4. Қ.Жұбанов еңбектерінің әлеуметтік лингвистикалық сипаты
Проф. Қ.Жұбановтың еңбектерін мұқият зерделей келгенде, қазақ тіл
білімінің ішіндегі жаңа, алайда кенже қалып келе жатқан салалардың бірі –
әлеуметтік лингвистикаға қатысты алғашқы теориялық көзқарастар мен
тұжырымдар бұл ілімнің кеңестік кезеңі қалыптаспастан көп уақыт бұрын
бой көрсеткендігін аңғарамыз. Ең алдымен, әлеуметтік лингвистика
тұрғысындағы көзқарастар мен тұжырымдардың ғалым еңбегінен орын алу
себебі – оның шын мәніндегі әлеуметтанушы болғандығында және тіл
198
проблемасын әлеуметтану мен лингвистиканың тоғысқан жерінде шеше
білген маман болғандығында десек ешкім дау шығара қоймас.
Қ.Жұбанов дәстүрлі лингвистиканың мәселелерімен айналысу барысында
тілдің даму проблемаларын әлеуметтік лингвистика елегінен өткізе
қарастырып, тілдің дамуы мен әлеуметтік ахуалдың өзара байланысы екі
түрлі жолмен жүзеге асатындығына көңіл бөлген: бір жағынан, тіл қоғамның
ықпалына ұшырайды; екіншіден – тілдік жағдайдың өзгеруі әлеуметтің
тұрмыс-тіршілігіне ықпал етпей тұрмайды.
Ғалым жекелеген сөздердің шығу төркінін лингвистикалық және
экстралингвистикалық заңдылықтарды ескере отырып талдайды. Ол сөздік
қор мен мағыналық өзгерістерді, тілдің грамматикалық құрылымын
мәдениетаралық қарым-қатынастармен, этностың экономикалық, әлеуметтік
өмірімен, қоғамдық сананың нормаларымен шарттас болатындығын үнемі
ескертіп отырған.
Проф. Қ.Жұбановтың ғылыми көзқарасы бойынша, тіл – өз алдына
дербес, қоғамға тәуелсіз құбылыс емес, адамның қарым-қатынас
тәжірибесінің іс жүзіндегі қажеттілігінен туындайтын қоғамдық-тарихи
эволюцияның өнімі. Себебі тіл тарихы кездейсоқ және әр тараптағы
өзгерістердің стихиялық ағымы емес, қоғамдық-тарихи дамудың ретті
қозғалысымен тәртіптелген, төменгі сатылардан жоғары деңгейлерге
иерархиялық принциппен өрлеудің көрінісі. Тіл құрылысының қалыптасу
заңдылығы, жалпы алғанда, лексемалардың мағыналық өзгерісі тұрғысынан,
грамматикалық формалар мен категориялар диалектикасы бойынша, тілдік
тұлғалар арқылы берілетін ойлау динамикасының сатылай алмасуы туралы
қағидалар сипатында барлық тілдерге бірдей қызмет етеді.
Ғалымның «Төңкеріс және қазақтың ұлт тілі» атты еңбегін нағыз
социологиялық очерк десе де болғандай. Автор бұл еңбегінде «қазақ елінің
басын қосып, қонысын біріктіріп, ұлан-байтақ даланы шарлап көшкен
жұрттың ұлттық тілін бір арнаға тоғыстырып, бiр тектi мәдениет тұрғызған
жағдай Ресей патшалығының қол астына кіріп, соның билігіне мойын
ұсынған кез емес, одан бірнеше заман әрідегі кезең еді» деп түйеді. Қазіргі
түркі текті жұрттардың көпшілігін бір қазанда қайнатып, бір ұядан өрбіткен
Алтын Орда мәдениетінің іргесі шайқалғаннан кейін көптеген ру-
тайпалардың ұсақ-түйек халықтарға ыдырап кеткені мәлім. Егер жазба
тарихтың ауқымымен өлшесек, Қ.Жұбанов меңзеген тіл тұтастығының қазақ
қоғамында қалыптасу кезеңі сол заманға дөп келеді. Қазақ хандының
құрылуы да осы бір ірі тарихи оқиғаларлың жаңғырығы іспеттес. «Басқасын
қойып, бiрлескен қоғамның iшкi қатынасының негiзгі айнасы болатын тiлдi
алсақ», – дейді Қ.Жұбанов жоғарыда аталған еңбегінде, – «қазақ тiлiндегiдей
бiр өңкейлiктi, бiр қалыптылықты басқа тiлдерден сирек ұшыратамыз».
Ғалым мұндай тіл бірлігінің ешқандай ұлтта кездеспейтіндігіне, «қазақ
жеріндей ұшы-қиырсыз шалқыған кең даланы алып жатып, қалайша мұндай
тіл тұтастығын сақтай алды деген сұрауға таң қалмасқа болмайды» деп,
бұл құбылыстың себебіне тереңнен үңіледі. Тілдегі тұтастық, бірөңділік
199
тұрмыста ұзаққа созылған тығыз қатынастың болғандығынан деп түсіндіреді
ол. « Ондай тығыз қатынас болмаса, өзі сан алуан көп елден құралған бір
халықтың тілі мұншама бірікпеген болар еді». Қысқасы, тіл тұтастығының
қалыптасуы – халықтың бір-бірімен етене тығыз қарым-қатынаста болуы,
Арқадан Сырға шейін, Еділден Алтайға дейін қыс қыстап, жаз жайлап, бір-
бірімен қыз алысып, қыз беріскен қазақ жұртшылығының емін-еркін кешкен
тірлігі. Бүгінгі әлеуметтану ғылымда аталған жәйт «этностың ақпараттық
тұтасымы» деп аталса керек.
Қ.Жұбанов ұлт тілінің өзгерістерін қоғам өмірінің өзгерістерімен
бірлікте қарастырады. Бұл ойымызды ғалымның өзін сөйлете отырып
дәлелдейік: «Қазақ елін бір қылып, қонысын бірлестіріп, басын қосып, бір
тілмен сөйлетіп, біртекті мәдениет туғызған жағдай – патша Ресейіне
қараған дәуір емес. Бұл одан үш жүз жыл бұрын басталған болатын. Сол
үш жүз жылқазақ мәдениетінің ішкі ой-шұңқырын соншама тегістеген,
мәдениет қалпы жағынан соншама бірлестірген, бұған таңданбасқа
болмайды. Басқасын қойып, бірлескен қоғамның ішкі қатынасының негізгі
айнасы болатын тілді алсақ, қазақ тіліндегідей, бірөңкейлікті,
бірқалыптылықты басқа тілдерден өте сирек ұшыратуға болады. Қазақ
тілінде ешбір диалект жоқ (қою жазумен берген біз – С.Құлманов). Осы
күні ғана болар-болмас жарықшақ барын сезіп жүрміз», – деп, қазақ
халқының тілі мен мәдениетінің XIV ғасыр мен XVIII ғасырлар аралығында
тұтасып, дамығанын дәлелімен айтады. Бұл жағдай, біріншіден, ұлт
болмысын танып, сипаттауда тіл қызметінің ерекше мәнін көрсетеді.
Екіншіден, тілдің ұлттұтастырушылық қызметін де дәлелдейді. Ғалым тілдің
тұтасуы мен өркендеп дамуына жағдай туғызған объективті себептерді атап
көрсетеді: бірыңғай шаруашылық (мал шаруасы), көшпенді тұрмысы
(мәдениеті), рулардың жауласуы // жарасуы және соның нәтижесінде үздіксіз
араласуы (8, 327). Аталған пікірлер мен келтірілген дәлелдерді шынайы
әлеуметтік лингвистикалық зерттеу дегенге ешкім де дау туғыза қоймас.
Қ.Жұбановтың әлеуметтік лингвистикалық ой-пікірлерін жинастыра
келгенде, олардың ішіндегі ең маңыздысы да, бүгінгі күнмен сабақтасып,
өзектілігін ұлғайтқаны да осы тіл саясатының басым бағыттарын анықтаумен
байланысты. Бұлай дегенде біз қазақ тілінің мәселелеріне қатысты
Қ.Жұбановтың әр жылдары жазылған әлеуметтік астары бар пікірлерін
біріктіріп, жүйелеп, әлеуметтік тіл білімінің бүгінгі өзекті мәселелеріне
телігеннен шығатын қорытындыны айтамыз. Ғалымның тілді дамытудың
қазір біз мұқтаж болып отырған басым бағытына үндес пікірлері жекелеген
мақалаларынан теріліп алынса да, оның бұл мәселедегі көзқарасы ғылыми
зерттеулерінен
тұтастай,
тіпті
зерттеулерінен
ғана
емес,
жеке
шығармашылық ғұмырынан да аңғарылып тұрады.
Проф. Қ.Жұбанов ғылыми зерттеулерін сөз еткенде ең алдымен тілдің
фонетика, грамматика, терминология, лексикология, методика салалары
аталса, ғалымның әлеуметтік лингвистикалық көзқарастарын іздегенде оны
осы салалардың әрбірінде-ақ жасалатын тұжырым, ой-қорытындыларынан
200
«сылып» алуға тура келеді. Мысалы, ғалымның «Әлемдегі халықтардың бәрі
де этникалық жағынан мидай араласып кеткен, «таза халық» жоқ», – деген
пікірін тілдің әлеуметтік шарттылығы туралы деп түсінуге болады.
Қ.Жұбановтың жалпы ғылыми мұрасын зерттей келе, Ж.Сұлтан өз
зерттеуінде былайша ой қорытады: «Қ.Жұбанов тілді адам, қоғам, мәдениет
факторларын ескермей зерттеу немесе тілді оның мазмұнынан бөле-жара,
жалаң формасы жағынан құрастыру бос әурешілік деп, бүгінгі таңдағы
заманауи тіл білімінің негізгі өлшемдерін өз тұсында-ақ байқаған» (90).
Қазіргі жалпы тіл білімінде тіл қызметіне, біріншіден, адам
қоғамындағы тілдің қолданысы мен қызметі; екіншіден, бір тілдік бірлік
жиынтығының басқа тілдік бірліктер жиынтығына детерминативтік
сәйкестігі (тәуелділігі) жағынан анықтама беріледі. Қ.Қ.Жұбановтың
зерттеулеріндегі тіл қызметіне деген көзқарасы осы екі тұрғыдан
сипатталады. Ғалым тілді зерттегенде алдымен оны адам қоғамымен тығыз
байланыста қарайды. Бұл, әрине, әлеуметтік тіл білімінің нысаны болып
саналады (91, 88-91).
Халықтың ұлттық мүддесін қорғау, оның ішінде ұлттық тіл ерекшелігін
сақтау қабілетінің кем соғуына алып келген себептерді қазақ халқының
қалыптасуы мен даму тарихынан іздестіруге тура келеді. Осы себептерді
Қ.Жұбановтың өзі дөп басып айтқан. Ғалым қазақ мәдениетінің толысқан
шағы оның патшалық Ресейге бодан болмай тұрған еркіндіктегі дәуірі екенін
айтады. Сол дәуірде мал-жанын жаудан бірігіп қорғауы, ортақ шаруашылық
салтын ұстануы халықтың азаматтық санасын нығайтуға негіз болғанын, ал
Ресейдің қол астындағы өмір елде масылдық психология қалыптастырып,
азаматтық санасын кеміткенін Қ.Жұбановтың дәл көрсеткеніне тәнті
боламыз. Осы тұрғыдан қарағанда, бізге ұлттық тілімізге жасалған қиянаттың
негізгі себебін түсіну де оңайырақ. Өйткені екі-үш ғасыр империяның
дегенін орындап, өз мүддесін іске асырып көрмеген халықтың тағы да өзі
күресіп қол жеткізбеген жаңа кеңестік қоғамдағы 10-15 жыл ішінде басқаша
бола алмайтыны заңдылық еді. Төңкерістен кейінгі Қазақстандағы тіл
саясатының белсенді қызметшілері (субъектілері) болып саналатын орталық
пен жергілікті билік пен оқу-ағарту өкілдері осы отарлық сана-сезімнің
ықпалында болды. Бұл термин қалыптастыру ісінен де, тілдің басқа бір
маңызды жұмысы – ісқағаздарын қазақ тіліне көшіруден де көрініп жататын.
Тілдің маңызды деген салаларындағы істің ақсауы тіл саясатын жүйелі
жүргізуге кедергі болды. С.Сейфулиннің ХХ ғасырдың 20-жылдары «ешкім
ісқағаздарын қазақ тіліне көшірмеймін демейді, бірақ жеме-жемге келгенде
қиынсынып, көмек сұрап, істі өзіңе аударады» дейтіні сол еді.
Қ.Жұбановтың тілдік зерттеулерінің әлеуметтік астары жайында сөз
еткен зерттеуші – Б.Хасанұлы. Ол Қ.Жұбановтың әлеуметтік лингвистикалық
пайымдауларын әртүрлі тақырыптарға қатыстылығы жағынан қарастырады.
Б.Хасанұлы еңбегінің басты құндылығы деп оның Қ.Жұбанов пен онымен
замандас зиялылар арасында термин мәселесіне қатысты туындаған
қайшылықтардың бірқатар себебін ашып көрсетуін айтуымыз керек (92, 119).
201
Бүгінгі ұрпақ Қ.Жұбановты бірінші кезекте терминдерді бүгінгі пошымында
қалыптастырушы ғалым ретінде танығандығы жасырын емес. Біржақтылау
десек те, терминдер мәселесі Қ.Жұбановты бүгінгі қоғамдық қабылдау
ыңғайының негізгі өлшеміне айналып, оның әлеуметтік бейнесінің басты
бояуы болып тұр.
Терминдер мәселесін назарға ала отырып, зерттеуші Б.Хасанұлы
Қ.Жұбановты Алаш қайраткерлерінің ұстанымынан алшақтатқан мынадай
себептерді атап көрсетеді: 1) емленің таптық сипаты болатыны, яғни оның
еңбекші бұқараға түсініксіз етіп қолдан әдейі жасала алатыны; 2)
партияларының әртүрлі болуы; 3) қазақ тілінің төңкеріске дейінгі
нормасынан бас тарту қажеттілігі және 4) мемлекеттік қызметте жүріп, оның
мүддесіне қарсы шығуға мүмкіндігінің болмауы.
Проф. Қ.Жұбанов емлеге таптық сипат беріп, «еңбекші бұқараға
қызмет етпейтін», бұқараға түсініксіз емле ұсынып отырған капиталистік тіл
білімін сынға алғанын білеміз. Емлеге көзқарасы осылай болғандықтан,
ғалым терминдерімізді қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, оларға
етене таныс сөз байлығы негізінде қалыптастыру бағытын қолдаса керек еді.
Алайда ғалым, керісінше, еңбекші халықтың мүддесін төңкерістік
өзгерістермен, онымен бірге еніп жатқан шет сөздер тобымен бірлікте
қарапты. Әрине, еңбекші бұқараға бөгде елдің сөздері емес, өз тілінде
жасалған атау сөздер түсінбестік әкеледі деген позицияны қолдауға келе
қоймас. Сондықтан ғалымның мәселе мәнін өзгеше жағынан қарастыратын
мұндай көзқарасын оның мемлекеттік қызметте болуынан, билік талабынан
туындады деп есептегеніміз орынды болмақ.
Шын мәнінде, Қ.Жұбановтың мемлекеттік қызметте болуы, сол кездегі
жоғарғы атқарушы билік тапсырмаларын тікелей орындауы оның сөз болып
отырған термин мәселесінде ұстанған «орыстық» позициясының басты себебі
бола алатындай. Мәселен, Б.Хасанұлы осындай себеп ретінде айтатын
Қ.Жұбановтың «Алаш» емес, коммунистік партия мүшесі болуын да оның
қызмет бағытымен ұластыра қарауға болар еді. Қ.Жұбановтың партия мүшесі
болуы оның әртүрлі деңгейдегі, әсіресе, Халық ағарту комиссариатындағы
мемлекеттік қызметін мүлтіксіз атқаруына септігін тигізсе, керісінше,
ғалымның мемлекеттік қызмет жолын таңдап, мемлекет мүддесіне сай әрекет
жанынан табылуы оның партияға мүше болуына алып келетін бірден-бір жол
сияқты. Бұл арада Қ.Жұбанов лауазымды қызмет атқарған 30-жылдары
коммунистік партиядан өзге партияның қалмағанын да атап өтуіміз керек.
Сондықтан бар ғұмырын тілге бағыштаған Қ.Жұбановтың қоғамдық-
әлеуметтік ұстанымын түсінуге көмектесетін бұл себептер зерттеуші
Б.Хасанұлының «ғалымның мемлекеттік қызметте жүріп, оның мүддесіне
қарсы шығуы мүмкін емес еді» деп орынды атап көрсететін төртінші
себебімен ұласып жатыр екен (92, 119).
Енді Б.Хасанұлы атап өтетін соңғы себепті, яғни Қ.Жұбановтың термин
қабылдаудағы «орыстық» бағытына «қазақ емлесіндегі ала-құлалықтан
арылу қажеттілігі» себеп болды деген пікірді де түсіндіре кетейік. Бұл «ала-
202
құлалық» Б.Хасанұлы айтатын «халыққа танымал емес сөздерден», бірінші
кезекте орыс тілінен келіп жатқан термин сөздерден болатын. Алайда, назар
аударарлығы сол, Қ.Жұбановтың өзі атап айтатындай, ала-құлалық ол кезде
қазақтың өз сөздерінің емлесіне қатысты да болыпты. Ғалым қазақ тілінің
емлесін «шет сөздері болмаса, өз сөздеріне келгенде кемшіліксіз» деп көкке
көтере мақтаушыларға сын айтады. Қазақтың өз сөздерінің дұрыс жазылуына
қатысты ала-құлалықтың да ұшы-қиыры жоқ екеніне мысалдар келтіреді.
Бұдан Қ.Жұбанов емледегі ала-құлалықтан шетел сөздерін өзгертпей алумен
құтылмайтынымызды, мәселенің түпкі себебі тілді зерттеуді тиісті деңгейге
көтеруде жатқанын жақсы білді деп қорытуға болады. Енді оның жағдайды
біле отырып, терминдерді орысша түзу бағытын белгілеуінің бірнеше себебін
болжамдауға болады: 1) ала-құлалықтан тұтас құтқаратын ғылыми әлеуеттің
жоқтығын, қалыптасқан ахуалды шұғыл арада шешпесе, онан сайын ауырлай
түсетінін мойындауы мүмкін, 2) ғалым осындай жолмен болса да ала-
құлалық деңгейін жарым-жартылай азайтуды мақсат етуі мүмкін және 3)
қазақтың өз сөздеріне қатысты ала-құлалыққа қолданатын тілдің ережесін
жасау, әрі қарай зерттеу жолын халықаралық немесе «біреудікіндей» болған
терминдерге қатысты қолдануға тағы да мемлекеттік қызметшілігі жол
бермеуі ықтимал.
Қазақ тілінің бүгіні мен болашағына қатар алаңдаған абзал жан –
Қ.Жұбановтың сол кездегі тіл тағдырының белсенді қалыптастырушысы
ретіндегі орнын анықтау бүгінгі күні сол мұра тілді тұтынушы халықтың
оған деген жеке көзқарасын, көңіл-күйін білдіретін қоғамдық-әлеуметтік
бейнесін қалыптастыру үшін және елімізде болып жатқан әлеуметтік
лингвистикалық үдерістерді, ондағы жеке тұлғалардың рөлін түсіну үшін
маңызы. Сондықтан Қ.Жұбановтың бүгінгі терминологиямызды орыс тілі
үлгісінде қалыптастыруына ықпал еткен мынадай себептерді де қоса
көрсетуге тиіспіз:
1. Қ.Жұбанов терминологиялық қағидаттарды орыс тілінің табиғатына,
ондағы дыбыстар мен сөздер құрылысының ерекшелігіне сүйенген күйінде
қалыптастырды дедік. Осыған түрткі болған басты себептің бірі сол кездегі
қазақ тіл білімінің, оның ішінде терминдердің даму барысы, сондай-ақ
әртүрлі жаңа қоғамдық қатынастар тудырған мәдени, өндірістік және
әлеуметтік мұқтаждықтар мен тілдің сол мұқтаждықтарды қанағаттандыру
мүмкіндігі арасындағы алшақтықтың болуы деу керек. Бүгінгі әлеуметтік тіл
біліміндегі «тіл дамуының қоғам дамуынан үнемі артта жүретіндігі» жайлы
қағидалар тұрғысынан да қазақ тілінің сол аталған уақыт пен кеңістіктегі
халінің ауырлығын сезіну аса қиын емес.
2. Қ.Жұбановтың терминдік бағдарына ықпал еткен басқа бір себеп –
Қазақстанда сол кезде қалыптасқан саяси-экономикалық жағдай.
30-жылдардағы термин қалыптастыру ісі сталиндік репрессия мен
ашаршылық өршіген орнықсыз әлеуметтік-саяси және әлеуметтік-
экономикалық жағдайға тап келді. Бұл кезде ХХ ғасырдың 20-жылдарының
соңынан басталған қудалау салдарынан Алашорда зиялылары қоғамдағы
203
белсенді тірліктен аластатылған болатын. Қордаланған тіл мәселесін шешуге
әзір тұрған мамандар құрамы мен мекемелер, мамандарға қажет
инфрақұрылым болмады. 1933 жылдың басында Қазақстанды басқаруға
келген Л.И.Мирзоян Орталық Комитеттің хатшысы Л.М.Кагановичтің атына
жазған хатында Алматы қаласында үй-жай мен электрдің жоқтығын,
қызметкерлердің тұрақтамай кетіп жатқанын және әр облысқа кемі 10 адам
және бұған қосымша Қарағандыға 10-15 адам керектігін, қазақ мамандарын
өсіру үшін қызметкерлер керектігін және солардың көмегімен ғана жұмысты
жолға қоюға болатынын айтады.
Мұндай қысылтаяң әлеуметтік ахуал Алашорда зиялылары негізін
салған терминдерге ұлттық сипат беру бағытын өзгертуге қалай себеп
болады десек: Қ.Жұбанов тілде орын алған «анархияны» «революциялық»
жолмен болмаса, яғни өзге тілдің заңдылығын орнату жолымен болмаса,
жөнге салуға келмейтін құбылыс деп әу баста үзілді-кесілді бағаламаған
екен. Оған ғалымның емле мен терминдер жайында жазған мақалалары куә.
Мәселен, ол: «Терминдердің емлесіне 1929 жылғы қаулы ойына келген бір
ғана мәселелерді ереже қылып кіргізді де, ең керек ірі мәселелерді мүлде сөз
қылмай ұмыт қалдырды», – дейді. Мұнан шығатын қорытынды былай болса
керек: «Тілдегі ала-құлалықты (тек қазақтың сөздерін ғана емес, шетел
сөздерін де) ретке келтіруге болады, тек ол үшін әуелі осы ретке келтіретін
ережелердің өзі түгелденуге тиіс». Олай болса, Қ.Жұбанов қазақ тілін
ғылыми негізде жан-жақты зерттеу қазақ сөздерінің емлесін ғана емес,
терминдердің қазақша жазылуын да ретке келтіре алатынын білмеді деуге
болмайды. Алайда 1929 жылы емле ережесі қабылданғаннан 1935 жылғы
әйгілі «терминологиялық қағидатқа» дейінгі аралықта мәселенің шешілер
жері көрінбеуі және оның астарында жатқан ауыр саяси-әлеуметтік ахуал
Қ.Жұбановқа қазақ тілінің тұтынушыларын оның табиғатына жат орыс
тілінің ерекшелігіне тіл сындыруға бейімдеуден өзге жол қалдырмаған
тәрізді.
3. Адамның мінез-құлқына оның жас кезінде алған тәрбиесінің үлкен
әсер ететіні сияқты, кейінгі азаматтық позициясы мен дүниеге көзқарасын
білім баспалдақтары қалыптастыратыны дау тудырмаса керек. Сондықтан
Қ.Жұбановтың терминдерді «Алаш» зиялыларынан өзгеше бағытта құруына
оның мемлекеттік қызметі мен «кеңестік режімнен» бөлек, оқыған ортасы
және ғылымда бағдар берген ұстаздары да ықпал еткен тәрізді.
Ғалымның Ресейде тіл білімінен арнайы білім алған алғашқы қазақ
оқымыстыларының санатында болуы, ғылыми еңбек жолында белгілі
кеңестік (ресейлік) ғалымдармен аралас-құралас болып, пікір алмасу
тәжірибесі «ортақ терминологиялық қордың» артықшылықтары жайлы түйін
жасауына әсер етпей қоймаған сияқты. Ғалымның емле, терминология
туралы жазған бірқатар мақалаларының сондай шетжұрттық зерттеушілер
тарапынан оң бағаланып тұрғаны белгілі жайт.
204
Қ.Жұбановтың әлеуметтік тіл білімімен астасатын ой-пікірлерінің
бүгінгі қазақ тіл біліміне жалғасатын көкейкестілігі тұрғысынан мынадай
басты-басты қорытындылар жасауға болады:
1. Қ.Жұбановтың өмір сүрген уақыты елде ашаршылық пен сталиндік
қуған-сүргін етек алған қиын-қыстау заманға тап келді.
2. 1933 жылы республикамызда алғаш рет құрылған Мемлекеттік
термин комиссиясының тұңғыш төрағасы қызметінде жүріп, ғалымның
терминдерге қатысты қыруар жұмыс тындырғаны, арнайы кітапша шығарып,
терминдерді қалыптастыру қағидаттарын тікелей өзі жасағаны әлеуметтік тіл
білімінде «тіл субъектісі» деп аталатын мұндай тұлғаның тіл саясатына
тигізетін ықпалы үлкен болғандығын қапысыз растайды.
5. Қ.Жұбанов еңбектері – қазақ тіл біліміндегі психолингвистика,
коммуникативті-прагматикалық
лингвистика,
стилистика,
тіл
мәдениеті салаларының бастауы
Профессор Қ.Жұбановтың ғылыми пікірлерінен қазіргі кездегі жаңа
бағыттардың теориялық концепциялары «мен мұндалайды» деу жай айтыла
салған сөз емес. Бұл ойымызды ғалымның өз сөзімен жеткізсек: «Адамның
көңілінің қобалжуының түрі көп, тіпті ұшы-қиыры жоқ десек те болады.
Бұларды білдіруге арналған амалдың – дауыс сазының да түрі көп. Мұның
бәрін бұл арада тізіп жатудың керегі де шамалы, бұл жерде оған әліміз де
келмейді». Келтірілген сілтемеден тілдің қатынас құралы ғана емес, адамның
ойлауымен, танымымен байланысты күрделі, «жанды» құбылыс ретінде
бағалау байқалады. Демек, ойды бұл қазіргі психолингвистика ғылымының
негізгі ұстанымы деп қабылдаймыз. Осы орайда Қ.Жұбановтың: «Біз сөз етіп
отырған қарым-қатынастың алдыңғы (бірінші) түрі арасында хабарласу
амалынан басқа ұқсастық бар ма? Иә, бар: ... екеуінде де психологиялық
қиялдан туған жорамал бар...» деген пікіріндегі психологиялық қиялдан
туған жорамал деген сөзін К.Қ.Садирова әлемнің психологиялық
бейнесімен байланысты түсініктен туған қолданыс ретінде пайымдайды (60,
204-207).
Қ.Жұбанов өзінің тілдік зерттеулерінде психологияға қатысты дерек-
мәліметтерді, жеке көзқарастарын фонетика, грамматика, терминология
бойынша жүргізген ізденістері барысында да тілге тиек етеді. Оның қазақ тілі
грамматикасына
арналған
мақалалары
мен
лекциялар
желісінде
грамматикалық
бірліктер
лексика-семантикалық,
коммуникативті-
когнитивтік аспектілер тұрғысынан қарастырылады.
Сөзді қабылдау – айтылған сөздің мағынасын түсіну процесі, яғни
тыңдаушы сөйлеушінің сигналын қабылдаған сәтте-ақ мәлімет семантикаға
ие болады. Айтылған сөзде қате болса да, сол тілде сөйлейтін, оны түсінетін
реципиент (қабылдаушы) айтылмақ ойдың мәнісін өзі-ақ қорытып алады.
Қ.Жұбановтың сөзімен келтірсек, «ауызекi сөйленетiн сөздiң андай-мұндай
«қисығын» елетпейтiн қосалқы жағдайлаp баp. Дыбыстап сөйленген сөздiң
олқысы, көбiнесе, ыммен толығады». Ғалымның ой-тұжырымына сүйенсек,
205
тіл – бейне бір таңба. Психолингвистер бұл құбылыстан сөзді қабылдау
кезінде адамның түйсіну белсенділігі артып, айтылмақ ойдың жалғасын
іштей болжау сезімі іске қосылатындығын аңғарған. Ауызша тілдесудің
ерекшелігі сол, ақпараттың басым көпшілігі сөйленімнің мәтінінен гөрі
қарым-қатынастың жалпы жағдайынан (ситуациядан) түсінікті болады. Бұдан
біз сөйлеу тілінің қарым-қатынас жағдайымен шарттастығын көреміз. Ал
Қ.Жұбанов «жазулы сөзде мұндай «кеңшіліктің» бірі де жоқ» дейді.
«Кiтаптың сөзi қисық болсын, дұpыс болсын, қалай жазылған болса, солай
оқылады, қалай оқылса, солай түсiнiледi немесе түсiнiксiз күйiмен қалып
қояды. Мұнда жазған кiсiден қайта сұpап алу мүмкіншілігі болмайды.
Жазылған сөздiң бөлшек-бөлшегiн және тыныс белгiлеpiн өте сақтықпен өз
оpнына қоймасаң, мұнда оның олқысын толтыpатын ым да, дыбыс әнi де
/интонация да/ жоқ. Сондықтан, әсipесе, жазылатын сөздiң қалай құpалу
тетiгiн бiлу қажет». Сөзді қабылдау кезіндегі тағы бір ерекше жағдай – бір
семантикалық топтың аясындағы жекелеген сөздердің бірнеше мағынада
қолданылу ықтималдығы. Мәселен, тілші-ғалым одағайға қатысты
зерттеуінде мынадай мысал келтіреді: «...бір нәрсені «жақсы істеген
екенсің» десек те, «жаман істеген екенсің» десек те «бәрекелде!»– деуге
болады. Оның қай мағынада айтылғандығын сөйлемдегі тұрған орнына
қарап және дауыс ырғағына қарап айырамыз. Өйткені одағай жіктелмеген,
дифференцияланбаған сөз табы... Ал «жүзің айдай болсын – бірде алғыс,
бірде қарғыс».
Ғалым: «Рас, кейде сөйлеуші өзіне хабардың қалай әсер ететінін
тыңдаушыға білдірмей, жасыруы не теріс білдіруі де, қуанбай тұрып,
қуанған адамша сөйлеуі, күлкісі келіп тұрып, жылап сөйлеуі не жылағысы
келіп тұрып-ақ күліп сөйлеуі мүмкін т.т.» деген пікірді «сөздің әні, дауыс
сазымен» байланыстырып айтқан. Біздіңше, ғалымның бұл тұжырымы қазіргі
тіл
біліміндегі
«прагмалингвистика»
саласының
теориялық
концепцияларының бастауы деуге толық негіз бар.
Профессор Қ.Жұбановтың лепті сөйлемнің өзі бірде қуану мағынасын
білдірсе, бірде мұңаю мағынасын білдірсе, «сұрау форманың өзі де тек сұрау
мағыналы бола бермейді» деген пікірі біздің жоғарыдағы ойымызды
нақтылай түседі.
«Қ.Жұбановтың ғылыми зерттеулерінің даму, өрістеу логикасы мен
нәтижелері, ол қарастырған проблемалар шешімдерінің, психологиялық
танымдарының жалпы ғылыми тұжырымдарының біртұтас көрініс ретінде
дүниеге келуінің өз жүйесі, өзіндік концепциясы бар», – дей келе,
жұбановтанушы
Ж.Сұлтан
ғалымның
жалпы
лингвистикалық
концепциясынан шартты түрде төмендегідей психологиялық идеяларды
бөліп көрсетеді:
-
Қ.Жұбановтың пікірінше, кез келген тілдік ойлаудың тарихи-
әлеуметтік, таным-білімдік, мәдени, климаттық-географиялық, символдық-
белгілік ерекшелігі болады. Бұл Қ.Жұбановтың «К постановке исследования
истории фонетики казахского языка» атты еңбегінде айқын көрінеді;
206
-
автор тілдік қабылдаудың психологиялық мүмкіншіліктерін
реттілік жүйесі бойынша қарастырады. Бұл тұста Н.Я.Маррдың, профессор
Н.И.Ашмариннің,
сондай-ақ
А.А.Потебняның
дәстүрлері
негізінде
қалыптасқан Қ.Жұбановтың психолингвистикалық идеялары қазіргі ғылыми
танымға толығымен сай келеді;
-
ғалымның тілдік зерттеулерінің әр тұсынан психологиялық,
психолингвистикалық әдіс-тәсілдерді ретімен қолданғандығын анық көруге
болады. Мұндағы Қ.Жұбанов көздеген басты мақсат – қазақ тілінің даму
заңдылығын
зерттеу
барысында
индивидуалдық
және
қоғамдық
психологияның принциптерін ескеріп, басшылыққа алу болатын (90, 121-
122).
Қ.Жұбановтың жоғарыда келтірілген идеяларын бүгінгі таңдағы
психолингвистиканың тірек тұжырымдары тұрғысынан кешенді түрде
бағамдау қажеттігі дау туғызбайды.
Профессор Қ.Жұбанов тіл қызметтеріне талдау жасай отырып, тілдік
қатынасқа байланысты бүгінгі күнде қолға алынып отырған зерттеулердің
міндеттерін көрсете білгендігін ғалым-ұстаздың: «... пікір алысу – қоғам үшін
ең тұрақты, ең қажетті нәрсе. ... тіл қатынас құралы болумен бірге қоғам
күресінің де және қоғам дамуының да құралы болады» деген тұжырымынан
айқын аңғарамыз (93). Сонымен қатар Қ.Жұбанов тілдің негізгі қызметі хабар
беру екендігін айта отырып, коммуникация терминіне: «Тілдің бұдан басқа
тағы бір негізгі қызметі – хабар беру. Оның бұл өзгешелігін коммуникация
дейміз. Оның мағынасы орысша – общение, қазақша – қауымдасу, хабарласу
дегенді білдіреді», – деп анықтама береді.
Проф. Қ.Жұбанов коммуникацияның дұрыс жүзеге асуы үшін
сөйлеушінің тілдік бірліктерді дұрыс таңдап қолдана білуі, сондай-ақ
тыңдаушының айтылған хабарды дұрыс ұғынып, түсінуі қажет екенін
айтады: «Танымадық дегеннің мәні: «танымай тұрмын, өз жөніңіз қалай
еді?» «Кім едіңіз?» дегенге келіп саяды. Ал біреуге «Жол болсын!» дегенде
алғыс айту, тілегін тілеу емес, «Неғып жүрген адамсың?» дегендей сұрау
жатыр»... (8, 71-72). Яғни ғалым коммуникация сәтті болуы үшін сөйленім
әрекетінің субъектілері – сөйлеуші мен тыңдаушы, қабылдаушы атадан
балаға беріліп отыратын кодтарды меңгеріп қана қоймай, дұрыс қолдана
білуі қажеттігін ескертеді. Олай болмаған жағдайда диалог құралмайды.
Қ.Жұбановтың «сөйлеудегі мақсат – біреудің екінші біреуге өз ойын
білдіруі»; «сөйлеген адам өзі сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді», – деген
пікірлері тілдік категориялардың табиғатын анағұрлым толық ашып
көрсетуде тілдік деректерді тек құрылымдық тұрғыдан ғана емес,
функционалдықжәнекоммуникативті-прагматикалық аспектілермен өзара
ұштастыра отырып қарастыру қажеттігін ғалымның әлдеқашан-ақ «тілдік
түйсік» арқылы аңғартып кеткендігін айғақтайды.
«Тіл мен ойлаудың бірлігі тарихи-әлеуметтік, психологиялық, мәдени,
климаттық, қоғами, географиялық ортадағы адами қарым-қатынастың барлық
түрлерінде көрініс береді», – дей келе Ж.Сұлтан, – «Қ.Жұбановтың тіл мен
207
ойлаудан туындайтын, әрекет пен мәдениеттің байланысына қатысты
көзқарасы оның барлық еңбектерін қамтитын біртұтас контекст
тұрғысынан қарастыруды қажет етеді», – деген тұжырым жасайды (90).
Профессор Қ.Жұбанов «стиль» термині, тіл (сөз) мәдениетіне нақты
теориялық анықтама бермесе де, филологиялық зерттеулеріне үңілсек, жазу-
сызу мәнерін дағдыға (нормаға) сай қалыптастыру, тілдік дағдыны (норманы)
басшылыққа алу, сөз мәдениетін дұрыс қалыптастыру мәселелеріне қатысты
ойларын анық ұғуға болады (94). Бұл ойымызға ғалымның: «Сөз бұйымын
дұрыс жасап шығару үшін де оның жасалу жолын, материалының сыр-
сипатын (яғни стильдік ерекшелігін деген сөзі деп ұғамыз – С.Құлманов)
білу керек. Білмесе, мұнда да темірді желімдеп, ағашты пісіргендегідей
нәтиже шығады», – деген пікірінен стильді дұрыс қалыптастыруға
қойылатын талаптың нышанын байқаймыз. Алайда ғалым тілдік норманы
«қатып қалған өзгеріске келмейтін нәрсе» ретінде қарастыруға болмайды
деген ой айтады.
«Қ.Жұбанов және стилистика мәселелері» атты мақаласында профессор
М.Серғалиев ғалымның стиль жайлы пікірлерін, талдауларын зерделей келе:
«... проф. Құдайберген Жұбанов стилист ретінде де сөздердің қолданысы мен
тіл мәдениетіне қатысты елеулі жайларға арнайы назар аударып, бұл
саладағы кем-кетіктердің болмауын қалайтын жанашырлық танытады», – деп
тұжырымдайды (95, 24-29).
Профессор Б.Момынова тіл мәдениетіне қатысты Қ.Жұбанов
еңбектерін екі тұрғыдан бағалайды: біріншіден, Қ.Жұбанов оқушысына
ұғынықты, түсінікті болуы үшін өз ойын тіл мәдениетінің сол кезеңге сай
талаптарын сақтай отырып жеткізген, әдеби тілдің ғылыми стилін меңгерген
ғалым, екіншіден, оны меңгеріп қана қоймай, қазақ әдеби тілінің ғылыми
стилінің дұрыс қалыптасуына ықпал еткен ғалым (96).
Жұбановтанушы зерттеуші Ж.Сұлтан Құдайберген Жұбановтың
мұраларын анрополингвистикалық тұрғыдан төмендегі сызба-жоспар
бойынша талдап көрсеткен (90, 41):
М
а
кр
окомпо
н
е
н
т
Достарыңызбен бөлісу: |