жалғаннан,
Қылышын қолдан түсірмей.
Елі үшін туған арыстың
Еңбегі кетпес еш болып,
Семсері сынды ғарыштың
Дұшпанға тұрар сес болып.
Түркістан мешітінде
Бісімілла-рахман-ир-рахим!
Жаратқанға шүкірлік,
Жасамайық күпірлік,
Бірі қырдан, бірі Сырдан,
Америка, Еуропадан,
Моңғолстан, Түркиядан,
Басын қосқан əр қиядан,
Бір мешітке сыйып тұрған,
Пенделіктен биік тұрған
Халқым, саған жаным құрбан!
Қанша рет жүзім кетілді,
Қайралып, қайта жетілді.
Қазақтың бүгін жұлдызы
Жарқырап жанған секілді.
«Береке басы
–
бірлік»,
–
деп,
«Жасасын жерде тірлік»,
–
д
еп,
Алладан тілек тілеймін,
Құбылаға беріп бетімді,
Жаратқан жалғыз Құдайым,
Қабыл қылсын ниетімді.
Қайталанбай азабым,
Ортаймасын қазаным.
Ат жалында ойнаған
Қартаймасын қазағым.
Жүрмесін ана аңырап,
Қалмасын қора қаңырап.
Жығылмасын туымыз,
Шайқалмасын шаңырақ
.
Əумин !
Алланың нұры жаусын!
Екі дүния есігін ашып тұрған,
Ұлы ақынды Мағжандай ғашық қылған,
Жақсылардың көгеріп батасымен,
Жамандардың еңсесін басып тұрған,
Мың бес жүз бе, жоқ əлде екі мың ба?!
Мыңжылдыққа сəулесін шашып тұрған,
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алланың нұры жаусын!
Əзірет Сұлтан жазған ғазалың бар,
Салдырған Əмір Темір ғажабың бар,
Алаштың алтын туын аспандатқан
Хандар мен билер жатқан мазарың бар,
Солардың ізіне өскен шөп секілді,
Шөп алмас қой аузынан қазағым бар.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алаштың бағы жансын!
Өзінсің көмек беріп қысылғанға,
Қыпшаққа кек қылышын ұсынған да,
Қыш қорған, құм төбелер куə емес пе,
Басыңнан бақыт құсын ұшырғанда,
Сансыз бап Түркі елінде басын қосып,
Астана болдың момын мұсылманға.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алланың нұры жаусын!
Түркістан – дін мұсылман айтқан азан,
Түркістан – тарихтағы қалың тозаң,
Түркістан – қайнап тұрған жасыл базар,
Түркістан – қасиетті қара қазан.
Бір сүйсең Түркістанның топырағын,
Шер біткен шерменденің дертін жазар.
Киелі Түркістаным!
Ізгілік саған аусын,
Алаштың бағы жансын!
Көк күмбез
Бұл мазарды қанша ғажап десе де,
Əлі толық бітпей қалған кесене.
Бітпей жатса, бітірмей ме ұрпағы,
Бітуде емес, күтуде екен мəселе.
Игерсең де толағайдай табысты,
Ең алдымен бастау қиын əр істі.
Кез келген іс таусылмайтын бəсеке,
Аяқтау да қиын сосын жарысты.
Қос өкпесін сыққаннан соң тар жалған,
Қожа Ахмет жер астында зарланған.
Бұл фəниді қызық көрген пенделер,
Жұртты алдаған, өздері де алданған.
Тұрақ тапқан ата-баба үрдісі,
Зиярат қып келіп жатқан мың кісі,
Көк тастары шексіз көкпен астасқан,
Мына күмбез
–
алданбаудың үлгісі.
Əзірет Сұлтанның монологы
Алпыс үш жыл тірлік құрдым, бел астым,
Алпыс үш жыл арман қудым, адастым.
Асқаннан соң пайғамбардың жасынан,
Мəңгі-бақи мекен қылдым жер астын.
Əділетке апаратын жол қайда,
Жолдың көбі үзіліп те қалмай ма,
Жаратушы жан бітірген адамға,
Бұл қара жер соңғы тұрақ болмай ма?!
Жердің асты
–
тереңдегі тамырым,
Сонда білдім зеңгір көктің қадірін.
Дəм таусылып, үзілгенде соңғы дем,
Жер астынан қазылмай ма қабірім.
Жалған дүния мəз қылса да əн-күймен,
Жер-ананың тас емшегі мəңгі иген.
Тіршілікте тербеп тұрған жер-бесік,
Өлгенде де қойнына алар əлдимен.
Жер бетінен тапсам бойға дертімді,
Жер астында бастым жанған өртімді.
Рақым қылып, кұдіреті мол Жаратқан,
Ол жақта да жарық қылғын бетімді.
Шығыс моншасы
Шығыстағы мына монша орасан,
Жаныңды да тазартады, қаласаң,
Арам қанды тамырлардан қуады,
Ар-ұяттың сүзгісіндей Арасан.
Жылы суы шайып жатса тəніңді,
Ыстық буы жадыратар жаныңды.
Өмірге де келіп едім жалаңаш,
Беріп кетем жиып-терген барымды.
Балалар да болып жатса туа жат,
Өткінші өмір əкелмей ме кіл азап?!
Түбі бірақ, ұрпағына құт қонар,
Кім Аллаға қылған болса мінəжат.
Есіңе ал!
Жаратушы Алланы
Еске алмасаң – не шығар?!
Болсын десең қорғаның,
Қайта-қайта есіңе ал!
Тіршіліктің тамырын,
Денсаулықтың қадірін
Білген шақта есіңе ал!
Тектен текке серт бермей,
Қол-аяққа дерт бермей
Жүрген шақта есіңе ал!
Несібеңді күн сайын
Тапқан шақта есіңе ал!
Қас қарайып, түн сайын
Жатқан шақта есіңе ал!
Жердің бетін жауынмен
Толтырғанда есіңе ал!
Сұхбат құрып қауыммен
Отырғанда есіңе ал!
Жиылып кеп бар түнек,
Тас төбеден тауқімет
Ұрған шақта есіңе ал!
Бойға қуат, күш бітпей,
Айдалада іс бітпей
Тұрған шақта есіңе ал!
Жаратушы Алланы
Еске алмасаң – не шығар?!
Болсын десең қорғаның,
Қайта-қайта есіңе ал!
Марал ишан
Сөз бастайын «Иншалла!» – деп,
Келген қауым қаншама көп?!
Тыным таппас ізгі рухың
Қалың елің қалса жүдеп.
Құран сөзін хақ көргендер,
Адалдықты жақ көргендер,
Өсіп-өніп жатса бүгін,
Көптен бата ап келгендер.
Бір Алланың құлы болдың,
Кесек сөзді, ірі болдың.
Жаны таза мұсылманды
Қолдап жүрген пірі болдың.
Табыстырып ұрысқанын,
Түзеп беріп тырысқанын,
Жүре берсін күліп-ойнап
Ұрпақтары Жүнісханның.
Қостанайға, Оралға да,
Семейге де, Аралға да,
Қалаға да, далаға да,
Нұрың жаусын, Марал баба!
МəшҺүр Жүсіп
Тақсырлар көп,
МəшҺүрлер аз қазақта,
Безгендер көп, төзгендер аз азапқа,
Салыстырса сегіз пейіш – жұмақпен,
Баратұғын жан аз дейді тозаққа.
МəшҺүр болу – болған жерде аз бірлік,
Еліме ұйтқы болсам деген мəжбүрлік.
МəшҺүр болу – қалған жерде селдір жұрт,
Шалқар көлдей тұнып жатқан мөлдірлік.
Досың түгіл, қарсы алдыңда қас тұрсын,
Барлығыңа сөзің өткен МəшҺүрсің.
Қанша шапса шалдықпаған шайырсың,
Ескі күннен аман жеткен дəстүрсің.
МəшҺүр Жүсіп!
Кішік болсаң – ұлы ісің,
Жаратқанның сеніп өткен құлысың,
Көз жұмсаң да, көп тіріден ірісің,
Ұрпағыңа жетіп жатыр тынысың,
Еңбегіңе баға алатын МаҺшарда
Өйткені, сен мəшҺүрлердің бірісің.
Мешітбай Сүгірұлының асында
Жаратқан Алла құдірет,
Расул алла Мұхамбет,
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Маңқыстауда – пір Бекет,
Төле, Əйтеке, Қазыбек,
Барақ, Шоқай, Асаубай,
Жанұзақ пен Жəнібек,
Марал ишан, Мешітбай,
Балқожа мен Наурызбай,
Жүзінде иман ойнаған,
Ұрпақ қамын ойлаған
Көп тілегін қабыл ет!
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас,
Өткен күнді ұмытқан
Бүгінгіні танымас.
Жер көгерсе жауынмен,
Ел көгерген батамен,
Халқым қайта қауышты
Мешітбайдай атамен.
Батыр шыққан Сүгірден,
Ақын шыққан Сүгірден,
Əулие мен қажының
Аты шыққан Сүгірден,
Министрі, имамы
Бəрі шыққан Сүгірден,
Жалғастырған батагөй
Өткен күнді бүгінмен.
Дұрыс болар бұл жерге
Азын-аулақ кідірген.
Батаменен бақ дарып,
Жыры туған ақынның,
Шаңыраққа құт қонып,
Жолы болған батырдың.
Жөн білетін баламын,
Киесімен бабаның
Мен де бүгін сіздерге
Қонақ болып жатырмын.
Ашық болсын аспаным,
Ғашық болсын достарым,
Бəйтерек боп жас талың,
Өсе берсін бастарың,
Топтан озып жүлде алсын
Бəйгеге əкеп қосқаның,
Тойға ұласып тойларың,
Қабыл болсын астарың!
Екінің бірі
Күнім мен түнім,
Отым мен күлім,
Есік пен төрім,
Өмір мен өлім
–
Екінің бірі.
Піскен мен шала,
Ескі мен жаңа,
Ақ пенен қара,
Қала мен мола
–
Екінің бірі.
Мақтау мен мазақ,
Рақат пен азап,
Фəни мен Бақи,
Жұмақ пен тозақ
–
Екінің бірі.
Екінің бірі!
Өсиет
Əкемнің айтып кеткен өсиеті
Адамның екен нағыз қасиеті.
Өмірдің өттім талай сынағын да,
Сол сөздер күмбірлеп тұр құлағымда.
«Өзіңді шақырмаған жерге барма!»
«Біреуді жерден алып, жерге салма!»
«Іс жасап абыройсыз, сөзге қалма!»
«Тіленіп, қолың жайма өзге қолға!»
«Қаңғырып, қызық іздеп, кезбе болма!»
«Көз көрмей, естіп қалған сөзге нанба!»
«Абай бол! Дұшпан құрған түспе торға!»
«Кез келсең, айналып өт, қазған орға!»
«Кір-қоқыс толып тұрған жерге қонба!»
«Қайыр қыл бишараға жүрген зорға!»
Əуелі құлақ аспай сіресіп ем,
Кейіннен көрдім Құран сүресінен.
Əкеміз ақиқатты білген екен,
Жан сырын айтып маған жүрген екен.
Тілінің келген алған кəлимасы,
Сөзінің бəрі – Құран қағидасы.
Биікте тұрушы еді Құран-кəрім,
Неліктен?
Енді ғана ұқтым мəнін.
Əке сөзі
Бізді де белге талай апарды өлең,
Əлде де көптен озбай, қатар келем,
Ойымнан еш кетпейді əке сөзі
Сөйлейтін мəтелменен, мақалменен:
«Ешқашан серік болма ұрлықпенен»,
«Тура жүр, қоңсы қонба сұмдықпенен»,
«Аулақ тұр өсек пенен өтіріктен»,
«Тұрмыс құр ынтымақпен, бірлікпенен».
«Сақина тілемесең сау басыңа,
Адамды доспын деген дауда сына».
«Бірге бол, адассаң да, үйіріңмен»,
«Қасқыр да қастық қылмас жолдасына».
«Кетпегін жетегінде көрінгеннің»,
«Жүздерге жүзі күйсін бөлінгеннің»,
«Күймейсің Отан үшін отқа түссең»,
«Өмірі ісі бітпес ерінгеннің».
Сарқырап таудан аққан бұлағымдай,
Асыл сөз таусылар ма, сірə, мұндай?!
Байқасам, əке сөзі сондағы айтқан
Естіген пайғамбардан ұранындай.
Керіс туралы
Егер ұрыс естісең,
Адал болсаң – қорғап тұрар періште,
Жауап қатсаң керіске,
Малғұн-шайтан азғырып,
Ақылыңды аз қылып,
Жол көрсетер теріске.
Керіс емес апаратын жеңіске,
Керіскенді сыба десе – келіспе,
Сабыр қылсаң – қатарыңнан озасың,
Жалақордың тарттырады жазасын
Алла ғана ең үстем.
Есеп
Құран 30 парадан, 114 сүреден, 6666 аяттан тұрады. Москвада жарық көрген
Крачковский аудармасындағы түсіндірмеде Құран 6236 аяттан тұрады деген. «Ислам
əліппесінде» (Алматы, 2000 жыл, 48 бетте) аяттар 6323, ал осы кітаптың орыс
тіліндегі нұсқасында (180 бетте) 6232 деп көрсетіліпті. Москвадан жарық көрген
қазақ тіліндегі «Құран» нұсқасына берілген түсініктерде аят саны Басыра
көшірмесінде 6204, Куфа, Үнді, т.б, көшірмелерде 6236 болғаны айтылады. Біздің
ойымызша, Құран сүрелері мен аяттары керемет есепке құрылған.
Құранда егер отыз пара болса,
Мекке мен Мəдинадай қала болса,
Оразаның күні де отызға тең,
Отыз күн əр ай сайын жаңаланса. 30
Алты мың алты жүз алпыс алты аят болса, 6666
Қосқанда жиырма төртке таяп тұрса, 6 + 6 + 6 + 6
Алланың есебінің қатесі жоқ, =
«Əмин!» – деп барлық сүре аяқталса. 24
Құранда тек жүз он төрт сүре болса, 114
Қосқанда алты екенін білер болсаң, 1 + 1 + 4
Оның да қосындысы бұзылмай ма =
Санатқа басқа сандар кіре қалса. 6
Алтыға алты қосса – күн емес пе, 6 + 6
Алтыға алты қосса – түн емес пе, 6 + 6
Он екі жəне он екі – тəулік болса, 12 + 12
Күн мен түн тəуліктегі бір емес пе?! 24
Пенденің болғанымен зор талабы, +
Есептен жаңылғанды дерт алады. _
Қосу мен Алу, Бөлу, Көбейту де – :
Алланың ойлап тапқан төрт амалы. ><
Азан
Біріккен араб эмираттарының математик ғалымдары Жер бетінде азан
тəулігіне 24 сағат, яғни 1440 минут айтылып тұратынын дəлелдеді. Бұл туралы араб
ғалымы Абдул Хамид аль-Фадиль «Аль-ваи аль-ислями» журналында хабарлады. Біздің
планетамыз 360 уақыт меридианына бөлінген. Бұл меридиандардың əрқайсысын
екіншісінен тура 4 минут бөліп тұрады. Азан да 4 минут айтылады.Сонымен
айтылған азан бір меридианда аяқтала сала екіншісінде басталып жатады.
Осылайша азан дауысы жер бетінен үзілмейді.
Айтқан кезде азанды,
Алды дейтін мазамды
Адам болса, түбінде
Алла берер жазаңды.
Жайнап тұрса базарлар,
Қайнап тұрса қазандар,
Жер бетінде ешуақыт
Үзілмейді азандар.
Азан дауысы қайда да,
Тоқтайды деп ойлама.
Азан үні естілген
Алыстағы Айда да.
Тыңдап елдің өсегін,
Жаратқанның есебін
Түсінбеген пенденің
Көрген соры бес елі.
Қалмау үшін табаға,
Іштің дертін тазала.
Көкірек керіп жұтатын
Азан – таңғы таза ауа.
Аллаhу əкпар!
Аллаhу əкпар!
Аллаhу əкпар!
Аллаhу əкпар!
Алла биік бəрінен!
Ашhаду алла илаhа илла Алла!
Ашhаду алла илаhа илла Алла!
Алладан басқа тəңір жоқ.
Тұрмын соған куə боп.
Ашhаду ’анна Мұхамбет ар-расул алла!
Ашhаду ’анна Мұхамбет ар-расул алла!
Мұхамбет
–
оның елшісі.
Хаййа ‘ала с-салат.
Хаййа ‘ала с-салат.
Намазға барыңдар!
Хаййа ‘ала ль-фалах.
Хаййа ‘ала ль-фалах.
Табысты болыңдар!
Аллаhу əкпар!
Аллаhу əкпар!
Алла биік бəрінен.
Лə ’илаhа илла алла!
Лə ’илаhа илла алла!
Алладан басқа тəңір жоқ!
Төрт амал
Ақиқаттың ауыр жүгін арқалар
Əлемдегі ең мықты амал – төрт амал.
Жүзеге аспай қалса өмірде төрт амал,
Жердің жүзін топан басып, өрт алар.
Алу, бөлу, қосу жəне көбейту –
Адамзатты алуан күйге бөлейтін.
Бірін алып, бірін бөліп, жамандап,
Кейбіреулер күн көреді амалдап.
Сол төрт амал жылатар не күлдірер,
Амалының артықтығын білдірер.
Бірақ, ылғи ала берсең, не қалар?
Телегей су болса-дағы, суалар.
Бөле берсең, іргең бір күн сөгілер,
Бөлінгенді талап алар бөрілер.
Қоса білсең, ырысың да қосылар,
Бағың тасып, дəулетіңді асырар.
Көбейткеннен кеңейеді өрісің,
Соның бəрін жаса туған ел үшін.
Төрт амалдың орындасаң барлығын,
Саған алғыс айтары анық алғы күн.
Екпініңді тоқтата алмас бар қамал,
Төрт аяғың тең болсын тек, төрт амал!
Қосу
Бұл амалды сақтар мəңгі ел есте,
Қосылғандар шыға алады белеске.
Бүтін болар екі жарты қосылса,
Жыртық қостың өзі қосу емес пе?!
Қосындылар қос арнадан бас алып,
Өмір жылда келе жатыр жасарып.
Тіршіліктің қос ішегі тəрізді
Қыпшақ бабам таңбалаған қос əліп.
Елді қосқан шығары анық сенімнен,
Қосу деген крест емес керілген.
Төрт құбыла түркілерге жол сілтеп,
Керейлердің таңбасындай өрілген.
Қосу – барлық ұл мен қыздың ерлігі,
Қосу – байтақ ұлыстардың теңдігі.
Төскейде төл, төсекте бас қосылса,
Ел ырысы көбейері белгілі.
Жарым жанға жарты қоссаң – ес кірер,
Қалай шебер ойлап тапқан естілер?!
Қауышқанда қауқылдасқан ағайын
Қош десе де қос дегендей естілер.
Қосу сөзін неге қазақ қош көрді,
Жолдас-жора жұбын жазбай дос болды.
«Қосылғанды қолдай көр, – деп, – Құдайым!» –
Тілек тілеп, тұрмын жайып қос қолды.
Біреу
Бұл жалғанда болған бірге тұрағы,
Пенделердің қоятын көп сұрағы.
Барлық затты атағанда санменен,
Бесеу десем – ойда Біреу тұрады.
Елдің көбі айтқанымды ұғады,
Есебім де дұрыс болып шығады.
Он деп, Жүз деп, оны тағы көбейтіп,
Мың деп жазсам – ойда Біреу тұрады.
Тоссын алдан талай өмір сынағы,
Ешкім Бірге қоя алмайды кінəні.
Бір дегенді Бір Алла деп таныған
Мұсылманның қолындағы Құраны.
Үш саты
Үш сатысы діннің
Ұшында тұр тілдің.
Оның сырын ұқсаң:
Ислам.
Иман.
Ихсан.
Пирамида
(3 + 3 + 3 + 3 = 12)
Пирамида салдырған
Перғауындар кешегі
Жұрт назарын аударған,
Дұрыс болған есебі.
Пирамида – жылтізбе,
Білген кісі көретін,
Əр үшбұрыш – бір мезгіл,
Төрт мезгілге бөлетін.
Пирамида пішіні
Сызып қойсаң – он екі.
Он екі айдың мүсіні
Жылда айналып келетін.
Əр мезгілдің саны бір,
Үш айдан – бір үшбұрыш.
Түгел санның мəні бір,
Шыққан есеп дұп-дұрыс.
Жеті
Көкте – Жеті қарақшы,
Бір аптада – күн жеті.
Көрсең, көзден кетпейді
Жетеуінің суреті.
Сырын терең түсініп,
Жеті шелпек пісіріп,
Жеті санын əспеттеу –
Мұсылманның міндеті.
Дүйсенбай мен
Сейсенбай,
Сəрсенбай мен
Бейсенбай,
Жұма,
Сенбай,
Жексенбай
Деп ат қою қазақтың –
Əрбір күнге құрметі.
Ми туралы
Шолып тұрса көздерім төңіректі,
Кадрлардың мыңы кеп, мыңы кетті.
Шап-шағын ми адамның басындағы
Сақтайды екен миллион мəліметті.
Жиып-теріп соншама мəліметті,
Өзі қысқа ғұмырдың көбі кетті.
Сол білімнің, алайда, арқасында
Алла берген несібе кемімепті.
Қарап тұрсам ой тастап кешегіге,
Еңбек қылмай жиған мал өседі ме?!
Басты куə бəріне мидың өзі
Түзу шыққан Алланың есебіне.
Тыныс белгілері
Белгілер көп шікірейген,
Кейбіреуі кекірейген.
Нүктеге көп алаңдайды
Шыққан кезде үтір үйден.
Орнын тапса тыныс белгі,
Онда жарты ырыс қонды.
Нүкте келіп сөйлемімді
Тоқтатқаны дұрыс болды.
Сұрау белгі бүкірейген,
Леп белгі тікірейген,
Қос нүкте мен сызықша да
Тəуба тоны – шүкір киген.
Тағы бір ой келді деймін,
Көңілімді бөлді деймін.
Тыныс алып, тіл қатпадым...
Оны қалай белгілеймін?
Шара-жүрек
Амандассаң, жаздай жарқын түр-өңі,
Адамдардың шара-сынды жүрегі.
Төгіп алмау лүпілдеген сезімін
Ізгі ниет пенделердің тілегі.
Əжім басып, ақ түссе де самайға,
Жақсы адамның ақ көңілі – шарайна.
Қастық пенен қызғанышын малғұндар
Шарасында жасырады, абайла!
Жақсылық пен қайырымға толса да,
Тар кеудеге сиып тұрар сол шара.
Кімде кімнің бос болса егер жүрегі,
Ондай адам нағыз байғұс, бишара.
Жүз мəртебе мақтаса да асаба,
Қасиетін тығып қойып тасаға,
Көкірегі тек көріктей күмпілдеп,
Кеуде, бірақ, қуыс болса не шара?!
Жəшік
Тарапқа не бір бұрылған
Кетсе де жылдар қашық тым,
Бүгінге жеткен бұрыннан
Сыры көп жұмбақ жəшіктің.
Басыма қонған жыр-бағым
Қай жаққа, неге асықтың?
Жас күнгі балғын сырларым
Ішінде жатыр жəшіктің.
Алшыдан түссе асығым,
Алысқа қарап, елеңдеп,
Қараушы ем пошта жəшігін
Аңсатқан хабар келер деп.
Сайлауға бардым ентелеп,
Қарамай шығар есікке,
Қағазды қолмен желкелеп
Тоғыттым жабық жəшікке.
Сорым ба, əлде бағым ба?!
Үйрендім талай кəсіпке.
Айтар деп нені тағы да,
Қараймын тележəшікке.
Тұрса да асып өнерім,
Қарайлап жүріп батысқа,
Дымқыл мен сыздан көгеріп,
Толыпты жəшік қоқысқа.
Іздеген жоғың табылып,
Құлыптаулы болса, ашып көр.
Қайтеміз кетсе жарылып
Жарылғыш салған жəшіктер.
Өмірдің өзі қан майдан,
Кедеймін десең – көшіп көр.
Қағаздар солған, сарғайған,
Мұрағат толған жəшіктер.
Əкетер тəнді жəшікпен,
Көтеріп салып табытқа.
Шығарың анық есіктен,
Барар жер жұмақ, тамұқ па?!
Таң қалма кейбір адамға,
Жəшікті қойса шегелеп,
Өлген соң, бірақ, наданға
Жəшіктен басқа не керек?!
Тиын
Дүкенге жиі барсаң да,
Қылықты жаман істеме.
Қолыңа жиі алсаң да,
Ерінге тиын тістеме.
Болса да ойған мөрі көп,
Жұқпасын кірі бойға да,
Тиынның жүрмес жері жоқ,
Таза деп оны ойлама.
Қарамай түр мен түсіне,
Бұйымды алған тиынға,
Қымбатқа сатқан кісіге
Шайтан боп кету қиын ба?!
Қойғандар болса сөз беріп,
Тиынға болар керіс көп.
Бағасы кетпес өзгеріп,
Түссе де оң не теріс боп.
Жүргендер болар қимай да,
Тиыннан теңге құралар.
Жұмсай ма, əлде жинай ма?
Тиынмен адам сыналар.
Тиыны көпке жоқ қайғы,
Құлақ сал оның үніне.
Тиындар тыным таппайды,
Қалтаның жетпей түбіне.
Тиынның, бəлкім, арқасы,
Ырду мен дырду, той көпте,
Байғұстар тесік қалтасы,
Айтады қалай байға өкпе?
Кісіге кейде мал қайғы,
Қойсаң да тығып қорғанға,
Тиынға тыйым болмайды
Тойымсыз мынау жалғанда.
Қураған бұтақтар
Жауын жауса қамығады кей бұтақ,
Асығады отқа жанып кетсем деп,
Жауын қойса қуанады кей бұтақ
Күн көзіне қыздырынып, кепсем деп,
Жауын жаумай су болады кей бұтақ
Жаз шыққанша аман-есен өтсем деп,
Қиялдайды, армандайды кей бұтақ
Қайта көктеп, жапырағымды төксем деп,
Жалғыз ағаш жапан түзде дірілдеп,
Естимісің, тұрған-сынды күбірлеп:
«Бұтақтарым, өмір сүрдім тек сен...» – деп.
Достарыңызбен бөлісу: |