2 Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану жағдайы және
Мәшһүр-Жүсіп
2. 1 Қазақ мақал-мәтелдерінің жариялануы
Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану жағдайы «Қазақ
фольклористикасы» атты еңбекте былайша берілген: «Қазақ мақал-мәтелдері –
ертек, аңыз-әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық
шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз XII –
XIII ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді
кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман
сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен,
тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай»,
«Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») – деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз.
Ал Махмут Қашқаридің «Дивайни луғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң
кішік бол, халық үшін бәлік бол». «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында»,
«Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» – дейтін мақалдарды, ал
«Құдатғу біліктен». «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын
жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» – дейтін
мақал-мәтелдерді оқимыз.
Алайда, ертедегі құлпы тастарда, сирек кітаптарда жазылып қалған бірен-
сарандары болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, халық жадында
ауызша айтылып сақталған. Оларды жинап, жазып қағаз бетіне түсіру, баспасөз
арқылы жариялау XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан
Уәлиханов. Ш. Ш. Уәлиханов пен Л. И. Березин архивтерінде XIX ғасырдың
елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел
сакталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария,
көңіл – дүлдүл», «Тотықұс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады»
деген сияқты ондаған мақал бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр
түрлі ведомостілерде, жинақтарда, хрестоматияларда жазылып жарияланып
келді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге (кейде дербес) оны жинап
жариялаушылар: Ш. Ибрагимов, М. Терентьев, Ы. Алтынсарин, Я. Лютшь, Ф.
Плотников, Н. И. Гродеков, А. А. Васильев, П. М. Мелиоранский, А. А. Диваев,
Н. Ф. Катанов, Н. Н. Пантусов, В. В. Катаринский т.б. болды.
Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдер жарияланған
революцияға дейінгі әдебиетте Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы
толықтырылып қайта басылған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясының алатын
орны ерекше.
Хрестоматияда қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулылары іріктеліп
жарияланған және адам туралы, әйел, бала, ата-ана мен туыстар, оқу-білім, еңбек,
қайырымдылық пен қайырымсыздық, байлық пен кедейлік, достық, және
денсаулық деп он шақты тақырыпқа бөліп, жүйелеп түзілген. «Әлі қараңғы,
бірақ, аздырғыш элементтердің ешқайсысына азбаған және пайдалы нәрсенің
22
бәрін қабылдауға қабілетті туған еліңе шама келгенше пайдалы үлес қосу –
біздің әрқайсымыздың борышымыз» деп өзі айтқандай ұлы ұстаз Ыбырай
Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, сонымен қатар халық мұрасын іріктеп,
сұрыптап, реттеп жариялауға да үлкен үлес қосты.
Сол сияқты В.Катаринскийдің Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка
Тургайской области на 1899 год» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақалдарының
жинағын да атай кеткен жөн. Бұл жинақта оған дейін жарық көрген қазақ,
мақалдары мен мәтелдері жинақталған – бір мың бес жүздей мақал-мәтел
жарияланған.
Халықтың нұсқалары таңдап алынып, тақырыптық принцип бойынша
түзілген бұл екі басылым қазақ мақал-мәтелдерінің кейінгі жинақтарына үлгі
болды, жол ашты.
Жоғарыда аталған Шығыс мәдениетін зерттеушілер бастаған жинақтардың
бір артықшылығы – оларда мақал-мәтелдер ел арасында қалай айтылса, ешбір
өңдеусіз, өзгертусіз сол қалпында жазып алынған да, іріктеп-сұрыптап
жарияланған, көне, бөгде сөздерге түсініктер және қазақша текстімен қатар
орысша аудармасы берілген. Сонсын, жинақтарда қай жерден жазып алынғаны
көрсетіліп, әр уездің мақал-мәтелдері бөлек топталған.
Жазуы мен баспа сөзі кенжелеп дамыған халықтардың тілін, тұрмысын,
салтын, кәсібін т.б. зерттеп білу үшін құрылысы ерте қалыптасқан мақал-мәтел
сияқты ескі әдеби мұраны өзгертпей, өз қалпында жазып жариялаудың және
материалдың қайдан, қашан, кімнен жазып алынғанын көрсетіп отырудың
ғылыми мәні үлкен. Оның үстіне әдеби нұсқаны қазақ тілінде жариялаумен
қатар, орысша аудармасын беру де жинақтардың құнын арттыра түскен.
Алайда революцияға дейінгі халық шығармасын жинаушы,
жариялаушылардың осындай игілікті істерінде кейбір кемшіліктер де орын
алған. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті нұсқаларын жаттап, сақтап келген және
жаздырған әңгімешілер мен жыршылардың аты-жөндері аталмаған, айтушы,
жаздырушылар жөнінде ешқандай дерек, мәлімет берілмеген. Тағы бір
кемшілік, аталған жинақтардың көбінде мақал-мәтелдің шығу тарихын, әдеби
мәнін түсіндіргендей жарытымды түсініктер, алғы сөздер жазылмаған.
Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейін ғана қазақ фольклорының
басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер де ұқыпты жиналып, молынан жариялана
бастады.
Ташкентте 1927 жылы «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір
Диваев), Алматыда 1935 жылы «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері»
(құрастырушы Өтебай Тұрманжанов), 1950 жылы «Қазақтың мақал-мәтелдері»
(құрастырушы Балым Ақмұқанова) атты жинақтар басылды. Содан бері мақал-
мәтел нұсқалары мезгіл-мезгіл қайталап, толықтырылып басылып келеді.
Мақал-мәтелдердің революциядан бергі басылымдарына тән ерекшеліктер
бұларда материалдар идеялық мазмұнына, көркемдік кұндылығына қарай елеп-
екшеп алынған, тақырыптық принциппен жүйелеп берілген. Барлығында дерлік
түсіндірме, алғы сөздер бар.
23
Бұл жерде қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры жазушы Өтебай
Тұрманжановтың еңбегін ерекше атау ләзім. Ол ескілі-жаңалы газет-
журналдарда, жинақ кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған, әдеби-тарихи
архивтерде қолжазба күйінде жатқан және ел аузынан өзі жинаған қазақ
мақалдары мен мәтелдерін іріктеп-сұрыптап, белгілі жүйеге салып, үнемі
толықтырып жариялап келеді. Ө.Тұрманжанов құрастырған мақалдар мен
мәтелдер жинақтары
1!
идеялық және көркемдік жағынан таңдап алынуымен,
тақырыбы мен мазмұнына карай жүйелеп берілуімен, басқа жинақтарға
қарағанда әлде қайда толықтығымен дараланады.
Дегенмен бұл жинақтарда да қазақ мақал-мәтелдері түгел қамтылды деуге
болмайды. Құрастырушылар, көбіне, өздерінен бұрынғы жарияланған мақал-
мәтел нұсқаларын іріктеп, кейде өңдеп,өзгертіп жариялаумен қанағаттанған.
Тағы да бір байқалатын кемшілік – соңғы жариялаушылар алдыңғы
жинаушыларды, жинақтарды үнемі атап отырмайды; немесе жинаққа кірген
материалдар қайдан алынып, қалай жиналғаны да көрсетілмейді.
Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран
шағын алғыс сөздерде, жалпы ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу
мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға
дейін арнайы сөз болып зерттелген емес.
Рас, Мұхтар Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында», Сәкен
Сейфуллинің 1932 жылғы «Қазақ әдебиеті» атты кітабында мақал-мәтелдер
қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде аталып, топтап мысалдар келтіріледі.
Мұнда С.Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы, жалғасы
ретінде қарайды. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық
өмірінің барлық, саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп, зерттеуші
жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі
болса да, – дейді Сәкен, сол заманның тұрмысының қандай болғанын, сол
тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет
болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі»,
«Сабасына карай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ерекше сөздер – әр
заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның
тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұсай туды деген сөзді
қуаттайды»
Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен
тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.
Мұхтар Әуезов 1940 жылдардың басында жазылған «Қазақ халқының
эпосы мен фольклоры» дейтін зерттеуінде қазақтың мақалдары мен
мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі
малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне назар аударған. Оның
көркемдік, бейнелілік қасиеттеріне мысалдар келтіре отырып, автор одан
мынандай қорытынды жасайды: «Мақал-мәтелдердің молдығы, олардың
тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық,
мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының
24
өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық,
айғағы».
Алайда қазақ совет фольклористикасының негізін салушылар мақал-
мәтелдердің кейбір ерекшеліктерін анықтап, оған жоғары баға бергенмен,
олардың жанрлық табиғатына тоқталмайды.
Қазақ, мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ, әдебиетінің
тарихында» басылған Белгібай Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми
очеркінен басталады. Онда зерттеуші қазақ мақал-мәтелдерін малшылық,
аңшылық және егіншілік секілді негізгі тақырыптарға бөліп талдайды. Олардың
тәрбиелік, білім берерлік мәніне, қызметіне көңіл бөледі. Мақал мен мәтелдің
жанрлық ерекшеліктеріне тоқ-талып, әрқайсысына тиісті анықтама береді.
«Мақал дегеніміз, – дейді Б.Шалабаев, – тағлым берерлік, ырғағы бар,
тәжірибеде көп колданылатын бейнелі, қысқа, нақыл сөйлем. Мәтел дегеніміз
де өнеге берерлік бейнелі, ырғағы бар сөйлем. Мұның мақалдан
айырмашылығы – мағынасы ашық, болмай, ишарамен аятылатындығы,
сөйлемнің толымсыз болып келуі». Алайда автор мақал-мәтелдің шығу, даму
тарихына, жиналып жариялану жайына назар аудармаған. Жанрдың өзіне тән
ерекшеліктерін, өзге жанрлармен қарым-қатынасын толық ашпаған» [15, 56, 6
б.].
Аталған жанрды жан-жақты талдап зерттеген ғалым – Мәлік Ғабдуллин
дейді Қадыр Мырзалиев «М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» дейтін
жоғары оқу орындарына арналған оқулығында мақал-мәтелдерді жұмбақтармен
бірге дербес тарау етіп қарастырады. Зерттеуші, ең алдымен, қазақ мақал-
мәтелдерін жинап бастырушыларды ілтипатпен атай келіп, сөз болып отырған
жанрдың табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. «Ең алдымен,
әдебиеттік жа-ғынан алғанда, мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген
логикалық ой қорытындысы болып келеді, дейді М. Ғабдуллин. – Ол адам
өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі
құбылыстарға, тарихи мәні бар уақиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды
түйін есебінде қолданылады. М.Горькийдің «Мақал мен мәтел еңбекші
халықтың тарихын, әлеуметтің барлық өмір тәжірибелерін үлгілі, қысқа түрде
айтып береді» деуі осыдан.
Еңбекте халықтың малшылық, аңшылық, диқаншылық кәсіптерін көрсететін
мақал-мәтелдерден мысалдар келтіре отырып, олардың өмір танытқыштық
мәні, қызметі аты, анықталған.
Фольклордың басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер – халық оқулығы
өсиеті. Олар жастарды жақсы мінез-құлыққа мегзейді, жамандықтан сақтандырады.
Ең алдымен адалдыққа, қайырымдылыққа, ерлікке, ұйымшылдыққа шақырады,
еңбекке баулиды. Биік адамгершілікті насихаттай отырып, оған қарама-қарсы
арамдық, қараулық, ұрлық, өтірік, жалқаулық секілді жарамсыз мінез-құлықтар
сыналады, мансұқталады.
Халық, қоғам – кең ұғым. Тапты қоғамда бай мен жарлы, қанаушы мен
қаналушы қатар өмір сүреді. Халық тұрмысының айнасы мақал-мәтелдерде осы
қоғамдық топтардың, таптардың арасындағы қайшылықтар, тартыстар
25
бейнеленеді. Байлар: «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас», – деп
кедейлерді кемсітсе, кедейлер: «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» –,
деп байларды кекетеді. М. Ғабдуллиннің монографиялық еңбегінде осының
барлығы мол мысалдармен дәлелденген. Автор өзінің педагогикалық ой-пікірі
лайық парасаттылықты, білімділікті, саналылықты уағыздайды; өнер-білімге,
ерлік-еңбекке, бірлік-ұйымшылдыққа тәрбиелейтін мақал-мәтелдерді түсіндіруге,
насихаттауға ерекше көңіл бөлген, мақал-мәтелдердің эстетикалық мәнін,
маңызын ашып, айқындап берген.
С Нұрышевтың «қазақтың халық мақалдарының даму тарихынан» деген
атпен 1959 жылы көркем әдебиет баспасынан шыққан кітапшасынан да бұл
мәселе шешімін таппады, жанр сыры ашылмады. Автор кітапшасында қазақ
мақал-мәтелдерінің көнелігі, көптігі; халықтың тұрмысымен, кәсібімен
байланыстылығы туралы белгілі жайттарды қайталаумен канағаттанған. Қазақ
мақалдарын «Россияға қосылғанға дейінгі», «Қосылғаннан кейінгі» деп
жасанды түрде екіге бөліп, малшылық жөніндегі мақалдар байырғы, ал
егіншілікті көрсететін мақалдар Россияға қосылғаннан кейін пайда болған деген
секілді ұшқары пікірлер айтқан да, сол жаңсақ пікірін дәлелдеуге тырысқан.
Мақалдар мен мәтелдер – мағынасы да, формасы да әлдеқашан қалыптасқан,
өзгеріске онша тез ұшырамайтын тұрақты жанр. Фольклорлық мұраның даму
дәуірін белгілегенде бұл ерекшеліктерді елемеуге, ескермеуге болмайды.
Қазақ, ауыз әдебиетін зерттеу, жариялау ісінде соңғы он бес-жиырма
жылда елеулі жұмыстар істелді.
М.О.Әуезовтың басшылығымен қазақ әдебиетінің фольклоры тарихының
бірінші кітабы жазылды. Бұл еңбекте әрбір жанр бойынша бұрын-соңды
айтылған, жазылған зерттеулер жинақталған, қорытылған, соның ішінде
мақалдар мен мәтелдердің (авторлары 3.Ахметов, Б.Ақмұқанова) мәні, халық
тұрмысымен тығыз байланыстылығы дұрыс баяндалған, соны пікірлер
айтылған.
Қазақ совет ауыз әдебиеті дәуіріне арналған екінші кітапта (редакторы
М.Қаратаев) Б.Ақмұқанова совет дәуірінде туған жаңа мақалдар мен
мәтелдерден көптеген мысалдар келтіре отырып талдау жасаған. Алайда қазақ
мақалдары мен мәтелдері туралы әдебиет тарихы үшін жазылған соңғы очерк
бола тұр» мұнда жаңа мақал-мәтелдердің шығу, қалыптасу жайы, әдеби-
поэтикалық ерекшеліктері ашылмайды;
тектес жанрлармен байланысы,
көршілес халықтардың мақал-
мәтелдерімен қарым-қатынасы анықталмайды.
Қазақ мақал-мәтелдерін соңғы жылдары арнайы зерттеген ғалымдардың
бірі – Рахметолла Сәрсенбаев ол өзінің «Қазақ мақалдары мен мәтелдерінің
лексика-стилистикалық ерекшеліктері» дейтін кандидаттық; диссертациясында
мақал мен мәтелдердің құрылымын, лексикасын, стилистикасын қарастырған,
талдау жасаған; жасалу жолдарын, формасы мен мазмұнын, жақын жанрлармен
ара қатынасын кеңінен сөз қылған. Автор орыс мақал-мәтелдерін қазақшаға
аудару тәсілдеріне де тоқталып бұл жайындағы тәжірибелеріміз бен қол жеткен
табыстарымызды көрсетіп, сонымен байланыста өзінің ой-пікірлерін ортаға
26
салған. Солай болғанмен де тілші ғалым мақалдардың тарихына, көркемдік
ерекшеліктеріне, атқаратын қызметіне тоқталмаған.
Соңғы он жылда дидактикалық шағын жанрларға әдебиет қауымы көбірек
назар аудара бастады. Жанрлар табиғатын танытатын, әдеби қорымызды
байытатын аударма жинақтар, зерттеулер жарық көрді. Солардың ішінде ақын
М.Әлімбаевтың «Өрнекті сөз – ортақ қазына» атты еңбегі мақал-мәтелдерге
және аударма мәселесіне арналған. Еңбекте қазақ мақал-мәтелдерінің шығу
тарихы, өмір танытқыштық, мәні, қолданылуы және жаңа мақалдардың жасалу
жолдары жайында автор өз ойларын, басқа тілден қазақ, тіліне мақал-мәтел
аударудағы өз тәжірибелерін ұсынған [16, 25-36.б.] – дейді.
Сайып келгенде, мақал-мәтелдердің сөз өнерінде алатын орны ерекше.
Мақал-мәтел – бейнелі сөз, тапқырлық, даналық сөз. Мақал-мәтел – көлемі
нұсқа, тілі ұста, құрылысы тұрақты сөйлем. Сондықтан да ол жаттауға, есте
сақтауға, керекті кезінде қынаптан қылыш суырғандай жаңғыртуға,
пайдалануға оңтайлы.
Мақал-мәтел – халықтың көп жылдың, сан ғасырлық көрген-білгенінен,
бастан кешкенінен қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы; табиғатта,
өмірде үнемі болып, қайталап тұратын уақиғалармен, құбылыстармен
байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр-Жүсіп
Көпеевтің ерінбей ұзақ жинағаны мәлім. Фольклордың басқа жанрларына
қарағанда, мақал-мәтелдерді жинаумен айналысу фольклорист-ғалымнан ұзақ
уақытпен қажымас ізденуді қажет ететіні белгілі. Себебі мақал-мәтелдер дайын
күйінде жеке дара кездеспейді. Оларды айтушының не ауызекі сөзінен, не
қолжазбалар ішінен, туындылар арасынан іздеп табу арқылы қағазға түсіру
керектігі аян.
Қорытынды шығара отыра, «Қазақ мақал-мәтелдері» деген атпен шыққан
кітаптардың бірде-бірінде материалдардың басым көпшілігі Мәшһүр-Жүсіптен
алғаны еш көрсетілмей келгенін үлкен қынжылыспен атап айтқымыз келеді.
Н.Қуандықұлының зерттеуінше: «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым
Академиясында орталық қолжазбалар қорында Мәшһүр-Жүсіп жинаған көлемі
бір кітап боларлық мақал-мәтел топтамасының 1930-жылдардың басынан бері
сақталып келе жатқаны белгілі.Сондай-ақ, мақал-мәтелдердің басқа да үлгілері
«әулеттік архивте» сақталуда.
Достарыңызбен бөлісу: |