Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет14/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26

Қолын жайып, жасаған баталарын.

Жақсы сөзге жан иіп, жылынамын,

Алла түбі тағады құлына мін.

Кешіре ме, білмеймін, кешірмей ме,

Қияметте болады сыры мəлім.

* * *


Ағузу-биллахи-мина-шайтан-ражим!

Құран сөзін ақиқат деп қабылдар,

Пенде ғана көз ілгенде дамылдар.

«Аз нəрсеге алданба!»



деп азғырар

Шайтанға дос пасықтар мен залымдар.

Бісімілла-рахман-ир-рахим!

Алдыңда асың, қасыңда адал жарың бар,

Сүтін ішіп, сойып жейтін малың бар,

Өзің тойып, бірақ, көзің тоймаса,

Амал нешік, сонда сорың қалыңдар.

* * *

Қаншама зор болғанымен көлемі,



Заңғар тау да күні бітсе өледі.

Білімсіздің күні қараң ілімсіз,

Күнде үстіне қара албасты төнеді.

Пəле табар іздеп жүрген пəлені,

Сырқатқа ем – сау кісінің сəлемі.

Ары таза, сенімі нық адамдар

Иланады болмаса да дəлелі.

Кейбіреулер сый күтеді кəделі,

Кейбіреулер хор қызынан дəмелі.

Қияметтен үміт еткен жан болса,

Көкірегін тазаласын əуелі.

* * *


Қалғып жатса азанда қала тыныш,

Алып жатса жапанда дала тыныс,

Гүлден гүлге қонғаны көбелектің

Мұның бəрі – əдемі жаратылыс.

Жаратқанның ісінен мін таба алмай,

Отырасың ешқандай сын таға алмай.

Тыңдап тұрсаң, ұшқан құс, жүгірген аң

Көп дауыспен бір əнді шырқағандай.

Жер жүзіне таралып адам аты,

Құт боп келсе төккен тер, табан ақы.

Жарық жұлдыз, жаққан шам, ойнаған жай,

Мұның бəрі – Алланың ғаламаты.

* * *

Тап болсаң да фəнидің қорлығына,



Кез келсең де мықтының зорлығына,

Нəпақаңды күн сайын беріп тұрған

Шəк келтірме Алланың барлығына.

Кейбіреудің таң атса күні үрейлі,

Бишараны жаны ашып, кім елейді?!

Дінсіздердің сыйынған бұзауы да

Сиыр болып қазір де мөңірейді.


Кірген кезде пұт қойған храмдарға,

Ұмытпассың қоюды шыдамды алға.

Қатқан бейне жүгіңді жеңілдетпес,

Тастан ауыр бойыңда күнəң барда.

Құдай көрген пенделер пайғамбарды,

Бұл деректі, білмеймін, қайдан алды?

Босқа бөсіп, Аллаға серік қосып,

Қорасына жалғанның жай қамалды.

Тап болсаң да фəнидің қорлығына,

Кез келсең де мықтының зорлығына,

Нəпақаңды күн сайын беріп тұрған

Шəк келтірме Алланың барлығына.

* * *

Астар мен тыс ауысып жатқан кезде,



Жүн-жыбырды пұл қылып сатқан кезде,

Таба алмайсың жаныңды қоятын жер,

Жəдігөйдің қылығы батқан кезде.

Мейманасы зұлымның тасқан кезде,

Шындығың да шыңғырып қашқан кезде,

Тұру қиын сілкініп жатқан жерден,

Тұла бойды албасты басқан кезде.

Арзан менен қымбатың бір болғанда,

Жақсыларды иектер жын болғанда,

Болып жүрсе тұрғындар күнде арманда,

Қалай ғана сенесің бұл жалғанға?!

* * *


Күн нұрындай шұғыласын төккенде,

Бəйшешектей қаулап шыққан көктемде,

Жұлдыздардай жанып тұрған көгімде,

Асыл тастай жатқан мұхит түбінде

Құран сөзі көкірегіме құйылды.

Əр аяттың мағынасын тексеріп,

Елеуіштен шыққан əбден екшеліп,

Қазағымның күмбірлеген күйіндей,

Қара өлеңде айтылатын түйіндей

Құран сөзі көкірегіме құйылды.

Тіршіліктің бастауына айналған,

Зəмзəм судай қайнап шыққан қайнардан,

Жер мен көктің екі арасын босатпай,

Жауыннан соң шыққан кемпірқосақтай

Құран сөзі көкірегіме құйылды.

* * *


Кеткен ғұмыр қайта айналмас десек те,

Өткен мезгіл тұрады екен есепте.

Түйе тартар ауыр жүкті, əлбетте,


Жараспайды артып қою есекке.

Тіршіліктің салған жүгі зіл-батпан,

Пенделер көп күтетіні кіл мақтан.

Бос мақтанды малданғандар алданар,

Көздің жасын көрген қызық құрғатқан.

Табан ақы, маңдай термен жиған мал

Құтқара ма кезің туса қиналар?!

Қас қағымдай қысқа ғұмыр ішінде

Күнəларың таудай болып жиналар.

Арың таза, жаның асыл болса да,

Кір баспай ма бармай жүрсең моншаға.

Сол ласқа əбден тəні үйреніп,

Дəрет алмай жүрген кісі қаншама?!

Жүріп-жүріп жеткен жерің – осы ара,

Фəни деген – Бақиға енер босаға.

Босағадан аттаған соң жан-тəні

Кір-қоқыстан босамаса, не шара...

* * *


Ебін тауып, жеті жолдың бірімен

Шайтан кірсе адам шошыр түрінен.

Оның айтқан жылы-жылы лебізі

Айнымайды достарыңның үнінен.

Шайтан келсе жауып қояр көзіңді,

Талқан қылар қалқан болар төзімді.

Теріс қылар оңға басқан ісіңді,

Керіс қылар ойнап айтқан сөзіңді.

Шайтан көрсе қай жүрек те шайлығар,

Ұшқан құстың қанаттары қайырылар,

Шапқан аттың тұяқтары майырылар,

Бісімілланы айт– сонда ғана қаймығар.

Қиын да емес жын-шайтаннан сақтану,

Адалдықтың арқасында бақ табу.

Жамандықты жолатпаудың амалы –

Таза жүру, тура сөйлеу, ақ болу.

* * *

Бірде достың, бірде қаскөй дұшпанның,



Көресің сен ажал қолын қысқанын.

Сезбейсің тек қашан, қалай, қай жаққа,

Шыбын жаны кеудесінен ұшқанын.

Сол шыбын жан, бəлкім титтей кеудеде,

Шырқырайды жақсы адамдар өлгенде.

Оның неге болғандығын шерменде,

Аңғармайды тек надандар көр-кеуде.

Сол шыбын жан ойнап тұрған қанымда,

Қалар қорғап адалдардың арын да.


Жақсылыққа шырылдаса шыбын жан,

Сүріп қалғын дəуреніңді барыңда.

Ұзақ жолда арып-ашып жол шегер,

Тəнім қынап, жаным қылыш болса егер,

Сілте мені Əзəзілге арбаушы,

Жарылқаушым – Жаратушым ең шебер!

* * *

Ішкен асым, киген киім қанша таза болса да,



Сапар шықсам, жүрген жолым таза емес.

Жын-ойнақ пен ашық-шашық қыз тəнін

Күнде көріп жүрген көзім таза емес.

Былапытты естіп жүрсе құлағым,

Барған, болған лас орын аз емес.

Жүрегімді таза ғой деп ойлаймын,

Бірақ, оның соғысы да мəз емес...

* * *


Жан-жағыңа аңдап қарап, байқашы,

Бұзылып жүр неге жырдың ұйқасы?

Қара бұлттан арылады көк аспан,

Шайтандарды ұрған кезде жай тасы.

Жүріп жатыр түзу жолдан адасқан

Имансыз бен имандының шайқасы.



Үшінші бөлім

Барлық мадақ жалғыз Хаққа тиесі

Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,

Қалаусыз іс болар деп жүрме текке.

Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,

Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке.

Нұржан Наушабайұлы

Алланың көркем есімдері

1.Алла – Алла Тағала, Жаратушы

2.Ар-Рахман – Қайырымды

3.Ар-Рахим – Мейірімді

4.Əл-Мəлік – Ғаламның қожасы

5.Əл-Құддыс – Жетілген, кемшіліксіз

6.Ас-Салам – Бейбітшіл, ізгі ниетті

7.Əл-Мүмін – Жан сақтаушы, береке беруші

8.Əл-Мухаймин – Қамқоршы

9.Əл-Əзіз – Құдіретті

10.Əл-Жаппар – Қуатты, еркімен билеуші

11.Əл-Мутакяббир – Шексіз ұлылық иесі

12.Əл-Халық – Жаратушы

13.Əл-Бари – Тірілерді жарылқаушы

14.Əл-Мусаввир – Баршаға түр беруші

15.Əл-Аввалу – Барлығын бастаушы

16.Əл-Ақыр – Ақырғы, қияметте жаза беруші

17.Аз-Захир – Нышаны анық көрінуші

18.Əл-Батын– Жасырын, құпияны білуші

19.Ас-Сами– Барлығын естуші

20.Əл-Басыр– Барлығын көруші

21.Əл-Мовла– Қолдаушы

22.Ан-Насыр – Көмекші

23.Əл-Қадыр – Қуатты, қолынан бəрі келуші

24.Əл-Лəтиф – Игі жүзді

25.Əл-Хабир – Барлығын білуші

26.Əл-Витр – Біртұтас

27.Əл-Жəмил – Көркем

28.Əл-Хайий – Қысылып, қымтырылушы

29.Ас-Ситтир – Қалқалаушы, жабушы

30.Əл-Кабир – Ең ұлы

31.Əл-Мутаали – Мəртебелі

32.Əл-Уахид – Жалғыз, дара

33.Əл-Қаһар – Үстем, жоғары тұрушы

34.Əл-Хақ – Ақиқат

35.Əл-Мубин – Анық

36.Əл-Кави – Аса күшті

37.Əл-Матин – Қуатты күштің иесі

38.Əл-Хайй – Мəңгі тірі

39.Əл-Каййум – Мұқтаж емес

40.Əл-Əли – Бəрінен биік

41.Əл-Əзім – Аса ұлы

42.Аш-Шакур – Жақсылық сыйлаушы

43.Əл-Халим – Шыдамды

44.Əл-Васи – Бар жерде болушы

45.Əл-Əлім – Барлығын білуші

46.Ат-Тавваб – Мінəжатқа құлақ қоюшы

47.Əл-Хакім – Кемеңгер

48.Əл-Ғани – Бай əрі барлығы сай

49.Əл-Кəрім – Ең жомарт

50.Əл-Вахид – Біртұтас

51.Əл-Муджиб – Тілекті қабыл қылушы

52.Ас-Самад – Өзін өзі қамтамасыз етуші

53.Əл-Ғафур – Барлығын кешіруші

54.Əл-Вадуд – Өзі жаратқанын түгел жақсы көруші

55.Əл-Вали – Жақын дос, тəуба қылғандарға көмектесуші

56.Əл-Хамид – Абырой, атаққа лайықты

57.Əл-Хафиз – Сақтаушы

58.Əл-Маджид – Ар-намыс,абырой иесі

59.Əл-Фаттах – Жанды рақатқа бөлеуші

60.Аш-Шахид – Баршаның куəсі

61.Əл-Мухаддим – Қалағанды алға апарушы

62.Əл-Муаххир – Қалағанды кері кетіруші

63.Ан-нұр – Жарық беруші

64.Əл-Мухтадир – Өлшеусіз күш пен қуат иесі

65.Əл-Мусаир – Бағалаушы

66.Əл-Кабид – Игілікті ұстаушы

67.Əл-Басит – Ырыздық үлестіруші

68.Əл-Ырзық – Ырыздықты сыйлаушы

69.Əл-Кахир – Баршаның тірегі

70.Ад-Дайан – Қазылық етуші

71.Əл-Маннан – Кешірім беруші

72.Əл-Қадыр – Қабілетті

73.Əл-Халлах – Желеп-жебеуші

74.Ар-Рақыб – Бақылаушы, байқаушы

75.Əл-Вакиль – Бағып-қағушы, асыраушы

76.Əл-Мухси – Игілік беруші, жарылқаушы

77.Əл-Хасиб – Есепке алушы, есіркеуші

78.Аш-Шафи – Емдеуші

79.Ар-Рафи – Дос, жолдас

80.Əл-Муати – Қалауды беруші

81.Əл-Мукыт – Ас-суды беруші

82.Ас-Сайид – Жар болушы

83.Ат-Тайиб – Тамаша, керемет

84.Əл-Хакім – Жоғарғы сот, үкім шығарушы

85.Əл-Əкрам – Ең жомарт

86.Əл-Барр – Шапағатшыл

87.Əл-Ғаффар – Күнəні кешіруші

88.Ар-Рауф – Мейірбан, қамқоршы

89.Əл-Ваххаб – Несібе беруші

90.Əл-Жавад – Ақкөңіл, кенпейіл

91.Ас-Суббух – Мақтауға лайықты

92.Əл-Варис – Мирасқор

93.Ар-Раб – Жалғыз ие

94. Əл-Бақи – Мəнгілік

95.Маликуль-Мульки – патшалардың патшасы

96. Əл-Жəлил – Жоғары мəртебелі, толық сипатты

97.Ар-Рашид – Басшылық етуші

98.Ас-Сабур – Сабырлы

99.Əл-Əділ – Қарапайым, əділетті

Мұхамбет пайғамбар: «Жаратушының 99 есімі бар.Оны жаттап алғандарға

жүмақтың есігі ашылады» – деген.

Құдіретті!

Қасиетті!

Сенімді!

Ескертуші!

Есіркеуші!

Төзімді!

Рахман!

Дархан!

Қайырымды!

Қайратты!

Тыңдата алған,

Тыңдай білген

сөзіңді.


Жаратушы!

Жарылқаушы!

Рақымды!

Кешірімді!

Мейірімді!

Ақылды!

Шарапатты!

Нұрлы!

Ардақты!

Қамқоршы!

Ақыл берген

пайғамбарға ақырғы.

Мəртебелі!

Нұр сипатты!

Қадірлі!


Теңдесі жоқ!

Əділетті!

Қажырлы!

Бар əлемнің

Куəгері!

Қожасы!

Дара!

Дана!

Ұлы!

Білгір!

Сабырлы!

Аялаушы!

Айқындаушы!

Ақтаушы!

Дем беруші!

Мүсіркеуші!

Сақтаушы!

Азғырынды

шайтандарға

ҚаҺарлы!

Адалдықты,

ізгілікті

Жақтаушы!

Жұлдыздардың,

Ай мен Күннің

Иесі!

Кеудесінде

жаны бардың

Киесі!

Лəй-ла-ил-Алла!

Тəңірім менің бір Алла!

Барлық мадақ

жалғыз Хаққа тиесі.

Лəй-ла-ил-Алла!

Ар-Рахман! Ас-Салам!

Лəй-ла-ил-Алла!

Лəй-ла-ил-Алла!

Ар-Рахим! Əл-Əкрам!

Ас-Сабур! Əл-Жəмил!

Лəй-ла-ил-Алла!

Лəй-ла-ил-Алла!

Ас-Самад! Əл-Хабир!

Аш-Шахид! Əл-Мəлік!

Лəй-ла-ил-Алла!

Лəй-ла-ил-Алла!


Аз-Захи! Əл-Халық!

* * *


Əрі жомарт,

Əрі дана,

Əрі қожа,

Əрі пана,

Əрі көне,

Əрі жаңа,

Жолы сара,

Өзі дара,

Жаратушы

Бір Алла!

* * *

Пенденің қашан да



түп-түзу шықпайды есебі,

Содан соң туады жала мен өсегі.

Алла қаласа,

Су да жанады, от та өшеді,

Алла қаласа,

Қорлар зор болып,

Зорлар қор болар кешегі.

Алла қаласа,

Қиын күрмеудің түйінін шешеді,

Алла қаласа,

Тас болар жұп-жұмсақ төсегің,

Алла қаласа,

Тозаққа түскеннің соры бес елі.

* * *


Жазықсызды шапқыншыға қырғызған,

Намыстыны қорғанысқа тұрғызған

Мына фəни – тас қамал.

Өкініші жерге маңдай ұрғызбай,

Тізелерін қара жерге сырғызбай,

Кейбіреудің қызықтары таусылып,

Азаптары басталар,

Ал фəниден бақиға кеп өткенде,

Көздің жасын төккенде

Кейбіреудің азаптары таусылып,

Ғажаптары басталар.

Күнің келер қияметтен жасқанар,

Болған іске ұялатын шақ туар,

Қылған іске қиналатын сəт туар,

Арамзалар жанған отқа тасталар,

Адал жандар ақталар.

* * *


Қазағымның ежелден

Аты айналған аңызға,

Домбырада – күлкісі,

Қасіреті – қобызда.

Бəрін айтсақ біз енді,

Өнері де өте көп.

Шіренгені – үзеңгі,

Түрленгені – текемет.

Ақ киізді төсеуге

Отауы да татиды, ə?!

Күйгендігі – көсеуде,

Сүйгендігі – сақина.

Жүрген жері салтанат,

Ол кірмеген майдан аз.

Шалқайғаны – шаңырақ,

Еңкейгені – жайнамаз.

Бала кезден түсінген,

Тиек салмай есікке,

Өз есебі

ішіңде,



Келешегі – бесікте.

* * *


Байлық мұрат па,

Жоқтық ұят па,

Неге өгейсің?!

Болса иман аз,

Ішкен, жиған мəз,

Кімге не дейсің?!

Əр күн қалаулы

Жастық жалаулы –

Дəурен кезеңі.

Жаңа тарихым,

Дана дəстүрім –

Өмір өзегі.

Шығып майданнан,

Көңіл жайланған,

Көпке ой тастар

Берік байламдар,

Сыртқы толғамдар,

Ішкі ұйқастар.

Арым – тұғырым,

Жаным – жылуым,

Тілім – тірегім.

Жырым – жарығым,

Ділім – дабылым,

Дінім – діңгегім.



* * *

Кейде қарық боп,

Кейде жарымай,

Айға қарадым

Тілген қауындай.

Көрдім жұлдызды

Шашқан тарыдай,

Күнге көз тіктім –

Көзім ауырды-ай!

Күнде жаға ма

Ішке сары май,

Тоным тоза ма

Атым арымай.

Мұңды ұға ма

Шынды танымай,

Қайрат шыға ма

Намыс жанымай?!

Байқап жүрсем де,

Жолдан жаңылмай,

Илеп көрсем де,

Ойды қамырдай.

Өмір сəнді ғой

Маржан, лағылдай.

Өмір мəнді ғой

Көздің ағындай.

Өмір мəңгі ғой

Атқан таңымдай.

Қалай заңына

Кетем бағынбай.

Жүрсең жалынбай,

Жансаң жалындай,

Тұрар көпіршіп

Кейде сабындай.

Тірлік қас қағым,

Қонған бағымдай,

Алдар алыстан

Көшкен сағымдай.

Кетпес бастан ой,

Мақсат – тауымдай,

Ғұмыр қысқа ғой

Қамшы сабындай...

* * *


Қиратып қаласын,

Қаздырған моласын,

Адамның есіне


Алдырған тобасын.

Өшкенді жандырып,

Жанғанды сөндіріп,

Бір Алла əлемге

Кең жайған құлашын.

Бірде мұң, бірде бақ

Алмасып шертілген,

Өліні тірілтіп,

Тіріні өлтірген,

Жоқ затты бар қылған,

Бар затты жоқ қылған

Сол Алла пендені

Тəубаға келтірген.

* * *


Оттаған хайуаннан,

Аң-құстан қозғалған,

Күн кешкен адамнан,

Ішіп-жеп мəз болған,

Əр жерді үй қылған,

Жəндіктен жиналған,

Бəрінің артында

Байқасаң, қи қалған.

Болса егер ізгі арман,

Жақсыдан із қалған,

Ғалымнан ой қалған,

Данадан сөз қалған.

* * *

Ажал айтып келмейді,



Оған ешбір дауа жоқ.

Өлген қайтып келмейді,

Қайтаратын шама жоқ.

Əкеледі ақырға

Жүректегі нала көп.

Содан кейін тақырда

Қаласың қу мола боп.

* * *


Құдайға құлай сенсе де,

Ағайын, туыс, дос, бауыр.

Жұмаққа кіргің келсе де,

Күнəнің көбі – тосқауыл.

Өткенге жүрсең өкініп,

Тозаққа дайын кімің бар?

Беліңді бекем бекініп,

Кəнекей, алға шығыңдар!



* * *

Болса да қоңыз, күні боқ,

Білмейтін тіпті ұятты,

Жүр қанша пенде тірі боп,

Илеген қамыр сияқты.

Жасырын сыр бар, біл, нендей,

Несі артық оның қаңбақтан?

Пендеге өмір түрмедей,

Құлқыны үшін жан баққан.

* * *


Əр тəуліктің бір сағатын,

Он екі айдың бір айын

Құзырына алса Алла,

Тауқіметін салса Алла,

Деген шығар: сынайын.

Бүтін болса ақыл-есім,

Жалғастырып жылдар көшін,

Жеткізе көр, Құдайым!

* * *

Басыңа қонған бақ сана,



Жүректің болса кеніші,

Ағаштың еккен бақшада

Ұрпаққа қалар жемісі.

Қызығын көрген өмірдің

Бар болса адам сенімі,

Фəниде еккен егіннің

Бақида болар өнімі.

* * *


Жаяу жүрген Мұса,

Есек мінген Иса,

Түйе мінген Мұхамбет

Болған бəрі құса.

Малдың жем мен суы,

Ел-жұртының мұңы

Жүргеннен соң ойда,

Болған олар ұлы.

* * *

Сене алмаған Аллаға,



Иланбаған молдаға,

Көп құдайға табынса –

Мұның өзі зор күнə.

Ата тілін алмаған,

Ана тілін алмаған

Перзентті де күнəнің

Ауыр бұлты торлаған.


Болғаннан соң тірі адам,

Құлшылық қып шын оған,

Рақым тіле Рахманнан,

Арыласың күнəдан.

* * *

Қаншама кекшіл болсаң да,



Қайтқаның дұрыс райдан.

Адамнан секем алсаң да,

Қорыққын жалғыз Құдайдан.

Атадан қалған бар кеңес,

Тартсаң да бейнет күні-түн.

Адамға жағу – шарт емес,

Аллаға жағу – үмітің.

* * *


Бұл дүнияда жеңіл не?

Ол – есімі Алланың!

Бұл дүнияда ауыр не?

Ол – шешімі Алланың!

Бұл дүнияда не биік?

Ақыл-ойы Алланың!

Бұл дүнияда не терең?

Құпиясы Алланың!

Бұл дүнияда не тəтті?

Мейірімі Алланың!

Бұл дүнияда не қатты?

Ол – қаҺары Алланың!

Адамзаттың тілеуі –

Кеңшілігі Алланың!

Екі дүния тірегі –

Кешірімі Алланың!

* * *

Ұры қолы қалтыраса,



Қояр деме ұрлығын,

Залым сырты жылтыраса,

Ішке сақтар сұмдығын.

Өтірікпен шындықты ұрса,

Майдаланбас шындығың.

Ақиқатпен жалғанды ұрса,

Ашылмай ма түндігің.

Дүрсілдеген жүрегіңнен,

Сүттей таза тілегіңнен

Туар болса жыр бүгін,

Болса да ауыз қалған сөйлеп,

Көлгірсіме жалған сөйлеп,

Өз сөзіңде тұр мығым.


* * *

Жалаңашты киіндіріп,

Тойындырған аштарды,

Ғалымдарды сүйіндіріп,

Балқыта алған тастарды.

Аяқ берген, қанат берген

Жүгірген мен ұшқанға,

Ұмтылғанға талап берген,

Сабыр берген сасқанға.

Рахман нұрын төгіп тұрған

Көктен түскен Құранға,

Аузыңа аты келіп тұрған

Алла!

Алла!


Бір Алла!

* * *


Намазға барсаң мешітке,

Ертерек қамдан, кешікпе,

Кірген мен шыққан белгілі,

Адымың əрбір есепте.

Қарамас ешкім желкеден,

Сəждені қылсаң ертерек,

Мойныңда болса қарызың,

Мерзімін созбай бер төлеп.

Тілекші болса жамағат,

Жұқпайды саған жаманат.

Түбінде отқа күйеді

Жүргендер нақақ қаралап.

Ниетке қауым сүйсінбек,

Санаға солай нұр сіңбек.

Маңдайың жерге тигенде,

Жүрегің тұрсын дүрсілдеп.

* * *

Кірмесе шайтан араға,



Жүрегің дерттен босайды.

Құрсақта жатқан шарана

Аллаға тəжім жасайды.

Алдамшы мына фəниде

Тік жүріп кету – мұрады,

Еңбектеп жүрген сəби де

Аллаға тəжім қылады.

Ұрпағы толған артында,

Жырласа көл боп етегі,

Еңкейіп қалған қартың да

Аллаға тəжім етеді.


Кездеспес күнде өңкей төр,

Тосқауыл қояр тіршілік,

Кісіні түбі көркейтер

Аллаға деген құлшылық.

* * *

Білмейміз дейміз жалғанда



Анасыз туған баланы,

Көрмедік дейміз жалғанда

Атасыз туған баланы,

Білеміз, бірақ, тарихтан,

Шешесіз туған Адамды,

Əкесіз туған Хауаны.

Анасы болып тұрса да,

Əкесіз туған Исаны,

Қырық жыл қаңғып жүрсе де,

Артына ұрпақ қалдырған

Есіне алғын Мұсаны,

Сүйікті жары болса да,

Көп əйел тумай құсалы.

Қолынан бəрі келетін,

Тілесең, перзент беретін

Алланың бұл да мысалы.

* * *

Тозбайтұғын киім жоқ,



Азбайтұғын бұйым жоқ,

Ерімейтін қатты жоқ,

Бұзылмайтын тəтті жоқ,

Жанған оттың өшкені

Қабырғама батты көп.

Көп нəрсені мəңгілік

Деп ойлайды əңгүдік.

Ішіңді оттай жандырып,

Өмір жатса жаңғырып,

Бар ғаламды жаратқан

Алла ғана мəңгілік!

* * *


Ұстасаң адамдық қалыбын,

Ешқашан сарқылмас сабырың,

Нық болып басқан əр адымың,

Кеңейер түсінік-танымың.

Сыйласаң өмірдің тамырын,

Көресің күннің де жарығын.

Адамның ұға алсаң қадірін,

Алланың орында əмірін!

* * *


Аспан – Алланың қағазы,

Қаласа бүктейді,

Қаласа жазады.

Тасада қалмайды

Тірліктің титтей де тозаңы.

Түн күннен, күн түннен озады,

Алмасып жатады рақаты, азабы,

Мұхиттар сарқылып,

Таулар да тозады,

Күпірлік жасаса, адам да азады,

Дөңгелек жер шары –

Ғарыштың тамшысы,

Алланың керемет ғажабы.

* * *


Əлпештеген ұл-қызы

Ата-ананың алдында

Басын иіп, қол қусырып тұрса егер,

Беташарда келін сəлем қылса егер,

Жолаушылар алыс жақтан оралған

Туған жерге тəжім қылып жатса егер,

Ер еңкейіп, бұлақтан су татса егер,

Көкірекке ізгі сезім ұялап,

Əруақтарға қылса ұрпағы зиярат,

Аты аталса пайғамбардың, əулиенің,

«Серік қосты Аллаға!» - деп,

Таға алмаймын елге мін.

Кім-кімнің де таңды күліп қарсы алған,

Жаратушы кеудесіне жан салған,

Бірақ, бəрін Алла атымен бастасаң,

Оған серік қоспасаң,

Бұл Аллаға сыйынғаны пенденің.

* * *


Сұйық затты қатты қылып,

Қатты затты еріткен.

Адам жолын сəтті қылып,

Тар құрсақты кеңіткен.

Аналарды мейірлі етіп,

Ақ төсінен емізген,

Балаларды пейілді етіп,

Бал мен мейіз жегізген.

Еңкейгенді тік тұрғызып,

Тік тұрғанды еңкейткен,

Имандыға құт кіргізіп,

Шаңырағын көркейткен.

Жасырмайтын қылған ісін,


Жаратқанға ризамысың?

Иншалла!


* * *

Жан көрмедім байлықтан

Жүректері шайлыққан.

Кедей болса айып па

Жаратқаннан қаймыққан.

Алланы алып есіне,

Алдыңда болса құбыла,

Есіктен кіріп несібе,

Төбеден түсер шұғыла.

* * *


Ай, күннің жарығы,

Ағаштың тамыры,

Адамның қадірі,

Пенденің сабыры,

Жарлығын жүргізген

Алланың əмірі.

Жердің де дүбірі,

Көктің де гүрілі,

Жүректің дірілі,

Құрттың да қыбыры,

Алланың бұйрығы

Жаратқан ең ұлы.

Дауыл мен желің де,

Жауын мен селің де,

Құлпырған көгің де,

Жайқалған егін де

Алланың еркінде,

Рабыңның деміңде.

* * *

Алла атымен аузымды ашып,



Дидарына болсам ғашық,

Тебіреніп, судай тасып,

Жадыраймын, күлемін.

Кəлимаға тілім келсе,

Жаратқанға құлай сенсем,

Қалауымды Алла берсе,

Жүзеге асар тілегім.

Ағылшынша, арабша да,

Орысша да, қазақша да,

Алла деген сөзді естісем,

Кетер толқып жүрегім.

* * *


Солдан оңға оқысаң,

Шығады екен бір Алла!

Оңнан солға оқысаң,

Шығады екен бір Алла!

Жоғарыдан оқысаң,

Шығады екен бір Алла!

Төмен жақтан оқысаң,

Шығады екен бір Алла!

Төрт құбыласы жалғанның

Қолында екен, бір Алла!

Болсын десең қорғаның,

Шын иланғын Құранға!

* * *


Қыран құс та ұшқан биік,

Жүректерге салған күйік,

Басын кейде жарға соқса,

Тұрар кейде көкке тиіп.

Қанат қақсаң ішің пыспай,

Бұл дүния –

қыран құстай.

Тауға шығып керегі не,

Құр əншейін тұрсаң ұшпай.

Пенделер көп қапа болған,

Опа көрмей, жапа болған.

Көш тоқтамай жүре берген,

Сізден қалған, бізге барған...

Бұл дүния –

алтын балық,

Əуре болдым қармақ салып.

Енді отырмын сілем қатып,

Ұстай алмай өліп-талып.

Бұл дүния – қашқан киік,

Мертіктірер оғың тиіп.

Жанға лəззат таба алмасаң,

Керегі не дүние жиып?!

Қызықтырып дүркін-дүркін.

Көзді арбайды өмір, шіркін.

Қалар жиған мал мен мүлкің,

Бастан дəурен өтер бір күн...

* * *

Өмір өтіп кетеді



Қонса-дағы бақ қанша,

Өмір өтіп кетеді

Шындықты іздеп тапқанша.

Өмір өтіп кетеді

Төсегіңе жатқанша,

Өмір өтіп кетеді



Күн батып, таң атқанша.

Өмір өтіп кетеді

Есікті ашып-жапқанша,

Өмір өтіп кетеді

Кірпігіңді қаққанша.

* * *


Баптаған асыл гүлің

Сабақтан қырқылса да,

Жанында ғашығыңның

Азғырып жын тұрса да,

Жүре алмай көңіл бекіп,

Өтетін сын тұрса да,

Шегіртке жайпап кетіп,

Егінің құртылса да,

Қойғандай біреу сөтіп,

Көйлегің жыртылса да,

Күндерің жылдам өтіп,

Қараңғы түн тұрса да,

Жақсылыққа ұмтыл, жаным!

Не нəрсе қаласаң да,

Жаныңа жара салма,

Кетесің бір күн, жаным...

* * *

Əлпештеген ұл мен қызың



Ай мен күнді аман көрсе,

Ғұмыр жолың болып ұзын,

Жақсылығын саған берсе,

Түзу болсын айтқан сөзің,

Ғибрат қалдыр, шамаң келсе.

* * *


Түссе де жарық төбеден,

Жазғанды біреу теріс оқыр,

Шындықтың көзі көреген,

Жалғанның көзі көрсоқыр.

Болғанмен берік қорғаның,

Жетпейтін кейде шыдамы,

Құлағы төртеу жалғанның,

Шындықтың керең құлағы.

Шын сырын ашса сұмдықтың,

Қылмысты тапса кім сенбес.

Иісшіл мұрны шындықтың,

Жалғанның мұрны дым сезбес.

Алысқа сермеп құлашты,

Жатамыз досқа бақ тілеп.

Шындықтың тілі тым ащы,


Жалғанның тілі тəттірек.

* * *


Тік тұрғаныңды,

Нық тұрғаныңды,

Бүк қылғаныңды,

Шік қылғаныңды,

Еңкейгеңінді,

Көркейгеңінді,

Аманат сөзді

Ұқтырғаныңды

Көріп тұрады.

Қалқайғаныңды,

Шалқайғаңыңды,

Жантайғаныңды,

Ортайғаныңды,

Шіренгеңінді,

Тіленгеңінді,

Жасыңа жетпей

Қартайғаңынды

Біліп тұрады.

Сенем дегенді,

Сəлем дегенді,

Ерем дегенді,

Көрем дегенді,

Барлық қарызын

Берем дегенді,

Соңғы парызым

Келем дегенді

Ұғып тұрады.

* * *


«Азғындар ереді ақынға!»

Дегенді оқыдым жақында.

Жалғанды құндаса ақын ба,

Шайтанды тыңдаса ақын ба,

Жылтырды сырласа ақын ба,

Нəпсіні жырласа ақын ба,

Жақсылық қылмаса ақын ба,

Сабыр қып тұрмаса ақын ба,

Айтқаны далбаса ақын ба,

Бақиға нанбаса ақын ба?!

Болады ақынның азғыны,

Барарын білмейтін ақырға.

Көңілі мөп-мөлдір шыныдай,

Əр сөзі аспанның нұрындай

Сеніңдер тек нағыз ақынға!


* * *

Кімнің көзі тоймайды,

Кімнің соры қайнайды,

Кімнің бағы жанады,

Кімнің жүзі жайнайды,

Кімнің бетін торлайды,

Кімді қолдап, қорғайды,

Кімді жіпсіз байлайды,

Кімді отқа айдайды,

Кімге көзін салмайды,

Жалынса да бармайды,

Таразыға тартқанда,

Ажыратпай қоймайды,

Шын мұсылман сондықтан

Айтқан серттен таймайды.

Үміт гүлі солмайды,

Көңіл көлі толмайды,

Көзің көріп тұрса да,

Басыңда ерік болмайды.

Жаратушы таңдайды,

Бізде тағат қалмайды,

Ілікпесең таңдауға –

Бəрінен де сол қайғы.

* * *


Аллаға жақпайтыны –

Залымды ақтайтыны,

Өздерін мақтайтыны,

Өзгені даттайтыны –

Байлығын жер жұтқандар.

Алланың сүйіктісі –

Ерекше иықтысы,

Жақсыға жұғыстысы,

Кетпейтін қиып кісі –

Еңбекпен тер жұққандар.

* * *

Қияметтің күнінде



Қайғы бұлты қалыңдар,

Зауал табар түбінде

Жауыздар мен залымдар.

Айтсақ сөздің расын,

Жанды қинар азап бар.

Имандының күнəсін

Көтере алмас кəззаптар.

Жағдай болса төзе алмас,

Құтылмайсың шынында,


Көмек қолын соза алмас

Əйелің мен ұлың да.

Пəк едім деп мен кеше,

Айта алар ма жан адам,

Бара алар ма ендеше

Мекеніне қалаған.

Қала алмайсың тасада.

Болса қандай үлесің,

Өз ісіңе жасаған

Өзің жауап бересің.

* * *

Қайырсыз мына жалғанға



Жақсылық іздеп барғанда,

Өсекке тағы қалғанда,

Төбеден жала жауғанда,

Аяқтан пəле алғанда,

Орғытып өтпей ордан да,

Сытылып шықпай тордан да,

Қол созым жерде тұрсаң да,

Жете алмай қалсаң арманға,

Сабыр қыл,

Онша таң қалма!

Жалғанға босқа алданба!

* * *


Бұл фəни – ермек,

Дəмі бар кермек.

Бір көрген түстей

Жүргенің төрлеп.

Кетсең де өрлеп,

Қалмай ма сел кеп.

Мың емес, бір күн

Сынады шөлмек.

«Менікі жөн!» деп,

Ажал да төнбек.

Шырағың жаққан

Бір күні сөнбек.

* * *

Бұл күнге жеттік,



Аман-сау өттік

Өмірдің қыс пен жазынан.

Жыр болып құтты

Сыр болып шықты

Кеудемде жатқан қазынам.

Барсаң да қайда,

Жүрсең де тойда,


Қорқыттың көрі қазылған.

Тұратын жерің,

Кіретін көрің

Лаухулмахбұзда жазылған.

* * *

Ұмыт қалып күнə бар,



Не де болса құп алар,

Адам аз ба жəннаттың

Есігінен сығалар.

Кірбің-кірі байқалар,

Көңіл көлі шайқалар,

Адам көп пе тозаққа

Барамын деп айта алар?!

Фəнидегі жалған ба,

Күйіп кеткен орман ба?!

Пенделер көп, əйтеуір,

Жетпей кеткен арманға.

Тозақтағы азап па,

Жұмақтағы ғажап па?!

Əғрафқа келгенде

Таңдау түсер қазаққа.

* * *


Жүрген жандар сағы сынбай,

Үкім айтса, əділ болған.

Сенімдері кəміл болмай,

Шайтан жолдан жаңылдырған.

Əлімсақтан белгілі жай –

Қабылдыкі қабыл болмай,

Əбілдікі қабыл болған.

Өтіп солай дүния жалған,

Көп адамнан көңіл қалған.

Мұның бəрі – өмір заңы,

Кеше болған, бүгін болған.

Əділ жандар шығып тордан,

Аман қалған қазған ордан,

Бақ дарыған, Қыдыр қонған.

* * *

Əр нəрсенің мөлшері,



Əрбір заттың өлшемі,

Таразыға тартқанда

Құтқарады сол сені.

Көрінбесе жол шегі,

Күнде күтпес төр сені.

Сабыр қылсаң бəріне,

Құтқарады сол сені.


* * *

Пайғамбар хақ!

Алла бір!

Құран кəрім – ұлы!

Ойлап тұрған ел қамын

Аят – шындық жыры.

Кімге керек құр егес,

Бұл сөзімнің шыны.

Иса Алланың ұлы емес,

Ол – Құдайдың құлы.

Сырыңды айтсаң жақынға,

Кетер көңіл кірі.

Мұны жазған ақын да

Көп пенденің бірі.

* * *

Жүрегі болса да сенбесе,



Көздері болса да көрмесе,

Соқырға əліпті таяқ деп

Ұстату керек пе ендеше?!

Айтқан сөз құлақтан енбесе,

Су ішіп жатса да, шөлдесе,

Мылқауға сөзіңді шығын қып

Тұрғаның қажет пе ендеше?!

Соңыңнан қалың ел ермесе,

Абайла!

Кім едің сен кеше?



Жаратқан жар болды, бар қылды,

Аллаға басыңды іи, ендеше.

* * *

Түнде – өлі, күндіз – тірі,



Адам – Хаққа құлдың бірі.

Тіл – көңілдің кілті болса,

Айтса кетер көңіл кірі.

Бұл фəниде алған орын,

Танығандар оң мен солын,

Сөз арқылы ұқса керек

Ақиқаттың тура жолын.

* * *


Сен күнді жараттың,

Күннен қуат таптым.

Сен түнді жараттың,

Сен берген шамды жақтым.

Көрген соң ісін

жақын мен жаттың,

Қуанып тұрдым.


Қиналып жаттым...

* * *


Күрмеуі көп, баяны жоқ,

Дүрмегі көп, тұрлауы жоқ,

Бұл фəнидің дөңгеленіп

Ұршыққа ұқсап зырлауы көп.

Сүрінсең де, кідірсең де,

Тіршіліктің жүгі сенде.

Бақида өмір жалғасады

Жалған жібі үзілсе де.

* * *

Тілі бар мен мылқау тең бе?



Тілді тілін тұрмас тартып.

Маңызы жоқ мылжыңдардан

Үндемеген мылқау артық.

Құлақты мен керең тең бе?

Естігенді көрем артық.

Өсек сөзді тыңдағаннан

Естімейтін керең артық.

Көзі бар мен соқыр тең бе?

Көзі барлар оқыр артық.

Оқымаған қараңғыдан

Зейіні бар соқыр артық.

* * *


Жақсы мен жаман тартысып,

Тоқтамай айқас, жанталас,

Бал қосқан удан сарқа ішіп,

Жүректің шері тарқамас.

Күн көзі нұрын құйғанмен,

Түспесе сəуле санаға,

Төбесі биік болғанмен,

Үй іші жарық бола ма?!

Өткеннің болсақ жұрнағы,

Алдымыз тұман, қараңғы.

Күдіктің өткір тырнағы

Қасиды келіп жарамды.

* * *

Адамға сəжде қылмаған



Бүгілсе патша алдында,

Олардың бойын созуға

Шамасы жоқ қой дардың да.

Шайтанға ерген азғынның

Бет-жүзін қойса перделеп,

Қырандар қонған асқарға

Шықпай ма жылан өрмелеп.


Əзəзіл келіп арбаса,

Санаулы демің бітерде,

Жүректе қорқу болмаса,

Көңілдің кірі кетер ме?!

Өздерін өзі алдаған

Бағасын түбі кемітпек.

Арамға тыйым салмаған

Алладан қандай сый күтпек?!

* * *

Адамның көбі ашқарақ,



Газеттің көбі аш та жап.

Өмір де бүгін басқарақ,

Көңіл де бүгін басқарақ,

Сөздердің көбі алдамшы,

Көздердің көбі жалғаншы.

Іштегі шайтан шыға ма,

Болмаған жерде ар-қамшы?!

* * *


Елдің аққа сенетіні,

Қараны ақтың жеңетіні,

Қап-қараңғы түннен кейін

Жарық күннің келетіні –

Осыдан-ақ белгілі.

Көпшілікке мəлім сыры,

Аққу құстың қауырсыны,

Ағаштардың гүл ашқаны,

Биік таудың қарлы шыңы –

Осыдан-ақ белгілі.

Ақ сүт болса көп ішкенің,

Аппақ дəні шемішкенің,

Ақша бұлттай, ақ мамықтай

Ақ қанаты періштенің –

Осыдан-ақ белгілі.

Қуып жүріп бар арманын,

Қара шаштың ағарғаны,

Кірлеп кеткен қабырғаның

Аппақ əкпен тазарғаны –

Осыдан-ақ белгілі.

Көздің ағы жанардағы,

Жап-жарық нұр санаңдағы,

Бұл дүниядан көшкендердің

Ақ кебінге оранғаны –

Осыдан-ақ белгілі.

* * *


Қара қылды қақ жарып,

Келер болса ақ жарық,

Құдіреті ол Алланың!

КүнəҺарлар тозақта

Душар болса азапқа,

Құдіреті ол Алланың!

Түндер күнмен алмасса,

Ұлы тірлік жалғасса,

Құдіреті ол Алланың!

Көл шөл болып суалса,

Шөл көл болып қуанса,

Құдіреті ол Алланың!

Алып таулар теңселсе,

Көзі көрмей ел сенсе,

Құдіреті ол Алланың!

Қанат берсе біреуге,

Талап берсе біреуге,

Құдіреті ол Алланың!

Білімсізді зор қылса,

Білімдіні қор қылса,

Құдіреті ол Алланың!

Не де болса көрерміз,

Уақытында білерміз

Тағдыр басқа салғанын.

* * *


Арманда болған жалғанда бес күн,

Дегені түгел болмайды ешкім,

Біреуден қалдың, біреуге жеттің,

Дүнияға келдің, дүниядан кеттің...

Қайратың тасып қай жерге келдің,

Біреуден алдың, біреуге бердің,

Кімдерге ердің, кімдерге сендің,

Өмірде сонда не қызық көрдің?!

Бір жұтым ауа, сəулесі күннің,

Дəмі жай судың, иісі гүлдің

Арбаған көзді алдамшы екен,

Аcықпай жүріп осыны білдім.

Өкініп жүріп ғұмырды кештің,

Жарқ етіп жандың, жалп етіп өштің,

Арманда болған жалғанда бес күн

Дегені түгел болмайды ешкім.

* * *

Барымды кидім, жарымды сүйдім,



Қызығын көрдім құрмет пен сыйдың,

Тіліне ердім жүрек пен мидың,

Жақсының сөзін көңілге түйдім,


Шүкірлік қылған кез де бар!

Кей жерде терең теңіздей тастым,

Ернеуге сыймай, арнадан астым,

Баспайтын жерді бірнеше бастым,

Асып та састым, пəледен қаштым,

Тоқтамай қойды сөзге олар.

Бақ берген Алла тақ бермеді деп,

Маңдайға тайқы тап келмеді деп,

Киімім киген шақ келмеді деп,

Аз болып қалды, көп бермеді деп,

Күпірлік қылған кез де бар!

Бойыңда, бірақ, қайратың болса,

Астыңда мінер жайлы атың болса,

Жасқантар жауды айбатың болса,

Дегенің болса, көңілің толса,

Өлімнен басқа тез болар.

* * *

Ауызға келген түкірік,



Қайтып жұтсаң – мəкүрік.

Жалған сөзден бастасаң,

Қалғаны да өтірік.

Суайт адам лепіріп,

Сөйлей берер көпіріп.

Бір қария қадірлі

Тоқтатпаса жекіріп.

Шешендігің жетіліп,

Қалмау үшін өкініп,

Кезек күтіп тұрсын сөз,

Отыз тіске бекініп.

* * *


Аттанғанда сапарға

Оң аяқты басқан жөн.

Тұрып қалсаң қатарда,

Сабыр сақтап, тосқан жөн.

Мешітте де, білесің,

Дəстүр сырын ұғасың,

Оң аяқпен кіресің,

Сол аяқпен шығасың.

Тергер əділ қазы бар,

Иман – сенер қамалың.

Оң жағыңнан жазылар

Қылған жақсы амалың.

* * *

«Құдай үшін, ырза бол!» –



Десең егер адамға,

Көрсеткенің тура жол,

Көп тағылым бар онда.

«Құдай үшін, жолдан кет!» –

Десең егер арамға,

Жолдан шықса пəлекет,

Көп тағылым бар онда.

* * *

Судан безген құландай,



Дала кезген бұландай,

Тұяғы жоқ тұлпардай,

Қанаты жоқ қырандай

ИжтиҺадқа көне алмай,

Шариғатқа ере алмай,

Мағрипатқа бара аламай,

Тариқатқа келе алмай,

Хақиқатқа сене алмай,

Ғибадатты жасамай,

Басы қатып жүрген көп,

Жəрдем берші, ой,Алла-ай!

* * *


Жарасымды іс, білсең,

Жұмыс көрсем, жең түрдім.

Арғы бетте түшкірсең,

Бергі бетте мен тұрдым.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет