291
кітабының 1 мың данасының сақталғаны, іздеушілерге сатып алуға
болатындығы айтылған (“Қазақ” 1917, №247).
Əрине, “Оян, қазақ!” – Міржақыптың ақындықтағы алғашқы
қадамы. Сондықтан онда ақындық шеберлік, тіл қолданысы
төңірегіндегі кемшіліктер кездеседі. Кезінде бұл туралы С.
Торайғыров кейінгі “Азаматты” қоса отыра “Айқапта” басылған
“Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан” (1913 №19, 22, 23)
атты сыни мақаласында пікір білдірген. Тіл кемшілігі болғанын
Міржақып өзі де мойындайды. “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 112
санында жарияланған “Тіл құралы” атты мақаласында: “…Ноғай
газеті, кітаптарында көп ұшырасатын араб, фарсыны шын əдеби тіл
осы екен деп аңғардым.
1908 жылы (О.Қ.)-ды жазып жүргенімде əлгі “Əдеби тілдерді”
неғұрлым көбірек кіргізу жағын ескерусіз қалдырмадым. Сол жыл-
дарда Абай кітабы һəм “Қырық мысалды” көргенімде өзімнен өзім
ұялдым. Өзімнің һəм өзім секілділердің адасып жүргенін сонда
білдім”, – деп жазады.
Осындай тіл шұбарлығы болғанына қарамастан, “Оян, қазақ!”
азаттықты өзек еткен мұрат-мақсұтымен ХХ ғасыр басындағы
əдебиетте өз орнын ойып алар өрелі туынды болып табылады.
Міржақыптың екінші өлеңдер жинағы “Азамат” деген атпен 1913
жылы Орынборда басылып шығады. Бұл кітаптың сыртқы бетінде
ақынның:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш, –
деген бір ауыз өлеңі басылған. Бұл – бүкіл ғұмырын туған елінің
азаттығына арнаған азамат ақынның жан сыры. Ақынның “Азамат”
жинағындағы өлеңдері езілген елінің, еркіндік көкреген халқының
мұңлы күйін суреттеп, ар-намысын оятуға, көңіл көзін ашуға
арналған. Бұл жинақта ел мұңын жоқтаған өршіл өлеңдердің ғана
орын тепкені шындық.
Көп құлағы мақта менен тығулы,
Достарыңызбен бөлісу: