Бағдарламасы бойынша шығарылды т 78 ТӨлеутай е



Pdf көрінісі
бет39/65
Дата23.09.2022
өлшемі15,1 Mb.
#39929
түріБағдарламасы
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   65
Байланысты:
4e45f92ea0ff4fec2c6ff574a05c0dce

ТағДыр ТУДырған Ән
 (Тағдырлы әнші Тоқбайдың тауқыметті 
өнер жолы турасында)
1937 жыл Жүсіпбектің жүрегінде жазылмас жара қалдырды. Кеше
ғана Сәкен Сейфулиннің шаңырағында бас қосысып, мәжіліс құратын 
Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Орын-
бек Беков және т.б. ел ағаларының жазықсыз жазаланып, атылып
кетуі – Жүсіпбекке дүние теріс айналғандай әсер етті. Сәкен үйіне
жиылған игі жақсылар құратын келелі кеңестерде қазақтың өткені мен 
бүгіні, ұлт өнері мен мәдениетінің келешегі туралы ауқымды мәселер 
көтеріліп, көшелі әңгімелер шертілуші еді. Арасында мәжіліскерлер 
Жүсіпбек пен Әбікеннің домбыраларына кезек беріп, бір уақ есті ән мен 
дана күйлерге ден қоюшы еді. Енді бұның бәрі көзден бұл-бұл ұшты.
Сәкен бастаған халықшыл азаматтар баяғының аламаншыл батырла- 
рындай сергек еді, сұсты еді. Сағымды даланың сайыпқыран салдарын- 
дай жайсаң еді, жарқын еді. Теңдіктің ұранына қалтқысыз сенген қа- 
раша оларды ес көріп, қара тұтушы еді. Енді, міне, өз қолдарымен
орнатқан үкіметі өздерін жұтып тынды. Есті ерлерінен айырылған
Алматы иенде қалғандай күй кешті. Ән иесінен айырылғандай, күй 
киесінен ажырағандай, өнер біткен жұтап, өнерпаз атаулы жетім қалған- 
дай айналаны үрейлі мағынасыздық басты. Осындай сүлесоқ, қара жа-
мылған дел-сал, мұғаллақ күндердің бірінде Жүсіпбектер гастрольдік
сапармен Павлодар облысына жол тартты. 
Бұл 1939 жылы болған оқиға еді. Жүсіпбектер тобы Бесқарағай ауда-
нын аралап, концерт қойып келе жатқан сапарларының бірінде Тоқбай 
атты әншіге жолықты. Ел ішінде елеусіз ғана күй кешкен қарапайым 
жанның үлкен өнеріне тәнті болған Жүсекең қарт әншіні өзімен бірге 
Алматыға жүруге көндірді. Ондағы ойы Тоқбайдай болмысы бөлек
әншіні филармонияға орналастыру еді. Зерделі, қамқор, қошеметшіл 
тыңдарманға өнерін бағалатып, бапсыз, бақсыз әншіге тым болмаса 
қартайған шағында құрмет көрсету еді. Өйткені Тоқбай әнші тұрлаусыз 
тағдырдың аяусыз соққысын көп көрген жан еді. Осы арада оқушы
қауымға Тоқбай өмірінен біршама мағлұмат бере кету үшін сәл шегініс 
жасап, әнші өмірбаянына шолу жасап алмақпыз. Себебі осы уақытқа
дейін өнер сүйер қауымға Тоқбайдың нақты өмірбаяны белгісіз болып 
келген еді. Енді сол олқылықтың орнын осы еңбегімізде сәл де болса 
толтырмақпыз. 
Бірде Қарағанды қаласында тұратын физика-математика ғылымдары-
ның докторы, профессор Есет Смайылов ағамыздың үйінде қонақта 
отырғанымызда әнші Тоқбай жөнінде әңгіме басталып кетті. «Іздегенге –
сұраған» деген, Есет ағам алдыма Тоқбай әнші туралы жинаған дерек- 
терін жайып салды. Есет Смайыловтың қолындағы шежіре-деректерге 
сүйенсек, Тоқбайдың руы – Уақ. Азан шақырып қойған есімі Жүсіп екен. 
Тоқбай Жұмағұлов 1882 жылы Кереку уезінің Сейтен болысының Бөрлі 
ауылында дүниеге келіпті. Тоқбайды әншілікке өзінің атасы баулыған
екен. Ол жас шағынан атасымен бірге Бесқарағай өңірінің Сейтен, Бөрлі, 
Малыбай, Есілбай ауылдарын аралап ән салады. Тоқбайдың ұстазы
Қайдар әнші де өз заманының бетке ұстар өнерпазы болған деседі. 
Бірақ Қайдар әнші турасында біздің қолымызға ешқандай жазба 
мәліметтер түспеді. Шежіре беттерінде Тоқбай әнші 1924–25 жылдары 
орындау-шылық шеберліктің шыңына көтерілді, оның әншілік даңқы 
Ресейдің Новосібір, Кемер, Алтай өңіріне дейін жайылды деп жазылған.
Ж.Елебеков деректерінде 1932 жылғы ашаршылықта Тоқбай алты ба-
ласы мен әйелінен бірдей айырылады. Жер ауып, қаңғырған ол әрең
дегенде Барнаулға жетеді. Тырбанып жүріп бір дүкеннің күзетшілігіне 
ілігеді. Алғашқы жалақысына балалайка сатып алады (Ресейде домбыра 
қайдан болсын). Осы балалайкасымен ашаршылықта қырылған алты ба-
ласын, әйелін жоқтап, нәубет заманға қарғыс айтқан ол дүкен күзетінде 
отырып, күні-түні зарланып ән салады. Шәкен Айманов сынды аяулы 
ағалардың жүрегін елжіреткен Тоқбайдың «Екі жирені» дейтін атақты 
ән осылайша дүниеге келеді. Осыдан кейін өмірден баз кешкен әншіні
Бұйрат елінен (Буратия) көреміз. 1935 жылдан бастап, ол Улан-Удэ
филармониясында әнші болады. Улан-Удэде ол 1937–1938 жылдарға 
дейін істеген тәрізді. Өйткені 1937 жылдары Тоқбай Улан-Удэ радиосын-
да жұмыс істеп, үш жыл бойы тұрақты ән салған көрінеді. Әнші Монғо- 
лияда да өнер көрсетеді. Елге тек 1939 жылы оралған секілді. Өйткені 
осы жылдары оны Жүсіпбек Елебековтің жанынан Алматыдан көреміз. 
Жүсіпбек Тоқбайды өз үйіне паналатып, қазіргі Жамбыл атындағы 
филармонияға жұмысқа тұрғызады. Бірақ филормония басшылығы
жағдай жасамай қойған соң, еліне қайтып кетеді. Сөзіміз дәлелді болу 
үшін ендігі сөзді Жүсіпбектің өзіне берейік: 
– Қайран, Тоқбай! Дер кезінде білім алып, қазақ өнерінің дамуына үлес 
қосқанда, жеке әншілік мектебі боларлықтай дарын иесі еді ғой. Біздің 


136
137
көкірегі соқыр кейбір басшылар кезінде бағалай білмеген соң, жағдайы 
келіспей елге қайтып кетті. – дейді Жүсекең өкініш білдіріп.
– Мен сол кісінің өмірін жақсы білмейді екем, – дейді Шәкен әңгі- 
мені Тоқбайға қарай аударып. Олар шаршай бастағанда әннен әңгімеге
ауысып кететінін өздері де байқамай қалатын.
– Жарықтықта өмір дейтін өмір болған жоқ шығар-ау! Талайдың
отын өшіріп, өмірін қайғыға салған небір ауыр замандар өтті ғой. Ой,
заман-ай, десейші, – деп Жүсекең өткен күннен әңгіме қозғайды. – Тоқ-
баймен 1939 жылы ел аралап концерт беріп жүріп, Бесқарағай ауданын-
да кездесіп едім. Ондай адамдар қай жерге де керек қой, өзіммен бірге 
Алматыға алып келіп, филармонияға әнші ғып орналастырдым. Бірақ 
жағдайы болмағандықтан, көп аялдамай қайтып кетті. Осыдан кейін 
Тоқбайдан көз жазып қалдым. Ұзақ жылдар бойы кездестіре алмай
қойдым. Тым болмаса әнін жаздырып алмағаныма өкінем.
1960 жылы тағы сондай концерт беріп жүргенде машинамен ағызып 
келе жатып, бір аттылы адамға көзім түсті. Дұрыстап қарап үлгергенімше 
болған жоқ, машина зуылдап өте шықты. Санамда әлдебір қимас адамның 
бейнесі жарқ ете түскендей болды. Дереу машинаны тоқтатқызып:
– Мынау адам Тоқбай болуы керек, тұлғасы соған ұқсайды, – деп
машинаны кері бұруын өтіндім.
– Қойыңызшы, Жүсеке, бейсауат өтіп бара жатқан мықырайған
біреуді Тоқбай деп шатасқаныңыз не? Сіз де не болса, соны айта береді 
екенсіз! – деп күлді қасымдағылар.
– Меніңше сол, Тоқбайдың нақ өзі, көзім ешқашан алдамаушы еді. Сол 
екенін жүрегім де сезіп тұрғандай. Барайық, машинаны кері бұрыңдар, 
басқа адам болса, тонымызды шешіп алып қалмас, көрейік, – дедім.
Сонымен, әлгі аттылыға қапталдаса кеп тоқтадық. Машина жолдан 
қашықтау бара жатқан соң, көзім жете қоймады. Айқайлап қол бұлғап 
едім, әлгі кісі бізге қарсы жүрді. Жақындағанда оның Тоқбай екенін жаз-
бай таныдым.
– Тоқбай! – деп машинадан қарғып түсіп тұра жүгірдім. Бара аттан тік 
көтеріп алып құшақтап жатырмын. Оның да қуанышында шек жоқ.
– Жаман ағаңды қайдан таныдың? Ұмытпапсың ғой, шырағым. Рах-
мет! – деп жылап жіберді. Шүйкедей болып шөгіп кетіпті. Атын біреуге 
қалдырып, өзін машинаға отырғызып алдық!
Жиырма жыл жоғалтқан Тоқбайды осылай тауып алғам.
– Арада жиырма бір жыл өткенде, бірден қалай таныдың? – деймін мен 
де сөзге араласып. (Сөзге араласып отырған Хабиба Елебекова. Әңгіме 
Шәкен Айманов пен Жүсіпбек Елебек арасында өрбуде. – Е.Т.).
– Тоқбай сияқты адам ұмытыла ма? Ол ойымнан шыққан емес. Елге 
шыққанда оның қайда екенін сұрастырып жүретінмін. Ешкім білмейді. Бір 
рет бұрынғы жүрген жеріне іздеп барып, таба алмай қайтқам. Кейінірек 
дүниеден өткен шығар деп ойлаушы едім. Арқа сүйер адамы жоқ шүй-
кедей жаман шалды кім керек етсін. Кеуде соғары жоқ бұйығы адамның 
өнері ашылмай қала береді екен-ау деп ойға қалушы едім. Қойшы,
әйтеуір, көтеріле біткен танауыңнан айналайын шүйкедей Тоқбайды
таптым ғой. 
Жүсекең әңгімесін соза түседі. Шәкен үнсіз ойға батып тыңдай береді.
– Сол жолы Тоқбайды қонаққа шақырып келдім. Онда осы өзің жатқан 
үйді жаңа алған кезіміз. Қыс түсе Тоқбай да келді. Қолында балалайкасы 
бар. Өзіне жеке бір бөлмені босатып бердік. Күнде таңертеңгі тамақтан 
кейін қоймай отырып ән айтқызам. Дайындалып жаттыға бер, әніңді
жазып аламыз деймін.
– Қой, Жүсіпбек, мені мазалама. Сексеннен асқанда менде ән айта-
тын не қауқар қалды дейсің. Өзіңе ғана мына әлсіз даусыммен, сұраған 
әніңді айтып берейін деп, мына балалайкамды ала келдім, – деп көнгісі
келмейді. 
– Мен бұдан бір сәт ажырай алмаймын. Бұл менің өмірлік жолдасым 
ғой. Кешегі қайғы басқан қиын жылдарда, тек осы ғана, сырымды ұғар 
сырласым, зарымды ұғар мұңдасым болмады ма. Кейінгі кезде домбыраға 
қайта ауысуға болар еді. Оған дәтім бармады. Ауыр күндерде серік болған 
сырласымды тастай алмадым. Кейбір әндердің балалайкаға көнбейтінін 
білем. Бірақ амал жоқ! Тастай алмадым. Қиын кездегі жан аяспас до-
сын бас пайдасы үшін сатып кететін жаман жолдастай болмайын деймін. 
Мен оны өлмей тастамаймын, – дейді. Дегенмен, сол жылы оның біраз 
өлеңдерін радиоға жаздырдым
74
.
Жүсіпбектің Шәкенге шерткен осы әңгімелерінен Тоқбай өмірінің 
кейінгіге белгісіз көп сырлары көрініс береді. 
Есет ағамыздан алған дерегімізде «1961 жылы Жүсекең Тоқбайдың 
26 әнін таспаға жаздырған» делініп, әншінің радиоға жазылып алынған 
шығармаларының дәл саны көрсетілген. Өкініштісі, арада бірнеше 
жыл өткенде радионың музыка редакциясындағы әлдебіреулердің 
немқұрайдылығынан, не әдейілеп қастық етуінен Тоқбайдың таспаға 
түсірілген әндері тегіс өшіріліп кеткен. Мұндай құнды мұралардың,
74
Хабиба Елебекова. Ән – аманат. – Алматы: Өнер, 1989. 213–214-б.


138
139
сирек дауыстардың ешқандай жауапкершіліксіз өшіріліп, бүлдіріліп оты-
руы – еліміздегі телевизия мен радио саласының, қала берді, мұрағат 
жүйелерінің күні бүгінге дейін ортақ дерті болып кеткендігін несіне жа-
сырамыз?
Осылайша Жүсіпбек ерекше бағалаған, қадірлеген Тоқбай әншінің
дауысы жойылып кетті. Тоқбаймен бірге Жүсіпбек айтқандай, «жеке 
әншілік мектебі боларлықтай» бір әншілік мектеп жоғалып тынды. Ән-
шінің өзі 1964 жылы 82 жасында қайтыс болды. 2012 жылы Тоқбай
әншінің туғанына 130 жыл толды. Алайда еліміздің ұлардай шулаған 
ақпарат құралдары әнші Тоқбай Жұмағұловтың мерейтойы туралы бір 
үзік жылт еткен ақпарат беруге жарамады, ел мәдениетіне жауапты 
мекемелердің де ешқайсысы селт етпей, үнсіз қалды. Тәуелсіздік алған 
бостан елдің бұқара мәдениетіне жауапты мекемелерінің халық өнеріне 
деген көзқарасы осындай болған соң, басқаларға не жорық? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет