140
141
Барған жерлерінде гармонын құлаштай шырқап, жұртты әнге қарық
қылады; аштықтан бұралған,
белсенділерден зәбір көріп, жапа ше-
кен қамкөңіл елдің көңілін көтереді. Сөйткен Рамазан соғыс басталған
1941 жылдың желтоқсанында майданға алынып, соғысқа аттанады.
Майдангерлік жолын атақты Панфилов дивизиясынан бастаған Рамазан-
ның жауынгерлік жолы да даңқты болыпты. Оған тақауда қолымызға
тиген Р.Елебаевтің Подольск қаласында орналасқан Қорғаныс
Министрлігінің Орталық мұрағатында (ЦАМО) сақталған жеке құжат-
тарына үңілгенде көзіміз жетті. Бұл құжаттардың көшірмесін маған
тауып әкеліп берген белгілі математик Қуаныш Сейдахметов екенін айта
отырып, Қуаныш досыма өз ризашылығымды білдіремін. Бұрын-соңды
еш жерде баспа жүзін көрмеген құпия құжаттарға
осы кітап беттері
арқылы өмір бергенді жөн деп шештік. Қанша дегенмен, Рамазанның
жан жүрегін жарып шыққан «Жас қазағын» елге жеткізген Жүсекең ғой.
Жас өмірі мен жарқын талантын соғыс жалмаған дарынды композитор-
дың Ресей мұрағатында қалған құжатының Жүсіпбек жайында жа-
зылған осынау кітап арқылы туған еліне жетуінде де тылсым сыр
бардай. Ал енді осы «Жас қазақ» әні қалай туды. Соған келейік.
1942 жылдың сары қүзінде Халық комиссарлар кеңесіне Панфилов
дивизиясынан арнайы хат келуіне байланысты аталған жылдың қазан
айында он адамнан құралған артистер тобы майдан даласына концерт
қоюға аттандырылды. Алғашқы екі айда жазушы Ғ.Мұстафин
бастаған
Е.Өмірзақов, Ғ.Баубекова, Ш.Тұрымбетова, Л.Атманаки, А.Астахиев,
И.Басов Б.Львович, Н.Ткаченко және Ж.Елебеков сияқты өнер шеберлері
Калинин майданын аралап концерт берумен шектелді. Себебі бұлар ар-
найы барып концерт қоюға тиіс болатын 8-гвардиялық дивизия неміс
фашистерімен кескілескен ұрыстар жүргізіп жатқандықтан, соғыс
командованиесі жау оғы түтеп тұрған майдан даласына әртістерді апаруға
тәуекел ете алмады. Ақыры Ғабиден Мұстафин бастаған концерттік
бригада зор қиындықтармен 8-дивизия ұрыс жүргізіп жатқан майдан
шебіне жетті. Әртістерді даңқты комбат Бауыржан Момышұлының өзі
қарсы алып, полк штабына алып келді. Сөйтіп, майдангерлерге арналған
алғашқы концерттер басталып кетті. Жауынгерлер алдындағы кезекті
концерттердің бірінда Жүсіпбек Рамазанмен кездесті.
Енді осы кезде-
сулер мен Р. Елебаевтың қайғылы қазасына дейінгі күндерді Хабиба
Елебекова айтып берген естеліктер мен мұрағаттан табылған компози-
тордың жеке құжаттарына сүйене отырып, көз алдымызға әкелуге ты-
рысайық.
Рамазан Ержанұлы Елебаев 1909 жылы Солтүстік Қазақстан облы-
сы Еңбекшілдер ауданының Құдықағаш ауылында дүниеге келеді. 1941
жылдың желтоқсанында Алматының Фрунзе әскери комиссариатынан
майданға аттанады. Құжатта Рамазанның мекенжайы Алматы қаласы,
Пушкин көшесі 23-үй деп көрсетілген. Жұбайының аты-жөні Полина Фо-
минична Волкова деп жазылыпты. Осыдан біз Рамазанның әйелінің орыс
ұлтынан болғанын көреміз. Р.Елебаевтың әскери құжатындағы қысқаша,
нақты жазбалар осылай сыр шертеді.
Жүсіпбектер келгенде Рамазан дәрігерлік санитарлық бөлімшеде
қызмет етіп жүреді. Алғашында ол полк ансамблінде болған сияқты.
Себебі өзі кәсіби әртіс, оның үстіне Мәскеу консерваториясында 1937–
41 арасында бірнеше жыл оқыған Рамазанның
полк ансамблінің құра-
мында болуы заңды еді. Алайда, бір жолы түнгі орманды жаңғырықтыра
ән айтқан Рамазанның даусын нысанаға алған неміс фашистері бұларға
қарай оқты қарша боратып, тап береді. Жауынгерлерге төтен қауіп төнген
осы оқиғадан соң, Рамазан дәрігерлік-санитарлық бөлімшеге жіберіл-
генге ұқсайды. Бұған оның сол түні «жауынгерлік жүз грамды»
артығырақ алып қойғаны да ескерілген сияқты.
Жүсіпбектер Рамазанмен осындай жағдайда жолығады. Кезекті жа-
уынгерлік тапсырмадан оралған ол Жүсіпбектерді бірден байқай қоймай,
командиріне келіп оған өзінің бас киімін көрсетіп жатады. Сөйтсе,
мылтық оғы оның бас киімінің дәл маңдай тұсынан тесіп өтіп ке-
тіпті. Жерлестері осылайша Рамазанның тура келген ажалдан аман
қалғандығының куәсі болады.
Майданда 1942 жылдың қараша айынан 1943 жылдың қаңтар айына
дейін болған қазақстандық әртістердің елге қайтатын мезгілі жақын-
дайды. Елге қайтару жөніндегі шешім шұғыл қабылданады. Аяқ астынан
абыр-сабыры шыққан олар тез арада жолға жинала бастайды. Сол кезде
көз ұшындағы орман шетінен қылаңытып бір шаңғылы адам көрінеді.
Арқасында гармоны бар, алып-ұшып келе жатқан жанның жақындағанда
Рамазан екендігі білінеді. Келе сала Жүсекеңді ертіп блиндажға түскен
ол, жалма-жан оған өзінің шығарған әнін көрсете бастайды. Әнді Кеңес
Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың
ерлік өліміне арнап шығар-
ғанын, енді жан жүрегін жарып шыққан осынау туындысы Жүсіпбектей
әншінің орындауында елге жететін болса, бұл дүниеде арманы жоқ
екенін айтады. Сөйтіп, Жүсіпбек асығыс жағдайда «Жас қазақ» әнін
үйренеді. Әннің бастапқы аты «Жас қабір басында» деп аталыпты. Алай-
да қайтар жолда Жүсіпбектің қолқалауымен әннің сөзін жазған Ғабиден
Мұстафин шығарманың атауын «Жас қазақ» деп өзгертеді. Жолай, пойыз
үстінде, Ғабиден ағамыз ән сөзінің бірнеше нұсқасын жазады. Алайда,