Шілдехана
Ертістің сол қапталын паналаған,
Аласа, шағын үйлер жағалаған.
Иесі ол үйлердің кедей, кепшік,
Мұқтаждық, ауыр бейнет қамалаған.
Әне тұр – Қашаубайдың мекен үйі,
Сыртынан байқалғандай мүшкіл күйі.
Күн көрген қайық есіп, жалданумен,
Өмірден әзірге сол алған сыйы.
Нәсібін тағдыр берген үзіп жейді,
Аз берді, тарығып, күйінбейді.
Кішкене үйдің есігі жиі ашылып,
Келіп, кетер адамы үзілмейді.
Қашаубай кетеді ерте Ертіс жаққа,
Ойы жоқ ақша жинап байымаққа.
Асырап үйдің ішін, тамақ тауып,
Шығынын күн сайынғы айырмаққа.
Жоқтықтың жан болса да күйін кешкен,
Қонақпен ажарланған үйі кешке,
Ұлы бар Қашаубайдың Әміредей,
Жасынан ән салуды сүйіп өскен.
Қашаубай ерік берген баласына,
Жұмыс қыл, мейлі тойға барасың ба.
Дейтұғын – ел жек көрер бұзық болма,
Дұшпанның душар етпе табасына!
- Ойнап, күл орныңменен, өнер үйрен,
Ұрыдан, тентек жаннан мүлде жирен.
Барға риза болайық, ден сау болсын,
Күн көріп адал еңбек, маңдай термен.
Әкеңнің сөзіне ол құлақ қойған,
Шығармай бұл ақылды ешбір ойдан,
Тырбанып жұмыс істеп, қолы боста
Қалмайды шілдехана, ойын, тойдан.
379
Қалада той, думансыз күн өтпейді,
Ойын, күлкі көңілді жүдетпейді.
Осындай шілдехана, той, мәжіліске
Шақырып Әмірені құрметтейді.
Шақырса ондай жерден тартынбайды,
Құмары әнге деген таусылмайды.
Бәйгеге баптап қойған сәйгүліктей,
Қанша шапса босаңсып, алқынбайды.
Жұмыстан қайтса үйге кешке қарай,
Үйінде таныс біреу қалбалақтай,
Сәлем беріп Әміреге білдіреді:
Шақырып келгендігін әдейі арнай.
Бүгін де келуші бар сезіп, білді,
Соны ойлап, тездеп басып үйге кірді.
Әміреге сәлем берді ұшып тұрып,
Қарасұр арық жігіт майда тілді.
Жуықтап тигізгендей төске төсін,
Айтып тұр Әміреге әңгімесін:
- Жеңгеміз Оспан – ағай үйіндегі
Ұл тапты қуандырып құрбы, досын.
Сол үйде бүгін үлкен шілдехана,
Бой жазбақ ойнап, күліп қыз, бозбала.
Сол тойға ең құрметті қонақ бол, – деп,
Сізге арнап жегіп келдім ат пен шана.
- Құп, – деді.
Жуынып тез, киді киім.
Түн аяз сақтанбаса - өте қиын.
Отырды көрпе үстіне шанадағы
Зырғып шана жөнелді желдей құйын.
Тынымдап Ертіс жатыр қар астында,
Келеді шана зырғып жар астында.
Көрінді алдында, әне, Үлкен Семей
Кешке қарай тұрғандай қарап қырға.
Сырғанап мұз үстінде біраз жүрді,
Жиекті өрлей, қалаға келіп кірді.
380
Қар тапталған көшемен жүйткіп шана,
Ат басын көк шатырлы үйге бұрды.
Үлкен үй, есігі көп, төрт-бес бөлме,
Жайылған киіз, көрпе есік, төрге.
Қымбатты түрлі жиһаз үй ішінде
Байқалған әл-ауқаты бір көргенде.
Жирен мұрт, шегір көзді, асқары Оспан,
Осы үйдің қожасы сол қонақ тосқан.
Саудамен көзге түсіп, тұтқындалып,
Неше рет аман қалған оқ пен оттан.
Қалмады істемеген кәсібі оның,
Не түрлі қатер төніп басына оның –
Тұрғанда бар пәледен құтылатын,
Айласы басқалардан асып оның.
Қырыққа жасы толды биыл ғана,
Көнген ол ауырға да, қиынға да
Тастаған бірнеше әйел бала таппай,
Сұлу жары Жәмилә жиырмада.
Сол Жәмилә ұл тапқан ақ сазандай,
Қалар ма сол қызыққа барды салмай.
Шілдехана кешіне бұл үйдегі
Келмекші таныс, жақын бірі қалмай.
Біртіндеп арта түсті абыр-дүбір,
Ұлғайып сөз бен күлкі, қимыл, қыбыр.
Келген жан бөлмелерді кернеп кетті,
Біреу тұр наразы боп сөйлеп қыңыр.
Тұрғандар төргі жаққа көңілі ауып,
Жайласты әр бөлмеге орын тауып.
Орнынан тұрып біреу хабарлады:
- Ал, енді бастаймыз, – деп – ойын-сауық!
Басылып айғай, дауыс шуылдаған,
Естілді домбыра үні дыңылдаған.
Жаңғырып әзілдескен күлкілері,
Біреулер сыр айтысып, сыбырлаған.
381
Аласа, қара торы қатып, сенген,
Танитын үлкен, кіші мұнда келген,
Қаладағы гармоншы, аты – Сұлтан
Ұстатты қолына оның қара гармонь.
Жұрт біледі әкесі Ұлтарақты,
Балташы еді, үй борап, ағаш шапты.
Сұлтан – оның кіші ұлы, жас кезінен
Ән салып, домбыра ұстап, гармонь тартты.
Міне, ол гармонь бауын іліп алып,
Жөнелді дуылдатып желдей ағып.
Құбылтты неше түрлі сазды әуенді,
Жіңішке саусақтары маймаң қағып.
Қаланы мекендеген қазақ бұрын,
Қолдаған татар салтын, күй мен жырын,
Осындай той, жиында гармонь тартып,
Жырлаудың оғаштығы болмайтұғын.
Манағы басқарушы топты барлай,
Сөйледі жиылғанға сөзін арнай.
- Бастайық: ойын, сауық, өлең, жырды,
Бір лебіз естіртсе екен Әміре ағай!
Гармонын ойнақтатып, тартқан сырлап,
Жырларын гармоншының бір аз тыңдап...
Әміре гармоньға еріп үн шығарып,
Күйіне «Бала мискин» кетті жырлап...
Жөнелді жырды жалғап Сапарғали,
Жыршы емес еленбейтін қатардағы.
Жиын тойдан қалмайды жұртқа таныс
Талай жыл Сапаш жыршы атанғалы.
Бұдан соң жырға басып Хамит кетті,
Ұзамай Ырысбекке кезек жетті.
Кезектесіп қосылып сырнайшыға,
Жыр жырлаумен бірталай уақыт өтті.
Сол кезде кірді біреу есік ашып,
Қолына домбыра ұстап, асып-сасып.
382
- Ал, енді домбыраға кезек келді,
Өзгесін тоқтат, – десті жамырасып.
Дегендей: өкпелеттің әнді неге?
Ұстатты домбыраны Әміреге.
Қолына тиюі-ақ мұң кетті сайрап,
Сілкініп, асыр-сала, тебірене.
Қолына қандай аспап берсе егер,
Сөйлетіп, ойнатуға өте шебер.
Құлақты сүйсіндіріп майда үні,
Естігенде ой кезіп, қиял өрер.
Ән құмар халық отыр әрең төзіп,
Біледі әнші жоғын бұдан озық.
Тәтті әнді сусағанын бұл қауымның,
Әміре отыр байқап, іштен сезіп.
Көтерді ащы айғаймен әннің басын,
Аударып, жиын-топтың ықыласын.
Мұңды үннен сыр шерткендей сүйген жарға,
Білдіріп ерке назын, көңіл нәшін.
Құбылтып, қоңырлатып «Қарға» әнін,
Білдіріп сүйген жарға арнағанын.
Жүрегін балғын жастың елжіретті,
Әдемі ән ардақтаған асыл жарын.
«Екі жирен» желгендей шұлғып басын,
Бір әуен шықты сырлы, әрі басым.
«Жүрмісің, аман-есен Бибінұрым»,
Деп шырқап, әннің созды қайырмасын.
Жалғасты «Сырымбет» пен «Ғазиз» әні,
Мәжіліс қыза түсті одан әрі.
Нәрлі әнге құмар жүрек сусындады,
Бойдағы тарқағандай армандары.
Ән бітсе, жаңа бір ән туып тұрды.
Шөл қанбай айтқан сайын құнықтырды,
У-шусыз, тым-тырыс боп, ұйып халық,
Ән билеп бар дүниені ұмыттырды.
383
Жұрт тыныш, ән кеулеген жүрек төрін,
Бой балқып, босатқандай іштен шерін.
Әміре домбырасын сүйеп қойып,
Сыпырды орамалмен маңдай терін.
Төрдегі қою шашты қара торы,
Өткір көз, келбетінде мейірім толы.
Мұртты адам Әміреге көңілі ауып,
Шақырды орын беріп қасына оны.
Манадан тыңдаған ол Әміре әнін,
Сұрады көңіл-күйін, тұрмыс халін.
Зиялы, сегіз қырлы, өнерлі адам,
Танылған аты көпке Жұмат Шанин.
- Жұмат деген білімді, өнерлі адам,
Дегенді күнде естиді бұл қаладан.
Қазір ол үлкен қызмет атқарып жүр,
Сонда да өнер, әнге көңілі-алаң.
Мейлі, қайда жүрсе де Жұмат өзі,
Өнерліні аңдиды екі көзі.
Ақын, жыршы, музыкант, әнші, күйші
Кездескенде ағылар шырын сөзі.
Бағалап Әміренің ән өнерін,
Көргендей келер шақтың төбелерін,
Айтты заман өнерге жол ашқанын,
Озық елге қазақ та теңелерін...
Жұмат айтты:
- Кешегі Ақан, Біржан,
Арқаның бұлбұлдары асыл туған.
Өнерін өрістетер сүйеу болмай,
Ой, арман жол таба алмай ақыр тынған.
Қара түн, азап заман ұмытылды,
Жарқырап еркіндіктің күні туды.
Сен енді өнеріңді қадірлей біл,
Білгенге сенің әнің өте құнды.
Мәжіліс, шілдехана, ойын-тойда,
Ән салу – ежелгі салт сіңген бойға.
384
Мұндайда ән мәнісін білетін аз,
Көп айтып асыл әннің құнын жойма.
Әнің бар көпке ұнайтын сынатуға,
Өрнегі көп мақтауға тұратын да.
Той-топырда кім білер ән бағасын,
Сенің орның түбінде театрда.
Ел болып отау тіккен қазақ елі,
Гүлденіп, көркеймекші барлық жері.
Оқу, білім, өнері өрге басып,
Алынбақ тау, тастағы асыл кені.
Әнші, күйші, өнерлі жиылатын,
Театр бар қазақта құрылатын.
Жасалған тізімі бар өнерпаздың,
Тізімнің ең басында сенің атың.
- Ол қашан? – деді Әміре.
- Биыл күзде.
Барамыз театрға сіз де, біз де.
Бойдағы өнер жұмсалсын халық үшін,
Мұны сен жеңіл-желпі көріп жүрме.
Әміре жауап қатты, бөгелмей көп,
- Жатсыну театрды ойымда жоқ.
Шақырса Қызылорда мен де барам,
Ол жерде Сіз болсаңыз көңілім тоқ.
- Әзірше, - деді Жұмат, тәжірибе алып,
Сахнаға шық, үйренсін халық танып.
Біраз күнде өзіңе хабар келмек,
Баруың театрға айдан анық.
Белгілеп екеуі де ертең кешті,
«Октябрь» клубында кездеспекші –
Болды да, сахнаға әзірленбек,
Қоштасып, уәде байлап, сөзді кесті...
385
Достарыңызбен бөлісу: |