4.2.2. Сын есімнің стильдік қолданысы
Стильдік мәні бар, түрлі мақсатта жұмсалатын сөз табы –
сын есім. Сын есімнің стильдік қызметін дұрыс аңғару үшін ең
алдымен, оның лексикалық табиғатын жақсы білу қажет. Сын
есім сөздер тек сын-сипат мәнінде де қолданылады. Бірақ сын
есім атаулының бәрі бірдей заттанып жұмсала бермейді.
Сапалық сын есімдердің көпшілігі әр түрлі мән, реңкке ие
болып қолданылса, ал қатыстық сын есімдердің мұндай қасиет-
тері жоқ. Үлкен сөзінің қолданысына назар аударайық. Бұл сөз
мәнмәтінде әр қилы мағыналық реңкке ие, жеке сөзбен де, тір-
кеспен де, сөйлеммен де берілетін тәсілдері сан алуан: ірі, ұлы,
дөкей, алып, орасан, дәу, сом, нән, қапсағай, аспандай, қазандай,
білектей, соқталдай, таудай, шоқпардай, түйедей, еңгезердей,
жардай, дардай, нардай дене; жапалақ көз, тана көз, бадана
көз, бадырақ көз, жайын ауыз, қарыс ауыз, нар дене, кебеже
қарын, екі иығына екі кісі мінгендей, түйенің жарты етіндей,
бас бармақтай деген тіркестер арқылы да үлкен ұғымы туып
тұр. Бұл сөздер контексіне қарай үнемі үлкен ұғымын бере бер-
мейді.
Көпті көрген қарт, қария ұғымында қазақ тілінде ғана
емес, ноғай, татар, башқұрт тілдерінде де жұмсалады. Үлкен сөзі
маңызды, көрнекті деген мағына да береді: Бір үлкен іс қыл-
ғансып асығып жүр. Көп деген мағынаны да білдіреді: Ірімшік-
ті құдайым кез қылды бір күн қарғаға. Алып ұшып барды да,
қонды бір биік ағашқа. Үлкен олжа емес пе, ірімшік деген қарны
ашқа.
Үлкен сөзі ой сөзімен тіркесіп, терең ой, кең толғау деген
мағынада қолданылады: үлкен ой жоқ… Үлкен үй – қара шаңы-
рақ мәнінде жұмсалып қалыптасқан.
Мәнмәтіндегі қолданысына қарай үлкен сөзі кең, беделді,
биік деген мағынаны да береді: дағарадай бөлме, әр цехы дала-
дай (кең).
Көлемдік мағынаны білдіретін алақандай тәрізді сөздер
кейде мәнмәтін ішінде үлкен ұғымын да білдіреді: Жараның
аузы алақандай болып күлдіреп тұр (Ғ. Сланов).
Ауыр қайғы – үлкен қайғы.
Үлкен ұғымын жазушылар көркем әдебиет стилінде әр
түрлі жолмен береді. Мысалы, С.Мұқанов үлкен сөзін қомақты
сөзі арқылы береді: Ішінген кәкір-шүкір, көр-жерін алмаған ке-
беже сырт көлемі қомақты көрінгенмен, Итбайдың семіз дене-
сіне тарлық істеді – сыртқы көлемі үлкен көрінгенмен деген
ұғымның орнына қолданып тұр.
Ғ.Мүсірепов үлкен деген ұғымды туынды сын есім арқы-
лы былайша жеткізеді: Ашыққан жылқы кетпендей тұяқта-
рымен қалың қарды бұрқ-сарқ лақтырады.
Б.Майлин өз шығармаларында нашар, жаман, әлсіз деген
сын есім сөздерді өзінше мүсіндейді: Бір күшеншек жазушы
осы әнге буланып «Сарыарқа» деген пьеса жазып шығарды, –
деп жазады. Автордың жазушыны күшеншек деп сипаттауы айт-
пақ ойды эмоционалды түрде бейнелі жеткізіп, астарында мыс-
қыл, шенеумен әсерлі өрілген. Сол тәрізді шала-шарпы, қалай
болса, солай деп жатпай, оны шала үйткен бастай ғып бірдеме
жазудан пайда жоқ деп, нашар шығарманы шала үйткен бас-
пен салыстыра отырып шебер суреттеген.
Сын есімнің шырай жұрнақтары да көркем әдебиет
стилінде стильдік мақсатпен жиі жұмсалады:
Бір ақын бір ақыннан ақынырақ,
Өйткені ол жүрекке жақынырақ,
Қашанда мықты ақындар Махамбеттеу,
Кемеңгер ойлы ақындар Абайырақ.
Жақсы ақын – әлеуметтің жан ашыры,
Даралау, кемел, дана Пушкинірек (К.Салықов). Мұнда
шырай жұрнақтарын автор стильдік қызметте жұмсап, поэти-
калық образ жасаудың құралы ретінде пайдаланған, тілдік нор-
ма тұрғысынан уәжді ауытқу болып саналады. К.Федин сөзімен
айтқанда, мұндай сөз қолданыстары «блестящие неточности»
деп аталады.
Ә.Кекілбаевтің «Үркер» романында Әбілқайыр ханды су-
реттеген тұстарына назар аударалық: Елшінің көз алдына қашан
көрсең де бір қалпында тұратын сұп-сұр жүзі, тұнжыр жана-
ры мен салыңқы қабағы келді. Бұның бәрі бұрын оған қайдағы
жоқ сұмдықтарды ойлап отыратын ішмерездік қана сияқты
көрінуші еді, енді байқаса, ішіндегі қара қазандай бұрқ-сарқ
қайнап жатқан әлем-тапырық көңілін байқатқысы келмеген
ерекше бір ұстам, сабыр екен ғой.... Белгілі бір стильдік мақсат
көздеген автор шырай тұлғалы сын есімді тірек көркемдік амал
ретінде таңдап, ол сөзге стильдік жүк арқалатады. Бұл жерде
сұп-сұр сөзінің мәнмәтіндегі қызметі, бейнелілік сипаты ай-
рықша, мұнда кейіпкердің сыртқы кескін-келбетін, портретін
суреттеуден гөрі Әбілқайыр ханның ішкі психологиялық күй-
қалпын, саясаттағы пиғылын, күрес амалын ашып көрсетуде
орынды қолданылған. Сол арқылы оқырман қабылдауына ай-
рықша әсер етіп, оны ой әлеміне жетелеп, тарихи шындықты
тереңірек тануына бағыттайды.
Тағы да тілдік деректерге жүгінсек, тура мағынада түсті
білдіретін бір ғана қызыл деген сын есімді сөзбен ақын-жазу-
шыларымыз әр қилы метафоралық тіркестер жасағанын бай-
қауға болады. Мысалы, Ш.Мұртазаның «Қызыл Жебе» тірке-
сіндегі қызыл сөзі жылқының түсін білдіріп қана қоймайды,
сонымен бірге төңкерістің алау жалыны ұғымын да білдіреді.
Сондай-ақ, жебе сөзі де жүйрік жылқыға қойылған атау.
«Қызыл Жебе» тіркесі тұтас күйінде Рысқұл мен Тұрардың
символдық образын сомдайды. Олардың істері, мінездері, бар-
лық болмыс-бітімі садақтан атылған жебе сияқты, «Төңкерістің
Қызыл Жебесі». Бұл жазушының көркемдік шеберлігінің бір
қыры қазақ тіліндегі есім сөздердің (зат есім, сын есімнің) сим-
волдық мәнде жұмсалуынан айқын байқалады. Бұндай сөз-сим-
волдар авторлық ерекшелікті көрсетіп, стильдік қолтаңбасын
анық танытады.
Cондай-ақ жазушы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні»
атты әңгімесінде қызыл (қып-қызыл, қызғылт, қызғылттану)
сын есімін қолданудың өзіндік сыр-сипаты бар:
Январь айының аяқ кезі. Күн батуға тақап қалған мезгіл.
Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұрла-
нып, қызыл торғынның түсіндей болып тұр. Күнге жақын
тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған
темірдей қып-қызыл. Төбеге жақын тұрған алысырақ бұлт-
тардың бір-бір жағы ғана жұқалаң қызылға боялған асыл нұр-
дың буын ғана жалатқандай. Қызғылт сәулесін дүниеге жайып
тұрған күн шарасымен тұтас көрініп тұр. Аспан ашық. Берірек
тұрған аз ғана ала шұбар бұлттар кең жаһанның жүзіне перде
болған жоқ. Күні бойы тыныш болған жел Күшікбайдың бауы-
рында ғана ызғырықтап, жаңадан жауған көбік қарды жаяу
борасындатып тұр. Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да
өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн
астынан қызғылттанып көрінеді (М.Әуезов). Әдетте қызыл сөзі
қуанышты, салтанатты жай-күйдің символы ретінде немесе қан
құшқан трагедияның жаршысы ретінде де қолданылады. Көркем
үзіндіде бұл тіл бірлігінің ерекше стильдік қызметте жұмсалып
тұрғандығын аңғаруға болады: жазушы табиғат көрінісін, онда-
ғы жыл мезгілін суреттеу үстінде қызыл гүл болған пәк Ғазиза
қыздың қиянатқа толы тағдырын, жасалған әр алуан қатыгез-
діктерді бейнелеу үшін таңдалып алынған. Мәнмәтінде қарама-
қарсы мәнде жұмсалған қызыл сөзінің бейнелілігі, эстетикалық
қуаты барынша арта түскен. Демек, сын есімнің стилистикалық
мүмкіншілігі өте зор.
4.2.3. Есімдіктердің стильдік қолданысы
Есімдік, оның мағыналық түрлерінің қарым-қатынастың
барлық саласында, яғни функционалды стильдер жүйесіндегі
қолданыс аясы өте кең. Есімдік мағынасындағы сөздер белгілі
ойды беруде, мазмұнды жеткізуде алуан түрлі стилистикалық
реңк-бояуға ие болады. Сен – жекелік ұғымды беретін жіктеу
есімдігі, ІІ жағы, тыңдаушыға, жасы кіші балаға, сырлас адам-
дарына арналып, жанды, жансыз заттардың орнына қолданыла
береді. Жазушы төмендегі сөйлемде сен, осы, қашан тәрізді
есімдіктерді қолдану арқылы кейіпкердің жан дүниесін, ішкі
психологиялық жай-күйін, ашуға толы жүзін ашып көрсетіп,
әсерлі етіп бейнелейді:
-
Сен қанқұйлы тамам елді жылатып болдың ғой, осы
итаршылықты қашан қоярмысың? (М. Әуезов).
-
Сен бүлдіресің-ақ дегендей боп, Ермак кемпіріне ежірейе
тағы бір қарады (Б.Майлин).
Тыңдаушыға арналып айтылып, оның назарын бір сәтке
өзіне аударып, оны жақын сырласы санап, пікірлеседі, ой тас-
тайды:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан. (Абай)
Диалогті сөйлемдерде есімдіктің қаратпа сөзбен тікелей
мағыналық байланысқа түсетін кездері де болады.
- Қыз, сен де желпілдеме, – деді Бәтимаға. (Ғ.Мұстафин).
Ойды нақтылай түсу үшін есімдік түрін осындай байланыста
жұмсайды.
Ол есімдігін қолданғанда, ойды жалғастыру, бір сөзді
орынсыз қайталай бермеу мақсатында жұмсайды: Әсіресе елді
қатты сағынған Абай болатын. Ол соңғы уақытта
Жидебайдағы шешелерін, ауыл-аймағын түсінде де көре
беретін (М.Әуезов).
Сөйлеу әрекетінде жазушының немесе сөйлеушінің
кішіпейілділік қасиетін танытатын, әдептілікті көрсететін біз
жіктеу есімдігі жиі қолданылады: біз мынадай тұжырымға кел-
дік, біздің түсінігімізде, біздің деректер бойынша тәрізді тілдік
бірліктер көбінесе ғылыми стиль мәтіндерінде ұшырасады.
Сілтеу есімдіктері де функционалды стильдің әр сала-
сында кеңінен қолданылады. Бұл, сол деген түрлері көне түркі
жазбаларында жиі кездеседі. Нақты деректі затты нұсқағанда
анау, дерексіз құбылыс пен ойды нұсқағанда сонау есімдіктерін
қолданамыз. Кейіпкер атын қайталай бермеу мақсатында кей
жазушылар сілтеу есімдігінің ана, анау түрлерін пайдаланады.
Анау намыстанғандай:
-
Жақпаса қойсын, – деді де, енді қайтып үн шығар-
мады (С.Мұқанов).
Есімдіктердің беретін мағыналық реңктері алуан түрлі.
Неше, қанша сұрау есімдіктері: қанша – мол, көп, неше – әр,
қанша мағыналарын береді.
Бұрымының қыз Құртқа,
Кекілін, жалын тарайды
Күніне неше қарайды («Қобыланды батыр»).
Қандай сөзі таңдануды, сүйсінуді аңғартатын, адамның
түрлі көңіл-күйлерін беретін, экспрессивтік мағынада жұмсала-
тын есімдік түрі: Сол екеуінің ертеде достасу тарихы қандай
қызық, қандай әдемі (Ғ. Мұстафин).
4.2.4. Етістіктердің стильдік қолданысы
Функционалды стильдердегі етістіктердің қолданылу
сипаты әр түрлі дәрежеде көрінеді. Ресми стильде етістіктердің
жұмсалуы арнайы стандарт тілдік бірліктер құрамында келіп
шектеулі болады. Етістік категориясының тұлғалық түрленуі,
стилистикалық мүмкіндігі көбінесе көркем әдебиет стилінде
жүзеге асады. Көркем шығармадағы көріктеу амалдары есім
сөздерден ғана емес, етістіктерден де жасалады. Етістіктер –
баяндаудың, суреттеудің бейнелілігін күшейтетін стильдік
құрал. Етістікті көптеген стилистика мамандары стильдік жүк
көтеруші тұлға ретінде есептейді. Академик Р.Сыздық заттың
ғана емес, қимыл-әрекеттің де белгісін білдіретін сөздер бола-
тынын айта келіп, көсемше тұлғаның іс-әрекеттің сынын бей-
нелеуін экспрессоид деп атайды. Мұндай экспрессоидтардың
бейнелілік қасиетін мына үзіндіден аңғаруға болады: Бұл
әңгімені естіген Салиха бәйбіше меймандарға құйып отырған
қымыздың ожауын шараға шалп еткізіп тастап жіберіп, ернін
сылп еткізіп, бетін шымшыды; - Басқан ізіңнен садаға кетейін,
мырзаға! Қайда ғана жүр екенсің, жалғыз жәдігеріңді жаутаң-
датып бізге тастап кетіп...; Әкесі 1905 жылы алпауыт бо-
лысты өлтірді. Онымен ғана қоймады, болыс біткенді бақыр-
тып бауыздамаққа бел байлап қаһардың қатубас тұлпарына
мінді (Ш.Мұртаза). Бұл мысалдардағы етістік тұлғалары іс-
әрекеттің орындалу сынын бейнелеу мақсатында қолданылған.
Яғни қимыл-қозғалысқа қатысты әр түрлі іс-әрекетті сипаттауда
етістік түрлерінің стильдік мәнері ерекше, экспрессиялық қуаты
күшті екені байқалады. Сондай-ақ Ш.Мұртаза шығармасының
тілінде тұлымы сексиіп, ерні кезеріп, таңқиып, тасыраңдап,
тапырақтап, қоқыраңдап т.б. көсемше тұлғалы етістіктер
жиі кездеседі: Бір ерегіссе, қоқыраңдап қоймайтын ұр да
жықтың өзі; Ат елең етіп, құлағын тікірейтіп, бұған тесіле
қарап танауын делбеңдетіп сәл оқыранды.
Демек, етістіктің көсемше категориясының экспрессивті-
лікті тудыруда стильдік қызметі өте кең. Мәселен, ұлы Абай
ойды бейнелі жеткізуде, портрет жасауда, психологиялық хал-
ахуалды суреттеуде осы тұлғадағы образды етістіктерді
шоғырлап жиі қолданған. «Болыс болдым, мінекей» деген өле-
ңінде болыс, пысықтардың портретін жасауда жалпылдап, бар-
қылдап, шаңқылдап, тарпылдап, дікілдеп, өкімдеп, күпілдеп,
шыбындап, жымыңдап т.б. – көсемше тұлғадағы етістіктер
орынды жұмсалған.
Ал мына мысалдарда: Жел күшейсе, құм боран соғып,
беті-көзіңді осқылап тұратыны бар. Ол кез Битабар үшін
тіпті қиямет. Сондайда өзінің туған жері – Сарысу бойы,
шілдеде көгеріп жататын Иманақ тауы көз алдына келеді де,
әлде не жүрегін шымшып ауыртады (С.Шаймерденов) соғып,
осқылап эпитетті етістіктері боранның бейнелі сипатын сурет-
тесе, көгеріп, шымшып етістіктері кейіпкердің ішкі сағыныш
сезімін күшейте түсуге қызмет етіп тұр.
Олай болса, етістік, оның өзге де тұлғаларының қызметі,
түрлі мағыналық реңктері, нақыш-бояулары, экспрессивтілігі
көркем шығарма тілінде анық көрінеді. Мәселен, шақ, рай, кө-
семше т.б. тұлғалы етістіктердің, болымсыздық формасының
стильдік жұмсалу мүмкіншіліктері кең. Етістік тұлғалардың
модальдылығын, экспрессивтілігін күшейте түсетін элементтер
де (демеулік шылаулар, одағай, қыстырма сөздер, есімдік, үстеу)
айрықша қызмет атқарады.
Етістіктің рай тұлғаларының да әртүрлі модальдық реңк-
терді (өкіну, ренжу, тілек, ұсыныс т.т.) жеткізудегі стильдік тә-
сілдер ретіндегі қызметі айрықша (оған сәлем айтқайсың, бір-
ауыздан дауыс берейік). Немесе жақтық тұлғалардың да түрлі
стильдік мән-мағына берудегі мүмкіндігі мол (мына өлеңге
назар аударайық – назар аударыңдар (ІІ жақ) деудің орнына
назар аударайық (І жақ) деп қолдануда да стильдік мән-мағына
бар екендігі аңғарылады.
Етістіктің шақ тұлғалары да ойдың бейнелілік қасиетін
арттыруда елеулі стильдік қызметте жұмсалады: Сол шабыста
Қызыл Жебе Тұрарға жарқ ете қалған найзағай сияқты көрінді.
Қызыл Жебенің желбіреген жал-құйрығы найзағайдың тарам-
тарам бұталарындай жалындап бара жатты. Қызыл Жебе –
жалт етер найзағай сынды аяғы жерге тиер – тиместей ұшып
келеді. «О, Қызыл Жебе» - деген дауыс Шолақ Шабдардың үс-
тіне отырған Тұрардың аузынан еріксіз шығып кетіп еді
(Ш.Мұртаза). Бұл жерде жазушы аттың жүйріктігін, шалт
қимылын бейнелеу үшін негізінен осы шақ тұлғалары мен нақ
осы шақ тұлғаларын сәтті пайдаланған. Яғни баяндауыш тұл-
ғалары бара жатты, кетіп еді, ұшып келеді сияқты етістік тұл-
ғаларымен бейнелеу арқылы оқиғаның нақ осы сәтте жедел
өткенін айқындай түседі.
Кейбір етістік тұлғалары сұрыпталып, белгілі бір стиль
түрлерінде ғана жұмсалады, сол стильдің өзіндік белгілері бо-
лып табылады. Ырықсыз етіс тұлғасындағы өткен шақ етістіктер
– ресми-іскери стильге, құжаттар тіліне тән: қол қойылды,
өтініш берілді, қаулы қабылданды, т.т., сондай-ақ -сын, -сін бұй-
рық рай тұлғасы ресми стильге тән стандарт тілдік бірліктердің
жасалуына негіз болады: күші жойылды деп танылсын, көрсе-
тілген қаулымен бекітілсін, жөнінде ұсыныстар енгізілсін,
пайдалану құқығы берілсін. Істің нәтижелі болып орындалуын
білдіретін тұйық етістік тұлғасы да ресми мәтіндерде көбірек
жұмсалады: ұсыныс жасау, шара қолдану, шешім қабылдау,
нұсқау беру, кепілдік беру, келісімге келу, дауысқа салу. Ал
ғылыми стильде етістіктің ауыспалы осы шақ категориясы жиі
қолданылады: болып табылады, өзектілігін көрсетеді, ғылыми
тұжырымдалады, жиі талдауға түседі, сипаттама беріледі,
қорытынды жасалады, бағытын белгілейді, ерекшелігі көрі-
неді; -уда, -уде тұлғалы бірліктер де ұшырасады: тиянақты
зерттелуде, талқылануда, кеңінен қарастырылуда, мән беруде,
бағыттары айқындалуда, назар аударуда т.т. Публицистикалық
стильде көбіне етістіктің өткен шақ категориялары саяси шолу-
ларды, әр түрлі ақпараттарды хабарлап жеткізуде, тарихи маңы-
зы бар оқиғаларды бейнелеуде қолданылып, сол арқылы бұқа-
раға айрықша әсер ету қызметін атқарады: еліміздің экономи-
калық әлеуетін әлемге паш еткен бірқатар шаралар өткізілді.
Бұл конкурс барлық кеңістіктегі музыка өнері дамуының жар-
қын көрсеткішіне айналды; Бұл да депутаттар назарынан тыс
қалмаған, парламент мәжілісінде өткір мәселе ретінде талқы-
ланған (Егемен Қазақстан). Қысқасы, етістік категориясының
функционалды стилистиканың барлық саласында да, тіл деңгей-
лерінің стилистикасында да қолданылу әлеуеті жоғары, стилис-
тикалық мүмкіндіктері мол.
Сұрақтар:
1.
Грамматикалық стилистиканың сипаттамасы, оның түрлері.
2.
Морфологиялық стилистиканың зерттеу нысаны.
3.
Морфологиялық нормадан уәжді, уәжсіз ауытқулар, оның
себептері.
4.
Морфологиялық тұлғалардың стиль түрлеріндегі көрінісі.
5.
Зат есім, оның тұлғаларының стилистикалық жүйесі.
6.
Сын есімнің стилистикалық қолданысы.
7.
Есімдік сөздердің стильдік сипаты.
8.
Етістік – көріктеу құралы дегенді қалай түсінесіз?
9.
Етістік тұлғаларының стилистикалық қызметі.
10.
Үстеудің стилистикалық қолданысы.
11.
Шылаулардың стилистикалық мүмкіндіктері.
Әдебиеттер:
1.
Балақаев М.,Серғалиев М.Қазақ тілінің мәдениеті.Алматы, 1995.
2.
Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б.
Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1966, 1974, 2005.
3.
Мұсабекова Ф. Қазақ тіліндегі зат есім стилистикасы.
Алматы, 1976.
4.
Хасанова С., Жексембаева Ғ. Қазақ тілінің стилистикасы
(жаттығулар жинағы). Алматы, 1998.
5.
Қазақ тілінің грамматикасы. Астана, 2002.
6.
Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы.
Алматы, 1982.
7.
Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. Алматы, 2001.
8.
Сыздық Р. Сөз құдіреті. Алматы, 2005.
9.
Кожина М.Н. Стилистика русского языка. М., 1983.
10.
Ефимов А.И. Стилистика русского языка. М., 1983.
11.
Шалабай Б. Көркем әдебиет стилистикасы (оқу құралы).
Алматы,1999.
12.
Cерғалиев М. Стилистика негіздері (оқулық). Астана, 2006.
13.
Сарыбаев Ш., Нақысбеков О. Қазақ тілінің аймақтық лекси-
касы. Алматы, 1989.
14.
Сыздықова Р., Шалабаев Б. Көркем тексті лингвистикалық
талдау. Алматы. 1989.
4.2. СИНТАКСИСТІК СТИЛИСТИКА
4.2.1. Синтаксистік стилистиканың жалпы мәселелері
Тіл құралдары стилистикасының үлкен бір тармағы –
синтаксистік стилистика екендігі мәлім. Тілдік құралдардың
стилистикалық жұмсалу мүмкіншіліктері өте кең. Ғалымдардың
пікірінше, синтаксистің стилистикалық мүмкіндігі өте зор.
Өйткені, тілдік қарым-қатынас сөйлем, оның әр түрлі үлгілері,
құрылымдық түрлері негізінде жасалатыны белгілі. Сондықтан
сөйлемнің құрылымдық, мақсаттық түрлері, сөйлем мүшелері-
нің әр түрлі қолданысы, инверсияланып жұмсалуы, жай сөйлем
мен құрмалас сөйлем түрлерінің стилистикалық жүйесі, сино-
нимдік қатарлары – бұлар бай стилистикалық құралдардың қата-
рына жатады. Сөйтіп, стилистика синтаксистік тұлғалардың да
жұмсалу аясын, экспрессивтік мағынада қолданылу ерекшелік-
терін тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады. Яғни, сөй-
леуде не жазуда сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің
құрылысы арқылы берілетін әр түрлі стильдік рең, мағына-
бояуларды, оны дұрыс пайдалану тәсілдерін қарастырады.
Сөйлеу тілінде де, жазуда да ой айқындылығы шарты
сақталуы керек, ол үшін сөйлем жатық, түсінікті құрылуға тиіс.
Өзара логикалық әрі синтаксистік байланысқа құрылған сөйлем-
дерде ой дәлдігі, сөз образдылығы болса, оның эстетикалық
әсері айрықша, әсіресе, көркем шығармаларда сөйлем түрлері,
инверсия, сөйлем мүшелерінің қайталануы стильдік мақсатта
жиі қолданылады. Ал сөз бен сөздің байланысу тәсілдерінен, сөз
тіркестерінен, сөйлем құрастырудан жіберілген кемшіліктер
стильдік-синтаксистік қате боп есептеледі (Интернатқа
Бораштың апасы келіп, апасы оны көріп, сүйтіп, айқайлап
жылап, құшақтады).
Стильдік мақсатта жұмсалған синтаксистік құрылымдарға
назар аударалық:
Алтайдың аязды қысында, суық автобуста тоңып отырған
екі жас жолаушының диалогі төмендегідей:
Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
-
Пима киіп шықпаған екенсіз, – деді.
-
Сол құрғырың жоқ қой.
-
Не? Ақша ма, пима ма?
- Екеуі де.
- Түрмеден босап шығып па едіңіз? – Әзілдеді ме, шыны
ма – айыра алмадым…
- Не десем екен… Алматы жылы болған соң…
- Ә, түсінікті. Бұдан былай есіңізде болсын, Алтай,
Алматы емес, қатал.
- Өзің қайдан келесің?
- Мен де Алматыдан.
- Оқисың ба?
- Иә.
- Қайда?
- Қыздар институтында.
- Факультеті?
- Тіл-әдебиет.
- Қайда барасың?
- «Өркен» аулына (О. Бөкеев).
Бұл жерде диалогтің қысқа сөйлемдермен (көбі толымсыз
деп аталатын бастауыш, баяндауыш немесе өзге сөйлем мүше-
лері түсіріліп айтылған конструкциялармен) берілуі, біріншіден,
тоңып, берекелері қашып отырған адамдар үшін нанымды, шы-
найы болса, екіншіден, әңгімелесушілердің бірі журналист (қыс-
қа сұрақтар қойып, сұхбат алып дағдыланған) болғандығына
байланысты туған стильдік құбылыс.
Достарыңызбен бөлісу: |