Ертіс аралында
Ежелден өнерге орда Семей деген,
Бұрқанған көкейде – жыр, көмейде - өлең.
Содан ба осы өлкенің өнерпазын
Арналы ақ Ертіске теңей берем.
«Күн сайын шілдехана, қонақ пен той,
Сапырған сары қымыз, сойылған қой...
- Жақын, таныс, достардың шақыр бәрін,
Ән салып, ойнап, күліп, жазалық бой!» -
Деп шалқу қалталыға жарасады,
Мен кем бе, – деп біреулер таласады.
Тұрмыстан соққы жеген жарлыларға
Көру қиын ойын, той тамашаны.
Қаланың тұрғындары қазақ, ноғай,
Сауық, сайран құратын жері тоғай.
371
Аралға Ертістегі шығу үшін
Күн бұрын белгілейді уақытты орай.
Жегеді бірі пар ат, бірі жеке ат,
Көбінің іздейтіні сән-салтанат.
Жетерлік: қымыз, шарап, азық алған,
Аралға жеткенінше қылмай тағат.
Өзен жазда сұлудай сылаңдайды,
Кейде түзу, кейде кілт бұраңдайды.
Жүзген қайық, әр жерде шомылған жұрт
Су бетінде алыстан қылаңдайды.
Ертістің сол қабағы, тастақ жары,
Мүлгіген зәулім терек, жас жалдары.
Серуендей, демалуға құштарланған
Ағылып үлкен, кіші, жас пен кәрі.
Ішінде бар қарты да, баласы да,
Сіңгендей қалың орман арасына,
Тоғайда еркін жүріп, бой көтермек,
Оранып таза, тұнық ауасына.
Аралға тұс-тұсынан келген жиын,
Байқасаң неше түрлі халық дүйім.
Баратын қонақ, тойға әдетінше,
Киінген қызыл, жасыл сәнді киім.
Тоғай іші көк майса жайнап тұрған,
Сыңсыған қалың ағаш бойлап тұрған.
Бір жерден қазан асып, шәй қайнатып,
Біреулер өлең айтып, жыр жырлаған.
Татарлар думандатқан тартып гармонь,
Қазақтар домбырасын қосып әнмен.
Қыз, жігіт би билеген қолтықтасып,
Суарып көңіл гүлін серуендеумен.
Аз емес суда қауіп біледі де,
Дәл қазір бөгет жоқтай жүреріне,
Сонда да арылмайды үрейлі ойдан
Ертістің тоқтағанша жиегіне.
372
Жағаға тоқтаған соң ағаш қайық,
Арқанды лақтырды да құлаш жайып,
Бір жігіт дереу тартып алға қарай,
Байлады кетпесін деп кейін тайып.
Жағаға түсіп жатыр жапырласып,
Тоғайға енгенінше асып, сасып.
Бөлініп әрбір тұсқа жөнелді олар
Өзді-өзі әзілдесіп, сұхбаттасып.
Көтеріп азық-түлік, түйген затын,
Ішіне кірді барып самал бақтың.
Сонырқап көгал жерді таңдап жүріп,
Түбінен орын алған бір ағаштың.
Қайықтан үшеу түсті өте бапты,
Жай басып аяқтарын келе жатты.
Ақ костюм, ақ қалпақты, ақ шатырлы
Шеткінің сәнді көркі көзді тартты.
Бұл адам жазық маңдай, ерні салпы,
Орта бойлы, жұп-жұмыр тұрған қалпы.
Жүзі жарқын, жүрісі өте ширақ,
Өзіне бір көрген жан болар тәнті.
Бұл кім еді, ашқан жұрт құшақ, қойын,
Бұл Әміре – бұлбұлы қыр мен ойдың.
Жүрген жері өлең, жыр, шырқалған ән,
Қызығы, қызыл гүлі мәжіліс, тойдың.
От жаққан тоғай іші көкшіл тұман,
Жиекте бір топ адам сейіл құрған.
Анау жиын бас қосқан қазақ, татар,
Жыр жырлап, гармонь тартқан, мәжіліс қылған.
Бұл жерде отырғандар ойнап, күліп,
Қарай қалды жиекке мойын бұрып.
- Әнекей, әнші Әміре келеді, – деп,
Әр жерден хабар берген дауыс шығып.
Алыстан шоғырланған көріп топты,
Асықпай Әміре де келіп жетті.
373
Кәрі, жас аралдағы жүгірісіп,
Топырлап тоғай ішін өріп кетті.
Қалың жұрт қақ жарылып жолын берді,
Қағылып төрдегілер орын берді.
Әміренің келгеніне бұл ортаға
Шаттанып мәжіліс халқы көңілденді...
***
Мен сонда көріп едім ән иесін,
Әмірені сөзі балдай жан иесін,
Аңғарып бір көргеннен сергек ақыл,
Адамның сезген ішкі дүниесін.
Әншіні көрдім жүйрік тұмарланған,
Естуге әнін әркім құмарланған.
Кетпейді көкейімнен салған әні,
Сол үшін жүрегімнен жыр арнағам...
***
Жамырап амандасты жұрттың бәрі,
- Қош келдің, Әміре аға, шық жоғары...
Деп құшақтап бір досы кетті тасып,
Жүзінен байқалғандай сағынғаны.
Денің сау амансың ба, Әміре жан,
Көрген соң қуанышқа көңіл толған.
- Әміре келді, тыңдаймыз әнін, – дескен
У-шуға жаңғырықты бүкіл орман.
Әміре сәлемдесіп өз жөнімен,
Кейбірін шырамытты тек өңінен.
Алдағы қымыз құйған кеселерін
Ұсынды Әміреге кезегімен.
Қызба сөз, даурыққан әзіл, қалжың.
Ақ жеңгей қымыз сатқан жүзі балғын.
Әміремен есендесті күлім қағып,
Дегендей: «мен де саған құмар жаным».
Әміре ризалықпен басын иіп,
Қайтарды кеселерін ауыз тиіп.
374
Аққұба әйел алдына әкеп қойды,
Кесемен өзіне арнап қымыз құйып.
Көз қырын тастап Әміре қалың топқа,
Аз емес, көріп отыр, таныс, дос та,
Бірі әнші, бірі жыршы, домбырашы,
Гармоншы бас құрапты ойда жоқта.
Кездесіп осылармен мәжіліс, тойда,
Кімде, қандай өнер бар сақтап ойға –
Олар әнді үйренсе Әміреден,
Бұлардан да Әміреге тиген пайда.
Асыл өнер барлығын табыстырып,
Табыстырып, жүретін жарыстырып.
Осындағы бас қосқан өнерпаздың
Өтейік кейбіреуін таныстырып:
Достарыңызбен бөлісу: |