* * *
Əйелім діншіл, көршілер күншіл болғалы,
Алды ғой қамап ойлардың қалың орманы.
Қай жерге түбі апарар екен қажытпай,
Қар басып кеткен даланың қиын жолдары.
Толғанда дəнге көңілдің қызыл қырманы,
Сыншылдан көрі міншілдер көп боп тұрғаны.
Қанатын қағып, асығып жатқан секілді
Жайдары жазға жанымның жасыл жырлары.
Қыраудай қатса кеудені шалған мұң дағы,
Тағдырым мені көріктей басып, шыңдады.
Суырылып бір күн шығарсың күнің туғанда,
Жата тұр əзір қылыштай болып қындағы.
* * *
Төбеге шықсам Аллаға жақын екенмін деп ойлап,
Төменде тұрған жұлдызға қолымды создым абайлап.
Ауасын таудың сімірдім, кідірдім артқа қарайлап,
Басыма киген қалпақты əкетті кенет жел айдап.
Жүрсем де қанша ойланып, сырымды шашпай өлеңге,
Тұрса да басым айналып, көз салып едім төменге,
Талпынсам қайта түсем деп, еріккен жел де бəсеңдеп,
Ілінді барып қалпағым тамыры терең еменге.
Мысыңмен басып тасыңды, жоғары тұрсаң, саудалас,
Қолдары жетпей жүргенде көңілді кімдер ауламас.
Көретін қызық аз емес, жағдай да,бірақ, мəз емес,
Балақта –жантақ, етек пен аспанда – көзім, тауда – бас.
Жадырап жүрген шағыңда қалған соң тауда жалаңбас,
Болмаса сенер қасыңда жанашыр жақын, замандас,
Жаңында жүрген жатқа да жүзіңді бұрып, амандас,
Таудағы басың етекке оралмас деме, қаламдас!
* * *
Базардағы сатушының өтпей қойған гүліндей,
Өрт шарпыған асыл заттың кетпей қойған күліндей,
Отыз күндік оразаның жетпей қалған күніндей,
Көңілімнің олқы тұсы
бір басыма жетеді.
Кəдеге аспай, алып қойған шеті тесік тиындай,
Ескі жұртта қалып қойған бағасы жоқ бұйымдай,
Олжа, жора, үлес, кəде – біреуі де бұйырмай,
Кейде тіпті ағыл-тегіл
жылағым кеп кетеді.
Қиын көштей ауыр жолда жүгі кеткен ауытқып,
Жиған-терген бойға сіңбей, мақсатыңды қамыт қып,
Пəле-жала, кесір-қырсық, уайымды қауіп қып,
Бəрін тізіп айта бермей,
тоқтай салсам, не етеді?!
* * *
Етпеттеп жатсам көкірегім жерді сүйеді,
Шалқалап жатсам жауырыным жерге тиеді,
Табаным сенен тиянақ тауып тұрған соң,
Сүйеушім өзің, жер-анам, құтты, киелі.
Хош иісті гүл де, дəн-дағы сенен өнеді,
Мейірімің жанған оттан да ыстық, себебі.
Бұлағы қайнап, шалғыны қаулап жатса жер
Жаратқан ғана бəріне қорек береді.
Ұйтқыған желге таулары болса қорғаны,
Аңдарға пана емес пе қалың орманы.
Аллаға деген құрметтің шексіз белгісі,
Еңкейіп жерге адамның тəжім қылғаны.
Уақыт, шіркін, атылған оқтай зырлауда,
Оралар жерге, салса да басын кім дауға.
Бұйырсын десең ұрпақтан саған топырақ,
Қадірлі жерді болмайды, бірақ, былғауға.
* * *
Жүгірген аң, ұшқан құс тіресе алмай күштімен,
Өлім құшқан ақыры тырнақты мен тістіден.
Бұғы менен бұлан да аман қалған мың оқтан,
Ажал тапқан орманда мүйіз бенен тұяқтан.
Көресіні көргендер тұмсық жəне шеңгелден,
Күнге жете алмаған үлестерін тең бөлген.
Қанат қағып, қиқулап ұшып шықса қаз алдан,
Кім құтқара алады тура келген ажалдан?
Ұстағанның қолынан, тістегеннің аузынан
Тартып алар жан бар ма жəбір көрсе жауыздан?
Қуған жетіп, қашқандар құтылғанда қуғаннан,
Қашқан емес, қуғандар көп ақынға жыр болған.
Мергендерді мүлт кетпес, құдіретті Жасаған,
Соқыр қылып қойсайшы аңдып тұрса тасадан.
Көріп, біліп тұрсың ғой адамдардың айласын,
Олар сасық қулығын жер бетіне жаймасын.
* * *
Көңіліңнен шыға алмасам, кешір мені, жан-ана,
Оралмадым жалаңаяқ табанымның ізі қалған далаға,
Жаным менің шырқырады ауға түсіп тосыннан,
Балықтайын қуырылған шоққа қойған табада.
Шынжыр табан трактордың соқасының кеткен жауып тозаңы,
Кешір мені, əруақтарға мекен болған ата-баба мазары.
«Аман сақта ошағымды!»
–
деп тіледім Тəңірден,
Төңкеріліп кетпесін тек тіршіліктің қайнап жатқан қазаны.
Бала кезден бірге құрған бұл өмірдің жоспарын,
Кешір мені, құрдастарым, жолдастарым, достарым!
Жем түсті ме аяғына,
оза алмады ұлан-асыр бəйгеге əкеп қосқаным,
Көрген түстей қапелімде барады өтіп мына жалған қас-қағым.
Фəни-дүния, өткінші өмір, қалдым көріп талайын,
Қу мен сұмға, шайтан, жынға толы болды маңайым.
Айтарымды айта алмасам, түзу жолда қайқаңдасам,
Сегіз өрім қамшыменен тартып жібер, ағайын!
* * *
Заман осы талайларды аздырған,
Бұл жалғанда болған жоқ қой аз құрбан,
Көрге түсер ақырында адалға ор қаздырған,
Көмусіз де қалып жатыр салт-дəстүрді тоздырған,
Судан дейді теңізшінің ажалы,
Көп қой, бірақ, ванна ішінде көз жұмған.
Өкінсең де күндеріңе даңғазамен бос өткен,
Тіршілікке болмасыншы, дос, өкпең,
Есепшінің есі шықса есептен,
Ұрдажықтар өліп кеткен көздеп атқан кесектен,
Алааяқтар ала арқанға маталса,
Жезөкшелер ажал тапқан төсектен.
Бірде тəтті бал жалатса, бірда тастай мұз берген,
Өмір осы сіздер көрген, біз көрген,
Абақтыда ақымақ болып данышпан,
Кей ессізің ақылды боп шығады екен түрмеден.
Мұрттай ұшар қаңғып келген оқтан да
Құралайды көзден атқан сұр мерген.
Шешендер де, ақындар да елді аузына қаратқан,
Біреу жолдан, біреу қолдан, біреу тəтті шараптан,
Ішіп-қанып, əбден тойып,
қайтқан жандай қонақтан,
Өтіп жатыр...
Кетіп жатыр о дүнияға жаратқан.
Күнде осылай.
Сызып қойған жазуы бар жазмыштың,
Тал түс болған...
Күн байыған,
Түн жамылған,
Таң атқан...
* * *
Болсам-толсам,
барсам-алсам,
қансам-қонсам егер мен,
Анау өйтсе,
мынау бүйтсе,
сонау сүйтсе деген ем.
Еліктіріп, желіктіріп егер деген есер сөз,
Теңестірген аласаны биік тұрған төбемен.
Əкім болсам,
сұлтан болсам,
патша болсам егер мен,
Өйтер едім,
бүйтер едім деп көйітер өлермен.
Бағы жанып, сағы сынбай жүргенімен өмірде,
Арманы жоқ жан көрдің бе рахатқа кенелген?!
Егер сөзін көп қолдансаң неше түрлі желеумен,
Тайынбассың, қарның ашса, есек етін же деуден.
Есің болса, үйір болмай салмағы жоқ жел сөзге,
Егер деген есер сөзді қырып таста егеумен.
* * *
Ата-бабам ұстанған жол мирас болып қалмап па еді,
Төрт түліктің ет пен сүті маған тамақ болмап па еді,
Қой-ешкіден алынған жүн киім-кешек, сырмақ па еді,
Сойған малдың сүйегі де шашқа тарақ болмап па еді?!
Жемтік көрсе жесем деген жорғалаған бүйі емес пе,
Шыбын тор деп есептеген өрмекшінің үйі емес пе,
Дүниеқоңыз жинаған мал домаланған қи емес пе,
Ара ерінбей жинаған бал – Алла берген сый емес пе?!
Бар пайдасын көріп жүріп қанатты мен тұяқтының,
Бұл жалғанның құрдымына батып кеткен сияқтымын.
Соның бəрін беріп тұрған жəне бəрін көріп тұрған
Тəңіріме алғыс айтпай, Алла алдында ұяттымын.
* * *
Бір қалыпта ұстау қиын тіршіліктің безбенін,
Құс пенен құс айқасқанда шұқиды екен көздерін.
Үйірі үшін айғырлар да шайқасады аяусыз,
Төрт аяқты тең жұмсайды ішке тартып өз демін.
Текелердің от шығарса тасқа тиген тұяғы,
Екі қошқар бір қазанға қалай ғана сияды?!
Жануар да, ұшқан құс та, ең азулы жыртқыш та
Жанын отқа салады екен сақтау үшін ұяны.
Қарап тұрсаң – жерде, көкте, су ішінде – жарасым,
Көлбақа да қорымай ма көлшігі мен қоғасын.
Өзін қойып, тілейді екен ұрпағының саулығын
Қолтырауын азуына қысып алған баласын.
Мəңгі-бақи жалғасатын қан тамыры тірліктің,
Махаббаты, шапағаты, жанған оты бір жұптың.
Бел асса да, адасса да үйірімен бір болып,
Бірге жүру, бірге көру – көрінісі бірліктің.
* * *
Жерде жатқан шегені алған кісі ерінбей,
Алған затын қалтаға салатыны белгілі,
Нағыз жомарт
–
қол ұшын берген кісі көрінбей,
Берген кісі қарызын алатыны белгілі.
Егін еккен диқанның оратыны белгілі,
Тəтті көрген сəбидің соратыны белгілі,
Кəрлі қыста жалаңаш тонатыны белгілі,
Сынық қанат көбелек қонатыны белгілі.
Аты дардай болғанмен, сəулесі алыс бармаса,
Өлімсіреп жанған шам сөнетіні белгілі.
Айналдырып ауру, дертке шипа болмаса,
Қалт-құлт етіп жүрген шал өлетіні белгілі.
Көрешегін көрген жан көретіні белгілі,
Қиянатқа бармаса – сенетіні белгілі,
Қайғырғанға қара аспан төнетіні белгілі,
Қияметтің баршаға келетіні белгілі.
Періште мен шайтанның орындары белгілі,
Əрқайсысын əрқалай қабылдары белгілі.
Жүзін беріп құбылаға сəжде қылған Аллаға,
Адам-дағы бір күні дамылдары белгілі.
Орның сенің қай жерде,
Қайда ақырғы тұрағың,
Дайын тұр ма ол жақта мінетұғын пырағың?
Өкінгенмен ендігі барар жерің белгілі,
Алға басып бір қадам, кері кетсең бір адым.
* * *
Жолдары болып, қайтқандар барып Меккеге
Отырып төрге, қолдары жетті шекеге.
Жусаннан қанша болса да биік бетеге,
Ойлары жасық бойлары асып кете ме?!
Ауызды тыймай, жақсыны жүрсе өсектеп,
Шайтанға атар қойнында қалған кесек көп.
Əруақты сыйлап, оқитын дұға үйге де
Барады кейде беретін астан жесек деп.
Біреудің басын, біреудің асын сөз қылып,
Орындап жүрсе парыздың өзін көз қылып,
Сақтай көр, Құдай!
Жүрекке қатқан шеменді
Ұлғайтар жанды қалмасын маған кез қылып.
* * *
Еске алып бірде, еске алмай кейде Құдайды,
Туралған еттей тауыстық тағы бір айды.
Бір күнім мəнсіз,
бір күнім сəнсіз болса да,
Тəубаға келген пендесі оған шыдайды.
Еске алып бірде, еске алмай кейде Құдайды,
Жүргеннің өзі көп жанға, бірақ, ұнайды.
Күпірлік қылмай,
шүкірлік қылсақ болғаны,
Көрдік қой аман жарқырап тұрған күн, айды.
* * *
Күн мен түндей жақсылық пен жамандық
Жағаласып жатады.
Күн көзінен жердің беті өртеніп,
Жел шамданып, астан-кестен төңкеріп,
Дауыл соқса, ол – Алланың қаҺары,
Оған аян бар адамның шаттығы мен шатағы.
Қатар келген адалдық пен арамдық
Мына байтақ ғаламда
Күннің көзі сүйсе сені елжіреп,
Аймаласа лебімен жел-жібек,
Ол – Алланың мейірімі адамға,
Махаббаты, шарапаты тиіп жатқан қоғамға.
* * *
Таң сарғайып тағы атпай ма
күн қызарып батса егер,
Жұттан жаман нəрсе бар ма
жиі айналып соқса егер,
Адасқанның айыбы жоқ
қайта үйірін тапса егер,
Таза тыстан пайда бар ма
астар кір боп жатса егер.
Ойлай берсең, уайымға ерсең,
қайғы аз ба көп шегер,
Күнің жетсе, күш сарқылар,
тісің түсер, жақ семер.
Қуаныш кеп ерітпей ме
шемен шор боп қатса егер,
Жақсы атың да жылдам шығар,
ісің жұртқа жақса егер.
Сəті түссе, темірден де
түйін түйер нақ шебер,
Алты атардың шамасы жоқ,
қарсы келсе оқсебер.
Суың мұз боп, терің тұз боп,
күнің түн боп кетсе егер,
Жаратқаннан басқа, бірақ,
жарылқаушың жоқ сенер...
* * *
Бишара етіп байларды, бай қылатын сорлыны,
Жоқтан барды жасайтын – Жаратқанның жарлығы.
Таршылықта байқалып көңіліңнің кеңдігі,
Көрінеді кеңдікте пейіліңнің тарлығы.
Туған ай мен шыққан күн, жанған жұлдыз – барлығы,
Келген жан мен қайтқан жан – Жаратқанның жарлығы.
Жоқшылықта Құдайға жалбарынған адам көп,
Есіне алғын Алланы қолда бəрі бар күні.
* * *
Күлкі арсыз деп күле берсең, жан боларсың семірген,
Ұйқы арсыз деп ұйықтай берсең, бос қаларсың өмірден.
Бұдан басқа арсыздар да толып жатыр, байқасаң,
Арсыздарға көне берсең, жерің осы жеңілген.
Қу нəпсіге ере берсең, таусылмайды құмарлық,
Сене білсең, ізгі сезім көкірегіңде тұрар нық.
Қандай құрмет көрсетсең де, лайықты деп білем
Жүрген жанға тазалық пен адалдықты тұмар қып.
Ақ мақтадай үлпілдеген аспандағы ақша қар
Жерге түсіп, балағыма кір боп қонды, пəтшағар!
Көңілі қара, жаны жара тіршілікте аз емес,
Сырты бүтін, іші түтін, өзін ғана ақ санар.
Көктем мен жаз, күз жəне қыс.
Барлық тұсын мезгілдің,
Ыстығы мен суығын да ерте көріп, тез білдім.
Тағдыр ғажап!
Тоқсан жолдың торабында тоғысқан
Жақсы менен жаманды да,
Адал менен арамды да кез қылдың.
Ақ киіммен кірген жандай көмір жатқан шахтаға,
Көңіл мөлдір болғанымен, болды сыртым қап-қара.
Тəніңдегі кір-қоқысты, іште жатқан іріңді
Тазалайды таза су мен маздап жанған от қана.
Көңіл шоғы, жан жылуы, жүрегімнің ыстығы
Мұз боп қатқан қардың өзін ерітеді қыс күні.
Адамдардың кеудесіне қайырымнан құр қалған
Түссе деймін татулық пен мейірімнің ұшқыны.
* * *
Пенделерге байланысты жаман əдет жоятын,
Періште емес алтын көрсе тура жолдан таятын.
Қарамин мен Қатибинның істеріне сай аты,
Екі иықтан бірі сауап, бірі күнə жазатын.
Алла менен Пайғамбарға елші болса Жебірейіл,
Татар дəмің бітер кезде жан алатын Əзірейіл.
Мəңкүр менен Нəңкүр келіп көрде сұрақ қоятын.
Жер бетіне жауын суын алып келер Мекайыл,
Ақырзаман болған кезде кернейлетер Ысырайыл,
Мəлік тозақ сақтаушысы надан басты оятын.
Не көрсе де əрбір адам пиғылынан табатын,
Ризван жұмақ күзетшісі қабағыңды бағатын,
Шалынса екен періштенің құлағына деп тілеп,
Өтіп жатыр жылым, айым, күнім менен сағатым.
* * *
Адам ата, ИбраҺим, Мұса, Иса – мұсылман,
Олар сабыр сақтаған кездерінде қысылған.
Ғаршы-күрсі мекенді көріп келген Мұхамбет
Бір Аллаға сыйынып, өмір сүріп, ысылған.
Бəрі тегіс мұсылман нəрестенің жаралған,
Көп қой, бірақ, ата-ана сенімдері жоғалған.
Көрсете алмай кісілік, теріс жолға түсіріп,
Жалған дінді қабылдап, имандары тоналған.
Пəле шықса жолынан – қашқан екен машайық,
Өзге дінді түп-түгел жалған десем несі айып?!
Мұхамбеттің үмбеті көрер сый мен құрметін,
Жақсылықты, ендеше, келер күннен тосайық!
* * *
Мешітті халық Алланың үйі десе де,
Шіркеу ғой бетке қайыршы тұрса көшеде.
Мешітті салған адамда емес, мешітке
Қысылып кірген адамда жатыр мəселе.
Ауылың азып, көгермей жатса көсеге,
Күмбездей биік мерейі оның өсе ме?
Тілімен айтып, жүрегі сенбей тұрса егер,
Белгісіз əлі – болары қандай пешене.
* * *
Ұшатын шар, тебетін доп ішіне жел толтырған,
Желі шықса айырылмай ма болған, толған қалпынан.
Ұшса – шарға, тепсе – допқа ұқсайды екен, байқасаң,
Шыққан шектен,
Сөздері өктем,
Ісіп-кепкен антұрған!
Мақтаған сиыр дейді ғой жұрт:
(Айту қиын) ... шелекке,
Желге толса жел сөздерге жол береді желөкпе.
Мергенмін деп атқан оғы нысанаға дарымай,
Бұтақ сынса мəз болады тимесе де терекке.
Жұмыр доп пен боқ қарында бола ма көп айырма,
Жел дегенім шайтан ба, əлде, кіріп алған қойынға?
Болған күтім сырты бүтін, іші түтін жандардың
Іштеріне жел кіргенін қою қиын мойынға.
* * *
Пенделерді сəждеге
жыққан десем күш нендей?
Хадистерді оқысам –
болды миым піскендей.
Бес уақыт намазың –
таза суға түскендей,
Бес уақыт намазың –
адал асты ішкендей,
Ойыңа алған көп жұмыс
жатса-дағы істелмей,
Парызыңнан құтылсаң –
жүректен зіл түскендей.
* * *
Кедей болсаң, жетпейді деп қайғырма,
Айналуы оп-оңай ғой бай құлға.
Адамды егер шықққан десең маймылдан,
Өзің де онда айналасың маймылға.
Мақсат қумай өмір сүру далбаса,
Бақ қона ма басыңда ақыл болмаса.
Кедейге де байып кету оп-оңай,
Тілегіңді егер Тəңірі қолдаса.
Көрген күнге тəуба демей, мін артып,
Көрінгенге жүрген болсаң құмартып,
Қиды жинап үй жасаған өзіне,
Дүниеқоңыз жəндіктерден нең артық?!
* * *
Аспандағы бұлттың өзі əртүрлі,
Бірінде бар найзағайдың жарқылы.
Бірі жатса жұмыртқадай аршылып,
Бірінде бар қатты бұршақ, қар суық.
Əсем болып көрінсе де ақша бұлт,
Əппақ бұлтта нөсер болар жоқ шабыт.
Қап-қара боп түнерсе де қара бұлт,
Құйып өтсе ырза болар оған жұрт.
Бұзып-жарып қара бұлтты торлаған,
Көк жүзінен төгілген нұр – Алладан!
* * *
«Адам басы – Алланың добы» – деген,
Шығарды екен қазағым оны неден?
Тағдыр қайда айдасын, Алланы айтса,
Несібесі ешқашан кемімеген.
Адамды Алла теппеген кері қарай,
Жақындатқан өзіне сеуіп арай.
Сен де Алланы жақсы көр жан-тəніңмен,
Жақсы көрсе Жаратқан сені қалай.
Қанағаты көп жанның жоқ секілді,
Арман-шері əлі де көп секілді.
Біреу тепсе, домалап кететұғын
Ақылы жоқ бас қана доп секілді.
* * *
Мысал үшін алсаң да қай қаланы,
Екі күннің бірінде той болады.
Екі күннің бірінде кісі қайтып,
Жақындары көңілге қайғы алады.
Түнек басып тұрғанда айналаны,
Бітпей жатқан істері жай қалады.
Менің-дағы кезегім келеді-ау деп,
Саналы жан еріксіз ойланады.
* * *
Жаралғалы жерде балшық, көкте күн,
Өтеді екен адам өмір мектебін.
Өніп шықтым, тамыр жайдым, көктедім,
Өттім қиын бөгеті мен өткелін.
Қар түскендей ызғарлы боп көктемім,
Айтқанына көндім кейде өкпенің.
Болды жолда текке шашып-төккенім,
Елемедім дұшпандардың сөккенін.
Ғашықтың да жұтып көрдім от-демін,
Болды,болды...
Болған жоқ қой деп пе едің?!
Азды қойып, тағып жүрдім көпке мін,
Ақымаққа ақыл айттым теп-тегін.
Көппен бірге дайын жолдан өтпедім,
Қыңырайып, жол жоқ жерге беттедім.
Сол мінезім тəннен кетпей тұра ма
Сүйегімнен бөлінгенше еттерім.
* * *
Өлдік-өштік, бос қырылдық, атылдық,
Қайтқандарды жоқтағанда аҺ ұрдық.
Ішімізге майдай жақты өтірік,
Адалдықтан алыс кетті жақындық.
Екіжүзді шығарам деп атын нық,
Сатқынды да көрсетіпті батыр қып.
Күлдібадам шығармалар жүлде алып,
Жазғыштардан қалып қойды ақындық.
Гүл жайнаған жердің бетін тақыр қып,
Көрік болған ағаштарды отын қып,
Жықпаймын деп ағайынның көңілін
Қатты айтуға жетпей жатыр батылдық.
Сөзі қалса кейінгі жұрт оқырлық,
Оқып қоймай, көңіліне тоқырлық,
Ақ сөйлеген ақындарды еске алып,
Қоярсыңдар кейін құран-хатым қып.
* * *
Ұйып тұрған өзге ұяны ластаса,
Жұмыртқасын тапқанымен, баспаса,
Көкекке де берер ме едік кешірім,
Өзі салған ұясынан қашпаса.
Көрсеқызар алып кетсе жетектеп,
Жар бола алмас жүрген көкек секектеп,
Кір көйлегін жуып-шайып қойса да,
Қысқа күнде үлгере алмас өтектеп.
Фəни-жалған алдаса да ұнап тым,
Есі барға, қысылғанға сынақ бұл.
Басқа құсқа ұқсамайтын көкектің
Теріс ісін тəрік етіп, сабақ қыл.
* * *
Қысастық, аштық, қастық – тете заман
Қазаққа болған екен өте жаман.
Сабыр мен қанағаты барлар ғана
Тағдырдың тауқіметін көтере алған.
«Шыққыр көз бəрін неге көре қалған»
Деген сөз ел аузында неге қалған?
Қарақшы көрге кіріп құтылмаған,
Артынан қаңқу сөздер ере барған.
Жұрты үшін жанын қиса талай құрбан,
Жақсының жақсылығы көп айтылған.
Қиын ғой ел аузына қақпақ қою,
Жайсаңды жайсыз деген қай антұрған?
Ақырдан əркім орнын тапқан шығар,
Өсек те жамбасына батқан шығар.
Дұғасы шын ниеттен оқылғандар
Молада аунап түсіп жатқан шығар.
Қабірдің болсын жарық іші деймін,
Жаманды тұрсын басып мысы деймін.
Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ,
Тірісінің жаманнан аманы жоқ,
Неге олай?
Соны ғана түсінбеймін...
* * *
Нəрестеге шыға сала құндақтан,
Жақсы менен жаман сөзді тыңдатқан
Кейде асып, кейде жетпей жатады
Өлшеп қойған бір мысқал мен бір батпан.
Ақ қой десе қара бетті ұн жаққан,
Арзанды да биік қойса қымбаттан,
Жалғыз тамшы у секілді астағы,
Бір мысқалдың ауырлығы – бір батпан.
Бой жазылса кездерінен құрысқан,
Қараңғыда қамалса егер мың мыстан,
Періштелер көтергендей жүгіңді,
Бір батпанның жеңілдігі – бір мысқал.
* * *
Адал жар ер жігітке табылғасын,
Деген сөз «Құдай қосты» таңылғасын,
Ұмтылсын екі жарты бүтіндікке,
Жартысын сыңарым деп қабылдасын.
Қиындық кездессе де не тірлікте,
Болмасын бір бірінен сөзі басым,
Қалмасын ұрыс шықса, жадап-жүдеп,
Ұзаққа керістері созылмасын.
Айтқанмыз екі жасты қосылды деп,
Қосылса – жұбы мəңгі жазылмасын.
Шаршаса, қалжыраса – болып тірек,
Сүйеніп бір біріне, дамылдасын,
«Алла!» – деп,
«Махаббат!» – деп соғып жүрек,
Пəле менен жалаға ұрынбасын.
Жастарға жаным ашып айтар тілек:
Алланың ақ жолынан бұрылмасын!
* * *
Жас бала ойнақтаған тай емес пе,
Ата-ана алақаны май емес пе,
Тəлім мен тəрбие алса жас күнінен,
Бəрінен білімді адам бай емес пе,
Болмаса көсем серке қой бастайтын,
Жай халық топырлаған қой емес пе,
Жыршылар толып жатыр той бастайтын,
Оқ бойы озып тұрған ой емес пе,
Өнерлі өрге жүзіп, жанса бағы,
Шəкірті ұстазына сай емес пе,
Аспанда сансыз жұлдыз жанса-дағы,
Шын ғалым толып тұрған ай емес пе,
Құдайға сенбей ғалым, болса залым,
Сорайған, құр қалқиған бой емес пе,
Атағың сүйтіп жұртқа болса мəлім,
Шатыспа «ғалыммын»
–
деп,
Қой, егеспе!
* * *
Адамға өмір үшін ең керегі –
Жүректің бола ма екен бөлмелері?
Достардың жүрегіне жол таптым ба,
Шығарса құшақ жайып, төрге мені.
Жүректің төрін достар жайламаса,
Қайтер ем табандарым тайғанаса.
Жарымның жүрегіне жол таптым ба,
Жаным деп құшып-сүйіп, аймаласа.
Басыма қауіп-қатер төнді неше,
Жер басып несін жүрмін көнді десе.
Елімнің жүрегіне жол таптым ба,
Мен десе ет-бауыры елжіресе.
Алдынан кездессе де мың сын, мейлі,
Сабырлы тоқтам қылған күрсінбейді.
Жол тапса жүректерге Алла атымен,
Жүректер бір қалыпта дүрсілдейді.
* * *
Анықтап айтар болсам мəні-жайын,
Жаратқан бəрімізді бір Құдайым.
Исаны пайғамбар деп танысам да,
Құдай деп Христосты танымаймын.
Жаса деп жоқ нəрсені бұйырмаймын,
Пұттарға қаптап кеткен сыйынбаймын.
Жебірей дінін мүлде жат көрсем де,
Мұсаны пайғамбар деп мойындаймын.
Хақ дінді Ислам деп пайымдаймын,
Сол дінді қорғаудан еш тайынбаймын.
Мұхамбет пайғамбардың ақ жолынан,
Алланың бағытынан айырылмаймын.
* * *
Құдіретті Алла-Тағала!
Бар əлемді құзырына қараттың,
Əр хайуанды түрлі қылып жараттың,
Сұр жыланға керегі жоқ аяқтың,
Көртышқанға қажеті жоқ қанаттың.
Жер.Көк.Мұхит.
Əрқайсысы бір əлем,
Сырын ұғып болған жоқпын, сірə, мен.
Бу боп ұштым, қайта қарға айналып,
Жерге түстім, су боп ақтым жырамен.
Бақа-шаян суда есімді жиғызбай,
Көкке шықсам, қарақұстар сиғызбай,
Жер бетінде қоршап алып бөрілер,
Айдалада күңірендім байғыздай.
Ұшқан құстай көк аспанда жалықпай,
Тұңғиықта еркін жүзген балықтай,
Жүрегіме асыл сезім сыйлаған
Алла ғана ұлылығын танытты-ай!
Бұл жалғаннан саналы жан түңілет,
Ақын болсам – Хақ сыйлаған құдірет.
Біреуге бақ, біреуге атақ, ал маған
Талант берген, шүкір саған мың рет!!!
* * *
Есік тесіп кез келген қабырғадан,
Жол салады баратын қабірге адам.
Өмір сүру Бақиға қақпа екенін
Түсінбейді тек қана тобыр надан.
Ашып тастап тұрғындар терезесін,
Толтырады ауаға кең өңешін.
Сол ауамен бірге енген шыбын-шіркей
Алады екен аямай сенен өшін.
Үйде отырып сырт жаққа алаңдайсың,
Бірақ, сырттан жұбаныш таба алмайсың,
Төрт қабырға ішінде жата берсең,
Төрт бұрышына дүнияның бара алмайсың.
Көрем дейсің, барлығын білем дейсің,
Білу үшін бəрінен үнемдейсің.
Үзілмесе үмітің келешектен,
Ат тізгінін еркіне жібермейсің.
Біреу оқтан, қаза боп біреу оттан,
Атады екен талықсып ғаламат таң.
Өгейсітпес, байқасаң, өмір осы,
Сабыр менен құралған қанағаттан.
* * *
Гүлзар бақты айналдыру тақырға,
Алтын тақты айналдыру қоқымға,
Бəйтеректі айналдыру отынға,
Алыс жолды айналдыру жақынға,
Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Қару сайлап, қайрат беру батырға,
Қанат байлап, шабыт беру ақынға,
Адасқанды алып келу ақылға,
Жанарының нұрын беру соқырға,
Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Көк пен жердің кілтін берсе қолыңа,
Гүл өсірсе жайнап тұрған бағыңа,
Ағыл-тегіл нұрын төксе жолыңа,
Елжіретер шуақ құйса жаныңа,
Бұл өмірдің шыжығы мен қызығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Жолықтырса құлай сүйген жарыңа,
Несібесін беріп жатса тағы да,
Өріс кеңіп, мал қосылса малыңа,
Төмендетсе тигендерді шамыңа,
Бұл өмірдің шыжығы мен қызығы –
Қасиетті Құдіреттің құзыры.
Достарыңызбен бөлісу: |