3 Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі және Мәшһүр-Жүсіп
3.1 М.Ж.Көпейұлының жинаған мақал-мәтелдерін топтастыру
Әрбір халықтың рухани-мәдени өмірінде мақал-мәтелдердің атқаратын
қызметі аса зор. Олар адамдар арасындағы қарым-қатынас қызметімен қатар
өткен өмір мен бүгінгі заманды және болашақты, ұрпақ пен ұрпақтың арасын
жалғастырып тұратын «Алтын көпір» іспеттігімен ерекшеленеді. Сондықтан да
этнос
өмір-тіршілігінің барлық түйіндері (салт-дәстүр, әдет-ғұрып,
дүниетаным, тіршілік көздері мен тәсілдері, қарым-қатынас т.б.) келіп
тоғысатын мақал-мәтелдердің күрделі табиғатын танып білу тек фолоьклоршы,
тілшілердің ғана еншісі емес, оған философтардың да, халық педагогикасының
да, этнографтардың да, психологтардың да т.б. ғылым салаларының да тікелей
қатысы бар.
Қазақ мақал-мәтелдерінің күні бүгінге дейін негізгі зерттеушілері
фольклоршы ғалымдар болып саналады. Оның себебін мақал-мәтелдердің ауыз
әдебиетінің бір үлгісі - кіші жанрға жатуына байланысты. Мақал-мәтелдерді
тілші ғалымдардың зерттей бастауы олардың тұрақты тіркес ретінде тіл
факторына жатуына байланысты. Қазақ қауымында мақал-мәтелдерді
педагогикалық, философиялық, этнографиялық тұрғыдан қарастыру кейінгі
кездерде ғана басталған сияқты.
Қалай болғанда да, мақал-мәтелдердің күрделі табиғатын танып-білуде
қазақ қауымында істелген істерден гөрі істелу тиісті істер әлдеқайда көп. Бұл
еңбекте қазақ мақал-мәтелдері және Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жинаған қазақ
мақал-мәтелдерінің тақырыптары, шығу төркіні мен қалыптасуына, зерттелу
аясына т.б. байланысты. Сондықтан да жалпы мақал-мәтелдерді, соның ішінде
қазақ мақал-мәтелдерін, зерттеуге бағышталған негізгі еңбектерге қысқаша
шолу жасап өтуді және сол арқылы алдағы мақсатты айқындай түсуді жөн
көрдік. Осы орайда нақтылы қарастыратын мәселелер: қазақ мақал-мәтелдеріне
деген зерттеушілік көзқарастар, оларды қолданудағы принцип, жатады.
Қазақ мақал-мәтелдерінің табиғатын сөз етуден бұрын жалпы мақал-
мәтелдерге қатысты зерттеулерді қысқаша шолып өту артық емес. Кей жағдайда
бұл сала әдебиет құзырында қарастырылады. Бұл нысанды зерттеуші екінші бір
салаға тіл біліміне қатысты тұрақты тіркестерге жатады. Басқа сала
мамандарының (философия, педагогика, этнография т.б.) бұл саламен
шұғылдануы әлдеқайда сирек және олар мақал-мәтелдердің мағына-мазмұнына
байланысты. Әбдуали Қайдар мақал-мәтелдердің зерттелуін былайша береді:
«Мақал-мәтелдерге байланысты теориялық еңбектердің ішінде біздің нысанға
тікелей қатысы бар зерттеулерден біз Г.Л.Пермяковтың бірнеше еңбегін атаған
болар едік. Олар: 1) От поговорки до сказки. М, 1970; 2) К вопросу о структуре
паремиологического фонда // Типологические исследования по фольклору. М.,
1975; 3) О смысловой структуре и соответствии классификации пословичных
изречений // Паремиологический сборник. М., 1978; 4) Пословицы и поговорки
38
народов Востока. М., 1979; 5) Основы структурной паремиологии. М., «Наука»,
1988 т.б.
Автор өзінің бұл еңбектерінде жалпы шығыс халықтарының (соның ішінде
қазақ, қырғыз, өзбек т.б. түркі халықтарының) мақал-мәтелдерінің тілдік
табиғатын, мағына-мәнін, логика-семантикалық, заттық-такырыптық топтарға
жіктелу заңдылықтарын, т.б. ерекшеліктерін салыстыра-салғастыра қарап,
жалпы мақал-мәтелдер теориясына қомақты үлес қосқан деп айта аламыз.
Алайда, бір өкініштісі, жеке тілдердің мақал-мәтелдеріне бағышталған
зерттеулерде Г.Л.Пермяковтың бұл жаңаша көзқарастары, әсіресе оның мақал-
мәтелді жіктеу, жүйелеу. топтастыру теориясы кең түрде өз жалғасын таба алған
жоқ. Бұл теориядан біз біршама пайдаландық.
Жеке тілдердегі мақал-мәтелдерге бағышталған паремиологиялық
зерттеулер өте көп және олар әр деңгейде әр түрлі мақсатқа, көпшілігі мақал-
мәтелдер жинағын, не сөздігін жасауға, бұл құбылыстың жеке аспектілерін
айқындауға бағышталған. Бұл салада орыс тілі мақал-мәтелдеріне бағышталған
ірі-ірі зерттеулерден, мысалы, мына еңбектерді атаған болар едік: Снегиров
И.М. Опыт рассуждения о русских пословицах. М., Даль В.И. Пословицы
русского народа. М, ГИХЛ., Савенкова И.Е . Структура и семантика пословиц и
поговорок современного русского языка. М., Жуков В.П. Словарь русских
пословиц и поговорок, М., т.б.
Дегенмен, бұлардың бәрі, қалай болғанда да, түркі әлеміне тән даналықтың
ұйытқысы болып саналатын мақал-мәтелдердің шығу төркінін, қалыптасу
заңдылығын, жіктелуіндегі, ой-толғанысындағы, қолданысындағы ортақтық
пен ұқсастықты айқындауда қажет мағлұматтар. Ондай жұмыстар туркітану
саласында өте көп, кейбіреулері мыналар: Ефимов Ю.Ф. Лексико-
грамматические особенности чувашских пословиц и поговорок. АКД. Алматы,
Гапаров С. Синтаксический строй киргизских пословиц и поговорок. АКД,
Фрунзе, Мамедов А. Эллипсис в азербайджанском языке. АКД, Баку, т.б.
Мақал-мәтел жинақтары барлық түркі тілдері бойынша бірнеше рет
жарияланды деп есептеуге болады.
Ал, қазақ тілінің өзіне келетін болсақ, мақал-мәтелдердің жинақ ретінде
жариялануы да, басқа тілдерден көне түркі ескерткіштерінен аударылуы да,
зерттелуі де бұл тілде аз деп айтуға болмайды. Оларды мақсат-мазмұнына карай
іштей бірнеше топқа бөліп қарастыру ләзім. Солардың біріне өз мақсатына
қарай қазақ мақал-мәтелдер табиғатын көптен бері тұрақты зерттеп, зерделеп
келе жатқандардың бірі - әдебиетші ғалымдар болса, екіншілеріне тілші
ғалымдарды жатқызамыз.
Алдымен қазақ мақал-мәтелдерінің топтастырылып, жинақ ретінде
жарияланғандарын атап өтейік. Мәселен, деректерге қарағанда қазақ мақал-
мәтелдерін халық арасынан толық болмаса да жинап, әр түрлі басылымдарда
жариялау XIX ғасырда көріне бастайды. 1879 ж. алғаш қазақ мақал-мәтелдерін
жариялаған (Хрестоматия., Орынбор) және 1906 ж. толықтырып, ең
тандаулыларын қайта жариялаған қазақ ағартушысы Ы.Алтынсарин болатын.
Одан соң, 1899 ж. өзіне дейінгі жарияланған 1500 мақал-мәтелді жинақтап,
39
«Сборник киргизских пословиц' (Оренбург) деген атпенен қазақ тілін алғаш
зерттеуші түркологтардың бірі В.В. Катаринский жариялайды.
Осы дәстүр жалғасып, қазақ мақал-мәтелдері 1923 жылы Мәскеу
қаласында «Мың бір мақал» деген атпен, 1927 жылы Ташкентте «Қазақ
мақалдары» деген атпен (кұрастырушы Ә. Диваев), Алматыда 1935 ж. «Қазақ
мақалы мен мәтелдері» деген атпен (құрастырушы - Ө. Тұрманжанов)
жариялана бастайды.
Мақал-мәтелдердің толықтырылып шығарылған жинақтардың күні бүгінге
дейін аздаған басылымы жарық көрді. Өткен ғасырдын. 50-жылынан кейінгі
басылымдары, мыс. Б. Ақмұқанова, Б. Адамбаев, М. Әлімбаев, Б. Әбдильдина,
Ж. Дәуренбеков т.б. құрастырушылар, авторлар тарапынан толықтырылып,
жаңаланып, толассыз жарияланып келеді. Ең соңғы, 2003 ж. жарияланған
«Қазақтың мақал-мәтелдері» (Алматы, 2003, 312 6. жалпы саны -4440 мақал-
мәтелдер) А.Т. Смайлова тарапынан құрастырылып, жарияланып отыp. Ескерте
кеткен жөн, қазақ, мақал-мәтелдері халыққа ортақ қазына болғандықтан, оны
кім шығармасын, қалайша сұрыптап, жаңаларын қосып толықтырмасын,
бәрібір сол ортақ қазына қайталанады. Сондықтан да, күні бүгінге дейін
жарияланып, жарық көріп келе жатқан қазақ мақал-мәтелдерінің дені, басым
көпшілігі бастауын сонау Ы. Алтынсариннен алып, В.В. Катаринский
жалғастырған, одан соң, алғаш рет толықтырып Ө. Тұрманжанов жариялаған
жинақ кейінгі барша жинақтарға негіз болып саналады.
Дегенмен, бұл салада қанша жинақ жарық көрсе де, мақал-мәтелдердің
жалпы саны 10 мыңға жеткен емес. Ал, шын мәнісінде, біздің жинақтаған
материалдарымызға қарағанда қазақ мақал-мәтелдерінің бұрынғы-соңғысы
болып, дүниеге келгендерінің жалпы саны 15 мыңнан асады. Демек, бұдан
шығатын қорытынды - қазақ мақал-мәтелдері жалпы халық тілінің қойнау-
қолтықтарынан, ел жадында жүрген қазына-байлықтан, ақын-жазушы
қолданыстарынан, халық даналығынан жаңа мақал-мәтелдер шығарып, үлес
қосушылардан түгел жинақталып, жүйеленіп болған жоқ деген сөз» [12, 325-
369.б.] - деп тұжырымдайды
Қазақ мақал-мәтелдерін ауыз әдебиетінің жанры ретінде зерттеу, табиғатын
айқындау, шешендік сөзге, көркемсөз өнеріне қатысты аспектілері мен қыр-
сырларымен шұғылданушылар, негізінен, әдебиетші мамандар . Осы орайда
қазақ макал-мәтелдері туралы пікір айтпаған әдебиетші жоқтың қасы. Ал,
мақал-мәтелдердің табиғатын арнайы сөз етіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін
айқындауға ат салысқан әдебиетші ғалымдардың қатарында М. Әуезов, Қ.
Жұмалиев, М. Ғабдуллин, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Б. Адамбаев, М. Әлімбаев,
Н. Төреқулов, Т. Кәкішев, З. Қабдолов, М. Базарбаев, С. Қасқабасов, С. Нұрышев,
Б. Ақмұқанова, т.б. атауға болады.
Мақал-мәтелдердің табиғатын танып-білуге атсалысушылардың екінші бір
тобына тіл мамандарын жатқызуға болады. Бұлардың зерттеу объектісіне
мақал-мәтелдердің тұрақты тіркес ретінде атқаратын кумулятивтік қызметі,
құрамдық-құрылымдық, мағыналық даму заңдылығы, қолданыс ерекшеліктері
жатады.
40
Осы орайда қазақ мақалдарын зерттеген тілші ғалымдардың есімдерін айта
кету артық емес. Мысалы: Р.Сәрсенбаев, Ә.Кайдар, Ө.Айтбаев, М.Мұқанов,
З.Ерназарова, Қ.Бейсенов, Ғ.Тұрабаева, А.Нұрмаханов, С.Сәтенова, Дина Б,
Сағын Б. т.б.
Мақал-мәтелдердің әдеби табиғаты мен тілдік ерекшеліктеріне арналған
нақтылы зерттеулерде, көбінесе, олардың жалпы құрамдық, мағыналық даму
зандылықтары мен іштей жіктелу принциптері т.б. қарастырылады.
Зерттеу жұмысымызда ретіне қарай біз осы мәселелердің біразына арнайы
тоқталмақшымыз. Осы тарауда зерттеушілер тарапынан көбірек сөз болатын
макал-мәтелдердің жалпы сипаты, мақалдар мен мәтелдердің тақырыбына
байланысыты.
Мақал мен мәтелдердің жалпы сипаты мен болмысына қатысты пікірлерлерге
тоқталар болсақ, олар сан алуан.
Мақал-мәтелдерге байланысты көп мәселенің бір түйіні олардың жалпы
сипаты мен болмыс-бітімі төңірегінде шоғырланған. Мұнда әрбір зерттеушінің
өзіндік таным-түсінігі баяндалған. Олар қалай айтылмасын және кім тарапынан
айтылмасын, бір-бірін қайталау, толықтыру арқылы, бәрі бір идея, бір түсінік
төңірегінен тоғысады. Ол идеяның түйіні, сайып келгенде, мақал-мәтелдер - қай
тілде болмасын, халық даналығының қайнар көзі, ақылман ойшылдар, ділмәр-
шешендер, айтқыш даналар сөзінің мәйегі, ұйытқысы. Осы арнада сөз қозғасақ,
білгір мамандар мен зиялы қауым тарапынан айтылып, жазылып келе жатқан
пікірлер көп-ақ. Солардың кейбіреулерін ғана атап өтейік. Мәселен, белгілі
орыс ғалымы П.Жуковский: «Пословицы великолепно закрепляют в памяти и
уясняют различные стороны народной жизни и выдающиеся события...
Пословицы и поговорки обозначают отношение народа к существующим еще
теперь и недавно исчезнувшим явлениям жизни, поэтому при их помощи легко
установить некоторые черты жизни прошлого» [4, 32 б.] деп, мақал-мәтелдердің
белгілі бір халықтың басынан кешірген тарихына, сол халықтың өз өмірінде
болған, бірақ бола бастаған, не бір жолата ұмытылған құбылыстар мен
оқиғаларға деген көзқарасын, жадында сақталған өткен өмір елестерін
жаңғыртатын, мән-мағынасын түсіндіретін тіл деректері дегенді аңғартады.
Парсы мақал-мәтелдерін зерттеуші ғалым Халық Көроғлы: «Пословицы и
поговорки персидского языка как синтез практических наблюдений, обобщение
жизненных ситуаций и отдельных коллизий, как правило, охватывают все
аспекты бытия... Поэтому паремический фонд любого языка имеет социальное
содержание...» [17, 38 б.] - деп, мақал-мәтелдер қоры әрбір халықтың
әлеуметтік хал-күйінің айнасы екендігін көрсетеді.
Батыс, Шығыс халықтарының мақал-мәтелдер байлығын арнайы зерттеп,
құнды еңбектер жариялаған белгілі орыс ғалымы Г.Л.Пермяков бұл күрделі
құбылыстың тілге, философияға, әдебиетке т.б. категорияларға қатысты екенін
айта келе:
«С одной стороны , пословицы и поговорки - явление языка, устойчивые
сочетания, во многим сходные с фразеологическими оборотами. С другой - это
определенные логические единицы, выражающие то или иное суждение. С
41
третьей - это художественные миниатюры, в яркой, чеканной форме
обобщающие (а точнее моделирующие) факты самой действительности» [5, 10
б.] - деп көрсетеді
Шынында да, автордың бұл тұжырымы көптеген басқа зерттеушілердің
айтып келген пікірлерінін жиынтыы сияқты.
Қазақ мақал-мәтелдерін зерттеудегі ғалымдардың бұл құбылысқа өзіндік
көзқарасы бар. Мысалы, академик Мұхтар Әуезов қазақ мақал-мәтелдерін
былайша сипаттайды: «Мақал-мәтел халық әдебиетінің қоғамдық
құбылыстарын кең қамтып, өмірдегі әр қилы қарым-қатынастарды әсерлі де
көркем бейнелейтін, тақырыбы, идеялық мазмұны бай, ең бір мол саласы.
Мақал-мәтел дегеніміз - халықтың нақыл сөздері, белгілі бір ойды ықшам
түрде, ұтымды, өткір етіп айтып беретін сөз.
Мақал тұлғалы болады, ойы тұтас келеді, әдетте, ол бір немесе бірнеше
толық сөйлемнен құрылады. Ал, мәтел, мақал сияқты, толық түрінде құрылмай,
сөз тіркесі, қалыптасқан нақышты, орамды сөйлемше түрінде жасалады» [18,
394 б.] дейді.
30-жылдардан бастап қазақ мақал-мәтелдерін жинақтап, жүйелеп,
жариялап келген әдебиетші ғалым Өтебай Тұрманжановтың, ол жөніндегі
тұжырымы былайша:
«Мақал менен мәтелдер - ауыз әдебиетінің ең байырғы,ең көне түрі: ол
ғасырлар бойы халықтың ұқыптап сақтап келген енбек тәжірибесінің жиыны,
ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арқасы, өмір-тіршілігінің айнасы,
көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан, тозбайтын, тот
баспайтын өмірлік өшпес мұрасы» [2, 3 б.] - деп анықтайды ол мақал-мәтел
табиғатын.
Қазақ мақал-мәтелдерін зерттеуші ғалым М.Ғабдуллин бұл құбылысты
екінші бір қырынан қарастырып, былайша сипаттайды: «Ең алдымен,
әлеуметтік жағынан алғанда, мақал - үлкен толғау, образ арқылы берілген
логикалық ой қорьпындысы болып келеді, ол адам өмірінде, тұрмыс-
тіршілігінде, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи
мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға, байсалды тұжырым есебінде
қолданылады» [19, 250 б.].
Қазақ мақал-мәтелдерінің тарихи даму жолын зерттеген ғалым
С.Н.Нұрышевтың анықтамасы бойынша: «Мақал - ауыз әдебиетінің қазақ
халқының өмірін барлық жағынан кең түрде қамтып алған жанрларының бірі»
[20, 128 б.] - делінген.
Автор қазақ мақал-мәтелдерінің тарихын «Қазақстанның Россияға
қосылғанға дейінгі және косылғаннан кейінгі тарихы» деп, үлкен екі кезеңге
бөліп қарастыру арқылы яғни орыс мәдениетінің оған тигізген ''игілікті» әсерін
сөз ету арқылы, баяндауға тырысады.
С.Н.Нұрышевтың тағы бір пікірі мақал-мәтелдердің ертедегі қазақ
қауымында моральдық ретінде атқарған қызметіне байланысты:
«Мақалдар халықтың қуанышы мен күйінішін даналығы мен өмірден алған
тәжірибесін жарыққа шығарудың бұқара арасында неғұрлым көп қолданылатын
42
формаларының бірі болып қана қойған жоқ. Үстіне моральдық заңдар жинағы
сияқты болып кетті, мақал көбінше елеулі талас -тартыстардың, дау-
жанжалдардың тағдырын шешетін өте маңызды дәлел ретінде қолданыла-тын
болды» [20, 26, 66 б.] - дейді автор.
Мақал-мәтелдер - шешендік өнерінің ең бір өзекті де үйлесімді мәселесі.
Осыған байланысты көп жылдар бойы шешендік сөздер проблемасымен
шұғылданған және бұл салада өндірте еңбек еткен ғалым Балтабай Адамбаев та
мақал-мәтелдерге төмендегіше анықтама береді:
«Мақал-мәтел - мазмұны бай, көлемі шағын, тілі көркем халық
шығармасы, белгілі бір халықтың қоғам тіршілігінен, табиғат құбылысынан
жасаған қысқаша қорытындысы, әлеуметтік және адамдар арасындағы қарым-
қатынастарды белгілейтін заңы, кодексі, жас ұрпақты тәрбиелейтін өсиеті,
насихаты, оқулығы».
«Қазақтың мақалдары мен мәтелдері сан ғасырлық халық тәжірибесінің
жиынтығы, ақыл-ойының қорытындысы және қоғамдағы дау-талас мәселесін
реттейтін заңы, кодексі; бір сөзбен айтқанда: қазақ өмірінің, санасының айнасы,
шежіресі» [21, 27 б.] - деп көрсетеді.
Қазақ халық даналығының ұйытқысы - мақал-мәтелдерді көп жылдар бойы
жинақтап, зерттеп, жүйелеп, өндеп, жариялап келе жатқан, сондай-ақ мақал-
мәтелдер қорын өз туындыларымен де, аудармаларымен де толықтырып, бұл
салада ерекше еңбегімен танымал болған әйгілі ақын Мұзафар Әлімбаевтың да
бұл құбылысқа деген өзіндік көзқарасы мен пікірі бар. Ол:
«Мақал дегеніміз өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін,
бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы байымдау,
соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі
әрі ырғақты халық накылы. Мысалдар: «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің
сәнін келтіреді «, «Кісі елінде сұлтан болганша, өз еліңде ұлтан бол « т.б., ал
«мәтел дегеніміз - халық арасында көп тараған, қорытындысы болмайтын.
тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіруі жоқ, ықшам де кестелі
халық сөзі: «Апама жездем сай» т.б [3, 18 б.] - деп көрсетеді.
Жоғарыда барша тілдерде кездесетін әмбебап құбылыс - мақалдар мен
мәтелдердің болмысын, табиғатын анықтап, сипаттайтын пікір-
тұжырымдардың біразы келтірді. Бұл ой-пікірлер әрбір автордың бұл
құбылысқа деген әр тұрғыдан қарап айтқан көзқарасы болса да, түптеп
келгенде, бір тұтас ортақ ұғым төңірегінде тоғысып тұр.
Дегенмен, олардың әрқайсысына зерделей қарап, талдап-тарата білген
зерттеушіге мақал-мәтелдер туралы осы мағлұматтың өзі де көп нәрсені
аңғартатыны даусыз. Түйіндеп айтылған бұл пікір-тұжырымдарда мақал-
мәтелдердің табиғаты туралы жалпы түсініктермен қатар өзіндік үрдісі, терең
сыры, нақтылы мәні бар практикалық, теориялық мәселелер де аз емес.
Көлемі жағынан барынша шағындығына қарамастан әрқайсысы жеке
тұрып келелі ой, кемел пікірді жеткізетін, өз дәуірінде кейінгі заманның
повесть, романы секілді сүйекті жанрларының жүгін арқалаған мақал
жанрының қадір –қасиетіне қай замандағы болсын кемеңгерлердің қатты ден
43
қойғаны мәлім. Өйткені, онда беріден алғанда, әріден алғанда күллі адам
баласының жер бетінде ұжданды тірлік иесі болып өмір кешуіне жол сілтейтін
ғибраттылық қағидасы жинақталған. Олай болса әуелден ақырға дейін адам
баласының сындарлы, ұжданды-арлы болып өмір сүруін уағыздайтын барша
дін атаулымен бұл мұраны түбірлес, рухтас деп таныған орынды.
Рухтас болатын себебі - ақыл-ойдың қазанында қайнап шыққан,
шыңдалуықапысыз кез келген тұжырымды пікір,, бұл кісілік жолында
тебіренген жанның, сан тарапқа қармақ салып, ақыры іздегенін ілгендей болған
сананың қызметінің нәтижесі. Ол - телегей теңіз өмірдің тәжірибесінен
туындайды. Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыбы сан алуан. М.Әуезов мақал-
мәтелдер жайында былай дейді: «қазақ мақал-мәтелдерінің бір ерекшелігі –
оларда халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен
сарындардың мол ұшырасатындығы» [22, 32 б.] - деп білген.
Рас, мақал-мәтелдер белгілі бір қоғамда өмір сүргендердің барлығынан
бірдей бұлжытпай орындалуы қатаң талап етілетін заңдар кодексінің немесе дін
қағидаларының жинағы емес. Бірақ, сандаған ғасырлар бойы халықпен бірге
өмір сүріп келе жатқан осынау қарапайым қазына - сол халықтың бүкіл
болмысына өмір жолын паш ететін елдік ескерткіші болуымен қастерлі.
Тәрбиелі қыз, арлы жігіт, ел қорғайтын азамат, халық қамын қамдайтын ел
ағасы, ұлыстың анасы болуға лайық кемеңгер бәйбіше қандай болу керек, елдің
қадірі, жердің қадірі, ата-ана мен ағайынның қадірі неде, осының барлығы
мақалдар мен мәтелдерде қапысыз өрнек салған. Өйткені, атамекеннің, оның
иесі халықтың елдік болмысы, елдікке жеткізетін қоғам мүшелерінің кісілік
келбеті - арлылығы мен әділдігі, өнерлілігі, еңбекқорлығы мен кәсіби шеберлігі,
тек ағайын-жекжатпен ғана емес, күллі адам баласымен үлгі қарым-қатынасы,
керек десеңіз дипломатиялық байланыстарының жөн-жосығын осынау халық
даналығының қастерлі мұрасынан қиналыссыз табуға болады.
Әрине, мақал-мәтел атаулының бәрінің стилі, калориттілігі бірдей емес.
Бірақ, ел үшін қызмет ететін, кей ретте әрқилы түсінуге болатын астарлы ойға
қаныққан халықтық қазынадан мін емес, ыңғай да ізгі мақсатқа жолықтырар
мағына ізделеді. Мәселен, «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Өзге елде
сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Айырылған ел азады, қосылған ел
озады», «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» [23, 25-30-б.] секілді
мақалдардың қай-қайсысы болса да туған жер, туған елді қастерлеуге үндейді.
Мақалдар мен мәтелдерді мамұнына қарап, шартты түрде болса да
тақырыптарға бөлуге болады. Сондай-ақ, ел өмірін сипатаған қалпына қарай,
сөздік құрамына байланысты олардың біразының шамамен қай кезде дүниеге
келгендігін де мөлшерлеу қиын емес. Мысалы: «Жұтаған жұртын мақтайды»,
«Ел даусыз болмас, жер жаусыз болмас», «Хан жарлығынан, қатын жарлығы
күшті», «Жаттығуда қиналсаң да, соғыста қиналмайсың» [23, 33, 39 б.] секілді
мақал-мәтелдер сөз жоқ, қазақтың Кеңес үкіметі заманында, басқа халықтардан
естіген нақыл сөздерінің, насихат әңгімелерінің әсерімен, өздерінің бастарынан
кешіп отырған жайларынан хабардар ететін дүниелер.
44
Әрине мақал-мәтелдердің авторы да - халық, есінде сақтаушысы да -халық.
Бірақ, сол әрқилы заманда өмірге келген мақалдарды кейінгі заман адамының
түсініп, қабылдауы әртүрлі болуы мүмкін.
Халықтың сандаған ғасыр бойы өзімен бірге өмір кешіп келе жатқан
мақалдары мен мәтелдері кейде уақыт өте келе, қоғамына, дәуіріне қарай
сыртқы тонын, тақырыбын, мазмұнын өзгертеді.
Мұхтар Омарханұлы: «Қазақ мақал-мәтелдерінің дені өлең түрінде келеді.
Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, үйлесіп, ассонанс, алитерациялардың
мол болатындығына қайран қаласың» [22, 33 б.] - деп жазады. Өйткені, қалың
елдің мұқтажын өтейтін мақал-мәелдер салиқалы ой-иесі, ділмар шешен, адуын
мінезді ақындардың араласуымен жасалған.Өмірдің елеулі жайларынан
қорытынды шығарған ақын, жыраулардың біраз шығармаларының
кейбіреулерінен мақал-мәтел аралас сөздердің кездесуін де, иә болмаса пәлен
деген би, пәлен деген шешен осындай-осындай оқиғаның тұсында былай деген
екен деп айтылатын кейінгіге жеткен мақал-мәтелдерді міне, осы тұрғыда қарау
орынды. Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Жинақтылық сараңдыққа жатпайды»,
«Ауырғаннан аяған күштірек» [24, 12 б.], секілді сөздері Абай құнанбаевтың
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Жақсы болсаң жарықты кім
көрмейді», «Егер ісім өнсін десең, ретін тап», «Жол қуған қазанға жолығар, дау
қуған пәлеге жолығар» [25, 52,63 б.] сияқты ойлы тіркестерін бұл күнде, халық
ежелден елге етене мақалдар мен мәтелдер ретінде қабылдайды. Авторын
халық деп есептейді. Ал, шындап келгенде бұл сөздер әлгіндей жағдайлардың
негізінде өмірге келген туынды екендігінде дау жоқ.
Мақалдар мен мәтелдер негізінен халықтық мұра, ауыз әдебиетінің
туындысы ретінде ел санасынан орын алатындықтан көбінесе айтушылар оның
авторы кім екендігін тексеріп жатпайды.
Әлбетте, терең мағыналы сөз бен ойдың астарлы болатыны өмірде жиі
кездеседі. Әсіресе, бұл мақал-мәтелдердің табиғатына тән. Бір қарағанда аңға,
құсқа, малға, ауа-райына байланысты айтылғандығына қол қоюға тура келеді.
Бұл ретте Мұхтар Әуезовтың «Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы
адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді», [26, 46 б.] -
деуі тегіннен тегін емес.
Мәселен: «Ордалы жыланмен ойнама», «Есек семірсе иесін тебер»,
«Бұқаның арамзасы бұзау арасында», «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят
кетеді», «Соқыр тауыққа бәрі бидай» [23, 56 б.] секілді мақалдар жылан, есек,
бұқа, ит, тауыққа байланысты ғана айтылған тұжырымдар емес. Түптеп
келгенде мұның ар жағында адамның құлқы мен қылығы жатыр. Сондықтан
мақал-мәтелдер мейлі аң мен құстың қылығын, мейлі ит пен малдың мінезін
сипаттасын, немесе еңбек адамының кәсібі мен өзара қатынастарын, жыл
мезгелдерінің ерекшеліктерін, үлкен мен кішінің, еркек пен әйелдің мінез-
құлқын баяндасын, түптеп келгенде соның барлығы қоғамда өмір сүргендердің
қоғамдасып тіршілік кешуі керектігіне, ізгі жанды, ізгі өмір іздеп келетіндей
сенімге иландырудан бастау алған. Өмірдің тірегі - атаны, тұрағы ананы
қадірлеудің, елді, отанды қастерлеудің, білімдарлыққа жетудің жолын мегзеген.
45
Қоғам өміріндегі жақсылық пен жамандыққа орай, жаңа заман, жаңа
кәсіпке байланысты да (ата кәсіп, мал шаруашылығы, егіншілік, балықшылық
туралы мақал-мәтелдер көп) мақал-мәтелдер аз шықпаған. Мысалы: «Әлі
жетпеген ақыретшіл», «Құл құнсыз, күң пұлсыз», «Алтын басты әйелден,
бақыр басты еркек артық» [23, 76, 80 б.] - деген мақалдардан өмірі теңдік көре
алмай кіжінумен келе жатқан жеке адамдардың, соның ішінде құнын даулар
артында қаумалаған қауымы жоқ құлдың, қалыңын сұрар төркіні жоқ күңнің
ғана басындағы трагедияны емес, әділетсіздіктің бел алып, асқынып тұрған
сәттегі қоғамның қалпына деген әлеметтік ойдың қарсылық лебізін сеземіз.
Ал, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы» , «Ат жақсысы арбада болар
жігіт жақсысы саудада болар», «Бұрынғының баласы «іңгә» деп туса, қазіргінің
баласы «теңге» деп туады» [23, 90 б.] секілді мақал-мәтелдерден бұрынғы
жайбарақат жатқан қазақ еліне заңы, дәстүрі бөлек елдердің тірлігі араласқанын
сондықтан пысық жігіт атаулының көбі саудаға, белді аттың бәрі кіре тартуға
шыққанын, ал сол сауда дегеннің өзіне халықтың беріліп кеткендігі сондай,
өмірге келген баланың іңгәләп жыламай теңгелеп жылайды деп сол заманның
құлқын бір жағынан мысқалдап кекетеді.
Қазақ халқы генетика ғылымына, тектілік мәселесіне қатты мән берген.
Сондықтан да кез-келген ер мен әйел ата-анасына, тұқым-зәузатына кір
келтірмеуге тырысып баққан. Сол үшін ол ең алдымен өн бойында мін жоқ адам
болуға әрекет жасаған. Мәселен: «Қас арғымақ белгісі - аз оттар да көп жусар,
қас жақсының белгісі – аз сөйлер де көп тыңдар» [27, 101 б.] деп келетін
мақалдардағы жақсы болып жүргендердің барлығы, арғы ата-тегінің
дұрыстығында деген идея ұсынады.
Бұл мақалдардың бір жағынан, негізгі басты мағынасы - тектілік үшін
күрес, текті жерден қыз алу, тектілермен жолдас болу, сөйтіп тұқымды да,
тәрбиені де ілгері бастыру болса, екінші жағынан - азаматтың мінезін
тәрбиелеуге қызмет ету.
Қысқасы, тұрқы шағын болғанмен мақал-мәтел атанатын жанрдың
тақырып аясы, философиялық құлашы кең.
Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыбына келер болсақ олар төмендегідей:
1) Адам, кісі туралы, 2) Адам мүшелері туралы, 3) ана туралы, 4) Ер жігіт
туралы, 5)Алла, иман, дін туралы, 6) Қыз туралы. 7) Өлім туралы
Осы тақырыптарды негізге ала отырып Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мақал-
мәтелдері осындай тақырыптарға бөліп қарастырылды.
Халық даналығының қаймағы саналатын мақал-мәтелдерді жинаушы
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мақал-мәтелдерінің тақырып аясын қарастырар
болсақ, сан алуан тақырыптарда кездеседі. Сол мақал-мәтелдерді тақырыптарға
бөліп, өзіміздің диссертациялық жұмысымыздың негізі ретінде қарастырдық.
Мәшһүр-Жүсіптің ел аузынан жинаған қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыптары
төмендегідей болып келеді:
Адам, кісі туралы,
Адам мүшелері туралы,
46
Ана туралы,
Ер жігіт туралы,
Алла(Құдай), Дін, иман туралы,
Қыз туралы.
Өлім туралы
Ағайын, туыс туралы,
Ел, халық туралы,
Ақылды, ақымақ туралы,
Жақсы, жаман туралы,
Байлық, кедейлік туралы,
Ұры, алаяқ туралы,
Аң, ит, құс туралы,
Төрт түлік мал туралы,
Дос, дұшпан туралы,
Қонақ, той туралы,
Ас, тамақ туралы.
Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында адам, кісі тақырыбына байланысты мақал-
мәтелдер саны он сегіз. Адам, кісі туралы мақал-мәтелдер адамның жалпы
болмысына, өмірлік тәжірибесіне қатысты болып келеді. Мәселен:
Достарыңызбен бөлісу: |