334
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өзгенікін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр?
Бұл өлең Мағжанның 17-18 жасында жазылған.
Балаң
ақынның осы алғашқы өлеңдерінің бірінен-ақ оның ақындық
сенім-тұғырын айқын танимыз. Сонау бір сардаланы дүбірлеткен
еркіндік кезі артта қалып,
отаршылдықтың озбырлығында
тұншығып, еріксіз надандықтың қамытын мойнына киген туған
халқының қасіретті тағдыры Мағжанның ақындық жүрегін
ғана емес, азаматтық ар-ұжданын да қозғайды. Сондықтан да
халқының
қамын ойлап, жас жүрегі қарс айырылған ақын қара
түннің түндігін түрер күшті қазақ зиялыларынан көреді. Олардың
азаматтық намысына қамшы салып, “Аты
өшкір оқығандар
нетіп жатыр?” деп, жан айқаймен ұран тастайды. Ел мүддесін
қорғаудың даңғыл жолын əлі де болса айқын аңғарып көре алмай
тұрған ақын алдыңғы толқын қазақ зиялыларын тұйықтан шығар
жолды іздеуге шақырады. Осы оқығандар санатына жататын өзіне
де ақын үлкен міндет артып отыр. Осы міндеттен ол ешқашан
шетін қалған емес. Жəне бүкіл поэзиясының темірқазығы да осы
бір міндет аясынан орын тапқан. Ақын “алдыңғы толқынның”
ізін басқан жастардың болашағына үмітпен қарайды. Ел тілегі, ел
міндеті енді соларда. Сондықтанда Мағжанның сүйенері – Ахаң,
Жақаң сынды қазақ бостандығының айнымас “ақ жолын” тапқан
қазақ зиялылары, сенері ағалар арманын алға жетелеген, ағалар
үмітін ақтауға серттескен жастар.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Жас қырандар – балапан,
Жайып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
335
Мен жастарға сенемін!
Жұмсақ мінез жібектер.
Сүттей таза жүректер
Қасиетті тілектер –
Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті олар да,
Мен жастарға сенемін!
Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Мағжанның “Мен жастарға сенемін” атты өлеңін түгелдей
келтіруіміздің себебі, ақынның ұлт болашағына деген үміті,
тəуелсіздікке ұмтылған күресшіл рухы, ұлы тілекті жүзеге асырар
көкөрім жастарға деген сенімі тұтаса келіп оның поэзиясына тəн
азатшыл идеяны осы өлең айқындайды. Ақын қазақ болашағына
бұлдыраған сағым елес, орындалмас қияли арман ретінде қарамай,
ұлтының ояна бастаған сана болмысынан қарап, өзінің де, өзгенің де
сенімін күшейте түседі. Біздің ұғуымызша жастар – ояна бастаған
ұлт санасының символы.
Біз Мағжанды
сыршыл ақын дегенімізде, көбіне оның махаб-
бат, сүйіспеншілік тақырыбына жазылған өлеңдері төңірегінде
ой қозғап келеміз. Мағжан өлеңдері
көптеген тақырыптарды
қамтығаны да, сыршылдық оның махаббат тақырыптарына жазған
өлеңдерінде өзгеше көрінетіні де рас. Бұған еш талас жоқ. Бірақ
ақын махаббаттың құлы емес. Жаны нəзік ақынның сезімі де нəзік.
Адамзат баласының сезім жүйелері арқылы түйсікпен бірлесетін
бұл
сезім ақын жанын, əрине, тербеді. Бірақ азамат ақын бұл
тақырыптағы өлеңдерінде де азаматтық жүкті алға қояды. Біршама
осы жүйедегі өлеңдерінде ол махаббат, сезіміне тəн
азығы емес,
жан азығы ретінде қарайды. Ұлы күрестер жолында бойға бұла
күш құяр қуат көзі деп біледі. Ұлы сезімнен жаны гүлденген ақын
ұлты үшін күреске нық сеніммен қадам жасайды. “Жарыма” атты
өлең, міне, осы тақілеттес сезімнен туған.